Қыз құйған шай
Қыз құйған шай
Қыз құйған шай,бұдан тәтті не болады, білмедім,
Қыз құйған шай,бұдан ащы не болады, білмедім.
Ж. Нажмединов
І
Бір сәттік,
Жанға бақ қонып,
Жүресің іштей мақтанып.
...Қыз құйған шайдың орны тек,
Жүректе қалды-ау дақ болып...
ІІ
Себеп таппай,
Келтіріп бір ретін,
Шай ішуге қызды үйге кіресің.
Тәттісін-ай,
Қыз құйған да,
Алғашқы,
Ерініңе тиетін.
Бөлек дәмі,
Шай қадірін білесің,
Іштей сезіп,
Іштей ғана күлесің.
Ыстығын-ай,
Қыз құйғанда,
Алғашқы,
Ерінің де күйетін.
IIІ
Кім десем...
Шайды құйған бұрқыратып,
Ақ құман -
Ақ мойнақтан жыр құлатып.
Кесе тұр қыз ұсынған шайға толып,
Гүлдердей,
Күрең қызыл бүршік атып.
Жайықтай дастарқанға жазылып ек ...
Шайға деп,
Қыздың қосқан назы бөлек.
Бұл шайды еселеп бір ішу үшін,
Көңілге ақмойынның сазы керек.
Құманның ханзадай бек тұрысы,
Дүниенің ағыл-тегіл төрт бұрышы.
Ақ білек жеңнен шығып кесе ұсынса,
Қалғандай қынабы жоқ,
Тек қылышы.
IV
Елесін қуып,
Ерліктің,
Шай емес,
Білем,
Шер жұттым...
Аялда уақыт,
Сәл ғана,
Осы бір сәтті мен күттім!
Қырық қыз жайлы,
Оқыдым өлең,
От кештім,
Құман мен қыздың,
Әні бұл бөтен,
Тілектеспін.
Қыз құйған шайды,
Бәрібір ішем,
Бәрібір ішпей кетпеспін!
V
Аяқталып,
Бала күнгі ертегім,
Жігіттіктің іңкәр күйін шертемін.
Ақ құманның әнін тыңдап өскен ұл,
Тері ақты,
Қамшыдай боп төрт өрім.
Қыз құйған шай,
Білмей ішіп өлшемін,
Тамақты емес -
Жүрегімді өртедің.
Бір самаурын шайды ішіп кетердей,
Ей, бойжеткен,
Кімің едім мен сенің?
Қыз құйған шай,
Шай тегін,
Қиял құсым қалықтайды ой көгін.
Шекер қосқан...
Шайға шөлім қанбады,
Ей, бойжеткен,
Өзің енді айт емін.
Қыз құйған шай,
Әй, керім,
Ұрттап ішкен,
Шыпылдайды қайқы ерін.
Кесе толы құйған шайды,
Бір Пері...
Ішіп кетсе қайтемін?!
VІ
Құман тұр отта,
Ән десең сазды бұл қандай?
Қызуы оттың,
Жүзіңді жұмсақ ұрғандай.
Жылылық біткен жүрекке келіп ұялап,
Қызылы шоқтың,
Бетінде қыздың тұрғандай.
Адамдар отыр,
Егілген тұтас ормандай,
Қалқыған Айды,
Ұстаған кесе қол қандай?!
Секерді алсаң,
Аспаннан жұлдыз жұлғандай,
«Қосалқа» күйі сырғаңдай!
Қаз-қатар адам,
Жағалай тізген қалқандай,
Кесе де мынау,
Үлкен де емес,ортанбай.
Қыз құйған шайды ұрттап ішкенде,
Бал –таңдай!
Бақыттың өзі кеседе тұнып қалғанда
Ішіне үйдің,
Сәулесін шашқан нұр таңдай,
Шағылған көзге,
Моныңа таққан алқаңдай!
Мұрынның ұшы,
Шым-шымдап қана терлейді,
Ағыл да-тегіл сор маңдай.
Кесе де мылқау,
Сырымды тұрған айта алмай,
Қимастық сезім,
Өтер ме екен байқалмай.
Кетсем бе деймін,
Отырған жұртты таңқылып,
Кесені кері қайтармай!
Сүймеген жанды...
Сүймеген жанды сағынып қайтем,
Сағыныш жайлы сөз басқа.
Шын сүйген жанның шағымын айтам,
Адам бақытты болмас па?!
Сол бақыт ұшқан,
Құс деген еді,
Құс болса қолға қонбас па?
Көзіме менің түспеген еді,
Адам бақытқа жолдас па?!
Шын ғашық болу,
Бақыт деп еді,
Бақытқа барар жол --
Басқа.
Емдейтін бәрін уақыт деп еді,
Мен сенбей тұрмын,
Сол, рас па?!
О, Махаббат, ұлысың
Күн бе?
Ай ма?
Бірі шын,
Қонған бақыт жырысың!
Шағын мейрам жасадым,
Өзің білші,
Кім үшін?!
Күн бе?
Ай ма?
Нұры шын.
Бірі күн де,
Бірі түн.
Қызды кешке шақырсам,
Ертіп келді жігітін.
Бәрі бітті.
Құрысын.
Өлді десем -
Тірісің!
Сен сондайсың,
Ірісің,
О, махаббат, ұлысың!
Түн еді...
Түн еді...
Бір сырды біледі,
Елестей екеудің реңі,
Жай-жайдан сол түнге сіңеді.
Ту-у... Аулақта иттер үреді.
Түн еді...
Көрінбес көзге түк,
Қос ғашық кездесіп.
Оңаша үлгірмей тілдесіп,
Жүректер кетіпті үндесіп.
Түн еді...
Ай шамын бұлттарға іледі,
Қуланып, жай ғана күледі.
Түннің де дүрсілдеп жүрегі,
Ту-у... Аулақта иттер үреді.
Жүректі кімге емдетем?!
Қиыр да-шиыр жүрістің шағы,
Бос жүріс деп те айтпаймын.
Жүрекке жақын шығыстың сазы,
Хафиздан өлең жаттаймын.
Мереке десем -
Қонақтың сәні,
Алданыш одан таппаймын.
Тамаққа тиіп шараптың дәмі,
Һайямның жырын мақтаймын.
Зарлыққа ұқсап жырымның бәрі,
Мұңлық деп саған ат қойдым.
Түсіме кіріп,
Ұғындым тағы...
Сол күнді бірақ жоқтаймын.
Қиналған жанды,
Сөйте ме екен?
Қимаған әнді шерттім мен.
Махаббат деген күлкі ме екен,
Көзімнің жасын сүрттім мен?!
Шын сұлулықтың,
Күлкісі бөтен,
Сұлулық емес -
Көп күлген.
Бәріне көну мүмкін бе екен?
Қолымды сілтеп кеттім мен.
Тұсынан өтсем,
Күрсініп өтем,
Болмай ма одан шет жүрсем?!
Бақыт деп білген,
Бір түрлі екен,
Бақытқа қашан жеттім мен?!
Сағыныш сазы түнепті түнге,
Қауызын әлі ашпаған.
Емдетем айтшы жүректі кімге,
Шырынын сығып тастаған?!
Махаббат деген майданда
Ғашықтық ұшқын,
Бір елес,
Еркіңе қоймас жырлатпай.
Сұлулық деген ірі емес,
Сұлулық деген бармақтай.
Түннен де күнді іздеп ек,
Түнменен біздер үндеспіз.
Сұлудың жөні бір бөлек,
Сұлулық деген -
Қыз деппіз.
Кісі боп,
Иттер үргенге,
Торыдық талай қыз жақты.
Үйтіп те-бүйтіп жүргенде,
Іштегі ойды... қозғапты.
Ақсүйек біз де лақтырдық,
Іздедік талай аппақ ән...
Ондайда жүрмей тапқырлық,
Тапқанды жорта мақтаған.
Жігіт те болдық,
Ер кеуде,
Жүрдік қой талай сүргін сап.
Сәлем деп қолын бергенде,
Қыздардың қолы жұп-жұмсақ.
Қызыққа жастық тойған ба,
Қызға хат жаздық арнап біз?!
Махаббат атты майданда,
Ақын боп қалған солдатпыз!
Парақтап бетті...
Өшірмей ыстық сезімді,
Алдыңа жанып келіп ем.
Айтайын деген сөзімді,
Айта алмай тұрмын еліктен?!
Қырларды кезіп осылай,
Кетейік дедім,
Жүр бірге.
Қас-қағым сәтті осын-ау,
Қимаймын неше күндерге.
Бұл менің айтпақ ойым ғой,
Сен соны сезіп,
Білдің бе?!
Үндемей кеттің,
Күлдің де!
***
Күлді десе...
Күлген шығар,
Мен өзіне болдым ғашық.
Ауып оған аңсарым.
Білді десе,
Білген шығар,
Шын сырымды алдым ашып,
Салмағынан шаршадым.
Мұңды десе,
Мұңды шығар,
Сүюге адам жаралған,
Аксиома бұл енді.
Үнді десе,
Үнді шығар,
Отқа жүрек ораған,
Ақын жазса өлеңді.
Отыр десе,
Отырған шығар,
Айнала жинап достарын.
Тағдырын шешіп,
Басқаның...
Оқыды десе,
Оқыған шығар,
Өзіне ғашық дастанын,
Парақтап бетті...
Көзімнен аққан жастарым!
Сурет
Жанары жанға жайлы күліп қарар,
Жүрекке жылы тиген қылық та бар.
Керме қас, ақмаралдай керілгенде,
Жүзген Ай,
Көкті керіп тұрып қалар.
Саз ғұмыр жүрегінің дүрсілі де,
Ажары гүлдің жарған бүршігінде.
Қасынан іле жүріп қараған жан,
Ілініп,
Тұрып қалар кірпігінде.
Жап-жазық шұғылалы ақша маңдай,
Ақ дәптер бетін әлі ашпағандай.
Жаратқан суретті салған кезде,
Шабытын осы жерден бастағандай.
Құлаған ақ тамаққа иек әсем,
Ойнаған ақ сазанды білек десең.
Тәйір-ай,
Сені ешкім жүрек демес,
Орнынан бір қозғалып,
Дір етпесең!
Жүргенде жүрісінен жел еседі,
Жер түгіл, дүниені тербетеді.
Көлденең көк аттыны шерлі етеді,
Көлбеңдеп көк көйлектің зерлі етегі.
Көз нұрың сұлулықтан сүрінеді,
Алыстан қоc жанартау білінеді.
Сыртына атын жазған осы сурет,
Төріне қай жүректің ілінеді?!
Share: