ЖЕТІ АТАСЫН БІЛМЕГЕН ЖЕТЕСІЗДІК ЕМЕС ПЕ

06.05.2017 8011

Кішкентайымда тілім тақ-тақ етіп, Төлекатайдан бері тарата жөнелуші едім. Есейе келе осы өнерімнен қарайып қалыппын. Көзі тірісінде әкемнен ыждағаттап тағы сұрап та үлгермедім. Жұмыс бастылықтан ба, әлде сол заманның кереғар тәрбиесінен бе әйтеуір, мойын жар бермеді. Қазіргі кезде балақайдан кімнің баласы десең, «мама баласымын» дейтіндердің қарасы көбейіп бара жатыр. Арғы атасы түгілі көз алдында жүрген тірі атасын «Ата» деп білмейтін бүлдіршіндер күні ертең төлқұжатындағы деректі ғана қанағат тұтып қалмасына кім кепіл? «Елу жылда ел жаңа» деген осы болса, күйсегенін неге ұрмасқа! Әкемнің ата жөнін сұрау жайлы бір әңгімесі есімде қалыпты:                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

- Бір күні совхоз кеңсесі алдында еңбекақы алуға келген бір топ кісі тұр едік. Қасымызға тор биеге мінген ақ сақалды үлкен адам келіп ат басын тіреді. Жамырасып сәлем берген соң, жөн сұрастық. Әлгі кісі: «Құнанбаймын, Күшік ауылынанмын, шөбересі боламыз, атым Қайролда. Иә, өздерің қай баласыңдар?    

- Кенжебай, Шүйе, Құдиярмыз... – деп әрқайсымыз өзді-өз руларымызды айтып жатырмыз. Абықан деген жұлып алғандай: - Мен, Медет атаңмын! - дегені. Әлденеге әлгі қария мырс етіп күліп жіберді де: - Асығыс болмасаңдар бір әңгіме айтып берейін, бием терін бассын, мен аяғымды жазайын. Соноу Алакөлге қона-түстене бір жетем ғой деп балама кетіп барамын. – деп атынан түсіп, біздің қасымызға келіп тақтай орындыққа жайғасты. Біз ақсақал айтыңыз, құлақ Сізде деп шын ықылас білдірдік.

 - Баяғыда би болған Базарбайдың Тәсібегі дегенді білетін шығарсыңдар, Мәмбетей?

- Иә, білеміз өкіметтің қахарына ілігіп кетті ғой...

- Ол - өзі деген бай, өзі болыс...

- Бес болыс Садырға атағы шыққан кісі еді ғой! – деп біз де қоштап қоямыз.

- Е-е, жөн. Біледі екенсіңдер, білсеңдер со кісі бірде ауыл ақсақалдарымен төбе басында отырғанда тұстарына жолаушылап келе жатқан отыздан асқан бір жігіт келіп ат басын тежейді. Күн еңкейген мезгіл, нәсілі, ауылына жете алмайтын болған соң, амалсыз бұрылған сыңайлы. Сәлем алысқан соң, «қонақпын» дейді. Тәсібек өзі болыс, өзі би, ту деген түкірігі жерге түспейтін уақыты: - Жақсы, қонақ болсаң қай елсің, қай ауылдансың? – деп сұрайды. Әлгі: - Садыр атаңмын! – депті. Бұны естіген Тәсібек:

- Ойпырай, Садыр атам келіп қапты ғой, қасиетіңнен айналайын, аттан түс, үйге жүр, қонақ болсаң! – деп бәйек болады. Бұны көрген ақсақал, қарасақалдар да мынау расында тегін жігіт емес-ау деп іштей жорып, қоса ілтипат көрсетеді.

- Бәйбіше, бәйбіше! – деп Тәсібек, - Атам кепті, тұр, тездетіп шәй қойып, бір малды сойғыз, жұмсақтап төрге көрпе сал! – деп бұйырады. Бәйбішесі Тәсібектің сөзін екі етпей, барлығын жасайды. Сонымен қойшы, бәр дәмді мен бар майлыны әлгінің аузына тосып, орасан құрмет көрсетеді. Таңертең анау әбден ұйқысы қанып бірақ тұрады. Тағы барлығы жапырыла қонақ кәдесін жасайды. Дастархан жиналған соң, Тәсібек сырттан үш-төрт жігітті шақыртып алып, анаған қарап: - Ал, Садырдың қайсысымыз, жөніңді айт?!–дейді.

- Құдияр деген ел болам.

- Иә, жақсы, Құдиярдың Жексембайының неменесісің?

(Жексембай деген би екен. Анау аталас екенін айтады.)

- Ал, шырағым, Садыр атамның аруағын сыйладым. Қолымды қусырдым. – дейді де білегін сыбанып тұрған төрт жігітке қарап: 

- Мынаның қол-аяғын керіп қойып сабаңдар! Мен білмейтін Садыр жоқ! Бес болыс Садыр менің алақанымда! – деп ашуланып, әкет деп ираша жасайды. Әлгіні әбден сабап-сабап, ат тонын сыпырып алып, көйлекшең-дамбалшаң қуып жібереді. Соңынан:

- Мен бес болыс Садырдың баласын түгел білемін, Жексембайға сәлем айт!–депті.

Жүнін жұлған тауықтай болып, анау Жексембайға келіп арызын айтады. Мән-жайды түсінген Жексембай:

- О, иттің баласы, Тәсібектен басқа кісіге – Қаракерейге, Матайға Садырмын десең болмай ма!? Қарашы-ей, Садыр атаңмын деуге қалай аузың барды?! – деп бұны тағы сабатады.

Ақсақал әңгімесін аяқтай бере:

- Е қарағым, сол жігіттің кебін кигізбей тұрғанда жөніңді айт, Медет атаңның қайсысың? – деп Абықаннан сұрады. Ол:

- Тауасармын. – деді.

- Мен білмейтін Кенжебай, Медет жоқ. Тауасармын десең де болмас па еді. Шәржетім, Шүйе, Түгелбайдың баласын түгел білем. Медет атаңмын дегенің үшін Тәсібек құсап сабайын ба!? – деп ақсақал қолындағы қамшысын үйіріп, Абықанға жорта ұмсынды. Жалғыз Абықан емес, бәріміз де ұятты болып қалдық. Абықан сасқанынан: 

- Ақсақал, үйге жүріп дәм ауыз тиіңіз, ат-шапан айып менен, сабасаңыз да өз еркіңіз! – деп қатты қипақтады.

- Жолым түскен соң, Садыр атамның балалары бар ғой деп ауылдарыңа бұрылған едім, бір үйінен шәй ішермін деп, енді міне құр шәй емес шапан киіп шығатын болдым. – деп әлгі қария масайрай күліп, аяқ асты тілінен айыпқа шалдыққан Абықанмен ілесіп кеткен еді. – деп, әкем өнегелі әңгімесін тәмам еткен-ді.

Share: