Blogs
Ағамның атылғанын газеттен оқып қатты жыладым
Бүгінгі күні өмірден озған Айман әже немере-шөбере өрбіткен бақытты жан еді. Бірде ақылман әже өткен өмірінің қилы кезеңдерін былай деп еске алған болатын:
- Мен 1924 жылы Айыртау ауданы, Уақ-Заря ауылында дүниеге келдім. Ауылдың аты айтып тұрғандай орыс-қазаққа қоныс болған шұрайлы жер болатын. Бала болсам да, аштық жылының тауқыметін тартып, ауылдастарымның аштықтан ісіп-кеуіп өлгендерін өз көзіммен көрдім.
Әкем Жақыптың інісі Жаппас революцияға дейін оқыған санаулы қазақтардың бірі-тін. Революциядан кейін кеңес үкіметінің әртүрлі қызметінде істеді. Соңғы істеген жері Жаңаарқа ауданының атком төрағалығы болатын.
Әкем Жақып қайтыс болғаннан кейін Жаппас Балғожин ағам мені бауырына салып, Жаңаарқа ауданының мектебінде оқытты. Жеңгем Бибіажар Нұра ауданынан, Сәкен Сейфулиннің әйелі Гүлбахарам екеуі апалы-сіңілі болатын.
Сәкен ағаны Жаппас ағамның үйінде көрдім. Орта бойлы, мұртты, көркем, көсем сөйлейтін кісі екен. Ол әйелімен ағам үйіне қонаққа жиі келіп тұрды. Бірде сабақ оқып отырғанда басымнан сипап «Жақсы оқы, үлкен азамат боласың» дегені бар. Сол кезде ағам үйінде зиялы адамдар жиналып, әңгіме-дүкен құрып отыратындары есімде.
Сәкен аға үйге бір келгенде «Тар жол тайғақ кешу» кітабын жиналған дос-жарандарына қолжазба түрінде оқығаны есте. Келген сайын ағам, жеңгем, Гүлбахарам, Сәкен аға көп әңгімелесетін, бірақ жас болдым да, әңгімелерін зейін қойып тыңдамағаныма бүгінгі күні өкінемін.
Бірде Сәкен аға әйелімен машина мініп келді. Маған тәтті тағамдар алып келген соң мен де оған мәз болдым. Сәкен Жаппас ағама машинаны: «Тар жол - тайғақ кешу» кітабының қаламақысына алдым», - деп қуана айтып жатқанын естідім. Біздерді күні бойы машинамен қыдыртты. Сәкен аға сол күні өте қуанышты болды. Бірақ, мен Сәкен ағаны соңғы көруім екен.
1937 жылы ағамның көңілі хош болмай жүрді. Мамырдың аяғында оқуым біткен соң ағам бір қауіпті сезді ме, мені елге жіберді. Сол жылы тамызда Сәкен «халық жауы» деп ұсталды. Іле Жаппас ағам да «халық жауы» ретінде қамауға алынды. 1938 жылы қазіргі «Егеменді Қазақстан» газетінен атылған адамдар ішінен С.Сейфуллин мен Жаппас ағамның атын оқып егіліп көп жылағаным бар...
Ел азаматтары Бекіш, Смақ, Қаппас ағам үшеуі ауылда қарағайдан зәулім мектеп салды. Бірақ Қаппасты Жаппастың ағасы деп және жанында жүрген Бекіш, Смақта «халық жауы» деп тұтқындалды. Содан үшеуі із-түзсіз хабарсыз кетті. 1958 жылы Жаппас, Қаппас ағаларым ақталды, тек өкініштісі олардың арттарында ұрпақ қалмады.
Ал мен болсам Сәкен ағаның оқы деген аманатын орындауға мүмкіншілігім болмады. Жаппас ағам тірі болса өмірім мүмкін басқаша болар ма еді!!! 1941 жылы соғыс басталғанда тракторға отырдым, тың көтеруге де қатыстым. Тұрмысқа шығып он баланы дүниеге әкелдім. Бірақ, жанымды ауыртатыны тағдыр тәлкегінен Балғожа әулетінің оты өшкендегі, - деп көзіне жас алып еді Айман әже.