Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Ән шығару оңай емес

Blogs

19.10.2018
11462

Ән шығару оңай емес

Қазіргі ән бұрынғы әннен өзгерек десек те, әсіресе  сөзі түсініксіз, әуені жағымсыз әндерді естігенде, тосырқап, тоңқылдап, ренжіп жатамыз. Ең жаманы, сондай құлаққа жағымсыз, санаға қонымсыз әндердің қатары көбейіп  барады. Сөзін де, сазын да өзі жазатын «бесаспаптар» шаршатты.  Барлығымыз  жүрегімізде мәңгі қалған, ешқашан жалықтырмайтын халық әндерін, Шәмші сияқты хас таланттардың әндеріндей есті дүниелерді аңсайтын болдық. Өкінішке қарай қазіргі шығып жатқан әндердің арасында халықпен бірге өмір сүретін ондай дүниелер аз боп тұр. Ақтөбедегі  №30 мектепте ән-күйден дәріс беретін, сазгерлігімен танылған Алпысбай Қайырбаев әннің өміршең болу сыры жайлы өз білген-түйгендерімен бөліскен еді.

Ән шығару оңай емес

Құлақ құрышын қандыратын, жүрек қылын тербейтін, ұлттық нақышы бар әндерді шығаратын сазгерлер, есті әнді айтар талғампаз әншілер жоқ емес, бар.   Тек олардың арасында бірлік жоқ. Әрқайсысы жеке жеке жұмыс жасайды. Әркім барынша  тырбанып жұмыс жасап, өз бетінше күніні көреді.  Солардың бірі ақтөбелік Алпысбай Қайырбаев- әннің қасиетін білетін жан. Ол ешқашан ән жазуға жүрдім-барды қарап көрмепті. Сондықтан  «Шымкенттің қыздары зың-зың»,  «Шудың бойында», «Пах-пах неткен ғажап иіс», «Ақтөбеде жоқ,жоқ!»  деген сияқты ия ұйқасы жоқ, ия бір мән-мағынасы жоқ есер әндерді, оны орындайтын әншілерді де түсінбейді. Бұның барлығы шетелдің биіне қарай лайықталған, еуропалықтарға еліктеушіліктен туған әндер дейді ол. Өзі көбіне алдын-ала ойлап, жоспарлап жүріп жазады екен. Кейде ән оңай туса, кейде ұзақ қинап жүріп алады.  Ол «Теңізге сыр», «Туған жерге», «Аралым» сынды бірнеше әніне  сөзді өзі жазған. Соның ішінде «Аралым» әнін шығаруға 1 жылдан артық уақыты кетіпті.  Шумақтарын шығарғанымен, қайырмасына келгенде, көп әуреленіпті. Неге екенін түсінбей жүргенде бір жыл өтеді.

-Негізі әннің өзі тебіреністен туады ғой. Бірде жұмыстан келіп, фортепианоға отырғанмын. Әлгі 1 жылдан бері  келістіре алмай жүрген әннің шумағын ойнай бастап едім. Алдында жазғанымнан басқа нұсқасы өзінен өзі  шықты. Бірден нотаға түсірдім. Тіпті оңай туып, жаныма бірден жаққаны сондай  алғашында мүмкін бір жерден естіген әнім емес пе, біреудің әнін қайталап тұрған жоқпын ба  деп өзім күмәнданып қалдым. Жұбайыма ойнап бердім. Әйелім де - музыкант қой.  Шығарған әндерімді соған тыңдатып, бағалатып отыратыным бар. Ол мұндай әнді бұрын естімегенін айтты,-деп еске алды. 

Сол кезде теледидарда «Әнші балапан» хабарының жаңадан шыққан кезі екен. А.  Қайырбаевтың «Аралым» әні алғаш сол хабарда орындалады. Содан бері оның қанша әні жарық көреді.  Өзі фортепиано, қобыз, домбыра сияқты түрлі аспаптарға ән-пьесалар жазып жүрген кәсіби білікті музыка маманы болса да, республикалық деңгейде шырқалып жүрген әндердің авторы болса да, тіпті қазір бұрынғыдай әуесқой композитор деген термин алынып тасталса да, ол өзін композитормын деп атамайды. Шала-шарпы 1-2 ән жазып,  өзін композитормын деп төске ұратындарды түсінбейді.  Ең бірінші домбыраға арнап күй шығарған екен. Ол 1987 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көрген.Сол кездегі білім министрлігіндегі білім беру методикалық кабинетінің шешімімен ән жинағына да еніпті.1991жылы  «Сәукеле» деген әні Қазақстан әйелдері журналына басылады. Қазір ол шығарған әндердің біразы биік сахналарда орындалып жүр. Майра Ілиясова, Есет Сәдуақасов, Лидия Кәденова, Нұржан Қаражан сынды әншілер   оның «Сәукеле», «Көздеріңнің көркемі-ай»,  « Еркем», «Сүндет той» әндерін әлі күнге өз репертуарларынан түсірген емес.

 - Есет Сәдуақасов менің тойға арналған«Сүндет той деген әнімнің сөзін өзгерттіріп алып,  «Той -думан» деген атпен сахнаға лайықтап шырқап жүр. Бір күні Лидия Кәденованың  менің «Қуанышыңа» деген сөзін өзім жазған әнімді ештеңесін өзгертпей орындағанын радиодан естідім. Ішімнен әннің сөзін әлі де өңдеу керек екен деп ой түйіндегенмін. Біздің филармонияның әншілері менің  әнімнің сөздерінің буындарын өзгертіп орындайды.

Ән қасиетін білген өнерге  қиянат жасамайды

Әр әннің өзінің шығатын уақыты, өзінің жолы болады. Алпысбай Қайырбаев баяғыда 20 жыл бұрын бір журналдан Қапшағай Әбдіқайымов  дегеннің «Ана туралы» өлеңін оқиды. Сөзі өзіне керемет ұнайды да, соны қиып алып қояды. Арасында алып, оқып қоятыны болмаса,  әуен шықпайды. Жатса тұрас сөзі ойында жүреді. Содан 15 жыл өткен соң, 2 жетінің ішінде әнді жазып шыққан екен. Қазір оны Ақтөбе облыстық филармонияның әншісі Нұржан Қаражанов  жиі орындайды. Кішкентайында домбыра тартуды әкесінен үйреніп алған екен.  Музыкаға деген қызығушылық оны 1975 жылы Ақтөбедегі музыкалық училищеге әкеледі. Домбыра класын тәмамдап, еліне Аралға оралады. Сол жақта музыкалық мектепте дәріс береді. 20 жылдан кейін Ақтөбеге қайта оралды.  Қазір мектепте музыка пәнінен сабақ бере жүріп, өзінің жеке студиясында ән жазады. Басқалардың әндерін өңдеп,  нотаға түсіріп береді. Әншілерге фонограммаларын жазады. Музыкалық білімі болған соң, мұның барлығымен кәсіби түрде айналысады. Оның ойынша, бәрін уақыт өз орнына қояды. Қазіргідей нота жазуды білмей,  даңғаза ән шығарғандар  түптің түбінде   ел алдына шығудан өздері қашатын болды. Кәсіби мамандарға да күн туады.

- Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 85 жылдығына арнап « Қасиетті шаңырақ» деген ән шығарғанмын. Қазір сол колледжің  әнұранына айналды. Бұл - менің тапсырыспен жазған әнім. Жалпы, мен әр іспен өзінің кәсіби маманының айналысқаны жөн деп санаймын.  Ақын сөзін жазып, композитор әуенні жазса, әнші оны нақышына келтіріп, жүрекке жеткізе  шырқаған жағдайда халықтың жанына жағатын,  сүйіп тыңдайтын, өміршең  туындыға айналар еді. Әннің сөзінің мағынасы болуы керек. Шәмшінің әндерінің барлығы дерлік неге хит болды? Оның ақындары мықты болды. Халық әндері де солай.  Сөздері мықты. Әуенге өздері сұранып тұрады. Негізі сөзге ән жазған оңай. Әуенге қарап, сөзін жазу қиындау. Ақын әнді білмесе, буындарын, ырғағын келтіре алмайды. Сондықтан әннің тақырыбын айтып  берсе, ақын ойды сөзбен өрнектеп жеткізеді. Содан кейін сазгерге сөзі ұнаса, ойындағысынан шықса, әуенін жазуға отырады екен. Жалпы, ақын, композитор, орындаушы өзара тіл табысып, бірге жұмыс жасаған жағдайда ырғақты жақсы әуен туындайды,-дейді Алпысбай Қайырбаев. 

  Баяғыда нотаны білмесе де қазақ керемет ырғақта әндерді шығарған ғой. Және қандай әндер. Қанша уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтпайды. Қайта әр ұрпақпен жасарып, өміршеңдігін жоғалтқан емес. Ондай әндерді тыңдаған сайын рақаттанып,  жансарайың ашылып, ерекше ләззат аласың. Қосылып шырқайсың.  Ал қазір не болды?  «Мен сені сағынбаймын, мен сені аялаймын, сен мені аямайсың,  өйтесің-бүйтесің» деп әндеткен әншілерден мезі болдық. Өйткені олар шетелдік стильдегі биге келетін деп осындай  өлеңдерді таңдайды. Әннің сөзіне де, әуеніне де басты қатырмайды. Сахнада қисаңдап, өзінің дене сымбатын, қымбат жылтырақ киімдерін  көрсетсе болғаны. Басқасында шаруасы жоқ.Сол себепті оның әнінде қасиет болмайды. Олар осылайша өнерге, әнге, ақыр соңында әнші ретінде өздеріне  қиянат жасап жүргендерін білмейді.


Share:      
Алмаз
28.03.2021 23:38
Ассалаумағалейкүм. Дөп басып білмеймін бірақ осы Алпысбай ағамның әні шығар деп ойлап жүрмін және сөздерін таба алмай жүрмін. Бала кезде есімде қалғаны: түйіні бұл тобықтай. Саган айтар сөзімнің. Тыңда шырақ жалықпай. Алда сенің өмірің. Деген сөздері.
Leave a comment: