Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
MY OPINION
Әке тәрбиесі

Blogs

05.06.2017
7914

Әке тәрбиесі

Әкем қызметінен кейін үй шаруасымен айналысатын, ол кезде мен 7-8 жастағы баламын. Әкеме шамам келгенше қолқабыс жасаймын. Бірде әкем үйді қоршаған шарбақты жөндеп жатып, байқамай саусағын балғамен ұрып алғаны. Сонда саусағынан қан ағып жатса да, алған соққыны елемей жұмысын әрі қарай жалғастыра берді. Мен сонда әкемнің тән жарасына деген шыдамдылығына сүйсініп, риза болдым.

Есейе келе әкемнен «Әке, балғамен саусағыңды соғып алған кезде саусағың ауырмады ма?», - деп сұрап едім: «Неге ауырмады ауырды, бірақ ауруымды елемеуге тырыстым, өйткені жанымда сен жүрдің ғой, мен сенің жасық болмай жан, тән соққыларына шыдамды болуыңды өзімнің төзімділігім арқылы тәрбиелегім келді. Есіңде болсын, балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле», - деген әке сөзі өмірлік жадымда қалды. 

Сондай-ақ, Әкемнің: «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет», «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ шындықты айт» деген осы тақылеттес ұлағатты нақылдарын санама сіңіріп өстім.

Бірде мен де баламмен жұмыс істеп жүріп, саусағымды балғамен ұрып алғаным. Саусағым балғаның соқысынан езіліп, тырнағым сынып, жаным мұрнымның ұшына келсе де, ауруды елемеуге тырыстым, өйткені жанымда балам жүрді. Жаншылып қаны сорғалаған саусағыма немқұрайлы қараған мені көріп балам да, абыржымай жұмысын ары қарай жалғастыра берді. Ал ауру саусағым жүйкеме тисе де шыдадым, себебі ұлымның тән жарақатына және жан жарақатына төзімді, шыдамды болып өсуін қатты қаладым...


Share:      
Leave a comment: