КЕШІР, АНА!

19.08.2017 12589

 

КЕШІР, АНА!

 

(баллада)

 

Анашым, ес білгелі – баяғыдан

Сен едің өмірдегі ең саялы жан,

«Әкелгем сені, – деуші ең, – таң атарда,

Қаңтардың қаймықпастан аязынан».

 

Жылынып жалынына тамызықтың,

Оранып бесігіңе таңылыппып...

Аяулы мейірімді жанарыңды,

Жан анам, әбден қатты сағыныппын!

 

Рухы шабыт беріп қанатымның,

Шыбықты ат қып мініп шабатынмын,

Ілінген ағаштағы құрт қалтаңды

Еміп ап, ойнап асыр салатынмын.

 

...Өтті де балалығым – бал дәуренім,

Кім болғым келетінін таңдауда едім,

Әз көңлің перзентіңде болғанымен,

Мен пақыр қала жаққа арбаулы едім.

 

Анашым, разы бол, өтінемін,

Көр де тұр, білім алам, жетілемін.

Ол қала алыс емес соншалықты,

Жиі кеп тұрамын деп кетіп едім.

 

Қыздарың қиясына қонып бақты,

Ұлдарың отбасылы болып жатты.

Сағынып әкемді бір, өзіңді мың,

Сабағын берді талай өмір нақты.

 

Уақыт содан зырлап тоқтамады,

Қу көңіл ауылды аңсап оқталады.

Баруым соңғы кезде сиреп кетті,

Тағдырдың өзгерді де көп торабы.

 

Жиі еске алғаныммен балалықты,

Жақындата алмадым аралықты.

Қалдырдым жұбаныш қып немереңді,

Өзімді тұрғын етіп қала жұтты.

 

Төзбейтін әйел түгіл еріңіз де,

Сыр берді сызат түсіп деніңізге...

Жалғаннан шипа таппай сандалдық біз,

Жарайтын, ана-ау, сіздің еміңізге!

 

Бұл сырқат тым қатерлі ісік еді,

Қу көңіл амал таппай ісінеді.

Жайыңды ұғады тек ауырған жан,

Басынан кешкен ғана түсінеді...

 

Азап күн алты айға созылды кеп,

Бойдағы бар сабыр мен төзімді іреп.

Жетеуміз жылап-сықтап қайғырдық-ау,

Сорлы анам, азып кеттің өзіңді жеп.

 

Қалғанда шақырдың да құр сүлдерің:

– Немерем өздеріңмен жүрсін! – дедің.

– Әкешің ренжімейді, айтып қойдым.

Жамандық сезген іштен дүрсілдеді үн.

 

«Қоштасып шығарда мен тәуір еді,

Тәуір қып тастап еді тәуір емі.

«Анамыздан айырылдық!» деген бір сөз,

Не деген ауыр еді, ауыр еді.

 

Қапыда қайғы мұңға батқаным-ай,

Ішімнің күйіп бара жатқанын-ай.

Анамды айырбастап ап қалатын,

Орнына басқа пенде жоқ па, Құдай!

 

Тірлікте ешкіммен де керіспеген,

Бір артық қылығы жоқ періштем ең,

Неліктен ажал алып кетті, сені?

Бұл ісін Құдайдың да теріс көрем...»

 

Малынып көз жасыма ақ парағым,

Есімде дәл осылай жоқтағаным.

Дегенім орындалмас арман болды,

«Арқалап қажылыққа ап барамын!»

 

Болған бір сәттеріңде, ана, мұңды,

Аз ғана баққаныммен қабағыңды,

Пайғамбар сүннетіне лайықты,

Тірлікте сүйе алмадым табаныңды.

 

Қайтейін, кешір, ана, осы барым,

Сүйейін зиратыңның топырағын!

 

 

18:00. 06.01.2017 жыл.

 

 

АНА

 

Мейірімді аңсадым жанарыңды,
Пейіліңді аңсадым бала күнгі.
Есейсем де, білетін еркелете,
Сенің жылы аңсадым қабағыңды.

Сағындың ба, анашым, сен де мені?
Бәрінен де, сол маған ең керегі.
Таңнан ұзақ жолыма қарадың ба,
Бүгін, қазір келер деп елге мені.

Келдім, ана, иіскеші маңдайымнан,
Кеудем менің босасын қам-уайымнан.
Мауқыңды бас, құшақтап алғын дағы,
Қаладағы хабар ап жағдайымнан.

Аңсап келдім, анашым, ауылымды,
Боз бала боп өткізген сауығымды.
Аңсап келдім, жұртымды, ағайынды,
Достарымды, тел өскен бауырымды.

Аңсап келдім, өз өлкем, өз елімді,
Қамыс, жиде, сәмбі тал, өзенімді.
Қырат, қырқа, тоғайды самал ескен,
Бұлбұл құсын сайраған гөзел үнді.

Сары қымыз сапырған жеңгелерді,
Ағаларды, әпкей мен жезделерді,
Көргім келді, жүн түткен әжелерді,
Аталарды гүлдеткен еңбегі елді.

Сағыныппын, жан-ана, бәрін дағы,
Өр мінезін әкемнің қанындағы.
Сағыныппын бақытты балалықты,
Қалып қойған өзіңнің жаныңдағы.

 

10 Қаңтар, 2015 жыл

 

ОЙЫННАН ОТ ...

(балаларға баллада)

 

Күз еді, бес жастағы едім бала,

Құрғақ боп кеуіп біткен керім дала.

Жиылған шөп бар еді үй сыртында,

Асыр сап жүргем сонда өзім ғана.

Ал, Аман алтыдағы көршім еді,

Дегесін «Бірге ойнайық, келші бері!»

Соңынан томпаң қағып ілестім мен,

Малынып маңдайымның тершігені.

Шаңқай түс, көлеңкесіз бақшасы да,

Кеп-кебу жеміс ағаш, басқасы да.

Үйінді жапырақ та шытынайды,

Майыспай аяғымен басса сына.

От жағып көргендей-ақ бұрын тегі,

Шығарып қалтасынан сіріңкені,

Тұтатты жерде үйілген жапырақты,

Көргенім бұл «ойынды» бірінші еді.

Әпсәтте лап етіп от көтерілді,

Мен тұрмын біле алмастан не етерімді...

Ер Аман таптап-таптап етігімен,

Өшірді, бір көрсетіп жетер үлгі.

Етігі болатұғын керзі – мекем,

Мынауы қарап тұрсам, ерлік екен.

Бұл істі келді менің қайталағым,

Кіріспек болдым буып белді бекем.

 

... Бар еді есік алды асханамыз,

Анашым еді марқұм – дастан-аңыз!

Ертелі кеш ошақ пен тандырына

От жаққан. Шебер еді асқа нағыз.

Етсем де жарасады-ау қалай мақтан,

Таситын су, отынды тоғай жақтан.

Тірлік үшін, біз үшін жанын беріп,

Жан еді бар қиынды оңайлатқан.

... Жүргенін пайдаланып етектегі,

Шырпы іздеп асханаға тепектедім...

Ошақтың қоюшы еді қуысына,

Апарып мені алысқа жетектегі.

Қу бала не істемейді ерік берсең?

Бүлдірмей тынбайсың ғой желікке ерсең.

Шырпым бар, ал бағытым үйдің сырты,

Аңсарым отты жағып теуіп көрсем.

Таптасам, тепсем отты Амандайын,

Білер ем, өзімнің бар шамам-жайын.

Кірістім тәуекел деп «бұл ұлы іске»,

Алатын алдымда тұр қамал дайын.

*Іскірттің жаны аздап шұңқыр еді,

Тезек құр: білінбейді мүңкігені.

Қойып ем от, лап етіп жанды дағы,

Ышқынып жай оғындай күркіреді.

Қайда әлгі, батыр бала, дайындығың,

Оңынан туды емес пе Айың бүгін?...

Жетті әне, от күшейіп жиған шөпке,

Қайтару мүмкін емес райын бұның!

... Ол кезде өрт сөндіргіш машина жоқ,

Қайран шөп..., ішің удай ашый ма? Жоқ...

Шелек ап, бар ағайын жетіп келді,

Құдайдан мейірімді уәсила кеп.

Болысқан рахмет ағайынға,

Деген жоқ: «Әй, оңбаған, сабайын ба!»

Кіші арық өтетұғын үй сыртынан,

Шылжырап су ағатын жаз айында.

Кез еді аяқталған қазан айы,

Арықтың сыртқа шығып қара лайы,

Сарқырап ағыл-тегіл жататұғын,

Сол судан шашты іскіртке бар ағайын.

Қорқыныш тұла бойды ұрып көктен,

Мылқаумын, төбе шашым тұрып кеткен.

Басылды өрт, шөп қалмады үйде бірақ,

Мал ауыз тимей тажал жұлып кеткен.

«Әкең келе жатыр!» деп қалды біреу,

Қайтадан бойды билеп алды үрей.

Қашайын десем, аяқ семіп қалған,

Ал, енді басталмақшы жанды іреу...

Қаталдау адам еді әкем марқұм,

Сыйлайтын сонысы үшін көкемді әркім.

Сұп-сұр боп жүзі суып кеткен екен,

Тіл қатпай таяғынан кетем бәлкім...

Ол кезде әкем марқұм мал бағатын,

*Падашы болып елге жалданатын.

Ақшасын алты ай жаз ала алмастан,

Қыста да жиып соны жан бағатын.

«Өртеген іскіртімді қай антұрған?» –

Деді де маған жетті таяу тұрған.

Ағайын: «Бала ғой ол, тиме!» – деді.

Жан шығып кетер ме екен әй, алқымнан...

Маған қарап: «Аузыңды аш, ұлым!» – деді,

Суық жүзін жылытып күлімдеді.

Аузымды ашып әкеме «а» деген ем,

Саусағының таңдайға ілінгені.

Таңдайымды жоғары көтерді де,

Айтпастан «істегенсің бекер»ді де.

У-шу боп ағайынмен үйге кірді,

Алдына қорыққан мені көтерді де.

Білмеймін, алдында оның жыладым ба?

Есіме түссе қалам, тынамын да.

«Атың шықпаса жер өрте!» деген бір сөз,

Сол күннен қалып қойған құлағымда.

Айтарым, балаларым, ауылдағы,

Сайдағы, тұрып жатқан тауымдағы!

 «Ойыннан – от шығады» шөп өртесең,

Ұласып кетер соңы дауылға ары!

 

Кайрат ДҮЙСЕН-ПАРМАН

 

15:45. 05.10.2016

Share: