Призма поэзия – Poetic Prism
ӘЙ, АҚЫНДАР!
Әй,
Ақындар,
Тыңдаңдар, мына мені!
Керек боп тұр Әлемге жыр әдемі!
Жүректерге жететін жалынды өлең, адамзатқа о баста-ақ ұнап еді...
Әй,
Ақындар,
Шабыт ап шаттанайық!
Бейбітшілік жолына аттанайық!
Мұз кеудесі пенденің еритіндей, жылуы мол отты жыр ақтарайық!
Әй,
Ақындар,
Біздерге мұқтаж әлем!
Қалам алдық Киелі тұтқан Егем...
Болғанда ерік менде, күллі әлемді Нұрға малған өлеңмен құтқарар ем!
12:29.03.01.2017 жыл
БЕЙБІТШІЛІК – НҰРЛЫ ЖҮРЕК ПЕН МАХАББАТТЫҢ ҚОЛЫНДА!
Ей,
Адам!
Болмағын надан!
Бейкүнә сәби, әйел – әз анаң!
Олардың ащы көз жасы, ыстық қаны төгілмей,
Жанып нұрлы көзі, естіліп балдай сөзі, күлкісі, шыбын жаны болсын аман!
Бейбітшілік керек десең, досым-ау,
Дәл бүгінгі бар әлемге –осынау,
Ақ жүрекпен, махаббатпен қарағын!
Сол махаббат жүректерді жылытқан,
Содан адам кек сақтауды ұмытқан,
Еш жауыздық асыра алмай амалын.
Күллі әлемде сақтау үшін нұрлы өмір,
Ішкі әлемді түзетуге бұр көңіл,
Сонда барлық орындалар талабың.
Ұлтың, дінің: қарамайды ретті,
Тек махаббат тазалайды жүректі,
Тұтатасың мейірімнің алауын.
Сауықтырар ақылыңды сол алау,
Мақсатың боп жауыздыққа жоламау,
Бейбітшілік болар жалғыз қалауың!
Шыққан жан, төгілген қан былай тұрсын: жылаған жанды көргің келмей,
Жауыздық пен алауыздықтың соңынан ермей,
Адамға жайлы жұмсақ желдей,
Боласың Жердей,
Сен де,
Ей!
Қайрат Дүйсен-Парман.
Share: