Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
MY OPINION
Әкемнің үш өкініші

Blogs

16.11.2020
5443

Әкемнің үш өкініші

Қоңыр желең жамылып кеш келеді.

Қоңырайып төңірек сестенеді.

Жер көрпесін жамылып жатыр үнсіз

Төмпешіктер елемей ештеңені.

 

Исраил Сапарбай

 

Самсаған мың сан жұлдызы тылсым да, тұңғиық шексiз дүниенiң түнгi тұнық аспанына көз тiксем болды, көңiлiмдi жай таптырмайтын мұң басады, - деп бастайтын әңгімесін әкем.

 

Онда мен жас болатынмын. Жан әкем қасымда болатын. Жұлдыздар жайында басталған әңгiмемiз ақырындап күнделікті тіршілікке ауысатын.

 

Әкем әңгіме айтуға шебер-ді. Әкемнің тізесіне еркелей жатып, оның ғасырлар тұңғиығынан тартып шығарған әңгімелерін құмарта тыңдаймын:

 

- 1928 жылы сегіз жастамын, - деп бастайтын әңгімесін, - күздің қоңыр жайма шуақ күндерінің бірінде ауылға мылтықтары шошайып кірген аттылы топтан жұрт шошынып қалды. Ішіндегі шошақ бөрікті әскери кісі «Сендердің еңбектеріңді қанап күн көрсетпеген шынжыр балақ шұбар төс төрелерің қайда?», - деп ауыл кісілерінен сұрастырып жатқанда, әкем де шапанын жамылып үйден шыққан. Әлгі одырайған неме тегі топтың басшысы болса керек әй-шәй жоқ «Сенің дүние-мүліктеріңді, малдарыңды тәркілеп, өзіңді итжекенге жіберемін», - деп, тістене сөйлей әкемнің қолына бір тілім қағазды ұстата берді. Әкем орысша да, ескіше де оқуы бар сауатты кісі болатын. Құжатты оқып, үн-түнсіз сұлқ түсіп тұрып қалды. Әкемнің кісі еңбегін қанамағанын, қайта ауыл адамдарының ас-сулары, мініс көліктері, киетін киімдері әкемнің мойнында болғанын білуші едім. Ел іші қорқып қалған ба, біреуі де әкемді жақтап сөйлемеді.

 

Кешке дейін әкемнің дүние-мүліктері тәркіленіп, малды орталыққа апарамыз деп айдап алып кетті. Қанаушы таптың отбасын жер аударамыз деп өкілдер сабылып жатқанда әкем: «Құлындарым, мынау ойнап жүрген балаларға қосылып ойнап кетіңдер. Енді кездесеміз бе кездеспейміз бе, оны бір Алла Тағала ғана біледі. Қош болыңдар боталарым!..» - деп көзіне жас алып, асық ойнап жүрген балаларға ағайынды екеумізді қосып жіберді. Бала емеспіз бе, ойынға араласып кете бардық. Әпербақан топ әке – шешемді, бауырларымды байлап-матап әкетіп бара жатқанда қимас жандардың соңдарынан қарап жылап тұрғаным есімде.

 

Сол түні ағам екеуміз аспанды көрпе, жерді төсек қылып далада қондық. Қарнымыз аш, түн суық. Кешегі асты-үстімізге түскен ауыл-аймақ бізге қарайтын емес, бір жұтым суға зар болдық! Екінші түні ауылдың абыз ақасақалы бізді ат-арбасына отырғызып, қаланы бетке алып жүріп кетті. Мен ауылдың жарықтары таса болғанша көзден аққан жасқа ырық берген едім. Ол кезде ауылдастарымның жартысы 1932 жылғы аштықта қырылып қалатынын, әлділері көл жағалап балық аулап «бақа» жеп кететінін білген жоқ едім.

 

Атай бізді балалар үйіне тапсырып елге кетті. Мен осылай тірідей ата-анамнан айрылып балалар үйіндегі өмірім басталды.

 

Осылай, әкем мен анамның мейіріне құмарым қанбай, балғын балалықтың қызығы мен қуанышын көре алмай балалық өмірім өкінішпен өтті емес пе, - деп әкем көзіне жас алған еді.

 

- Екінші өкінішім, ағам екеуміз балалар үйінде тәрбиеленіп өстік. 1941 жылы соғыс басталысымен ағам өзі сұранып соғысқа аттанды. Көзімнен кінәрәт табылған соң әскерге алынбай қалдым. Үзбей хат жазысып тұрдық. Ол соңғы хатында Берлинге шабуылға шығамыз, елге көп ұзамай жеңіспен келемін деп жазған еді. 1945 жылы 9 май күні фашистердің тізе бүккені туралы хабарды естігенде қуанышта шек болған жоқ. Ағамның оралуын асыға күттім. Бір күні почтадан хат келді, қуана оқысам «Ағамның 1945 жылы 9 мамыр күні Берлин қаласын қалған - құтқан фашист қанішерлерінен тазарту кезінде болған ұрыста ерлікпен қаза тапқаны» туралы қаралы хабар екенін білгенде аспан айналып жерге түскендей болды. Осы қайғы әлі күнге дейін өзегімді өртеп, жанымды жейді, жеңіс күні бауырыңнан айрылу қандай өкінішті.

 

- Үшінші өкінішім- немере - шөберелерімнің қызығына тоймайтын ақсақал болам деуші едім. Бірақ обыр ауруы дегеніме жеткізбейтін түрі бар. Балам, саған қалдырар асыл мұрам бабаларымнан қалған салт - дәстүр, әдет-ғұрып, қазақтың шұрайлы тілі. Бабаларымнан қалған осы асыл мұраларды немерелеріме табыстарсың, - деген еді. Рас, мен әкемнің өзгелерге ұқсамайтын ерекше жан екенін білетінмін - ді.

 

Әкеммен қаңтардың соңғы түні мәңгілікке қоштастым! Фариза апамыздың «Ешкімнің жоқ білем таласы, Тағдырымның болып тұр-ау аласы. Жүрегіме жара болып қадалған, асқар таудай әкешімнің қазасы» дегендей сол күні Әкемнің қабірінің басында қас қарайғанша жүргенім бар. Бірақ, не істейсің!?. Алланың жазған жазмышына!!!

 

Әкем әдебиетке жақын адам еді. Ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа білетін, қазақтың классик жазушыларының шығармаларын сүйсіне оқып, менің де әдебиетші болуымды қалайтын. Мүмкін мені соларға ұқсаса деп армандады ма екен, әлде солардың жандарынан көргісі келді ме екен?!. Бiрақ мен үшiн әкемнiң сондай арманының болғаны өзi зор демеу, үлкен мақтаныш едi. Маған сол да жететiн. Өкiнсем тек бiрақ нәрсеге, әкемнiң менен қарымды қаламгер тәрбиелеп шығарамын деген арманын жүзеге асыра алмай өмірден ерте кеткеніне ғана өкiнемiн!!!

 

Кiм бiледi, мүмкін болашақта Абай бабамның ізін басар немерелеріммен тарих қойнауына әлi енбеген жұлдызды түндердiң құшағында талай сырласармын. Тек соған Алла «Әмин» деп жеткізсін!

 

Жұлдызды түнгi аспанға қарасам болды - әкемді ойлап көңiлiмдi мұң басатыны бар. Жаныма жай таптырмайтын мұң...


Share:      
Leave a comment: