Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Ай сонатасы

Blogs

27.02.2019
7588

Ай сонатасы

Ай сонатасы

 

 

 

Ұлылар көп арманына жетпеген,

Тағдыр күшті кімге ықпал етпеген?

Азаттық пен жырлап өткен теңдікті,

Сондай жанның бірі еді Бетховен.

 

Музыкаға құмар болды жасынан,

Таудай талап шабыты бар тасыған.

Тарихына сонатаның тоқталып,

Баяндайын өлеңменен басынан.

 

Талабына халық таңдай қағысты,

Байыппенен саралайтын бар істі.

Бетховеннен ақсүйектің бір қызы,

Көптен бері алып жүрді дәрісті.

 

Қыз қылығы жанды бірден жаулады,

Ұшқын тиіп сезім от боп лаулады.

Талай ару арманына айналған,

Мелодисттің жанын солай баурады.

 

Дәрістен соң аралады бақтарды,

Естен бәлкім шығармас сол шақтарды.

Бір ағаштың жанына кеп оңаша,

Ішкі сырын Джульеттаға ақтарды.

 

Отырды қыз көк шалғынға жайланып,

Қалған еді бұл да жіпсіз байланып.

Ұлы сазгер жары болу арманы,

Ақиқатқа шыққалы тұр айналып.

 

Ішкі сырды ұқтырды қыз жанары,

Жазбай таныр ұлы сазгер саналы.

Екеуіне ортақ шаттық сыйлаған,

Сол бір күнде жалға батып барады.

 

Ынтық еді Джульеттаға құлай тек,

Көрмесе деп тағдыр енді сынай тек.

Достарына жазған екен хатында,

Ішкі сырын ақтара кеп былай деп:

 

Көз салғам жоқ қызы ғой деп графтың,

Джульеттаны жан-тәніммен ұнаттым.

Бірге болу арманым сол өмірде,

Жауабы да осы өзге сұрақтың.

Ұмыттырды оған деген пәк сезім,

Дертін мендік белең алған құлақтың.

Сезім шіркін ештеңеге қарамас,

Болсын мейлі ара алшақ жырақ тым.

 

Жаңа соққы дайын тұрды бірақ та,

Тағдыр тосын алды ауыр сынаққа.

Өз қызыңның қалауына қарамай

Ата-анасы бермек таныс графқа.

 

Білмейсің-ау қызым ненің керегін,

Білдім қайта бұл жайдың тез дерегін.

Жарты әлемге аты мәшһүр болса да,

Сені қалай музыкантқа беремін?

 

Тағдыр солай жасайды өз шешімін,

Деді әке мен айтамын кесімін.

Бетховеннің жасы алшақ, ал сенің,

Кеше ғана тербетілген бесігің.

Қалауым сол рұқсатыңды бер әке

Жасы үлкен болса оның несі мін?

Болды қызым енді қайтып мен сенен,

Естімейін ол сазгердің есімін.

 

Келісерсің бәлкім қызым менімен?

Ұзатамын бай графқа сені мен.

Сен біліп қой ақсүйектің қызысың,

Әрбір адам болу керек теңімен.

 

Білді сазгер ашу ішін кернеді,

Граф қызын музыкант деп бермеді.

Композитор керемет бір саз төгіп,

Пәк сезімін сонатамен тербеді.

 

Қыз дәріске одан кейін бармады,

Сезім шіркін сағым сынды алдады.

Жүрегіне ұялатар жұбаныш,

Күйсандықтан сырласары қалмады,

«Айлы» атты сонатасын осылай

Ұлы сазгер Джульеттаға арнады.

 

 

Мысал өлең

 

Мысал өлең жазбақ болдым,ақын болып жүргесін,

Тіл маманы емеспін рас, халқым бұған күлмесін.

Пана болып көрінгенмен,жер бетінде алыптар,

Белгілі ғой ойлайтыны,қу басының мүддесін.

 

                         ***    ***    ***

 

Жер бусанып,көк өскінде қылаң берді көрініп,

Малға азық, жантақ сөгі,тұрмаса да төгіліп.

Көк қуалап, кете барды, бір қой ұзап отардан,

Қалың жыңғыл арасымен көзден таса бөлініп.

 

Нәр болғанмен ішке бөгіп,көзі көкке тоймады,

Қалың жыңғыл арасына басын тыға бойлады.

Қыстың күні қамау көріп,кепкен шөп боп азығы,

Үш-төрт айдан осы болды басты көкке қойғаны.

 

Кеш түскенше шопан жүрді,жапан түзде мал бағып,

Қойдың басын елге бұрды,қайтпақ болып қамданып.

Тізбектеле отар кетті,жолдың шаңын көтере,

Түзде қалды әлгі қойда,көк майсаға алданып.

 

Мойын бұрмай шопан кетті,қойды жайған күнімен,

Шаршаңқы жүз,кеш тыныққан,қонақ күткен түнімен.

Жаратылған тұлпар сынды,қарғи басып қара қой,

Есін жиды,елең етіп,шибөрілер үнінен.

 

Қу құлқыны ұмыттырды уақыттың да ағысын,

Өз құлағы өзі шалды жүрегінің қағысын.

Басын тіктеп ауыздағы уыс шөпті шайнамай,

Қатып қалды, көрген кезде ,даланың түз тағысын.

Шапты қасқыр,қойды көре,сілекейі бөліне,

Басын қойған әлгі қойдай,даланың көп көгіне.

Қашқанменен белгілі ғой құтқармасы қасқырдың,

Бәрінен де обал болды іште жатқан төліне.

 

Оң қапталдан көтерілді,көкке ыршып шаң шығып,

Қойды тастай қасқыр қашты,бүйірінен қан шығып.

Тебініп ат келіп қалды, мылтық алған қолына,

Пайда бола кетті адам кәсіп еткен аңшылық.

 

Мәз болды адам, бүгін олжа кезікті деп мағанда,

Қой қарады періштедей,құтқарды деп адамға.

Қозғалмады төрт аяғын жіппен буып жатса да,

Менің шыбын жаным үшін барды деп бұл қадамға.

 

Ауылдағы шеткі үйге тез жеткізді жарамды ат,

Жем-шөп салып, қойға қарап, бәйек болды адамзат.

Періштедей құтқарушы көрген әлгі адамы

Түн жарымда кіріп келді қыннан кездік жалаңдап.

 

 

 

СЫР ЕЛІМ!

 

Сыр Алаштың деген халық анасы!

Бұл сөзіме көптің болмас таласы,

Көмейінен жыр төккен жүз шайырға

Мекен болған кие қонған даласы.

 

Біздің елге күрішпенен нәр берген,

Тек қана бір Қызылордадай қаласы!

Ақындары сөз саптауда тұншықпас,

Самаурындай жанбай қалған шаласы.

 

Пана болған жалпы түркі ұлтына,

Германияда Мұстафадай баласы.

Әр ғасырдың тарихынан сыр шертер

Сыр жерінің төбелі сай-саласы.

 

Перзенті көп баба жырын жаттаған,

Тәу ететін Сырдың жерін аттаған.

Қанша жерді кезгенімен Қорқыт та

Сырдан өзге жерді қолай таппаған.

 

Қалқай ишан атын қойған Шоқанда,

Ғалым болды елі сүйіп мақтаған.

Тұрмағамбет Шаһнаманы аударып,

40 мың жол өлең етіп хаттаған.

 

Сүлейлердің  жырларына тамсанған,

Ұрпағы көп терме,дастан жаттаған.

Мақамының сиқырына арбалып

Мұнда кімдер дәм-тұз келіп татпаған?

 

Түбі туыс Түркі жұрты көнеден,

Мұны ұғады Қазақ жұрты көреген.

Алтай,Саха,Тва,Хакас елінен

Қорқытқа кеп талай жырға бөлеген.

 

Бабам дейді Қорқытты Түркі бір туған,

Қармақшыда жүз шайырдан жыр туған.

Шиеліде Нартайдың сырнай сазы бар,

Аралда төгіп мақамға салған Нұртуған!

 

Жаңақорған бір шеті жалғап Аралды,

Сүлейлер ізін жалғаған ұрпақ таралды.

Әулие абыз, үш жүзге түгел пір болған,

Кім білмейді Құрманның ұлы Маралды?

 

 Ғұламалар көп болған ахун аталған,

Солардан ата-бабалар ілім хат алған.

Өнерімен тамсандырған ел-жұртты

Сүлейлерім көптен алғыс бата алған.

 

Жырлай берсем данагөй көп Сырда мың,

Киесін ұғар, ат басын мұнда бұрғаның.

Кіндік қаным тамған сұлу Сырымды,

Қолдан бүгін келгенімше жырладым!

 

 

 

Ұстаз болу бір бақыт

 

Мамандығым бала жастан қалаған,

Тәлім алған ұстаздан көп сан адам.

Төле биді Абылай хан, Шәкәрім,

Ұлы Абайды ұстазым деп санаған.

 

Жалпы ұстаз бойға жиған тәлімін,

Сіңіруде аямаған баладан.

Ғасырды бұл құрушы іскер тұлғаға,

Ықпал ете білуші ол дана адам.

 

Көштен қалмай болу үшін қадам нық,

Кеңістікке шығу үшін ғаламдық.

Бәсекеге қабілетті ғылымның,

Негіздерін үйретер бұл мамандық.

 

Жол сілтейтін жас ұрпаққа жанашыр,

Болмысымен тәлім берер бар асыл.

Бүгінгі күн үрдісіне сай келер,

Мақсатым сол ұстаз болам жаңашыл.


Share:      
Венера Қазиева
03.03.2019 23:10
Керемет туындылар.Жазарыңыз көп болсын.
Әсет
27.02.2019 23:28
Құтты болсын ага.өнеріңіз өрлей берсін,тек оданда биіктерден көрінуді Аллам нәсіп етсін.
Leave a comment: