One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
Ой теңізде шайқатылып, Ми мәңгүрт -Азамат Қажыбай

BLOGS

22 may 2019
874
5

Ой теңізде шайқатылып, Ми мәңгүрт -Азамат Қажыбай

 

Алдияр оқырман алдарыңызға Семейлік жас ақын - Азамат Қажыбайдың өлеңдерің ұсынбақпын. 

Автор өлеңдерінде қоғамға жанының симай,құлазып жүргенін көрсеткісі келетіндей.Иә, мұндай құбылыс әр ақында болары сөзсіз. Дүние жаратылғаннан бері тәңірінің адамазатқа берген ұлы сыйы осы  - ақындар. Көбіне біраз жас ақындар өздерінің бойындағы ауыр жүкті түсінбей, конденсат екендерін мойындағылары да келмейтіндері өлеңдерінде көрініс беріп тұрады. Ал, кейбір ақындар бұл олқылықтарын түсініп бірден өзін ақынмын деп мойындайды да өзге ақындарға жалтақтап жүре келе өлеңінде, өзінде жоғалтып, шаң басып, бір төмпешік болып қалады да . Ал кейбіреулері өздерінің ақын екендерін жастайынан түсініп әдебиеттің ауыр жүгін мойындарына именбестен алады, кейіннен солар арқылы туған елдері өзге жұртқа мақтанып жатады (бұл категорияда Верлен, Рэмбо, Ржевский т.б бар) Азаматтың өлеңдерін оқып отырып өміршеңдігін көрдім. Өйткені өлең - ақынның бір бөлшегі тіпті фонтомы деп айтсақ та болады, ал ондай өміршең дүние шаң басады деп айтпас едім.  Кейуана атты өлеңінде : 

Тар көше
Тар көңілден шерге оранған,
Тарығып кең пейілі,
Кем,
Тоналған.
Адамдардан мейірім болмаған соң, - деп толғанады. Тепсе темір үзетін жас жігіт не үшін емешегі үзіліп - ақ тұр сол кейуанаға. Бір-ақ нәрсе оның жауабы Азамат  -ақын. Қоғамның бастың сақинасын ұстатқызар қылықтарына ақынның жаны ауырмағанда,кімнің жаны ауырады.

 Жетіп жатыр желпінген шалалықтар,
Ақыл айтқыш ағада балалық бар.
Көп сөйлеген ауызда данагөйлік,
Көп тыңдаған құлақта даналық бар, - деп тебіренеді бұл өлеңінде. Қараңызшы қандай мөлдірлік, таза , пәк.  Бұл сөздерді санасында саңылауы жоқ кейбір ағаларға көрсетсе жөн -ақ. Өлең махаббатпен басталып,парасатпен аяқталуы керек, - дейді ақын ағаларымыз. Адамның оның ішінде ақынның махаббат десе ауырар дерті бөлек, ол не ол әрине тағы да   - өлең.

Сезім жұмбақ,
Сен жауапсың тұнған сыр,
Көңіл деген көк дөненді көсілткен.
Сенің күлкің алтын сәуле
Тұнған нұр,
Көлеңкелі көп сұрақты шешілткен. Әрине қазақта шешкен деген сөз бар, шешілткен дейтін сөз жоқ. Меніңше ақын осы сөзді әдемілік үшін алды,дұрыс - ақ. Иосиф Бродский С точки зрение комара, человек не умира... - деп бүтін бір сөздің аяғын кесіп тастайды.Кесуі кесті, кесті екен деп сөз мүгедек болып қалған жоқ қой. Сондықтан Азамат бір сөз өзгертті екен деп  өлеңнің зерлі шекпені сыпырылып түспес, тиісінше бұл өте жақсы дүние. Не десекте Азамат -ақын. жә, Ақын өлеңді,өлең қоғамды жаңартады.  Өлең арна, ақын - бұлақ, арна кеңейіп , бұлақ - теңізге айналса құба -құб! Өлеңің өміршең болсын! 

ізгі тілекпен досың : ҮРШАЙЫР 

***

Таптаурын болған көп сөздер,

Көбік сөздер, көл сөздер.

Ала ауыз қылған қызыл сөз,

Қаңбақтай қылған жел сөздер.

 

Сегіз қырлы өткір сөз,

Селт етер жан жоқ бұған да.

Ақинақ сынды алмас сөз,

Ары да жатыр,

Бұғауда.

 

Аталы сөзім өзеуреп,

Өлімшіл халде тұр қазір.

Ақпа тілім байланып,

Лақпа сөздер жүр әзір.

 

Қарашығына көзіңнің,

Ақырын ғана үңілде.

Иесі кім бұл сөзімнің?!

Киесі ұрады түбінде!

 

 

***

ҚЫЗЫЛ ИТ!

Күле де алмайды,
Өмірді сүре де алмайды бұл байғұс.
Күн нұрын төксе,
Түн бұрын жетсе желді
Айға ұш.
Шөлейтті мекен,
Қу басын теуіп құм көлге,
Көкорай шалғын көмкеріп кетсе
Жалмайды іш.

Қыздырмалатып,
Қызғанад(ы) ол ит тырмалап,
Қасыңа келіп қыңсылап
Іштей ұрланад(ы).
Көре алмайд(ы) қайтсін көз алдындағы бейнені,
Көр соқыр болып шерленіп кеткен
Сұм,
Науат.

Қиялын қырқып,
Арманын қимайд(ы) адамға,
Жетіп-ақ тұрған жемісін үзген әманда.
Жетістіктерін желкеден түйіп,
Бүркелеп,
Жетпесін дейді,
Болмасын дейді,
Жаман, Ә!

Қызғаныш дейтін – қызыл ит!
 

 

 

 

 

 


***
Дақ түспей сезімнің арына,
Дық қалмай көңілдің көгінде.
Жай тұрсаң күлімдеп жанына,
Күй кештің жұмақтың төрінде.

Жұмақтың төрінде күй кештің,
Сәт еді құн жетпес ғаламның.
Күлкісі күнменен үйлес тым,
Асылы сол еді адамның.

Ару да сол еді тым сұлу,
Көз тоймас көркі бар қараса.
Ол деген тылсымнан сыр тұну,
Күнгей мен көлеңкең таласа.

Ол деген сүймекке ұмтылу,
Қол жетпес үр қызын аяулы.
Кербездік кейпінен жұлқыну,
Тілдесу сол жанмен баянды.

Шіркін-ай, балалық бал сезім,
Мөлдір ең, сондай бір таңғы шық.
Шырпыдай жанған да жан көзің,
Бір сәуле жалт еткен жанарды ұқ.
Шіркін,
Балалық!
 

 

 

 

 

 

 

 

 


ЭКСПРОМТ
Теңселіп кейде,
Сел құйғып бейне,
Жағаға шығып қалам-ау.
Өрекпіп денем,
Өртеніп келем,
Толқыны соққан жағалау.

Жыл құсы қайда,
Жартысы қайда,
Мен ұзақ күткен бақыттың.
Көктем лебі ме,
Жеткен жеріме,
Тезіне салған уақыттың.

Бақтары қоңыр,
Бақ шамы селдір,
Бүр жармай қалар гүл мынау.
Күн нұры – жылу,
Сүттей ай – сұлу,
Болса да,
қайтпек, құрғыр-ау.

Көлеңкем сөйлеп,
Көлбеңдеп билеп,
Бой бермей кетті өзіме.
Сен болып кейде,
Сән құрып бейнең,
Көрінер менің көзіме.

Жалғыз тал гүлім,
Жатсынба бүгін,
Мен сені өбем,
аялап.
Сарқынды саға,
Толқынды жаға,
Қоңыр түс басқан саябақ!..

 

***
Ой теңізде шайқатылып,
Ми мәңгүрт,
Делебесі қозып кенет жүректің.
Құмар сезім жалмап бойды,
Түн,
Таңғы от,
Плюс-минус ток күшімен дір еттім.

Сенің бейнең көз алдымда билейді,
Сағым ойнап,
Дабыл қағып,
тынымсыз.
Тиме десем тиіп кетіп,
ти десем ал, тимейді,
Шоқ ерінің сүйіп өтті-ау,
Болымсыз.

Пері ме едің,
Перизат па
кім едің?
Сиқырлы үнге бас айналып,
теңселді.
Асау аттай тулап оттай жүрегім,
Босаңсыдым,
Тіктей алмай еңсемді.

Сезім жұмбақ,
Сен жауапсың тұнған сыр,
Көңіл деген көк дөненді көсілткен.
Сенің күлкің алтын сәуле
Тұнған нұр,
Көлеңкелі көп сұрақты шешілткен.

Бір көргеннен «ғашық болу» осы ма?!..

 

 

 

 

***
ДЕЛ-САЛ ҒЫП КЕТКЕН МӨЛДІРЛІК..

Мөлдір ойлар құяды санама кеп,
Мөлдір самал еседі жағама леп.
Мөлдір сәуле жәудіреп қарашықта,
Мөлтілдейді тұныққа қарама деп.

Мөлдір сезім жүрмісің алыс,
Жырақ,
Мөлдіреген мендегі қалыс сұрақ.
Жауабы көп Алдардың шапанындай,
Жауабы жоқ,
Мөлдірім құрақ-құрақ.

Мөлдір мұңым мендегі шайқатылып,
Көбе бұзар жебедей айға атылып.
Бірде тынық,
Ал, бірде алас ұрды,
Кермек толы кеудемді
жайпай,
Тіліп.

***

Желтоқсан,
Ұлпа қар,
Суық күн,
Кешкісін,
Ақсарбас,
Тұнық тым.
Сүйінші,
Сен келдің,
Өмірге,
Жүректі,
Жанымды,
Жылыттың.
Қылықтым!

Өмірге,
Сен келдің,
Тербелдім,
Жан-дауа,
Өзіңмен
Емделдім.
Қолыма ап,
Әке боп
атандым,
Сол күннен,
Сейілді,
Мен де мұң.

Балбөбек,
Балауса,
Бұзығым,
Бір кешем,
Жалғанның
Қызығын.
Бейкүнә,
Тазалық,
Символы,
Сәбиім,
Періштем,
Қызығым!

Аман бол,
Аяулым,
Ақ гүлім,
Бар бағым,
Арманым,
Шаттығым.
Мөлдірім,
Кіршіксіз,
Пәк шыңым,
Жүректі
Тербетсін
Тәтті үнің.
Ақ гүлім!
 

 

 


***
Шемен көңіл шел басқан сананы ақтар,
Талтаңдап жүр тайсалмай жаман аттар.
Тоқшылықтың түбінде тойымсыздық,
Жоқшылықтың төрінде қанағат бар.

Жетіп жатыр желпінген шалалықтар,
Ақыл айтқыш ағада балалық бар.
Көп сөйлеген ауызда данагөйлік,
Көп тыңдаған құлақта даналық бар.

Өткелінде көңілдің айдыны тар,
Бұл дегенің санаға сайлы ұғымдар.
Шын күлкінің ішінде қуаныш көп,
Көп күлкінің ішінде қайғы-мұң бар.

Қаптап кетті маңайда кіл сұмдықтар,
Бұл сөзімді мына елім білсін, құптар.
Әп-әдемі шындықта өтірік көп,
Көп қалжыңның ішінде бір шындық бар.

Дастан болып таралған жыр сарқыттар,
Өлкесін де расымен шын жақұттар.
Бал бақыттың ішінде қалың сор көп,
Қалың сордың ішінде бір бақыт бар.

Турасы бар, бұл сөздің таласы бар,
Әр пенденің өзіндік шамасы бар.
Ақыл-ойдың иесі бұл адамзат,
Адамның да ішінде аласы бар.

 

***
КЕЙУАНА
Көмескі тірлігіне көнтері боп,
Күйбеңі күйік болып көмкеріп от.
Кейуана қолын жайып көшеде отыр,
Кейпінде тірі адамның сөлтемі жоқ.

Тар көше
Тар көңілден шерге оранған,
Тарығып кең пейілі,
Кем,
Тоналған.
Адамдардан мейірім болмаған соң,
Аяушылық күтпейді кер қоғамнан.

Жел соқса
Көне жаулық желбіреді,
Сыбыр,
Күбір,
Сұқтанып ел жүреді.
Бесіктерді тербеген қос қолымен,
Есіктерді жағалап телміреді.

Бұл недеген мұңлық ед(і),
Соры қалың,
Ана кейпін ойлаймын,
Торығамын.
Шықпа жаным шықпа деп,
Отыр қазір,
Өлмегенге өлі балық жолығады.

Көмескі тірлігіне көнтері боп,
Күйбеңі күйік болып көмкеріп от.
Кейуана қолын жайып
Көшеде отыр,
Кейпінде тірі адамның сөлтемі жоқ.

 


Share:
     
Leave a comment:
Captcha
Add writing