Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Әңгімелер мен естеліктер.

Blogs

16.09.2017
32755

Әңгімелер мен естеліктер.

        Үшінші бөлім.      Әңгімелер  мен  естеліктер.

                     

                                                                                                                                                                                                         

 

                                                                                     Ана сүті арамдыққа суарса                                                                                                                                                                            

                                                                                                          Сиыр сүті ала алмайды сені ақтап...

                                                                                                    Олжас Сүлейменов

                                 АЛЬФОНСТЫҢ АҚЫРЫ

                                                  I

      Жекеменшік көлігімен адам тасып, бала-шағасының нәпахасын ажыратып жүрген Кенже ел жата үйіне оралды. Балаларын ұйықтатып, отағасын тағатсыздана күтіп отырған Жамал:

–  Кешіктің ғой бүгін деді, алдынан шығып.

–  Сарыағаш шипажайына кісілер апарып, қайтарға адам болмай күтіңкіреп қалдым.

–  Манкенттің тұрғындары ма?

–  Жоқ, Шымкенттің темір жол бекетінен алдым.

–  Алыстан келгендер болды ғой, шамасы?..

–  Керекуден келгендер екен. Сұрақтың астына ала бермей, тамақ бермейсің бе?

–  Аздап шыда, сен көлігіңді кіргізіп жатқанда отқа қойғанмын, ысып қалған да шығар,- деп Жамал асханаға беттеді.

Бір кесе ыстық сорпаны отағасының алдына қойып жатып:                                                  

 –  Сорпаңды ішіп ал, шайды кейін әкелемін. Айтпақшы, бүгін қай уақытта келетініңді сұрап мырзаға екі рет телефон соқты,- деді.

–  Сенің мырзағаң көп қой, қайсысы?

–  Атын атай алмаймын ғой, жұрт «рэкет болыпты» деп жүрген Шәки  қайным.

–  Сақауланбай - ақ, Шәкір демеймісің. Оны қандай жел айдап келді екен?.. Бес- алты жыл бұрын шешесі екеуі бетімізді көрместей болып кетіп еді ғой...

–  Не қыласың ескі жараның аузын жаңғыртып... Кім болғанда да марқұм ағаңның тұла бойы тұңғышы, бауырың  емес пе?.. Есейе келе есі кірер, шалыс басқан қадамын түзеуге ұмтылар...

–  Жиырма жетіге келгенше кірмеген ес қашан кіреді?.. Бес-алты жылдың ішінде екі әйелді төрт баламен қуып жіберіп, жақында үшіншісін алыпты. Анау, екі үйді қатар қондырмайтын, қойнындағы жарын улап өлтірген шешесі тұрғанда ол балаға ес кіретініне күмәнданамын.

–  Отағасы, жайырақ... Қызбаланба... Балаларды оятып аларсың. Жеңгең өлтірейін демеген шығар... Арақ қойдыратын дәрі деген соң қайдан білсін, артықтау салып жіберген болар?..

–   Осы іске мына жүгермектің де қатысы жоқ па екен, өзі...

–   Сен де, қай - қайдағыны ойлайды екенсің, он жыл бұрын ол жас бала емес пе еді?

–  Қайдағы жас... Оның үстіне нағашыларына тартып, жатырынан қағынып туған бала болса...

–  Сөз қуа бермей, сабаңа түссейші...

–  Қайтейін, есіме түссе өзегім өртеніп кетеді.

–  «Ағайынның азары болғанымен безері болмас» демей ме халық. Біз қара шаңырақта

                                                                             

отырғандықтан кешірімшіл болғанымыз абзал.

–  Келген ағайынның көкірегінен итеріп жатқан ешкім жоқ қой. Шешесінен басқаның ақылын тыңдамағанына зығырданым қайнайды. Шешесінің сөзіне еріп бізді жау көреді... Бауырларымыз  жат болып бара жатқан жоқ па содан...

–  Інің хабарласамын деген, сенімен ақылдасатын шаруасы бар сияқты?... Сен кешіккен соң төсекті үйге салып қойған едім, далаға жатқың келсе ауыстыра салайын...

–  Үй ыстық шығар, далаға жатамын.                                                                      

Жамал төсек салып жатқанда Кенже тысқа шығып, кеткен. Әжетханадан шыққаны сол еді, қақпаның қоңырауы безілдеп қоя берді. Кенже:

– Бұл кім?- деп, дыбыстады.

– Мен ғой, аға.

 Кенже Шәкірдің даусын танып тұрса да, танымаған болып:

– Түн қатып жүрген бұл қайсың?- деп, қақпаға жақындай берді.

– Аға, Шәкірмін ғой,- деді, Шәкір баяу ғана.

 Кенже есікті ашып, інісімен амандасып жатқанда, қақпа алдында тұрған шымқай қара «Волга» алды - артына қарамай ата жөнелді.

–  Осыншама асығыс кім еді?

–  Мені алып келген жігіттер ғой.

–  Неге аттан түс демедің?

– Шаруалары көп, қалаға қайтады.

–  Оларды қойшы, өзіңнің шаруаларың қалай?

–  Бірқалыпты, аға.

–  Бағана хабарласқан екенсің, келе бермедің бе ертерек...

–  Жеңгем Сізді кештеу келеді деген соң...

–  Біздің үйге көп келе бермейтін едің, тыныштық па әйтеуір?...

–  Онша тыныш болмай тұр... Сізбен ақылдасатын шаруаларым бар.

–  Үй - ішің  аман - есен бе?

–  Барлығы дін  аман. Өзіме байланысты мәселелер жөніңде...

–  Ондай болса, шай үстінде -ақ әңгімелесе берерміз, үйге кірейік.

–  Аға, шайды ішіп келдім. Жеңгем төсекті далаға салып жатқан сияқты ғой, бүгін Сізге мен серік болып жатайын.

–  Қалауың болсын. 

–  Аға, баяғыда, апамның қырқын өткізгеннен кейінгі «қырғында» шешемді арашалаймын деп жүріп, Сізге де тілім тиіп кетті, кешіріңіз,- деді Шәкір төсекке жайғасқан соң.

–  Шәкір, жалғыз маған емес, әкеңнің барлық іні - қарындастарына тілің тиді. Мен қара шаңырақта отырғандықтан барлық туысқандарыма әділ болуға тырысып келе жатырмын. Өзің бастаған соң, саған да ашығын айтайын. Шешеңнің әкеңе дәрі беріп өлтіргенін сен бізден жақсы білесің. Баласының мезгілсіз ажалына аһ ұрып, миына қан құйылып, төрт-бес жыл мешел боп жатып, жалғаннан арманда кеткен анасын жақтағандар ашумен не айтпайды дейсің... Сен түсінуің керек  еді. Айымкүл де қасарыспай... Білместігін мойындап, кешірім сұрай салса, басын кесіп алмас едік қой...

–  Аға, өлгендерді ұрыс- керіспен тірілте алмаймыз, оның үстіне ажал «тетурамнан» келді ме, арақтан келді ме, анық білмейміз. Осы тақырыпты жауып тастауға болмай ма?..

–  Жарайды, екеуміздің арамызда жауып тастадық дейік, басқаларды қайтеміз?

                                                            

                                                                             

–  Түсіндіруге тырысып көрсеңізші...

–  Мейлі... Менің, осы шаңырақтан дәметкен әруақтарға бағыштап құран оқытатын ниетім бар. Сол жиынға келіп, жұрт аяғы басылғаннан кейін шешең ағайындардан кешірім сұрасын.

–  Тағы жанжал шығып кетпейді ме?

–  Ол жағын маған қоя бер. Немене, өз басыңда қиындықтар туындап жүр ме?

–  «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей, істейтін қызмет болмаған соң, біраз жігіттердің басы бірігіп көлеңкелі кәсіппен айналысуға тура келді. Топтағы жігіттердің бір- екеуі ұсталып, қалғандарымызға қауіп төніп тұр. Осы үйде абыр- сабыр басылғанша тасалана тұруыма қарсы болмассыз...

– Сендердің топтарың немен айналысады, мойындарыңа қан жүктеп жүрген жоқсыңдар ма?

– Жоқ,аға. Біздің мақсатымыз мына әділетсіз қоғамда әділдік орнату ғана. Кеңестер Одағынан қалған жылжымайтын, жылжыйтын мүліктерді сүзгіден өткізу, байлардың мүлкі мен қаражатын есепке алу, базарларда тәртіп орнату, құқық қорғау органдары шеше алмайтын дауларды шешу сияқты жұмыстармен айналысамыз.

–  Кедей- кепшіктің ақысын жеп жүрген жоқсыңдар ма?

–  Жоқ, қайта біз оларды нысапсыз  тоғышарлардан қорғаймыз. Бізге арызданса ақысын  алып береміз. Қызмет ақымызды да солардан қоса өндіреміз.

–  Шәкір, мен қарапайым ғана адаммын, істейтін қызметім қарауылдық. Жұмыстан бос уақытта көлігіммен адам тасып, бала- шағамды маңдай теріммен асырап жүрмін. Ісің насырға шауып кетіп, маған кесірі тиіп жүрмей ме?..

–  Қорықпаңыз,  аға, жігіттер бәрін реттейді.

–  Неге онда жасырынасыңдар?

–  Бұның бәрі уақытша, бізде бәрін орын- орнына қоятын ақша жеткілікті.

– Маған, осы жағдайдан аман- есен құтылсаң, бұқпантайлап жүрмейтін қызметке ауысуға уәде бере аласың ба?

–  Уәде беремін. Аллаға шүкір, жағдайымды  түзеп алдым, енді қызметке тұрудың амалын қарастырмасам, күннен- күнге шеңбер тарылып келеді.

–  Онда келістік. Түкпір бөлме құлыптанады, күндіз сол жерде бой тасалайсың. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген, балалардың да көзіне түсе бермеуге тырыс. Жамалға өзім түсіндіріп айтамын. Түн ортасынан ауып барады, енді ұйықтайық.

–  Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз.

– Уайымдамай, сен де жақсы ұйықта. 

 

                                                                          II             

      Түлкібастағы дүкендердің дені Алматы – Ташкент күре жолының бойына орналасқан. Оның үстіне жол бойында тұратын тұрғындардың көбісі піскен жеміс-жидегін есіктерінің алдына шығарып сатуға дағдыланып алғандықтан көше ұзыннан-ұзақ жәрмеңкеге ұқсайды. Мектептерде оқу жылы аяқталып, еңбек демалысында жүрген Қарлығаш дүкендерді аралап, көшенің көлеңкелі бетімен келе жатқанда бір жеңіл мәшине

 бипілдеп келіп, тұсына тоқтағандай болды. Мән бермей жүре бергенде қайта белгі берді. «Кім болды екен»?- деп бұрылып қарағанда, көліктен түсіп жатқан Кенжені анық таныды.

–  Әпке, жүдә қарамайсыз ғой...

–  О. Айналайын, сен екенсің ғой... Зырылдап өтіп жатқан мың-сан көлік, маған соғылған белгі екенін қайдан білейін,- деп Қарлығаш інісін құшақтай алды.

–   Жездемнің Сізге дорба көтертіп қойғаны қалай, Марат үйде жоқ па?

–  Жездең облыс орталығына жиналысқа кеткен, Марат Тараз қаласында, қызметке тұрған. Өздерің аман-есенсіңдер ме? Көп болды ғой ат ізін салмағаныңа...

–  Мал- жанымыз түгел аман-есен, бұл жаққа көптен бері жол түспей жүр еді, бүгін орайы келді. Өзіңіз қалайсыз, саулығыңыз жақсы ма?

–  Аллаға шүкір, анда-санда ұстап қалатын басымның сақинасы болмаса...

–  Жездем ше?

–  Жездеңді жау алады дейсің бе, жүр ғой қасқайып... Осы жерде тұра береміз бе, қой, әңгімені үйге барып жалғастырайық...

–  Үйде кім бар?

–  Зылиха үйде, кешегі сенбіде Сәлима да күйеуімен келіп кеткен.

–  Марат үйленемін демей ме?

–  Ауылдағы қыздарды айтсақ, жақтырмайды. Өзінің бір білгені бар шығар,- деп қатты қинаған жоқпыз әлі. Бұйрық болмай жүрген шығар?..

–  Иә, бұйрық болған күні келін де кеп қалар, әлі өздеріңіз де жассыздар ғой.

Үйге кіріп, шайға жайғасқаннан кейін Кенже:

–  Әпке, шайды өзіңіз құйсаңыз, Зылиха басқа шаруаларымен айланыса бермей ме?..

–  Жарайды онда, мен қазанға ет салып келейін, Зылиха қарайлап тұрар,- деп Қарлығаш шығып кетті. Сүт пісірімнен кейін қайта келіп, Злиханы тұрғызып жіберіп:

–  Жеке әңгімең бар сияқты ғой, тыныштық па,- деді Кенженің жүзіне сұраулы кейіппен үңіле қарап.

– Әпке, жалпы тыныштық, бірақ...

– Алаңдамай айта бер, бөтен ешкім естімейді.

– Біздің үйде Шәкірдің әлдекімдерден жасырынып жатқанына он күн болды, кіргізуін  кіргізіп алып, кесірі тие ме,- деп, қауіптеніп жүрмін. Не істерімді білмей, Сізбен ақылдасуға келдім.

–  О, жүгермек-ай ә... Тығылатын басқа жер таппады ма, неге сенің үйіңе келді екен?.. Басында бекер кіргізгенсің ғой...

–  Кіргізбесем, онсыз да қара есекке теріс мінгізіп жүрген жеңгеміз одан бетер бәлеттемей ме?..

–  Оның өзін де, сөзін де қойшы, біз жайында оның аузынан жақсы сөз шықпаған, шықпайды да. Кімнен жасырынып жүргенін айтпады ма?

–  «Бір - екі досымыз ұсталып қалды»  дегеніне қарағанда полициядан сияқты.

–  Өзінің інісі полицияда істемей ме?

–  Иә, Бәкір екі күн бұрын, түнде келіп- кетті.

–  Әңгімелерін естімедің бе?

–  Жоқ, есікті ішінен іліп алып сөйлесті.

–  Біреулерге телефон шалғанын да байқамадың ба?

–  Жоқ, өзінің қалта телефонын да үйге келген күні өшіріп тастаған.

–  Киім- кешегін алып келді ме?

–  Сол  жататын түкпір бөлмеге салқындатқыш қойдырған күні сөмкесін ашып көрген едім, киім емес – тола ақша екен. Банкті тонаған ба?- деп шошып кеттім. Бірақ оған көрген - білгенімді сездірмедім. 

–  Салқындатқышты сол қойғызды ма?

–  Иә, ақшасын берді. Ауыстыратын киім- кешек пен  қажетті заттарын Жамал алдыртыпты.

–  Қанша уақыт боламын дейді?

–  Білмеймін, өзі жағдай реттелгенше деген. Сырттан хабарды Бәкір арқылы алып отыр-ау шамасы...

– Жұрттың айтқандары рас болса, сұмдық қой...  Оның ажырасқан екінші әйелі – Салтанат осы ауылдың қызы. Шешесімен мектепте бірге істейміз. Соның айтуына қарағанда әбден байып алғанға ұқсайды. Шымкентте бірнеше дүкендері мен мейрамханалары, моншасы бар екен. Қазығұрттың етегіндегі бір қораны сатып алып, үйір-үйір жылқы мен бір отар қой ұстайтын көрінеді. Бес-алты жылдың ішінде осыншама дүниені маңдай терімен таппаған шығар қаршадай бала?.. Қылмыстық әлемнің қолшоқпары болып жүргені айдан анық. Өте абай болыңдар! Жамалға да ескертіп қой, сыр бермесін. Сенің үйіңде жылдап жата қоймас, шыдаңдар. Осыншама байлықтың иесі бола тұрып, өзінің кіндігінен жаратылған балаларына қамқор болу былай тұрсын, алимент төлемей отырған адам ешкімге опа бермейді.

–  Балаларына алимент төлемей жүр ме екен?..

–  Иә, бірінші әйелінен туған қызы мен ішінде кеткен баласына да, Салтанаттан туылған балаларына да төлемейді екен.

–  Сот арқылы алмай ма?

–  Әсияны білмеймін, Салтанат әбден жүрегі шайлығып қалғандықтан сотқа арызданудан да қорқады дейді.

–  Бірін алып, бірін сала бергеніне қарағанда адам тағдырын ойыншыққа айналдырғаны ғой, жақында үшіншісін алыпты.

–  А, оны қайдан естідің?

–  Менің бір сыныптасымның інісі Шәкірдің жылқысын бағады, содан естідім. Өзінің мал қорасы орналасқан Қарақия ауылындағы шопанның қызы екен.

–  О, сорың құрығыр... Сорлап қалыпты ғой... Малы  көп, бай деп алданып қалған ғой, байғұс қыз. Жап-жақсы жағдайы бар, ауылда өзіндік беделі бар Салтанаттың  төркінін кедейсініп ажырасқан адам, қойшының қызын жүндей түтпей ме?.. Обал болыпты-ау, бейбаққа...

– Біз араға түсіп әперген жоқпыз ғой, пешенесінен көрер... Бізге қарасын жұқтырмай, ертерек кетсе екен...

–  Сенің үйіңде жатқанын менен басқа ешкімге айтқан жоқсын ба?

–  Мансұр көкеммен ақылдаспақшы болып едім, Арысқа жол түспеді. Шымкентке барғанда Әтіркүл әпкемнің үйіне соққанмын, әпкем де, жездем де үйлерінде болмады. Бірінші есіткен адам – Сізсіз.

–  Мансұрды мазаламағаның дұрыс болған, өзінің бір баласы сотталып, бір баласы араққа салынып, шақшадай басы шарадай болып жүрген адам не ақыл қосады... Әтіркүлдің де үйінде болмағаны жақсы болыпты. Біріншіден, ол бізбен бірге туысқан емес, ата қуғанда шөбере болып келеді. Екіншіден, баяғы Әтіркүл емес, жоқтан өзгеге ашу шақырып, жан-жағын жапырып отыратын кеселге дұшар болыпты. Бұрыннан безер адам, қалқанша безі ісініп, жемсауға ұшырағаннан кейін жүйкесі сыр берген-ау, шамасы...Көкіректігі мен кесепаттығы Айымкүлдің деңгейіне жаткен  бе деп қалдым...

–  Қашан кездестіңіздер?

–   Екі ай бұрын Дәурен Шымкентке жиналысқа баратын болды да, жұма күні сабағым  болмағандықтан жездеміздің зейнетке шыққанына құтты болсын айтпақшы болып, мен де ілестім. Дәурен мені жеткізіп салып, жиналысына кеткен. Апалы- сіңлілі екеуміз шай ішіп

отырғанда, қолына бір қорап сигарет ұстаған Еркін жездем арсалаңдап кіріп келіп, менімен амандық- саулық сұраса бастағаны сол еді, әпкеміз дүрсе қоя бергені... «Не болды әпке, еш болмаса амандасып алайық та»,-  дегеніме қарамай аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатты. Үрейленген немерелері үрпиісіп, көздері алақандай болып, бір- біріне тығылғанын көріп жүрегім сыздады. Келіні  байғұс ұялғанынан далаға шығып кетті.

–  Не дейді сонда?

–  Жазығы, зейнетақысын қолына түгел әкеліп салмай, темекі алғаны. «Қызметте жүргенде тапқанын қатын-қалашқа жырымдады, зейнетке шыққанда темекісін қоймайды»,- деп, тілінің бізін әбден сұққылады.

–  Жездеміз үндемеді ме?

– Бетпақпен сөз таластырып отыра ма, есті кісі ғой... «Кейде өстіп еркелейтіні бар әпкеңнің»,-деп, күліп, жатын бөлмесіне кіріп кетті. Бұндай концертке еті үйренген болуы керек, жыны басылды-ау деген кезде киімін ауыстырып келіп, ештеңе болмағандай шайға отырды.

–  Не деген жүйкесі мықты адам?..

–  Дәурен келгеннен кейін де, әдеп сақтағандай болғанымен тамақ үстінде немерелеріне жекіріп, отағасының сөзін қайта-қайта бөліп, құйтыланып отырды. Ой, сабаз-ай, жездеміз бәрін әзілге бұрып, сыр бермеуге тырысып бақты. Тамақ ішіп болған соң, «жанжал шығып кетсе  Дәурен  көрмей-ақ қойсын»,- деп, қонбай жүріп кетуге тура келді. Жолда келе жатқанда жездең:  «Әпкең тәспісінен жаңылыпты ғой» - деді.  –  Кеселдің кесірі шығар,- дедім ақтағандай болып. Ішімнен: Бірінші оқиғаны көрмегені қандай жақсы болды,- деп қуандым. Үйге жеткенше Дәурен қайтып ләм- мим демей, жолға қадалды да отырды. Бірақ, көліктен түсіп жатқанда өзіне өзі: «Эх... Парасаттың мойнына мінген парықсыз дүние- ай»,- деп күрсінді.  Кенже, Шәкірдің тірлігін де жездеңе айтып, жанын ауыртпай- ақ қойсақ қайтеді?..

–  Қажеті жоқ әрине.

–  Мен де солай ойлаймын, әліптің артын бағайық.

–  Ана қызды да күйеуінен бір бала, бір қызымен  ажыратып алғанын есіттіңіз бе?

–  Кімді, Рәйланы ма? Қашан?..

–  Екі ай болыпты. Айымкүл: «Менің қызым ауылда тұрмайды, қаладан пәтер әперіп, күйеу баланы қалаға жұмысқа тұрғызыңдар»,- деп, құдалардың шаңын қағыпты. Құда да, құдағи да қатардағы мұғалімдер емес пе, оған шамасы қайдан жетсін... Мүмкіндіктерінің жоқтығын айтқан екен, ай- шайға қаратпай қызын әкетіп қалыпты.

–  Кімнен есіттің?

–  Ленгірге барғанда құдаға жолығып қалдым.

–  Сұмдық- ай, бұл не, бала- шағасының бәрін тентіретіп жібермекші ме, сонда?.. Қазір қайда тұрып жатыр екен?

–  Шәкір Шымкенттегі үш бөлмелі пәтерін Рәйлаға беріп, өзі екі қабатты үй сатып алыпты. Айымкүл де қызбен тұрып жатқан көрінеді, Шәкірдің айтуынша.

–  Шәкірдің мал-мүлкіне кім егелік жасайды екен?

–  Қаладағы, даладағы шаруаның бәрі Зәкірдің жауапкершілігінде сияқты...

–  Оны үйлендірмепті ме?

–  Жоқ.

–  Кіммен тұрады екен?

–  Майлыкенттегі үйді де, Шәкірдің жаңа алған үйін де соның атына жаздырған білем,

қалаған жерінде тұра беретін шығар?.. Ол жағын сұрамаппын.

–  Ұлдарды қоя берші, күндерін көрер... Қызға обал жасапты ғой... Бірақ, амал не?..

–  Айымкүл бізбен ақылдасып істеген жоқ қой, жазырын өзі тартар...

–  Бұған бір зауал келмейді-ақ екен...

–  Сіз обал бопты дейсіз, ағасы: «Күңдіктен құтқардық»,- деп, қуанып отыр ғой.

–  Шәкір ме?

–  Иә.

–  Ой, парықсыз неме... Қарындасына бас ие, жиендеріне әке керек емес пе екен?..

–  Жазмыштың жазуы солай шығар?..

–  Қызы қалада тұрсын десе, күйеуімен алдырып, өздері-ақ жұмыс тауып бермей ме?

–  Құда жақты кедейсініп, менсінбегені шығар...

–  Төрт құбыласы сай  байдың баласы алады ма екен, енді қызын?..

–  Әлде де кеш емес қой, бір мәмілеге келер...

–  Жігітке қыз көп қой, намысы тапталған болса, олар да құтылғанына қуанып отырған болар?..

–  Иә, кешіктірмей кешірім сұрап, қызды апарып берсе дұрыс болар еді.

–  Оны істейтін Айымкүл ма?.. Қызды не қара басты екен, көнбесе зорлап әкетпейтін шығар...

–  Басы- қасында болмаған соң, жай- жапсарын анық білмейміз ғой.

–  Білгенде қолымыздан не келеді, бізді кім тыңдайды?..

–  Ақырын күткеннен басқа амалымыз жоқ. Ана жүгермектің сендерге кесірі тимесе болғаны... Қой, «әңгіме,  бұзау емізер» дегендей, тамағым не болып жатыр екен, барып көрейін,- деп Қарлығаш орнынан көтерілді.

–  Әпке, сіз тамағыңызды түсіргенше мен мызғып алайын,- деп, Кенже жастықты ыңғайлап, жантая кетті.

                                                                          ІІІ

    

    Шәкір қоғамнан оқшауланып, Кенженің үйінде бақандай екі ай жатты.

 Іс сотқа жетпей қысқартылып, үзеңгілес серіктері бостандыққа шықты. Жақсы хабар бой тасалап жүргендердің бәрін қуанышқа бөлеп,соңы қылмыс әлеміне «Иона атай» деген бүркеншік атпен әйгілі, топ басшысы – Саматтың жекешелеп алған Машаттағы пионер лагерде тойға ұласты. Екі күнге созылған жеңіс тойының соңғы бөлігі ұйым мүшелеріне жаңа, тың тапсырмалар жүктеумен аяқталды. Қорытынды сөзін Самат:

 – «Менің жаужүрек қырандарым, еліміз егемендік алған бес-алты жылдың көлемінде көп жұмыс атқардық, кеңестік кезеңде түсімізге де кірмейтін табыстарға жеттік, бұл табыста барлығыңның да сүбелі үлестерің бар. Бірақ заманға қарай амал қарастырып, ендігі қызметімізді өркениетпен үйлестіріп отырмасақ ұтыламыз. Еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға көшетін болып шешілгенін білесіңдер. Ең алдымен, сол жақтан мүмкіндігінше жылжымайтын мүліктерді иеленуге тырысыңдар.  Екіншіден, қолдарыңда бар дүниені мемлекеттік қызметке тұруға, акционерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруға жұмсаңдар. Үшіншіден,  қара халыққа ұн, қант, күріш сияқты күнделікті қажетті тағамдық заттар таратып, сайлау науқанына дейін сеніміне кіріңдер. Төртіншіден, қандай қызметте жүрсеңдер де, маған берген анттарыңа берік болуды және «общяктің» жарнасын беріп тұруды ұмытпаңдар. Тапсырма түсінікті болса, іске сәт»,- деп сөзін аяқтады.

    Жиыннан кейін Шәкір қандай қызметке ұмтылудың қажеттігін ойланып-толғанып,

ақыры Ташкент темір жол институтын сырттай оқып алған дипломын пайдаға асыруды жөн

деп тапты. Министірлікте жауапты қызмет атқаратын нағашысы да осы ойын құптаған соң, Шәкір апыл-ғұпыл жиналып, Алматыға жүріп кетті. Темірбек кеңсесіне келген жиенін құшақ жая қарсы алды.

– Иә, қош келдің Шәкіржан. Мал-жаның, ел-жұртың аман-есен бе? Әпкемнің саулығы дұрыс па?                                                                                                                  

 –  Қош көрдік нағашы. Бәрі жақсы. Әпкеңіз де дін аман, шапқылап жүр.                                             

– Ана күнгі телефонда ақылдасқан тірлік не болды?                                                                     – Соны пысықтауға келдім. Ауылдағы темір жол стансасының бастығы қызмет ауыстырып, орны бос тұр. Сол қызметті алсам деймін.                                                                                                    –  Оны кім шешеді?                                                                                                                           –  Ұлттық темір жол компаниясы бастығының бір ауыз сөзі.                                                                           –  Сені ол салада қызмет атқармаған демей ме?                                                                              –  Дегізбейтін  қоржынды арқалап келдім, нағашы.                                                                        –  Шәкір, мені ортаға салмақ болып келгеніңді түсінемін. Бірақ мен оның алдына ұялмайтындай болып кіруім керек. Қоржының қомақты ма?                                                                      –  Жүз мың «американдық» жете ме? Іс бітсе, Сізге арналған сыйлық бөлек.                               –  Ә, бұл қоржынмен ұялмай кіруге болады.                                                                                        –  Сізге Құдайдай сеніп келдім. Бүгіннен қалмай кірсеңіз дұрыс болар еді.                                –  Жақсы, түстен кейін кірейін онда. Сен де сол маңда бол, шақыртып қалуы мүмкін...                                                            

      ... Шәкір жымыйып күліп шыққан Темірбекті көріп, қарсы жүрді. 

–   Нағашы, ұл ма қыз ба?- деді, күліп.                                                                                               

–   Құдай қаласа, жолың болатын шығар... Ертең таңертең көмекшісіне кіріп, нәтижесін білесің. Бастыққа кіру қажет болса, сол жігіт кіргізеді. Енді мен жұмысқа барамын, сен қайда тоқтаған едің?                                                                                                                                           –  Қонақ үйге, Сіздің үйге кешке қарай соғамын.                                                             –  Міндетті түрде соқ, жеңгеңе сенің келетініңді ескертіп қоямын.                                               –  Рахмет, нағашы.                                                                                                                                                               

     Ертесіне Шәкір станса бастығына тағайындалған бұйрықты алып, қуанышы қойнына сыймай ауылға қайтты. Көңілі жайланып, Рәйланың ұл-қызына бас-көз болып отырған анасын өзінің қолына алып, қарындасының үйіне үй қызметшісін салып берді.  Бір жыл бұрын Умра қажылыққа барып келген Айымкүл діндарлығы ұстап,баласының қызметке тұрғаны мен жаңа үйге көшкеніне байланысты құдайы тамақ беріп, әруақтарға дұға бағыштатпақ болды. Шәкір аталас туысқандарын түгел шақыртты.

  ... Тамақ желініп, құран оқылып болғаннан кейін қоңсы-қолаң мен бөгде кісілер тарай бастады. Жұрттың аяғы басылып, бір атадан тараған ағайындылар қалған кезде Кенже:

 –  Аға-жеңгелер,апа-жезделер, іні-қарындастар, мына Шәкір інім маған берген үәдесінде тұрып, жауапты қызметтің тізгінін ұстады. Хан сарайындай жаңа үйге кіріпті, құтты болсын! Осыдан бес-алты жыл бұрын қызбалыққа салынып біздің көңілімізге тиген еді. Жақында маған келіп, кешірім сұрады. Бүгін Сіздерден де сұрайтын болар... Ол кезде

албырт жас еді, қазір ес тоқтатқан азамат болды. Бұған ағайындылардың дүрдіараз болып жүргені қатты батады екен. Өткен өтті, енді бір-біріміздің пендешілігімізге кешіріммен қарап, татуласқанымыз жөн сияқты... Осы шаңырақтан дәметкен әруақтар разы болсын. Бір-бірімізге күнә артып, олардың мазасын ала бермейік. Мансұр көке, Сіз не дейсіз бұған?              

–  Мен не дейін... Шәкір түсінгенімен қателігін, Айымкүл түсінді ме екен?..

–  Әй, мырзаға,не деп отырсың?  Өздерің емес пе, маған жала жауып...Арақтан өлген

бауырларыңның өлімін менен көріп... Менің онша-мұнша күнәм болса Меккеге барып тазарып келдім, бес жылдан бері бес уақыт намазымды үзген емеспін, отыз күн оразада ауыз бекітемін, дастархан үстіне арақ-шарап пен һарам тағам қойғызбаймын. Тағы не істеуім керек еді?.. Біле-білсеңдер мен сендер үшін Құдаймын. Менің айтқаным айтқан, дегенім деген болуы керек. Қазір жаңа туылған нәрестедей пәкпін, маған күнә артып күнәһар болмаңдар.

–  Жеңеше, қатты кетпеңіз... Сізге ешкім күнә артайын деп отырған жоқ, түсініскелі отырмыз... Құдаймын демей-ақ, үлкендеріңмін десең де жетпей ме?- деп сөзге Кенже араласты.                                                                                                                                                           –  О, Құдіреті күшті Аллаһ Тағала, байқамай аузымнан шығып кетіпті, кешіре гөр күнәһар пендеңді,- деп Айымкүл күбірлей бастады... Шәкір отырған орнынан көтеріліп:                                     

 –  Қадірменді ағайын-туыстар, өткен өтті, оны қазбалай бермейік. Тірі адамдар тіршілігін жасауы керек шығар... Менен кеткен кемшіліктер болса , барлығыңыздан кешірім сұраймын. Енді имандылыққа бетін бұрған анамды жазғыра бермеңіздер. Барлығыңызға есігіміз ашық, тату-тәтті араласып тұрайық,-деп әңгімені ары қарай өрбіткісі келмеді.

     Сырт көзге бұл жердің стансасы шағын станса болып көрінгенімен, пайдасы шаш-етектен болып, Шәкірдің тасы өрге өрмелей бастады. Екі жылдан кейін аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Кісілігі өсіп, ағайындарына билік айтатын дәрежеге жетті. Анасы мен келіншегінің үйдегі дүрдіараздығы болмаса, қалған шаруаның  барлығы орын-орнында сияқты...

         Үйіне кештетіп оралған Шәкірге көзі білеуленіп іскен Сәлима есік ашты.

– «Мамашка» ұйықтап қалды ма?- деді, Шәкір аяқ киімін шешіп жатып.

–   Иә. Тамақ әзірлейін бе?-деді, Сәлима даусы қарлығыңқырап.

–   Қажеті жоқ, тоқпын.

Жатын бөлмеге енгеннен кейін Сәлиманың жүзіне көзі түскен Шәкір:

–  Тағы жылағансың ба?.. Көзіңді неге ағарта бересің осы?- деді, зекіп.

–  Апам екеуміз ренжісіп қалдық.

–  Енең екеуіңе не жетпейді?.. Мына зәулім сарай екеуіңе тарлық етіп жүр ме?

Жоқ, ішім-жемнен немесе киім-кешектен тапшылық көріп жүрсіңдер ме? Неге бастарың піспейді?

–  Апам мені күң есебінде ұстағысы келеді. Бір сөзге келмей төркінімнің кедейлігін бетіме салық қылып басады. Ылғи менің баламның теңі емессің деп кем-сі-теді...

–  Ей... Көзіңнің сорасын ағызбай дұрыстап айтшы...

–  Кеше, баланы да дұрыстап көтере алмайтын бейшарасың,- деп қорлады. Қашанға дейін шыдаймын... Бір шыдаған келін мендей-ақ болар... Шыдамның да шегі бар емес пе?.. Жүйкем жұқарып бітті...

– Түсік тастай бергенше, тумайсың ба онда...

–  «Былшиып семіріп кетіп жүрме»,- деп, тамақтанып отырғанда апам сұғын қадай бергендіктен анемия кеселіне душар болған жоқпын ба...

–  Сол ма, бар себебі?.. Тамақты енеңе көрсетпей жеп алуға болмай ма?.. Сол қулықты да мен үйретуім керек пе?.. Болды, енді сөзді көбейте берме. Апам не айтса да дұрыс айтады. Мен шаршап келдім, дем алуым керек. Сен де жатып ұйықта.

      Айымкүл таңғы намазын оқып болып, Шәкірдің төсектен тұруын ашудан жарылардай болып күтіп отырған. Шәкір орнынан тұрып, жуынып-шайынып келгенше әрең шыдады.

Шәкір дастарханның басына отырғаннан сарнай жөнелді:

–  Қатыннан салуы болмаған сорың құрғыр, сорлы балам, құрт мына негізінде жарымаған сайқалды төркініне.

–  Апа, не болды азанымен ашу шақырып?

–  Не болушы еді... Құтырайын деген екен мына көң сасыған қойшының қызы. Бетіме ешқандай келін келмеген еді, тіліне түйнеме шыққырдың тілі шығайын депті... Бұған жөнді тамақ ішкізбей ауру қылған, екі мәрте түсік тастатқан мен екенмін,- бұның айтуына қарағанда... Жұртқа да өзін ақтап, сондай қауесет таратып жүрген болар... Бұдан былай бұл жүзіқараның бетін де, жүзін де көргім келмейді. Тоқ етерін айтсам, бұл үйде не мен, не ол тұрады. Екеуміз бірге тұра алмаймыз. Бүгін төркініне апарып тастамасаң, мен Бәкірдің қолына барып тұрамын.

–  Ол үйде де келін бар ғой апа,- деп, асханадан  шыққан Сәлиманы көріп, одан бетер ашуға булығып:

 – Неге күлесің, көріңде күлгір,- деп оған дүрсе қоя берді...

–  Апа, Сіз жылы орныңызды суытпай-ақ қойыңыз, мен кетейін. Маған бұл үйде қалудың енді ешқандай мәні қалмады. Ішіне сыйған ата-анамның сыртына да сыярмын... Шәкір де әуре болмай-ақ қойсын, өзім кете беремін.

–  Өздерің екеуара шешіп қойыпсыңдар ғой, мен несіне араласамын... Сәлима, киім-кешегіңді жинастырып, таксимен кете бер. Көрпе-төсегіңді артыңнан апарып тастатамын,- деп, Шәкір шығып кетті.

      Сәлиманың кеткені Шәкірге үйреншікті жағдай болатын, екі айға жеткізбей Бағила деген қызды алып келіп, төсек жаңғыртты. Бағила басқа келіншектеріне қарағанда пысықтау, адам алдарлықтай қулығы бар болып шығып, бес жылға шыдады. Өкініштісі, әбден отырып барып тұрмысқа шыққандықтан ба, жоқ, басқа себептері болды ма, бала көтеруге қабілетсіз болғандығынан ажырасуына тура келді. Шәкір жасы үлкен ағайындарының ақылымен әлі екі-екі баламен күйеуге шықпай, төркінінде отырған Асия мен Салтанаттың біріне қайта қосылуға ниет білдірді.

    Бірақ, Кенженің көлігімен елшілікке барған қос қарияның қоржыны бос қайтты. Екеуінің де әке-шешелері үзілді-кесілді қарсы болыпты. Бұл хабарды есіткен Шәкір боқтап-бұралап, Айымкүл қарғап-сілеп, әжептеуір даурығып басылды. «Жасың қырыққа жақындады, енді төркіні бай-қуатты, текті жердің қызы болмаса, босағадан аттатпаймын»,- деген шешесінің сөзін ескеріп, Шәкір бір жыл бойы көңілінен шығатын қыз кездеспей, бойдақ жүріп қалды. Осы кезеңде есірткі тасымалына байланысты Саматтың тапсырмасы орындалмай қалып, араларына жік түсіріп алды. Саматтың оң қолы саналатын,  «Сайғақ» деген бүркеншік атпен қылмыс әлеміне әйгілі,қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Серік он жүк вагонын сұратқанда да, толық тауып бере алмай, оның да қырына ілікті. Осы күннен бастап Шәкірдің тауы шағыла бастады.Үстінен жазылған арыз-шағым көбейіп, жан-жақтан тексерушілер қаптап,  алдымен қатаң сөгіс алып, артынан жұмыстан босап тынды. Көштен қалмайтын жағдайы  болғанымен, ел-жұрттың алдындағы абыройынан айырылып, депутаттық мандатымен де қош айтысты. Үйіне арақты жәшіктеп әкеліп қойып, ешкімнің сөзіне құлақ аспай, екі апта бойы тоқтаусыз ішіп жатты.  Бар ағзасы араққа уланып, саналы тірліктен ажырап, беті домбығып, кіртиген көздері қанталап, ақыл айтқанға пышақ ала ұмтыла берген соң, Бәкір екі қолын артына қайыра байлап апарып, наркологиялық диспансердегі дәрігер досына тапсырды. Екі тәулік бойы қол-аяғын кереуетке таңып емдеген соң барып есі кіріп, бір апта өз еркімен емделуге келісім берді. Арнайы ем-доммен бірге тамырына дембіл-дембіл арақтың уытын қайтаратын дәрілерді тамшылатып

құйғандықтан, бір аптаның ішінде жүзіне қан жүгіріп, жап-жақсы болып үйіне оралды.

     ...Оңтүстік өңірінде бұған тыныштық бермейтініне көзі анық жетіп, Алматы мен Астананың біріне кетуге ұйғарым жасады. Алматыға барып, нағашысымен хабарласқанда, «Қызмет бабында бір түйткіл шығып тұр, біздің үйге келмей-ақ қойғаның дұрыс»,- деп салқын қабақ танытқан соң, қонақ үйге келіп жайғасты. Құшақ жая қарсы алып жүрген нағашысының бүгінгі қылығын ой елегінен өткізіп: «Басына іс түсіп, келіп-кеткендерді есепке алатын қондырғы орнатылып қойылған ғой»,- деп жорыды. Ойлана келе Қазақ темір жолы ұлттық компаниясындағы сыйлас достарына жолықпақ болып, Астанаға барып қайтуға бекінді. Ертесіне ұшақтың орта беліндегі орындықта отырған, бес-алты жасар ұлы бар сүйкімді келіншектің жанына барып жайғасты. Ұшақ жерден көтерілем дегенше, ортада отырған бала бір кіріп, бір шығып мазасын ала берді.

–  Бұл тынымсыз жігіт кімнің баласы екен?- деп, Шәкір келіншекке бұрылып, әзіл-шыны аралас сұрақ тастады.

 Келіншек ыңғайсызданып:

–  Кешіріңіз, атасы мен апасының тәрбиесінде өскен соң аздап еркелеу... Мазаңызды алса орын ауыстырып отырайық деді күлімсіреп.

–  Қалауыңыз болсын, - деп, Шәкір келісе кетті.

Ашық-жарқын келіншекті әңгімеге тарту аса қиынға соқпады. Жол-жөнекей танысып, сұрасып, бір-бірінің телефондарын жазысып алысты. Астанадағы ағасының үйіне қыдырып бара жатқан Назеркенің қайтыс болған ірі кәсіпкердің жесірі екенін есіткен соң, «Менің іздеп жүргенім осы» деген қорытындыға келді. Ертесіне телефонмен қай күні, қай рейспен қайтатынын біліп алып, сол рейске билет алды. Алматыдан екі бөлмелі пәтер жалдап тұрып, Назеркені қолға түсірудің амалдарын қарастыра бастады. Мақсатына жету үшін соның жолына дүниесін де, күш-жігерін де аямай салып жүріп, үш айда тіс қаққан айлакер дегеніне жетті. Назерке әке-шешесі мен ағасының: «Алаяқ болып жүрмесін, бір-екі жыл сынап көрсейші» дегеніне құлақ аспай, аяғы ауырлаған соң  асығыс Шәкірге тұрмысқа шықты. У-шусыз некеге тұру рәсімдерін өткізіп, шағын дастарханның басында атап өтті. Шәкір Назеркенің Төлебаев көшесіндегі үш бөлмелі пәтеріне көшіп алып, бірге тұрғандарына үш-төрт күн уақыт өткенде Назерке:

–  Шәкір, үлкендердің батасын алуымыз қажет, хабардар болып отырған менің әке-шешем мен сенің анаңның жарасы жеңіл, ал менің қайын енеме қалай айтамыз?.. Ана күні – Ерболды апарып салғанда, батылым жетіп ойымды айта алмадым,- деді, мұңайып.                          

–  Отызға жетпей жесір қалып, өмір бойы қу тізеңді құшақтап өтпейтініңді түсінетін шығар, екеуміз қол ұстасып барып түсіндірсек,- деді, ойланып жатпастан Шәкір.         

– Жоқ, қымбаттым, алдымен құда-құдағиын жіберіп, дайындап алғанымыз жөн. Қанша

дегенменен қапияда ұлынан айрылып, қазасын көтере алмай марқұм болған, қырық бес жыл отасқан шалынан ажырап, үш жылдан бері қара жамылған кейуана ғой,- деді, Назерке, қатаңдау үнмен.

 – Енеңнің сырын әрине өзің жақсы білесің, әйтеуір дүние-мүлікке таласып жүрмесе болғаны,- деді,  Шәкір әзілдеген сыңай танытып.

     Бұл жерде дүние-мүліктің қандай қатысы бар екеніне түсінбей,  Назерке аңтарылып тұрып қалды.

 Назеркенің секем алып қалғанын бірден түсінген Шәкір, әңгіменің арқауын басқа арнаға бұрып:

–  Бал айын өткізуге Гонконг дұрыс па, жоқ, Анадолы дұрыс па?..Дубайға кетсек пе екен?

Сенің қалауыңды біліп, жолдама іздестірейін сүйіктім,- деп, қалбалақтады. 

–  Мен апамның ақ батасын алмай еш жаққа бара алмаймын,- деп, Назерке бір күрсінді.

  ... Кешеден бері көңілі күптілеу болып жүрген Назерке, Ыссықтағы ата-анасына телефон шалып, Қаскелеңге бүгіннен қалмай баруларын өтініп, кешке үйге соғатынын айтты. Шәкірге мән-жайды түсіндіріп, кешті күтуге тағаты жетпей, түс қайта жолсеріксіз жолға шықты. Төркініне елшілерден бұрын келіп, бірер сағат күтіп қалуына тура келді. Қабағы қатыңқылау болып оралған әкесі, амандық сұрасып болған соң: –  Менің шаруаларым бар, шешеңмен оңаша отырып әңгімелесерсің,- деп, көлікке қайта отырып кетіп қалды.

    Мәлике апай, биыл мектеп бітіретін немересі  Оразға көшеге шығуға рұқсат беріп, есікті ішінен жауып алып: –  Қызым, құдағи сенің бақытты болғаныңа қарсы емес...Бірақ, немересінің тағдырына алаңдаулы. Біз барғаннан үй қызметшісіне дастархан жасатып, шай демдетіп алды да, Ерболды серуендетіп келуге жұмсап жіберді. Шай ішіп отырып, келген себебімізді жұқалап жеткізгеніміз сол еді... Жарылайын деп-ақ отырған екен.  Дәрмен құда екеуінің балалар үйінде тәрбиеленіп, қалай отау құрғандарын, қалай жетілгендерін, бірінен соң бірі шетінеген бес перзентін, аман-есен қолына ұстаған Амантұры жігіт болып, елдің аузына ілінген шақта өздерін тастап кеткенін айтып, күйікке шыдамай ажал құшқан шалын жоқтап жылап, сай сүйегімізді сырқыраттты. Құдағиға қосылып мен де жылай бастаған соң әкең: – Тәйт әрі, жылап-сықтап жамандық шақырмай,- деп, сабамызға түсіргендей болды.

Жуынып келгеннен кейін құдағи:

–  Құда, біраздан бері жыламаған едім, аздап шер тарқатқаныма айып етпеңіз. Енді мені құдай пендем десе, жылатпай-ақ қойсын. Сегіз жылдың ішінде іщай деспеген Назеркені туған қызымнан кем көрмегендіктен, жатқа қимаймын. Амал не, әмеңгерлікпен болса да алып қалатын қос ұлды маған қимаса Жаратқан Ием... Оның бақытты болғанын Сіздерден кем тілемейтінімді білесіздер. Таңдағаны адал болса – жоғымның орнын толтырар...Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, жалқыдан қалған жалғыз тұяқтың тағдыры алаңдатады. Бірақ, Назеркенің немеремнің несібесін ит-құсқа талатпайтынына сенемін. Кешегі аптада келмегенінен-ақ бір өзгерістің барын сезгенмін. Бес күн жалғанда пешенеме жазылғанын көрермін... Сіздер мен маған жастардың тілеуін тілегеннен басқа не қалды дейсіз... Болар іс болып, бояуы сіңген сияқты... Қызым әлгі немесін ертіп келе берсін енді, ұялмай,- деп, кемсеңдеп қалды. Ішіндегісін ақтарып, шерін тарқатқан соң, болған іске болаттай берік болуын тілеп, қош айтысып, жолға шықтық,- деді, үнсіз егіліп отырған қызын бауырына тартып.

                                                             IV

    Жұбайлардың Дубайда өткізген бал айы да онша тәтті бола қоймады... Назеркенің қайта-қайта жүрегі айнып, құса бергені – ерте қайтуға мәжбүрледі. Алматыға келгеннен кейін де, жер ауыстырғаннан көрген денсаулық кінәратының түзеліп кеткені шамалы... Сіркесі су көтермей, ет қосылған тағамдар мен сүт өнімдері мазасын кетіріп, жеміс-жидек пен көкеніске таңылды. Ұзаққа созылған ит жеріктің кесірінен кеңсе жұмысына зауқы соқпай, анда-санда болмаса, үйден шығуды да сиретті.

    Есесіне Шәкірдің көктен тілегені жерден табылды.  Назеркеге күйеуінен мұраға қалған қаладағы екі әмбебап дүкеннің, мейрамхананың, алты жанар-жағармай құятын және төрт көлік жуатын бекеттердің жұмысын жүйелеу мен бақылау, Медеу шатқалындағы құрылысы бітіп тұрған үш қабатты тұрғын үйдің абаттандыру жұмыстарын аяқтау және тіркеуден өткізу сияқты шаруалардың бәрі мойнына артылды. Бар ынта-ықыласымен шаруаға кіріскен Шәкірге Қаскелеңдегі әмбебап дүкен мен екі жанар-жағармай құятын бекеттердің

Айғанымның атына рәсімделгені ұнамады. Шай ішіп отырғанда:

  – Назерке, менің Оңтүстіктегі сауда нүктелерім мен енеңнің атындағы нүктелерді біріктірсек, үлкен компания құруға болар еді,- деп Назеркенің ойын білгісі келді.

– Қаскелеңдегі нысандарды топырағы торқа болғыр, марқұм атам құрған. Амантұрдың кәсіпкерлік ісі  осы нысандардың іргетасына қаланып, осындай дәрежеге жеткен. Амантұр қайтыс болғаннан кейін атам, немересі екеуміздің үлесімізді ажыратып берген. Енемнің еншісі бізден бөлек. Сол себептен оның меншігінде шаруаң болмасын. Өзіңнің нүктелерің өзіңе бұйырсын. Ырду-дырдуды қаламаймын.

– Кәсіпкерлікпен мықтап айналысуға бір қаланың ауқымы тарлық жасайды, ең болмағанда Астананың нарқына шығуға әрекеттену керек.

– Қалай шығамыз?.. Жоспарың бар ма?

– Астана күннен-күнге үлкейіп, көркейіп келе жатыр. Алматыдағы нысандардың біразын сатып, немесе айырбас жолымен сол жаққа көшірсек, ұтылмаймыз.

– Бұл ойың жобаға келеді екен. Мен саған сенімхат берейін, осы шаруамен айналыс.  Бірақ, ұтылып қалып жүрмейік...

– Ұтылып қалатындай сары ауыз бала емеспін ғой. Назерке, мен астымдағы көлікті де сатсам деймін. Аз мінген жоқпын, ескірді...

– Сатқың келсе сата бер. Ал, өзің не мінесің?

– Үстіне аздап ақша қосып, жаңасын алсам деймін.

– Серіктестіктің қаржысынан көп ақша дәметпе, жиырма мың доллардан артық бере алмаймын. Жете ме?..

– Жетпесе Зәкір қайның жеткізер.

– Онда , іске сәт.

      Шәкір мейрамхана мен екі жанар-жағармай құятын бекеттерді сатып, Астанадан сондай нысандар сатып алуға қол жеткізді. Ескісін сатып,астына су жаңа «Джип» автокөлігін алып мініп, мейманасы тасып жүрген кезде кеңсесіне Саматтың бір жігіті кіріп келіп:

–  Шәке, орынтақ құтты болсын!..Қызметің жемісті екені көрініп тұр. Сен бізді ұмытқанмен біз сені ұмытқан жоқпыз. Мені «Иона атай» жіберді. «Общяктің» жарнасын төлеуді кешіктіріп алыпсың, енді үстемесімен төлейсің.

–  Қазір саған бере салатын ақша жоқ менде. Заттай берсем қалай болады?

–  Сенде ақша болмаса, онда суда балық та жоқ шығар... Астыңдағы көлігіңді берсең болады.

–  Жоқ, көлікті бере алмаймын. Шымкентте бұл көліктен құны арзан тұрмайтын шағын дүкенім бар, соны берейін.

– Ол дүкен қай ауданда?

– Ескі қаладағы сауда қатарында.

– Жақсы, мен «атаймен» байланысып көрейін,-деп, ол далаға шығып кетті. Көп күттірмей қайта оралып:

– Шәке, «атай» қарсы емес. Ініңе жақсылап дайында, біз барғанша ішін босатып қойсын.

– Босатып қояды, айтамын.

– Шәке, жақсы онда. Ендігі жылы сау-саламатта кездесейік.

      Шәкір шағын дүкенінен айырылғанына онша өкіне қойған жоқ. Бірақ, ендігі жылы бұлардан «қалай құтылар екенмін»,- деген ой  оны әрі-сәрі күйге түсірді. Айы-күні жақындап қалған Назеркенің көңіліне кірбің түсірмеу үшін, оған сыр ашпады. Ертесіне Астанаға ұшып кетіп, бір аптадан соң оралған. Сол күні кешке қарай Назеркені толғақ

қысып, перзентханаға алып барды. Ол бір тәулікке жуық қиналып, табиғи жолмен қыз баланы жарық дүниеге алып келіп, ата-анасын қуанышқа бөледі. Туған-туысқандарынан, құда-жекжаттарынан сүйінші сұрап, қуаныштарымен бөлісті. Хабарласқандар құтты болсын айтып жатқанда, Айғаным бұл хабарды сабырмен тыңдап: – Баланың бауы берік болсын,-деп, тілегін салқын ғана білдірді. Шәкір де қуанып жүрген сыңай танытып, былтыр, емделіп шыққаннан кейінгі «арақты аузыма алмаймын» деген уәдесін ұмытып, қызын жууға кірісті. Мейрамханада басталған жуудың аяғы үйде жатып, жалғыз ішуге ұласты. Екі күн бойы ешкіммен шаруасы болуға шамасы келмей жатқан Шәкірге үшінші күні желік пайда болды. Қара басып, асханада Назеркеге тамақ дайындап апармақшы болып жүрген үй қызметшісі – Нәзираны ту сыртынан қапсыра құшақтап, жатын бөлмеге сүйреуге әрекеттенді. Зәре-құты қалмай қорыққан қыз, аброй болғанда алысып жүріп, қолындағы пышағымен Шәкірдің білегін тіліп жіберіп, босанып шықты. Күнқағардың астында ебіл-дебіл жылап отырғанын көріп, көрші-қолаң жиналып қалды. Абыр-сабыр болған көршілердің бірі полиция бөліміне телефон шалыпты. Ентігін баса баса алмай тұрған Нәзира, телефоны іште қалып кеткендіктен Назеркенің анасының нөмірін әрең есіне түсіріп, болған жайды басқа телефонмен ебіл-дебіл жылап тұрып хабарлады. Назеркенің әке-шешесі келемін дегенше, полиция  қызметкерлері бұларды полиция бөліміне алып кетті. Еріп барған екі көршісі мен Нәзирадан түсінік алып қайтарды да, жолай емханаға соғып жарасын таңдырған Шәкірді алып қалды.

    Алып-ұшып Ыссықтан жеткен Назеркенің әкесі:  – Айналайын, Нәзира, осы жағдайдың алдын алмаған айып бізден, мына апаңды ертерек әкеліп тастауым керек еді, мұндай боларын ойламаппыз... Кешір қалқам, бізді. Ол иттің баласының шешесін шақыртып, мәселесін түбегейлі шешеміз. Сен қорықпай келе бер, Назерке шыққанша апаң да осы үйде болады. Бөлмелерді желдетіп, жуып-шайып, тап-тұйнақтай етіп ұстап отырыңдар. Әзірше Назеркеге ештеңе сездірмей-ақ қойғандарың дұрыс,- деп полиция бөліміне жол тартты. Ол жерден Шәкірдің медициналық сауықтыру орталығына жіберілгенін, қыз зорлауға әрекеттенгені үшін қылмыстық іс қозғалатынын есітіп, көп ойланып тұрмастан Қаскелеңдегі құдағиының үйін бетке алды.

–  Аулада алдынан жүгіріп шыққан Ерболды көтеріп алып, «Ата менің қарындасым бар, білесің бе?» деген мақтанышты сөздерін қызықтап тұрғанда, үй қызметшісі шығып: –Құда, кіре беріңіз, апа үйде,- деп ішке кіргізді. Құда-құдағи амандық-саулық сұрасып алып, шай үстінде әңгімелесіп отырғанда Төлеген:

–  Құдағи, Сізбен бір мәселені ақылдасуға келдім,- деді.

– Тыныштық па?.. Назеркенің денсаулығы дұрыс па? Кеше ғана жақсы еді ғой...

– Назеркенің де, қызының да жағдайы жақсы. Мына күшік күйеудің қылығы қинап тұр...

– Не болды?.. Бірдеңе бүлдірді ме?

– Айтуға да ауыз бармайды, сүйекке таңба салатындай іс істеді. Екі-үш күн қатарынан арақ ішіп, үйдің ыдыс-аяғы мен мүлкін қиратып, бүгін үй қызметінде жүрген қызды зорламақ болыпты.  Қазір полиция бөлімінде қамақта отыр.

– Қыз аман ба?..

– Қыз аман. Бірақ ана неменің үстінен қылмыстық іс қозғалатын түрі бар...

– Назерке біле ме?

– Әзірше айтқанымыз жоқ. Шешесін шақыртып, бұл құбыжықтан ат құйрығын кесісіп құтылғанымыз жөн сияқты...

– Төке, менің ойымның үстінен дөп түстіңіз.

– Былықтан шыққан ұлықтан басқа қандай нәтиже күтуге болатын еді... Шешесінің сөз саптауының сиқын көргеннен-ақ ішімді тартып қалғанмын. Назеркенің көңіліне қарап жақ ашпағанменен, некелерінің баянсыз боларын сезгенмін. Бірақ, Ерболыма серік әкелетін болды,-деп, өзімді жұбатумен жүрдім. Мұндай тұқымы тұздалған жетесізден туғанша, жетпістегі тектіден туғаны дұрыс еді....

–  Жә, құдағи, қамықпаңыз ...  Қайта, жылға жетпей сыр алдырғаны дұрыс болды. Жастықпен жаза басқан қызға  түсіндіріп, тұқымын көбейтпей арашалап аламыз.

– Құда, Дәрменнің көзінің тірісінде ағалы- інілідей сыйластыңыздар, осы күнге дейін «Сен» дескеніміздің болмағанына Құдай куә. Осы сыйластықтан бізді Аллаһ Тағала ажыратпасын. Қызымыздың басын емес, асын сыйлап келген келімсек доңыздың өзін де, мегежіндей іркілдеген анасын да көру – мені азапқа салатынын білесіз. Сол себепті, мына дауға мені араластырмай, өздеріңіз шешіңіздер.

– Дұрыс ... Дұрыс құдағи,- деп, Төлеген ас қайыруға ыңғайланды.

... Сол күні Назеркенің пәтерінің құлпын ауыстырып, Мәликені сол үйге тастап, Төлеген үйіне қайтты.

    Ертесіне таң ертеңгі поездан түскен Айымкүл мен Бәкір «Жетісу» қонақ үйіне жайғасып алып, Шәкірді іздеуге кірісті. Полиция бөлімінің бастығына кіріп, қыздан кешірім алмаса – істің насырға шабатынына көздері жетті.

Полиция қызметінде жүріп, «көз қысты, бармақ басты» істердің талайын басынан өткізген Бәкір, түскі асты  «Люкс» бөлмесіне әкелуге тапсырыс беріп, Төлегенге хабарласты. Мәлике мен Нәзираны алып барған Төлеген жаюлы дастарханды көріп:

– Біз құдалыққа келген жоқпыз,- деп, тіксініп қалғанымен, артынан өзін-өзі сабырға шақырып, болған жайды бүге-шүгесіне дейін жайып салды.

 Осы кезде  тымырайып отырған Айымкүл:

–  Бас жарылып, қол сынбаған екен, мастықпен болған іс қой, ат-тон айыбын берейік, мына қыз кешірім жасасын,- деп, әңгімеге араласты.

  Лыпылдап, Нәзираның қарсылығына қарамай, Бәкірдің бір конвертті тықпалап жатқанына көзі түскен Төлеген:

– Ей, бала, ар-ұятты да сатып алмақшы болып жатырсың ба?.. Бұл қыздың моральдық шығынын сот анықтап береді, тарт қолыңды деді, нықтап.

–  О, құда... Ол не дегеніңіз... Сіз бен біз осы істі сотқа жеткізіп, қарап отырамыз ба? – деді, Бәкір мүләйімсіп.

 –  Мастықпен болды ма, қастықпен болды ма ол жағын білмеймін ... Бірақ, жазықты адам жазасын тартуы керек екенін білемін. Бұдан былай мені құда дегеніңді қой. Абыройымызды айрандай төккен арсыздан қызымды ажыратып аламын. Ағаң соттала ма, оттала ма, шаруам жоқ,- деп, кетуге ыңғайланып, Төлеген орнынан тұрды. Оған ілесіп Мәлике мен Нәзира да, Бәкірдің  «асықпаңыздар»  дегеніне құлақ аспай, шығып кетті.  Жолда келе жатқанда Мәлике:

–  Отағасы, соны соттатқанда мүйіз шыға ма бізге?.. Одан да, аш құлақтан тыныш құлақ, Нәзира кешірім берсін де, айқай шусыз құтылайық та бәледен,- деді.

Төлеген Мәликенің шыдамын тауысып барып:

–  Сенің ойың да дұрыс шығар... Бірақ, Нәзира сілімтіктерден сірке су да алмайтын болсын,- деп, жол-жөнекей қайтып жақ ашпады.

... Перзентханадан шығып үйіне оралған Назерке болған жайды ішкі түйсікпен алдын-ала

сезгендей, салқынқанды қабылдады. Телефонмен болса да, кешірім сұрар деген

Шәкір «білгеніңді  істе» дегендей үн-түнсіз жатты...  «Ең болмаса, қызын көру үшін хабарласар» деген үміті де ақталмады.

Үш күн өткен соң, Шәкірге дейін серіктестіктің атқарушы директоры болып қызмет атқарған Айдарды шақыртып, қызметіне қайта тағайындады. Таныс адвокаты  Тәңірбердіні алдырып, ажырасу мәселелерімен айналысуын өтінді.

... Нәзирадан «кешірдім деген» тілхат алып, полиция бөлімінің бастығына конвертке салынған ат мінгізіп, ағасын құтқарып алған Бәкір, сол күні Шәкірдің көлігіне анасы мен ағасын салып алып, Шымкентке тартып тұрды. Бұл жаққа келгеннен кейін де, Шәкір ішуін жалғастырып, тағы емдетуге тура келді. Ең сорақысы, жазадан оңай құтылған ол, өзін емес жұрттың бәрін кінәлап, боқтап-бұралап, бір апта бойы жұртты сыртынан сыбап жатты.  Қалта телефоны қолына тиген күні: – Ей, қатын, қақпас әкең сені ажыратып аламын депті. Ажыратқанда менің бірдеңем қисая ма?.. Сені екі балаңмен кім алады?.. Мен қырыққа келсем де қыз аламын әлі,- деп, Назеркеге хабарлама жазды.

Бұны оқыған Назерке қорланып, ебіл-дебіл жылап отырып: – Апа, адамдық қасиеті ада болған адамға бекер кешірім берген екенсіңдер,- деп, күйінді. Артынша ыстығы көтеріліп, мазасы кете бастады. Табан астында не болғанын түсінбеген Мәлике мен Нәзира асып-сасып дәрігер шақыртуға мәжбүр болды. Екі-үш күн сырқаттанып, сүті тартылып, қызын емізікпен тамақтандырып жүрген Назеркенің көңілін бұл хабарлама біржолата суытты. Шәкірден күдерін үзіп, есін жиып келе жатқанда Айдар тағы бір суық хабар жеткізді. Серіктестіктің мүлкі мен есеп-қисабын түгелдеу барысында, есепшотынан Астана қаласының тұрғыны – В.И.Степановтың атына жиырма миллион теңге мақсатсыз аударылғаны анықталыпты. Жіберген адамы Есенбекова Рәйланың атына екі бөлмелі пәтер алынғанына көз жеткізіп қайтыпты.

 Назерке ас бөлмеде Айдарды мұқият тыңдап болып: – Өзінің атына рәсімдеуге ұялып, қарындасының атына жаздырғанына да, шүкір дейік ... Басқа бүлініп кеткен ештеңе болмаса, тістеріңнен шығармай, жылы жауып қоя салыңдар... Онымен өзім сөйлесем,- деп, оны қайтарып жіберді. Айдар шығып кеткен соң, қалта телефонын алып:

– Сұмырай, жігіт емес мігіт екенсің,- деген, Шәкірге хабарлама жіберіп, Нәзираны жаңа «sim-карта» алып келуге жұмсады.

... Арада  үш ай өткенде Шәкірден ажырасып, күлуге жарап қалған Балжанның қылығын  қызықтап отырғанда, почта жәшігін қарауға кеткен Нәзира үйге, сотқа шақыртқан қағаз ұстап кіріп:

– Әпке, Сізге соттан шақырту келіпті,- деді, өңі бозарып.

– Біз ажырасып біттік қой, немене, қайта қоспақшы ма, бізді?- деп Назерке сықылықтап күлді. Артынан қолына қағазды алып, түкке түсінбей Тәңірбердіні шақыртты. Ол шақырту қағазын оқып көріп:

– Мына қағаз ажырасуға байланысты емес, бұрынғы күйеуіңіз Сізден дүние-мүлік даулап арыз берген сияқты... Ертең анық-қанығын біліп берейін. Сағат үште сот отырысы бар еді, кешігіп қалмауым керек,- деп, кетуге ыңғайланды.

– Тәке, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің десеші одан да,- деп Назерке күлген болды.

Адвокадтың айтқаны анық келіп, екеуі некеде тұрған мезгілде Астанада сатып алынған нысандар  мен сол кезде рәсімделген тұрғын үйден үлес даулапты. Оның үлесінің жоқтығын, шығынның бәрі некеге тұрғанға дейін құрылған жеке меншік серіктестіктің қаржысынан жұмсалғанын, сатып алынған нысандар серіктестіктің сатылған

жылжымайтын мүліктерінің қаржысына алынғанын дәлелдейтін құжаттар тапсырылғанына қарамастан, Астанадағы жанар-жағармай құятын бекеттің біреуі мен тұрғын үйдің жиырма бес пайыздық бөлігі Шәкірдің пайдасына шешілді. Аппеляциялық, касациялық шағымдар да алғашқы шешімді өзгерте алмады. Амалы таусылған Назерке, сегіз жүз мың долларға бағаланған тау бөктеріндегі тұрғын үйді сақтап қалу  үшін Шәкірге Алматыдан екі жүз мың долларға пәтер алып беруге мәжбүр болды.

    «Енді құтылған шығармын, құдай құтқарса»,- деп, ойланып отырғанда, Балжан ұйқысынан оянып, ойын бөліп жіберді. Қызын тамақтандырып отырып;  «Осы қызды даулап бәле болмас па екен»?- деген суық ой санасын тіліп өтті. Дереу телефон тұтқасын алдырып:  –Тәке, дүние кірсе бар, шықса жоқ, қолдың кіріндей нәрсе емес пе? Ұтылғанымызға өкінбейік ... Алладан қалғанына береке берсін деп тілейік. Дардан қашқан доңыз, адам дауласа қайтеміз?.. Балжанның куәлігін ауыстырып, әкесінің атын өшіріп тастайтын амалдарды қарастырып көріңізші... Тіпті, пара берсеңіз де, осы істі тындыруға әрекет жасаңыз,- деп, өтініш жасады.

   ... Ескі жылды есебінен жаңылмай, табысты аяқтаған Шәкір Астанадағы пәтерінде жаңа жылға жаңа жоспарлар ойластырып отырып;  «Көптен армандаған екі астанада да пәтерім бар, ескіріп жүрген көлігімді жаңалап алдым, ауылдағы дүние-мүлікті қоспағанның өзінде,  жақсы жерге орналасқан бір жанар-жағармай құятын бекеттің өзі адамды аш қылмайды. Енді мен екі астананың бірінен лауазымды қызмет алудың амалдарын қарастыруым керек. Қаншама жылдар бойы кедей-кепшіктің қыздарын алып, ақымақ болып жүріппін. Ештен кеш жақсы, қыз қызығатындай қуатым барда, босқа шығын болған уақыттың орнын толтыру үшін басынан бастауым керек»,-деген қиялдың жетегіне ерді. Үйде түске дейін отырып, іші пысайын деген соң жанар-жағармай құятын бекетке барып, кассадағы қызбен әңгімелесіп отырғанда, сәнді киінген, сартылдап  сөйлеп қалған ақ-сары қыз келіп: – Әлия, құрбым, төртінші колонкадан екі мыңға тоқсан алты құйшы,- деп, ақшасын төлеп, кассирдің бетінен шөп еткізіп сүйіп, шығып кетті. Шәкір терезеден үңіліп төртінші колонкада тұрған соңғы үлгідегі «Тайота Камри» көлігін көзімен шығарып салып:

–  Бұрыннан таныссыңдар ма, бұл қай қыз?- деді Әлияға бұрылып.

–  О, ағай, ұнатып қалсаңыз басы бос,- деп, Әлия сықылықтап күлді. Артынан күлкісін тиып, осы көшенің бойында «Богиня» деген әсемдік студиясы бар,  көлігіне жағармайды көбінесе осы жерден құяды. Он жыл отасқан күйеуі «тумадың» деп, тастап кеткені болмаса, тұрмысы жақсы. Әкесі сенатор болса да көкірек кермейтін ақкөңіл келіншек. Анда-санда бізбен ашық-жарқын әңгімелесіп, шер тарқатып кетеді. Әке-шешесінен бөлек, студент сіңілісімен бірге тұрады,- деп, ағынан жарылды.

 Сол түні Шәкір ұйықтай алмай, таң қылаң бергенше дөңбекшіп, шолпан жұлдыз батуға жақындағанда барып көзі әрең ілінді. Сәскеде «Богиня» студиясына барып шашын алдырып, егесімен танысып, түскі асқа шақырды.  Тамақтанып отырғанда Нағимадан сыр тартып, екі інісі мен бір сіңілісі барын, інісінің бірі ауданның әкімі, екіншісі кәсіпкер екенін, әке-шешесі жөніндегі мағлұматтарды түгел біліп алды. Өзін ірі кәсіпкер етіп көрсету үшін, Шымкенттегі жылжымайтын мүліктерінің біразын осы жаққа жылжыту ниетінің барын айтып, мақтанды.

 Араға бір күн салып кешкі асқа, бір апта салып театрға шақырды. Бір ай өткенде, «сенімге кірдім-ау»,- деп, шамалап, қолына гауһар көзді алтын жүзік салып, қосылуға ниетін білдірді. «Ойлануым керек»,- деп, бірден жауап бермегенімен, Нағиманың да кет әрі еместігін бал-бұл жанған жүзі жасыра алмады.

Екі тәуліктен кейін Нағима телефон шалып:  –Шәке, әке-шешеммен ақылдастым, анаңыз келіп алдынан өтсін,- деген қуанышты хабар айтты.

    Ертесіне Айымкүл мен Зәкірді әуежайдан Шәкір Нағимамен бірге күтіп алды. Болашақ қайыненесі, қайнысымен әуежайда танысқан Нағима, қайтарда өз көлігімен бөлек қайтты.

 Шәкір анасы мен інісін үйіне алып келіп, не істеп, не қоятындарын тәптіштеп түсіндіріп, артық әңгіме айтуға болмайтынын қайта-қайта ескертіп, біршама әбігерге түсті. Кешке қарай  қызға тағатын сырғаны анасының, «ана сүті»,- деп, беретін үш мың долларды інісінің қалтасына салып, екеуін алып барды.

 ... Шәкір ойластырған іс-шаралар сары майдан қыл суырғандай табысты өтіп, Нағима екеуі  бір шаңырақтың астында тұра бастады.

    Әкесінің; «Сынап білгенше некеге тұруға асықпа» дегенін ескеріп, Нағима азаматтық некеде болуды қалады. Қандай некеде тұрғандарында шаруасы жоқ Әлима, отағасына бірін көрсетіп, бірін көрсетпей тар құрсағын кеңіткен тұғыш қызына екінші рет жасау берудің қамына кірісті. Қызы тұратын үйге барып, қоярда-қоймай, үйдің бұрынғы егесінен қалған ескі жиһаздарды түгел сыртқа шығартып, қажетсінген көршілерге таратып жіберді. Орнына жиырма мың долларға жаңа жиһаз, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ алдыртып, арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды. Шәкір: –Апа, бұларды өзім де ауыстырмақ болып жүрген едім, бекер әуре болдыңыз ғой,- деп, іштей қуанып тұрса да, ренжіген сыңай танытты.

    Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, жадырап жаз келгенде алысқа ат әуре қылмай, сол жылы екеуі «Бурабай» шипажайына барды. Он күн демалып, бүгін-ертен, қайтамыз,- деп, отырғанда, Шәкірдің Қазақ темір жолы ұлттық компаниясында қызмет атқаратын досы телефон шалып: –Алматыда жақсы орын босап жатыр, әрекетіңді жаса,- деп хабар берді. Шәкір:

–  Тез-тез жинал, қайтамыз,- деп Нағиманы асықтырып, Зәкірге телефонмен: «Ертеңнен кешіктірмей жүз мың долларды маған жеткіз» деген тапсырма берді.

–  Не болды сонша, жанығып?- деген Нағимаға:

–  Жолда түсіндіремін,- деп, көліктұрақтан көлігін алып келуге шығып кетті. Жолда келе жатқанда Нағимаға барлық жайды майын тамыза түсіндіріп алып:   –  Әкең менің түйіндемемді алып, компания бастығына кіріп шықса, қалғанын өзім тындырар едім. Сенаторды қайтсең де, көндірші сүйіктім,- деп, бетінен сүйді. 

     Шәкірдің айы оңынан туып, бір апта өтер-өтпесте дардай бір Депоның бастығы болып шыға келді. Нағима түпкілікті көшіп баруды жөн көрмей, қалаған уақытында Алматыға барып-келіп, Астанада тұрып жатты. Шәкірдің қолы жүріп, бір жылдың ішінде Астанадан екі әсемдік салоны мен бір шағын дүкен сатып алып, қарындасының атына рәсімдеді. Анайы дүниеден таршылық көріп өспеген Нағима бұған қуанбаса, ренжімеді. Зейнет жасына жеткен әкесінің депутаттық мерзімі де аяқталып, ата-анасы Көкшетауға көшіп кетті. Алматыға соңғы келгенінде Нағимаға Шәкір:

– Не менің қасымда біржолата қал, немесе өзіңнің пәтеріңе барып тұр. Ана пәтерге Рәйла көшіп барып, менің бизнес нүктелеріме егелік жасасын,- деді, салқын қабақ танытып.

 Нағима көңілінің хошы болмай отырған  күйеуіне:

– Алматыда тұрсам ағайын-туыстарымнан алыстап қаламын ғой, үйреніп қалған қалада тұра бергенім дұрыс шығар,-дей салды, бұрын қуанышпен қарсы алып жүрген жұбайының, бұл келісіне қуана қоймағанына түсінбей. Ауырып жүр ме?- деп, маңдайын ұстап көрді. Ыстығы жоқ  екеніне көзі жетіп:

– Шәкір, неге мазаң болмай жүр? Қызмет орныңда тыныштық па? Әлде, менің шақырусыз

келгенім ұнамай қалды ма,-деп, сұрақты жаудыра беріп еді:

– Әншейін, бір жігіттермен жеке мәселеде келісе алмай жүрміз,-деп, келте қайырды. Саматтың жігіттерінің күні бойы кеңсесін торуылдағанын айтпай, бүгіп қалды. Ары қарай тәптіштеп сұрамаған Нағима, ертесіне Астанаға ұшып кетті. Таңертең жұмысқа барғанда Шәкірді Саматтың үш бірдей жігіті күтіп алып, біреуі бұнымен қабаттасып ішке кірді. Іште екеуі сүт пісірім уақыт салғыласып, бір келісімге келе алмаған. Ашуға ерік берген Шәкір күзетшілерді шақыртып, оны кеңсесінен күштеп шығарды. Сонан соң көпке дейін қолдары дірілдеп, тізесі қалтырап, жүрегі суылдап мазасызданып, тыныштандыратын  дәрі алдырып ішті. Кешке дейін әрең шыдады. Жұмыстан қайтарда үйінен таяқ тастам жердегі  мейрамханада қалып, жолсерігін қайтарып жіберді. Асықпай тамақтанып, екі саптыаяқ сыраны сораптап ішіп алып, көше бойлап аяңдап келе жатты. Жанынан өтіп бара жатқан жеңіл көлік  тежегішінің шиқылы естілді. Бұл бұрылып қараған кезде, тарс еткен оқыс дыбыс шығарған көлік құйғыта жөнелді. Не болғанын түсінбеген Шәкір, «ой-бай» деп, оң тізесін құшақтаған күйі омақаса құлады. Маңайынан  көзіне ешкім шалына қоймаған соң, «жәрдем беріңдер»,-  деп, бар дауысымен қайта-қайта айқайлаумен болды.

 Бақытына қарай жақын орналасқан үйдің ауласынан үш- төрт орыс кемпірлері шығып, улап- шулап жүріп жедел жәрдем шақыртты.

Тізеден бір сүйем жоғары, санға тиген оқ сүйекті жанай өтіп, шыққан жерінің етін жалбыратып кеткен екен. Дәрігерлер Шәкірге қан құйып, жарақатын залалсыздандырып әбігерге түсіп жатқанда полиция қызметкерлері келіп жағаласты. Олар оқтың денеде қалмағанына көздерін жеткізіп, түсінікті ертең алатын болып кетті. Ертесіне келген тергеуші Шәкірден «ештеңе білмеймін, ешкімді көрген жоқпын» дегеннен басқа ештеңе

есіте алмай қайтты.

 Шәкірдің кешегі сөздерін көңіліне алып қалған Нағима өзіне-өзі серт бергендей:

– «Енді Алматыны желкемнің шұқыры көрсін»,- деп, Астанаға келгеннен кейін бір-екі күннің ішінде киім-кешегін жинастырып, өзінің пәтеріне көшіп алды. «Өзі телефон шалмаса мен де хабарласпаймын» дегенін үшінші  күні ұмытып, қалта телефонының түймесін қалай басқанын өзі де байқамай қалды. Шәкірдің телефоны жауапсыз болған соң уайымдап, кеңсесіне қоңырау шалды. Хатшы қыздан мән-жайға қанығып, Мәдинаға ескертуге  дегбірі жетпей, ұшаққа үлгермекші болып, әуежайға өз көлігімен аттанды.  Билет те  табыла кетті. Әуежайдай тіке ауруханаға жетіп, Шәкірдің жағдайын көзімен көріп, көңілі орнына түскеннен кейін барып сіңілісіне Алматыға келгенін, қашан қайтатыны белгісіз екенін хабарлады. Үш күннен кейін Шәкірді ауруханадан шығарып алып,  үйде күтті.

    Сырт киімін түгел шештіріп тастап, іш киіммен отырған Шәкір он күннен бері өзін күтіп, бәйек болып жүрген Нағимаға аяушылық сезімі оянғандай ойға беріліп, ішінен: «Қандай бақытты да, бақытсыз пенде едің, періште де сенен асқан бейкүнә емес шығар?.. Аузын ашса, жүрегі көрінетін, қиянаттан бейхабар, барды қанағат тұтатын, өмірге бейімсіз, біреу үшін жанын пида етуге дайын тұратын  бейшаралар да болады екен- ау?!. Қой, періштеге пенделік жасағаным жараспас... Өзімнен үмітін біржолата үздірейін» деген тоқтамға келіп:

– Сүйіктім, қасыма келіп отыршы,- деді дауысын созыңқырап.

– Са-ғын-саң қа-сың-да-мын,- деп, әндетіп келіп, Нағима қасындағы орындыққа жайғасты.

– Нағима, екеуміз біраз әңгімелессек қайтеді?..

– Не туралы?

– Болашағымыз туралы.

– Бала асырап алуымыз керек болса,  сен ғой көнбей жүрген... Інім бір баласын   бізге беруге дайын екенін айтқан жоқпын ба...

– Ол туралы емес...

– Басқа не айтпақшысын?

– Менің сені қатты сүйетінімді білесің бе?

 – Білмесем, сенбесем... Осылай жүремін бе?..

– Сені қатты сүйгендіктен қиянатқа қимаймын.

– Ана күнгі сөздерің есіңе түсіп отыр ма? Мен оларды әлдеқашан ұмытқанмын...

–  Мен жайында көп білмейсің ғой әлі.

 – Сені сүйетінімді білемін, қалғанын білгім де келмейді.

– Мені кім атқанын да білгің келмей ме?

– Кімнің атқанын өзің білесің бе, сонда?..

– Білемін.

– Білсең неге тергеушіге айтпадың?

– Айтуға болмайды. Айтсам – екеуміз қазір бірге отырмас едік.

– Неге?

– Мен кезінде жаза басып, қылмыс әлемінің қырына ілінген адаммын. Олардың тәртібін, заңын жақсы білемін. Кешегі атылған оқ – ескерту. Олар бір-екі жыл бұрын, менің бір дүкенімді тартып алған. Енді мейрамханама ауыз салып отыр... Мені атқан күні, Шымкенттегі сол мейрамхананың да терезелері сыныпты. Айтқандарына көнбесең, олар ештеңеден тайынбайды. Шаруаларымды реттеп, бір-екі тендрді ойдағыдай өткізіп

алғаннан кейін, ат-тон айыбымды сайлап, алдарына баруым керек. Бармасам, келесі оқ жүрегіме қадалуы мүмкін,- деп, ұясына өрмелеп келе жатқан жыланды көрген торғайдың балапанындай күйде отырған Нағиманы бауырына тартты. Біраз үнсіздіктен кейін құшағын ажыратып, Нағиманың жасаураған жанарын қолымен сүртіп, әңгімесін ары қарай жалғады: –  Нағима, мені тұзаққа түсіру үшін, олар сенің аңғалдығыңды да өз қажеттеріне жаратып, қыспаққа алулары әбден мүмкін. Сол себепті, екеуміздің арамыздағы байланысты үзілді- кесілді үзіп, мүмкіндігінше ертеңнен қалмай ұшып кетуің керек.

– Бер дегенін беріп, құтыла салмадың ба?

– Бұға берсең, олар сұға береді. Сол үшін қарсыласу да керек.

– Менде не шаруалары болуы мүмкін?

– Қажет деп тапса, ізіңді аңдыйтыны айқын.

– Астанада боламын ғой...

– Жердің астына түсіп кетпесең, жердің үстінен тауып алады.

– Сенің қауіпсіздігіңе қажет болса амалым қанша... Мәдинаның айттарып  қойған жері бар, жақында онымен де қоштасуға тура келеді. Жалғыз қалмау үшін, інімнің баласын бауырыма басуым керек шығар...

– Өте дұрыс! Бұныңды қоштаймын. Мені айыпқа бұйыра көрме. Екеумізді азды -көпті бақытқа бөлеп, ажыратып жатқан тағдырға нала болмайық. Бәлкім, саған ғұмырлық серік бола алатын сері әлі де кездесер...

–  Пешенеге жазылғанын көрермін... Бірақ, сені қалай санамнан сылып тастаймын?..

– Уақыт – емші өзі салған жараны өзі жазады...

 Екі жыл дәмдес-тұздас болып, өздерін ерлі-зайыптыға санап жүрген екеуінің оңашадағы әңгімесі осылай аяқталып, бастары бір жастықта, төстері бір төсекте соңғы рет түйісті.

                                                            

                                                                                                               

                                                                    V

 Күнделікті қауырт жұмыстан жаз бойы бел жазбаған Шәкір, қазан айында еңбек демалысын алуды жоспарлап жүргенде, біреу кеңсесіне: «Иона атай Алатауда дем алып жатыр» деп, жазылған бір жапырақ қағаз қалдырып кетіпті. Хатшы қыздан қағазды алып: «Бұлардан қанша қашсам да құтыла алмадым-ау»,-деп әрі-сәрі күйге түсті. Түнде әрнәрсені бір ойлап, ұйқысы шала болғанына қарамай, таңертең жұмысқа уақтылы келді. Бірақ, кеңсесінде бір сағаттай ғана отырып, хатшысына түске дейін болмайтынын ескертіп, қолына қоңыр түсті сөмке ұстап шығып кетті. Көліктің артқы орындығында отырып келе жатып: «Екі жүз мың долларды азсынып, алмай қоймаса екен»,- деп, уайымдаумен болды. Алпыс алтыншы бөлмеге кіру үшін, қарсы бетіндегі алпыс бесінші бөлменің сүзгісінен өту керектігін жақсы білетін Шәкір, ойланбастан соның есігін қақты. Қалталары мен сөмкесін ақтарып, қойын- қоншысын мұқият тінтуден өткізіп болған соң, оққағарлардың бірі алпыс алтымен байланысқа шығып, кімнің келгенін баяндап жатты.

Имене кірген Шәкір Саматтың арқасын уқалап жатқан жартылай жалаңаш, өрімдей жас қызды көріп, не істерін білмей состиып тұрып қалды. «О... Шәкір  палуан, хош келіпсің» деп ыңыранып, тұруға ыңғайланғанда, аяғын еркелей басқан қыз жатын бөлмеге кіріп кетті. Есіктің аузында тұрып қалған Шәкір, сөмкесін кілемнің үстіне қоя салып: – Ассалау ма Уалейкум Сәке,- деп екі қолын қатар созып, жақындай берді. Самат жауап қатуға ерінген адамдай, оң қолын құлықсыз ұсынып:

– Менің атымды  әлі ұмытпапсың  ғой бала... Анда- санда есіңе салып тұрмаса, есіңнен

шығып   кетуі де ғажап емес сияқты,- деді кекесінді жымиып.

–  Естен шыққан емессіз Сәке, шықпайсыз да.

–  Жігіттер маған басқаша айтып жүр ғой.

– Пышақты буынсыз жерге салмақшы болып жүргендердің сөзі шығар...

– Ақпараттың маған жеті сүзгіден өтіп жететінін ұмытып қалғансың ба?

– Жоқ, Сәке. Бірақ... Соңғы тапсырмаңыз ауырлау соқты.

–Тапсырма әркімнің мүмкінгіне қарай беріледі. Берілген тапсырма орындалуы керек. Ал, сен жігіттерді өкпелетіп жіберіпсің.

– Сәке, кешіріңіз! Аздап ашуға берілгенім үшін айыптымын.

– А...Енді жөніңе келейін дедің. Айыпты адам айыбын жумаса, ауыр болады.

– Соны жумақ болып келіп тұрған жоқпын ба, алдыңызға ат жетектеп...

– Жетегіңдегі ат емес, екі жасар тай  секілді ғой... Мені Тайландқа тайға мініп барсын дегенің бе?

– Сәке, Тайландқа бара жатқаныңызды білмей қалдым. Құдай қаласа, кешке дейін тайыңыз  құнан болады.

– Суын ішкен құдыққа түкірмегенің дұрыс. Алдыма келген екенсің, айыбыңды кештім. Саған берілген тапсырманың орындалу уақытын да бір жылға созамын. Ендігі жылы жігіттерді ренжітуші болма.

– Сәке, мейрамхана шешемнің атында еді, орнына жақсы бір сауна берсем қайтеді?..

–  Ол саунаң Алматы мен Астананың бірінде болса келісер едім. Шымкентте өзімнің сауналарым жеткілікті. Сен өзі, айыбыңды жууға келдің бе, жоқ, менімен саудаласуға келдің бе?

– Құдай сақтасын, Сәке, Сізбен саудаласатын шама қайда...

– Айтпақшы, сені қатындармен қалжыңдасып жүр дей ме, осы...

– Аздап әзілдесетінім бар...

– Абайла! Біреулерінің шамына тиіп қойып, піштіріп жібермесін,- деп, Шәкірдің жүзіне барлай қарап күлді.  Осы кезде «Катюша» әнін айта жөнелген қалта телефонын құлағына тосып:    «Да, айта бер» деді де, біраз уақыт үнсіз тыңдап:  «Мына бала қазір шығады, он минуттан кейін жіберіңдер, киініп алайын»,- деп телефонды өшірді. «Киініп алайын дегеніне қарағанда, салмағы бар кісі болды ғой»,- деп топшылаған Шәкір кетуге ыңғайланып:  – Сау – саламатта кездесейік, жортқанда жолыңыз болсын,- деп келе жатыр еді. Самат: – Жақсы, жетер енді,- деп, есікті көрсеткендей оң қолын алға созды. Жалма- жан созылған қолды қос алақанымен қапсыра ұстаған Шәкір, еңкейіп ерніне, маңдайына тигізіп тәу еткеннен кейін, шегіншектеп барып есіктен шығып кетті.

 Көңілін күпті қылып жүрген ісін реттегендей болған Шәкір, көп ұзамай еңбек демалысын алып, Араб Әмірліктеріне аттанды.

Елден жырақта жүрген кісі танысын- танымасын қандасын көргенде бауырын көргендей қуанатыны бар емес пе... Шәкір де екі- үш күннің ішінде бес- алты қазақпен танысып, сұрасып, білісіп, шүйіркелісіп кетті. Әсіресе, «Қазақ-британ бірлескен кәсіпорнының атқарушы директорымын»,- деп танысқан, қазақшаға тілін төсеңкіреп сөйлейтін, бірақ орысшасы орып, ағылшыншасы ағып тұрған Жанна есімді келіншектің жүріс-тұрысы, әңгімесі ұнап қалды.

Дөңгеленген дүниенің дүбірінен мағлұматы мол, білімдар келіншек көбінесе орысша сөйлегенімен, әңгіменің майын тамызып айтады. Әзіл- қалжыңға да уәж тапқыш, кездескен адамымен күлімсіреп сәлемдесетін Жаннаның сұңғақ бойы мен нұры тамған  ажарлы жүзінің өзі оны басқа төмен етектілерден оқшаулап тұрады. Тіпті, қазақша сөйлегенде тілі жетпеген жерін қолының, бет- жүзінің кимылдарымен түсіндіргенінің өзі қызықты көрінеді.

Келбетті де, сымбатты, әрі уран өндірісіне қатысы бар, көптарапты кәсіпорынды басқаратын мансапты келіншекке есі кеткен Шәкір есебін тауып, оны кешкі асқа шақырды. Қуана келіскен Жаннаны түс қайта Дубайдың көрікті жерлерін аралатып, көрнекті мейрамханасына алып барды. Жайғасып отырғаннан кейін Шәкір, өзіне түсініксіз тілде жазылған ас мәзірін Жаннаға ұсынып:

– Ханшайым, мен мыналардың жазуына да, сөздеріне де түсінбеймін. Сол себепті, тапсырысты Сіз бергеніңіз дұрыс шығар... Өзіңіздің асқазаныныңыз болмаса, менің асқазаным мен қалтама аяушылық жасамауды өтінемін,- деді, қуланып.

– Шакир мирза, спасибо за комплимент. Но... Оказавшись ровесниками, мы вчера договаривались перейти на «Сен». Сегодня ты опять перешел на «Сиз». Это что?.. Знак непостоянство или склеротической забывчивости? – деді, Жанна сұраулы пішінмен Шәкірге қарап жымиып.

– Что ты...Жанночка! Бұл сұлулық патшайымына деген құрметтің белгісі,- деп, Шәкір ақталған болып күлді.

Осындай әзіл-шыны аралас қағытпа қалжыңмен басталған кешкі ас көңілді отырысқа ұласты. Бұқтырылған бұзау етіне, екі түрлі салатқа, бір шыны француз шарабы мен апельсин шырынына тапсырыс берген Жанна Шәкірдің өтінішімен даяшыны қайта шақырып, шотланд вискиін қостырды. Бір- біріне көл-көсір тілектерін білдіріп, әзілмен бірін-бірі күлдіріп, ас-суды асықпай ішіп-жеді.  Ара-арасында аяқ жазуға биге шығып,  сыр бөлісіп, шер тарқатып, қонақ үйге кештетіңкіреп қайтты.

     Қонақ үйге келгеннен кейін Шәкір жақсы отырысты өзінің бөлмесінде жалғастыруға ұсыныс жасады. Бірақ, Жанна: – Спасибо Шаке, за прекрасный вечер, уже поздно, пора отдыхать,- деп, көнбеді.

Түпкі ойы жүзеге аспай, салы суға кеткен Шәкір өзінінің «Люкс» бөлмесіне жалғыз оралып, шешінбестен жұмсақ орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Біраз маңдайын ұстап ойланып отырып: «Нашарсың Шәкір, өзі сұлу, өзі бай әйелді уысыңнан шығарып алдың»,- деп, тізесін алақанымен шарт еткізіп бір ұрды. Өзіне-өзі риза болмай орнынан тұрып, арлы-берлі адымдап жүрді. Бір кезде тоңазытқышқа көзі түсіп, ішінен бір шыны виски мен  мұз алып, қайта отырды. Суға арналған ыдыстың түбіне бірнеше мұз кесегін салып, вискиді бел ортасына дейін құйып, қағып салды. Босаған ыдысқа қайта құйып қойып, Жаннаның өзі туралы айтқандарын есіне түсірді. Жанна шет тілдері институтын қызыл дипломмен бітіріп, Кеңес одағының Иракка жіберілген мамандарына аудармашы болып барады. Сол жақта жүргенде мультимиллионердің баласы екеуі бір-біріне өлердей ғашық болады. Шет елдіктермен некеге тұруға мүмкіндік бермеуге тырысатын, арнайы қызмет өкілдері Жаннаны елге қайтартуға бар күшін салады. Сүйгенінен ажыратқан саясатқа қарсы тұра алмаған қыз, елге аяғы ауыр болып оралады. Түсік тастатуға шешесі де көндіре алмай, ұл бала дүниеге келеді. Ел алдындағы абыройына нұқсан келген әкесі, жүрек талмасынан қайтыс болып, үлкен қайғыға душар етеді. Бір жылға дейін жұмысқа шыға алмай, мектептің соңғы сыныбында оқитын інісі екеуі жалғыз анасының айлығына таңылып, қиналады. Екі жылдан соң адамның еркіндігін де құрсауда ұстаған Кеңестер үкіметі тарап, тәуелсіздіктің таңы атады. Иракпен дипломатиялық қатынастар орнатылып, Ағзам сүйіктісін елшілік арқылы іздестіріп, тауып алады. Бұл кезде кіші  Ағзам жеті жасқа толып, мектеп табалдырығын аттаған екен. Еті тірі Жанна КазМУ- да дәріс бере жүріп, сол университеттің экономика факультетін сырттай бітіріп алған. Ұлының барына жүрегі жарыла қуанған Ағзам – әке, бұларды еліне алып кетуге ниет білдіреді. Ол жақта Ағзамның жұбайы, бала-шағасы барын естіген Жанна үзілді - кесілді қарсы болып, алыстан сыйласқанды жөн көреді. Қаржы-қаражатпен көмектесіп, жылына бір-екі мәрте Алматыға келіп-кетіп жүрген Ағзам бір келгенінде, қаладағы құрылысы жаңа біткен қонақ үйді сатып алып, Жаннаға сыйға тартады. Екі жылдан кейін әкесінен мұраға қалған Лондондағы бес жұлдызды қонақ үйін ұлына сыйлайды. Сөйтіп Жанна үш- төрт жылдық ішінде жай әйелден бай әйелге айналады. Осы жерге келгенде Шәкірдің жүйкесі шыдамай: «Ох...Қандай жомарт жігіт болған өзі»,- деп, құюлы вискиді қолына алып сіміріп салды.  Босаған ыдысты орнына қойып жатып: «Шетелдікті өзіне табындырып қойған Жанна да мықты ғой»,- деді, күбірлеп. Бірақ, Саддам Хусеиннің жақтасы болған Ағзамның кейінгі тағдыры қасіретті болғанын есіне алып, қаншама адамды аяусыз қырған американдықтарды жақсылап сыбап алды.  Жанна сүйіктісінен айырылып, қара жамылып жүргенде, қазақ-британ бірлескен кәсіпорнына ағылшын тілін жетік меңгерген экономист қажет болып, сол жерге менеджер болып қызмет ауыстырады. Бір жылдан кейін ағылшындар тарапынан болған ұсыныстың негізінде атқарушы директордың лауазымын иемденеді. Көптарапты кәсіпорынның Қазақстандағы қызметінің негізгі бөлігі уран өндірісіне бағытталғандықтан, жалақысы да жоғары екен. Жаннаның айлық жалақысы жиырма мың фунт  стерлинг, оған  жыл қорытындысы бойынша алатын жүздеген мың фунт бонусты қосса... «Не деген байлық»,- деп, Шәкірдің даусы қатты шығып кетті. Шөлмектегі вискиді ыдысқа қайта құйып, кеңірдегіне төңкере салды. Артынан бір алманы қарш еткізіп тістеп, асықпай шайнап, дәмін алып жұтты. Сонан кейін орнынан тұрып: –Қой, бүгінге осы да жетер,- деп шешініп, суға бір шайынып алып, төсегіне жатты.

 Ертесіне сәскеде  есігін қайта - қайта қағып жүріп, Жанна оятып алды. Ішке кіріп, мең- зең болып ұйқысын аша алмай тұрған Шәкірге бір қарап, столдың үстіндегі бос шыныға бір

қарап:  – Шаке, всю ночь выпивал что ли?.. Как не красиво... Алкоголь в больших дозах – яд! По тебя Средиземное море скучает. А ты даже на утреннюю прогулку не вышел. Не красиво, Шаке. Я хотела тебя пригласить на обед, после купании в море. Давай, быстро под душ, я подожду на улице,- деп? Жанна шығып кетті.

– Бұл қатын қанша діңкілдесе де, уысқа түскенше сыр беруге болмайды,- деп, көзін сипалап, жуынып-шайынуға беттеді Шәкір.

    Бір сағаттан астам теңізге шомылып, жағажайға жайғасқан мейрамханалардың бірінде түскі ас ішіп отырғанда Жанна үн - түнсіз отырған Шәкірге:

– Шәке, не болды?.. Почему сегодня хмурый?,- деді, қазақша - орысша араластырып.

– Я безумно влюблень,- деді, Шәкір де орысша білетінін көрсетіп.

–  Кимге?- деді Жанна да жұлып алғандай.

–  Саған, сиқырлы періште... Саған,- деді, Шәкір Жаннаның жанарына көзінің қиығын салып.

– Очень прекрасно, еще один поклонник прибавился,- деп, Жанна сыңғырлаған әдемі күлкісіне басты.

– Неге сонша күлесің? Мазақ қылғаның ба мені?- деп, Шәкір өкпелеген болды.

–  Нет Шаке, я не осуждаю твое искренное чувство. Хотя я свободная женщина без мужа, имею ухажера. Он  обо мне беспокоиться, заботиться, частенько навешает. Я ему изменять не могу. Так что извини, ты безнадежно опоздал.

– Ухажер не стена, отодвинуть можно...

– Он слишком тяжелая фигура, отодвинуть его не легко. Я еще материально зависима от него. В прошлом году он мне подарил Виллу на Елисейском поле в Париже.

– Ол қандай қызмет атқарады, соншалықты...

– Он председатель Совета директоров крупного банка. Его имя и названия банка озвучивать я не могу. Если я буду изменять ему, он мне пустит в лоб пулю, а тебя наверно будеть кастрировать... Поэтому давай  останемся друзьями,- деп, Жанна сөзінің аяғын қалжыңға бұрып, күлді.

– Сен оны шын көңілмен сүйесің бе?

– Я любила только Агзама, а ему просто приспособилась.

– Сүймесең  Вилласын қайтарып беріп, құтылмайсың ба, одан?

– Я, эту Виллу обменяла на Супермаркет в Астане. На прибыль поступивщих от гостиниц  я купила Супермаркет в Алмате. Каждый год на получаемые бонусы стараюсь приобретать недвижимые имущества, чтобы расширить личный бизнес. Мой сын – Агзам еще учиться в Кембриджском университете. Пока нашим семейным бизнесом приходиться заниматься брату в одиночку. Опытный в делах бизнеса, мой поклонник оказывает моральную и материальную поддержку.  Поэтому мне не хочется с ним растоваться.

– Да... Крутой у тебя поклонник... По моему ты, сама тоже не подарок...

– Да, ты прав. В обиду себя я не даю. 

– Жанна, жақсы тамақтандық, азын-аулақ сыр бөлістік, рахмет саған. Бірақ... Бас жазар болмағаны қалай... Басты менің бөлмеме барып жазамыз ба, сонда?..

– Не каких бас жазар... Ты сегодняшную норму вчера перевыполнил. А,  мне завтра надо летет в Лондон с трезвой головой.

                                                               VI

       Бөлмесіне көңіл  күйі онша болмай келген Шәкір, кірген бойда тоңазытқышты ашып, өз жағдайын жасауға кірісті. Өкініштен өзегі өртеніп, вискиден бір-екі мәрте тартып жіберіп,

әйелден беті қайтқанын жаман  ырымға балап, ойланып отырды:  «Басқа әйел құрып қалғандай, несіне бақандай бір апта уақытымды кәрі қатынның жолына сарп еттім?.. Толып жүрген жоқ па, өрімдей орыстың, қазақтың қыз-келіншектері... Неге, солардың біріне көз салмадым?.. Бірақ... Жанна қырық беске келсе де, жиырма беске бергісіз келіншек қой... Әттең, ертерек кездеспегені-ай... Ана шөпжелкелерден тән жылуынан басқа не аласың... Мынада маған қажеттінің бәрі бар еді ғой.. Сұлулығын, пысықтығын қоя бер... Дүниесін айтсайшы... Көзім түскен әйелдердің бәріне жеткен айлам, осыған келгенде неге сүрінді... Сонда оның менен де айлакер болғаны ма? Жоқ... Жанночка! Мен әлі соңғы сөзімді айтқан жоқпын. Мызғымастай көрінген Берлиннің де қабырғасы сөгілген жоқ па... Біз әлі кездесеміз» - деп, кіжініп, құюлы тұрған шарапты қағып салды.

   Ішімдікпен шер тарқату екі тәулікке созылып, мең-зең басын ұстап тұрған Шәкір, тоңазытқышты ашып, судан басқа ештеңе таппай, бір құты  мұздай суды сылқылдатып,

аузынан ішті. Аздап есін жиған соң, Жаннаның: «Ертең Лондонға ұшамын» дегені есіне түсіп, қалта телефонын қолына алды. Түскен хабарламаны ашып, «Ты даже не смог меня провадить. Прошай  Пардон!» дегенді оқып, санын бір соқты.

     Екі күн өткеннен соң, Шәкір де Алматыға оралды. Келген күні, «Иона атайды Тайландта атып өлтіріпті» дегенді есітіп, төбе шашы тік тұрды. Сұрастырып жүріп, орнына «Сайғақ» сайланғанын біліп, зәресі зәр түбіне кетіп, құты қашты. «Саматты аттырған да сол шығар»,-деген күдік санасын сарсаңға салды. «Ертерек барып, Шымкенттегі тірліктерімді реттеуім керек»,- деп, ертесіне жеке көлігімен Оңтүстікке тартты. Келген бойда: –  Шымқаладағы қозғалмайтын мүліктің бәрін мүмкіндігінше ертерек сатып, Астанаға ауыстыруға әрекет жасауымыз керек. Бұл жерде «Сайғақ» қанымызды ішеді. Бүгіннен бастап соған кірісіңіздер,- деп, тапсырма берді екі інісіне.

 Бір аптадан соң, орнында қалған Бас инженердің: – «Компания басшысы ауысты»,- деген хабары, төбесінен жай түсіргендей болды. Өзі жағымсыз хабар есітіп, сатуға қойған мүліктеріне алымсақ табылмай, табылғаны құнын жерге ұрып, салы суға кетіп жүргенде «Сайғақтың сарбаздары» келіп:

– Шәке, демалыста жүр екенсің, жақсы демалып жатырсың ба? Мүліктеріңді сатуға қойыпсың, қосақ арасында бізге атаған тойхана да сатылып кетпесін,-деп, келдік. Соны бүгін - ертеңнен қалдырмай рәсімдеп берсең, жөнімізге кетеміз,- деді, қара сақалды біреуі.

– Жігіттер,  «Иона атайға» Тайландқа кетерде ат-тон айыбымды апарып, бір жылға мұрсат алғанмын. Мына келістеріңе түсінбей тұрмын,- деді, Шәкір.

– «Ионамен» ана жаққа барғанда есептесе берерсің. Бізді ол емес, «Сайғақ» жіберді.

– Мен «Сайғаққа» ешқандай уәде берген емеспін.

– Шәке, бұл бұйрық. Біз бұйрықты орындаушы ғана адамдармыз.

– Мен бұл бұйрықты орындай алмаймын. «Сайғаққа» айта барыңдар, аптықпасын. Ендігі жылы көре жатармыз.

– Сәлеміңді «Сайғаққа» жеткіземіз Шәке,- деп, қара сақалды бастаған топ кекесінді күліп, көліктеріне беттеді.

   Аналардың алдында ашуын сыртқа шығармай, әрең ұстаған Шәкір, олар кетісімен інілеріне шүйлікті. Екеуіне кезек-кезек телефон соғып: «Сендер айтқан тірлікті неге ертерек орындамайсыңдар»,- деп боқтап-бұралап, барынша қаһарын төкті.

 Қызметіне кірісетін мерзіміне үш күн қалғанда Айымкүлдің ақ батасын алып, Шәкір Алматыға аттанды. Машат асуына жетпей орналасқан жанармай бекетіне тоқтап, көлігіне толтыра жанармай құйып, әжетханаға шықты. Шеткерірек қойған көлігіне қайтып келіп

мінсе, артқы орындықта қара бетперде киген, біреуі автомат, екіншісі пистолет кезенген екі адам отыр. Шәкір қауіпсіздік белдігін тағуға әрекет жасаған болып, пистолетін алмақ болған еді. «Әуре болма, ол бізде. Көлікті от алдыр да, біз нұсқау берген жаққа қарсыласпай жүр. Әйтпесе миың шашылып қалады» деді, автомат ұстағаны гүрілдеп.  Амалсыздан айтқандарына көніп, Шәкір үн - түнсіз  жүре берді.

Ішінен: «Мені өлтіретін болса, бір оқты маңдайыма қадай салар еді ғой, «Сайғақтың» алдына апаратын шығар... Азар болса тойхананы беріп құтылармын»,- деп, келеді. Біраз жүргеннен кейін, оңға бұрылып, жақында түскен көліктің ізі бар, топырақ жолмен жүріп, айдалада тұрған сүлік қара «Джип» көлігінің артына келіп тоқтады. Пистолет кезенгені:             

–  Көліктен түс,- деді, Шәкірге шіңкілдеп. Шәкір амалсыз көліктен үн-түнсіз, басы салбырап түсті. «Джиптің» артқы орындығында отырған Серік те көліктен түсіп, Шәкірге жақындап келіп: – О-хо, Шәке!.. Сені де көретін күн бар екен ғой. Сен біздің жігіттерге қыр көрсетіп, қалыптасқан тәртіпті бұзбағаныңда төс қағысып амандасқан болар едік. Осылай кездесеміз деп кім ойлаған... Тәртіптің аты тәртіп, оны бұзуға болмайды.

– Сәке, тәртіпті мен бұзған жоқпын. Жігіттерге «Иона атаймен» болған келісімді айтқаннан басқа не жаздым?..

– «Ионаның» келмеске кеткенін білмейтін бе едің? Саған «Иона»  бір жылға ғана мұрсат бергенін қалай ұмыттың? Жоқ, сатып жіберсем құтыламын,- деп, ойладың ба?

Кімді ақымақ қылғың келеді?.. Айтқанды қарсыласпай орындағаныңда мен саған үш-төрт жылға дейін кеңшілік жасайтын едім ғой. Тойхана әкеңнен қалған, немесе маңдай теріңмен келген  дүние ме еді? Бізді ештеңе білмейтін мақауға санап жүрсің бе? Тапсырманы орындамаған адамды қандай жаза күтетінін басқа білмегенмен, сен жақсы білесің ғой. Тойхана жаныңнан да қымбат болғаны ма?

– Тойхана анамның атында еді...

– Маған десе неге әкеңнің атында болмайды. Маған тоқ етерін айт. Сенімен салғыласып тұратын уақыт жоқ. Бәлкім, осы жерге анаңды алдыртқанымыз дұрыс шығар?..

– Жарайды, берейін. Қанша жылға кепілдік бересің?  

–Үш жыл жете ме?

– Бес жыл бере алмайсың ба?

– Шәке, бес жыл көптеу... Төрт жыл мазаламауға уәде берейін. Осыған қол алысайық.

– Келістік онда,-деп, Шәкір қолын берді.

Шәкір Алматыға келіп, ертесіне жұмыс орнына барды. Орнында қалған Бас инженер жұмыста жоқ болып шықты. Қызметкерлерден сұрастырып оның Астанаға кеткенін білді. «Неге шақыртты екен»,-деп, Басқарма бастығының көмекшісіне телефон шалды:

 – Алло, Мәке, Ассалау ма Уалейкум. Таныдыңыз ба? Есенбеков Шәкірмін ғой, Алматыдан... Жақсы... Жақсы,Мәке. Рахмет. Өздеріңізде бәрі жақсы ма?.. Басшыны ауыстырып алыпсыздар ғой, құтты болсын! Біздің Бас инженерді жайша шақырттыңыздар ма? Қандай ұйымдық мәселе?.. Менің орныма ма? Мені қайда жібермекші? Мәлімсіз бе әлі? Жарайды... Сау болыңыз,- деді, көңілсіз.

Бұл хабар шаршап оралған Шәкірге ауыр соққы болып тиіп, жүйкесіне салмақ түсірді. Біразға дейін алақанымен маңдайын сүйеп отырып қалды. Бір кезде ұйқыдан шошып оянған адам сияқты орнынан қарғып тұрып: – «О, құдай-ай,бір айналдырғанды шыр айналдырады екенсің ғой»,- деп, үстелді жұдырығыменен бір соқты. «Ох... Оңбаған Садық, менің орнымды діттеп жүрген екенсің ғой... Сатқын неме... Жәркеленшіп жүріп, сатқан екенсің ғой мені. Тұра тұр бәлем»,-деп, кіжініп далаға шықты...

Салы суға кетіп, дәрменсіздігіне күйініп, Шәкір үйіне ызаға булығып оралды. Қырсық шалған дүние астан-кестен болып кеткен сияқты...«Не істесем екен»,-деп, ойланып отырып: – «Атасына нәлет... Маған десе дүние неге төңкеріліп кетпейді... Көтермесе көңілді кір басады...Іштегі шер шемен болып қатпасын»,-деп, күбірлеп барып тоңазытқышты ашты.

 « Ой-хой!.. Жарықтықтар!.. Мөлтілдеп мені күтіп тұрсыңдар ма? Сендерменен сыр бөлісіп, сендерменен мұңымды шаймасам болмайды»,- деп, шөлмектің біреуін қолына алды.

     Шәкір ішуді бір бастаса, фәни дүниенің қызығын да, шыжығын да ұмытатын әдетіне басып, өзімен-өзі үш-төрт тәулік  шер тарқатты. Әйтеуір, далаға шығып кетпей, үйінде жатып ішті. Бүгін, әбден сілесі қатып ұйықтап жатқан жерінен шошып оянды. Басын көтерейін десе, қорғасын құйып қойғандай ауыр. Жүрегі айныған соң орнынан

сүйретіліп тұрып, амалдап әжетханаға жетіп құсты. Бетін мұздай сумен жуып, тәлтіректеп қайта оралды. Орындыққа жайғасып отырғаннан кейін жан-жағына таңырқай қарап: «Бұларды кім сындырған»?-деді, өзіне-өзі сұрақ қойып. «Есік ашық қалды ма»?- деп, есікті көріп келді. «Өзім сындырғанмын ба, сонда»?-деп, аң-таң болды. «Қойшы, басты жазып алсам, жинастырармын»,-деп, тоңазытқышты ашып көрді. Бір шөлмек «Аққайнардан» бөлек қолына ештеңе ілінбей, басын сонымен жазудан басқа амалы қалмады. Буырқанып тұрған шарапты ыдысқа ліпілдете құйып екі мәрте қотарып тастады. Сынып бара жатқан басының ауырғаны басылғандай болып, өзін жеңіл сезіне бастады. Есін жиып алғаннан кейін қалта телефонын іздеп, сынып жатқан жерінен тапты. Кешегі «қырғыннан» аман қалған теледидарды қосып қойып, қираған ыдыс-аяқты жинастыруға кірісті. Ұлттық телеарнадан жаңалықтар бере бастағанын құлағы шалып, орындыққа отырды. Диктор қыз: – «Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, полиция қызметкерлерімен бірге атышулы қылмыстық топ мүшелерін құрықтады. Қарулы қарсылық көрсеткен қарақшылардың төртеуі оққа ұшты. Екі полиция қызметкері жараланды. Оққа ұшқандардың ішінде «Сайғақ» деген бүркеншік ат жамылған,  қылмыстық топтың басшысы да бар»,-деген кезде, Шәкір орнынан секіріп тұрып: «Ох... Иттің баласы... Менің қанымды әбден қарайтып едің... Өліпсің ғой ақыры ит өліммен»,-  деді, қуанышы қойнына сыймай. Шараптың қалғанын ыдысқа толтыра құйып, тағы тартып жіберді. Көңілі көтеріліп, жаңалыққа құштарлығы артып, ертерек телефон сатып алуға асықты. Үйдің ішін тездетіп жинастырып, сақалын алып, суға түсіп, адам қалпына келгеннен кейін көшеге шықты. Телефон қолына тиісімен Бәкірге хабарласты: –Алло, Бәкір, аман-есенсіңдер ме? Ауылда жаңалық көп сияқты ғой... Теледидардағы жаңалық хабарынан естідім. Жоқ, мен телефонымды сындырып алып, жаңасын бүгін алдым. Қойшы сен... Енді мені сен тергемексің бе?.. Ана, сүмелек Садыққа қапа болып, аздап сілтеп қойдым. Не болушы еді... Менің демалыста жүргенімді пайдаланып, орныма жайғасыпты. Оны қоя берші... Қызметсіз де көштен қала қоймаспыз. Ана оқиғаның екжей-тегжейін айтшы. Төртеуі өлгенін естідім ғой, қаншасы ұсталды? Жетеуі-ақ па?.. Бостандықта жүргендері көп қой олардың. Ізіне қалай түсіпті? Әйтеуір, сенің қатысың жоқ па? Жұмыстан шығарып жіберсе де араласпа ол тірлікке. Басшысы өлгенімен құйыршықтары жетеді.  Бізден алған тойханада ма? Ох... Атауыңды ішкірлер... Жарайды онда, бәріне сәлем айт. Сақ болыңдар. Үйдің жанындағы мейрамханадан тамақтанып алып, үйде боламын. Менің ішкенімді апама айтпай-ақ қой. Жақсы, сау бол,-деп телефонын сөндірді.

     Шәкір тамақтанып шығамын дегенше, даланы қараңғы түн басыпты. Біраз көше бойлап жүріп келіп, үйінің алдындағы ағаштардың арасына орналасқан күнқағардың астына келіп отырды. Маңында ешкім көрінбеген соң, ыңылдап әндетіп отырғанда бірдеңе тысырлағандай болды. Бұрылып қарай беріп еді, талдардың тасасынан беттеріне бетперде киген екі жігіт пистолет кезеп шыға келді. Қалтасындағы қаруын алуға да мұршасы келмеген Шәкір:

– Тыныштық па, жігіттер?- деді, даусы дірілдеп.

– Тыныштық емес. Біздің жігіттерді сатқан сенсің ғой, доңыз,- деді, оң жақтағысы діңкілдеп.

– Мен ештеңе білмеймін, өзім «запойдан» бүгін шықтым...

– Бәлкім, сенің полицей інің шығар сатқан?.. Шыныңды айт жан керек болса.

– Жігіттер, бар шынымды айттым сендерге... Төрт-бес күннен бері есімді бүгін, кешке

қарай әрең жинадым...

– Қандай қуанышты жудың?

– Қызметтен босап қалып, қайғы-мұңымды шайдым.

– Мүмкін, тойханаңды жоқтаған шығарсың?..

– Саудаласып тұра бергенше, тапсырманы орындамайсың ба?-деді, екіншісі екіленіп.      

 – Тапсырманы орындауға асығып тұрсаң, сен орындай ғой ,-деді, алғашқысы жан-жағына барлай қарап. 

   Артынша, тарс-тарс ете қалған түнгі дауыстан, ағаштарда қонақтап отырған құстар шошынып, бет-бетімен пырылдап ұшып жатты...

     Ертесіне таңертең, бір оқ құлақ шекесіне, екіншісі жүрек тұсына тиіп, қанға бөккен мәйітті көрген сол маңның тұрғындары, полиция бөліміне хабарлады.

Полиция қызметкерлері із кесіп, күәгерлер іздестіріп, қылмыстық іс қозғап, шала бүлінгенімен ешқандай нәтиже шықпады. Ашылмаған қылмыстың бірі болып тіркеліп, шаң басқан мұрағатқа тоғытылды.

Жалғанды жалпағынан басып жүріп, кісі ақысына қиянат жасаған, мойнына қан жүктеген, артына баянсыз дүние-мүлік, жесір аналар мен жетім балаларды қалдырған жігіттің ақыры қиянатпен аяқталып, қара жердің қойнына кірді.

  Итшілікпен жиған мал-мүлік опа бермеген жалған – қу дүние - ай...

 

 

 

 

                МАЗДАҒАН  МАХАББАТ  пен  АЗДАҒАН  МАШАҚАТ

                    

                             І

     Тамыз айының соңғы жексенбісі. Көк базардың маңындағы «жетім бұрышта» ығы-жығы халық. Пәтер іздеушілердің көбісі жас қазақ отбасылары мен студенттер. Пәтер берушілердің барлығы  дерлік орыс кемпірлер мен ұйғыр, дұнған ұлтының өкілдеріне ұқсайды...  Бибінұр базардан алған екі қолындағы заттарын аялдамадағы бос орындыққа қоя бергенде:

–  Сәлеметсіз бе, апай,- деп бір жас жігіт амандаса кетті.

– Ә, Пернебеков, амансың ба? Жазғы демалысты жақсы өткізіп қайттың ба, қашан келдің?

–  Ауылда болып, әке-шешеме қолқабыс  тигіздім. Келгеніме үш күн болды.

–  Бұл жерде неғып жүрсің?

–Биыл соңғы курста болғандықтан ыңғайлы пәтер табылса жатақханадан шықпақшымын.

–  Неге?

– Қызыл дипломға үміткерлердің бірі болғандықтан у-шудан алыстау  болып, сабаққа тыңғылықты дайындалу мақсатында.

– Пәтер таптың ба?

– Әзірше ыңғайлысы болмай тұр, қарастырып жатырмын. Сізді көріп, жәрдемдеспек оймен бұрылғаным ғой...

– Рахмет қалқам. Менің тұратын пәтерім онша алыс емес, осы жерден бір аялдама ғана. Жүгім ауыр болған соң автобусқа отырайын дедім.

– Апай, иін тірескен көлікке сығылыспай-ақ, жаяу баратын жер екен ғой.  Қаласаңыз, мен апарып салайын.

– Ыңғайсыз болмай ма?

– Несі ыңғайсыз, Сізді апарып салған соң қайтып келе салармын.

– Мейлі онда,  біраз жаяу жүрген де пайдалы. Бір сөмкені сен, біреуін мен ұстайын.

– Жоқ, Бибінұр апай, екеуін де маған беріңіз.

– Сен жігітсің ғой, мына ауырын көтер, қауқиғаны болмаса екіншісі жеп-жеңіл, өзім көтерейін,- деді де, бір сөмкені алып Бибінұр аяқ жолға түсті.

Біраз уақыт ләм-мим демей үнсіз келе жатқан Бибінұр: 

– Пернебеков, сенің есіміңді бағанадан бері есіме түсіре алмай келемін,-деді Павелге бетін бұрып.

– Апай, қалайша есіңізден шығып қалды, фармакологиядан емтихан тапсыруға кіргенде профессор Самарина: «Сенің есімің неге орысша қойылған»? – деп сұрамап па еді... Менің: «Ырым етіп қойылған» дегеніме,  Сіз рахаттана күліп алып, кафедра меңгерушісіне қазақтың салт-дәстүрін, қандай жағдайларда ырымға жүгінетінін  тәптіштеп түсіндіргенсіз.

– О, енді есіме түсті, есімің Павел ғой. Сол  жолы группаластарыңның ішінде сен емтиханды  беске тапсырғансың, бірде-бір студент құламай өткен. Бұл біздің кафедраның  тарихында болмаған жағдай еді. Сенің жауаптарыңа профессор қатты риза болып; «тәжірибе сабақтарын жақсы жүргізіпсің»,- деп,  маған алғыс айтқан.

     Міне, Павел, біздің үйге келіп те қалдық. Мына көлденең тұрған  бес қабатты үй – біздің үй.  Мен ең жоғарғы қабатында тұрамын. «Қайыр қылсаң бүтін қыл» демей ме, пәтерге  дейін жүгімді көтерісесің енді, бізде «лифт» жоқ.

– Әрине, апай.

Бибінұр пәтердің есігін ашып жатып:

– Павел, көмегіңе көп рахмет. Өркенің өссін! Қазақта «қуыс үйден құры шықпа» деген сөз бар. Түс болып қалды, шай ішіп кет.

– Жоқ, апай. Рахмет!

– Тығыз шаруаң болмаса, әңгімелесіп отырып шай ішейік. Ата-анаң есіміңді неге ырымдап орысша қойғанын толық айтып бересің. Құлаққа тұрпайы естілетін ат керек болса,  Итбай, немесе Қасқырбай деп неге қоя салмаған?..  

     Бибінұр, үй ішіне кірген соң Павелді қонақ бөлмеге бастап апарып, ыңғайсызданыңқырап тұрған  Павелге отыратын орынды көрсетіп, теледидарды қосып беріп: «Сен теледидар көріп отыра тұр, мен шай дайындап жіберейін, шай ішіп отырып менің сұрақтарыма жауап бере берерсің»,- деп  ас үйге беттеді.

     Теледидар көріп отырып Павелдің қобалжуы  басылып, мына жағдайға бойы үйренейін  деді. Отырған бөлмесіндегі  заттарға көз жүгіртіп, қызыға бастады. Әсіресе бөлменің бір қабырғасын толық алып тұрған кітап сөрелеріндегі  кітаптарға зер салып қарап шықты. Қара түспен тысталған Лениннің толық жинақтары, әлем әдебиетінің екі жүз томдығы, қазақ жазушыларының кітаптары, энциклопедиялар, сөздіктер т.б. кітаптар көздің  жауын алатындай ұқыпты қойылған. Осы бөлмеден есігі шыққан, екі адамдық төсек қойылған бөлменің есігі қиғаш ашылып тұрғандықтан оны да сығалап көрді. Төрде ілулі тұрған үлкейтілген үш адамның портретіне көзі түсті. Оң жақтағысы Бибінұр апайдың  өзі, ортадағысы бір-екі жасарлық нәресте, сол жақта отырғаны  маңдайы кере қарыс, бет пішіні ақын – Дихан Әбіловке ұқсайтын, маңдайы кере қарыс жігіт ағасы. «Бұлар кімдер екен»?-деп ойланып тұрды да, «ыңғайы келсе апайдан сұрармын»,-деп теледидардың даусын бәсейтіңкіреп орнына отырды.  Ас үй жақтан бірдеңенің қуырылып жатқан дыбысы шығады. Таңертең тамақтануға да мұршасы болмай, ерте шыққандықтан қарнының ашқанын сезінейін деді. Сәскеде жеген екі  бәліштің тоқтығы жұмырына жұқ та болмаған сияқты. «Апайды әуре-сарсаңға  салғаным ұят болмады ма екен»?-деп ойланғаны сол еді, дәлізден жүріп келе жатқан кісінің жүрісінің дыбысы есітіліп, артынша Бибінұр есікті ашып:

– Павел, ішің пысқан жоқ па?  Теледидарды өшіріп, ары-бері тасығанша шайды ас бөлмеде  іше салайық, жүр,-деді. Бибінұрға ілесе шыққан Павел есігі ашық тұрған жуынатын бөлмеге кіріп қолын шайып, ас бөлмеге беттеді.  Шағын үстелдің үстіне шұжық қосып қуырған жұмыртқа, жеміс-жидек, туралған көкөніс, нан және шайға қажетті тәттілер қойылыпты.

    «Сен қонақсың»,-деп Бибінұр Павелді тоңазытқыш тұрған жақтағы орындыққа отырғызып, өзі газ плитасының қасына жайғасты.

– Павел, ұялмай астан алып отыр. Шайды сүтпен құяйын ба, жоқ, сүтсіз бе?

– Маған бәрібір, сүтпен құйсаңыз да бола береді.

– Ер-азаматсың, ұялма, түс ауып бара жатыр, қарының да ашқан шығар... Бұйырған тамақты дұрыстап жеп ал.

– Өзіңіз де алсаңызшы.

– Маған қарама, шай құйып отырып-ақ есемді жібермеймін,-деп Бибінұр да қолына шанышқы алды. Екеуі біраз үн-түнсіз отырып қуырылған жұмыртқаны тауысуға айналды.

– Павел, ішке ел қонған шығар, тым-тырыс отырғанша әңгіме айтып отыр. Бағанағы менің сұрағыма  жауап беретін кез келді,- деді шәйнекті еселеп жатып.

– Апай, өзіңіз тамақты жөнді алмадыңыз ғой, бәрін маған қарай ысырып...

– Сен жігітсің, жегенің ас болсын. Маған қуырылған тамақты көп жеуге болмайды, есесін жеміс-жидекпен, көкөніспен толтырамын. Ол жағына қам жеме.

– Қалауыңыз білсін. Онда, есімімді ырымдап неге Павел қойды деген сұрағыңызға жауап

                                                                

беруге тырысып көрейін. Әке-шешемнің көпке дейін туылған балалары тұрмапты. Бірінен кейін бірі шетінеп, қайғыдан қан жұтып, не істерін білмей берекелері кетіп жүргенде, шешем мені көтеріпті. Анамның аяғы ауыр екенін естіген абысын-ажындары неше түрлі ырымдарды айтып, қыз туса да, ұл туса да құлаққа түрпідей тиетін есім берілуі қажеттігін ескертіп, құлағының құрт етін жейді. Айы-күні жетіп, анам дүниеге ұл бала алып келеді.  Әкем азан шақырып есімін Павел қояды. Себебі, Островскийдің  «Құрыш қалай шынықты» романындағы Павел Корчагин  образы өзіне қатты ұнаған екен, әрі ырымға сай. Сол бала Алла жар болып– алдыңызда отыр. Өзімнен төрт жас кіші қарындасым да бар.

– Оның да есімі орысша ма?

–Иә, есімі Роза. Шымкенттегі педагогикалық мәдениет институтының үшінші курс студенті.

– Ата-анаң қандай қызмет істейді?

– Екеуі де ұстаздық қызмет атқарып – зейнетке шыққан.

– Қай облыстансың?

– Шымкент облысының Ленин ауданынанмын.

– Жақсы. Менің  күйеуім де Шымкент облысынан болатын,-деп Бибінұр күрсініп салды. Павел бір жайсыз жағдай есіне түсті ме?-деп, бірдеңе сұрауға батылы жетпей, кеседегі шайды қайта-қайта ұрттап, Бибінұр жаққа ұрлана қарап қойды.

– Иә, жазмыштан озмыш жоқ,-деп сабасына түскендей болған Бибінұр босаған кесесін алмақшы болып, Павелге қолын созды.

 – Апай, неге көңіл-күйіңіз кенеттен бұзылды? Мен оғаш әңгіме айтып қойған жоқпын ба?.. Ағай қайда қазір?-деді Павел сұрақтарды үстемелетіп.

– Е... Павел... Ол ұзақ әңгіме. Саған қызық бола қояр ма екен?..

– Ұзақ болса да тыңдаймын апай, айтыңызшы.

– Сен асығыс емессің бе?

– Ертең де күн бар ғой, асықпаймын.

 Бибінұр орнынан  тұрып, аз-кем ойланып алып:

«Әр кеудеде бір арман,

Үміт гүлін суарған.

Қыз сияқты сыңсиды,

Жастық дәурен ұрланған.

                 Әр пендені әр алуан,

Тағдыр күтіп тұр алдан.

Құм сияқты сусиды,

Уысымнан қу жалған»- депті бір ақын.

Тура маған арнап жазғандай осы өлеңді. Екеуміздің тағдырымызда ұқсастық көп екен Павел. Сенің қарындасың бар екен, шүкір. Ал, мен бір атадан жалғызбын. Менің де әке-шешемнің перзенттері  тұрмай, артында қалған жалғыз қызбын.  Әкемнің екі інісін кешегі сұм соғыс жалмады, олардан ұрпақ та қалған жоқ. Менің балалық шағым Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келді. Соғыстан кейін  есін әрең жиған ата-анам жалғыз қызын алысқа жібергісі келе ме, «Керекуде де оқу бар ғой»,- деп менің қастарында жүріп оқығанымды қалады. Бірақ мен олардың ырқына көнбедім. Дәрігерлер дайындайтын институтқа  түсу  арманым болды. Алған бетімнен қайтпайтыныма көзі жеткен әкем, мініп жүрген жалғыз атын сатып, ақ батасын беріп, көзі жасаураған шешеме; «көрсетпе көз жасыңды» - деп тыйып тастап, мені жолға шығарып салды.

     Бір мың тоғыз жүз елу үшінші – Сталин өлген жылы Алматы  мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түстім. Ата-анама қуанышымды хат арқылы жеткіздім. Барлық пәндерден үлгерімім  жақсы болып, институтты қызыл дипломмен

                                                             

бітірдім. «Ауылға дәрігер болып ораламын»,-деп қуанышым қойныма сыймай жүргенде, мені институтта қалдыру жөнінде шешім шығарып қойыпты. Қарт ата-анамның барлығын айтып жазған өтінішім қанағаттандырылмады. «Осы жерден пәтер алуыңа жәрдемдесеміз, ата-анаңды қолыңа аласың»,-дегендей уәделермен шығарып салды. Амалсыз ата-анама жағдайды түсіндіріп қайтадан хат жазуға тура келді. Фармакология кафедрасына ассистент етіп орналастырып, жатақханадағы аспирант қыздың қасынан орын берді. Көп кешікпей әкемнен: «Бізді уайымдай берме, елдің ішіндеміз ғой, өзіңнің болашағыңды ойла»,-деген хат алып, көңілім жайланғандай болды. Сабақ бере жүріп, ғылыми жұмысқа қызығушылығым артты. Осы институттың аспирантурасына  түсуге өтініш беріп, бір жылдан кейін аспирант болдым. Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация жазуға әрекеттеніп жүрген кезімде ағаңмен таныстым.  Екеуміздің дәм-тұзымыз жарасып, сол кісіге тұрмысқа шықтым. Ол менен мүшел жас үлкен, ғылым кандидаты болатын. Осы институттың үшінші курсында оқып жүріп, 1944 жылы майданға алынған екен. Жауынгерлерге  дәрігерлік көмек көрсетіп жүргенде, оң жамбасына снарядтың жарықшағы тиіп, соғысты госпитальда жатып аяқтапты. Аман-есен елге оралып, оқуын жалғастырыпты. Әкесі соғыстың алдындағы қуғын-сүргіннің құрбаны, шешесі соғыс жылдарында  қайтыс болып, студент шағында жетім қалыпты. Өзінен үлкен ағасы соғыстан оралмапты. Жасы қырыққа таянса да әртүрлі себептермен үйленуге мұршасы келмей жүрген – сүр бойдаққа тап болдым.

     Екеуміз екі жылдай Тастақтағы бір орыстың кепеханасын жалдап тұрдық. Дүниеге Арман есімді ұлымыз келді. Ұлымыз жарты жастан асқанда осы пәтерге қолымыз жетті. Бақытты сияқты едік. Ойласа келе менің ата-анамды қолымызға алғымыз  келді. Кемпір-шалға қанша қолқа салсақ та, елін-жұртын қимай көнбеді. Амал жоқ демалыс алған кезде барып-қайтып, анда-санда там-тұмдап болса да қаражат салып тұрумен шектелдік.

    Ол докторлық, мен кандидаттық диссертацияларымызды  жазуға қызу кіріскен шағымыз. Арманымыз еңбектеуді қойып, тәй-тәй жүре бастап–біздің көз қуанышымызға айналды. Оны бөбектер бақшасына орналастыра алсақ, жұмысқа шығатын ойым болатын.  Бақыттан басымыз айналып жүргенде елден: «Шешең қайтыс болды»,- деген суық хабар жетіп, төбемізден жай түскендей  болдық. Ерден еңбек демалысында жүргендіктен ештеңеге қарайламай тездетіп жолға шықтық. Жаз айы болғандықтан, біз жетеміз дегенше шыдата алмай, жерлеп қойыпты. Бір уыс топырақ та сала алмағаныма қапаланып қатты жыладым. Жылап-сықтап жетісін өткізіп, Алматыға қайтуға жиналдық. «Сізді алып кетейік»,-дегеніме,  әкем үзілді-кесілді қарсы болды. Ауылдағы жамағайын туыстарға жағдайына қарайлап тұруды қайта-қайта өтініш жасап, көңілім күпті күйде Алматыға оралдық.  Келгеннен кейін  дембіл-дембіл ауылға хат жазып, хабарласып тұрдық. «Қарияның денсаулығы жақсы, ештеңені уайымдамаңдар» дегенді малданып, жарты жылдай ауылға ат ізін салмадық. Бір күні, қақаған қыстың ортасында: «Әкең науқас, келіп кетіңдер»,- деген жедел хат келіп жетті. Зәреміз зәр түбіне кетіп, баланы суық күнде қалай алып жүрудің амалын іздестіріп, әбігерге түстік. Ерден бір аптаға жұмысынан сұранып, баланы мүмкіндігінше жылы киіндіріп, жолға шығуға тәуекел еттік. Ауылға әупірімдеп жетсек, ауырды деген  кісінің бақилыққа жүріп кеткеніне  екі күн болыпты. Жерлеуін бізге қаратып отырғандықтан, әкеме күйеу баласының бір уыс топырағы бұйырды-ау, әйтеуір. Қанша ұмтылғанмен мені мазараттың басына жібермеді. Әкемді жер қойнына  тапсырып, қайтып оралған ағайындарыма  жылап отырып: «Неге ертерек, ауруханаға түскен кезде хабар бермедіңдер»,-деген, өкпе-назымды айтып, біраз қиғылық салдым. Олардың айтуынша әкем: «Тұмау-сұмауға бола балаларды әбіржітпеңдер, ертең-ақ жазылып шығамын»,-деп, хабар бергізбепті. Сол күні ауылдың қариялары ақылдаса келіп, жетісін ертеңіне беруге ұйғарым жасады. Далада қалың қар, қытымыр аяз. Қанша от жаққанмен біреу кіріп, біреу шығып жатқан үйдің іші де жылып

                                                               

қарық болып жатқан жоқ. «Баланы суықтатып алмасақ екен»,-деп ішімнен уайымдап қоямын. Абыр-сабыр басылғанша үйінен шығармай ұстап отырған, қоңсының қызы оны алып келіп берді. Әзірше баланың көңіл-күйі жақсы, зыр жүгіріп ойнап жүр. Үйге екі күн қонып жолға шықтық. Ат жеккен шанамен  поезд стансасына жеткен соң, Алматыға жүретін поезд екі-үш сағат кешігіп шығып – күтуге  мәжбүр болдық. Стансаның іші азынап тұрған суық екен. Бір орында  тұрмай ары-бері жүріп, баланы да қайта-қайта алдандырып жүгіртіп жан сақтадық. Поезға мінсек, ол жер де жетісіп тұрған жоқ, салқын. Ерден жолсерікке өтініш жасап, жылу қазандығына үстемелетіп көмір салдырғанның өзінде жылып мандытпады. Ол кездегі вагондарды қазіргі вагондармен салыстыруға да келмейтін. Поезға мінгеннен бастап, Арман жөтеле бастады. Түн ортасы ауа ұйқысынан жылап оянды. Дауысы қарлығып, демалысы жиілеп, ыстығы көтеріліп кетіпті. Не істерімізді білмей асып-сасып жүріп қолсөмкенің түбінен жарты қорап «Аспирин» тауып алдым. Ыстығын түсіретін басқа ештеңе болмаған соң, соның жарты түймесін езіп ішкіздім. Ерден ояу жатқан адамдардан сұрастырып жүріп, камфора майын тауып әкелді. Сонымен арқасын ысқыладық. Біраз уақыт өткеннен кейін бала тынышталып, ұйқыға кірісті. Біз екеуміздің ұйқымыз да, мазамыз да қашып, таңды кірпік айқастырмай қарсы алдық. Дәрі-дәрмек сатып алатын үлкен стансаға жетуге асықтық. Ұзағырақ тоқтаған стансада дәріхана жоқ екен, дәрігерлік пункіттен азын-аулақ қажетті дәрілер табылды. Арманның ыстығы бір көтеріліп, бір түсіп, жөтелі күшейіп, жанымызды шүберекке түйіп келе жаттық.  Мақсатымыз ертерек  Алматыға жету. Біз асыққанмен поезд асыға ма, бізге тіпті баяу жүретіндей көрінді. Жол-жөнекей қатты қиналып, әрең жеттік-ау ақыры. Баланың жағдайы уақыт өткен сайын нашарлай берді. Қалаға келе салып емханаға апардық. Дәрігер: «Ауруханаға жедел түрде жатқызбаса болмайды»,-деген соң, жатуға тура келді. Бір аптаға жуық дәрігерлер арпалысып, баламыздың жанын алып қалуға әрекет жасағанымен шипасы қонбады. Суық өтіп кеткен екен. Бұл екеумізге де өте ауыр соққы болды. «Құдай бір айналдырғанды, шыр айналдырады» дегендей, бір жылдың ішінде үш бірдей ет-жақынымнан айрылу – ақылымнан алжастырды. Ерденді де баласының қазасы есеңгіретіп жіберді. Өкініштен өзегі өртеніп, еңсесі түсіп кетті. Бұрын құлшынып тұратын қызмет орнына да амалының жоғынан баратын сияқты... Диссертациясын жалғастырып жазуға, ізденуге зауқы соқпады. Қайғысын ішімдікпен басуға әуестеніп, ақыл-кеңесімді тыңдауды қойды. Ондай кезде өзіме дүрсе қоятынды шығарып, қол жұмсауға дейін барды. Ақыры еңкейген еңсесін түзей алмай, екі жылдан соң миына қан құйылып, дүниеден озды. Жылап-сықтап, артында жиырма жеті жасымда жесір болып, мен қалдым. Жүйкеме ауыр салмақ түсіп, бір-екі жыл есімді жия алмай жүрдім. Бірге қызмет атқаратын құрбыларым менің көңілімді көтеру мақсатында  кезек-кезек үйлеріне шақырып, оқтын-оқтын біздің үйге келіп, қайғымды ұмыттыруға әрекет жасады. Уақыт өте келе өзіме-өзім келе бастадым. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін істеуі қажет»,-деп, өзімді-өзім жігерлендіріп, еңсемді тіктеуге  кірістім. Қолыма шөбере ағамның алтыншы сыныпты бітірген қызын алдырдым. Пысық қыз екен, маған кәдімгідей серік болды. Баяғы аяқсыз қалған диссертацияны қолға алып, бес жыл бұрын қорғап шықтым. Сіңлім мектепті жақсы бітіріп, университетке  оқуға түсті. Биыл көктемде оқуын бітіріп, өзімен бірге оқыған Шелектің жігітіне тұрмысқа шықты. Бұрын базар-ошарды, үй тірлігін тап-тұйнақтай атқарып келген Айкүміс те, мені биыл жалғыз тастап кетті. «Оқу жылы басталса, қасыма студент қыздардың бірін алармын»,-деп, өзімді өзім жұбатамын. Жалғыздыққа үйрене алар емеспін. Түн түгілі, осы үйде күндіз де елегізимін. Өмірімнің жалғасы болатын ұлымнан айрылғаныма он екі, тағдыр қосқан жолдасымнан ажырағаныма он жыл болды.  Қысқаша айтқанда, менің бағы жанбаған, қуанышынан

қайғысы көп  тағдырым осындай.

                                                             

– Апай, әңгімені қысқа әрі нұсқа етіп, әдемі айтады екенсіз. Тағдыр Сізге көп тауқымет артып, қабырғаңызды қайыстырса да, сағыңызды сындыра алмапты. Менің әкем: «қыз қырық шырақты» дегенді көп айтып отырады. Әлі күдеріңізді үзбеңіз, өзіңізді жақсы сақтапсыз. Өзіңіз айтпасаңыз Сізге отыз жеті емес, білмейтін кісі   жиырма бес жасты зорға береді.

– Ой, рахмет Павел! Көңілімді көтеру мақсатында айтып тұрған шығарсың?..

– Жоқ, апай өтірік айтудан аулақпын, сенсеңіз имандай шыным осы.

– Павел, қай жатақханада жатасың?

– Бірінші.

– Бүгін саған жүгімді арқалатып, жолыңнан қалдырған жоқпын ба?

– О не дегеніңіз? Сабақтың  басталуына екі-үш күн бар, үлгеремін әлі.

– Сен бала маған ұнап отырсың. Менің пәтерім үш бөлмелі, қазір Айкүмістің бөлмесі бос тұр. Оқуыңды бітіруіңе жарты жыл ғана қалыпты. Бүгін жақынырақ танысып, жақсы жігіт екеніңе көзім жетті. Сол бөлмеге қыз іздемей-ақ, сені түрғызсам қайтеді...   Мақұл десең, қазір бөлмеңді көрсетемін...

 Мұндай тартуды күтпеген Павел асып-сасып:

–Апай, бұл қалай болар екен?.. Күтпеген жерден... Жұрт қалай ойлайды?-деп күмілжіп, ойын ашық айта алмай қиналды.

–Павел, жұрттың ойында, сөзінде шаруаң болмасын. Тұратыныңды не тұрмайтыныңды айт. Тұрсаң, сенен пәтерақы да алмаймын, коммуналдық шығындарды өтеп тұрсаң болғаны.

– Жарайды апай, тұрамын.

– О, енді жөніңе келдің. Жүр, бөлмеңді көрсетейін, қаласаң –бүгіннен бастап жата бер.

– Заттарымды алып, ертең келейін.

– Мақұл, келістік. Бірге тұрсақ, әлі-ақ інімдей болып кетесің. Ал, жарайды,  қайтамын десең жолың болсын. Таңертең қысылмай келе бер.  Келгеннен кейін үйдің бір кілтін саған беріп қоярмын.      

           

                                                                  ІІ

 

     Дабырлаған сөздер  құлағына  еміс-еміс естілгендей болып, ұйқылы-ояу жатқан Бибінұр көзін ұқалап ашып, жастықтан басын көтеріп, жан-жағына барлай қарады. Ешқандай дыбыс естілмеген соң, «түсім бе бұл»?-деп аң-таң  болып орнынан тұрды. Терезенің пердесін түріп жатып желдеткіш көзінің ашық қалғанын көрді. Терезеден үңіліп үйдің ауласын барлап тұрғанда  «Сүт, айран, қаймақ» деген  күнделікті ағарған әкеліп сататын әйелдің даусы естілді. «Е, мыналар екен ғой, бүгін ерте келген бе»?- деп сағатына қарады.  «Жеті жарым болыпты ғой, күндегі уақытынан жаңылмайды сабаздар»,-деп күбірлеп, жуынатын бөлме жаққа беттеді. Онан шығып келіп, тоңазытқышты ашып көріп: «бүгінге сүт жетеді екен»,-деп қайта жапты. Дәліздегі айнаның алдына  барып, күнделікті жасайтын дене жаттығуларын жасауға кірісті. Еркін қимылдауына үстіндегі желегі кедергі келтіре берген соң, шешіп – киім ілгішке ілді. Жаттығуды бітірген соң айнаға бетпе-бет тұрып алып, сүйкімді бетінен  кірбің іздегендей  бетінің әр жерін, маңдайын қайта-қайта сипалап көріп, сүт пісірім уақыт әуреге түсті. Бет пішінінен кінәрат таппағандай ризашылықпен тік тұрып, қиғаштап тұрып, көкірегіндегі қос алмасын уыстап, бөксесі мен қарнын, балтырларын сипап көріп – дене құрылысын түгелдей сыннан өткізді. Аздап толықсыған бөксесі болмаса, әлі бұзыла қоймаған құлын мүшелеріне  тамсанғандай пішінмен тоқмейілсіп, аяқтарын еркелей басып, жуынатын бөлмеге кірді. Төбесінен суды сорғалата ағызып жуынып, маржандай тістерін мұқият тазалап болып, шашын кептірді. Сонан кейін  жатын

                                                              

бөлмесіне кіріп, төсегін жинастырып, айнаның алдына отырды. Шашын тарап, қасын

бояп, бет-жүзіне жұқалап опа жағып, үстіндегі үй желегін ауыстырып киіп, самайына сұқ саусағымен француз иіс суын сүйкеп, ас бөлмесіне кірді. Сүтке бөктірілген ботқа пісіріп жүріп, дастарханға қажетті тағамдарды қойып та үлгерді. Өзіне бір шыны кофе дайындап алып, дастархан басына жайғасты. Тамақтанып отырып, қабырғадағы сағатқа  қарайлап қояды. Бір кезде дегбірсізденіп, орнынан тұрып, терезенің алдына барды. Терезеден сыртқа қарап: «Павел қашан келер екен, біреу-міреу айнытып қоймайтын шығар?.. Шәкіртіммен бірге тұрғанның қандай айыбы бар?   Маған серік әрі сес болады. «Түрі жылыдан түңілме» деген емес пе, бойы сұңғақ, жүзі иманды, елгезек жігіт. Оқу озаты, тәртіп бұзғанын естіген емеспін. Маған пайдасы тимесе, зияны тие қоймас... Сағат он бірде жұмысқа соғуым керек еді, оған дейін келіп қалар?»-деп, ойға шомып тұрғанда есіктің қоңырауы соғылды.

     Бибінұр есікке қарай бара жатып, айнаның алдына кідіріп, үсті-басына бір қарап алып барып, есікті ашты.

– Апай, сау-сәлеметсіз бе? Мен келіп қалдым...

– Ой, «молодец»! Жарайсың Павел. Қол сөмкеңді маған бере ғой, өзің жүк сөмкеңді алып кір деді де,  Павелді кешегі көрсеткен бөлмесіне бастап жүрді.

 –Апай, Сіз тірлігіңізді істей бермедіңіз бе, кеше көрген бөлмені өзім де адаспай табатын едім ғой,-деп Павел әзілдеген болды.

– Кеше қонақ ретінде көрсеткенмін, бүгін түрғын ретінде көрсетуім керек шығар... Заттарыңды жайғастырып, бөлмеге көзіңді үйретіп, сонан-соң ас бөлмеге келерсің,-деп, Бибінұр қулана жымиып шығып кетті. Кештен қалған тауық сорпасын  ысытып, дастархандағы босаған ыдыстарды жуып, реттеп болған соң: «Павлик, шайға кел» деп дауыстады. Киімін спорттық киімге ауыстырып келген Павел:

– Ой, апай, несіне осыншама әуре болдыңыз, өзім-ақ шайымды қойып ішетін едім ғой.

– Оқасы жоқ. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп болады. Үйдің жағдайына төселіп алған соң, істей берерсің. Менің жұмысқа баруым керек, кешірек келемін. Сен тамақтанып алған соң, баратын жерлерің болмаса, бүгінгі күніңді үй ішінің жағдайымен танысуға  жұмсасаң дұрыс болар еді.  Шаршасаң деміңді ал, ішің пысса– кітап оқы. Бізде  кітап қоры жеткілікті, сенің сабағыңа қажетті оқулықтар да бар. Мен жатын бөлмемді ғана жауып кетемін, қалғандары сенің игілігіңде.

– Жарайды, апай. Үйде боламын, Сіз жұмысыңызға бара беріңіз.

Бибінұр жатын бөлмесінде киімін ауыстырып алып, жолыққанша,-деп шығып кетті.

Павел ыстық сорпаны  ішіп алып,  шәйнекті қолына ұстап тұрды да, кейінірек ішермін,-деп орнына қайта қоя салды. Танысуды қай бөлмеден бастағаным дұрыс дегендей, аз-кем ойланып тұрып: «тура осы бөлмеден бастайын»,- деді ішінен.

 Павел сәскеге дейін үйдің қай заты қай жерде тұратынын зер сала жүріп жинастырып, жиылған қоқысты далаға шығарып, ыдыс-аяқты жуып, дүкеннен нан менен бір қорап жұмыртқа әкеліп қойып, кітапханаға кірді.  Кітап сөрелерін асықпай шолып, кейбір кітаптарды парақтап көріп, медициналық анықтамалықтар, оқулықтар тұрған сөреге ұзағырақ шұқшиды. Әр кітапты қолына бір ұстап: «Керемет,  кітапханасы  жақсы екен,»-деп қуанып, медицина терминдерінің орысша-қазақша сөздігін қолына алып, газет-журнал қойылған үстелдің жанындағы жұмсақ орындыққа барып отырды. Институтта сабақ орыс  және латын  тілінде жүргізілетіндіктен, сөздікке қызығып, бастан-аяқ бір ақтарып шықты. Бір кезде қарыны ашқанын  сезініп, сағатқа қараса екі болып қалыпты.  Кітапты орнына қойып, ас бөлмеге шықты. Үш жұмыртқа  пісіріп-жеп, шай ішіп алған соң, өзін бір ертегілер елінде жүргендей сезініп, ана күндері барып көрген Тастақтағы жатаған үйлерді менсініңкіремей:  «Сондай үйлерге әкесінің құнын сұрайды ә»,-деп, күбірлеп жүріп, ыдыс-аяқты жуып, жинастырып қойды.  Артынан, ана күндері

                                                           

пәтерақысын қымбатсынып, сол жатаған үйлерге де қолы жетпей жүргені  есіне түсіп: «Аллаға мың да бір шүкір, Бибінұр апайдың рақымын маған түсірген»,-деп орындыққа барып отырды. «Мұндай үйде тұру түсіме де кірмеген еді, бәрі аяқ астынан болды. Егер апай кездеспесе, бүгін де сол жетім бұрышты жағалап жүрер едім ғой. Бұл кісі бізге дәріс  беріп жүрген кезінде, өзіне деген студенттердің ынтық сезімін байқады ма екен?.. Солардың бірін паналатып оырғанын сезбегені ме? Жалғызбасты екеніне қарамай, қалайша  маған осыншама сенім артты? Жүгін көтерісіп келгенім үшін ғана ма? Мүмкін емес... Әлде үлгерімім жақсы болғандықтан ба? Өзі қырыққа жақындап қалғанына қарамай жап-жас көрінеді. Күйеуінің марқұм болғанына он жыл болыпты. Неге қайта төсек жаңғыртпады екен? Кермаралдай керілген сұлу келіншекке ешкімнің көзі түсіп, сөз салмағаны ма? Алданыш болатын баласы да жастай шетінеп кетіпті, неге бір ер азаматтың етегінен ұстамаған? Әлде, қуанышынан   қасіреті көптеу болған шерлі тағдыры жұдырықтай  жүрегіне шемен етіп қатырған мұздың еруі, елжіреуі қиын ба, екен?  «Бірге тұрсақ, інімдей болып кетесің» деді емес пе?.. Пәтерақы да алмай, коммуналдық шығындарды ғана өтеп тұруымды  сұрағаны – мені мүсіркегені ме, жоқ, жақын тартқаны ма?.. Қандай болған күнде де, азық-түлікке жұмсалатын қаржыны бірдей жұмсауым қажет. Апайға мүмкіндігінше қолғабысымды тигізіп, қолын ұзартуым керек.  Маған осыншама жақсылық жасап отырған адамды ренжіту  түгілі, көңіліне кірбің ұялатуға хақым жоқ. Інісіндей көрсе – іні болуым, баласындай көрсе – бала болуым керек. Басқаша ойы бола қоймас... Апай «кештеу келемін» деді ғой, жатақханаға барып келсем бе екен?.. Жоқ, ертең барармын, институтқа да соғып, сабақ кестесі ілінсе, жазып алуым керек. Бүгін апайды күтпей, кешкі  тамақты пісіріп қояйын»,-деп тоңазытқышты ашып, мұздатқышында тұрған етті қолына алып көрді. Мұз болып, тастай қатып қалыпты. Оңайлықпен ерімейтініне көзі жетіп, дүкеннен үш жүз грамм кеспе сияқты кесіп қойған ет пен жарты келі тұздалған қияр алып келді. Ойы жазғы демалыста қарындасына септесіп, бұқтырып жеген «татар азуы» деген тамақты дайындау. Алдымен журналдан оқыған дайындау тәртібін есіне түсіріп, қарындасының іс-қимылын  ой елегінен өткізіп алып, іске кірісті. Қыздырылған  майға етті он бес минуттай  қуырып алып, үстіне туралған картоп  салып, су құйды. Тамақтың дәмін кіргізетін қоспалардан аздап  қосып, тұз салу керек немесе керек  емес екені есіне түспей аңтарылып қалды. Ойлана келе аздап тұз септі де, бұқтырып қойды. Тұздалған қиярды турап, табаға бөлек қуырып алып, тамақтың картошкасы пісуге жақындағанда араластырып, қазанның  қақпағын жауып, газды пәсейтіп қойды.   «Енді бес-он минутта дайын болады, апай да келіп қалар»?-деп  сағатқа қарады.

Көп күттірмей:

– Павел, қалайсың, үйренейін дедің бе үйге?- деп  Бибінұр кіріп келді.

–Апай, кешіктіңіз ғой,-деді  Бибінұрдың қолсөмкесін алып жатып.

– Жиналыс созылып кетті. Өзің не істедің?

– Үйден шыққан жоқпын, аздап үй тірлігімен айналыстым.

– Жақсы, мен киімімді ауыстырып келейін,-деп Бибінұр жатын бөлмесіне кіріп кетті. Павел ас үйге кіріп дастархан мәзірін дайындауға кірісті.

 Бибінұр киімін ауыстырып келіп, Павелдің іс-әрекетіне таңдана қарап:

– Ой, сен кешкі асты да әзірлеп қойғансың ба? Қызға бергісіз жігіт екенсің ғой, өзің.

– Апай, бар өнерімді  салдым. Қандай болғанын жеп отырып көрерміз.

– Оңтүстік өңірінің еркектерінің мұндайға аса қыры бола бермейтін еді, сен тамақ пісіруді қайда жүріп үйрендің?

– Ата-анам қарт кісілер болғандықтан, үйде жүргенде тамақты қарындасым пісіреді, мен оның жанында жүріп көмектесетінмін. Содан аздап үйренгенім бар.

– Күте тұрғаныңда, өзім келіп пісіретін едім ғой...

                                                               

– Сіз жұмыстан шаршап келгенде, әбігерге түспесін дедім.

– Рахмет, өркенің өссін! «Өнерді үйрен де жирен» деген аталарымыз. Тамақты дәмді пісіру де өнер. Ұйғырларды, өзбектерді көрмейсің бе, тамақты әйелдерінен еркектері дәмді пісіреді. Бірақ, біздің қазаққа бұл қасиет онша сіңіспеген. Оңтүстікті мысалға алғаныма сен ыстықтамай-ақ қой, біздің үйдегі ағаң Сарыағаштың жігіті болатын.

– А, солай ма?

–Иә, солай. Жерлестік пыйғылмен қарасақ, сен маған қайын, мен саған жеңге боламын. Бірақ, дәріс бергенімді есепке алып, апай дей бергенің жөн шығар...

– Сарыағаш ауданы бізге іргелес жатқан аудан ғой.  Үлкен кісілер ағайды білетін де шығар?..

– Мен ол жақты онша біле бермеймін, бір-ақ рет болғанмын. Оның үстіне Ерденнің жамағайындары болмаса, ет-жақын туыстары жоқ.

– Апай, тамақтың пісетін уақыты болды-ау деймін...

–А, онда мен ыдысқа салайын,-деп Бибінұр қазанның қақпағын ашты. Керемет! Фирмалық тамақ жасапсың ғой Павел,- деді күліп.

– Апай, мақтауға асықпаңыз. Бағасын жеп көрген соң бергеніңіз дұрыс.

– Исі бұрқырап тұр ғой, дәмі де тіл үйіретін болар,- деді ол қазандағы тамақты шұңғыл ыдысқа аударып жатып. 

Ортаға қойылған астың бір-екі түйірін аузына салып үлгерген Павел:

– Тұзы тіктеу емес пе, апай?- деді.

 Бибінұр аузына түскен еттің дәмін алып отырып:

– Тамаша!- деді бас-бармағын шошайтып.

 Павелдің қобалжыған көңілі орнына түскендей болып, өзі пісірген тамақты жеуге белсене кірісті. Тамақ жеп отырғандағы үнсіздікті Бибінұр бұзды:

–  Павел,  жүретін қызың бар ма?

Павел күтпеген, қабырғасынан қойылған сұрақтан қысылыңқырап:

– Иә, бар деді қызарақтап.

– Осы қалада ма?

– Жоқ, Шымкентте, Розамен бірге оқиды.

– Өз ауылыңның қызы ма?

– Шымкент облысының Ленгір ауданынан.

– Қарындасың арқылы таныстыңдар ма?

– Иә. Бір жыл болды хат жазысып тұрамыз.

– Алматыға келгісі келмей ме?

– Біраздан бері хат алған жоқпын, ол жағын білмеймін.

– Есімі кім?

– Нұржамал.

– Осы жаққа келетін мүмкіндік туындаса, міндетті түрде осы үйге түссін. Танысайық, мақұл ма? Біздің үйдің телефонын беріп қоюыңа болады.

– Қамқорлығыңызға рахмет. Хабарласып жатсақ, сәлеміңізді жеткіземін. Оларды бірден мақта теруге алып кетпесе, сабақтары басталады ғой. Мақтаға бір ай  оқытып, қазан айында апаруы да мүмкін...

– Павел, мен мақтаның өсіп тұрғанын көргенше, ұлпасын шашатын теректер сияқты ағаштардан жиналатындай елестететінмін. Сөйтсем, бір жылдық шөптесін өсімдік екен ғой.

– Қазақстанда біздің облыста ғана өсіріледі. Күннің ыстығын қалайтын өсімдік.

– Нұржамалмен кездесіп тұрасыңдар ма?

– Сирек. Былтырдан бері Шымкентке үш рет барып келдім, ол Алматыға бір рет те келген жоқ, - деп күлді Павел.

                                                             

– Көрдің бе?.. Қыздар пысықтау, қулау болады. Сені әлі де сынап жүрген болар?..

– Мүмкін?

– Ата-анасы бар қыз ба?

– Бар. Ата-анасы колхозда шопан болып қызмет атқарады екен. Нұржамал «Бірінші мамыр» ауылындағы мектеп-интернатта орта білім алып, институтқа түсіпті.  

 – Жақсы. Ауылдың қыздары қаланың қыздарына қарағанда инабатты келеді. Әке-шешең біледі ме?

– Роза айтпаса, мен айтқан емеспін. Бұрын, «пәленшенің, түгеншенің керемет  келін болатын қызы бар»,-деп, ауылдағы қыздарды мақтап, құлағымның құрт етін жейтін еді. Біраздан бері кемпір-шалдың  ондай әңгімелері тыйылып, «қашан үйленесіңге» көшкеніне қарағанда, хабардар болуы керек.

– Қашан үйленбекші ойың бар?

–Уақыт көрсетеді апай. Алдымен оқуды бітіріп, қызметке орналасып алайын. Нұржамалдың оқуы бар...

– Ой, оның не қиындығы бар, пединститутты сыртқы бөлімге ауысып-ақ бітіруге болады. Бір-біріңді сүйетін болсаңдар, ата-анаңды ертерек қуантқаның  дұрыс.

– Бұл мәселені ақылдасып, көп кешіктірмей шешеміз.

– Сені әңгімеге айналдырып тамақ жегізбей қойған жоқпын ба?

– Жеп жатырмын апай. Қайта әңгіме айтып отырып жеген ас – сіңімді болмай ма?..

– Павел, тамақ жеп болған соң, теледидардан жаңалықтарды көрейік. Шайды сонан кейін ішерміз.

– Мейлі.

– Ертең мен жұмысқа ерте барып, түске дейін келіп қаламын. Сенің жоспарың қандай?

– Менің де институтқа, жатақханаға барып шығатын шаруаларым бар. Бірақ, көп кешікпейтін шығармын?..

– Менің кинотеатрға бармағаныма көп болды, ертең киноға барсақ қайтеді?..

– Барғыңыз келсе – барайық. Кең экранды «Целинный» кинотеатры менің жолымда ғой, билет ала келейін.

– «Алатау» кинотеатрына алсаң – тіпті жақсы. Жаяу барып-келуге болады. Жанды ауыртатын соғыс туралы кино болмаса болды.

– Мақұл апай, кинотеатрлардың қойылымдарын «Алматы ақшамынан» көрермін.

–Келістік онда. Сен теледидарды қойып, көре бер. Мен ыдыс-аяқты жуып, жинастырып барамын.

 

                                                                  ІІІ

 

      Павел таңертең сағат жетіде тұрып, жақын маңдағы «Панфиловшылар» саябағына жүгіруге кетті. Ол келгенше  Бибінұр таңғы жаттығуын  жасап, жуынып, бір шыны кофе ішіп, асығыс киініп, жұмысына баруға жолға шықты.

     Павел беймарал, сағат тоғыздан асқанда үйден шығып, газет сататын дүңгіршектен  газет сатып алып, кинотеатрлардың қойылымдарының кестесін қарап шықты. Апайдың қалағаны болсын,-деп «Алатау» кинотеатрына қарай жаяу тартты. Ол жерде екі сериялы «Шаң басқан гүл» атты Үнді елінің кинофилімі жүріп жатыр екен. Соның кешкі қойылымына билет алып, ары қарай өз шаруаларымен кетті.

...Қасты сүрмелеп, бетті опалап, сәнді киініп шыққан Бибінұрдың көңіл-күйі көтеріңкі. Ақ көйлек, шымқай қара костюм киіп, алқымына желбезек галстук таққан Павел оркестрдің дирижерін еске түсіргендей. Қатар жүріп келе жатқан екеуінің жас айырмашылығын сырт көздің байқауы да неғайбыл. Қыз бен жігіт,-деп қабылдайтындай жарасымды жұп сияқты. Павел жазғы демалдыста оқыған, Ги Де Мопассанның «Өмір»

                                                              

романындағы қаншама тауқымет көрсе де мойымаған, ақпейіл жүрегін кір шалдырмай күн кешкен  басты кейіпкер әйелдің рухани ерлігін Бибінұрға айтып келе жатып, кинотеатрға келіп қалғанын да байқамай қалды.  «Ертерек келіп қалған жоқпыз ба»?-деген Бибінұрдың сөзінен кейін Павел кілт тоқтап сағатына қарады.

– Әлі жарты сағаттан астам уақыт бар екен, ана тұрған дәмханадан бір-бір балмұздақ жеп алсақ қайтеді апай,- деді батыс жақты оң қолымен нұсқап.

– Жарайды,- деп Бибінұр келісе кетті.

    Сағат жетідегі қойылым тұп-тура уақтысында басталды. Бірте-бірте оқиғасы шиеленісіп бара жатқан көріністер кісінің аяушылық сезімін оятып, көңілі бостарды жылата бастағандай... Павелдің көзінің қиығы аузын бет орамалымен жауып, үн шығармауға тырысып, жылап отырған Бибінұрға түсіп кетті.  «Жылап алғаны дұрыс шығар»?-деп байқамаған болып отыра берді. Үш сағатқа созылған қойылым аяқталған соң, өре түрегелген жұртпен бірге ауызғы бөлмеге шыққан кезде Бибінұр:

– Павел, сен мені есіктің алдында күте тұр,- деді  де, әжетханаға бұрылды. Он минут өтер-өтпесте күлімсіреп шыққан Бибінұр, аяғын асығыстау басып келіп:

– Кеттік Павел,-деді де, Павелдің оң қолтығына  қолын салып, алға қарай сүйрей жөнелді. Түкке түсінбеген Павелдің, Бибінұрдың ыңғайына үнсіз көнуден басқа амалы қалмады. Аңдаусызда электр тогы ұрғандай денесі ду етіп, қаны басына шапқандай болды.  Есалаң күйге түскен Павел біраз жүргеннен кейін есін жыйып:

– Апай, кино ұнады ма Сізге?- деді даусы дірілдеңкіреп шығып.

– Ұнағанда қандай! Көптен бері жылаған емес едім, көңілім босап, тұла бойымнан бір ауыр жүк түскендей  жеңілдеп қалдым. Рахмет саған.

– Несіне маған рахмет айтасыз, бастама көтерген өзіңіз емес пе едіңіз?.. Қайта мен Сізге рахмет айтуым керек сияқты...

– Менің бастамамды қоштағаның үшін айтып келе жатқан жоқпын ба. Өзіңе ше?

– Маған да ұнады. Іштен неге сонша асығыс шықтыңыз?

– Сенің осыны міндетті түрде білуің керек пе?-деп сыңғырлап күліп алды да, менің артымнан шыққан қасқабасты байқадың ба?- деді.

– Қозы қарны бар, жирен мұрттыны ма?

– Иә, сол. Пайғамбар жасынан асқан, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қақпас шал.

– Ол шал не істеді, көңіліңізге тиетін бірдеңе деді ме?

– Бүгін ештеңе демегенмен, екі жылдан бері араға адам салып: «екі жарты – бір бүтін болайық,»-деп, көп мазалады. Бетін қанша қайтарсам да, түсінбейтін қу. Бүгін бетпе-бет ұшырасып қалғанымызды қарашы...

– Зейнеткер ме?

– Ауыл шаруашылығы институтының доценті.

– Ғалым екен ғой, ұнатпадыңыз ба?..

– Ыңғайына көне салуым керек пе еді, сонда?..

– Меніңше, көнбегеніңіз жақсы болған, Сіздің әкеңіздей көрінеді екен.

– Кіші баласымен бірге тұрады, немерелері бар. Кемпірінен ажырап қалғанымен, жалғызсырайтын реті жоқ, еріккендік сияқты көрінеді. Оның үстіне, неге екі мүшел үлкен кісімен тағдыр қосуым керек... Менің пешенеме ылғи сондай кісілерді жазып қоймаған шығар?-деп күрсінді. Еш болмаса сүйкімді болса екен,-деп Павелдің білегін қыса түсіп, «сен не дейсің» дегендей бетіне қарады.

Жүрегінің лүпілін баса алмай келе жатқан Павелдің аузына тұщымды сөз түспей:

– Мен Сізді толық қоштаймын дей салды.

– Павел, үйге де жақындап қалдық, тағы біраз көшеде серуендесек – бізге ешкім тиіспейді ме?-деді сыбырлап Бибінұр, көшенің арғы бетінде дабырласып тұрған топқа ұрлана қарап келе жатып.

                                                            

– Мектептің оқушылары ғой, тиіспейді апай.

– Дегенмен... Басқа күні серуендерміз, үйге кіріп шай ішейік одан да.

– Сіз қалай десеңіз, солай болады апай.

     Екеуі көріп келген киносының көріністерін естеріне алып, шайдан кейін де біраз уақыт дабырласып отырған соң өз бөлмелеріне ұйықтауға кетті.

     Жарықты сөндіріп, төсегіне жатқан Павелдің ұйқысы келер емес. Бір жамбасынан бір жамбасына қайта-қайта ауысып, шалқасынан, етпетінен жатып көрді. Өрекпіп соққан жүрегі басылар емес. Кино көріп отырғандағы, қайтып келе жатқандағы Бибінұрдың қылықтарының барлығы есінен кетпей, неге жоритынын білмей, ойға-қырға сүйреген ойы тағат таптырмай қинауда. Санасына желік кіріп, ашқарақ құштарлық бой көтеріп, дөңбекши берді.  Түн ортасы ауғанша өз сезімімен  өзі жалғыз алысқан Павел орнынан тұрып, ас үйге барып су ішіп, төсегіне қайта келді.  «Не болды маған, соншама»?-деді екі қолын айқастырып желкесіне қойып, шалқасынан жатып алып.  «Жүрген қыздармен құшақтасқан, сүйіскен  кездерде де мұндай шыдамсызданған жоқ сияқты едім... Апайдың қолтығымнан ұстағанына осыншама толқудың мәнісі не?.. Махаббат па, нәпсіқұмарлық па, көрсеқызарлық па?..  Мені–шәкірті есебінде қамқорлығына алған, сенім артқан ұстазым емес пе?!. Тағылық есер сезімді құрықтай алмай, бөлмесіне кіріп барғанымда ше?.. Масқара! Түн ортасында үйінен қуып шығар ма еді?.. Жоқ, жігіттігі ғой,-деп түсіністік танытар ма еді?.. Шынында, қайтер еді?.. Ол кісі де күйеуі  жоқ – бойдақ келіншек. Медицина тілімен айтқанда физиологиялық, анайы тілмен айтқанда табиғи қажеттілік бар емес пе?.. Ол кісі де мен сияқты қиналып жатуы мүмкін ғой?.. Ұят-ай, не деп далбасалап кеттім?  Адам өз бойындағы әсіреқұмарлықты тежеп ұстай алмаса, орға жығуы әбден мүмкін ғой. Мені бүгін Құдай бір сақтады. Көзіме біреу тіреу қойып қойғандай  ұйқым қай жаққа қашып кетті?.. Қой ұйықтамасам болмас»,-деп екі көзін тарс жұмып алып, оң жамбасына аударылып жатты. Бәрібір ұйқы алар емес. Ойына тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде алғаш рет ғашық болған, бірге оқыған қызы – Балнұр түсті.  Сезімін білдіріп – оның пальтосының қалтасына қалай хат салғанын, алғаш қолынан ұстаған сәттегі жүрек толқуын, беті түгілі қолынан сүюге батылы жетпей қалай қиналғанын есіне түсіріп, мырс етіп күліп жіберді.  «Соншама ынжық болғанмын ба, сонда»?-деп өзіне-өзі сұрақ қойғандай ерні жыбырлады. «Бәлкім, махабаттың тілашар әліппесі осылай – ежелеп оқылатын шығар»?- деп өзін-өзі жұбатқандай болды ішінен.

   ...Тау қопарар жойқын селдей сезіммен алысып шаршаған Павел, таң қылаң бере ұйқтап кеткенін сезбей қалды. Ұйқтағанда да, тура жаудың бетін қайтарып келген батырлардың  ұйқысын ұйықтағандай... Оянса, сәске түс болып қалыпты. Бибінұрдың қай кезде тұрып, қашан үйден шығып кеткенін білмейді. Мең-зең болған басын ұстап тұрып, сағатқа қарады. «О-хо, сағат он бір болыпты ғой!.. Ертең сабақ басталады, дүкендерді аралап, қалам-қағаздарымды қамдауым керек емес пе»?-деп керіліп-созылып айнаның алдына барып тұрды. Домбыққан қасы-көздерінің айналасын ұқалап, неге сонша төсті жарып шығардай бұлқындың,-деп жұректің тұсын сипалап қойып, дене жаттығуларына кірісті. Он-он бес минут әр түрлі қимылдар жасап, бір орында тұрып жүгіріп болған соң, ваннаны

 тұзды суға толтырып, денесін суға толық батырып жатты. Жуынып-шайынып шыққаннан кейін, айнаның алдында тұрып: «О, енді дұрыс! Пәлегінен жаңа үзілген қиярдай емес пе»,-деп екі бетін шапалақтап қойды. Тамаққа деген зауқы онша болыңқырамай, бір шыны қара кофе  ішіп, сыртқа шықты. Жатақханаға, институтқа барып, дүкендерден қажетті заттарын түгелдеген Павел, үйге кештетіп бір-ақ келді.  Ертерек келген Бибінұр кешкі асты пісіріп қойып, Павелге қаратып отыр.

– Павел, келгенің жақсы болды, кешкі ас дайын. Киіміңді ауыстыр да,  келе ғой.

 

                                                             

– Мақұл апай,-деп  өзінен-өзі қуыстанған Павел, қызарақтап жатын бөлмесіне кіріп кетті. Киімін ауыстырып болып: «Түндегі менің әумесер күйімнен апай бейхабар сияқты ғой»,-деген ойдың жетегінде ас бөлмесіне енді.

 – Павел, түнде жақсы ұйықтадың-ау, шамасы?.. Таңертең жүгіруге де шықпадың. Сабақ басталарда ұйқысын қандырып алсын деп, ұятпай кеттім.

– Иә, апай. Тұяқ серппей ұйқтаппын ғой. Сіздің қай кезде шығып кеткеніңізді де сезбеппін.

– Бүгін институтқа министр –Төрегелді Шарманов келіп, ұстаздар қауымымен кездесу өткізді. Әңгіменің арқауы  сапалы медицина мамандарын дайындау мен оларды қажетті мамандарға зәру жерлерге жолдамамен жіберу болды. Қарағанды облысынан бөлініп,  жаңадан Жезқазған облысының ашылғанын білесің. Жаңа ашылған облыс  болғандықтан, мамандарға деген зәрулік жоғары екен. Біздің институттың бітірушілерінің де біраз бөлігін сол облысқа жібермекші.

– Апай, жолдама берерде отбасының жағдайы есепке алына ма?

– Әлбетте. Алдын-ала қай жерлерге қандай мамандар қажет екендігі туралы тізім ілінеді. Кімнің қай жерге  барғысы келетінін комиссия мүшелері қарап шығып, ұсыныстарын береді. Тіпті, кейбіреулерге өз ықтиярымен жұмысқа орналасатын мүмкіндік берілуі де ықтимал.

– Біздің облысқа жолдама берілмеген күнде, қарт ата-анамның барын тілге тиек етсем,  жолдамамен мәжбүрлемей ме мені?

– Деканатқа жағдайыңды түсіндіріп өтініш жазып өткізсең, комиссияның қарауына ұсынып, тиісті қорытынды шығуына  ықпал жасай алады.

– Қиындық туындап жатса, сөз жәрдеміңізді тигізесіз бе?

– Әлбетте, уайымдамай-ақ қой. Сендердің факультеттеріңнің деканының орынбасары – менің жақсы сыйласатын құрбым. Соған ескертуге болады.

– Жақсы болар еді. Әке-шешем менің ертерек  оқу бітіріп келуімді  зарыға күтіп отыр емес пе...

– Түсінемін мен оларды. Қазақ қыз баланы жат жұрттық санап, үмітін ұл балаға артады. Ұл–түтінін түтетіп, ұрпағын жалғайды, қыз – өрісін кеңейтіп, басқаны таңдайды. Бірақ, қыз баланың  ата-анасына, туысқандарына деген мейрімі ұл баладан әлде қайда жоғары болатынын біреу білсе, біреу біле бермейді. Ол жат-жұртта жүрсе де өмір бойы төркінінің тілеуін өз отбасынан кем тілемейді, мерейлерінің үстем болғанын қалайды. Қуанышына ерекше қуанып, қайғысына қабырғасы қайысады. Қандай жағдай болсын сүйегін сатпайды, ақтық сапарға да әкесі мен анасының қызы болып аттанады. Пәлсапа айтып сені жалықтырып жіберген жоқпын ба? Тамақтанып алайық, әңгімені шай ішіп отырып жасғастырармыз.

– Жалыққан жоқпын, керісінше Сіздің әңгімеңізге қатты қызығып отырмын. Қарындасым – Розаны бұрынғыдан да жақсы көріп кеткендеймін...

– Нұржамалды ше?

– Нұржамал мінезі салмақты қыз болғандықтан ба, кездесулеріміз салқынқанды, ресми жағдайға ұқсайтын түрде ғана өтіп келеді. Бір-бірімізге айтар  ойымызды көбінесе  Роза арқылы жеткіземіз. Екеумізде де көрмесек тұра алмайтындай, алып ұшып тұрған сезім жоқ сияқты... Маған қарағанда ол Розаға қатты ұнайды.  «Өзіңнің де, әке-шешеміздің  де жағдайын жақсы жасайды, өте пысық, тәрбиелі, өсіп-өнген жерден шыққан қыз»,-деп мақтайды да отырады.

– Алматыдан ешқандай қызды ұнатпадың ба? Біздің институттың өзінде не көп, қыз көп емес пе?..

– Жүрген қызым, әке-шешемнің қолына барып тұратынымызды есіткеннен кейін, тайқып кетті.

                                                           

– Қай жердің қызы еді?

– Қарағандының.

– Онда дұрыс болмаған екен. Ол қыз әлі оқи ма?

– Жоқ, биыл бітіріп, Қызылжардың бірге оқыған жігітіне күйеуге шығып кетті.

– Өкінішті. Драма ғой мынауың. Қызға зияныңды тигізген жоқ па едің, әйтеуір?..

– Үйленбекші болып жүгенбіз,-деп  Павел күмілжи сөйлеп, қызарақтап қалды...

– Жарайды,  ақталмай-ақ қой, бақытты болсын!

– Бұрыннан сөз салып жүрген жігіт екен, бақытсыз етпейтін шығар?..

– Сонда, өзің сүйген, өзің бетін ашқан қыздың өзгеге бұйырғанына өкінбейсің бе?

– Өкінбеу мүмкін бе, апай?  Әрине өкіндім, біраз қиналдым. Бірақ, амал қанша?..

– Болар іс болыпты, өкінгеннен пайда жоқ. Басың жас, сымбатты жігітсің.  Күні ертең қолыңа диплом алайын деп отырсың. Қарындасың өз ауылыңның пысық қызын тауып беріпті, одан артық не керек?..

– Бірақ, Нұржамалды Талшындай жақсы көріп кете алмай жүрмін.

– Есімі әдемі екен.

– Орысша оқығаны  болмаса, өзі де Сізге ұқсаған әдемі болатын.

– Оқасы жоқ, уақыт өте келе Нұржамалды да жақсы көріп кетесің.

– Мүмкін?.. Әзірше Розаның көңілін қимай жүрмін. Әке-шешемнің де жағдайын ойлаймын.

– Ұнамаса  қыздың басын әуреге салма. Ауылыңда сұлу қыздар көп шығар, шекесінен шертіп жүріп алмайсың ба, ұнағанын?

– Бұйырғаны болар апай...

– Павел, сен әлі кесеңдегі сорпаңды тауыспағансың ба?  Болмайды, тауысып қой.

– Апай, толтырып құйыпсыз ғой маған, қазір тауысамын.

– Жарайды, мен ыдыс-аяқты жуып, жинастырып алған соң ертеңгі сабаққа дайындығымды пысықтап алып, ертерек жатуым керек. Сабаққа баратын болсаң, сенің де солай еткенің дұрыс. 

– Барамын.  Бір ай теориялық дәріс алған соң, танымдық тәжірибе алуды бастаймыз.

– Қай жерге баратындарың белгілі ме?

– Мені Ташкент даңғылының бойындағы нөмірі жиырма бесінші дәріханаға бөліпті.

– Сен неге емдеу факультеттерінің  біріне түспей осы мамандықты таңдағансың?

– Мектеп бітірген жылы құжаттарымды емдеу факультетіне тапсырып, конкурстан өте алмағанмын. Әскери міндетімді атқарып келген соң, осы факультетті таңдадым. Анатомия сабақтары формалиннің иісі аңқыған мәйітханада пысықталады деген соң, емдеу факультеттерінен жүрексіндім.

– Онда дұрыс таңдаған екенсің. Алатын мамандығың біздің Республикада тапшылық сезіліп отырған мамандық. Өзбекстанда провизорларды бір институт дайындайды, бізде бір ғана факультет.

– Апай, Сіз дайындала беріңіз. Ыдыс-аяқты мен-ақ жинастыра саламын.

– Жоқ, өзім жинастырып барамын. Сен шай ішкің келсе, өзің демдеп ішерсің. Мен жатарда айран ішіп жатамын.         

                                                                 

                                                             ІV

    

    Оқу жылының басталғанына да лезде үш апта өтіп кетті. Бибінұр мен Павел бір-біріне кәдімгідей бауыр басып алды. Екеуі апалы-інілідей тату-тәтті, келетін уақытынан бірі кешіксе – екіншісі уайымдап, бір-біріне көрген-білгендерін айтып, бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп тұрып жатты. Өткен жексенбіде Мұхтар Әуезов атындағы

                                                             

 академиялық драма театрының қойылымын көріп қайтты. Ертеңгі жексенбіде Абай атындағы «Опера және балет» театрына баруды жоспарлап қойған.

     Бүгінгі күн – сенбі. Бибінұр жұмыстан түс мезгілінде келіп, тамақтанып алып, кір жууға кірісті. Кір мәшинесімен жуылатындарын мәшинеге салып, қолмен жуылатындарын  қолмен жуып, жайып жүргенде, күн батуға арқан бойы ғана қалды. Неге екені белгісіз, Павел келетін уақытынан кешігіп жатыр. Жатақхана жаққа барып жүрген шығар,-деп топшылаған Бибінұр сағатқа қарап: «Қой, тамақ пісіруге әрекет жасайын»,-деді де, ас бөлмесіне кірді. Павел күнді батырып, іңір қараңғысы түскенде бір-ақ келді.   

– О, сері жігіт, кешіктің ғой. Жайшылық па?

– Жайшылық апай. Группалас бір қыздың туылған күнін атап өттік.

– Мейрамханада ма?

– Жоқ, жатақханадағы бөлмесінде.

– Сенің группаңда төрт-бес қыз ғана бар емес пе, қайсысы?

– Жантаева Айгүл деген – Өскеменнің қызы.

– Ана, тықылдап қалған тәмпіш мұрын, ақ-сары қыз ғой, білемін. Өте пысық қыз.

– Ия, дәл өзі.

–Той-тойлап – тоқ келдім десеңші, онда... Мен тамақ әзірлеп сені күтіп отырсам... Қазы-қарта асып берді ме?

– Сүрленген бұғының етін бұқтырыпты.

– Группаластары түгел барды ма?

– Жоқ, жатақханада тұратындары ғана.

– Сені арнайы шақырған ғой...

– Поштаны көру қажет болғандықтан, жолай бір десте гүл ала барып, құттықтадым.

– Өзің Оңтүстіктен болғаныңмен Солтүстіктің, Шығыстың қыздарына жанай жүреді екенсің,- деп Бибінұр күлді.

– Реті келіп қалды апай,- деді Павел де күлген болып, қызарақтап.

– Арақ-шарап құйылмады ма, сап-саусың ғой?

– Мен көп отырмай рұқсат сұрап – қайтып кеттім. Қалғандары әлі отырған болар?..

– Тілекті құрғақ айттыңдар ма сонда?

– Жоқ, аққайнар атылып, қызыл шарап құйылды ғой. Мен екі-үш тілекке ғана қосылдым.

– Жатақханада басқа не жаңалық бар екен?

– Розадан хат алдым. Әкем аздап тұмауратып қалыпты. Ең басты жаңалық, Нұржамал күйеуге шығыпты.

–  Қалай?..

– Өз еркімен емес, алып-қашып кетіпті.

–  Кім?.. Қашан?..

–  Оқу жылы басталардан үш-төрт күн бұрын, өзімен бір мектепте оқыған жігіт екен.

–  Сонда, ол қыз қарсыласпаған ба?

– Қарсыласып, бір тәулікке дейін басына орамал салдырмай отырыпты. Ауылдың кемпірлері күндіз-түні: «Осыдан орамал салдырмасаң – қайтып келген қыз атанып, масқара боласың, басыңнан бағың таяды, ата-анаңды жерге қаратасың»,-деп жүріп, қызды көндіріпті. Жігіттің әке-шешесі қыздың төркініне кешірімге сый-сияпатпен кісі жіберіп, араға ферма бастығын салып жүріп,  қыз жақты тыныштандырыпты.

– Неге милицияға шағынбаған?

– Бізде ауыл адамдары оңайлықпен құқық қорғау мекемелеріне жүгіне бермейді. Көбінесе ауыл қарияларының сөзіне тоқтайды. Оның үстіне қызды көндіргеннен кейін, «өз еркіммен келдім» деген қолхат алынады.

– Мұндай жағдай жиі болады ма?

                                                             

– Елдің ішінде, әсіресе ауылдық жерлерде болып тұрады.

– Саған мұндай оқиға үйреншікті жай сияқты жайбарақат айтып отырсың ғой...

Біреудің мәпелеп өсірген қарқаралы қызын еркінен тыс, басып алып кету қылмыс емес пе? Коммунистердің әйел теңдігін әперіп, құқығын еркектермен теңестіргені қайда, сонда? Сұмдық-ай... Нағыз феодализмнің көрінісі... Әйел зорлағанмен пара-пар қылмыс қой, неге ондай тағыларды жазаламайды, а?.. Қыздарға обал емес пе? Павел, ертең қарындасыңды да зорлап алып кетсе, осылай жайбарақат отыра бересің бе?..

– Апай сабаңызға түсіңізші... Тура мына жағдайда менің қолымнан не келеді?

– Ештеңе келмейтінін білемін. Ең болмағанда, өкініш білдіру қолыңнан келетін шығар?.. Алып кеткеніне қуанған адамдай, жайбарақат түріңе қарап қаным қызып отыр.

– Апай, Роза да ренжіп жазыпты, енді Сіз ұрыспай-ақ қойыңызшы...

– Не,- деп  ренжіпті?

– Оның ойынша: «Кежірленбей,  айтқанына көніп, жазғы демалыста  Нұржамалға үйленіп алғанымда, мына жағдай болмайтын екен». Қара қылды қақ жара айтыңызшы, сонда қыздардың құқығы сақталып, менің құқығым таптала беруі керек пе?..

– Қашан мен саған құқығыңды таптат деп едім? Керісінше, ұнамаған қызды үміттендірме дегенмін.

–  Бүгін мені айыптағандай ашуландыңыз ғой...

– Мен бейкүнә  қыздың тағдырына араша түспедің деп емес, немқұрайды қарағаныңа ашуландым.

–  Апай, айтысып отыра береміз бе, тамақ ішпей...

–  Сен тойып келген жоқсың ба?

–  Есесіне Сіз ашсыз ғой. Менің де тойып тұрғаным шамалы.

– Ендеше, тамаққа отырайық,- деді Бибінұр сабасына түскендей кейіппен күлімсіреп.

–  Ашуыңыз тез басылады екен...

– Мені жаман адам,- деп кім айтты саған?.. Көп сөйлей бермей, тамағыңды іш.

– Құп болады. Сіз бастамасаңыз бүгіндікке аузымды ашпайын.

– Енді қарындасыңа  қандай жауап қайтармақсың?-деп, бес-алты минутққа созылған тыныштықтты Бибінұр бұзды.

– Маған қарайламай, сүйген жігітің болса, ертерек тұрмысқа шыға бер демекпін. 

– Жүретін жігіті бар-жоғын білмейсің бе?

– Бар сияқты... Бірақ, әр-түрлі сылтаулар айтып, менімен таныстырудан қашқақтайды.

– Қарындасың  есебі күшті, қу қыз ба деймін?..

– Қулығын білмеймін, бірақ, өзінен гөрі менің жағдайымды көбірек ойлайтыны анық.

 – Нұржамалдан айрылып қалған соң, саған басқа қыз қарастырып жүрген болар?..

– Мен оның жетегіне жүре беретін – тайлағы емеспін ғой.

– Алматыда оқитын Шымкенттің қыздары көп емес пе, болашақ жарыңды неге солардың ішінен іздестірмейсің?

– Жүрекке әмір жүрмейді, оның үстіне олардың бәрі мені күтіп жүрмеген болар?..

– Көп таңдаймын деп жүріп, тазға жолығып қалма, Павел...

– Апай, тақырыпты ауыстырайықшы...

– Қай жаққа ауысқанын қалайсың?

– Сіз жаққа.

– Мен өмірбаянымды қысқаша болса да, айтып берген сияқты едім ғой саған...

– Көбірек білгім келеді.

– Қызметімді білесің, жақын арада доценттік атақ берілуі ықтимал. Докторлық диссертацияға кірісу ойымда бар. Қалған ғұмырымды ғылымға арнасам деймін. Маған бұл жалғанда  алданыш болатын басқа қызық қалмаған сияқты?..

                                                            

                                                                 

 Апай, мен Сізді мейрімді,қажымас қайратты,  рухы мықты әйел деп, үлгі тұтамын. Бірақ, өмірге деген пессимистік көзқарасыңызға  түсінбей отырмын. Ғылыми жұмыстармен айналысқыңыз келетінін құптаймын. Ал, пенделік қызық-шыжығы жетерлік өмірден безінуге ертерек сияқты... Сіздей көрікті әйелге ана күнгі жирен мұртты шалдан басқаның көзі түспеді, сөз салмады дегенге  кім сенеді. Мен өзім сенбеймін. Өмірде өкініштеріңіздің, қайғыңыздың көп болғанын білемін. Қызықты, бақытты сәттеріңіз де аз болмаған шығар?.. Сізге қырындаған жігіттер жайында айтып берсеңіз, тісімнен шығармауға уәде беремін.

– Ой... Павел, сен де бір... Қадалған жерден қан алмай қоймайтыннан екенсің. Мына қасиетіңмен біздің институтқа емес, университеттің заң немесе журналистік факультетіне түскеніңде жақсы болатын екен. Адамның ешкімге айтылмайтын, сүйекпен бірге кететін сырлары болады. Сол себепті мен саған барлық сырымды айта алмайтын шығармын...

–  Еш болмаса, айтуға болатынын айтыңызшы...

– Арамызда қалатынына кепілдік беріп отырсың ғой, кейбір бастан кешкен оқиғаларды айтып берейін, онда. Ана күнгі өзің көрген қасқа бас сияқты шалдардың бірнешеуі сөз салды. Ешқайсысын маңыма да жолатпадым. Өзім қатарлы, тіпті өзімнен жастау жігіттердің де сөз айтқан кездері болды. Араға жеңгетайлар салып келген сондай жігіттердің үш-төртеуімен кездесіп, әңгімелесіп көріп – бас тарттым. Әйелімен ажырасқан, баспанасыз қалған, ішімдікке салынған, ой-өрістерінің ауқымы тар, ішкі мәдениеті жұтаң жандармен тағдырымды қосып, қайғымның үстіне қасірет жамағым келмеді.

– Талғамыңызға сай жігіттің кездеспегені ме, сонда?

– Кездескенімен баянды болмады.

– Не себептен?

– Ол жайында айту маған ауыр соғады,-деп Павелдің жүзіне тіктеп қарағанда қос жанар түйісіп қалды.

– Жұқалап болса да, айтыңызшы,-деп қызарақтаған жүзін жасырмақ болғандай  Павел жанарын тайдырып әкетті.

    Өзіне бей-жай қарамайтынына көзі жеткендей болған Бибінұр ойға шомып, әре-сәре күй кешіп тұрып  терең күрсінді.

– Неге күрсіндіңіз апай,- деді  Павел діріл араласқан даусы жарықшақтанып шығып.

 Ой шырмауынан шыға алмай біраз отырып қалған Бибінұр тамағын қырнап алып:

– Осыдан екі жыл бұрын еңбек демалысымды жазда алып, әке-шешеме құран бағыштатпақ болып, елге бардым. Ағайын-туыстарым қуанышты қарсы алып, кезек-кезек үйлеріне қонаққа шақырып, кіндік қаным тамған жерде бір апта аунап-қунап жүрдім. Қайтуға жиналып жатқанымды есіткен, құрылыс тресінде жұмысшылар комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын рулас ағам – Есіркеп келіп: «Айналайын, Бибінұр, қайтуға қамданып жатқаныңды есіттім, елге жиілетіп келіп тұр, ата-анаңның көзін көрген туыстарың баршылық. Бұл жолы саған үйден дәм таттыра алмадым, келесі келгеніңде міндетті түрде үйге шақырамын. Саған арнап  Бурабай шипажайына мына жолдаманы дайындаған едім, демалып қайт»,-деді де, қолыма жолдаманы ұстатты. Табан астында жоспарды өзгертіп, Бурабайға баруыма тура келді. Шипажайдың тіркелу бөліміне келсем, төрт кісі кезек күтіп отырған екен. Кезектің соңын сұрағанымда: «Мен»,-деп шетте отырған сымбатты жігіт жауап берді де, «қарындас, отырыңыз»,-деп отырған орнынан ұшып тұрды. Сол кезде екеуміздің  көздеріміз түйісіп қалды. От шашқан жанары өңменімнен өтіп, жүрегімнің соғысы жиілеп, аяқтарым дірілдеп, әп-сәтте арбалып қалған торғайдай күйге түстім. Ертерек көзімді тайдырып әкетуге тырысып, «рахмет»,-дедім де, отыра кеттім. Маған орнын берген жігіт терезенің алдына

                                                                 

барып, екі қолын терезенің жақтауына қойып, қарсы тұрған шыршадан көзін алмай, ұзақ ойланып тұрды да қойды. Мен өзіме-өзім келе алмай, ішімнен: «мына жігіттің сиқыры бар шығар»?- деп  аң-таң болып отырдым.

    Кезегі жеткен кезде: «Қарындас, Сіз кіре беріңіз, мен Сізден кейін кіремін»,- деп маған қарай бұрылды. Мен орын алып шыққан кезде, қайда орналасқанымды сұрап алып, ішке кіріп кетті. Мен екі адамдық бөлмеге жайғасып, қоңсым – Лариса Ивановнамен танысып, әңгімелесіп отырғанда есік қағылды. Есікті ашсам, бағанағы жігіт екен. «Қарындас, жақсы жайғастыңыз ба? Сізбен жағдай сұрасайын деп келіп едім»,-деді  де: «қасыңызда кісі бар екен ғой»,- деп тұрып қалды. Азғана үзіліс жасап: «Уақытыңызды қисаңыз  менің бөлмеме келіңіз, күтемін. Мазалағаныма кешірім өтінемін»,-деп бөлмесінің рет санын айтып, бармай тұра алмайтынымды сезгендей, менің жауабымды да күтпестен, шығып кетті. Қайтадан бағанағы мазасыз күйге түсіп, жағдайымды жанымдағы кісіге сездірмей-ақ қояйын деп, жуынатын бөлмеге кіріп кеттім. Жуынып-шайынып, өрекпіген көңілімді орнына түсіріп шықсам, Лариса Ивановна: «Сымбатты жігіт екен, айрылып қалма,- деп келемеждегендей мысқылдап күлді. Мен: «Қорықпаңыз, ескі  танысым» дей салдым. Көп ұзамай ол суға түсуге кетті, мен көп ойланып тұрмастан жетінші бөлменің есігін барып қақтым. Есікті ашқан түрі таныс, есімі бейтаныс жігіт:

 – О, хош келдіңіз қарындас, төрлетіңіз,- деп маған жол сілтеді.

– Жауабымды күтпей шығып кеткеніңізге қырсығып, келмей қалуыма да болар еді,- дедім  ренжігендей сыңай танытып.

 –Мен Сіздің келетініңізді жетінші түйсігіммен сезгенмін,-деп  күлді ол. 

 – Сіз көріпкел емессіз бе?- дедім  таңырқаған кейіп танытып.

– Көріпкел емеспін, бірақ, кісіні көзіне қарап ішіндегісін жазбай танитын қасиетім бар,- деді сенімді түрде.

– Мынандай жайлы «Люкс» бөлмені де сол қасиетіңіздің арқасында иемденген шығарсыз?- дедім бөлменің ішін көзбен сүзіп тұрып.

– Жоқ, қосымша  ақша төлеп алдым,- деп қулана күлді.

 Біраз сөз таластырып алып, екеуміз таныстық. Есімі Ораз, Өскемендегі бір зауыттың бас инженері болып қызмет атқарады екен. Жоғарғы оқу орнын Мәскеуде бітіргенін, орыстың қызына үйленгенін, екі перзентінің барын, енесі қолында тұратынын, шай ішіп отырып көңілсіздеу айтты. Мен де, өзім жайлы қысқаша анықтама бердім. Жас сұрасқан кезде, менен бір жас кіші болып шығып, қызарақтап қалды.        

– Жетінші түйсігіңіз  үлкен екенімді сездірмепті ғой, енді мені әпке деуіңізге тура келеді,- деп  мырс етіп күліп жібердім.

 Ораз Мәскеуде оқып, орыс қызға үйленгеніне қарамастан қазақшаны таңғаларлықтай таза сөйлейді екен. Біраз сырласып, үйренісіп алғаннан кейін:

– Бір-бірімізге «Сіз» деп сызылғаннан «Сенге» көшкеніміз дұрыс шығар, әпше?- деді де, осыған келісейік дегендей маған қолын созды.

– Дұрыс інім,- дедім мен де қолымды ұсынып.

    Кешкі астан кейін, бір сағаттай серуендеп келген соң, жетінші бөлмеде шәй ішіп, теледидар көріп, ара-арасында бір-бірімізге әзіл айтып отырғанбыз. Бір кезде Ораз орнынан қарғып тұрды да, «атасына нәлет» деп, теледидарды өшіріп тастады.

– Неге өшірдің?- дедім түкке түсінбей.

– Интернационал, интернационал деп қақсай береді, көріп жатырмыз  оның пайдасын,- деді кекесінді түрде.

 Мен ештеңеге түсінбей, абдырып отырғанда, өктем үнмен:

 – Бибінұр, Интернационалдық отбасыларды қайта-қайта жарнамалап көрсетіп, көкігенінен шаршадым осылардың, жұрттың санасын улап жатыр шовинистер,-деді күрсініп. Арлы-берлі бөлмеде біраз  үнсіз жүріп, менің қарсымдағы жұмсақ орындыққа

                                                             

келіп жайғасып:

– Мысалы, менің отбасым – интернационалдық отбасы. Лауазымды қызметім, хан сарайындай үйім бар, айлығым жақсы, перзенттен кенде емеспін, сырт көзге бақытты сияқтымын. Бірақ, мен бақыттымын ба?.. Өмір бойы мал шаруашылығында істеп, «көң сасып кеткен» әке-шешем, туысқандарым есігімнен қарай алмаса, әйелім мен енем сыныққа сылтау іздеп жүйкемді жүндей түтсе, оны аз дегендей апта сайын ақша сұрап келіп, шешесімен, қарындасымен ұрсып, отбасымның ойранын шығарып кететін – маскүнем қайнағам болса, мен қалай бақытты боламын?.. Сен – жесір әйел болсаң да, көрген күнің менен артық. Себебі, құлағың тыныш. Сен демалуға келдің, ал мен солардан қашып келдім. Партбилетін де, қызметін де тастап, ажырасып кетейін десем – перзенттерімді қимаймын. Басында оңбай қателестім, енді қалай түзейтінімді білмей, ойым онға, санам санға бөлініп қиналамын. Интернационалдық отбасы дегенің – ұлтты ішінен іріту екенін кеш түсініп, сау басыма сақина салғаныма қатты өкінемін,-деп көкірегі қарс айырылғандай ауыр күрсінді. Біраздан соң көз жасыма еге бола алмай отырған маған көзі түсіп кетіп:

– Бибінұр, сен жылап отырсың ба?.. Жаман сырын айтамын деп, шынын айтады дегендей болды-ау меніке... Көз жасыңды тиып, жуынып келе ғой, екеуміздің кездесуімізді атап өтейік деді. Мен жуынып келгенімше, үстелдің  үстінде бір шыны армян коньягі мен бір қорап шоколад пайда  болыпты. Ораз коньяктің аузын ашып, хрустальдан жасалған ұзынмойын ыдыстарға құйып, біреуін менің алдыма қойды.

– Біз бұны өзімізді жігерлендіру үшін аламыз ба?- дедім  Оразды сөзбен қағытып.

– Жоқ, маған сендей нәзік жанды, сезімтал жүректі аруды кездестірген  Құдірет үшін алайық,- деп  қолындағы ыдысты менің қолымдағы ыдысқа тоғыстырды.

 Бір-бірімізге тілекті нөсердей жаудырып, арасында әзіл-қалжың айтып, өлең оқып, жайшылықта айтыла бермейтін сырларымызды ақтарып, коньяктің шынысын босатып қойғанымызды да байқамай қалыппыз. Қолсағатыма қарасам, он екіге жақындапты. Ішімнен: «бөлмеме қайтып кетуім керек, Ларисадан ұят болады»,-деп өзімді қайрап қоямын. Тұрайын десем, аяғым дірілдейтін сияқты. Бар күш-жігерімді жинап, сыр алдырмауға тырысып: 

– Ораз, бүгінгі күнді екеуміз танысу, сырласу, мұңдасу күні етіп – тамаша өткіздік. Саған көп рахмет, енді маған рұқсат бер, бөлмеме барайын,-дедім.

– Қайтамын десең рұқсат Алладан әпше, қонып қаламын десең – төсек дайын, мен диванға-ақ жата саламын,- деп  күлді.

– Бұзылма інім,- деп  орнымнан тұрып, қайтуға ыңғайландым.

– Әпше, жайлы жатып, жақсы тұр, керемет әдемі түс көр,-деп тілек айтып, маңдайымнан сүйіп шығарып салды. Бөлмеме келсем, есік жабық. Есікті ұрып көріп едім, ешкім жауап бермеді. Кезекшінің бөлмесінде ілулі тұрған жерінен кілтті алып, бөлмеме кірдім. Көршімнің қайда жүргенінен бейхабармын. Бір жағы болмағанына да қуандым. Айнаның алдына барып қарасам, бетіме қан жүгіріп, қызара бөрткендей алаулап тұр. Денем салмақсызданып, табандарым басып тұрған жерді сезбей, ауада қалқып жүргендеймін. Тұла бойыма суды аямай құйып, есімді жимақ болдым. Сүртініп алған соң, Лариса келгенше ұйқтап қалмақшы оймен – төсегіме жаттым. Жатуын жатқанымменен ұйқым келмеді, көзімді жұмсам да, ашсам да Ораздың сүйкімді бейнесі, сыпайы әзілдері, ызалы кейпі, күлкісі мидың қатпарларына магнитофонның лентасына жазылғандай, санамда жаңғырып, беймаза күй кештім. 

Ларисаның келгенін білмегендей, көзімді жұмып, ұйқтаған болып жата бердім. Бір кезде ол пысылдап ұйқыға кетті. Ал, мен сезімнің сергелдеңіне түсіп, түннің жарымына дейін ұйқтай алмай, дөңбекшумен болдым.

Міне, менің шипажайдағы алғашқы күнім мен түнім осылай өтті.

                                                            

–  Апай, Сіз Ораздың басы бос емесін біле тұра, ұнатып қалған сияқтысыз ғой...

– Иә, қатты ұнаттым. Оны сөзбен айтып жеткізу  қиын, өлеңмен болмаса. Махаббат жайында ақын Қадыр Мырзалиев былай деген екен:

            «Махаббаттың көп елге үлгі етері,

Түсінбейді кеткендер теңге теріп.

Қара жерге тимейді кейде аяғың,

Қолтығыңның астынан жел көтеріп.

 

Бұл махаббат қызыңа,

Еріңе сын.

Бір берілсең өлердей берілесің.

Өзің жерде болғанмен,

Көзің көкте,

Ұшып жүрген сияқты сезінесің.

 

Бұл махаббат өзгеге, өзіңе сын,

Бірақ кімге, мәселе, кезігесің?!

Періштеге жолықсаң,

Сен өзіңді

Ақ қанатты періште сезінесің!»

– Тамаша айтылған. Қалған күндеріңізді қалай өткіздіңіз, өзіңізді періште сезіне алдыңыз ба?

 – Періште сезінбесем де, қайғы-мұңды түгелімен жинастырып қойып, өзімді бақытты сезіндім дей аламын.

– Ораз ше?

– Ол да бақыттан басы айналып, өзін бал айында жүргендей сезінді.

– Қоштасу қиын болған жоқ па?

– Сен де қай-қайдағыны сұрайды екенсің... Әрине қиын болды. Керек болса, бір-бірімізді қимай – Көкшетаудың қонақ үйінде екі тәулік қонып қалдық. Ол тәуекелге барып, әйелімен ажырасып, маған үйленбекші болып – қолқа салды. Қаншалықты өзіме ауыр болғанымен, үзілді-кесілді бас тарттым.

– Себебі?

– Қалайша екі баланың көз жасының үстіне бағымды орнатамын,- деген ой жібермеді.

Оның үстіне, Оразды моралдық азғындауға түсті,-деп партиядан шығарып, қызметінен алып, абыройын айрандай төкпесіне кім кепілдік береді?..

– Бұл махаббатыңыздың баянсыз болатынын алдын-ала болжауға болмайтын ба еді?

– Сен махаббатты тек үйлену,- деп түсінсең, қатты қателесесің. Өзің айтқан жоқ па едің, «жүрекке әмір жүрмейді» деп. Бір сәтке болса да, бақытты болуға менің де хақым бар шығар, бұл жалғанда?!.

– «Күнә жасадым»,- деп ойламайсыз ба?

– Күнәсіз – жаңа туылған сәбилер мен періштелер ғана. Қалған пенденің бәрі  Аллаһ Тағаланың күнәһар құлдары.

– Ораз хабарласып тұр ма?

– Жоқ, мекен-жайымды да, телефонымды да білмейді. Мен де оның тағдырынан бейхабармын.

– Шипажайдағы роман жалғасын таппапты ғой, ендеше...

– Иә, дәл солай.

– Жалғасы болмағанына өкінбейсіз бе?

– Өкініш өзегіме қышқыл құйып өртесе де, дұрыс істедім деп есептеймін.  Бірақ,

                                                          

Ораздай марқасқа азаматтың қадірін білмеген, мерейін өсірмеген, жігерін құм, жүйкесін жүн қылған Надеждасын кешіре алмаймын.  Егер «күшіктері» болмағанда, Ораздың қоғамдағы абырой-беделі безбенге  түспейтініне көзім жеткенде, мен оның үмітін Ораздан біржолата үздірер едім. Тағы сұрағың бар ма?

– Бүгінге жететіндей сұрақ қойдым-ау шамасы... Сіздің басыңыздан өткерген «Махаббат, қызық мол күндеріңізді» ой елегінен өткізейін, сұрақ туындаса, сұрай жатармын.

– Менің сырымның бәрін біліп алып, студенттерге таратып жіберме.

– Апай, менің сөзіме сенбегеніңіз бе?

– Жоқ, керісінше. Саған сенгендіктен ешкімге айтылмаған сырымды ақтарған жоқпын ба. Бұл сырымды біреуге айтып қояды деп, тіпті қорықпаймын. Ораздай жігітті сүйгеніме, сүйіктісі болғаныма керек десең, мақтанамын. Павел, сұрақтарың таусылса, үйдің шаруасына кірісейік. Ең алдымен даладағы кірді түнге қалдырмай, екеулеп барып жинастырып келейік.

– Апай, Сіз дастарханды, ыдыс-аяқты жинастыра беріңіз, кірді мен өзім-ақ жинастырып  келейін.

– Қолыңа жарықшам алып, оң қапталдағы сымда жайылғанның бәрін түгел жинап келе ғой, онда.

                                                                 

 

                                                                    V

   

     Қазан төңкерісінің елу бес жылдығына байланысты берілген  үш күн демалысты пайдаланып, Павел ауылына  барып-қайтты.  Әке-шешесінің  отанына бір қонып, саулықтарының қанағаттырарлық екеніне көзін жеткізіп, Алматыға оралды.  Кетерінде басқа қызбен таныстырмақ болған  қарындасымен  ренжісіп те қалды. Ешқандай қыздармен  танысуға зауқы жоқ, есіл-дертінің  барлығы Бибінұрға ауып кеткен сияқты... Шипажай хикаяттарын есітіп алғаннан кейін қызғанатынды шығарды. Бір күні болмаса, бір күні Ораз іздеп келіп қала ма?- деп іштей қауіптенетін болды. Сезімін ашық білдіруге батылы жетпейді.  Жас айырмасының алшақтығы да алынбас қамалдай кедергі болып, көлденең тұрады. Бірге тамақтанып, киноға, театрға бірге барып, бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп бірге тұрғанменен, екеуін екі бөліп тұрған ортада көзге көрінбейтін, түссіз перде бар сияқты... Өзіне деген ынтызарлықты Бибінұр сезбейді деп ойлайды..  Ораз екеуінің арасындағы оқиғаны, оның әсірелеп айтқанынан да бейхабар. Қалай айтылса, ол солай қабылдаған сияқты...  Қандай болғанда да сол оқиғаны естігелі Павелдің бойын кернеген сезімі еселене түскендей...Сезімін Бибінұрға қалай жеткізудің жолын таппай, шақшадай басы шарадай болды. Күндіз-түні ойланады, ойының түбіне жете алмай қиналады.  Бұрын білмейтін, танымайтын Ораз алғаш рет көзі түйіскен – қас-қағым сәтте апайдың жүрегін қалайша жаулап алды?-деп таңырқайды. Сенімсіздеу сияқты көрінеді. Сенбейін десе, Бибінұрдың өз аузынан есітті. Менің миымның, жүрегімнің әрбір жасушаларына дейін дендеп кірген қандай дерт?.. Ғашықтық дерті ме, жоқ сұлу әйелге деген әсіреқызығушылық па?.. Ара жігін ажырата алмай пүшәйман халге түсті. Осыншама қиналғанша неге жатақханада тұра бермедім екен,-деп өкінеді. Ақыры, тұңғиық ойларының түбіне жете алмай, мен еркек емеспін бе, қабыл алса да, алмаса да сезімімді білдіруім керек,-деген тоқтамға келді. Бибінұрдың он төртінші қарашада туылған күні екені есіне түсіп, сол күні тосынсый жасауға бекінді. Тәжірибе алып жүрген дәріхана меңгерушісінен  сұранып, үйге ертерек келді. Бибінұрдың сақинасының өлшемін алмақшы болып, есігін итеріп көрді. Жабық екеніне көзі жетіп, шешіп қояды-ау деген жерлерді іздестіріп, жуынатын бөлмеден шынашағына ғана сиятын бір сақина тауып алды.  Орталық әмбебап дүкенге барып, шынашағының өлшемімен сақина таңдады. Алтын сақиналарға қанша қызыққанымен, қалтасы көтермей

                                                                     

күміс сақина алуына тура келді. Сақина мәселесі оңай шешілгенімен, армян коньягін табу қиынға соқты. Аяғынан тозып жүріп кавказ халқының өкілі істейтін шағын дүкеннің егесіне үш сом қыстырып жүріп, үш жұлдыздысын әрең тапты. Көңілі жайланып келіп, кешкі тамақтың әрекетіне кірісті. Ет жегісі келіп, өзі ауылдан алып келген сүр қазының бір сүйеміне бір жапырақ ет қосып салып қайнатты. Қайнаған кезде бетіне шыққан көбігін сүзіп алып тастап, газды басып қойды. Қамыр илеп, жайып салу қолынан келмегендіктен дүкеннен бір қорап қатырылған жайма қамыр әкеліп қойды.  «Қамырды, апай келген соң өзі салып алар»,-деді тоқмейілсіп. Біраз отырған соң, іші пысайын деді. Кітапханаға кіріп, қазақ жазушыларының кітаптарына көз жүгіртіп шығып, қолына Мұхтар Шахановтың өлеңдер жинағын алып оқуға кірісті.

Қызыққаны сонша, Бибінұрдың қай кезде келіп, есіктен қалай кіргенін де байқамай қалды.                                                                                                                                                     – О-хо... Шабыттанып отыр екенсің ғой, бүгін Батыстың бір аруы жүрегіңе шоқ салып жіберген жоқ па?- деп  сықылықтап күліп, Бибінұр жатын бөлмесіне кіріп кетті.

 «Бүгін апай көңілді ғой»,-деп ойлаған Павел  кітабын орнына қойып, асханаға барып отырды. Киімін ауыстырып, қолын жуып асханаға кірген Бибінұр қазанның қайнап жатқанын көріп:

– Біздің аспаз қай ұлттың тағамын дайындап жатыр екен?- деп  қазанға жақындады.

– Қазақшалап ет жегім келді, қамырын да жайып қойдым, апай,- деп  Павел күлді.

 – Қой ә,-деп  таңырқаған Бибінұр сұқ саусағымен бетін сипап, қазанның қақпағын   ашып көрді.  Етің қайнап жатыр екен, жайған қамырың қайда?

– Кептіріп қойдым.

– Ә... қу, дүкеннен дайынын әкелдім десеші, одан да...

–  Апай, бүгін көңілдісіз ғой...

– Не, басқа күндері көңілсіз жүр ме едім?

– Бүгін ерекше көңілдісіз.

– Себебі, маған бүгін «доцент» атағы берілді.

– Құтты болсын апай! Еңбегіңіздің зейнетін көре беріңіз!

– Рахмет. Ал, енді асқазанның жағдайын жасауға кіріспейміз бе?

– Кіріссек, кірісейік...

– Етті сүзіп алып берейін – сен тура, мен «сен жайған» қамырды пісіріп алайын.

– Жарайды,- деп  Павел қолын жуып келуге кетті.

– Павел, бүгінгі қуанышты атап өтпесек болмас, тоңазытқышта көптен бері кезегін күтіп жатқан бір шыны шарап тұр, соның аузын ашшы.

– Мен Сізді армян коньягін ғана ішетін шығар деп жүрсем...

– Болса, бүгін міндетті түрде ішер едім.  Бірақ, оның бізге ауылы алыс қой...

– Әзілдеп айттым апай,- деп «бөлмедегіні алып келсем бе екен»?- деген ойынан тез қайтқан Павел, шарапты ашудың қамына кірісті.

Тамақ желініп, шарап таусылып, шай ішіп отырғанда Бибінұр:

– Павел, сен сенбі күні боссың ғой ә,- деді.

– Бізді бекітіп қойған аға провизор ол күні жұмыс істемейді. Сондықтан дәріханаға бармай-ақ қоюыма болады.

– Онда жақсы болды, маған жәрдемдесесің. Сол күні сағат үште біздің кафедра қызметкерлері үйге келмекші.

– Ол күн сіздің туылған күніңіз емес пе?

– Оны қайдан білесің?

– Білгісі келген адам – біліп алады ғой...

– Сенің ауылыңнан ет, құрт әкелгенің қандай жақсы болды. Екеулеп базарға бір барып қайтуымыз керек. Қалғаны қасымыздағы дүкеннен табылар... Залдағы үстелді ұзартып қоюды саған тапсырамын.

                                                                

– Тапсырмаңыз мүлтіксіз орындалады, апай.

– Тамақты сіңіру үшін көшеде  бір сағат серуендеп қайтсақ, қайтеді?

– Өте жақсы ұсыныс.

– Кеттік онда, дастарханды келген соң жинап алармыз...

... Сенбідегі күн шықпай басталған қарбалас тірлік түске жетіп саябырсыды. Сәскеде күйеуі Маратты  ертіп, Шелектен Айкүміс келді. Айкүміс апасының құлағына алтын сырға тағып, Марат алып келген гүлдестесін сыйлап, құттықтап болған соң, шайға отыруға тағаты жетпеген Айкүміс дастархан мәзірін әзірлеуге кірісіп кетті. «Сендер шай ішіп отыра беріңдер» деген соң Павел мен Марат ас үйде әңгімелесіп, біраз уақыт отырып қалды. Бір кезде Бибінұр келіп:

– Жігіттер, осы жерде Айкүміс екеуміздің істейтін біраз шаруамыз бар, сендер залға кіріп отырасыңдар ма, жоқ, серуендей тұрасыңдар ма?- деген соң, екеуі далаға шығып кетті.  Марат ашық-жарқын жігіт екен, екеуінің әңгімесі жарасып, бір жарым сағаттай  Панфиловшылар саябағында серуендеді. Бұлар үйге қайтып келсе, дастархан мәзірін  дайындап, үй ішін жинастырып үлгерген екі келіншек шай ішіп отыр екен. Қазанда ет былбырап қайнап жатыр. Павел мен Марат қастарына келіп отырғаннан кейін Бибінұр:   

–  Марат, Айкүміс бүгін қайтып кетеміз дейді, ертең жексенбі, қайда асығасыңдар?- деді.     

– Кемпір-шалға бүгін қайтып келеміз,- деп кетіп едік, уайымдайтын шығар?- деді Марат күмілжіңкіреп. 

– Әпке, қамырыңызды жайып-салып, қонақтарыңыздың тамағын алдына қойып  беріп қайтамыз. Қасыңызда шәкіртіңіз бар екен ғой, артынан жинастырып аларсыздар... Ауылға сағат алтыда соңғы автобус жүреді, соған үлгеруіміз керек,- деп Айкүміс күйеуін қоштады.

– Жарайды, өздерің біліңдер,- деп  Бибінұр сөз таластырмай келте қайыра салды.

Қонақтар айтқан уақытынан кешікпей келіп, сағат жетіден асқанда тарасты. Бибінұр мен Павел бір сағаттың ішінде үстелдің үстін жинастырып, ыдыс-аяқты жуып, орын-орнына қойып үлгерді.

– УҺ... Шаршадық қой,- деп  Бибінұр орындыққа отыра кетті.

– Сіз шаршағанмен, мен  шаршаған жоқпын.

– Аллаға шүкір, бәрі көңілдегідей болған сияқты?..

– Ойдағыдай болды апай. Ұжымдастарыңыз өте көңілді отырады екен. Бірақ, спирттік ішімдіктерді ішіп қарық қылмапты.

– Неге, жақсы ішіп отырған сияқты еді ғой?..

– Тоғызыңыз жабылып екі шиша арақ, бір жарым шиша коньякті ғана ішіпсіздер...

– Бұл не, аз ба?..

– Аз немесе көп екенін білмеймін, бірақ ешқайсысы мас болмай, тіп-тік күйінде шығып кеткенін көрдім.

– Е... Бізде мас болғанша ішетін қызметкер жоқ.

– Мүмкін, армян коньягі болмаған соң, аз ішілген шығар?.. 

– Сол коньякті қайта-қайта есіме сала бердің ғой...Тауып әкелмедің бе, мықты болсаң?

– Тауып әкелсем, ішесіз бе?

– Шынымен тауып әкелсең, неге ішпеске. Бірақ не қыласың екі кештің арасында оны іздеп. Қылжақтамай, ішкің келіп тұрса – тұр ғой үйде. Алдымен тамақ жеп ал, абыр-сабырда жеп те қарық қылмаған боларсың?..

– Жұрттың бәрі Сізді құттықтады, ал маған арнайы құттықтауға да мүмкіндік берген жоқсыз..

– Таңертең гүл сыйлаған жоқсың ба?

– Бірақ, «тост» айтқан жоқпын ғой...

– А... Саған онда жеке дастархан жайып, мүмкіндік жасайын,-деп Бибінұр орнынан

                                                           

тұрып, үстелдің үстіне тағамдарды қоя бастады.

Павел жай басып өз бөлмесіне барды да асықпай ойын жинақтап алып, кеше әкеліп қойғандарын қолына ұстап қайтып келді.

– Ох... Павел, қандай қусың ә,- деді  Бибінұр Павелдің қолындағы конякқа көзі түсіп.

– Енді, уәдеңізде тұрасыз.

– Уәде берген соң, аздап ішейін. Бағана да іштім ғой, көп ішуге болмайды.

– Тәбетіңіз тартқанша ішерсіз,-деп Павел коньяк құйылған ыдыстың бірін қолына алып: – Апай, «әйел қырыққа дейін өңін бермесе – қасиет, еркек қырыққа дейін есі кірмесе – қасірет» деген екен, қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов. Сіз басыңыздан  қаншама қайғылы оқиғаларды өткізіп, қиындықтарға тап болсаңыз да өңіңізді бермеген қасиетті әйелсіз. Туылған күніңіз құтты болсын! Жаратқан Иеміздің аманатқа берген жасын сау-саламатта жасаңыз! Қиыншылықтарыңыз артта қалып, келешегіңіз жарқын болсын! Бүгінгі айтылған жақсы тілектердің барлығы періштенің құлағына шалынсын,-деп тілеймін. Сіздің маған жасаған қамқорлығыңыздың өтеуі ешқандай сыйлықпен өтелмейтінін де білемін, бірақ, Сізге  арнап алған кішкентай сыйлығым бар еді, соны қабыл алуыңызды өтінемін»,-деп жүзікті Бибінұрдың саусағына тағып, бетінен сүйді.

– Павел, өзің студентсің,  несіне шығындандың,-деп Бибінұр ыңғайсызданып қалды.

– Қызмет істеген кезде гауһар көзі барын тағамын апай, сол үшін алып қояйық,- деп қолындағы ыдысын Бибінұрдың ыдысымен  тоғыстырып, ішіндегісін ішіп салды.

– Павел, сен сөзге шешен екенсің ғой... Рахмет берген сыйлығыңа, айтқан жақсы тілегіңе,- деп  Бибінұр да ішіп, Павелдің ұсынған шоколадын алды.

   Ыдысын мысық жаламға келтіре босатқан Павелдің көңілі көтеріліп, тұла бойын күш-қуат кернегендей өзіне деген сенімділік, батылдық пайда болды. Бибінұрдың «жетеді, енді ішпейміз» дегеніне қарамай ыдыстарға тағы құйып: 

– Апай, анадағы екеуміздің арамызда  болған пікірталаста; «сен махабатты тек үйлену деп түсінсең, қатты қателесесің»,-деген едіңіз. Сіздің осы сөзіңіз мені көп ойландырып, көп толғандырды. Бостан-босқа айтылған жоқ қой деп, негіз іздедім. Жауабын жақында Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқу үстінде, Естай ақын мен Қорланның махаббатынан тапқандай болдым. Сізге Мұхаңның «Ғашықтық ғаламаты» деген өлеңінен үзінді оқып берейін,-деді де, жөткірініп алып өлең оқуға кірісті:

«Қасіретті сәт соққанда әбден меңдеп кеселі

Қайран Естай, қимас досын шақырып,

Былай депті деседі:

– «Ей, Нұрлыбек, еренім!

Тұзағына іліндірді мені өлім.

Тулағанмен амал нешік, көнемін.

Тіршілікте аз созбап ең қол ұшын

Өлген соң да керек боп тұр көмегің.

Дәл өзіңдей қайдан ұқсын қайғымды ел,

Ғашық көңіл мәңгі жасыл айдын көл.

Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,

Ал қалғаны – жай күндер,

Көлмен көлдей,

Таумен таудай теңдесе,

Белдесуге талап қылдым мен неше.

Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға,

Елу бір жыл өмір сүрдім, ендеше.

Қорланды ойлап, қиял қостым таңдарға,

Қорланды ойлап,  шықтым қанша заңғарға.

                                 

Сірә, мендей ғашықтықтан бақ тауып,

Сірә, мендей мұңға батқан жан бар ма?

Дүниенің өзге бақыт, шаттығын

Менсінбеген

Менің мұңым – тәтті мұң.

Тәтті емей не?

Он сегізге ой салып,

Жиырма бесті таңдансырса қарттығым?!

Әттең, тағдыр қоса алмадым,

Сорым ба?

Заман – жылан

Жатып алды-ау жолымда.

Бірақ менің бақытым да, барым да:

Қорлан берген  алтын жүзік жарқырап,

Елу бір жыл сәуле шашты қолымда.

Өр толқынға қарсы жүзген өр кеме

Мен болыппын.

Оһо, қандай мәртебе!

Бұл жүзікке елу бір жыл әйелім,

Қызғанышпен қарап келді өртене. 

Десе-дағы ел дәстүрі – ерге сын,

Қарттарға ескерт,

Қарсыласа көрмесін.

Қорланымның көзі болған жүзікті,

Өтінемін,

Өзіммен бір жерлесін!

Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде

Ғашық болып өлу қандай мәртебе.

Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік,

Жарық беріп жатсын маған көрде де».

– Өлеңді мәнерлеп, жақсы оқиды екенсің Павел. Мен де бұл өлеңді талай рет оқып, сұр мергеннің оғынан мерт болған сыңарын іздеп, айдын көлде шарқ ұрған аққуды көз алдыма елестетіп – мұңға талай батқанмын. Көкте қалықтап жүріп жердегі күйкі тірлікке паңдана қараған қыранды елестетіп – жігерленгенмін. Романға жүк болатын дүниені бір өлеңнің  аясына сыйдырып, Естайдың сағынышы мен мұңын адал досына жасаған назын, тоғышар қоғамы мен тағдырына көрсеткен қырын, жүзіктің сырын аша алған автордың образ жасаудағы шеберлігіне бас иемін.  Өзінің махаббатына деген ескерткішін «Қорлан» әнімен қазақ халқының жүрегіне өшпестей етіп жазып кеткен ақынның мінезін ашқан шығарма. Сол үшін «тост» көтеруге болады.

– Апай, селдей тасыған махаббат сезіміне жас айырмашылығы тосқауыл қоя алады ма?- деді  Павел, босатқан ыдысын үстелге қойып жатып.

– Мына сұрағың ойланатын, күрделі сұрақ екен,-деп Бибінұр біразға дейін аузына тұшымды сөз түспей, ойға шомып отырып қалды. Сонан соң орнынан тұрып: Павел, бұл сұрағыңа  Мұқағалидың өлеңімен жауап берейін,-деп  баппен өлең оқуға кірісті:

«Кезімде қадірімді сезбес мынау,

Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау.

Келмеске әлдеқашан аттандырған,

Керемет күндеріммен кездестім-ау!..

Жаныма салдың менің төзбес бұрау.

                            

Қарғам-ай, қалай десем, айта аламын?

Жалған-ай, қарай берсем, жай табамын.

Арман-ай, қалай келсем қайтарамын?

Қалай десем лаулайды қайта жалын?

Қайталағым келеді, қайталағым...

 

Көңілімнің сыбырлап көк құрағы,

Аққуы ұшқан ақ айдын көп тұнады.

Солтүстікке жылы ағыс жетті ме екен?

Бір жылы ағыс сен жақтан бетке ұрады.

Бетім тосқым мен оған кеп тұрады.

 

Суынбасам, шіркін-ай, суынбасам!

Суытатын суыққа ұрынбасам.

Мұз болса да жүрегің ерітер ем,

Сәл кешірек сен менен туылмасаң,

Сәл ертерек мен сенен туылмасам»...

– Қара сөздің пәрмені жетпейтін, адам бойындағы тулаған сезім толқындарының арпалысын көз алдыңа алып келген, поэзия құдіретіне «тост» көтермесек ұят шығар,- деп Павел ширек бөлігі ғана түбінде қалған шишаны қолына алып, құюға кірісті.  Екеуі түрегеп тұрып, үнсіз тоғыстырып алған тостан кейін Павел Бибінұрға шоколад ұсынудың орнына тосын қылыққа барды...  Бибінұрдың жүзіне сүйсіне қарап тұрды да, ойлы қарашығында мұңның табы бар, жәудіреген жанарымен жанары түйіскенде шыдай алмай тұра ұмтылды. Қас-қағым сәтте, көз ілеспес жылдамдықпен елікті бас салған жолбарыстай қапсыра құшақтап, ерніне ерні сүліктей қадалды. Бибінұрдың басын олай-бұлай бұлғақтатып, аяқтары буулы лақтың тұяғын серпігеніндей қарсылығынан  түк шықпады. Бірте-бірте аяқтарының буындарынан жан кетіп, басы айналып, сәл кешіксе құлап қалатындай екі қолымен Павелдің мойнынан құшақтай алды. Келіншектің тілі түгілі өзін бүтіндей жұтып қоюға дайын жігіттің өліп-өшіп, үздіге сүйгені Бибінұрды есінен тандырып тастағандай...Тілі «тұтқында» болғандықтан «а...ың...»деп, ыңыранған дыбыстар аузынан емес, мұрнынан сыздықтап шығып жатқандай... Санасы уақытты, кеңістікті бағдарлаудан қалып, өзі Павелдің бауырына тығыла түсті. Бес минут өтті ме, өтпеді ме... Павел көзін тарс жұмып құшағында балбырап ұйқтап кеткендей күйдегі Бибінұрдың ернін босатып, «көзін қашан ашар екен»?-деп  жүзінен көзін алмай біраз тұрып қалды. Дік-дік етіп жүректің соққанын көкірегінің екі жағынан да сезініп, қайсысы жиірек соғып тұрғанын анықтамақшы болғандай құлақ түреді. Бибінұр кеудесінен шыбын жаны ұшып кетпегенін меңзегендей, еріндерін жымқырып, көзін бір ашып-жұмды.

– Апай, мен Сізді сүйемін,- деді  Павел осы сәтті пайдаланып.

Бибінұр «білемін» дегендей қасын болар-болмас қана қағып ишарат жасады.

Бірер минуттан кейін ұйқысынан  шошып оянғандай Павелдің мойнына оратылған қолдарын ажыратып, жігіттің қолдарын ысырып, құшағынан босанды. Шашын екі қолымен сілкілей түзеп, жақын тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетіп:

– Павел, не істедің?.. Мен сенен бұндай қисынсыз әрекетті күткен жоқ едім ғой,- деді даусын баяу созып.

– Апай, кешіріңіз, мен Сізді... деп ақталмақ болып келе жатқан Павелді «жетер енді, білемін»,- дегендей оң қолының алақанын тосып тоқтатты. Тағы біраз үнсіз отырғаннан кейін, орнынан жайлап тұрып, жеңіл-желпі жуынып, Павелге ләм-мим деместен жатын бөлмесіне кіріп кетті. Бірдеңе деуге батылы жетпеген Павел состиып, ас бөлмеде

                                                                      

жалғыз қалды.    «Қисынсыз не істедім мен»?-деп  өзіне-өзі сұрақ қойып, отыруға тағаты жетпей, біраз уақыт әрлі-берлі ойланып жүрді... «Қисынсыз ештеңе істеген жоқпын, сезімімді білдіргеннің несі айып, керек болса Талшынды осы кісіге түрінің  ұқсастығына  бола  жақсы жақсы көрген сияқтымын»,-деп өз қылығын ақтағандай болып, шәй ішетін кесеге коняктің қалғанын қотара құйып, сіміріп салды. Тіске басар бірдеңені  алуға да зауқы соқпай, жұдырығын иіскеумен шектелді. Не істерін білмей абдырып жүріп, өз бөлмесіндегі терезені  ашып, Бибінұрдың терезесі жаққа мойнын созып қарады. Бөлмедегі көмескі жарықты көріп, жайлап басып есігінің алдына барды. Есіктің адам саусағы сиятындай ғана қиғаш қалғанын көріп:

– Апай, ұйқтап қалдыңыз ба?-деді жай ғана дауыстап. Сыбырлап айтқандай «жоқ» деген дыбысты әрең есітіп:

 – Кіруге бола ма?-деді  бұл да даусын көтермей.

– Кіре бер,- деген Бибінұрдың даусы анығырақ естілді. Есікті қобалжыңқырап ашып ішке кірсе, Бибінұр ақ төсекте шалқасынан жатыр екен. Көзіне бірден жастығының оң шетіндегі қызыл жолақты сүлгі түскен Павел: «Жылаған ба, сонда»?-деп ойланып, аңтарылып тұрып қалды.

– Павел, кел, отыр мұнда,-деп Бибінұр қолымен төсегінің шетін нұсқаған соң, көңілі орнына түсіп, сол жерге барып отырды.

– Апай, неге жыладыңыз?-деді Павел аузына басқа сөз түспей.

 Жауап берудің орнына Бибінұр Павелдің жүзіне үнсіз қарап жатты да:

– Па-вел, не күй-ге тү-сір-дің ме-ні?-деп терең күрсініп, төсегінен кеудесін көтеріп  отырып, бір кезде Павелдің мойнынан құшақтай алды.  Түс көргендей болып отырған Павел де есін жинап, Бибінұрдың аш белінен құшақтап, аймалап сүйіп, ынтығын баса алмай делебесі қозып, айқасқан құшағын жазбаған күйі  кеудесімен жайлап итеріп төсегіне құлата берді... 

                                              

                                                                     VІ

     Қаңтар айының соңғы аптасы. Күн сенбі. Ақ қар жамылған Алматыны сықырлаған сары шұнақ аяз қысып тұр. Павел ерте тұрып, соңғы мемлекеттік емтиханды тапсыруға кеткен. Бибінұр ас бөлмесіндегі терезенің алдында тұрып, ауладағы бес қабатты  үймен бой таластыра өскен шынар ағашынан көз алмай, ойға шомып тұр.

Ай-сайын мезгілімен келіп-кететін табиғи үрдістің кешігіп жатқанына алаңдап, неге жоруды білмей басы қатты. Климакстың келуіне әлі ертелеу... «Көтеріп қойдым ба екен»?-деді өзіне-өзі сұрақ қойғандай күбірлеп. Азанғы ішкен шайының ыдыс-аяғын да жинастырмай, апыл-ғұпыл киініп далаға беттеді. Дәріханаға келе жатып: «Дәрі босататын жерде өзім сабақ бергендердің ешқайсысы тұрмаса екен»,-деп тіледі.  Дәріхананың  дайын дәрілер босататын бөліміне барып, танымайтын кексе әйелдің тұрғанын көріп көңілі орнына түскендей болды. Кезекке тұрып, жүктілікті анықтайтын «тест» алып, үйіне оралды. Қажетті іс-әрекетті жасағаннан кейін, өзінің жүкті екеніне көзі жетіп, қуанар-қуанбасын білмей аңтарылып тұр. «Жаратқанның маған жіберген сыйы ма, сыны ма»?-деп  жүрек соғысы жиілеп, бір орында тағат тауып отыра алмай, жоқ іздегендей әр бөлмеге бір кіріп, санасында сан ойлар сапырылысып әбігерге түсті. Ары ойланып, бері ойланып: «Қайткен күнде де осы баланы туып алуым керек»,-деген шешімге тоқтады. Өзін-өзі сабырға шақырғанымен, алабұртып  тұрған көңілін сабасына  түсіре алмай, қолына телефон тұтқасын алды:

« Кафедра акушерство и гинекологии»,-деп  бір қыз орысша тіл қатты. «Асия Мамыровну можно пригласить к телефону»,-деп еді, «она на занятии» деген жауап естіді.  Сабағының бары есіне түсіп, киінуге кірісті. Институтқа келіп, Әсия құрбысын

                                                                  

іздестіріп тауып алды. Біраздан бері көріспей, сағынысып қалған құрбылар құшақтасып қауышты. Жағдай сұрасып болған соң, Асия:

– Бибінұр, қандай жел сені айдап келген,-деп  таңырқағандай болып күлді.

– Шынында, бір институттың  шаңырағының астында  жүріп, сирек кездесетінімізге мен де таң қаламын...

– Бибінұр, менің тағы бір сабағым қалды, сонан соң қолым босайды. Сенің сабағың бар ма? 

– Менің де бір сабағым бар, содан кейін бір жерде отырып шай ішсек қайтеді?..

– Өте жақсы. Көптен бері бірге отырмадық қой...

– Сенімен ақылдасатын мәселе бар.

– Қандай мәселе?

– Сол жерге барған соң айтармын.

– Жарайды онда.

  ... Екеуі «Сейфуллин» даңғылының бойымен жаяулатып жоғары көтеріліп келе жатқанда Әсия:

– Бибінұр, сені бір ой мазалайтын сияқты ғой?.. Анадағы менің айтқан кеңесімді ой елегінен өткіздің бе? Бұлай жүре берсең уақытты өткізіп аласың құрбым,- деді.

– Әсия, мен медицинаның жетістігін пайдаланбай-ақ, табиғи жолмен көтеріп қойған сияқтымын...Не істейтінімді білмей, саған келдім.

– О-хо, мынауың жақсы  жаңалық қой... Не істейтініңді білудің қажеті не, туасын.

–  Жұрттың өсек-аяңын, қаңқу сөздерін қайтемін?..

–  Көтерткен адамға тиіп аласың.

–  Ол мүмкін емес.

–  Неге?

– Әсия, мына дәмханада күндіз адам көп бола  бермейді, осы жерден түскі ас ішейік. Жайбарақат отырып түсіндіремін, неге екенін.

Дәмхананың түкпіріндегі үстелге жайғасқан  соң, тамақ үстінде Бибінұр Әсияға болған жайды жасырмай жайып салды.  Жағдайды пайдаланып, он екіден бір гүлі ашылмаған жас жігіттің тағдырына қиянат жасағысы келмейтінін де жасырмады.

Әсия біраз ойланып отырып:

– Сені өзімнің тізіміме  қосып қойсам, ана жігітсымағыңа түсіндіре аласың ба?- деді.

–Түсіндіре аламын,-деді  сенімді түрде Бибінұр.

– Өзі албырт жас екен, саған шынымен ғашық болса, жас айырмасына қарамай үйленемін десе – қайтесің?

– Заңды  некеге тұруға келісім бермеймін. Бала некесіз туылмау үшін, некемізді молдаға қыйдырамыз.

– Сонан соң?..

– Қолына диплом алған соң, ауылына қайтады. Арамыз алшақтаған соң мені ұмытатын шығар?.. Баланы өз әкемнің тегіне жаздырамын.

– Ашық ауыз қу емес пе?

– Жоқ, сыр сақтай алатынына  сенемін.

– Бибінұр, әлде де ойлан. Бәлкім, одан көтергеніңді оған сездірмей-ақ қойғаның дұрыс болар?..

– Онда, молданы алдыртуға қандай себеп табамын?

– Сары ауыз баладан қулығыңды асыра алмайтындай, не болды сонша?.. Өзің де ғашық болып қалғаннан саумысың?

– Асия, мен оны сүйетін сияқтымын... Сол үшін өтірік араластырғым келмейді. Бірақ, өзімнен күдерін үздіру мақсатында ертегідей етіп айтылған арамызда әңгіме бар еді. Шипажайдағы оқиғаны құйқылжытып айтқаныма қазір өкініп отырмын.  

– Енді, оны сүйетінің шын болса, ол оқиғаның көбісі ойдан құрастырылғанын түсіндірмейсің бе?                         

                                                            

– Жоқ, мен оның алдында ақталып жатпаймын. Өзі қозғамаса ол әңгімеге қайта оралудың қажеті де шамалы. Қайта, мені періштеге балап жүрсе, пенде екенімді білсін.

– Бәлкім, оның да дұрыс шығар... Бірақ, екеуміздің арамыздағы құпия жалпақ әлемге жарияланбай-ақ қойғаны абзал. Мен ұятты болып жүрмейін, құрбым...

– Мен өзімнің және оның атынан ауыз ашпауға уәде беремін.

– Бізден оңай құтыламын деп ойлама, бірақ... Мен бүгіннен  бастап сені қамқорлығыма алғандығымды құрбыларға жариялай  бастаймын. Құрсақ той бересін.

– Жарайды, Павелді еліне шығарып салайын... 

Бибінұр Әсияны аялдамадан автобусқа отырғызып жіберіп, «Шевченко» көшесіне қарай аяңдап жаяу жүріп келеді. Күн шығып тұрғанымен, шытымыр аяз  бетті шымшылайды. Көшеде жүрген адамдардың қарасы сирек. Әр қадам басқан сайын етігі қарш-құрш етіп дыбыс шығарып ойын бөледі. Трамвайдың аялдамасына жетіп, өзіне қажетті көлікті біраз күтіп қалуына тура келді. Аяғы да жаурай бастаған соң, аяқтарын қозғалысқа түсіріп, танго биін билегендей қимылдар жасап тұрды. Ақыры күткен трамвайы жартылай бос келіп, артқы бөлігіндегі  орындыққа жайғасты. Ой үстінде келе жатқан Бибінұрдың шешімін, тақ-тұқ, тақ-тұқ деген трамвай дөңгелектерінің дыбыстары шегелеп жатқандай, Үйіне жақын аялдамадан түсіп, пәтеріне келді.  Киімдерін ауыстырып, төсегіне қисая кетті. Павелге бауыр басып қалғанын бүгін сезгендей... Бірер күннен кейін  оның кететінін, өзінің тағы жалғыз қалатынын  ойлап жатыр. Павелді өзгеге де қимай, қиянат та жасағысы келмей қиналды. Бір кезде әбден шыдамы таусылғандай шарасыз күйге түсіп,  жастығын құшақтап алып, өксігін баса алмай, ебіл-дебіл жылауға көшті. Ішіндегі шер тарқағанша жылаған келіншектің  жастығының тысы малмандай  су болды. Бие сауым уақыт өткенде барып көз жасын тыйып, орнынан тұрды. Павел жылағанымды сезбей-ақ қойсын дегендей, жастықтың тысын ауыстырып, өзі жуынып-шайынып, қолбыраған шашын тарап, бет-жүзін қалыпты жағдайға келтіргендей болды. Еңсесін езген ойлардан арылып, бойы жеңілдеп қалғандай... Ас бөлмесіне келіп, кешкі астың қамына кірісе бергенде телефон шылдырады:

– Апай, емтиханды өте жақсы тапсырдым, екі-үш сағатта барып қаламын,-деді  Павел.

– Жақсы болыпты, құттықтаймын Павел,-деп  Бибінұр тұтқаны орнына қойды.

     Қызара бөртіп қызып алған Павел, қуанышы қойнына сыймай, күн бата оралды. Есіктен кіре-бере:

– Апай, армян коньягін алып келдім, менің емтихан тапсырғанымды жақсылап жуамыз бүгін,-деп қолындағы қорабын айнаның алдына қойып, алдынан шыққан Бибінұрды құшақтай алды.

– Павел, жайырақ...Көршілерден ыңғайсыз болады,-деп Бибінұр ашық қалған есікке қолын әрең жеткізіп жапты.

– Несі ыңғайсыз... Қайта олар да менің қуанышыма ортақтассын.

– Паке, жағаң жайлауда ғой, емтиханды жалғыз тапсырғандай... Құтты болсын! Енді, мен қазанды оттан түсіргенше, киіміңді ауыстырып, суға түсіп кел. Екеуара жақсылап тойлайық,-деді  күліп.  Бибінұрдың айтқандарын мүлтіксіз орындап келген Павел:

– О-хо... Апай, дастарханды жайнатып тастапсыз ғой... Бірақ... Мен әкелген коньяк пен гриляж шоколады көрінбейді ғой,- деп жан-жағына алақтап қарады. 

– Павел, жайғасып отыр. Өзің жақсы сілтегенге ұқсайсың ғой.... Бүгін ішімдіктен шай мен лимонад қана ішіледі.

– Апай... Жақсылап тойлайтынымыз қайда?...

– Ішімдіксіз тойлауға болмайды ма?

– Сіз армян коньягі мен гриляжды жақсы көретін едіңіз ғой...

– Енді маған ішуге болмайды, сол себептен оларды тығып қойдым.

– Сонда... Менің табысыма аса қуанбағаныңыз ба?..

– О не дегенің... Қуанғанда қандай...

– Қуанышымды білдіріп, тілек айтуға  өзің мұрша бермей жатқан жоқсың ба?..

                                                         

– Онда неге ішуге болмайды?

– Қуанбағаннан емес, себебі басқа.

– Ендеше, себебін айтыңыз.

– Айтамын... Алдымен отыршы, өрекпи бермей.

– Ал... Отырдым ендеше.

– Павел, емтиханды өте жақсы тапсырып, институтты үлкен абыроймен бітіргенің құтты болсын! Енді бес-алты күнде қолыңа дипломыңды алып, еліңе аттанасың. Мамандығың бойынша қызметке тұрасың. Атқарған қызметіңде беделді, абыройлы, отбасында бақытты болуыңа тілектеспін. Қай жерде, қай елде жүрсең де, ақтық демім таусылғанша сенің тілеуіңді тілеп өтуге бармын. Осыншалықты саған бауыр басып қаламын деп ойламаған екенмін. Бірақ, амал жоқ... Қош-тас-ар сәт жақындады. 

Қи-май-мын сені...

– Апай... Жылап отырсыз ба, не?.. Мен итжеккенге айдалып бара жатқан жоқпын ғой.

– Мән бермей-ақ қой... Аздап көңілім босап кетті.

– Апай, күліңізші... Сізге жылаған  жараспайды екен.

– Жарайды... Енді жыламаймын. Жанардағы жастың да сұрауы бар шығар?.. Таңертеңнен бері ашқұрсақ жүрген шығарсың, тамақ ішші өзің...

– Өзіңіз де өндіріп жатқан жоқсыз ғой... Тәбетті ашатын армян коньягін де тығып тастадыңыз, себебін айтпай. Енді Сізге қарап ішемін мен де тамақты.

– Кейінірек айта жатармын деп едім, қоймадың ғой, қылқылдап. Павел, менің аяғым ауыр...

– Не дедіңіз?.. Қайталаңызшы...

–Бүгін аяғымның ауыр екенін білдім. Сондықтан спирттік ішімдік ішуге болмайды.

– Ура... Мен әке боламын! Сізге үйленемін...

– Тұра тұр... Аптығыңды бас. Сен әке емес, аға боласың.

– Неге?.. Менен емес пе, сонда?..

– Менің көлденең жүргенімді көріп пе едің?.. Әрине сенен... Бірақ, мен ұл болса да, қыз болса да өз әкемнің атына жаздырамын. Саған тұрмысқа шығатын ойым жоқ. Сондықтан сен аға боласың. Түсіндің бе?

– Жоқ түсінбедім. Сонда... Мені сүймейсіз бе?..

– Керісінше, сені қатты сүйгендіктен – қиянат жасағым келмейді.

– Қазір қиянат жасап отырған жоқсыз ба?.. Екеумізге ортақ мәселені неге Сіз жалғыз шешуіңіз керек...

– Павел, сен әлі жассың.  Өмірлік тәжірибең маған қарағанда аздау...

– Бұл жерге тәжірибенің қандай қатысы бар?

– Менің сөзімді бөлмей, жақсылап тыңдасаң, түсінесің қандай қатысы барын.

– Айтыңыз, тыңдайын.

– Сенің ата-анаң, туған-туысқандарың, елің бар емес пе...

– Бар.

– Өзіңнен он үш жас үлкен әйелді алып барғаныңа – олар қалай қарайды,-деп ойлайсың?..

– Қалай қараса – олай қарасын... Бірақ, менің махаббатыма ешкім тосқауыл болмауы керек.

– Махабаттың арты машақатқа айналмасына кім кепілдік береді? Ел-жұрттың қаңқу сөздері, өзіңді Алладан сұрап жүріп зорға көрген, күндіз-түні тілеуіңді  тілеумен  ғұмыр кешкен, әке-шешеңнің  беттеріне  шіркеу болып, ажалынан  бұрын көрге тықпай ма? Жалғыз қарындасыңның қабырғасын қайыстырмай ма? Осылардың  бәрін ой елегінен  өткізіп, мен осындай шешімге келдім. Енді түсіндің бе?

– Ал, бейкүнә баланың тағдыры не болады, сонда?..

– Саған деген махаббатымның жылуын, аналық  мейірімімді сол балаға төгемін.

                                                           

                                                         

Сен де итжеккенге айдалып бара жатқан жоқсың ғой, анда-санда  болса да  хабар алып  тұрарсың...  Мендей  балажан  анасы  бар  бала – жетімдік  көре  қоймас...

– Менің  жағдайымды  жақсылап  ойластырыпсыз, ал,  өзіңіздің айналаңыздағылардың   аузына  қандай  қақпақ  қоймақсыз?..

– Жалғызбасты әйелдерді аналық бақытқа бөлеп  жүрген  құрбым  бар, бүгін  соның  тізіміне  жазылып  қойдым. Сенің  коньягің  мен шокаладыңды құрсақ  шашу бергенде ашамын.

– Барлығын  кесіп пішіп  қойыпсыз ғой, өзіңіз. Мен  Сіздің айтқандарыңызға  келісім  бермесем  қайтесіз?..

– Мені сүйетінің рас  болса,  келісім  бересің. Басқа амалы жоқ.

– Бала некесіз туыла ма сонда?..

– Жоқ, некемізді діни жолмен қидырамыз.

– Онда, үйленеді екенбіз ғой...

– Бұл туылатын балаға бола жасалатын ісшара. Ал сен, шертіп жүріп ұнатқан қызыңа  үйленесің.

– Ондай қыз кездеспесе қайтемін?

– Өзің таба алмасаң, өзім әрекет жасаймын.

– Сізге бәрі оп-оңай сияқты ғой...

– Оңай емес, әрине. Бұл мына жағдайдан шығаратын мәжбүрлік шара.

– Сіздің көкейкесті шешіміңіз осы ма?..

– Иә. Сенімен өткізген аз да болса саз күндерді, менің ең бақытты күндерім,-деп есептеймін. Ол күндердің әрқайсысын жылға балауға болады. Қимаймын, бірақ өз бақытымды біреулердің  қайғысының үстіне орната алмаймын. Екеуміздің еншімізде қалған, саусақпен санарлық күндерді бал айындай етіп өткізе алсақ, мен соны қанағат етемін. Келешекте мен сенің ұстазың, сен менің шәкіртім болып қана араласқанымыз жөн. Жасаған күнәміз болса, Алла өзі кешірсін. Қаншалықты қиын болса да екеуміз осындай шешімге тоқталып, оны бұзбауға серттесейік.

– Апай, ойлануға уақыт бермейсіз бе? Көшеге шығып, серуендеп қайтсақ қайтеді?..

– Бой жазып, ой сергіткен жақсы болар еді... Бірақ күн суық қой, салқындап қалмаймыз ба?

– Жылы киініп алыңыз, аса көп жүрмейміз ғой...   

 

                                                                VІІ

 

      Павел өзі туып-өскен аудандағы «Орталық дәріхананың» аға провизоры  болып қызметке орналасты. Қызметке бойын үйретіп алғаннан кейін, дәріхананың іс-қағаздарын жүйелеуге ынты-шынтысымен кірісті. Алматыдағы дәріханалардан көргендері мен көңілге түйгендеріне  сәйкестендіріп реттеп, бірнеше жаңа топтамалар қосты. Орталық дәріханаға бекітілген ірілі-ұсақты дәріханалар мен дәріханалық нүктелерді түгел аралап шығып, анықталған кемшіліктерге акті түзіп, соларды жоюға ықпал жасады. Үйде қарт ата-анасының қабағын бағып, көңілдеріне кірбің салмауға тырысты. Олардың әр жиынға барып келген сайын: «Пәленшенің қызы оқу бітіріп келіпті, түгеншенің  қызы бой жетіп қалыпты. Жетпісбайдың немересі  дүниеге келіпті»,-дегендей  әңгімелерді, әдейі бұған құлаққағыс етіп айтатынын да сезеді. Әсіресе, үйге Роза келгенде, Павелдің құлағы сарсаң болады. Ондай кезде, «менің кімге  ғашық екенімді бұлар білмейді-ау, білсе не істер еді»?-деген ойда отырып: «Дайындап қойған қыздарың бар ма»?- деп  құтылып жүрді.

     Дәріханада да, өзі күнделікті барып-келіп жүретін Орталық ауруханада да бойдақ қыздар көп. Бірақ, қырдың  бәйшешегіндей қаптап жүрген ақ желекті қыздардың бірі де бұның жүрегін селт еткізе алмады. Санасына төмен етектінің эталонындай болып

қалыптасқан Бибінұрдың  болмысын, түр-келбетін, күлкісін, құшағын аңсап, олардың

                                                             

 бірін де көзіне ілмеді. Уақыт алға жылжып, зуылдап өтіп жатты. Жауын-шашынды көкорай көктемді жайдары жаз алмастырды.

      Жұмыстан кештеу оралған Павел, киімін ауыстырып алып, қорада мал жайғастырып жүрген әкесінің қасына жақындап:

– Әке, несіне әуре болдыңыз, келгеннен кейін өзім жайғастыратын едім ғой бұларды,- деп  Қадір ақсақалдың қолындағы айырға жармасты.

– Е... Балам, бәрі сендердің қамдарың ғой... Шешең екеумізді өкіметтің берген зейнетақысы да аштан өлтірмейді. «Біздің үйде де бір той болар»,-деген үмітпен басы құралған мал ғой. Бейнетіміздің зейнетін көрсек қарымы өтелер...  Қарындасың да бой жетіп отыр, сол қыз ұзатылғанша, біздің үйге де келін түссе,- деп  армандаймыз.

– Әрекет жасаймыз әке.

– Айтпақшы, сен анау Дәмешті танисың ба?

– Кімнің қызы?

– Қызды емес, Ауылдық Кеңестің төрайымы болған  әйелді айтам.

– Иә, жақсы танимын. Жақында аудандық Кеңестің атқару Комитеті төрағасының орынбасары болып ауысқан кісі.

– Мен мектептің директоры болып қызмет атқарған кезде, жұмыс бабымен көп араластық. Күйеуінен ерте қалса да, еті тірілігінің арқасында  жауапты қызметтердің тізгінін ұстап келеді, аудандағы абырой-беделі де жақсы. Соның сендерден үш жыл кейін мектепті бітірген, жалғыз қызы болатын. Сол қыз биыл Шымкенттің педагогика институтын бітіріп келіпті. Өзінің қызметке ауысқанын, қызының оқу бітіргенін сылтауратып, бүгін біраз қарияларға  үйінде түскі ас берді.  Мектепте жүргенде қызы еркетотайлау көрінетін еді... Қазір аяқ-қолы балғадай, пып-пысық  қыз болып бойжетіпті. Бидай өңді демесең, түр-сымбаты да ешкімнен кем емес.

– Майраны айтып отырсыз ба? Оны да жақсы танимын.

– Иә, сол қыз Дәмештің інісінің келіншегі екеуі бәрін жайғастырып жүрді. Сарамжал екен.

– Бұның бәрін неге айтып тұрсыз маған?

– Сен ұнатсаң... Құда түсеміз бе дегенім ғой...

– Сізге ұнады ма, әке?

– Ұнағанда қандай... Бірақ әуелі саған  ұнауы керек қой...

– Маған ұнауы аса маңызды емес. Апам екеуіңізге  ұнаса болды. Сендердің жағдайларыңды жасайтын болса, жалмауыз кемпірдің қызы болса да үйленуге дайынмын.

– Мына сөзің түйеден түскендей ғой, балам...Ұнамаса–ашып айт, өзіңнің ұнатып жүрген басқа қызың болса, жасырма. Мекен-жайының алыс-жақындығына қарамай, ата-анасының  алдынан өтуге біз  дайынбыз.

– Өздеріңіз ұнатқан қызға құда түсе беріңіздер.

– Бұл сөзді  сен шын ниетіңмен айтып тұрсың ба, жоқ, көңіл жықпастық па?

– Менің басқа ұнатып жүрген қызым жоқ, сол себептен Сіздерге ұнағанын аламын.

– Сенің қолтығыңнан демеуге жарайтындай шешесінің қызметі бар, бір шаңырақты шайқалтпай ұстайтындай өзі де пысық екен. Біздің кәрі қойдың жасындай жасымыз қалды, адам жасы ұлғайған  сайын уайымшыл келеді екен. Немерелерін ертіп жүргендерге қатты қызығамыз, солай  жүруді армандаймыз. Ұлды ұяға, қызды қияға қондыру – ата-ананың парызы.  Өмір бойы әке-шешесін арқалап өткен ешкім жоқ. Біз де ертерек ата-аналық борышымызды атқарсақ дейміз балам.

– Әке, бәрін түсінемін. Дәмешке елші жібере берсеңіз болады. Қызы шатқаяқтап жүрмесе болды...

– Несіне шатқаяқтайды, қайта, таныс-біліс кісінің баласына айттырғанға–қуануы керек қой, сөз байласқан жігіті болмаса... Ешкімді салмай-ақ, өзім өтемін алдынан. Байлап        жатқан төрт өгізше де бабына келді. Біреуін соғымға қалдырып, үшеуін осы базарға

                                                                 

шығарамын. Сойысқа жарайтын екі-үш тұсақ бар. Қалған шаруаға Дәмештің алдынан өткен соң кірісерміз...

 – «Әке, тамақ дайын, келіңіздер»,-деген Розаның даусы екеуара әңгімені үзіп жіберді.

 Бұл мәселе тамақ үстінде  талқыланып жатқанда да, Павел сыр бермеді. Әкесі мен шешесінің қуаныштары  қойындарына сыймай, бірін-бірі қоштаумен болды. Роза да қуанған сыңай танытып:

–Аздап өзімшілдігі болмаса, жаман қыз емес... Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған да дұрыс шығар,-деп ата-анасын қолдағандай болды. 

     Тамақ желініп, шәй ішіліп болғаннан кейін, кемпір-шал өз бөлмелерінде оңашаланып алып, күбір-сыбырға көшті. Роза дастарханды жинастырып, ыдыс-аяқты жуып жүріп, тысқа шығып бара жатқан Павелге:

–Аға, басыңа ноқта, аяғыңа кісен түскенше жақсылап қыдырып қал,-деп қулана күліп, қолын бұлғады. Павел үйден шыққан бойда күрсіне бір дем алып, көшеде арлы-берлі ұзақ жүрді. Сапырылысқан сансыз ойлар санасын тілгілеп, тұйықтан шығар жол таппай тарықты. Бибінұрмен өткізген күндері есіне түсіп–көңілі құлазып, жүрегі сыздады. Тұңғиық ойлардың түбіне жете алмай, амалсыз тағдырдың талқысына мойын ұсынғандай, аздап сабасына түскендей болып, үйіне ел жата  оралды.

... Күзгі жауын-шашынға ұрынбай, қыркүйек айының алғашқы жартысында, ауданда айтарлықтай бедел арттырған зейнеткер ұстаз – Қадірдің ауласында айтулы той өтті. Баяғыда ұлының сүндет тойын партияның пәрменінен сескеніп, ойындағыдай  өткізе алмаған ата-анасы – Павелдің үйлену  тойына барын салды.

     Павел айы-күні жақындап қалған Бибінұрдың келе алмайтынын білсе де, алдын-ала ескертусіз шақыру қағазын салған. Тойға шақырудан басқа бір сөз жазылмаған хатты ашқан Бибінұр аң-таң болып, көзінің жасын бір сығып алды. Құрсақ шашу бергеннен кейін бүкіл институтты жайлаған сыпсың сөздер, кейбірі сұрлана, кейбірі ұрлана қарайтын көздер есіне түсіп,  өзі жайындағы өсек-аяңға аяқ бітіріп жіберген Сайраны жақсылап сыбап алды: «Өзі қырыққа келсе де не күйеуге тие алмай, не диссертациясын қорғай алмай жүргенін әркімнен көретін сорлы. Менің аяғымның ауырлағанын да көре алмағаны ғой, бейшараның. Мен оған не жаздым екен? Әсия: «Шақырмасаң – өсекті гулетіп жібереді»,-деген соң, шақыра салған едім сұмырайды.  Осы жерде-ақ: «Пәтеріңде ой десе–ойы, бой десе–бойы бар сымбатты студентті ұстапсың ғой, Әсияға жүгінгенше содан тұқым алып қалмадың ба»?-деген әзілінен шошынып едім, соның. Бірақ, ауыз өзініке ғой – оттай берсін. Бұның бәрінен Павел бейхабар ғой»,-деді күрсініп.  Павелдің мына шақыртуы – өзіне көрсеткен қыры екенін түсініп, тілегін жеделхат арқылы ғана білдірмек болып бекінді.

 ...Абысын-ажын мен ауылдың ашықауыз әйелдерінің арасында екі-үш айға дейін жыр болған той тарқап, тарихтың еншісіне өтті. Мектепке математика пәнінің оқытушысы болып орналасқан келін – үйдің тірлігін де үйіріп алып кетті. Қолы ұзарған Зейнеп апаның аузынан тобасы түспей, келген-кеткенге келінін мақтаудан шаршамайды. Майра да ата-ененісінің қас қабағын  бағып, жағдайларын жасауға  бар күшін салып жүр. Оңайлықпен сыр аша бермейтін Павел жұмыста да, үйде де өзін бірқалыпты ұстап, ешкімнің көңіліне  кірбің салмауға тырысты. Келіншегіне деген сезімі алып-ұшып бара жатпағанымен  жұбайлық  міндетін адал атқарып, отбасылық сыйластық орнатты.  Үш жыл бұрын жеңіл көлік алуға жазған әкесінің арызын қанағаттандырған Аудандық Кеңес атқару комитетінің қаулысы қолға тиіп, әке-шешесінің жиғанына тойға түскен шашуды қосып, Павел су жаңа «Жигули» көлігін сатып алды. Отбасының  қуанышына қуаныш қосылып, мәре-сәре болды.  

     Қазан айының соңында Павел Алматыға телефон шалып, үйінде жүретін студент қыздан Бибінұрдың аман-есен дүниеге ұл бала әкелгенін есітіп, жүрегі жарылардай қуанды. Перзентханадан шықпағанына қарамай, құттықтау жеделхат жолдап, үйіне өте көңілді оралды.  Қойнына сыймаған қуанышын әке-шешесімен бөлісіп, мәре-сәре

                                                                

болысты. Баласын – інілі болғанымен құттықтап, бауы берік болсын,-деп тілек білдіріп жатқанының мәнісіне түсінбеген Майра, аңтарылып отырып қалды. Осыны сезген Зейнеп Майраға мән-жайды тәптіштеп түсіндіруге кірісті. Жалғызбасты болса да, жаны жайсаң әйелдің Павелді үйіне жатқызып, жолдаманы ауылға алуына септігін тигізгенін айтып, аналық жүрегімен алғысын жаудырды. Мұндай ақпараттан бейхабар Майра, енесінің  сөзін бөлмей тыңдағанымен, ойланып қалды. Атасы мен күйеуінің тысқа шығып кеткенін пайдаланып:

– Апа, жаңағы Сіз мақтаған жалғызбасты әйел баланы күлге аунап туыпты ма?- деді сұрақты көлденеңінен қойып.

– А...а, Розаның айтуына қарағанда, доқтырлардың көмегімен көтерген білем... Қайтеді енді, байғұс... Қартайғанда жанына жалау болсын деген шығар,- деп Зейнеп  сасқалақтап қалды. 

–Дегенмен пысық әйел екен,-деп таңырқаған болып, Майра дастарханды жинастыруға кірісті. Ыдыс-аяқты жуып жатқанда да ойдан арыла алмай, бір кесені қолынан түсіріп алды. Сақыр еткен дыбысты есітіп, елпеңдеп жеткен енесіне:

– Апа, қолым тайып кетіп, бір кесені сындырып алдым, ұрыспайсыз ба?-деп наздана  жымиып күлді.

 – Е... Не қылады дейсің тәйірі... Қайта, ыдыстың анда-санда сынып тұрғаны жақсы. Бастарың аман болсын қарақтарым. Жансыз дүние басқа бітеді, оған бола ренжімей-ақ қой.  Қолыңды жарақаттап алмасаң болғаны,- деп Зейнеп шығып кетті.

    Кемпір-шалдың төсектерін салып беріп, сыныптас досының үйіне кеткен Павелді күтіп отырып, оның сурет альбомдарын ақтаруға кірісті. Бітірушілердің альбомын қолына алып, қамқорлық жасаған ұстазын іздестірді. Әйел ұстаздардың дені бала көтеру жасынан асып кеткен, кексе көрінді. Астыңғы қатардың қақ ортасындағы көзілдірік киген, ұсқынсыздау әйел болмаса... Ұйқысы келмей, келесі альбомды ақтарып отырғанда, Павел кіріп келіп:

– Альбомдарды қолыңа алғаныңа қарағанда, ішің пысқан-ау, шамасы,- деді күліп.

 – Жоқ, ішім пысқаннан емес, саған қамқор болған ұстазыңды көргім келіп еді, кілең кексе әйелдер ғой,-деп  қолындағысын қоя салып, бірінші альбомды көрсетті.

– Альбомда сабақ бергендердің бәрінің суреті болуы міндетті емес, сені қатты қызықтырса өзім тауып берейін,-деп Павел басқа альбомды қолына алып, іздестіре бастады.  Міне, мына екеуінің қайсысы деп ойлайсың,-деді жұп болып түскен әйелдердің суретін көрсетіп.

– Мынаусы тіпті жас, мынау шығар?- деп  Майра кекселеу, ет жеңдісін көрсетті.

– Жоқ, таппадың, екіншісі,- деді Павел Майраның жүзіне барлай қарап.

– Қойшы Павел, қылжақтамай... Бұның ұстазға емес, студент қызға ұқсайды ғой...

– Сенсең де, сенбесең де маған фармакологиядан дәріс берген, қамқорлық жасаған Бибінұр апай осы.

– Қасындағысын да танисың ба?

– Ол институтты бірге бітірген құрбысы – Әсия апай. Гинекология және акушерлік тәлім кафедрасының доценті.

– Жастары қаншада бұлардың?..

– Бибінұр апай биыл отыз сегізге толады, Асия апай бізге сабақ бермеген соң жасын білмеймін. Бірге оқығандарына қарағанда қатар шығар?..

– Сенің апайың тіпті жас көрінеді екен, қалай сақтаған өзін?.. Төмен етектінің сұлуы ғой тіпті...

– Мінез-құлқы да керемет адам.

– Сен осы әйелмен бір пәтерде тұрдың ба?

– Иә, жарты жыл апалы-інілідей болып...

– Тек... Солай ғана ма?- деп  Майра  кекесінді жымиды.

– Енді қалай тұруымыз керек еді?-деп  Павел қызарақтап қалды.

                                                           

– Хор қызындай сұлу әйел қол созым жерде жатқанда, қалай шыдап жаттың жарқыным?.. Мен сенің орныңда болсам, шыдай алар ма едім, жоқ, шыдай алмас па едім?- деп  Майра өзіне-өзі сұрақ қойғандай қулана күліп, ернін жымқырды.

– Немене сонда... Өзіңнен мүшел жас үлкен ұстазыңның қойнына барар ма едің?- деп Павел түсін суытты.

– Жоқ... Мен өзімді сенің  орныңа қойып көргенім ғой, әншейін... Болмашы нәрсеге ашу шақырмай-ақ қойшы... Кемпір-шалдың құлағына тисе ұят болар,-деп Майра  жуып-шайған болды.

– Тергеу аяқталған болса, жатайық енді,- деді Павел қитығып.

Ерлі-зайыптылардың арасындағы алғашқы қақтығыс осылай басталып, бейбіт аяқталғаныменен Майраның көңілінің түкпірінде бір түйткіл қалып қойды. Таңертеңгі шай үстінде Қадір ақсақал:

– Павел, «бір күн дәм татқан үйге – мың күн сәлем»,- деген бар. Шешең екеуміз ойласа келе, Майра екеуіңнің Алматыға барып келгендерің дұрыс шығар,-деп отырмыз... Жұмыстарыңнан бір-екі күнге сұрансаңдар, алдағы сенбі-жексенбіні пайдаланып – барып қайтуларыңа болады. Әрі ұстазыңның қуанышына ортақтасып, әрі Майраға қаланы аралатып қайтар едің, балам. Бұған сендер қалай қарайсыңдар?-деп, суыңқырап қалған шайын ұрттады. Павелдің ойланып отырып қалғанын пайдаланып Майра:

 – Ата, менің жұмысқа  тұрмай жатып – сұранғаным ұят болар, Павелдің өзі барып келе берсін,-деді салқын қабақ танытып. Бұндай сөзді күтпеген қария не айтарын білмей, кемпіріне бір, баласына бір қарап, аузына сөз түспей отырып қалды. Майраның қызғанып отырғанын сезген Павел:

– Жарайды, Майраның айтқаны да дұрыс шығар... Сенбі күні кешкі автобусқа отырсам – таңертең жетемін. Сол күні кешке кері қарай отырсам – жұмыстан да қалмайды екенмін,-деп, сөзді осымен доғарайық дегендей орнынан тұрып кетті.

     ...Павел Бибінұрдың жатқан палатасы бірінші қабатта екенін білгеннен кейін, кіріп-шығып жүрген медбикелердің бірінен хабар айтып, жетінші палатаның терезесінің алдына барып тұрды. Тағатын тауысардай күттіріп барып, терезеден Бибінұрдың қол бұлғағанын көріп жақындады.

–  Апай, сәлеметсіз бе? Саулығыңыз қалай?

– Жақсы, бәрі де ойдағыдай... Ана «сотқарды» емізіп жатқандықтан сені біраз күттіріп қойдым... Өздерің қалайсыңдар?- деді  Бибінұр терезені болар-болмас қиғаштатып ашып жатып.  

– Ашпай-ақ қойсаңызшы, суықтап қаларсыз,- деді Павел қабаттасып.

– Ештеңе етпейді сәл ашқанға, оранып алғанмын.

– «Сотқарыңыздың» бауы берік болсын!  Ұлды болғаныңыз құтты болсын!            

– Рахмет. Інілі болғаның саған да құтты болсын! Жеделхат жіберіпсің ғой, бүгін сонша жерден несіне әуре болдың?..                                                                                       – О не дегеніңіз... Қанатым болғанда есіткен бойда ұшып жетер едім ғой,  автобусқа таңылмай. Кемпір- шал да қуанып жатыр. Сізге дұғай-дұғай сәлем жолдады.      

–  Олар күйлі- қуатты ма?                                                                                                           –  Ойындағылары орындалған соң күпті көңілдері жай тапқан сияқты...

– Айтпақшы, қолыңа қондырған құсың құтты болсын! Бақытты болуларыңа тілектеспін. Тағдыр қосқан жарыңның жанына жалау бол, көңіліне кірбің түсірме.                                          

–  Рахмет, апай. Апам қолдан түйілген тары мен құрт, бір тоқтының етін беріп жіберген  Сізге. Оларды пәтеріңізге соғып, Сәлимаға беріп кеттім. Ауылда өскен қыз ғой, құрт езуді біледі екен. Енді апамның  рецептімен Сізге күнделікті құрт қатқан, сары майды күйдіріп құйған тары көже пісіріп әкеледі. Апамның айтуынша бұл көже беліңіздің  ертерек қатайуына септігін тигізеді екен. «Үйге шыққан соң жас сорпа ішіп терлесін, қалжасын жесін»,- деген тапсырмалары тағы бар,- деп  Павел күлді.

 

                                                                   

– Ол кісінің қамқорлығына мың да бір рахмет. Кеше Айкүміс те айран қатқан тары көже әкелген, бұйыртса құрт қатқанын да ішетін болыппын ғой,- деп Бибінұр жымиды.                                                                                                                             

 –  Сәлима  бүгін- ақ әкеліп қалар... Ініміздің атын кім деп қоймақшысыз?                      

 –  Жаратқаннан тілеген тілеуім қабыл болды. Оның үстіне ағасының атымен үндес болғаны дұрыс шығар... Есімін Қабыл деп қоймақпын. Сенің басқа ойың болса, айта бер қысылмай.

– Жоқ, апай. Өте жақсы. Тағдырыңыз тарықтырмай, тілегіңіз әрдайым қабыл бола берсін. Қабыл үмітіңізді ақтасын. Кімге тартқан ол бұзықтың өзі?            

– Қасымдағы келіншек: «өзіңізге тартқан» дейді.  Бесік баласы бес түлейді,- деген бар емес пе, кім біледі әлі кімге тартарын...

– Кімге тартса да аман болсын. Өзін көрсете алмайсыз ба?

– Емізуге алып келгенде көрсетуге болады, бірақ, оны үш сағаттай күту керек.  Уақытың бар ма, қашан қайтасың?

– Уақытым жеткілікті, автобусқа кешке отырамын.

– Онда сен бір айналып келесің бе?.. Маған көп тұра беруге болмайды.                                                – Сөйткенім дұрыс шығар, Сізді шаршата бермей...

... Күндер сырғып өтіп жатыр. Павел көлік жүргізушілерге арналған курсты бітіріп, емтиханын тапсырып, жүргізуші куәлігін алды. Бірер  күн жүрексініп, қасына сыныптас досы – Мұратты отырғызып айдап жүрді. Әбден төселіп алған соң жалтақтамай, жұмысқа да, базар- ошарға да соны мінетінді шығарды. Бұрынғыдай жаяу- жалпылап емес, дәріханаларды ақбоз ат түстес абройлы темір тұлпармен аралайды.  Баратын жерлеріне апарып- әкеліп жүргендіктен, ата- анасының да мерейлері өсіп, ағайындар арасындағы беделдері  артқан.   Кешке жұмыстан қайтып келе жатып, кешегі аптада келіп-кеткен қарындасының:  «Аға, қазан-ошақтың егесі үйге кірді, енді маған кете беруге болатын шығар»,- деген әзіл- шыны аралас, күліп айтқан сөзі есіне түсті.  «Әзілі ме, шыны ма?.. Кететін болса, еш болмағанда жеңгесіне айтып кететін шығар»?-деді иығын қушитып. Үйге келген соң Майрадан сыр тартып көріп еді, ол да ештеңе білмейтін болып шыққан соң, Павел ары қарай қазбаламады.  

     Ауланың күншығыс бетіндегі талшын ағашының астына орналасқан күнқағарда  Павел ой үстінде отыр. Пенделік тұрғыдан қарағанда, биылғы жылды ол үшін, оның отбасы үшін өте табысты жыл болды деуге болады. Өзі жоғарғы оқу орнын бітірді, қызметке орналасты, ата- анасы дүркіретіп той жасап үйлендірді, астына екінің біріне бұйыра бермейтін көлік алып мінді, қарындасы оқуын бітіруге жақын... Осыларды ой елегінен өткізіп, шүкіршілік еткенімен, Бибінұрды, өзіне іні етіп қабылдаған ұлы – Қабылды бір көруге зар болып сағынады. Барып қайтқысы келгенімен, секем алып қалған Майраның көңіліне кірбің түсіргісі келмейді. Сырын ешкімге, тіпті әке- шешесіне де аша алмайды. Сыртынан тілеулерін тілеп, анда-санда телефон арқылы хабар алып тұрды. Бүгін көңілі құлазып, өзін тура бір екі оттың ортасында қалғандай сезініп отыр. Бойын сергітпек болып арлы-берлі жүре бастады. Ойына қайтадан қарындасының сөзі оралды. Бүгін сенбі, Роза неге келмеді екен, шынымен кетіп қалғаны ма?-деп күрсінді. Розамен бірге оқитын, ауылдың батыс бөлігінде тұратын Злиха деген қыз есіне түсіп, барып-қайтпақ оймен көлігіне беттеп келе жатқанда, үйдің тұсына жайлап келіп бір көлік тоқтады. Кім болды екен?-деп аңтарылып тұрғанда:

– Қадірдің үйі осы ма екен?- деп бір қария кісі мен орта жастағы жігіт ағасы қақпадан ішке кіріп келе жатты.

– Ия, осы,- деп  Павел олармен қол алысып амандасып, оларды үйге бастап жүрді.

– Үй егесі үйде ме?-деді алда келе жатқан жасы үлкені.

– Үйде, кіре беріңіздер,-деді Павел сыртқы есікті ашып жатып.

Амандық-саулық сұрасып, дастархан жайылып, алдарына шай келгеннен кейін:

 – Жыға танымадық қой, таныса отырайық ақсақал,- деді Қадір келген екеудің жасы

үлкеніне қарап.

– Менің есімім Бердіқұл, мына баланың аты Мәлік,- деді  қолындағы кесені асықпай жерге қойғаннан кейін жолсерігін нұсқап.

– Қош келіпсіздер...

– Біз алыстан емес, мына тұрған Шымқаладан келдік. Келген себебіміз Қадеке, Сіздерде бой жеткен қыз бар екен, бізде ер жеткен ұл бар еді. Екі жас бірін - бірі ұнатып, қол ұстасып біздің ауылға келіп қалды. Жастардың шаңырақ көтермек болған ниетін құптап, қызыңыздың басына орамал салып, бүгін бетін аштық. Ешқандай зорлық-зомбылық болмаса да, алдымен алдарыңыздан өтпеген қателігімізді мойындап, ат-тон айыбымызды арқалап,  кешірім сұрай келіп отырмыз,- деп, төс қалтасынан баппен суырып, банктегі бумасы бұзылмаған жиырма бес сомдық ақшаны ақ  дастарханның бұрышына қойды. Тілі байланған адамдай сазарып отырып қалған Қадір, біраз үзілістен кейін үні шығып:

– Зорлық-зомбылықтың болмағанын біз қайдан білеміз?.. Қыздың өз қолымен жазып берген хаты бар ма Сіздерде?- деді даусы жарықшақтанып.

– Ай, Мәлік, «хат жаздырып алдым»,- деп едің ғой,  бермейсің бе оны, жұртты бетіңе қаратпай,- деді  қалтасынан бір жапырақ қағазды шығарып жатқан серігіне.

 Қағазды қолына алған Қадір:   

– Павел, мә, дауыстап оқышы не жазғанын,- деп  баласына ұзатты.  Хатта:

«Әке-апа, аға-жеңге, мен өзім сүйген жігітке өз еркіммен келдім. Мені айыпқа бұйырмаңыздар,  хабаршыларды да қыспаққа алмаңыздар»,- деп жазылғанын есітіп, аз-кем ойланған Қадір:

– Бердеке, балалар Сіздермен еріп барып, қызды, қыздың барған жерін өз көздерімен көріп келсін,- деп, баласы мен келінінің қасына адуынды немере келінін қосып, хабаршылармен бірге жолға салды.

   Қуғыншылар қайтып келгенше кемпірі екеуі де көз ілмей, барып келгендерден азды- көпті мағлұмат алып, күпті көңілдері орнына түсіп, түн ортасынан ауғанда төсектеріне қисайды.                                                                                                                                                                                                                                                                                                 

 

                                        

                                         VІІІ

 

       Қым-қиғаш күйкі тірлік мұрша бермей, үш-төрт жылдан бері демалмаған Павел, он шақты күн таудың таза ауасын жұтып, сергіп қайтпақшы болып, Біркөлік шипажайына келгеніне төрт күн болды. Түске дейін ем-домын қабылдап, түскі астан кейін өзен жағалап, тау шатқалын аралауға жалғыз шықты. Бір сағаттан астам жүріп отырып, шатқалдың мейлінше тарылған, алқым тұсына жетті. Табиғат – шебердің қолынан шыққан ертегідегідей тылсым дүние. Бір атты кісі сиятындай етіп қана қашалған құзды шатқалдың ішіне кірсең – тас төбеңдегі көк аспанның өзін көру қиындай түседі. Тіпті, жалғыз адамға тереңдеп кіруге қорқынышты сияқты... Бір қызығы, тастан қашалған шатқалдың қабырғалары лыпасыз жалаңаш емес. Тастардың жігі мен қуыс-қуысына қонған топырақтан нәр алып – өскен қымыздық, тау пияз, сасыр, шырыш сияқты шөптесін өсідіктер мен тасжарған, шие бұталары  төбеңнен тәкаппарлана қарайтындай... Шатқалға арнасын салып, сарқырап ағып жатқан өзеннің көздің жасындай мөлдір суына аяғыңды батырсаң, мұздайлығы басыңның құйқасына дейін тітіркендіреді. Әр-әр жерден кейбірі бастауынан бұрқырап, кейбірі тұнжырап шығып, өзенге сылдырап ағып келіп қосылып жатқан  бұлақтар, жағасындағы сыбдыраған құрақтар жүрек толқуының нәзік перделерін шерткендей... Павел шатқалға тереңдеп кіруге жүрексініп, артқа қарай біраз  жүріп, маңайындағы қой тастарға сес көрсеткендей биігірек орналасқан нән тастың үстіне шығып тұрды. Айналасына зер салып тұрып, шатқалдың сол жағындағы биік

                                                                        

құздың үстіндегі жартаста, тура бір тастан қашалған мүсіндей міз бақпай тұрған, ай мүйізді киіктің серкесіне көзі түсті. Дереу дүрбісін алып, тамсанып қарап тұрып: «Бұл неге бір орыннан қозғалмай тұр»?-деп  жоғары-төменді оның маңайын сүзе бастады. Төмендеу өскен топ аршаның маңында лақтарымен жайылып жүрген бір топ киік көзіне ілінді. Сүйсініп, біраз қарап тұрды. Тау бөктерін түгел шолып шықпақшы болып, дүрбісін бұрған еді; оң жағындағы қыратты төбеден опырылып түскен жарға үңгірлеп салған көкқұтандардың бірнеше ұясын көрді. Бір-екі рет ұшып келіп, ұясына кіріп-шыққан құстарды көріп: «Балапан ашқан екен ғой»,-деп жорамалдады. Олардың тіршілігін тамашалап тұрғанда: «Қиақ»,-деген  дыбыс Павелдің құлағына жаңғырығып жетті. Қайдан шыққанын түсіне алмай, дүрбісін киіктер жайылып жүрген тұсқа қайта бұрды. Олар зым-зия көзден ғайып болыпты. Бірақ серкесі әлі міз бақпай тұр екен. «Аңшыдан ба, әлде, ит-құстан ба, әйтеуір бір қауіп төнген-ау, серкесі неге кетпей тұр»?-деді дүрбісін көзінен алмай, өзіне-өзі сұрақ қойып. Ұзақ бақылаудан көзі талған соң, дүрбісін иығына асынып, тастан түсіп, қайтуға бел байлады. Таяқ тастам жерде өскен, гүлін төгіп түйіндей бастаған сары долананың түбінен шығып жатқан бастаудың суынан мейірін қандыра қосуыстап ішіп алып, жалғызаяқ жолға түсті. Аяңдап келе жатқанда, ертеректе әкесінің жезкиік туралы айтқан әңгімесі есіне түсіп, кілт тоқтады. Биіктеу жерге шығып, дүрбісін қайта көзіне тосты. Бағанағы киік бәз-баяғы қалпында әлі тұр екен. «Әкем айтқан жезкиік – осы»,-деді  сенімді түрде. Жақсыкелді Сейіловтың «Жезкиік» әні шыққан кезде әкем:  «Балам, жердің де, елдің де, судың да, адам мен аңның да, жалпы Жаратқан Ием жаратқан барлық нәрсенің киелісі болады. Киіктің киелісі – Жезкиік. Киіктің текелері ұрғашыларынан бөлек жүріп, жылына бір-ақ рет, «киікматау» маусымында ғана бастары тоғысады. Онда да, өзара айқаста жеңген –текелердің  мықтылары ғана жақындаса алады. Бұл, киіктердің жақсы өсіп-өнуіне жағдай жасаған Табиғат – ананың бұлтартпас  заңы. Олар сондықтан бәрі бірдей,  жыл мезгілінің  жылы кезеңінде лақтайды. Еркек болса да жыл бойы ұрғашыларының қасында жүріп, ит-құстан сақтандырып, бәле-жәледен қорғайтын серкесі – жезкиік. Ол Киік – ананың құрсағында жатқанда кие қонып, піштіріліп туылады екен. Киесі барын білетін аңшылар оны атпайды екен. Атқан адам екі дүниеде де оңбайды,- деген наным бар. Жастау кезімізде  Өгем жаққа аңға шығып, абайсызда құздан ұшып – мерт болған жезкиікті көргенмін. Олар, тобының қауіпсіздігін  қамтамасыз етуге қажет болса, өз өмірлерін қиюға қай кезде де дайын жүреді»,-деген еді.  «Біз, санасы жоқ,-деп ойлайтын тағы тіршілік  иелері табиғаттың заңын бұлжытпай орындаса, Аллаһ Тағала сана берген Адам баласына не жорық... Жаратқан Иеміздің қыз күйінде аманаттаған табиғатын неге жалмауыз кемпірдің кейпіне түсіруіміз керек?.. Неге қоршаған ортаны қорғауға құлықсызбыз? Дүниедегі ең қауіпті жыртқыш адам ба, сонда?-деп  Павел өкінішті күрсінді.  Киік тұрған жартасқа тағы дүрбісін бағыттаған еді, ол да кетіп қалыпты. «Қой, менің де қайтқаным жөн шығар»,-деп жолға қайта түсті. Өзі өзен жағалап, санасы өткен өмірін саралап  келеді:  «Cағым жылдар – сарғайған сағынышыңды санаңа сіңіріп, қалай өтіп кеткенін де байқатпай,  алға ғана жылжыйды екен, мынау теңізге асыққан асау өзеннің суындай. Өткен шақтың есіңде елесі ғана қалатыны қандай өкінішті... Кеше ғана бала емес пе едік – шыбықты ат қып мінген... Үлкендерге еліктеп, ертерек есейгіміз келді. Оқыдық, тоқыдық, бақытты балалық шақты барса-келмеске жіберіп, есейдік. Әскерге бардық, студенттік өмірді бастан кешірдік, ғашық болдық, үйлендік, бәрі-бәрі... Кеше ғана сияқты еді?  Бізді жарық дүниеге алып келіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, алақандарына салып өсірген ата-анамыздың сүйектері қурағалы қай заман... Әкемнің мені неге үйлендіруге асыққанын ұл-қыз өсе келе түсінгендеймін... Жалған дүниенің парқына адам жас кезінде бара бермейді екен ғой. Ер мінезді Дәмеш апамның да бұл дүниеден озғанына екі жыл болып қалды. Әке-шешем дүниеден озғаннан кейін, Майра біраз өнер шығарған еді. Болмайтын нәрседен ілік іздеп, көріпкел балгерлерге барғыштап, орынды-орынсыз қызғанышқа бой ұрып, үйдің берекесін ала

                                                                  

бергеніне шыдай алмай, бетіне шапалақпен тартып қалғанмын. Ашуым басылғаннан кейін, қанша кешірім сұрасам да  бет бақтырмай жұлынып, әлі оң-солын танып үлгірмеген екі баламды ертіп, құндақтағы қызды алып шешесінің үйіне кеткен. Өзімді-өзім ұстай алмай, ашуға берілгеніме өкініп, үйде жалғыз қалғанмын. Өзімнің ұятты жерімді өзгеге қалай ашамын. Шын ниетімен маған жаны ашыйтын маңымда ет-жақын ешкімім жоқ. Менің тағдырыма ынты-шынтысымен алаңдайтын екі-ақ адам бар бұл жалғанда. Бірі қарындасым – Роза, екіншісі Бибінұр апайым. Отырса опақ, тұрса сопақ болып жүрген Розаның өз тауқыметі өзіне жетеді.  Ақшасының арқасында айға айбат шеккен арыстандай – атасы, қу түлкідей жылмаң қаққан енесі, барған жерін кедейсініп, бір баламен қайтып келген кесапаттау қайын бикесі бар.  Мына оқиға құлақтарына тисе – бес жылға дейін қарындасымның бетіне салық қылуға жететін азық болады. Сол үшін сыбысын шығармауым керек. Қалай?.. Көңілім мұң өріп, жігерім құм болып, ақылым – айран, ойларым – ойран  болған соң Алматыға телефон шалып, Бибінұр апайға жағдайымды жайып салғанмын. Ол кісі:  «Бүгін барып әуре болма, ашуын бассын. Ертең жексенбі, Дәмеш үйінде болатын шығар... Мен адам танысам; ол, ақ пен қараны ажырата білетін әйел. Сен ештеңе болмағандай барып сәлем бер. Ары қарай пешенеңе жазғанын көрерсің»,-деп  ақыл қосты. Ертесіне түске жақын қыдырып келген адам сияқтанып барған едім, апам жылы қабылдады. Майра да басылып қалған сияқты... Түскі асты ішіп болған соң апам, өзі кішкентайынан бауырына басқан інісінің баласы – Серікке бала-шағаны далаға апарып ойнатуды тапсырды да, Майра екеумізді алып қалып:  «Мына келіншегіңнің жетесіне жетіп қонақтаған желігін, кешеден бері сылып тастадым. Енді тізгінді уысыңда берік ұста, бұдан былай екеуіңнің ұрысқандарыңды естімейтін болайын. Бала-шағаңды  жинап алып кет те, отбасыңа еге бол»,-деп,  бір ауыз  қатты сөз де айтпай шығарып салған еді, топырағы торқа болғыр марқұм енем.  Апам Майраға не айтқанын білмеймін, бірақ, содан кейін төркініне тұра қашуды да, балгерлерге баруды да, жоқтан өзгені сылтау етіп қызғануды да қойғаны өзіме аян. Қайда болмасын менің абройым емес, өз беделінің  үстем болғанын қалап, отбасының басты тірегі – өзі екенін көрсеткісі келген кездерінде  онымен сөз таластырып, жаға жыртысуды бойыма мін санайтынмын. Бірақ, отбасының тыныштығын сақтау үшін оның бұл мінезіне көндігуіме тура келгенімен өмірге деген көз қарасымнан, өз пікірімнен айныған емеспін. Қаншама арман-мақсаттар, ойлар іште тұншығып жататын. Балаларымның анасы ретінде сыйлап, жұбайлық міндетімді бір кісідей атқарғаныммен, осы қиянаты үшін мен оны сүйіп кете алмаған едім. Тарыққан кездерімде Нұрбибінің құшағын, мейрімін аңсадым, бірақ, оған өзімнің «бақытты» екенімді көрсетуге тырыстым. Үйден таппаған жылуды түзден іздеген кездерім де болды. Қаншама жылдар бойы өзімшіл мінезін тастай алмаған Майраны Дәмеш апам бір күнде қалай жөнге салды?-деп, әлі күнге дейін таңданамын. Осы күннен бастап қара шаңырақтың берекесі кіріп, түтіні түзу шыға бастады. Майра екеуміздің арамызда сыйластық орнап, бір-бірімізге деген қимастық сезім ояна бастады. Содан бері ата-аналарымыздың дүниеден озған күндерін еске алып, құран оқытып тұруды үзген емеспіз. Розаның барған жерінің жайсыз болғаны мен алғашқы екі немересінің бірінен кейін бірі шетінегені әке-шешеме өте ауыр соққы болды.  Өзектерін өртеп, өмір жастарын қысқартып кетті ме, қайдам?.. Ұлдарымның өскенін, қызымның дүниеге келгенін де көре алмай, бірінің артынан бірі дүниеден озды. Біз тілеуімізді  тілейтін, арқамызды  сүйейтін асқар тауымыздан ертелеу ажырап, есеңкіреп  қалдық. Бірақ, тағдырдың ісіне амал қанша...

     Отбасында туындаған қыйыншылықтарға шыдамай, екі баласымен үйге келген  Роза, қайтып барғысы келмей қиқаңдағанда әкем: «Қызым, біріншіден, мен сені зорлап қосқан жоқпын, өз қалауларыңмен қосылдыңдар. Екіншіден, мен сені екі баламен емес, жалғыз бергенмін. Ішімізге сыйған соң, сыртымызға да сыясың. Бірақ, мына кісінің балалары сыймайды. Алда-жалда ажырасамын десең, екі баласын апарып тастап, өзің кел»,-деген еді, жарықтық. Содан кейін қанша қиналса да сыр бермей, қарындасым тағы екі ұл, бір

                                                                   

қыз туып алды. Қазіргі кезде жетесіне жеткізе айтатын қариялар азайып қалды ма, әлде, жастар отбасы мәселесіне жеңіл-желпі қарайды ма, түзеуге емес, қасиетіңді күзеуге анталаған ақпарат көздерінің әлегі ме?.. Әйтеуір, болмашы қиындықты сылтау етіп, бүгінде қосылып-ажырасу дерті  дендеп барады. Жетімін жебеп, жесірін жатқа қимаған ата-баба салты ұмыт болып бара жатыр»...

– Пәке,-деп Ерланның сөз бастағаны сол еді, Павел оқыс естілген дыбыстан селк ете қалды.

– Ой... Ереке, сен бе едің? Байқамай қалыппын ғой, шипажайға келіп қалғанымды...

– Немене, тұңғиық ойдың иіріміне түсіп кеткенсің бе?

– Жай... Шатқалды көруге шығып едім, киіктердің тіршілігін тамашалап қайттым.

– Бағана, Сабыр сені көп іздеді. Ешкімге айтпай кетіп қалғаның не? Айтсаң – серік болып, киіктеріңді санасып қайтар едік қой.

– Жалғыз жүргім келді.

– Қойсашы ондай өтірігіңді. Одан да бір шүйкебасты қыдыртып қайттым десеші.

– Көзіңе қос көрінейін деген бе, қасымнан қандай шүйкебасты көріп тұрсың?

– Кім біледі... Оны басқа жақтан кіргізіп жіберген шығарсың? Кеше сенімен көп билеген  Бағила да түстен кейін көрінбей қалды.

– Ерлан, қылжақтамай Сабырдың неге іздегенін айтшы.

– Екпіндіде тұратын бөлесі киіктің лағының етін пісіріп әкеліпті. Бізді шақырып, соның етінен ауыз тигізді. Сені де сол үшін іздеген болуы керек...

– Екпінді – жолдағы ауыл емес пе?-деді  Павел іші қылп ете қалып.

– Ия. Сенің сыбағаңды қойған болар...

– Қойдың еті болмаса, мен лақтың етін жемеймін.

– Қиын қылдың ғой құрдас, сен жемегеннен Сабырдың қылы қисаяды деймісің...

– Жарық дүниенің есігін енді ашқан, табиғаттың төл перзентіне оқ атқандарды ұнатпаймын.

– Достым, кімге қиқайып тұрсың, мен емес қой атқан?..

– Ереке, саған қиқайып нем бар... Мен жаңа ғана лақтарымен бірге жайылып жүрген бір топ киікті, оларды қорып жүрген жезкиікті көріп – сүйсініп, тұмса табиғатқа тамсанып, марқайып қайтқан едім. Енді, сендердің жегендерің соладың бірінің еті ме?-деп, құлазып тұрмын.

– Сен жаңа көрсең, біз бағана жеп қойсақ – қалай солардың бірінің еті болады?..

– Бүгін атпаса, кеше атқан шығар, әйтпесе, қайдан алады?  Қалай көздері қияды? Аштан өлетін заман емес қой. Неге қатыгез болып барамыз? Сұлулыққа тамсанудың орнына, неге сұқтанамыз? Бір асым ет үшін табиғатқа қиянат жасауға бола ма?..

– Оу, Пәке, осы жерден тоқта енді. Сен күйіне бергенмен  ол лақ қайта тірілмейді.Өзің бір, пәлсапа соғып, қуып кетеді екенсің ғой. Нем бар еді, саған лақтың етін жегенімді айтып... Бөлесі, Сабыр сияқты салмақты емес, ісіп-кепкен желбуаз қу екен. Ешкінің лағын киіктіке,-деп әкеліп, құлаққа теуіп кетті.

– Оны қайдан білдің?

– Киіктердің лақтағанына бір ай енді толды. Біздің жеген етіміз кемінде үш айлық лақтың еті. Ол менің Қасқасудан екенімді білмей, қалай атып алғанын айтып біраз лепірді. Қаланың жігіттері аузын ашып тыңдаған соң, тілімді тістеп отыра бердім.

– Бекер қылғансың, суайттың өтірігін әшкерелеуің керек еді.

– Сен де айтады екенсің... Сабырдан ұят емес пе? Айтпақшы, сені биллиардтағы жігіттер де іздеген болатын.

– Кімдер ойнап жатыр?-деді ашуы басылайын деген Павел.

– Күнде ойнайтындардың сенен басқасы сонда. Қаладан бүгін келген бір қасқабас  шал бәрін ысқыртып жатыр. Сені де ұтып қояды-ау, шамасы...

– Қызық болып жатыр екен ғой. Жүр, сол жаққа барайық, онда.

–  Бағанағылар тарап кеткен бе?-деді Ерлан, ойнап жатқан екі балаға жақындап барып.

                                                                       

–  Үлкен кісілердің бәрі футбол көруге кеткен соң, столды  біз алып қалдық,-деді тәмпіш мұрынды сарысы, бұларға үрке қарап.

 – Пәке, бір партия көреміз бе?

–  Кешкі астан соң ойнармыз, қазір балалар ойнай тұрсын.

–  Сені қасқабас профессорға салып, күшіңді байқайық. Бұл жерде сенімен тайталаса алатын  басқа қарсылас жоқ сияқты...

–  Ойнаймын, жеңілсем – жер көтерер. Мені бір рет те ұта алмағандарыңның қарымы қайтып, азар болса айыздарың бір қанар.

–  Пәке, біз сені жеңілсін,- деп емес, жеңсін,- деп тілеуіңді тілеп, жанашыр боламыз. Қажет десең, ақша тігеміз. Кеше преферанстан ұтқан тиын-тебен бар.

–  Түн ортасына дейін сыздыңдар ма? Сағат екіге дейін дыбыстарың шығып жатты.

–  Ия, сол шамада тарқадық қой.

–  Қанша ұттың? Шотал бермедің ғой.

–  Шотал алатын адам шай-пай қамдап, жанашыр болып қасында отырады. Сен болсаң сағат он бір болмай төсекке қисаясың. Әбден құрдас– келін төсекке ерте сүйреп жаман үйреткен бе, өзіңді?..

–  Жаңа ғана ақша тігемін дегенің қайда? Тікпей-ақ өзіме бере салсаңшы.

–  Салым мен шоталдың айырмасы жер мен көктей.

–  Жарайды, салым да салмай, шотал да бермей-ақ қойшы. Бірақ, мен ұтсам – шал екеумізді жанашырлармен бірге қымызға апарасың. Ұтылсам – мен апарамын.

–  Келістік,-деп Ерлан қолын созды.

–  Кешкі тамаққа әлі ерте, жүр, һауіздің артындағы төбеге шығып қайтайық.

–  Мейлі, бірақ, ол төбеге қыз-келіншектер болмаса, киіктер келмейді.

–  Қыз-келіншектердің құлақтарын шулатып болдың ғой, құрдас – жеңгемнің құшағын аңсап жүргеннен саумысың?  Бүйтенің бар, бірге ала келмедің бе?

–  Тапқан екенсің, орманға отын арқалайтын ақымақты.

–  Сызудан қолың босамайды, орманнан отынды қашан тересің? Ошағыңның ішіне өзі кеп қаланғанын күтіп жүрсің бе?

–  Қалатып бопсыңдар сендер... Кеше, Сабыр, Қамбар үшеуіңнің билеріңе қарап, орманда отын түгілі шыбық қалмаған шығар?-деп қауіптеніп қалдым.

–  Мүләйімсімей-ақ қой, Кентаудан келген орыс келіншекпен қалай билегеніңді біз де көрдік қой.

 – Енді қайтемін, басқасы сендерден артылмаса...

–  Ереке, келіншектерді түгелдейміз деп жүріп, тамақтан қалып кетпейік. Лақтың етінің тоқтығы басылған  шығар?

–  Қасқабасты асханадан ұстамасақ, қайда орналасқанын білмеймін. Сызатын адамға  да ұқсайды өзі.

–  Оны да маған қимай тұрсың ба?

–  Жоқ ә, екеуін де қабат алып жүруге болады ғой. Ертерек барып, асхананың алдындағы орындыққа отырайық. Жұрт жиналып жатқан болар...

     Ерлан қоярда-қоймай жүріп, Дәрменді Павелмен бес партия ойнауға көндіріп, Мәскеулік  жүйе таңдалды.  Ойынды бастаған профессор бірінші  кезекте бес шар түсіріп, Павелді қобалжытып қойды. Павел қанша тырысқанымен алдыңғы екі партияда ұтылып, үшінші партиядан бастап қана қолы жүре бастады. Еңселері түскендей болған жанашырларының үмітін қайта жалғап, қатар екі партияда жеңді. Шешуші партияда есеп жетіде жетіге жетіп, екеуі де өте сақ ойнауға көшті. Ақ шарды кезек-кезек столдың қабырғасына тығып, ұзақ арпалысты. Бір кезде, егде кісі шаршады ма, жоқ, зерігіп кетті ме?  Әйтеуір, шарды епетейсіздеу ұрып, мүлт кетті. Ыңғайлы шыққан шарды Павел ортадағы ұяға сүңгітіп жіберіп, қарсыласының қолын алды. Қошеметшіл топ улап-шулап құттықтауға көшті.

 Абыр-сабыр басылған соң:

                                                                   

– Павел, «күш атасын танымайды»,-деген аталарымыздан қалған сөз бар. Жақсы ойнайды екенсің, бүгін мына жігіттерді жерге қаратпай – сен ұттың. Реті келсе тағы ойнармыз,-деп  Дәрмен кетуге ыңғайланды.

– Көке, ойында кейде кездейсоқтық та болады. Сіз алдыңғы қарқынды бәсеңсітіп алмағанда нәтижесі сөзсіз басқа болатын еді ғой. Сізбен танысқанымыздың құрметіне, Ерлан ініңіз бәрімізді қымызға шақырып тұр. Ертең бұны жақсылап түсірсек қайтеді?

– Ұтылған адам қымызға қай бетімен барады, өздерің іше берсеңдерші.

– Бұл уәжіңіз қабылданбайды. Сіздің арқаңызда ішіп қалмасақ, бұл уәдесінен  тайқып, бізді лақтырып кетуі әбден мүмкін.

– Көкем бармаса, қалғандарыңның иектерің қышымай-ақ қойсын,-деп ортаға Ерлан килікті.

– Міне, есіттіңіз бе көке, айтып тұрған сөзін?  Қымызға бір тойып, битімізді төгеміз ғой,- деген үмітімізді үзіп,  қалай бас тартпақшысыз...

– Дәкең баратын болса, арғы беттегі киіз үйге апарамын. Сендер мені сараң,-деп жүрсіңдер ме? Айтқаным-айтқан, уәдемде тұрамын. Жаса Қазақстан! Жаса Нұр Отан!-деп  екі қолын аспанға көтерді әзілсіз – ас батпайтын Ерлан.

– Қой, сендерді несібелеріңнен қақпайын. Ініміз тіпті, ұрандатып жіберді ғой... Уақтысын өздерің  айтарсыңдар, мен бара берейін,-деп Дәрмен сыртқа беттеді.

– Көке, екінші құрамдағы ойыншылар ойнай берсін, мен Сізді шығарып салайын,-деді Павел шарларды столға қойып жатқан Қамбар мен Сабырды нұсқап.

– Әзірше күле тұр. Дәкеңмен тағы ойнатамыз, сол кезде күлкіңді тия алмай қалып жүрме,-деді  келгелі жақ ашпаған Қамбар бұған жұдырығын түйіп.

– Аға, осы құрдасымыздың пәпігі басылмай жүр, ылажы болса басып берсеңіз жақсы болар еді,-деп, Сабыр оны қоштады.

– Өздеріңнің баса алмайтындарыңа көздерің жетіп, көкемді салмақшы екенсіңдер ғой,-деп күлді, Павел Дәрменді қолтықтап бара жатып.

– Жолдастарың жақсы жігіттер екен. Қалжыңдарың да жарасып тұр. Әлі біраз боласыңдар ма?

– Бес-алты күніміз бар. Бұлармен осы жерде таныстым. Жасымыз қатар болғандықтан аздап  қалжыңдасамыз. Бірімізді -бірімізге таныстырып, табыстырып жүрген  Ерлан. Өзі қылжақбастау болғанымен ақкөңіл жігіт.

– Жол мәшинемен жету қиындау екен, сен өз көлігіңмен келген бе едің?

– Ия, арғы шетте тұрған ақбоз тұлпар меніке.

– Бір ретін келтіріп, тұлпарыңның аяқ алысын көріп қайтсақ қайтеді?

– Әңгіме жоқ, көке. Қайда баруымыз керек?

– Ақмешіт шатқалына көптен бері жол түспеді. Серік табылса, көлік бара алатын жеріне дейін барып қайтсам деп едім. Өзің оны көрген бе едің?

– Жоқ, барған емеспін. Осы маңайда ма өзі?

– Мына қыраттың арғы беті ғой, үрген иттің даусы естілетін жер. Жолы да жақсы болатын, бүгінде тозып кетпесе...

– Жолын білсеңіз болды, қол бостау күні өзім апарып келемін.

– Сен жораларыңа бара бер, мен өзім кете берейін. Сонда кеңінен әңгімелесерміз.

    Ерлан  алдын ала тапсырыс беріп, екі күркетауықты пісіртіп қойыпты. Қымызды да керсенмен алдырып, өзі сапырып құйып отырды. Алдарына ас келгенде:     

– Қырғауылдың етінен алып отырыңыздар, таңертең ерте шығып, өзім атып әкелдім,-деп, жұртты бір күлдіріп алды.

Бұл  әзілдің  астарын Павелден басқасы түсінбей, қылжақбастыққа балап;  «сен тура қырғауылдардың  патшасы мен патшайымын атыпсың ғой»-деп  оны біраз әжуалады.  Киіз үйдегі отырыстың тізгінін аяғына дейін Ерланның өзі ұстап, жұрттың бәрін күлкіге қарық қылып, көңілдерін көкке көтеріп қайтарды.

    Ертесіне түстен кейін Павел Дәрмен көкесін алып Ақмешітке аттанды.

                                                                  

– Павел, сен киелі Қазығұрттың тумасы екенсің, ал, мен осы таудың етегінде туылып, осында ержеттім. Тау қойнауының қыр-сырын бір кісідей біліп өскенмін. Әкем колхоздың қойын бағатын. Ол кезде малдың ақсақ-тоқсағы болмаса, қалғаны жазда жайлауға шығып кететін. Менің кіндік қаным тамған Нысанбек ауылынан жоғары көтеріліп, Тоғыс өзенінің  арнасын қуалай жүрсең, бірте-бірте шатқал кеңейіп, аумағы ат шаптырым келетін алаңға тап боласың. Жан-жағың таумен қоршалған, ортасын қақ жарып аққан өзен, ойқы-шойқы, сай-салалы, жартылай жалаңаш таудың етегін жапқан жасыл кілем, ақ сәукеле киген шыңдар, тәулігіне  райын сан өзгерткен таудың тарпаң мінезі, аспанға жебедей оқталған шырша мен аршалар, таң рауандап атқаннан сайрайтын құстар, жердегі тіршіліктің бақылаушысы іспеттес–көкте қалқыған қыран, жұпар иісі кеңсірігіңді жарардай азонға қаныққан таза ауа, баланың құшағы жетпейтін арша күбіде ашыған сары қымыз. Бұл жұмаққа бергісіз тау қойнауының бір пұшпағы–«Киікті» жайлауы. Біздің колхоздың малын  шығаруға еншілеп берген жайлау болғандықтан, бала кезімде оған талай барғанмын.

– Аузымның суын ағызып жіберетін болдыңыз ғой, көке. Бұл жайлауды неге киікті,- деп  атанғанын айтыңызшы...

– Себебі, киіктердің өсіп-өнуіне қолайлы алқап болуы керек... Таудың етегінен қырқасына өрлеп колхоздың жылқысы мен қойлары жайылса, ортан белінде киіктер жайылып, түсте су ішуге етекке түсетін. Қолда-аяқта тұрмай ойнақтаған лақтарының енелерімен қабаттаса, сыздықтатып су ішкенін көрсең әуесің келеді. Бір-екі мәрте жақыннан көрмекші болып, суға түсетін жерінің маңындағы топ болып өскен тобылғынының тасасында күткен едім, олар суатын ауыстырып жіберіп, еңбегім зая кетті. Амал жоқ, әкемнің дүрбісі тиген күні алыстан бақылауыма тура келетін.

Әкем: «киіктерді үркітпе, анау, тастың үстінде тұрған таутеке – солардың киелі оққағары, тобына тиіссең – қарғауы мүмкін»,-деп, санама сіңіріп қойғандықтан, оларға сүйсініп қарап, сырттай бақылаудан  басқа ештеңе істеген емеспін.

Әкем: «оққағар таутекелер әтек болады, әтек еместері бөлек жайылады»,-дейтін. Олардың тобы маған ұшыраспады. Былтыр жазда ауылдағы інім сол жайлауға алып барып еді, баяғы киіктерді кездестіре алмай, көңілім құлазып қайтты. Тау қойнауының біраз бөлігін арабтың шейхтары жалға алып, аң аулап – көңілдерін көтеретінге ұқсайды... Олардан артылғанын өзіміздің  шонжарлар егеленіп алыпты. Таудың баяғы табиғи тепе-теңдігі бұзылып, киіктер де ауып кеткен білем...

Бес-алты жыл бұрын Ақмешітке келгенімде бір тобын көрген едім, тағы бір байқап қайтқым келді. Оның үстіне екеуміз әңгіме-дүкен құрып, ой бөліссек деген едім.

– Көке, Сіздің айтып келе жатқан киіктеріңіздің үрім-бұтағын арғы күні «Бүркөлік» шатқалынан көрдім. Біреулер  үркітіп қойған-ау, шамасы... Қит еткен дыбыстан шошынып, беймарал жайыла алмайды екен.

– Бұған да шүкір, тоғышарлар тұқымын түгел тұздады ма?-деп  қауіп қылған едім.

Нарықтық қатынас адам баласының санасын түбегейлі өзгертіп жібергенін байқап жүрсің бе? Обал-сауапты ойлайтындар азайып, елді жемқорлық жайлады. Кешегі асығыс-үсігіс, жүйесіз  жүргізілген жекешелендіру, тендрлік жүйені енгізу, командалық кадр саясаты елдің тізгінін ұстаған шенеуніктерді қылмыстық әлеммен сыбайластырып жіберді. Саяси тәуелсіздік алған еліміз күшігінен асырағандар бүгінде азуын айға білеген арланға айналды. Кеңес дәуірінде халықтың еңбегімен қордаланған дүние-мүлік, ата-бабамыздан мұраға қалған жер мен оның табиғи ресурстары  солардың иелігіне өтіп, елдің ар-ожданы кепілдікке алынды. Қара халық аштан өлмеудің қамымен, солар салған сауналарда арын сатып, солар ашқан базарларда жанын сатып күн көретін – тәуелсіз елдегі  тәуелді құл мен күңге айналғанын білмей қалды. Өрісі тарылған ауылдағы ағайындардың да, таудағы тағылардың да көрген күні мәз емес. Таудың тәкаппар қыран құстарының балапандары темірқанат күйінде саудаға, киіктердің лақтары қазанға түсіп жатады екен.

                                                                  

–  Көке, жемқорлыққа сара жол салған тендр ойнату мен сыбайластарынан команда жасақтайтын жүйеге мен де қарсымын. Бірақ, тұралап қалған елге инвестиция тарту үшін, жекешелендіру науқанын жүргізуден басқа амал қалмады ғой...

–  Мен жекешелеуге қарсы болған емеспін. Себебі, Кеңес үкіметі қалыптастырған иелік жүйесі өзін ақтамай, елді ыдыратуға ықпалын тигізді. Соның әпербақандық жолмен жүргізілгені  қынжылтады. Небір алып зауыт-фабриктер, стратегиялық нысандар, колхоз-совхоздардың мал-мүлкі, бала-бақшалардың  ғимараттары болмашы тиын-тебенге, қулық пен сұмдықты жақсы меңгерген пысықайлардың қолына өтіп кетті. Зиялы қауым өкілдері мен қара халық құралақан қалып, билік өкілдеріне және солардың сойылын соғатын депутаттарға деген сенім жойылды.

–  Сізге ол науқаннан ештеңе тимеді ме?

Тиді деуге де, тимеді деуге де болады. Тимеді дейтінім; «маған да бірдеңе беріңдер»,-деп, әкімнің алдына қол жайып баруға арландым. Тиді дейтінім; кезінде атағы жер жарған тәжірибе стансасы жерінің төрт жарым мың гектары Сайрам ауданы әкімшілігінің  құзырына өткен кезде, сонда еңбек еткен ғалымдарға, қызметкерлер мен жұмысшыларға ауызбастырғы есебінде он сотықтан үй салатын жер берген. Қалған жердің тағдырын министр, әкім және институт директоры қалауларынша  шешкен болатын. Бізге берілген жерлер  қазір қаланың аумағына кіргендіктен, келген екі әкім халықтан тартып алмақшы болып – қаулы шығарып, артынан жұрттың дүрбелеңінен сескеніп екеуі де қаулысын өзгертті. Жаңа келгені ұрымтал сәтті күтуде. Сөйтіп, әкім– мысық, біз–тышқан болып біраздан бері ойын ойнаудамыз. Қалаға қосымша берілген жетпіс жеті мың гектар жер де жұмырларына жұқ болмаған әкімдердің араны апандай ашылған заман, амал қанша... Жекешелендіру науқанына шық жуытпағаныңа қарағанда, сен де біраз дүниені қамтып қалғансың-ау, шамасы?..

–  Майлы жіліктің басы тиді,-деп мақтана алмаймын. Бірақ, келініңіз екеуміз шағын бір дәріхана мен дүкен алғанымыз рас.

–  Бізге қарағанда аттылы кісідей екенсіңдер ғой.

–  Ешкімге қол жаймай күн қөруге жетеді.

– Сендер шенділердің шекпеніне жармасып жүріп, азын-аулақ болса да үлестеріңді алыпсыңдар. Ал, қулық-сұмдықтан ада, күрт өзгерген қоғамның тамырын баса алмаған,  құйтырқы әрекеттерге бейімсіз, дүние  бөліске араласуды бойына мін санаған ақын-жазушылар, ғалымдар,суретшілер мен өнер қайраткерлері, алған айлығын ақтау үшін сайлау науқанына жегілетін мұғалімдер не алды? Құқықтық сауаты шамалы, қаладағы шала қазақ пен ауылдағы дала қазақ ше? Бар қазаққа тиесілі несібені неге аз қазақ иеленді? Осыны ойлап көрдің бе?

– Дәке, мұның бәрінің шешімі менің уысымда тұрғандай, маған несіне айтып келе жатырсыз? Одан да әкімдерге айтпайсыз ба?

– Кезі келгенде айтқанбыз, содан бері мені ешқандай жиынына шақырмайтын болған. Қасына, жоғарғы жақтан келгендерге өздерін мақтайтын, халықтың алдында сөзін сөйлейтін жағымпаздарды жинап, соларды кезегімен марапаттап жатады. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап бас ауыртқаннан, осы тәсілдің тиімді екенін біліп алған.

– Көке, дүниесін ешкім ана жаққа арқалап кетпес... Несіне уайымдайсыз? Елімізде тыныштық болсын деңіз, бірте-бірте тоғышарлар да тойынар, ұрпақ ауысар, жүйе қалыптасар,-деп  келешекке сенім артайық.

– Бізді қоя берші, асарымызды асадық, жасарымызды жасадық, мені келешегіміз көбірек алаңдатады. «Ұяда не көрсе–ұшқанда соны іледі»,-дейді  халық даналығы.

Еңбексіз келген дүниенің буына мас, барлық нәрсені сатып алуға дағдыланған отбасында өскен, арамдық әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына сіңген жеткіншектерден қандай үміт күтуге болады?  Қоғамдағы әділетсіздік бала бақшадан санасына сіңіп, ақшасыз арманына жете алмайтынына көзі жеткендерден не күтесің?   Қазірдің өзінде додаға қақпайлап кіргізу үрдіске айналды, бара-бара не болады? Тоғышарлар тобықтан қағатын

                                                                        

елдің  іргетасында мина жасырынып жатпай ма.  Қазақ халқы шыдамды, қоңыр қойдай жуас болғанымен, намыссыз емес. Баяғы Темітау мен Желтоқсан, кешегі Жаңаөзен оқиғаларынан сабақ алуымыз  керек.

– Дәке, елдің болашағын ел басқарып отырған азаматтар ойланып жүрген болар?..

Президентіміз жыл сайын халыққа жолдау жолдап, «Болашақ» бағдарламасымен студенттерді шет елдерде оқытып, ауруханалар, мектеп пен бала-бақшалар салдырып, жемқорлармен күресіп жатыр. Осының бәрі келешектің қамы емес пе?

– Елбасының ұстанған бағыты, жолдау жолдағаны дұрыс шығар... Бірақ, жолдауда айтылған мәселелер қалай орындалып жатыр, «Болашақ» бағдарламасымен кімнің балалары оқиды, бітіргендері қызметке қалай орналасып жатыр?-деген сұрақтар мені жиі мазалайды. Себебі, дипломын құшақтап – қызметке орналаса алмай жүргендер қаншама. Оған да көке-жәке немесе қалта керек. Қазір мектепке еден жуушы болып орналасу үшін де алпыс мың теңге беретінін ауылдағы ағайындардан есіттім. Барлық қызметке тұруға «такс» барын жұрт біледі, бірақ, еден жуушының деңгейіне дейін  ұсақталу – не деген сұмдық?!. Мемлекеттік тапсырыспен салынатын жол мен құрылыс нысандары, сатып алынатын құрал-жабдықтар мен дүние-мүліктер тендр арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан олардың сапасы көңілдегідей болмайды. Себебі, тендрдің «откат» деген тіркемесі бар.  Мысалы, біраз жыл бұрын біздің «Тассайдың» шетінен бір кәсіпкер стадион салып, өзінің шекарасына дейін асфальт жол төсетті. Екі жылдан соң қарама-қарсы бағыттан Мемлекеттік тапсырыспен жол төселіп, сол жолға қосылды. Жеке кәсіпкердің салдырған жолы әлі күнге дейін мұрты кертілмей тұр. Ал, Мемлекеттік тапсырыспен төселген жол бір жылға жетпей тас-талқаны шығып, жұрт бұрынғы күйіне зар болып қалды. Мемлекеттік тапсырыспен салынған ғимараттардың бірінің үстінен су ағып, бірінің қабырғасы қақырап немесе іргетасы сөгіліп жатқанын өзің де көріп жүрген шығарсың... Бірақ, соларды салған және қабылдаған  адамдардың  жауапқа тартылғанын көрдің бе?  Жемқорлықпен күресу қажет, бірақ, қойды қасқырға бақтырғандай тәсілмен емес. Біз, жемқорлармен күресуді жемқорлардың өзіне тапсырған сияқтымыз?.. Себебі, шақтап алғандар тұтылып, қаптап алғандар құтылып кетіп жатады. Жемқорлықты түбегейлі жою қиын шығар, бірақ, азайтуға болады. Ол үшін Мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі мен жауапкершілігін күшейтіп, соны тудыратын себептерді мүмкіндігінше азайту керек. Мысалы, тендрмен салынатын жол мен құрылыс нысандарының және сатып алынатын заттардың сапасы талапқа сай болмаса, жауапты кісілер қатаң жазалануы керек. Тендрлердің жеңімпаздарын анықтаудағы адам факторын жою, командалық кадр саясатынан бас тарту, Кеңестік дәуірде жақсы нәтиже көрсеткен –Халықтық бақылау комитетін қайта құру, әкімдерді, соттарды, депутаттарды биліктің таңдауымен емес, халықтың қалауымен сайлау сияқты шараларды жүзеге асыру қажет. Халықтың бақылауы күшейген сайын Құдайды да, халықты да алдап үйренген шенеуніктердің амал-айласы  аздап болса да шектелер еді. Әйтпесе, олар өздерінің қылмысын жасыру жолында  халықты қанға бояудан да тайынбайды.  Құзырлы мекемелердің  есіктерінде мұздай қаруланған полицейлер, әр көшенің қиылысында полиция бекеттері, көшелердің бойында ыбырсыған жол- патрульдік полиция инспекторлары. Олар кімнен кімді қорғап жүргенін түсініп көр... Мұндай сақтық кешегі қызыл империяның тұсында да болмаған.  Қаскөйлер көбейіп кеткен бе, әлде, арты қуыс шенеуніктердің халыққа көрсетіп отырған дөң айбаты ма?-деген ойға қаласың. Полицияның күшімен содырлардан қорғануға болатын шығар, бірақ, халықтан қорғану мүмкін емес. Барын тартып алып, жоғалтатын ештеңесін қалдырмасаң – халықтың қаһары ашық теңіздегі бет қаратпас бұрқасын дауылмен тең. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары милиция қызметкерлерінің қорлығына намыстанған Шымкенттің көлік жүргізушілері жаппай көтеріліп, милиция қызметкерлері тау-тасқа қашып құтылған. Ғимараттары өртеніп, жан-жақтан әскерилерді алдыртып, толқу әрең басылған. Құдай пендем десе, ондай күнді аулақ қылсын. Сол үшін елдің еңсесін

                                                                   

көтертпей жатқан жемқорлық деген жегі құрттың қолына кісен сала алмасақ та, басына жүген салуға міндеттіміз. Шынымен елде тәртіп орнатқымыз келсе, бір жарым миллиард халқы бар – қытай елінің ішкі саясатын өзімізге ендіруге болады.  Павел неге тоқтадың?

– Ары қарай жаяу жүрмесек, жол жоқ қой аға.

– А, кеп қалдық па? «Әңгіме–бұзау емізер, бұзау–таяқ жегізер»,-деген  осы екен ғой.

– Көке, әңгіме айтсаңыз қызынып кетеді екенсіз, саясатпен айналысасыз ба?

– Саясатта шаруам жоқ, бірақ, көзбояушылыққа қарсымын. Зеріктіріп жібердім бе?

– Жоқ, зеріккен жоқпын. Өзім пара алып-беріп көрмеген соң, көп нәрсеге мән бере бермейді екенмін. Әйтпесе, Сіздің айтқандарыңызды мен де есітіп, кейбіреулерін көзбен көріп те жүрмін ғой. Бірақ, астарына үңіліп, қоғамның аса ауыр дертіне айналып бара жатқанын ойламаппын. Ұлан байтақ жерді егеленіп отырып, көрді сатқандарды көргенде қанша қаным қарайғанмен; «нарықтың заңы ғой»,-деп  өзімді-өзім сабырға шақыратынмын. Жетістігіміз де жеткілікті ғой, оны ешкім тартып ала қоймас. Бірақ, кемшілігімізді жасырып, көкелерімізге көпшік қойып, бөркімізді аспанға атып – мақтана бергенше, дерттен айығудың жолдарын неге қарастырмаймыз? «Ауруын жасырған өледі»,-деген сөз бар емес пе? Қазір мені осындай ойлар мазалай бастады.

– «Балық басынан шіриді»,-деген де сөз бар. Қоғамның қотырынан айығу үшін Үкіметтен бастап, ауылдық деңгейдегі басшыларға дейін кемеліне келген адамдармен ауыстыруымыз керек. Аль-Фараби бабамыздың трактаттарында жазылғандай, сондай азаматтар ғана өз мүддесінен  халықтың мүддесін  жоғары қоя алады. Жұрт санасын тұрмыс билеп тұрған заман ғой, қалқам. Барлық қызметке «такс» қойып, оны жұрттың санасына сіңіріп, соның нанын жеп отырғандар өлмей берісе ме?  Бастаудың көзін ылайлап, келешегімізге сойдақ тістерін қадап алған «доңыздар»  кемелденуге мүмкіндік бере ме? Оларға Ана тіліміз бен діліміз  қажет пе?  Менің уайымым осы.

– Көке, әңгімеге беріліп кетіп, табиғатты тамашалауға келгеніңізді ұмытып

 кеттіңіз-ау, шамасы...  Көліктен түспейміз бе?..

– Түссек-түсейік, дүрбі алып па едің?

– Ия. Көке, қараңызшы, анау, көкте қалықтаған бүркіт пе?

– Қаршыға ғой,-деді Дәрмен дүрбіні көзіне ұзақ тосып тұрып.

– Бізді бақылап жүрген сияқты ғой, өзі?..

– Негізі жемтігін бақылауға көтерілген болуы керек. Бірақ, біздің келгеніміз оны ойлантып қойған секілді... Бала кезімде бұл шатқалдан бүркітті де көргенмін, бірақ, қазір бар-жоғын  білмеймін.  Олар анда-санда болмаса етекке түсе бермейтін тәкаппар құс қой, бар болса да – көзімізге түсе қояр ма екен?..  Біраз алға жүріп, судың арғы бетіндегі қыратқа шығайықшы. Сол жер таудың бөктерін бақылауға ыңғайлы тәрізді.

– Дәке, дүрбіңізді солға қарай, таудың ортан беліндегі жартасқа бұрыңызшы, таутекеңіздің сұлбасы қараңдайтын сияқты...

– Дәл өзі, бірақ, бұның киіктері қайда? Лақтары отығатын уақыт болды, осы маңда жайылуы керек қой, маған қарағанда көзің өткір ғой – сен қарашы,-деп Дәрмен алқапты түгел сүзіп шығып, дүрбіні Павелге ұсынды.

– Жоқ, ана бір бұталар қалың өскен жыраның ішінде жүрмесе, ештеңе көрінбейді,-деп Павел дүрбіні қайтарды.

– Аса жолымыз бола қоймаса да, киіктердің бар екеніне көзіміз анық жетіп қайтатын болдық. Бұл шатқалда бұрын бірнеше пионер лагері ғана болатын, бүгінде таудың алқымына дейін ғимараттар салынып кетіпті ғой. Ойда жүрген тірлік еді, бұны да көрдік. Біраз әңгіме айтып – шер тарқаттық, енді аттың басын кері бұрсақ та болады.

– Көке, Сіз – ғалымсыз ғой, диссертацияңызды қай тақырыпта және қай кезде қорғадыңыз? Қысқаша болса да айтып берсеңіз.

– Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды да өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары, «қаракөл қойларының жаңа түрлерін шығару мен өндіріске енгізу

әдістемелері»,-деген тақырып негізінде қорғадым. Қазір біздің ашқан жаңалықтарымыз,

                                                                     

 әдістемелеріміз біреуге керек болмақ түгілі, қаракөл қойларының көзін жойып бітіруге айналдық қой. Бұны не үшін сұрадың?

– Еліміз тәуелсіздік алып, өз еркіміз өзімізге тигеннен кейін, қалталы кісілердің бәрі ғылыммен айналысып кеткен жоқ па. Жоғарғы жақтағылардан бастап ауданның әкімдеріне, басқарма басшыларына дейін кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап – айды аспанға шығарып жатты. Академиктер аспаннан  жерге түсіп, халық санына шаққанда еліміздің  ғылыми әлеуеті – әлемнің алдына шығуға жақын қалған еді. Жақында, «жер-жердегі ғылыми Кеңестердің жұмысын тоқтатып қойып, диссертация жазатын мамандарды жұмыссыз қалдырыпты»,-дегенді есіттім. Осының мәнісін түсіне алмай жүрмін.  Алматыда бізге дәріс берген, Кеңес дәуірінде көз майын тауысып докторлығын қорғаған апайымыз бір кездескенде: «Ғалымдар жаңбырдан кейінгі қозықұйрықтай қаптаған соң ғылыми дәрежемді айтуға арланатын болдым»,-деген болатын . Сіз арланбайсыз ба?

– Павел, сен оның мәнісін де, себебін де жақсы түсінетін білімді, парасатты жігітсің.  Бұл сұрақты қулық жасап, мені сөйлетпекші болып әдейі қойып отырғаныңды білемін. Ана, заңғар көкте қалқып ұшқан, тәкаппар қаршығаны көріп тұрсың ба, қарқылдаған қарғаларды да талай көріп жүрген шығарсың... Екеуі де қанатты құс. Бірақ, қаршығаның қарғалармен қосылып боқ шоқып жүргенін көрдің бе? Менің осы сұрағыма жауап берсең, мен де сенің сұрағыңа жауап беруге дайынмын.

– Көрмек түгілі, естіген де емеспін.

– Екінші корпустың «люкс» бөлмесінде, мен танитын ғылым докторы жатыр. Бұл сұрағыңды соның көзінше қойғаныңда – оның  қызарақтап, жерге кірерге тесік таппай қыбыжықтап, болмашыны сылтауратып, көрер едің қалай жылыстағанын. Себебі, мен оның қалай қорғағанын жақсы білемін. Сен ұстазыңды көрсең: «Арланса – боқ шоқығандар арлансын, ой тоқығандар емес»,- деген сәлемімді жеткіз.

– Сәлеміңізді міндетті түрде жеткіземін. Бұл сұрағыма толық жауап алдым,-деп есептеп,  Сізге биллиардқа қатысты сұрақ қойсам бола ма?

– Әлбетте.

– Арғы күні маған неге ұтылдыңыз? Тек зәредей шыныңызды айтыңызшы.

– Сен жаман ойнамайды екенсің, бірақ, менің де ұтуға толық мүмкіндігім болды. Саған жанашыр болғансып, ұтылсаң – әжуалауға дайын жораларыңның сыйқын байқаған соң, сені күлкіге қалдырмайын дедім.

– Соңғы шарды көрер көзге әдейі бергеніңізді сездім.  Бірақ, есесі кеткен, менің сүрінгенімді іштей тілеген, жамыраған «жауларымның» алдында дайындап қойған шарды салмауға  мүмкіндігім қалмады. Бүгін Сізге қарымта қайтаруға мүмкіндік бар.

– Бүгін сен де, мен де барымызды салып ойнайық, көңілге қарау болмасын.

– Басқа-басқа, спортта солай болуы керек қой. Қайтамыз ба, онда?

– Жарайды, қайтсақ-қайтайық.

    Павел үш күннен кейін, сол жерде арттырған жора-жолдастары мен Дәрмен көкесін қымызға алып барды. Құрбы-құрдастары екі-үш күннен бері шалға ұтылып жүрген Павелді әжуалап, күліп-ойнап отырғанда Бибінұр телефон шалды.

– Апай, сәлеметсіз бе, денсаулығыңыз жақсы ма?-деді  Павел, сыртқа асығыс шығып бара жатып.

– Жақсы, аман-есенбіз. Өздеріңде не жаңалық бар? Демалыс қалай өтуде? Сөйлесетін әңгіме бар еді, мүмкіндігің бар ма?

– Жігіттермен қымыз ішіп отыр едік, ұзақ әңгіме болса кейінірек хабарлассам қайтеді?

– Жарайды, босаған соң хабарласарсың.

– Апай, бағана даусыңыз көңілсіздеу шыққан сияқты болды, тыныштық па?

–  Екі-үш күн бұрын Қабылдың аузынан: «биыл үйленемін»,-деген сөз шықты.

Он жылдан бері құлағының құрт етін жеп жүріп, бұл сөзді аузынан әрең суырып алдым-ау, әйтеуір...

                                                                      

–  Қуанышты хабар ғой, құттықтаймын! Бұған қуанудың орнына ренжіп отырсыз ба?

–  Жоқ, неге ренжимін, қайта, қашан және қандай келін келеді?-деп  жүрек толқуын баса алмай жүрмін. Үш жыл бұрын Қабылдың өтінішімен, кафедра меңгерушілігінен бас тартқанымды білесің.  Кеше: «Апа, елу жылға жуық қызмет атқарыпсыз, мені өмірге әкелдіңіз, бақтыңыз-қақтыңыз, аяғыма нық тұрғыздыңыз, енді жұмысты

қойып – демалсаңызшы»,-дейді. Мен оған: «Қарап жатқан немерелерім жоқ, саулығым , жаман емес, сонда, төрт дуалды  қарауылдап отырамын ба»?-деп  ренжідім.

–  Сізге жасаған қамқорлығы ғой. Елу жыл бір институтта жауапты қызмет атқару да оңай шаруа емес қой, шаршады деген шығар... Өзі бұрынғы қызметін атқарып жүр ме?

–  Кеше ғана басқа қызметке ауысқанын саған әлі айтпадым ба?

–  Сізде жаңалық көп екен ғой, қандай қызметке?

–  Қалалық денсаулық Басқармасы  басшысының орынбасары  болды.

–  Құтты болсын! Үлкен қызмет екен ғой. Бастық болған соң телефонын өзгертіп жібермесе, өзін де құттықтармын.

–  Басқарма бастығы – әрі шәкіртім, әрі диссертациясын менің басшылығыммен қорғаған жігіт еді. Қабыл соның ықпалымен конкурсқа түсіп, төрт-бес үміткердің ішінен жеңімпаз болды.

–  Жастайынан хирург болуды армандаған еді, ол жұмысынан қалай бас тартты?

–  Мен: «Жұмысбасты болып, қолың шығып қалмай ма»?-деген едім. «Апа, қам жемеңіз, ғылым кандидаттары аптасына бір күн өз мамандығы бойынша қызмет көрсетуге құқы бар екен»,-деп жеңістік бермеді.

–  Онда жақсы екен. «Тойға қашан шақырасың»,-деп сұрасам:  «Аға, апамды, бала-шағамды қиналмай асырайтын дәрежеге жетіп алайын»,-дейтін еді. Енді мансабы өсіпті ғой, тойға шақырып қалар... Жүретін қызын таныстырған жоқ па?

–  Студент кезінде жақсы еді қайта... Бір-екі қызды үйге әкеліп – таныстырып, артынан зым-зия жоқ қылған болатын. Қызметке араласқалы қыздарға қарауға да уақыты болмай кетті ме, әлде, басқа себептері бар ма?.. Қанша қолқаласам да, ешкіммен таныстырған емес.  Сендердің үлкендерің де  жиырма беске келіп қалған жоқ па, үйленемін демей ме?

–  Өзінен сегіз жас үлкен – Қабыл ағасы бойдақ жүргенде, оған жол қайда?

–  Сен шынымен айтып тұрсың ба, жоқ, әзілдеп тұрсың ба? Менің баламда шаруаң  болмасын, жолына қарамай үйлендіре беріңдер. Немене, баяғы сертімізді ұмыттың ба?

–  Апай, не болды сонша?.. Әзілді де көтере алмайтын болғансыз ба?  Жас кезімде уәдеден  таймаған, енді, отыз төрт жыл өткенде таяды,-деп ойлайсыз ба?

–  Кешірші, Павел. Өле-өлгенше жүрегімнің түкпірінде ұстаймын деген сырым – тілімнің ұшына қалай іліккенін байқамай қалдым. Ақыры, өткен шаққа оралған екенбіз, саған көңілде көмескі тартпаған бір сырды ақтармасам болмас...

Баяғы  Ораз туралы айтқан әңгімем есіңнен шыққан жоқ па?

–  Ол әңгіме – естен шығатын әңгіме емес қой. Әлі күнге дейін Ораздың сиқырына таңданып, қызғанышпен қараймын.

–  Таңданбай-ақ та, қызғанбай-ақ та қой енді. Оразбен бір мезгілде демалғанымыз, әңгімелесіп тұрғанымыз рас, қалғанының бәрі ойдан құрастырған ертегі болатын.

–  Апай, мені осыншама жыл қызғаныштың қызыл итіне талатқанша, ертерек айтуға болмайтын ба еді?  Басында, не үшін өтірік араластырдыңыз?

–  Ертерек сұрағаныңда – ертерек айтатын едім, өзің сұрамадың ғой. Сен қанша жасырғың келсе де, көзің жүрек тебіренісіңнің кардиограммасын көрсетіп тұратын. Сондықтан сенің көңіліңді өзімнен суытқым келді, бірақ, ол қулығымнан ештеңе шығара алмадым. Ақырында, отты айналып ұшамын,-деп, қанатын күйдірген көбелектің күйіне түскенімді байқамай қалдым. Саған сездірмеуге тырысып, өз сезіміммен өзім қаншама арпалыстым. Болмады, қанша мықтымын дегеніммен, сезім деген серінің алдында дәрменсіздік таныттым. Махаббаттың бал татыған шарабын ішіп – мас болдым, ырқына

көнбеуге шарам қалмады. Жаратқан Ием мені қайғы-қасіретінен арылтып, қалған

                                                                       

ғұмырыма азық болатын бақыт сыйлады. Бірақ, бақыттан басым қанша айналса да, шүкірлік жасап, тобамнан айныған емеспін.

Қайғы-қасіретінен кейінгі сыйы мен сыны болар?-деп  қабылдадым. Есімді жиып –есемнен бас тартқан себептің бірі осы. Қалған жағдайдың бәрі өзіңе аян.

–  Өткенді есіңізге салуға бата алмайтын жүр едім, өзіңіз бастаған соң айтуға болатын шығар... Менен бас тартқаныңызға өкінбейсіз бе?

–  Қаншама қиналсам да, сағынсам да өкінген емеспін. Әлі де дұрыс істедім,-деп  есептеймін. Бірге тұрғанымызда – әр түрлі себептердің салдарынан суысып кетуіміз де мүмкін еді ғой. Соның есесіне, саған деген махаббатым бір сәтке суынған да емес, орныңды ешкімге таптатқан да емеспін. Естайдың елу бір жыл ғашық болып, өмірден озардағы өтініші туралы өлең оқып бергеніңді ұмытпаған шығарсың... Аллаһ Тағала маған да соншама жыл ғашық болып өмір сүруді пешенеме жазса, от сезімнің 

құлыны – Қабылымның қызығын көрсетсе, армансыз өтер едім жалғаннан.

–  Осыншама уақыт осы ойларды ішіңізде сақтап келгенсіз бе? Бұныңыз қатыгездік емес пе, қалай шыдап жүргенсіз?

–  Өзіме-өзім, бәлкім, қатыгездік жасаған да шығармын...  Бірақ, сені шын сүйгендіктен – осылай істеуге мәжбүр болғанымды өзің де жақсы білесің . Кейде, Құдайдан жасырмағанды – несіне адамнан жасырамын,-деген ой да келеді. Жасым болса – жетпістен асып барады, сен де алпысқа таяндың... Біздің, жүрек түкпірінде

тұтқындап ұстаған құпиямыз – бала-шағамызға кесірін тигізе ме?-деп те қорқамын.

– Сіздің  нені меңзеп тұрғаныңызды аса түсінбей тұрмын? Менен тағы да жасырып жүрген сырларыңыз бар сияқты ғой...

– Құпияны ашсақ – Майра түсіністік таныта ала ма, жоқ, сыйластығымызға сызат түсіп қала ма?-деген сұрақтар мазалап жүр қазір мені.

– Оған қандай қажеттілік туындады?

– Қажеттілік туындап қалса,-деген ой ғой меніке. Павел, сыртқы есік ашылды, қыз келді-ау, шамасы?.. Кейін хабарласармын.

– Апа... Емтиханды беске тапсырдым.

– Құтты болсын, құлыным,-деп Бибінұр Шынарды құшақтап, маңдайынан сүйді.

– Соңғы емтиханды тапсырып болған соң, патанатомияны қайта тапсыратын болып–келістім. Әкем осы институтты үздік бітірген екен, менің төрт алып қалғаным ұят болды ғой. Сіз айтып қойған жоқсыз ба?

– Әкеңе айтқан жоқпын, бірақ, сол кафедраның меңгерушісіне ескерткенім рас.

– Бәсе, неге қиналмай келісе салды десем, Сіз ескерткен екенсіз ғой...

– Енді, мені ұятқа қалдырмай, дұрыстап дайындалып бар.

– Апа, Сізді ұятқа қалдырмауға уәде беремін. Айтпақшы, Қабыл ағама қызмет көлігі берілгенін білесіз бе?

– Маған айтқан жоқ, сен қайдан есіттің?

– Есіткен жоқпын, көрдім. Таңертең ағаммен бірге шықсам – есіктің алдында күтіп тұр екен. Мені жолай жеткізіп салды.

– Мына, таяқ тастам жерге көлікпен бардың ба?

– Ия. Ағам:  «аяғын байқап көрмейсің бе»?-деген соң, міне салдым.

– Біз бұрын Панфиловшылар саябағының маңында тұрғанбыз. Сол жерден институтқа көбнесе жаяу келіп, жаяу кететінмін. Оның үстіне, пәтеріміз қазіргідей екінші қабатта емес, бесінші қабатта болатын. Бес-алты жыл бұрын Қабыл: «Сізге түсіп-шығу қиын болады»,-деп  қоймаған соң осында ауыстық қой. Әрі жұмысыма жақын, әрі бір бөлмесі артық болғаны жақсы болды.

– Мен тоғызыншы сыныпты бітіретін жылы емес пе еді?.. Әкемнің Сіздерді көшірісуге кеткені есімде.

–« Кедей болсаң – көшіп көр»,-деген сөздің астарын сол кезде ұғындық қой.

– Ағамнан көлігінің «маркасын» сұрап едім, «маған болады»,- деп айтпай қойды.

                                                                    

– Ағаңнан сөзді суыртпақтап шығармасаң, оңайлықпен ойын айта бермейді.

– Нағыз Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін адам сияқты ә.

– Магистратурада оқып жүргенінде ол жаққа да шақырған, бірақ, мен қарсы болдым.

– Не себептен?

– Біздің балалық шағымыз қанқұйлы Сталин заманына тұспа-тұс келді. Соғыстың зардабын айтпағанның өзінде, неше түрлі сай-сүйегіңді сырқырататын оқиғаларды есітіп өстік. Халқымыздың қаймағын сыпырған – үш әріптің жендеттері,-деген түсінік қалыптасты. Сондықтан, солардың атын естісек – әлі күнге дейін жүрегіміз сулайды.

– Түсіндім апа. Мына қызметі де жаман емес қой, бірақ...

– Жауапты қызметке орналасқаны жақсы ғой, бірақ, үйленбей жүргені ойлантады,-деп  Бибінұр Шынардың жүзіне барлай қарады.

– Апа, біз бүгін группамызбен киноға бармақшы болып едік, жібересіз бе?-деп  Шынар әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

– Кешкі қойылымға ма?

– «Целинный» кинотеатрының сағат бестегі қойылымына барамыз,-деп  келіскенбіз.

– Артынан емтиханды жуу сияқты, тағы-тағылар жалғасып кетпей ме?

– Жоқ, сағат тоғызға дейін үйге келемін. Апа, бармасам: «Апасының жылыжайда өсіріп жатқан Шынары»,-деп қыздар мазақтайды.

– Бара ғой, бірақ, тоғыздан кешіксең – іздеуге Қабылды жіберемін. Келістік пе?

– Келістік.

   Шынарды шығарып салғаннан кейін Бибінұр біраз уақыт ойланып отырып, кешкі тамақ істелмегені есіне түсіп, қазанға ет салып қойды. Қазанның қайнағанын күтіп отырып, қолына ұялы телефонын алды.

– Павел, сөйлесетін мүмкіндігің бар ма?

– Сіз хабарласып қала ма,-деп бүгін биллиардқа да бармай  күтіп жүрмін ғой.

– «Апай, өткеннің бәрін неге қопсытып жатыр»,-деп аң-таң болып отырған боларсың...

– Аң-таң болмақ түгілі, шақшадай басым шарадай болды ғой. Тыныштық па, өзі?..

– Тыныштық, Шынар емтиханын өте жақсы тапсырып келді. Соның құрметіне оны киноға жіберіп, тамақты өзім пісіріп жатырмын.

– Профессордың қызы нашар тапсырса – ұят болмай ма... Құтты болсын!

– Ия, өстіп мені алдап қоя беріңдер.  Анық менің қызым десеңдер, онда, қолхат беріңдер,  өзім оқытып, өзім ұзатамын.

– Сіздің қолыңызды қолхатсыз-ақ ешкім қағып жатқан жоқ қой. Қыз жөнінде Сізбен  дауласа алмаймыз. Бірақ, «құпияны ашсақ»,- деген ойыңыз дау тудырып кетпей ме?

– Маздаған махаббаттың – аздаған машақаты болатынын басымыздан өткізген соң, сен екеуміз жақсы білеміз. Үлкен машақатқа айналғанын сен де, мен де қаламаймыз.

–Апай, көп жұмбақтап кеттіңіз ғой, түкке түсінсем бұйырмасын.

– Өткен шақты мен еріккенімнен еске алып отырған жоқпын, себебі бар.

– Әкесі өлгенді де естіртетін еді ғой, айтсаңызшы себебін.

– Ту, бұрын көп сөйлейтін едің, енді шыдамсыз болып кеткенсің бе? Кейде, Қабылдан сөз суырып ала-алмаған кезімде, ішімнен: «Сөзге сараң болған – Жарықтық әкеме тартпай-ақ, неге тұқымына тарта салмады екен»,- деп ренжитінім бар.

– Өзіңіз ғой шыдамды тауысып бітуге айналған. Құпияны ашқанға – Майраның қалай қарайтынын Сізге ашып айта алмаймын. Жас кезінде қызғаншақ болғаны рас, бірақ, кейінгі бес-он  жылдың көлемінде ондай қылық көрсеткенін байқаған емеспін.

– Алда-жалда оны ашпасақ болмайды,-деп отырғаным жоқ. Қажет болса дегенім ғой.

– Қандай қажеттілік туындағанын айтсаңызшы енді.

– Сен де шыдамсызданып, ойымды орнықтырып алуға да мүмкіндік бермейтін түрің бар ғой. Тыңда ендеше. Осыдан үш-төрт күн бұрын қаламсап іздеп жүріп, Шынардың суырмасынан күнделік дәптері көзіме түсті. Қызығушылығым ұстап, оқуға кіріскен едім,

                                                                    

                                                                         

күнделік емес – махаббат дастанына тап болғандай болдым. Күнделігі – әдемі теңеулермен, орамды ойлармен, қисынды сөздермен көркемделіп жазылған шығарма іспеттес. Оқып отырып, саған ессіз-түссіз ғашық болып, бірақ, сездірмеуге бел буып, лаулаған  от-сезіммен арпалысқан  күндерім есіме түсіп – жылап отырдым.

Бұл қыздың да басына сондай күн туған сияқты...

– Апай, қандай ертегі айтып кеттіңіз, қызыңыз жас емес пе?

– Қайдағы жас, күзде жиырма бірге толады екен. Бізге жас көрінгенімен, басқаларға бойжеткен қыз емес пе. Бірақ, тұрмыс құруға әлі ертелеу, таңдаған оқу орнының талабы қатал, екі жақты болғанды көтермейді. Мені ғашық болғаны емес, кімге ғашық болғаны ойландырып отыр. Жазғандарына қарағанда жауапсыз махаббатқа ұқсайды. Ауыл жақтарыңда ұнатқан жігіті бар ма,-десем, алысты жақындатқысы келген арман байқалмайды. Ойларының орамына, сөздерінің қисынына зер салсам;  ол көңіл бөлмей,  бұл сырын аша алмай жүрген секілді...

– Күнделігін оқығаныңыз жайында өзіне айттыңыз ба?

– Қазір, оны мүлдем айтуға болмайды. Қыздың алғашқы махаббаты болуы да мүмкін...

Жұдырықтай болғанымен жүректің құпиясы – жалынын ішіне бүккен жанартау іспеттес. Қазба- байлығына қызығып, жанартауға бұрғы салуға болмайтын шығар... Оның албырт сезімін қателікке балап, қатыгездік жасасақ – жанына жара саламыз.

– Апай, әкем жарықтық: «Қызға–қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі күңнен тыйым»,-деп отыратын еді. Қыздың қылығын бақылауда ұстаған да жөн шығар...

– Павел, қыз киноға, театрға, серуендеуге барғысы келсе – Қабылды қосып жіберемін немесе өзім ілесіп жүремін. Тіпті, киім-кешек алуға да менсіз бармайды. Байқұс қыз, бүгін ғана үйдің қасындағы кинотеатрға әрең сұранып кетті. Бұдан артық қандай бақылауда ұстау керек?..

– Бақылаудан кенде дегенім емес, абайсызда шоқ басып қалмасын,-дегенім ғой.

 Сіз екеуміздің  арамыздағы құпияны еске сала бердіңіз, оның Шынарға қандай қатысы бар?

– Мен қыздың күнделігін оқып шыққалы ой үстінде жүрмін. Барлық болуы мүмкін деген нұсқаларды ой елегінен өткізіп, тікелей қатысы болуы мүмкін,-деген қорытындыға келдім. Бүгін Қабылдың үйленбей жүргенін тілге тиек етіп, қызды сынап та көрдім.

– Ағалы-қарындасты екеуінің арасында басқаша сезім бар демекшісіз бе, сонда?..

– Болмасына кім кепілдік береді? Егер, махаббат сезімдері тұтанса – олардың зәредей кінәсі жоқ. Себебі, олар бір әкеден екенін білмейді.

– Онда, Сіз екеуміздің құпиямыз кінәлі болғаны дә. Алдын алатын амал қарастырып жатырсыз ба?  Күмәніңізге көз жеткізу үшін  Қабылдан да сыр тартып көрмейсіз бе?

– Қабылдан сыр тарту оңай шаруа емес, кей-кейде болмаса ақтарыла бермейді.. Осы пәтерге көшіп келген жылы өзінен-өзі: «Апа, әкемнің кім екенін анықтауға әрекет жасап көрмейсіз бе»?-деген еді.  Мен: «Оның өзінің отбасы бар болса, ыңғайсыз жағдайға қалдыруымыз мүмкін. Кімнің қанын салғанын құпияда ұстауға міндетті мамандардың басын қатерге тігеміз. Ол жерде көлденең көк аттының қаны алына бермейтінін өзің де білесің.  Әкеңнің аты беймәлім болғанымен, бойыңдағы қанның заты таза екеніне шүбәң болмасын. Қалғанын білудің қажеті шамалы»,-деп  райынан қайтарған болатынмын. Енді сол әрекетіме өкініп отырмын. Әсия арқылы әкесінің кім екенін анықтап беруім керек екен. Сонда бұлай бас ауыртпаған болар едім.

– Апай, көзіңіз анық жетпеген нәрсеге өзіңізді қинай бермесеңізші.

– Шынар да ауылдың тәрбиесін алып өскен ибалы қыз, жеңілтек қыздардыке сияқты ойындағысы – тілінің ұшында тұрмайды. Сыртқа шығара алмаған ішкі сезімін, ойларын  күнделікке түсіріп шерін тарқатады екен. Сырын сыртқа шаша бермейтін адамдардың жүрегі нәзік,  жандары жараланғыш келеді. Осы жағына абай болғанымыз абзал. Сен бұл әңгімені әзірше тісіңнен шығарма. Әліптің артын бағайық, сонан соң ақылдаса

жатармыз. Інің қызметке орналасты, қызың үшінші курсты бітіріп жатыр, мүмкіндік

                                                                      

тауып – бір келіп кетпейсің бе?  Менің  қазаным қайнады, қыз келгенше еш болмаса қамырын илеп қояйын.

– Дайынын сала салмайсыздар ма?

– Қабыл ондайды ұната бермейді.

– Онда сау болыңыз. Ертең ауылға қайтамын, реті келсе сіздерге де барып қайтармын.

     Нұрбибі Қабылдан «үйленетін қызыңды қашан көрсетесің»?-деп  бір-екі рет сұрағанымен тұшымды жауап ала алмады. Ол:«Асықпаңыз, уақыты келгенде көресіз»,-деп  күлді де қойды. Шынардан «ұнататын жігітің бар ма»?-деп сыр тартып көрген еді, ол да жоқ дегендей басын шайқап, әңгімені басқа арнаға ауыстыруға асықты. Қабыл бір тоқтамға келе алмай жүрген сияқты... Бұрын Шынарды кішкентай қарлығашым – қарындасым,-деп еркелететін еді. Быйыл онысын доғарып, оған бойжеткен қыз сияқты қарайтын секілді... Тұңғиық ойлардың түбіне жете алмай, Нұрбибінің уайымы күшейіп, ұйқысынан да маза кетті. Қабыл жұмысына, Шынар емтихан тапсыруға кетіп, таңертеңгі шайға тәбеті тартпай, көңілі құлазып отырғанда Павел кіріп келді.

– Сәлеметсіз бе, апай?

– О, қош келдің Павел. Поездан түстің бе?

– Жоқ, өз көлігіммен түнделетіп жүріп келдім.

– Кешке мінсең – азанда түсетін поезд тұрғанда, неге көлікпен түнде жүресің? Қалғып кетсем не болады,-деп  қорықпайсың ба?

– Құдай сақтасын, кеше күндіз ұйықтап – ұйқымды қандырып алғанмын.

– Құдай: «сақтансаң – сақтаймын»,-деген, көзсіз батырлықтың қажеті не...

– Электронды тапсырыс берген дәрі-дәрмектерім бар еді, соларды ала кетуім керек болған соң көлікпен келдім.

– Жарайды, ақталмай-ақ қой. Басыңды қауіп-қатерге тікпе,-деп ескертіп жатқаным ғой. Жақсы келдің, жалғыз өзіме шай да батпай отырған еді. Ауыл-аймағың, мал-жаның аман-есен бе? Майраны ала келмедің бе?

– Аллаға шүкір, аман-есенбіз. Мектептің мың сан жұмысынан Майраның қолы тие бермейді ғой. Өздеріңізде не жаңалық бар?

– Жаңалықтың бәрін ана күні айтып қойған жоқпын ба, оған алып-қосар ештеңе жоқ.

Қызымыздың ағасына ғашық екенін – дәлелім болмаса да, ішім сезеді. Бірақ, Қабылдың не ойлағаны барын біле алмай жүрмін.

– Оның да ойы болса не істейміз?

– Мен осы жөнінде көп ойландым. Енді құпияның шет жағасын ашпасақ болмайды.

– Қалай ?..

– Әсия Қабылға мұрағатта сақталған құжатты көрсетуі керек.

– Ол кісі бұл жағдайдан хабардар ма?

– Содан басқа біздің құпиямызды ешкім білмейді. Майра демалысқа шыққаннан кейін осы жаққа қыдырып қайтуға жібер.  Мен соның құрметіне жайылған дастарханға  құрбыларымды шақырып, сол отырыста Әсия отыз төрт жыл тісінен шығармаған дәрігерлік құпияны ашсын. 

– Жақсы ойластырыпсыз, бірақ, құрбыларыңыздың алдында Майра мінез көрсетіп жүрмей ме?

– Жас кезінде болса бойын қызғаныш билеп, басқаша түсінуі ғажап емес еді. Қазір, өмір тәжірибесі бар ұстаз, ұл-қыз өсіріп отырған ана, жасы елу беске келген салиқалы әйел, қандай өзімшіл болса да түсіністік танытып, ұл-қызына бауыр тапқанына қуанар,-деп ойлаймын... Оның үстіне Әсия әңгіменің тігісін жатқызып айтудың  шебері. Ал, екеуміздің арамыздағы сүйіспеншілік жүрегімізде ғана сақталуы керек.

– Өзіңіз бәрін жоспарлап қойыпсыз ғой, басқа амалы болмады ма?

– Басқа амалды таппадым. Жалындаған жастық шақ келмеске кетті, төрімнен көрім жақын қалғанда, құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып, балаларды жатбауыр  еткенім болмас,-деген  қорытындыға келдім. Сен келіссең – осылай істегеніміз абзал.

                                                                 

– Балалар туысқан екендерін білгендері әрине жақсы, сол үшін қалай келіспейін...

– Онда, бұл тақырыпты әзірше жауып қоя тұрып, өзіңнің қалай демалғаныңды айтшы.

– Өте жақсы. Біраз күн күйкі тірлікті ұмытып, таудың таза ауасын жұтып, саумал қымызын ішіп дегендей, жақсы демалдық. Айтпақшы, Сізге менімен бірге демалған бір профессор сәлем айтты.

– Мені танитын кісі ме?

Жоқ, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы. Мен оған Сіздің: «Ғылыми атағымызды айтуға да арланатын болдық»,-деген сөзіңізді айтқан едім. Ол:

«Арланса – боқ шоқығандар арлансын, ой тоқығандар емес»,-деп, қаршыға мен қарғаның айырмашылығын мысалға келтіріп, сәлемін жеткізуімді өтінді.

– Сәлемет болсын, қисынды теңеу екен. Бұны айтқан адамның өзі де арлы азамат болғаны ғой... Сен дәрі-дәрмегіңді алуға қашан баратын едің?

– Бүгін алып, Шынар емтиханын тапсырып келсе – түнделетіп жолға шығып кетеміз.

– Түнделетіп,- дегенді маған айтпа. Дәрілеріңді көлігіңе бүгін тиеп қой да, жолға таңертең  шығыңдар. Күндіз ыстық,-десең салқындатқышың бар шығар... Балалар келгенше бар тірлігіңді тындырып қой. Шынар да өткізетін кітаптарын өткізіп, жолға дайындалсын. Кешке ініңмен әңгімелесіп, түнде ұйқыңды қандырып, ертелеп  жолға шығып кетесіңдер.

– Тапсырма түсінікті болды, енді соны орындауға кірісейін,-деп күліп, Павел орнынан тұруға ыңғайланды.

– Айтпақшы, ана күні Қабылды сенен қызғанғаным өте орынсыз болды. Көңіліңе алып қалған жоқсын ба?

– Несін көңіліме аламын. Мәдидің Астанаға барып қызмет істеп жатқанына екі-ақ жыл толды. Жетекші маман болып қызмет атқарып жүр еді, быйыл ғана Бас маман  болып тағайындалды. Әлі ауылдың жігіттерімен бірге пәтер жалдап тұрады. Үйлендіру үшін алдымен пәтер әперуіміз керек. Шымкенттегі пәтерді сатып әпермесек, қазір басқа мүмкіндігіміз болмай тұр. «Үйленемін» десе – әрекетімізді жасармыз...

– Жастарға ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы бар емес пе?

– Оның да машақаты көп тірлік. Бала жақында демалысқа шығып келеді, сол кезде ойын білерміз. Ғани өзімізбен бірге, үйдегі қолқанатымыз. Ағасы мансап қуып жүріңкірейтін болса, інісіне жолын беретін шығар...

... Алматыға үш күнге келген Майра Бибінұрмен жақсы тіл табысып, екеуі сыралғы құрбылардай сыр бөлісіп, апасының өтінішін жерге тастай алмай – бір апта жатып қалды. Бибінұр Майраға қаланың көрнекті жерлерін көрсетіп, дүкендерін аралатып, театрларына апарып, құрбылары қонаққа шақырып, шама-шарқынша жағдайын жасауға тырысты. Сөйтіп жүріп бір аптаның қалай өткенін байқамай да қалды. Майра қайтатын күні екеуара шай ішіп отырып Бибінұр:

– Майра, Розаның ата-енесі кытымырлау кісілер дейтін еді, үй-іші аман-есен бе?-деді.

– Бәрі аман-есен. Құдамыз быйыл сексенге толады, құдағиымыз да бұрынғыдай емес,

қартайыңқырап қалды.  Жылына екі- үш мәрте Германияға барып емделіп жүр екен. Құдамыз жетпіс бес жасында докторлық диссертация қорғағанын Сізге айтқан ба едік?

– Жоқ, айтқан емессіңдер.  Қандай тақырып бойынша?

– Тақырыбын білмеймін, әйтеуір, заң ғылымдарының докторы болғанын білемін.

– Қай жерде қорғады?

– Осы Алматыда,бірақ, қай жерінде қорғағанын өзі айтпаған соң, сұрамадық.

– Ия... Құдаларың мықты екен.

– Күйеу бала үш қыздың ортасында жалғыз өскендіктен еркелеу сияқты еді ғой, елуден асқанда еркелігін қойған шығар?..

– Сіз Мұратты баяғы жас кезіндегісінен кейін көрмеген екенсіз ғой, қазір байсалды жігіт ағасы болған. Жас кезінде әке-шешесінің тіліне еріп Розаға тиісе беретін еді, қазір

онысын қойып, жөнсіз сөйлесе – қайтарып тастайтын болыпты.

                                                                  

– Қартайса да баяғы құйтылықтарын қоймаған ба, әлі?..

– Қайта, қартайған сайын қазымырланып бара жатқан сияқты. Айналасындағылардан жетістік емес, мін іздеп отырады. Атам: «Дүниемастық,-деген ауру болады. Еңбексіз келген көп дүние кісіні – тоғышарлыққа, тоғышарлық сондай кеселге душар етеді. Ол кеселге ұшыраған адамның адами қасиеттері ада болып, азғындық дертіне шалдығады»,-деп отыратын еді. Құда-құдағиымыз қыз берген жекжаттарын қолпаштап, бізді мүжіксінген кездерде атамның осы сөзі есіме түседі. Орыстарда «Бүкірді көр ғана түзейді»,- деген сөз бар емес пе, бұлар да сол жаққа барғанша түзелмейтін шығар...

– Соншама бай ма, құдаларың?

– Шымкенттің өзінде бірнеше супермаркеті, тойханалары, қонақ үйлері, ойынханалары мен сауналары бар адам бай болмағанда – кім бай болады? Даладағы малдарының есебін өздері де білмейтін шығар...

– Бұның бәрін қалай алған?

– Жекешелендіру науқаны басталған кезде құдамыз қаланың прокуроры болатын, одан облыстық деңгейге ауысып – сол науқанды ұтымды пайдаланды. Нәтижесінде шайлығына байлығы қосылып – шонжар болып шыға келді.

– Мүжіксінеді дегеніңе түсінбедім, кедейсіне ме, сонда?

– Ия, бойларына тең көрмей, әзілдеген болып – мұқатып отырады.

– Қайтарып тастамайсыңдар ма?

– Жалғандағы Павелдің жалғыз қарындасы үйлерінде отырғандықтан, түсінсек те түсінбеген болып, кекірек атқан әжуаларын басымыздан асырып келдік. Әлі күнге дейін оларға «сен» деген де, олар туралы біреуге тіс жарып айтқан да емеспіз. Қыздың құлағының тыныштығын ойлап, аузымызға кептелген сөзді ішімізге қайта жұтып жүрдік. Кейінгі кезде шақырса да, мен үйіне  бармайтын болғанмын. Амал жоқ, Павел жиындарына ел-жұрттан ұялғанынан барып тұрады.

– Розаға әлі тиісе ме екен?

– Жас кезінде түймедей мінін түйедей етіп көрсетіп, жүйкесін жүндей түтті ғой байғұс қыздың. Қазір де анда-санда барып, шаңын қағып тұратынға ұқсайды.

– Анда-санда барғаны қалай, олар бірге тұрмайды ма?

– Біраз уақыт болды ғой бөліп жібергеніне.

– Ұлы жалғыз емес пе еді?

– Қолдарында бір баламен қайтып келген қызы бар емес пе еді, соның баласы ержетіп, үш-төрт жыл бұрын үйленген. Сол себепті Розаларды бөліп шығарған болатын.

– Неге қызын бөлмей, ұлын бөліп шығарды екен?

– Қара шаңырақта қыздың қалғанын қалаған болар... Бәленің бәрі сол қыз қайтып келгеннен  кейін басталды ғой. Шешесінен өткен құйымыр.

– Сол қыз екен ғой араға ши жүгіртетін...

– Ия, шағыстырып-қағыстырып, әкесінің дүниесін басып қалу үшін ештеңеден тайынбайтын, қулық-сұмдықты мейлінше меңгерген қыз.

– Бұларға да енші бөліп берген шығар?..

– Жылжымайтын мүліктерінің үштен бірін баласының атына аударған білем...

– Қайта жақсы болыпты ғой, құлақтары тынышталып. Розаның үлкен екі қызын ұзатқандарыңды білемін, қалғандары аяқтанған жоқ па?

– Ия, бөліп шығарғандарына ренжіп емес, қуанып жүр ғой. Екі ұлы біздің балалармен тетелес, қызы Шынардан бір жас кіші. Балалары үйленген жоқ әлі.

– Қыздарының барған жерлерін қолпаштағанына қарағанда, олар да бай болғаны ғой...

– Бай болса бай шығар, үйлеріне барып көрмегенмін. Бірақ, Алматыдан, Ташкенттен  әншілер шақыртып жасаған тойларына барғанбыз. Кейінгі кезде араларынан мысық өтіп кеткен бе, олармен де дүрдіараз болып жүргенін есіттік. Бір ай бұрын, Германияға емделуге барар алдында құдайы тамақ берген. Соған құда-құдағилары келмей, қыздары

ғана келгенін Павел айтып келгенде-ақ  ішімді тартып қалғанмын.

                                                                        

– Оларға ешкім жақпаса, кіммен араласады  сонда?..

– Бұрын айналасының бәрін  билеп-төстеген, қазір де соны істегісі келеді. Бірақ, жұрттың бәрі оған көне бере ме... Басқа түгілі, ағайын-туыстары да безіне бастағанға ұқсайды. «Біздің арқамызда осындай дәрежеге жеттіңдер, өздеріңнің қолдарыңнан ештеңе келмейді»,-деп,  жасаған титтей жақсылығын міндетсініп, бала-шағасын, немерелерін тұқырта бергендіктен олар да екеуінің шет елге кеткенін асыға күтетін болыпты. Тіпті, тістері ауырса да, сол жаққа итермелейтінді шығарыпты.

– Бұны кімнен естідіңдер?

– Жақында солармен көрші тұратын – қаладағы құрбыма барып қайтқанмын. Бәрін жіпке тізгендей етіп, сол айтып берді.

– Павел бір ауданның «Фармация» өндірістік кәсіпорнының тізгінін ұстаған кезде – бірнеше дәріхананы жекешелендіріп алуға мүмкіндігі болмады ма? Сонда құдаларың сендерді кедейсінбес  пе еді?..

– Құдамыздыкендей оның құзырлы мүмкіндігі болмады ғой, біреуінің өзін әрең алды. Бір дәріхананың өзімен байып кетуге болар еді, Павелдің өзі баспады ғой.

– Неге?

– Тәуелсіздік алған жылдары дамыған елдер бізді мүсіркеп, көмек қолын созған жоқ па. Үйіп-төгіп жіберілген тегін дәрі-дәрмектер дәріханалар арқылы сатылатын. Сол науқанды ұтымды пайдаланғандар байып кетті де, бойын аулақ ұстағандар көштен қалып қойды. Соның бірі Павел.

– Ондай дәрілер ауруханаларға берілген жоқ па еді?..

– Ауруханаларға берілгенімен  көбісі дәріханаларға өтіп кететін.

– Павелдің араласпағаны өте дұрыс болған, оған өкінбей-ақ қойыңдар. Халықтың аузынан жырған дүние кімге опа берген дейсің... Қара нан мен қара суды қамсыз ішкенге не жетсін.  Розаның өзі келіп тұра ма?

– Анда-санда келіп тұрады, бірақ, бізге ештеңесін сездіре бермейді. Анада, ата-енесі Германияда жүргенде бала-шағасымен  келіп кеткен. Бұрын ылғи әбіржіп жүретін еді, бұл жолы рең-басы жақсы.  Менің жаңағы айтқан құрбыммен жақсы араласады. Онша-мұнша сырын сонымен бөлісіп, шерін тарқатады екен.

– Сенің қайынсіңліңнен өсіп-өніп отырып, сендерді  демеудің орнына мұқатқысы келетіні қызық екен, бейшаралардың... Сендер көп қабатты үйлердің құны түсіп тұрғанда, қаладан екі пәтер алып қойғандарың қандай жақсы болған, қазір құны аспандап кетті емес пе...

– Ия, дер кезінде әрекет жасаған екенбіз. Бірінші қабаттағысы дайын дәрі-дәрмектер сататын дәріхана, екіншісі қалаға келгенде түсетін үйіміз болып тұр ғой.

– Балаңның бірі үйленсе – бөліп шығаратын дайын отау.

– Сіздің де пәтерді кеңейтіп алғаныңыз өте дұрыс болды.

– Әйтпесе, менің қызым сыймас еді деп отырсың ба?-деп  Бибінұр күлді.

– Жоқ ә, қасыңызға алып жатсаңыз да – сыйдырар едіңіз ғой...

– Қазір сыймай жатқан ештеңеміз жоқ, бірақ, келешектен үмітіміз бар ғой, қам жасамауға  болмайды. Сол үшін өмір бойы жинағанымды жұмсағаныма өкінбеймін.

– Біреулер дүниені ана жаққа алып кететіндей – құнығып жинайтын, біреулер бала-шағасын қатардан қалдырмау қамымен – білегін түрініп жинайтын заман келді.

– Жанын жалдап, жұртты арбап, қарғыс арқалап, кісі ақысын мойнына артып, озбырлықпен жиған дүниенің де рахаты болар ма екен?.. Арлы адам жиренетін іске – арсыздар ғана бара алатын шығар... Заман емес, қоғам ұсақталып барады, Майра.

– Қоғамды аздырып-тоздырып, дертті еткен тоғышарлар тобыры – өздерін ақсүйек, халықты қарасыйрақ санайтынын қайтерсіз.

– Дертті қоғамды дертті ұрпақ емдей алмас... Басқа-басқа, сол «ақсүйектердің» ғылымды да ермекке айналдырып алғаны жаныма батады.  Біраз күн сырлас-мұңдас болып, саған бауыр басып қалып едім, енді, сен де қайтпақшы болып отырсың...

                                                                      

– Хабарласып тұрамыз ғой, апай. Қолқабыс қажет десеңіз, қызыңызды ертерек жіберейін. Келін түсіріп алсаңыз – қолыңыз ұзарады ғой...

– Ол үшін ана, қайныңның құлағын бұрап кетпедің бе?

– Айтудай-ақ айттым ғой, сәті түскен күні келін де кеп қалар... Апай, маған жолға жинала беретін уақыт болды-ау деймін?..

– Асыға берме, әлі ерте ғой. Такси шақыртып, өзім шығарып саламын.

 

                                                              ІХ

 

     Майра ойына ештеңе алмай кеткеннен кейін, Бибінұрдың күпті көңілі орнына түскен. «Быйыл үйленемін»,- деген уәдең бар еді, жаз өтіп, күз келді, келінді енді қашан көрсетесің?-деп  баласының мазасын ала бергеннен соң Қабыл: «Келесі жексенбіде алып келемін»,-деп уәде берген. Қуанышы қойнына сыймай, асыға күткен жексенбісіне жақсылап дайындалып, Әсияны да шақырды. Қабыл уәдесіде тұрып бір емес, екі қыз ертіп келді. Әсия тамақтанып отырғанда-ақ қыздардан жөн сұрап,  сыр тарта бастады. Жанар Қабылмен бірге, Басқарманың кадр бөлімінде  істейтін келіншек болып шықты. Сәуле Қазақ Ұлттық Университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетінде, соңғы курста оқиды екен. Жанар мен Сәуленің ата-аналары  Қарағандыда қоңсы тұратын көрінеді. Жанардың Алматының жігітіне тұрмысқа шыққанына екі жыл болыпты. Қабылға Сәулені таныстырған да осы келіншек сияқты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің»,- дегендей, Сәуленің Жолдасов Ораздың қызы болып шыққаны – Әсия мен Бибінұрды аң-таң қалдырды. Әсия жастарға байқатпай Бибінұрға көзін қысып, қыздың әке-шешесі туралы мағлұматты сұрап, үйінің телефонына дейін біліп алды. Қабыл қыздарды шығарып салуға кеткенде Әсия:

– Ал, құрбым, бір кездегі «ғашығыңмен» құда болатын болдың,-деп ішек-сілесі қатып,  ішін басып ұзақ күлді.

– Қойшы Әсия, адам не істерін білмей толқып тұрғанда келемеждеп күле бермей...

– Күлмегенде, жылаймыз ба енді... Қайта, Павеліңе ертерек түсіндіріп қойғаның қандай жақсы болған. Әйтпегенде көрер едің көресіңді. Енді келін түсіретін қамыңды жей бер. Алдымен Оразыңмен сөйлес, «жесір қатынның баласына қызымды бермеймін»,-деп шалқайып жүрмесін.

– Сен де қай-қайдағыны айтады екенсің. Жесір қатынның баласы жетілмейді,- деп кім айтты саған? Мен білетін  Ораз – текті жігіт болатын, шалқаймайтын шығар...

– Кім біледі?..  Өзі бір үлкен комбинатты басқарған екен, шіріген бай болса – сенің тұрмысыңды қомсына ма?-дегенім ғой.

– Менің баламның қызметі кімнен кем, жасы отыз үшке енді толса да, Басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген жоқ па...

– Қабыл осы бетінен таймаса министр болатынына күманданбаймын. Әйтеуір, Аллаһ Тағала тіл-көзден сақтасын. Нұрбибі, сен толқығаныңды басып, өз-өзіңе келіп ал, сонан соң ақылдаса жатармыз. Үйде тірлік көп, мен қайтайын енді.

– Менен ақыл-кеңесіңді аямассың, екі келін түсіріп, қыз ұзатқан тәжірибең бар ғой.

– Бәрі ойдағыдай болады, уайымдай берме. Жақсы, сау бол. Мен кеттім...

Бибінұр бір-екі күн ойланып жүріп, Оразға телефон шалуға бел буды. Ол баяғы кездесулерін ұмытпаған екен, жағдай сұрасып – екеуі ұзақ сөйлесті. Ол Бибінұрды Қарағандыға қонаққа шақырып, бұл баратын уақытын алдын-ала хабарлайтын болып, келісімін берді. Қуаныштан асып-сасып жүріп, Бибінұр алдымен Әсиямен, артынан Павелдің үйімен хабарласты:

– Павел, сәлеметсің бе?  Аман-есен, күйлі-қуаттысыңдар ма?

– Иә, бізде бәрі жақсы, өздеріңіз қалайсыздар?  Не жаңалық бар?

– Жағдайымыз жақсы, жаңалық көп. Қабыл уәдесінде тұрып, кешегі жексенбіде Сәуле

                                                                       

деген қызды әкеліп таныстырды.

– Жақсы болыпты ғой, қуанышыңызға ортақпыз. Қыз ұнады ма Сізге?

– Ұнағанда қандай, мінезі салмақты, ибалы қыз сияқты. Әсіресе  Әсияға қатты ұнады.

– Алматының қызы ма екен?

– Жоқ, әке-шешесі Қарағандыда тұрады, өзі осындағы Университеттің соңғы курсында оқиды. Кімнің қызы екенін айтсам, сен шалқаңнан құлайсың...

– Шалқамнан құлайтындай – Премьер-министрдің қызы емес шығар?..

– Бірақ, Премьеріңнен кем емес – баяғы Ораздың қызы.

– О-һо... Ол Өскеменде тұратын емес пе еді?..

– Қарағандыға қоныс аударғанына отыз жылдан асыпты. Баяғы орыс әйелімен ажырасып – қазақ келіншекке үйленген екен. Мына қыз сол әйелінен.

– Бала-шағасы бар емес пе еді?

– Ұлы мен қызына үйлі-баранды болғанша жәрдем беріп тұрыпты.

– Бұл әйелінен қанша перзент көріпті?

– Сәуленің екі ағасы бар екен, үлкенін үйлендіріп – бөлек шығарыпты.

– Бұл ақпардың бәрін қыз айтып берді ме, Сізге?

– Қыздан телефонын алып, Ораздың өзімен сөйлестім ғой.

– «Қызыңды балама бер»,- деген жоқсыз ба, әйтеуір?..

– Оны телефонмен айта ма екен... Мені қонаққа шақырды, ретіне қарай сол кезде көрерміз. Баратын уақытты кейін айтатын болып келістім. Әсиямен ақылдасқан едім, ол: «Баратын болсаң – қызына сырға ала бар»,-деп  жатыр. 

– Тау мен тау кездеспегенмен, адаммен адам кездесе береді екен-ау, отыз төрт жыл мазамды алып, қинаған кісімен құдандалы болу – не деген кездейсоқтық десеңізші...

– Бұл ертегіні Майраға айтып жүрме, ыңғайсыз болады. Біздің үйден сыр бермей кеткен еді, әртүрлі сұрақтармен  миыңды ашытып жүрген жоқ па?

– Жоқ, қайта қуанып жүрген сияқты ғой...

– Шынардың да  өмірге басқаша қарай бастағанын байқап жүрмін.

– Апай, бақыттан басыңыз айналып жүрген шығар?..

– Көңілдегі кірбіңдерден арылып, өзімді бақытты сезіне бастадым. Менің жаныма жалау болған саған рахмет, түсіністік танытқан Майраға да өте ризамын. Бүйректен – сыйрақ шығарып тұрса не істер едім... Жас кезіндегі білместіктерін кешіріп, оның қадіріне жетуге тырыс. Сендердің  бақытты болғандарыңды қалаймын.

– Бізді бақытты емес,-деп кім айтты Сізге? Ата-анамыздың арманын алға сүйреп, қара шаңырақтың отын өшірген емеспіз. Ұл-қызымызды ел қатарлы, ешкімнен кем қылмай өсіріп жатырмыз. Деніміз – сау, қарынымыз – тоқ, көйлегіміз – көк. Одан артық қандай бақыт керек...

– Қарыныңның тоқтығын білемін, өміріңе көңілің тоқ па?- соны айтшы.

– Алабұртқан көңілім орнына түсейін деді, өмірге өкпем жоқ сияқты... Кейінгі кездері мен де өзімді бақытты сезіне бастағандаймын.

– Әкесінің кім екенін білгелі, көп сөйлемейтін Қабыл да ашылайын деді. Көрген-білгенін, ойына түйгенін айтып, Шынарға қамқорлығы арта бастады. Туысқандарын тапқан тағдырына риза болып жүрген сыңайлы.

– Қызметіне төселіп алған шығар?

– Жауапкершілігі көп қызмет қой, қолы жұмыстан аса босай бермейді. Кей күндері ота жасауға қатысып, шаршаңқырап келеді. Бірақ, қызметіне өзі риза сияқты.

– Өзіңіз шаршап жүрген жоқсыз ба?

– Неменеге шаршаймын, үйреніп қалған жұмыс қой. Аптасына төрт-бес лекциям ғана бар, тәжірибе сабақтарын өткізуден  бас тартқанмын. Айтпақшы, Мәди: «әзір үйленбеймін»,- депті ғой, Ғани не дейді?

– Қызыңыз бәрін жеткізген екен ғой, ағасы жолын бергенімен ол да: «үйленемін»,-деп,

 

                                                                       

әзір құлшынып тұрған жоқ. Ағаларынан бұрын үйленуге ыңғайсызданып жүрген болар...Сол үшін оны несіне асықтырамыз. Алдымен Қабылдың алдындағы парызымызды өтеп алайық, сонан соң көре жатармыз.

– Парыз демекші, маған сендердің моралдық тұрғыда көмектерің қажет. Бес-алты жылдан бері жинаған қаражатым бар, сендерге салмақ сала қоймаспын. Оның үстіне, Ораз менен қызына түркімендердің қалың малын сұрай қоймас...

– «Келін алса, тойының бір шетін көтермесек болмайды»,-деп, Майра құлшынып жүр ғой. Мектептен келген соң жаңалықты айтамын, өзі  Сізбен хабарласар. Сырға салу жағын  ол – бір кісідей білетін болуы керек...

– Сен бір жаққа асығып тұрсың ба?

– Жаңа Ғани: «дүкенге келіп-кетіңізші»,-деп еді, соған бармақшы болып тұрған едім.

– Ертерек бар онда, бір шаруа шығып қалған болар...

Павел Майраның жұмыстан келгенін күтпей, бар жаңалықты қалта телефонына хабарласып, айтып қойды. Майра жолда келе жатып, жаздағы Алматыға барған сапарын есіне алды: «Бибінұр – қандай сүйкімді кемпір. Жақсы адам – әдемі қартаяды,- деген сөз рас шығар... Жетпістен асса да кемпір деуге аузың қиғанымен, көңілің қимайтындай. Тіпті, менен  де жас көрінетін сияқты өзі... Мені бір, тура құдағиындай күтіп алып, құрбыларын шақырып, қаланы аралатып, Медеу мен Көктөбеге қыдыртып, қаншама әбігерге түссе де сыр бермеді.  Баланы да өте жақсы тәрбиелепті. Араласатын құрбылары да өзіне сай. Әсияның айтқандары шын ба екен, осы?.. Неге бірге тұрып жатқан студенттің қанын алып салды екен?..  Қолмен қойғандай етіп айтқанына, тіркелген құжат сақталғанына қарағанда шын сияқты... Әлде, апайдың өзі: «Павелдің қанын сал»,-деп алып, енді естіген болып отыр ма екен? Қойшы, өткен іске несіне басымды қатырамын, не болса да маған дейін болған тірлік қой. Қайта балаларыма демеу болатын аға табылған жоқ па. Қой, ертерек үйге барып, апаймен сөйлесейін»,-деп  жүрісін жылдамдата түсті.

– Апай, сау-сәлеметсіз бе? Жағымды жаңалықтың барын Павелден есіттім, құтты болын! Қайнымның көңіл-күйі қалай?

– Рахмет. Аман-есенбіз, бәрі жақсы. Өзіңнің жұмысың қалай?

– Жақсы, быйыл жұмысымды жеңілдетіп алғанмын. Он бес жыл директордың оқу жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарыппын. Сол жұмыстан өз еркіммен босап, қазір тек сабақ беретін болып алдым.

– Қолыңды босатыңқырап алғаның дұрыс болған екен. Сен неге қайныңды сұрайсың да, қызымның жағдайын сұрамайсың?

– Шынармен кеше ғана сөйлескенмін, бірақ, мына жаңалық туралы ауыз ашпады ғой, қу қыз. Сізге бауыр басқалы, бізге сырын айта бермейтін болды өзі...

– «Өз аузынан есітсін»,-деген  болар, оған ыстықтамай-ақ қойыңдар. Құдай қаласа, Шынарды жеңгелі етпекші ойымыз бар. Қыздың әке-шешесінің алдынан өтіп, сырға салуымыз керек екен. Мен оның жөн-жобасын аса біле бермеймін, сол үшін сенің көмегің қажет болып тұр.

– Қандай көмек қажет болса да, біз дайынбыз.

– Сәуленің әкесі менің ескі танысым болып шығып, Қарағандыға қонаққа шақырды.

Осыны пайдаланып, сырға ала барсам қайтеді?..

– Сіздің ойыңызды қыздың ата-анасы біледі ме?

– Қызы айтпаса, мен айтқан емеспін. Танысқандарына да аса көп болмаған сияқты...

– Онда, қыздың өзімен жеке сөйлесіңіз, тұрмысқа шығатын ойы болса – шешесіне шет жағасын айтып қойғаны дұрыс. Телефонын білетін бе едіңіз?

– Шынар екеуі бір-біріне жазып беріп жатқан.

– Қыз келіссе – оны да ала баруыңыз керек, әйтпесе, сырғаны кімге тағасыз?

– Мен емес, сырғаны сенің таққаның дұрыс шығар...

– Мені алып барсаңыз – құрбыларыңыз өкпелеп жүрмей ме?

                                                                  

– Олар тойда қызмет жасайды. Әсия, Павел екеуіңді ертіп барғанымды қалап отыр.

– Бізді ерткіңіз келсе, қуана-қуана барамыз. Балаңыздың да ойын білсеңізші.

– Ақылдасып көремін ғой, бала қарсы бола қоймас... Павелге айтып – түсіндіріп қой.

– Қыздың ойын біліп алсақ, бір сенбі-жексенбіде барып қайтпаймыз ба...

– Қыз келіссе, өзін ертіп алып – бір сыпыра киім-кешек, ұнатқан сырғасын алыңыз.

Әке-шешесінің, аға-жеңгесінің киімдерінің, құдағиыңыздың саусағының мөлшерін сұрап алуды да ұмытпаңыз.

– Оның бәрінің маған не қажеті бар?

– Сізге емес, бізге қажет. Ол жақтың салтын мен біле бермеймін, бірақ, біздің жақта сырға салуға барғандар – үйіндегілерді түгелдеп, киіт апарып жатқанын көріп жүрмін. Мөлшерін білсек, қажетті киім-кешек біздің дүкеннен табылады.

– Сендерді шығындатып қайтемін, соларды апару міндетті болса, Алматыда көп қой, өзім-ақ сатып алайын.

– Бізді бөтенсінгеніңіз бе, сонда? «Ет-жақыным»,-деп ертпекші болсаңыз – қолымызды қақпаңыз. Сіздің бір кәдеңізге жарамасақ, біздің кім болғанымыз... Ағайын-туыстың арасында жорға болмаса да, дорбаның жүргені дұрыс болады.

– Сендерге салмақ салмайын дегенім ғой, уәжден жеңдің, сенің айтқаның-ақ болсын.

Анық-қанығын білгеннен кейін, хабарын айтармын.

– Апай, өзіңіздің саусағыңыздың мөлшерін білсем бола ма?

– Оны қайтпекшісің?

– Құдағиыңыз екеуіңізге бірдей сақина таққым келіп отыр.

– Ниетіңе рахмет! Бақытты бол, айналайын. Мені қоя-қоймадың ба? Онсыз да шығындарың аз болайын деп тұрған жоқ қой.

– Сізді туған енемнің көзіндей көремін. Ол бейшара, көзі жұмылғанша Сізді аузынан тастамай, алғысын жаудырумен өткен еді. Өзімнің анам да Сізді жақсы көретін. Сол кісілердің әруақтары риза болсын.

– Жалған дүние-ай... Енеңмен бір-ақ рет, анаңмен екі мәрте кездесу ғана бұйырған екен маған. Екеуі де керемет кісілер еді, күйкі тірліктің әлегімен көп араласа алмадым.

Топырағы торқа болып, жандары жәннаттан жай тапсын. Көңілімді босатып жібердің ғой, қалқам. Үлкенді сыйласаң – өркенің өссін, бала-шағаңның қызығын көріп, қосағыңмен қоса ағар.

– Рахмет, айтқаныңыз келсін. Сізге де бақытты ғұмыр тілеймін. Балаңыз бен қызыңызға сәлем айтыңыз. Кәкүр-шүкірді уайымдай бермеңіз.

– Жақсы онда, көріскенше сау-сәлеметте болайық.

    Қарағандыға барып, құда-құдағиларына көңілі толып, ойындағысы болып қайтқаннан кейін, Бибінұрдың қарбалас күндері басталып кетті. Қысқа дейін келінін

түсіріп алудың қамымен арпалысып жүргенде, баяғы Павелдің жүрген қызы – Нұржамалды алып қашып кеткен оқиға есіне түсіп кетпесі бар ма... Сондай жағдай болып қала ма,-деп  күдіз-түні уайымдап, Павелге хабарласып әбігерге түсті. Оның сабырға шақырғанын қарамай, бір күні Оразға телефон шалды:

– Ореке, сау-сәлеметсіз бе? Үй-ішіңіз, бала-шаға аман-есен бе?

– Аллаға шүкір, аман-есенбіз. Өздеріңіз қалайсыздар?

– Бізде де бәрі жақсы, шапқылап жүріп жатырмыз. Құдағидың денсаулығы жақсы ма?

–Зар күйінде. Қыз ұзататын адамның денсаулығы жаман болушы ма еді, ол да аз шапқылап жүрген жоқ. Оңтүстіктегі құда-құдағидың жағдайы дұрыс па?

–Жақсы, олар дембіл-дембіл хабарласып тұрады. Оңтүстік демекші, ол жақта анда-санда қызды еркінен тыс алып-қашатын қауіпті үрдіс бар екен...

– Сіз Оңтүстікте тұрмайсыз ғой, несіне қорқасыз?.. Менің Астанада тұратын бір досым – Оңтүстіктің жігіті. Содан анда-санда бұндай жағдайлардың ауыл арасында болып тұратынын естігенмін. Ол енді, оқыған-тоқығаны аз жігітсымақтардың тірлігі шығар...

– Мен институтта оқыйтын қызды да басып алып кеткенін естігенмін.

                                                                          

–Уайымыңызды түсіндім, бірақ, Сіз қорықпай-ақ қойыңыз. Біздің Сәуле сыртынан жуас көрінгенімен, оңайлықпен беріле қоймайтын өжет қыз.

– Сонда да, өлімнен басқаның ертесі жақсы емес пе? Ертерек құсымызды қолымызға қондырсақ,-деп едім...

– Бибінұр, мен Сізді жақсы түсінемін, бірақ, Сіз де бізді түсінсеңізші. Біз қызымызды қолдан ұзатсақ,-деп, соның қамында жүрген жоқпыз ба. Құдағиың баламен бірге мейрамханалады көруге кетті. Сіз Сәуленің тұратын пәтерін барып көрдіңіз бе, осы?

– Ия, кіре берісінде сақшылар отырады екен.

– Олар күндіз-түні бөтен ешкімді ішке кіргізбейді. Ол үйден Сәулені ешқандай жау ала алмайтынына көзіңіз жеткен болар...

– Пәтері өте ұқыпты, жайлы екен. Үйден жау амайтынын білемін, жол-жөнекей алып кетпесе...

– Ол үйдің астында автотұрақ бар, қыз көлігіне сол жерден мініп, сол жерден түседі. Көрдіңіз бе, енесінің уайымшыл болатынын біліп, алдын-ала сақтық шараларын қарастырып қойғанбыз,-деп Ораз аха-халап күлді.

– Ореке, Алматы да Қазақстанның Оңтүстік өңіріне орналасқан ғой, қызыңызды біз ұрлап кетсек – қайтесіз?-деп  Бибінұр да күлді.

– Несіне ұрлап әуре боласыз, біз қызымызға қосып төрт бөлмелі пәтерді – жасауымен, астындағы көлігін қоса өз қолымызбен Сізге асырмақ болып отырсақ...

– Дегенмен Ореке, қыс түспей, тойды бірігіп Алматыда жасасақ  қайтеді?.. Маған дүние емес, алдымен адам керек. Сақшысы жоқ демесең, менің де төрт бөлмелі пәтерім бар.

– «Сүйгенімді көргенше – күйіп-жанып барамын»,-дегендей екен, мына әңгімеңіз.

– Ореке, менің барым да, нарым да – жалғыз ұлым. Келін түсіріп, немере сүюді армандағаныма он жылдан асты. Менің бағыма Сіздей үлкен жүректі, кеңпейіл азаматтың қызын кездестірген тағдырыма ризамын. Жасымыз болса шалқайып келе жатыр, сол үшін арманыма жетуге асығатыным рас.

– Ағайын-туыс, жора-жолдастарымыз бар, бұның реті қалай болар екен?..

– Бәрін осы жердегі тойға шақырасыз. Менің бір шәкіртімнің қалада қонақ үйі бар, келетін кісілерге сол жерден жай дайындатамыз.

– Бибінұр, айтқаныңыздың бәрі қисынға келеді, бірақ, бұл мәселені мен қабырғаммен кеңесіп, қызымның ойын білмей шеше алмаймын. Сіздің; «дүние емес, адам керек»,-дегеніңіз мені ойландырып қойды. Мен азын-аулақ дүние жинасам, бала-шағамды ешкімнен кем қылмайын,-деп адал еңбегіммен жинағанмын. Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін, бір егесіз қалған «Құрылыс монтаждау басқармасын» жекеменшігіме алып, қаншама күш-қуатымды, қаражатымды жұмсап жүріп аяғына тұрғыздым. Қазіргі кезде  іргелі құрылыс компаниясына айналып, бала-шағамды

үйлі-күйлі етіп, асырап отырған табыс көзі сол. Оның жұмысын екі балам күні-түні тыным таппай жүргізеді, мен соларға кеңесші болып жүрмін.

– Ореке, Сіз мені түсінбей қалдыңыз-ау деймін... «Дүние басқа бітеді, бас екеу болмай – мал екеу болмайды»,-дегенді айтқым келген еді. Сөзім түйеден түскендей болса, кешірім өтінемін.

– Оқасы жоқ, Сіздің тоғышарларды ұнатпайтыныңызды білемін ғой. Әйтеуір, мені де солардың тобырына топ еткізбесеңіз болды,-деп  Ораз сөзінінің аяғын әзілге бұрды.

– Адам қуаныштан да есінен айырылады білем, мезгілсіз мазаңызды алсам – айыпқа бұйырмаңыз. Құдағиға, құда балаларға сәлем айтыңыз.

– Бибінұр, мен Сізге және қызымның таңдауына сенемін.  Бір сөзге келмей қызымды беруге келіскенім де сол себептен. Жақын арада Қарлығаш екеуміз Алматыға барамыз, қалған мәселені сол кезде ақылдасайық. Жарай ма?

– Өте жақсы, Сіздерді асыға күтемін. Сау-сәлеметте кездесейік.

– Босқа уайымдай бермеңіз, бәрі жақсы болады. Балаларға сәлем айтып қойыңыз.

   Осы әңгімеден кейін Бибінұр: «Өткен ғасырда өтіп кеткен оқиға қайдан есіме түсе

                                                                      

қалып еді, шыдамсыздық танытып Ораздың мазасын алғаным ұят болды ма»?- деп өзінен-өзі ыңғайсыз күйге түсті. Біраз ойға шомып отырып: «Жоқ, дұрыс істеген сияқтымын... «Қыс өтсін, көктем шықсын, қыз оқуын бітірсін»,-дегендей сылтаулармен сағыздай созуы да мүмкін еді ғой. Енді көпке соза қоймас... Өзімнің ойымды білдірдім, енді әліптің артын бағайын»,-деді өзін-өзі сабырға шақырғандай сыңаймен. Екі күннен кейін, жұмыстан келіп түскі шайын ішіп отырғанда Қабыл телефон шалды:

– Апа, үйдесіз бе?

– Ия, жұмыстан жаңа келіп, шай ішіп отырмын.

– Менің түс қайта жиналысым бар еді, ұзаққа созылуы мүмкін. Сіздің қолыңыз бос болса, Сәуле екеуіңіз мейрамханаларды көріп қайтсаңыздаршы.

– Сенбі-жексенбі күндері бірге араламаймыз ба?

– Осы сенбі күні Сәуленің әке-шешесі келеді екен, солар тапсырма беріпті. Сәулеге Сізбен хабарлас десем, ұялып тұр ғой. Шынардың да сабағы бар екен.

– Ой, айналайын-ай, несіне ұялады. Айт, маған келе берсін, онда.

– Жарайды апа, айтамын. Дайын отырыңыз, жарты сағатта барады.

Бибінұр ішіп отырған шайын қоя салып, ыдыс-аяқты асығыс жинастырып тастады. «Неге киімімді ауыстыра қойып едім»,-деп  қайтадан киіне бастады. Жүрегі көкірегін жарып шығардай атқақтап соғып, асып-сасып, әр көйлегін бір киіп көріп жатып: «Азаматсың – Ораз! Розаның атасындай адам  кездескенде  не істер едім?..

Күлгенім, табалағаным емес, адамның қадырын білмейтіндерден аулақ қылсын,-дегенім ғой... Маған сені жолықтырған тағдырымы ризамын. Тіл-көзден аулақ қылып, Жаратқан Ием  жалғызыма – жар бола гөр!  Шүкір-шүкір, тоба»,-деп даусы қаттырақ шығып кетті. Жанарынан мөлт етіп қолына тамып кеткен бір-екі тамшыны байқап қалып: «Келініме көзімнің жасын көрсетпей-ақ қояйын»,-деп жуынатын бөлмеге жүгірді. Өрекпіген көңілін әрең басып, киініп болып отырғанда қоңыраудың түймесі басылды. Бақыт деген осы шығар... Ендеше, мен бақыттымын,-деп орнынан тұрып, есікке қарай беттеді.

    Павел Бибінұрдан жағымды жаңалықты есітіп, Майра екеуі той қамын ойласып отырғанда, қабағы түсіңкіреген кластас досы – Ерсін кіріп келді.

– О, Ереке, ассалау ма ғалейкум.

– Уа ғалейкум салам.

– Кештетіп шығыпсың, тыныштық па? Қабағың салыңқы ғой...

– Тыныштық. Жай, жастық шағым есіме түсіп, сенімен әңгімелесейін деп келген едім.

– Онда Майра екеумізді оңаша қалдырып, шай-пай қамдай берсін.

– Павел, сен ата-анаңды ақыреттік сапарға өз қолыңмен шығарып салдың ғой, бақытты шығарсың?.. Сондай бақытты да тағдыр маған қимаған екен. Әкем мен туылған жылы дүниеден озып, есімді білмей тұрғанда жастай жесір қалған анамды төркіні әкетіп, басқа шалға ұзатқан екен. Үлкен шешем: «шалымның ұрпағын жатқа бермеймін»,- деп мені алып қалыпты. Ол кісі мен мектепке барған жылы қайтыс болып, аға-жеңгемнің қолына қарап өстім. Анамыздың бөлек екені тіктеп айтылмағанымен жетімдіктің азабы да, мазағы да мені айналып өтпеді. Сен әскерде жүргенде мен екі жыл зауытта жұмыс істеп, азын-аулақ қаражат жинақтап алып – оқуға түскенімді, оқып жүргендегі жағдайымды өзің білесің. Сендер адам сияқты оқыдыңдар, ал, мен болсам күндіз оқып, түнде қарауылдыққа тұрып, жексенбі күндері отын базасында көмір түсіріп жүретінмін. Қазір ойлап отырып: «не деген ит жанды болғанмын»,-деп таң қаламын. Осы Сырғаны әкелерде сенен 100 сом қарыз алып, оқуды бітіргенше шетінен беріп – әрең құтылғаным есімнен кетпейді.

– Баяғыда өткенді неге бүгін есіңе алып отырсың? Оны сұрамасам да, өзің ғой тықпалап қоймаған.

– Қарыз деп алғаннан кейін – мойныма жүктемей құтылуым керек қой. Осынша жылдан кейін оны айтайын деп келген жоқпын, басқа бір түсінбейтін жағдай саған алып келді.

– Нені түсінбей жүрсің?

                                                                    

– Адамдардың дүниетанымын, сараңдық пен дархандықтың аражігін ажырата алмай жүрмін. Кеше үйге Еркін көкемнің қарашаңырақтағы кенже баласы келіпті. Жөн сұраған едім, мені сыртқа шығарып алып: «Көке, бірдеңелер іздеп шатырдың төбесіне шығып едім, бір қуыстан мыналарды тауып алдым»,-деп Кеңес дәуірінің екі жинақ кітапшасын қолыма ұстатты.  Ашып қарасам, көкемнің атына 53000, жеңгемнің атына 42000 сом жинақтаған кітапшалар екен. Ініме не айтарымды білмей состыйып тұрып қалдым. Ол да менің бұлардан хабарым жоқтығын сезіп: «Бұларды мен не істеймін, ағаңыздан естелік болып Сізде тұра берсін»,-деп маған тастап кетті. Жан-дүнием алай-дүлей болып, Сырғаға да сырымды сездірмей кешеден бері: «ағамды ажалынан бұрын қу дүниенің күйігі өлтірген екен ғой»,-деп, бейшараны қиянатқа да қимай, ақтай да алмай, өзегім өртеніп – қиналып жүрмін.

– Ой, сен де достым, қай-қайдағыны ойлайды екенсің... Кеңес үкіметі тарқаған кезде менің ата-анамның да талай ақшасы күйіп кетті. Жарықтықтар өмір бойы еңбек ақысынан ұстатып, отбасы мүшелерінің әрқайсысының өмірін 10000 сомға сақтандырған екен. Біз шыр-пыр болып жатқанда әкем: «Көппен көрген ұлы той, дүние басқа бітеді»,-деп бізді сабырға шақырып, сыр бермеген. Бұл жағдай жалғыз сенің ағаңның басына түскен нәубат емес қой, Майраның анасының да 20000 сомдық алтын заемы күйіпті.

– Павел, сенің әкеңнің 40000 сомы күйсе, менің ағамның 95000 сомы күйген екен. Оның үстіне сенің әкең өздерінің, бала-шағасының қамын ойлап жинаған. Ал, менің ағам мен жеңгем бала-шағасынан жасырып, боғатқа тығып жинағанын түсінбей отырған жоқпын ба. Мейлі, «мені бөтенсіп қимаған шығар»,- деп-ақ ойлайын, сол дүниенің қызығын бала-шағасына да көрсетпегенін қалай түсінуге болады?  Өзі малының жағдайы үшін колхоз тарағанша соның қойын бағып, жалғанның бір рахатын көрмей, базарға апарып сатқан қойларының ақшасын бала-шағасының не ішім-жеміне, не киім-кешегіне қимай, не бір де біреуін оқытпай, не баспана сайламай, солардан қызғанғаны – қызыл итке жем болғанын көру оған оңай болмаған болуы керек... Бейшара ағам осы қиянатты көтере алмай, миына қан құйылып кеткен-ау, шамасы... Жат жұрттық қыздарды қоя берші, әйтеуір, «тесік моншақ жерде қалмайдының» керімен орындарын тапты. Артында қалған алты бала қаншама әбіржумен, әупірімдеп үй болды. Менің мұрындық болуыммен көптеп-көмектеп, жеті қыз – жеті жақтан жебеп, соларды баспаналы ету оңайға түскен жоқ. Жеңгеміздің қылы да қисаймай, көжесі қоюлау қаладағы бір қызының қолына кіріп алды. «Қара шаңырақта отыр»,- дегенімізді, қанша айтсақ та тыңдамайды. «Ауылда жағдайым болмайды, мына жерде жылы су, ауырсам – дәрігер шақыртуға болады»,- деп бет бақтырмайды. Қызы да перзенті ғой, бірақ, ана балалары намыстанып өлетін болды.  Әкемнің кенжесі едім, қазір әулеттің үлкенімін. Үлкен болу да оңай шаруа емес екен. Не істерімді білмей, сырымды сыртқа шашпас деген оймен, ішімдегіні сыртқа шығарып – шерімді тарқатпақ болып келгенім ғой,-деп Ерсін күрсінді.

– Ерсін, екеуміз бала күннен бірге өстік, сенің жағдайыңды басқа білмесе де, мен жақсы білемін. Өткен іске салауат, ағаң-жеңгең жаман болғанда– жақсысын саған кім береді... Дүниеден озып кеткен ағаңның әруағын шошытып, жетпістің желкесіне іліккен жеңгеңе  де ештеңе демей-ақ қойғаның дұрыс шығар... Ол кісі тәрбиелейтін жастан өтіп кеткен ғой, одан да өнегеңді інілеріңе көрсеткенің жөн. Менімен ақылдасуға келсең, осыдан басқа айтарым жоқ. Қалғанын қабырғаңмен кеңесіп шешерсің. Жүр, Майраның шайы қайнаған болар, барып ішейік.

– Павел, бұл әңгіме екеуміздің ортамызда қалсын. Ішімдегіні ақтарып  біраз жеңілдеп қалдым, достық пейіліңе рахмет.

   Павел Ерсінді шығарып салғаннан кейін,  далада: «Миллиондаған адамдардың еңбегін бір сәтте еш еткен кезең-ай... Қанша адамның денсауллығын бұзып, қанша адамның өмірін жалмадың екен? Менің әкем де бізге сездірмегенімен, іштей қиналған болар... Ерсіннің ағасының мақсаты тіпті түсініксіз. Жарық дүниеге 13 перзент әкеліп, олардың қызығын көре алмау,  бауырына, перзенттеріне қимаған дүниесінің ешкімге бұйырмай

                                                                      

күйіп кетуі – нағыз трагедия емес пе»?- деп ойға шомып тұрғанда Майра шығып қалды.

– Павел, досыңды шығарып салдың ба? Ана бала кешікті ғой, қайт десеші.

– Ерсін кетіп қалды, Ғанидың бір досының туылған күні екен, кештетіп келетінін маған ескерткен.

– Досың бүгін көңілсіз ғой, тыныштық па екен?

– Жастық шағында көрген қиыншылықтары есіне түсіп, біраз сырын маған ақтарып – шерін тарқатып кетті.

– Сырға да мен сияқты жесір әйелдің жалғыз қызы екен. Соның айтуына қарағанда, ағасы мен жеңгесі бұларға тіптен жәрдем бермегеннен кейін,  Сырғаның шешесі екеуін сүйрелеп жүріп үй қылыпты ғой. Абзалды туған соң Сырға қатты сырқаттанып қалып, баланы асыраған да шешесі екенін білесің бе?

– Ия, сол бейшараның еңбегі жанып, жеті айлық болып туылған бала қазір зіңгіттей жігіт болған жоқ па.

– Ерсін түсінігі мол, жақсы жігіт екен. Баласын оқытып, қызметке тұрғызып, үйлендіріп, марқұм енесінің Шымкенттегі шаңырағының түтінін түтеткізіп отыр. Сырға да ол балаға інісіндей қарайды екен.

– Мен жаман жігіттермен дос болмаймын ғой,-деп Павел күлді.

– Кезінде қол ұшын созбаған ағасының ұл-қызына да пана болып жүрген сол емес пе...

– «Үлкен пышақ ұялғанынан өтеді дегендей», ол – сол әулеттің қазіргі үлкені ғой.

– Балалары да сондай кішіпейіл, жақсы тәрбие алған.

– Ерсін келіп, екеуміздің бағанағы бастаған әңгімеміздің быж-тыжын шығарып кетті ә. «Апаймен сөйлесемін» деп едің, оны ұмытып кеттің-ау, деймін...

– Жоқ, ұмытқан жоқпын. Бағана сендер әңгімелесіп отырғанда сөйлескенмін, апайдың көңіл-күйі көтеріңкі. Қазіргі басты мақсаты – құда-құдағиын жақсылап күтіп алу екен. Біз де солар келіп- кеткенше шыдап, ой-пікірін біліп алып – әрекет жасармыз. Түсініктері мол кісілер екен, апайға көп салмақ сала қоймас... Тойды бірігіп өткізетін болса, бізге де жеңіл болар еді.

– Жерге қарап отырған жоқпыз ғой, жарым-жартылай болса да тойдың шығынын көтереміз. Саған кел деген жоқ па?

– Ондай ештеңе айтпады, әуре еткісі келмеген болар... Басында ол кісіден сені өлердей қызғанған едім, қазір сағынатынды шығардым. Анамды сағынғанда – сол кісінің мойнына асылып еркелегім келіп тұрады.

– Еркелегің келсе – еркелей бер, қолыңды кім қағып жатыр.

– Біздің бірден-бір жанашырымыз – сол кісі болып қалды ғой. Өзі де бізбен туысқан болғанына риза сияқты көрінеді. Анда-санда бір кездескеннен кейін ыңғайсызданамын, жақын тұрғанда еркелер едім.

–  Оның басынан да көп ауырпалық өткен, қазір баласы жетілді, енді өзін бақытты сезінетін шығар...

–  Біз де бақыттымыз ғой ә, Павел.

–  Әрине.  Ұл-қызымыздың бетіне шіркеу болатындай кісі ақысына қиянат жасаған емеспіз. Перзенттерімізді жаман тәрбиелеген жоқпыз, енді бізге солардың қызығын молынан көруге жазсын. Алғашқы перзенттеріміздің шетінегені, ата-анамыздың өмірден ерте озғаны болмаса,  басқа өкінішіміз жоқ. Біреулерге жете алмаған болсақ, бізге де жетпегендер көп. Шүкір, ешкімнің міндетін арқаламай, өз арбамызды өзіміз сүйреп келеміз. Саулығымызға да өкпе арта алмаймыз, адам баласына одан артық не керек? Екеуміздің бақытты болмауға қақымыз жоқ сияқты...

– Ұлдарымызды ұяға, қызымызды қияға қондырып, немере сүюді армандап жүрмін.

– Ол күн де алыс емес бәйбіше,-деп Павел Майраны құшақтай алып, сүймекші болған еді.

– Қойсашы, біреу-міреу көріп қалса ұят болар,-деп Майра әрең сытылып шығып үйге кіріп кетті.

                                                                  

                                    Әкім әперген шапкінің әлегі            

                                                    

                                                            (Әзiл-шыны аралас)

Ақын Әбiлда Аймақтың алпыс жасқа толуына байланысты Оңтүстiк өңiрiнiң аудан-қалаларында кездесулер ұйымдастырылып жатқан кез. Әбiлда iнiм туған жерi Темiрландағы кездесуге менi де шақырды. Iнiмiз базыналық жасап, Мархабат Байғұт пен Қанат деген жас ақынды ала баруымды өтiндi.

Жолаушыларды аса жолсоқты етпейтiн «Мерседес» көлiгiмен жолға шықтық. «Белдiк өкпемдi қысады» деген сылтаумен Қанатты алдыңғы орындыққа жiберген Махаң артына жалғыз жайғасты. Шымқаладағы көлiк кептелiсiнен өгiз аяңмен даңғыл жолға әрең шықтық. Менiң көлiктi асықпай жүргiзгенiм iшiн пыстырды-ау деймiн, не айтса да баптап, тұздығын қосыңқырап айтатын әдетiмен Махаң әңгiме бастады. Айтуынша, бiрде сазгер Қалдыбек Құрманәлiнiң көлiгiмен Төлеби ауданындағы тау етегiне орналасқан Төңкерiс ауылындағы iс-шараға қатысуға барады. Жиын кешiгiңкiреп басталып, ұзаққа созылады. Көкемiздiң сағатына қарағыштай бергенiн байқаған Қалдыбек:

– Аға, асығып отырсыз ба? – деп сұрайды.

– Кешке қаладағы бiр тойды ашуым керек едi.

– Қорықпаңыз, аға, тойға кешiкпейсiз, – дейдi Қалдыбек.

Махаңның айтуынша, кештете шыққанымен Қалдыбек уәдесiнде тұрып, сағатына 260 шақырым жылдамдықпен жүрiп, дер кезiнде жеткiзедi (бұл жерде Махаңның «тұздықты» қанша қосқаны бiр өзiне мәлiм). Тойхананың алдында көлiктен түсiп жатқанында Қалдыбек «Мұхтар Шахановты көлiкке мiнгiзсем «жай, жай» деп ығырымды шығаратын едi. Сiз бiр рет те ескерту жасамадыңыз» дептi таңданып. Махаң оған «Кемедегiнiң жаны бiр емес пе» деген екен.

Осы оқиғаны әзiлге бұрып, әсiресе, соңғы диалогқа екпiн түсiре айтып бердi. Көкемнiң бұл әңгiмесi маған «сен неге көлiктi дұрыстап айдамайсың?» дегендей әсер еттi. Жарты жолды артқа тастап үлгiрген мен:

– Маха, менiң көлiгiм де 260-ты тартады, сенбесеңiз көрсетейiн, – деп жылдамдықты 160-қа апардым. Айнадан арт жақты байқап келемiн, Махаң сыр берер емес.

– Көке, жылдамдықты тағы көтерейiн бе? – дедiм сынамақ болып. Жастыққа жантайып алған Махаң:

– Өзiң бiл, көлiк сенiкi, бiздi аман-есен жеткiзсең болды, – деп беймарал жата бердi. Әңгiмемен келе жатып айдалада жол патрульдiк полиция инспекторлары тұрады деп ойламаппыз... Кiшiгiрiм төбеден асып түскенде етегiнде бес-алты инспектор тұр. Тежегiштi қанша басқаныммен көзге түсiп қалдық. Тап бiр қылмыстық топты құрықтағандай екi-үшеуi таяқтарын қатар көтерiп тоқтатты. Жылдамдық жоғары болғандықтан алысырақ барып тоқтауға тура келдi. Жаңа тәртiп бойынша инспектор келгенше көлiктен түсуге болмайтындықтан, отыра бердiм. «Қандай уәж айтып құтылсам екен» деп ойланып отырмын. Инспектор әскери тәртiппен өзiн таныстырып, сыртқа шығуыма болатынын ескерттi. «Темiрланның жiгiтi болса Әбiлданы тiлге тиек етемiн» деген оймен:

– Балам, қай ауылдың баласысың? – дедiм.

– Түлкiбастың, – дедi ойланбастан.

– Түлкiбастан болсаң, мына ағаңды танисың ба? – дедiм артқы есiктi ашып, жантайып жатқан Махаңды көрсетiп.

– Жоқ, – дедi, кiмдерге тап болдым дегендей, күмiлжiңкiреп.

– Неге танымайсың? Кiтап, газет оқымайсың ба? Теледидар көрмейсiң бе? Түлкiбаста туылған, Оңтүстiк өңiрiнiң мақтанышына айналған, Қазақстанға қадiрлi, әлемге әйгiлi классик жазушыны танымай сенi қандай қара басты? – деп дүрсе қоя бердiм, баланың

мысы басылып қалғанын байқап.

                                                             

– Көке, жүре берiңiздершi... Жолдарыңыз болсын! – деп инспектор қызарақтап құжаттарымды қолыма ұстата бердi.

– Көкеңе сәлем берiп, танымағаның үшiн кешiрiм сұра, – дедiм құжаттарым қолыма тигеннен кейiн күшейiп.

– Ассалаумағалейкум, көке, танымағаныма кешiрiм өтiнемiн, – деп инспектор Махаңа екi қолын қатар созды.

– Бiз, осы кiсi көлiгiмiзге мiнгенiне марқайып жүрмiз. Сен қолын алып қалғаныңа риза бол, – дедiм инспекторға мен де қолымды ұсынып.

Махаң жантайып жатқан жерiнен тұрыпты. Болған оқиғаға риза секiлдi. Көкемнiң көтерiңкi көңiл-күйiн байқап:

– Маха, көлiктi 260-пен жүргiзе алмасам да Сiздiң жазушылығыңызды өмiрi кiтап, газет оқымайтын, теледидар қарамайтын жiгiтке мойындатқанымды көрдiңiз ғой, – дедiм.

– Сен асыра сiлтеп жiберген жоқсың ба? – дедi күлiмсiреген көкем.

Кездесуге барған жерде де осы оқиғаны бiраз кiсiге майын тамыза әсiрелеп айтып шықты. «Көкем бiр инспекторға мақтап таныстырғаныма осыншама рахаттанып отыр, үнемi қошеметтелетiн кiсiлердi түсiнуге болады-ау» деп қоямын iшiмнен.

Мәдениетi төмендеу әкiм басқаратын кейбiр аудандарда орынбасары қатысатын кездесулерге етiмiз үйренгендiктен, әкiмнiң қатысқан-қатыспағанына аса мән бермеймiз. Бұл ауданның әкiмi азамат екен, жиынға бастан-аяқ өзi қатысып отырды. Кездесуден кейiн қонақтарға арнап жайған дастарқаннан дәм татуымыз жоспарланған. Қанат екеумiз көлiктiң қасында Махаңды күттiк. Ол кiсiнi аудан басшылары қолтықтап, сүлiкқара «Джип» көлiгiне мiнiп кете барды.

– Ақынымыз Әбiлда Аймақтың Темiрландағы кешi керемет өттi. Оған аудан әкiмi де, басқалар да, Махаң да барынша үлес қосты. Ақынды аспанға көтергендей болды. Әбекең де әбден-ақ риза.

Қандай ортада болсын өзiн байсалды ұстайтын, әңгiме мен әзiлдi де ұмытпайтын кiсi ғой, Әбiлданың кешiнен соң да әзiл-шынын араластырып, жұртты күлдiрумен болды. Көкемiз дастарқан басында да әзiл айтып, қалжыңдасып, аса көңiлдi отырды. Қанат:

– Махаңнан бағанағы мақтаудың уыты қайтар емес, қалып кетсе, өзiмiз қайта беремiз бе? – деп әзiлдеп қояды. Ендi бiр сәтте көкемiздiң қалта телефоны безiлдеп қоя бердi. «Иә, қайтамыз... Қайтамызды» бiрнеше қайталаған көкемiз «жеңешелерiң ғой, қайт деп жатыр» дедi күлiп.

Телефон шалған жеңгемiз бе, басқа ма, ол жағы бiзге беймәлiм, бiрақ, көкемiздiң әзiлi одан әрi жалғасты.

– Ал, жiгiттер, дәм-тұздарыңа көп рахмет, кел демек бар да, кет демек жоқ, – деп ас қайырды көкем. Обалы не керек, көкем байлардың көлiгiне отырып кетпей, менiмен қайтқанына қуанып, төбем көкке екi-ақ елi жетпей тұрғандай сезiмде үйге оралдым. Таңертеңгi шайымды iшiп отырғанда телефон безiлдей жөнелдi. Мархабат көкем екен.

– Ассалаумағалейкум, көке! Жайлы жатып, жақсы тұрдыңыз ба? – деп жағдай сұрай бастаған едiм...

– Кендебай, жағдайың жақсы ма? Менiң шәпкiм қайда? – деп сұрақты көлденең қойғаны. Не жауап берерiмдi бiлмей, абдырап қалдым. Кешегiлердi ой елегiнен өткiзiп, есiмдi жинап алып:

– Көке, шәпкеңiздi неге менен сұрайсыз? Менiң көлiгiмдi менсiнбей, «Джипке» мiнiп кеткен едiңiз. Байлар теберiк көрiп алып қалған шығар, – дедiм.

– Хабарластым, ол жақта қалмапты. Сенiң көлiгiңде қалған болуы керек, – дедi сенiмдi түрде.

Көлiгiмнiң iшiн қайта-қайта қарап келiп, жоқ екенiне көкемдi сендiре алмай, әуреге түстiм. Телефон тұтқасын орнына қойып, кешегi барған жерлерiмiздi ой елегiнен өткiзуге тура келдi. «Бұл кiсi шыттан тiгiлген шәпкiсiн жұртты осыншама әуре-сарсаңға салып неге iздейдi? Әлде, жеңгемiзден қатаң сөгiс алды ма?» деп отырғанымда телефон

                                                                 

қайта шырылдады. Қуанып кетiп:

– Көке, табылды ма? – дедiм асып-сасқан болып.

– Жоқ. Әкiмнiң әперген шәпкiсi едi... Сен әлде де көлiгiңнiң қуыс-қуысын қарашы, – дедi күлiп.

– Қайта-қайта қарап шықтым. Маған сенбей тұрсыз ба? Әкiмнiң әперген шәпкiсiн неге ақыннан даулайсыз? Әкiмдер аман болса, тағы бiреуiн әперер, – дедiм қалжыңдап.

– Табылмаса, тура сондай шәпкiнi сен әпересiң, – деп қояды көкем де.

Одан берi бiраз уақыт өттi. Ол кезде жадыраған жаз едi, қазiр қыс. Әкiмдердiң ешқайсысы әпере қоймаған болуы керек... Кездескен жерде көкем сол шәпкiнi әлi менен сұрап қояды. Сол кезде-ақ әпере салмағаныма өкiнемiн. Қыстың көзi қырауда шыт шәпкiнi қалай әпересiң? Әперген күнде көкем оған көне қоя ма? Әкiмдердiң ешқайсысы қозғала қоймаса, бiр құлақшынға түсетiн түрiм бар...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                              

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                  

                                Қазығын қыран қаққан бақ

    

   Шымкент дендробағына келген құрметті қонақтардың ағаш көшетін отырғызғаннан соң пікір жазып, қол қоятын журналын ақтара отырып, біраз тарихтың қойнауына үңілгендей боласың. Өткен ғасыр, 70-жылдардың аяғы. Алып зауыттардың будақтаған түтіні, қаланың іргесінде желдің өтінде жатқан қоқысханадан ескен күлімсі иіс, жасыл желекке жарымаған Қазақстандағы күн ең көп түсетін Шымқала, күннің көзіне қақталған «хрущевкаларды» мекендейтін халық... Сол жылдары Оңтүстік өңіріне басшылыққа келген Асанбай Асқаров ағамызды суреттелген бейшара күй бейтарап қалдыра алмады. Өрелі азамат ойланып-толғанып, ғалымдармен ақылдасып,  Оңтүстік өңірін көркейтудің амалдарын қарастырды. Шымқаланың көшелерін жөнге келтіріп, еңселі үйлер салуды жолға қойды, демалыс саябағы, хайуанаттар бағы, балалар темір жолы, дендрарий, ипподром және Қасқасу шатқалында мұз айдынының құрылысы басталды. Басқа да игілікті істерге мұрындық бола жүріп, әсіресе көгалдандыру ісіне  қатты көңіл бөліп, облыс орталығының, аудандар мен елді мекендердің, ірі-ірі өнеркәсіп кешендерінің аумағы мен жол бойларының көгалдандыруын қадағалап отырды. Ағаш көшеттерін өндіру үшін дендрарийге қосымша 12,0 га жер бөлгізді.   Басқасын айтпай-ақ, дендрарий бағының іргетасын қалау үшін қоқыс төгілген 120 га жерді тегістеп, бетіне 70 см топырақ төсеп, қайта жаңартудың  өзі қаншама  күш-жігерді талап етті десеңізші. Оған оның құрылысы мен 15,0 га лимонарий құрылысын, 12,0 га көшеттік тауқыметін, балалар темір жолының құрылысын, 5 жылда отырғызылған 1360 түрлі ағаш пен бұта көшеттерінің 500 мың түбін (оның 25 мыңы жасамыс ағаштар),  әкелу мен күтіп-баптауды ұйымдастыруды қосыңыз. Қым-қиғаш қызу тірліктің арасында кем-кетістіктер кеткен де болар, бірақ «кемшілік» жатып атар жалқауларда ғана болмайды емес пе. Бұл жұмыстардың  ауқымы кез-келген басшының  қолынан келетін іс емес екенін мойындауға міндеттіміз. Себебі, халық үшін басын бәйгеге тігіп, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, осы алып құрылыстардың көбісін жоспардан тыс, ішкі мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану арқылы іске асыру – тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған тұста көзсіз ерлікке пара-пар болғанын ескі көз замандастарымыз ұмытпаған шығар... Ол кезеңде өресі кең, ойлау қабілеті жоғары, өз бетінше шешім қабылдай алатын азаматтар қауіпті болғандықтан, сайқал саясат қаншама зиялының басын сарсаңға  салғанын да ұмытқан жоқпыз. Солардың бірі – Асанбай ағамыз болатын.     Аллаға мың да бір шүкір, еліміз егемендік алып, еңсеміз көтерілді, ойымызды ашық айтуға мүмкіндік туды. Тарих қиянатты еш уақытта кешірмеген. Ерте ме, кеш пе ақиқатқа көз жеткізіп, елге еңбегі сіңген азаматтарын халық төбесіне көтеріп, жүрегінің төрінен орын береді. Кезінде аталарымыз бен ағаларымыздың тағдырын талқыға салған жүйе ішінен іріп-шіріп, өз көзін өзі жойып тынды. Керісінше, энциклопедиялық білімнің иесі болған Асанбай  ағамыз сияқты ерлердің атын халық жылдан-жылға аңызға айналдыруы – тарихи заңдылық. Асанбай Асқаров жазықсыз жалаға тап болып, қызметтен шеттетілгеніне байланысты ол кісінің қолы тиген нысандар қарауылға ілінді. Солардың ішінде  дендрарий бағы да жапа шегіп, құрып кету қаупі төнді. Оңтүстік өңірге зайыбымен келген КОКП-ның Бас хатшысы Михайл Сергеевич Горбачев  бақтың құрылысы Асекеңе байланысты екенін есітіп, сыныққа сылтау тауып құрметті қонаққа дайындалған көшетті егуден  бас тартыпты. Мәскеудің құлақтарынан сескенген  жергілікті басшылар да ат ізін салуды тоқтатты. ...Асекеңнің жоспары бойынша  дендробақтың басты  табыс көзі болатын, құрылысы 80-85 пайызға біткен лимонарий, бақты күтіп-баптауға арналған  техника мен құрал-саймандар талан-таражға түсіп, мүлкі мен қоршауы тозды. Кезінде дендрарий бағына  қамқорлық жасаған, атағы жер жарған облыстық тәжірибе стансасының негізінде құрылған Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сіңірі шыққан шаруашылық бөлімі баққа қамқорлық жасаудың орнына көмек сұрап, алақан жаюдан аспады.

                                                                                                                       

     ӘйтеуірТәңір жар болып, Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының қолтығына тығылып, жан сақтадық.                                                                      1997 жылдың қазан айында мен қабылдаған кездегі бақтың сыйқы адам шошырлық болатын. Жартысынан астамын өрт шалған, техникалық құрал-жабдықтар жоқтың қасы (бары қирап қалған), көшеттіктер түгелге жуық жойылған, жалақы берілмегендіктен ең шыдамды 3-4 жұмысшы ғана қалған, бұқаралық ақпарат құралдарының  шуынан құлақ тұнады. Бұйрық шығып қойған, жағдайға қаныққан соң жүрексініп, қабылдаудан бас тартуға көштім.  Бірақ сол кездегі институттың дендрология бөлімінің меңгерушісі Пәрпебай Жұмабаевтың ықпалымен Асанбай ағамыз қазығын қаққан бақтың аманатын арқалауға  бел будым. Пәрпебай ағамызды  алдыма салып жүріп, қуылып кеткен, өкпелеп кеткен байырғы жұмысшыларды үйді-үйінен іздеп тауып, жұмысқа шақырдық. Келмегендеріне қайта бардық, түсінбегендеріне түсіндіріп жүріп, тарап кеткен ұжымды қайта құрдық. Себебі, дендрарийден айырылып қалу қаупі төнген екен. Осылайша біраз қиыншылықтарды бастан өткізіп, сыры кетсе де сыны кетпеген киелі бақты сақтауға күш салдық. Асанбай ағамыздың қиялындағыдай болмағанымен, өз қаражатын өзіне жамап, қалт-құлт жағдайда болса да ұстап отырдық. Мен осы қызметте жүргенімде Асанбай аға  екі рет дендрарийге ат басын тіреді. Бірінші келгенінде өзі, екінші келгенінде қасына жеңгемізді және немерелерін алып келді. Бірінші сапарында өзі отырғызған шынар ағашын құшақтап тұрып, аздап көңіл босатқандай болды, онан кейін Димаш Ахметұлы Қонаевтың ағашын құшақтап, тәу етті. Біраз уақыттан кейін, толқығанын басып алып, Пәрпебай ағаға бұрылып: «Мен осы жерге әкеліп, қызыл еменнің 20 түбін отырғызған едім, бар ма»?-деді. Пәрпебай ағамыз күтпеген сұрақтан асып-сасып: «Бар, бар»,- дегенді қайталай берді.  «Көрейікші»,- деп ағамыз ыңғай танытқан соң, Пәрпебай Жұмабаев шоғырымен қызыл емен егілген алқапқа  бізді бастап алып барды. Асанбай ағамыз ерінбей  ағаштарды санап, жиырмаға толтыра алмады. Он сегізге барып тоқтады да:  «Пәке, екеуін шығын жасапсың ғой», - деді. Қандай жауап айтарын ойлап, басын қасыған Пәкеңе қарап тұрып: «Бұған да шүкір»,- деп оның арқасындағы ауыр жүкті өзі түсіріп алды. Содан кейін барып, тозығы жеткен күнқағардың астына барып жайғасты.  Қымыз ішіп отырып, бір кезде өзі жасатқан күнқағарға көз қиығын салып қояды, қиюы қашқан күнқағардың  қабырғаларындағы  көз сүрінетін жазулардан ұялып, кірерге тесік таппай, қысылып мен отырмын. Ақыры, өзі құрған бақтың құрып кетпегеніне шүкіршілік жасап отырған ағамыздың толқыған көңілі сабасына  түскендей болды.  Біраз уақыт ағамыздың шешен тілімен майын тамыза айтқан әңгімелерін тыңдадық. Еккен қызыл емендерінің  санын санап жүргенінің себебін білдік. Ана жақтан келген соң, Шымкентке жолы түсіп, баяғы өзі тұрған үйдің маңайына еккен қызыл емендерді көрмекші болыпты. Бірақ жол бастап жүрген жігіттер: «Бармай-ақ қойыңыз, Сіз кеткеннен кейін үш әріптің қызметкерлері оларды қопарып, түбін зерттеген»,- депті. Ол кісінің ағаш санап жүргені «ауызы күйген – үріп ішедінің» кері екен. Бір үзілісті пайдаланып:  «Аға мына күнқағарды биыл жаңалайтын жоспарымыз бар»,- дедім. Ол кісі біраз ойға шомып отырып, бастапқы қалпына келтіруімді өтінді.   Сол жылы 60 000 теңгені әупірімдеп ажыратып, ол кісінің өтінішін орындадым. Бірақ, екінші келгеніне дейін бәз-баяғы қалыпан түсті. Ол кісі келіп кеткеннен кейін, байырғы қорықшы Мәжит Тәутенбаевтан мынадай әңгіме естідім. Асанбай ағамызды қызметтен алған күні, ел құлақтанбай тұрғанда ол кісі дендрарийге келіп, өзі торда өсіртіп жатқан құстарды тегіс босаттырып жіберіпті. Неге олай еткенін мен келесі келгенде сұраймын деп жүріп, орайы келмеді. Мүмкін, саналы азамат өзін қамауға дайындап жатқанын сезді ме екен? «Өзімді қамаса, еш болмаса құстар бостандықта жүрсін» деген сезімтал жүректің әмірі ме екен?.. Қандай болғанда да Асекең жіберген қырғауылдар көбейіп, бүгінде дендрарийдің сәніне айналған.  Екінші келгенінде көпшілік болып, сұраймын деп топшалап жүрген сұрақтардың көбісін қоюға мүмкіндік болмады. Сол кезде Шымкентке жолы түскен академик Әзімхан Сатыбалдин:                                                 

– Асеке, Түрік елінің президенті Тургут Озал қадаған шынар, көктемде егесі қайтыс болғаннан кейін қырқы өткенше не бүршік ашпай, не өліп қалмай тұрып алды, осының себебін айтып берсеңіз,-деді.

Ол кісі біраз ойланып тұрып:

– Шынар ағашы қасиетті ағаш, еккен адам қиналғанда ол қосылып қиналатын болуы керек, мүмкін космостық байланыста да болар?- деп жауап берді.

Тағы бір есімде қалғаны, біздің институттың директоры Әбдібақыт Мақұлбаевтың:

– Аға, жақсыны да, жаманды да көрдіңіз, арман бар ма?- деген сұрағына.

–Жігіт бастаған ісін аяқтау керек, қалқам, маған бастаған істерімді аяқтауға мүмкіндік бермеді, сол арман болып барады деді.

... Кейін, Асекең бізден бірнеше шынар көшетін Алматыға алдырды.

Асекең сияқты тағдыры талқыға түскен, саяси сауаты болар-болмас  халықтың қамын жеп жүріп, отқа түскен Ахмет Байтұрсынов саусағының қанымен түрменің қабырғасына:

                          «Түкке тұрмас Сталиннің абақтыға жапқаны,

                          Түкке тұрмас ОГПУ-дың мылтық кезеп атқаны.

                          Жанға батты қазағымның  жабыла кеп қапқаны,

                          Жанға батты ағайынның араласпай жатқаны»,-

деп, жазып кетіпті дегенді естігенмін.  Асекеңнің тұсында қазақ халқының саяси сауаты едәуір өсіп, өзегін жарып шыққан өрелі ұлын қиянаттан арашалауға дайын болатын. Асекең қиналып жүрген кезде, халық та, бақ та бірге қиналды, оның басы-қасында жүрген біз де қиналдық.  Қиналған кездерде шерімізді өлең жазып тарқатқан кездер де болды. Асекең жайында «Қыранға жасалған қиянат» деген өлең де жаздым. Ол кісі жайында дендрарийге байланыстырып поэма жазсам ба,- деген ойым да бар.

    Басты мақсат – қазығын қыран қағып, іргесін ел көтерген бақты еліміздің экономикалық ахуалы түзелгенше қызғыштай қорып, келесі ұрпақ өкілдеріне аман-есен табыстау.

   Аға ұрпақтың аманатына адал болғанға не жетсін...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                           

                                     

 

 

 

 

                                                                           

                                                                                                                                                                                                      

                                          Ән падишасы  Мырзашөлде.

 

     1973 жылы мамыр айының жаймашуақ күндерінің бірінде жұбайым– Күләштің шеше жағынан түп нағашысы – ақын Сабырхан Асановтың «Весновкадағы» үйіне бардым. Мақсатым, жұртқа әлі  көрсете қоймаған өлеңдерімнің біразын оқытып, пікірін тыңдау болатын. Шолпан жеңгеміз жұмысқа, балалар сабаққа кетіп үй оңаша екен. Қоңсысы, сазгер Әшір Молдағаинов, әнші Нұрғали Нүсіпжанов пен Сабырхан аға үшеуі «преферанс» сызып, Шәкең «қай жеңгенің меніке» дегендей жанкүйер болып бос отырғанының үстінен түстім. Менің келгеніме «жұмсайтын бала табылды» дегендей қуанып қалды. Ол кісілердің шайы мен «пайын» құйып беріп, қызмет жасауға кірістім. Шәкеңе құйып берген шайым ұнамай:  «Мен чайный напиток ішпеймін інім, шайды дұрыстап демде»,-деді. Карта ойнап отырса да, құлағы түрік отырған Сабырхан аға ол кісіге шайды қоюлап демдеу керегін ескертті. Шай ішіп отырған Шәкеңмен сұрасып, танысып, тез шүйіркелесіп кеттік. Карта сызғандар «мизерді», ара-арасында «тоғызды» стақан тоғыстырып атап отырды. Ол жағынан Шәкең екеуміз сырттап қала бердік. Байқауымша, достары Шәкеңді ішімдік жағынан қақпайлап, сақтандырып жүрген кездері болу керек?.. Бірақ, олардың ішіп отырғанынан бөлек столда бір шөлмек жұмсақ шарап тұрды. Оның не үшін тұрғанын біле алмай отырғанымда, үйдің егесі: «Анау сендердің сыбағаларың» дегендей ишарат жасады. Екеуміздің дабыр-дұбыр әңгімеміз ойыншыларға ұнамаған соң, «еншімізді» алып басқа бөлмеге барып отырдық. Жеке шыққан соң Шәкеңнің «добросын» алып, еншімізге тиген олжаның тығынын ашудың амалын іздестірдім. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп»-дегендей, тығын ашатын аспапты таба алмастан, жатақханада  көрген әдісті қолдандым. Шөлмектің түбіне сүлгіні қабаттап орап, қабырғаға бар пәрменіммен соғып қалған едім, тығыны атылып шығудың орнына шөлмек быт-шыт болып сынды. «Тапқырлығыма» пүшәйман болып, екі ортада күлкіге душар болдым. Шәкеңе еңкілдеп, рахаттанып күлуге, маған қызарақтап жүріп бөлмені жинауға тура келді. Шәкең біраз күліп алып: «Кендебай, қысылмай-ақ қой, шөлмектің сынғаны жақсы ырым»,- деп мені ыңғайсыз жағдайдан алып шығуға тырысты. «Темекі шегіп келейін» деп сылтауратып, далаға шықтым. Қалта-қалтаның бәрін ақтарып жүріп, бір шыны шарапқа жететін тыйын-тебен құрастырып дүкенге барып келдім. Жарықтық, Шәкеңмен таныстығымыз осылай басталып, інілі-ағалы достыққа ұласқан еді.

     Институтты бітірген соң ару Алматымен қоштасып, жолдамамен Мырзашөл өңіріне қызметке кеттік. 1989-1991 жылдары Жетісай қаласында ашылған дәріхана қоймасын жабдықтау мақсатымен Алматыға жиі жолсапарға шығып тұратынмын. Түсетін үйім болса да Сабырхан ағаның үйі. Ой-пікіріміз астасып, әзіліміз жарасып кеткен қайнағам мен келген сайын қуанышы қойнына сыймай достарына: «майшелпек келді»,- деп телефон шалатын. Мен де «преферанске» арнап азын-аулақ ақшаны артық сала келетінмін. Мені ұтса, балаша қуанып мәз-мейрам болып тарасатын, ұтылмай қалсам немесе ұтсам оларға үлкен «сенсация» болатын...

     1991 жылдың басында Алматыға тағы жолым түсті. Бұл жолы Сәкең достарын жинап әуре болмады. Себебі, сол күндері «Қазақконцертте» Шәмші ағаның 60 жасқа толуына арналған шығармашылық кештері өтіп жатыр екен.

     Екі күнге жоспарланған кеш менің бағыма орай, ән сүйер қауымның сұрауымен үшінші күнге жалғасқан екен. Кешке қарай аузы-мұрнынан шыға толған концерт залына бардық.

    Аздап еттен түскені болмаса, Шәкеңнің көңілі көтеріңкі көрінді. Шамғон ағамыз басқарған атақты «Құрманғазы» оркестрінің сүйемелдеуімен елге танымал әншілер тамылжыта ән шырқап, халықтың еңсесін бір көтеріп тастаған кеш болды. Саз құдіретіне бас иіп, тебіреніп отырып ән тыңдадық. Сабырхан аға Мақпалдың дауысын ерекше жақсы көретін болғандықтан, Мақпал сахнаға шыққанда: – Аға, әне, Сіздің ғашығыңыз

шықты,-деп әзілдеп едім, алдымда отырған Мақпалдан аумайтын бір қыз жалт қарағанда, не айтарымды білмей сасып қалдым. Аға да қысылып «тыныш отыр» дегендей санымнан

түртіп қалды. Сыртқа шыққаннан кейін осы оқиғаға біраз күлісіп алдық.

                                                                 

Кеш аяқталғаннан кейін Шамғон ағамыз бастап, мерей той иесінің үйіне кіріп шығуды ұйғардық. Бір топ өнер қайраткерлерімен бірге Шәкеңнің үйінің ауласына жеткенде жазушы Оразбек Бодықов ағамыз бір кісімен әңгімесі жараспай қалғандықтан, ашу шақырып, үйге кірмей кетіп қалды. Қалғанымыз жоғары көтерілдік. Жәмила жеңгеміз дастархан жайып күтіп отырған екен, ас үстінде әңгіме-дүкен құрып, кеш жайындағы пікірлерді ортаға салып 2 сағаттай отырып қалдық. Қонақтар тарқап жатқан кезде, Шәкең мені шетке шығарып алып: «Кендебай, Алматының сыз ауасы маған ауырлық жасап жүр, Оңтүстікке бармасам болмайды-ау»,- деп мұңын шаққандай болды. Мен әңгіменің астарын түсініп:  «Шәке, Қазақстанның қиыр Оңтүстігі Мырзашөл емес пе, сол жаққа жүріңіз, алып кетейін» дедім. Біраз ойланып, «саған салмақ болмай ма» дегендей бетіме қарап тұрып, келісімін берді. Бір-екі күнде келген шаруаларымды бітіріп, Сабырхан ағаның достарымен карта сызуға да үлгеріп, екеуміз поезбен Шымқалаға жүріп кеттік. Шәкеңнің жол-жөнекей жүрегі сыр беріп, демікпесі ұстап, бір стансаға жедел жәрдем шақыртуға тура келді. Дәрі егілгеннен кейін жағдайы түзеліп, аман-есен ауылға жеттік. Ол кісіні Шымкентте мен танымайтын кісілер күтіп алып, солармен бірге қалып қойды. Бір аптаның көлемінде хабарласып, Жетісайға баратын уәдесін алып, мен де жүріп кеттім. Жетісайға барғаннан соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, өнерді құрметтейтін азамат Тасанби Тоқбергеновке кіріп: «Тасеке, мен елдің атынан қазақтың біртуар азаматы, саз өнерінің сардары – Шәмші Қалдаяқовты қонаққа шақырып келдім, менің үйіме түседі, ас-судан таршылық бола қоймас, бірақ, халықтың ықыласына бөленгенімен билік тарапынан қағажу көрген, саулығы сыр беріп қалған сазгердің көңіліне қаяу түспейтіндей жағдай жасауға қол ұшын берсеңіз»,-деген өтініш айттым.

    Тасанби отырған орнынан тұрып: «Дұрыс жасаған екенсіз, «келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі»... дегендей деп, әрлі-берлі жүріп  ойын тиянақтап алып, екінші хатшы Сәуле Жоракулованы шақыртты. Ол кісіге «мүмкіндіктердің бәрін қарастырыңыз» деген тапсырмасын беріп, екеумізді шығарып салды.

     Ол кезде Жетісайда мақтанатындай қонақ үй жоқ болатын, біз Сәуле Сәрсенбайқызы екеуміз ақылдаса келіп, жібек құртын өсіретін мекеменің шағын қонақ үйі мен жылы сумен емдейтін шипажайдың бір «Люкс» бөлмесіне құда түстік. Бұл орындар Шәкең ауданнан аттанып кеткенше сол кісіге қызмет жасайтын болып келісілді.

     Араға 2-3 күн салып Шәкеңнен телефон арқылы «Шымкенттен өз көлігіммен шығып жатырмын» деген хабар алдым. Жетісайға кіре берістен күтіп алып, үйге түсірдік. Шай ішіп отырып бала-шағаны таныстырдық. «Сабырханның жиеншары – Күләшті бұрыннан білесіз... Қияметтік досыңыздың қарындасы – Сізге де қарындас. Қанша уақыт болсаңыз да ауырсынбайды, осы үйде өз үйіңіздей аунап-қунап жата беріңіз»,- деп тілімнің жеткенінше мен де біраз көсілдім. Шәкең де басын изеп, мені қоштағандай болып отырды да:  «Кендебай, сен жұмыстан босай алсаң, «туған партиямыздың» маған әзірлеген жатақ орындарын бір шолып шықсақ қайтеді... Себебі, маған бұл жақта жадырап жаз келгенше аялдауға тура келейін деп тұр» деді.

– Шәке, қалауыңыз болсын, маған ешкімнен сұранудың қажеті жоқ, өзім директормын ғой, ауданның аумағынан шығып кетпесем болды, мәшинені шақыртып қояйын,-дедім.    

–Мәшинең бағанағы сақырлаған «Уазик» пе?.. Ол болса шақыртпай-ақ қой, менің көлігіммен аралайық, кім шофер болғаны саған бәрібір емес пе,- деп бір қағытып тастады. Шәкең көп сөйлемегенімен әзіл-қалжыңға керемет ұста болатын. Қандай жағдайға байланысты айтпасын, ондыққа дәл тигізетін. Аралауды қаладағы қонақ үйден бастадық, ол жер Шәкеңнің көңілінен шыққан соң кілтін алып, қаладан 20-25 шақырым жердегі шипажайды көрдік.   

 – Кендебай, бұл жерің керемет екен, бірақ, менің денсаулығымның жағдайын өзің білесің, қиын-қыстау күн туса, сенің жедел жәрдемің жеткенше менің хәлім не болады,-деп бұл жерден ат-тонын ала қашты.

       Шәкеңнің келуіне арнап арнайы қазан көтеріліп, ағамыздың бұрыннан сыйласатын

                                                              

досы, Жетісай тігін фабрикасының директоры Исақты қонақасына шақырдық. Дастархан басында шүйіркелесіп отырып сыр шертістік, менің Ләззат, Сымбат атты қыздарым домбырамен атасына бірнеше ән орындап берді. Шәкеңнің тамаққа деген тәбеті жоқтың қасында екен. «Сендер жассыңдар, алыңдар, маған қарамаңдар»,-деп Исақ екеумізді қамшылаудан ары бармады. Екеуміз ара-арасында «Шәкеңнің денсаулығы үшін»,-деп тентек су құйылған ыдыстарды тоғыстырып отырдық. Ыдыстың түбінде қалдырып ішкенімізді көріп: «Мұны алған соң мысық жаламға келтіріп алу керек»,-деп Шәкең де қою күрең шай құйылған кесесін тауыса ішіп бізге үлгі көрсетіп отырды. Уылжып піскен ет пен қазы-қартаға тәбеті жоқ Шәкеңнің тамағы қою шай мен сүт екен. Шәкеңнің дастархан басында отырғанда мазасы болмай, жүрек тұсын ұқалап, демігіп қалғанын көріп Исақ: «Кендеке, Шәкеңді жақсылап емдетпесеңіз болмайды, қалған мәселелерді кейін көре берерміз»,-деп маған қолқа салды. Бұл сөзді есітіп отырған Шәкең: «Жоқ-жоқ, мені ауруханаға таңып қоймақсыңдар ма, ішетін дәрілерім бар, құдай сақтасын»,-деп қарсы болды. «Өзім күнделікті бақылап тұрамын, бір-екі апта жатып шыққаныңыз дұрыс» деген менің уәжімді де қабыл алмай, ауруханаға жатудан бас тартты. Дәрі-дәрмегін түгелдеп беріп, қонағымыздың көңіліне қаяу салмаудың қамымен шамамыздың келгенінше үйде күттік. Мен жұмысқа кеткенде қонақ үйге барып демалып, кешке үйге келіп қонып жүрді. Қонақ үйдегі тоңазытқышты Исақ екеуміз кезектесіп толтырып қоямыз да, оқтын-оқтын Шәкеңе амандасқысы келген кісілермен барып өзіміз босатып тұрамыз. Күндегі тіршілік, қызмет бабымен күндер зырлап өтіп жатты. Шәкеңнің Жетісайда жатқанынан хабардар болған колхоз-совхоз басшылары клубтарына кездесуге шақыра бастады. Аптасына 1-2 рет қонағымды халықпен кездесуге алып барамын. Шынына келгенде мен тек жол көрсетемін, ол кісі менің «жеке жүргізушім ретінде» мені алып барады. Ол кезде мен Жетісай қалалық Советтің медицина қызметкерлерінен сайланған депутаты болатынмын. Сол кішкентай мандаттың маған үлкен көмегі болды. Ұлттық болмыс ондаған жылдарға созылған ұйқыдан оянып, кері кеткен қадамын алға сүйреуге, жойылып кетуге шақ қалған ата салты мен әдет-ғұрпын түгендеуге көшкен кезең болатын. Он шақты депутаттан топ құрып алып, қаладағы көшелердің аттарын саралаудан өткізіп, 90%-ға жуығының аттарын өзгертіп, орталық баққа желтоқсан құрбаны болған жас батырымыз – Қайрат Рысқұлбековтің атын алып берген болатынбыз.  Шәкеңнің көңілін көтеретін не сыйлық жасасам деп жүргенде, аты қойылмаған Жетісай мәдени училищесі есіме түсті. Ол оқу орнының басшылары мен оқытушыларымен кездесу өткізіп, хаттама түздіріп, келісімдерін алып болып депутаттардың талқысына салдым. Шәкеңнің атын беруге ешқайсысы қарсы болмады. Шәкеңе сездірмей 1991 жылы 14 ақпандағы қалалық Советтің сессиясында, көпшілік дауыспен жеңіске жеттік. Сол күні Халық депутаттарының Жетісай қалалық Советінің атқару комитетінің №31 шешімімен Шәкеңе, «Жетісай қаласының құрметті азаматы» атағын, №32 шешімімен «Жетісай мәдени училищесінің» атын алып беріп, кешке Шәкеңнен сүйінші сұрап, біздің үйде жудық.

       1990 жылы менің 15 жасар қызым – Ләззат Жетісай ауданында өткен «Қыз сыны» конкурсында жеңімпаз болған еді. Шымкентте Республикалық конкурсқа таңдау болып, Алматыға баратын қыздардың қатарына  іліккеніне бізбен бірге Шәкең де қатты қуанды. Анасы Күләш пен Шәкең қыздың дайындығына ақыл-кеңестерін беріп, бар күштерін салды. Ақпан айының орта шенінде Ләззатты алып Күләш астанаға жүріп кетті. Ол кезде үлкен ұлымыз Талғат Алматыда студент, Талғат пен Ләззаттан кейінгі балалардың үлкені Сымбат 13 жаста. Шәкең мен балалардың жағдайын ойластырып, үйге қарауға Күләш өзінің «Күләш» есімді бөлесін шақыртты.

  ...Бір күні жұмыстан келсем, балдызым: «Бұл кісі қашан қайтады»,-деп сұрады.  Дембіл-дембіл шай қайнатып, сүт пісіріп бергенін ауырсынып жүргенін сездім де, Шәкең есітіп қоймау үшін үйден бөлек салынған моншаға кіргізіп, 10-15 минут «нотация» оқып, Шәкең туралы пікірін өзгерттім.

      Аудандық мәдениет бөлімі мен Жетісай музыкалық-драма театры Шәкеңнің ән кешін

                                                               

өткізуге қызу дайындық үстінде болатын.

    Бір күні таңертең жұмысқа жиналып жатқан кезімде ол кісінің жүрегі қысылып, дем жетпей табан астында ауырып қалды. Зәре-құтым қалмады, сасқанымнан қолымда істейтін Хаким деген қызметкерге телефон шалып: «Тез жедел жәрдемнен немесе ауруханадан дәрігер алып кел»,- деп, тапсырма бердім. Дәрігер келгенше қолымнан келгенін істеп бақтым, үйіне телефон шалайын десем, Шәкең  үзілді-кесілді қарсы болды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей әртүрлі ойға батып, бойымды қорқыныш билей бастады. Сол екі ортада дәрігерді алып Хаким де жетті. Дәрігер келіп дәрі еккеннен кейін, көп ұзамай Шәкеңнің тынысы ашылып, қалыпты жағдайға түсе бастады. Дәрігер: «ауруханаға жедел жатқызу керек»,- деген кеңес беріп кетті. Шәкең амалсыздан ауруханаға жатуға көнді, өзі де қорқып қалған болуы керек?.. Маған, «бала-шағаны әбіржітіп хабар бермей-ақ қой» деді де, машинасының жүк салатын қорабын ашып:

 –Анау-мынау болған жағдайда, мынаның астында жинаған ақшам бар еді, сенің көріп алғаның дұрыс шығар,- деп екі жинақ кітапшасының тұрған жерін көрсетті.

– Ой, Шәке-ай, Сіз де қай-қайдағыны айтады екенсіз, ертең-ақ аттай болып жазылып кетесіз, аудандағы ең білгір дәрігердің қолына тапсырамын, өзім  дембіл-дембіл хабар алып тұрамын,-деп көңілін аулауға көштім. Ауруханаға алып барып, бас дәрігер Айша Керуенбаеваға кіріп мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі дереу терапия бөлімінің меңгерушісі Бекет Алтаевты шақыртып алып: «Қалдаяқовқа өзің қарайтын палаталардан дұрысын дайында да – өзің емде»,- деп тапсырма берді. Бекет Алтаевқа «дәрі-дәрмекке байланысты қиыншылық туындаса тікелей маған хабарласыңыз» деген өтініш айтып, Шәкеңді сол кісінің қолына тапсырдым.

 Он шақты күн ем-дом қабылдап, бетіне қан жүгіріп Шәкең ауруханадан шығып, күпті болыңқырап жүрген көңіліміз сабасына түсті. Аудандық партия комитетінің атынан іргелес жатқан аудан басшыларына, аудандағы ірі-ірі мекемелер мен колхоз-совхоздардың басшыларына шақырту жіберіп, театрда ән кешін көңілдегідей етіп өткіздік. Шәкең қатты риза болып, қайта-қайта рахметін айтып толқып отырды. Кеш аяқталғаннан кейін Исақтың үйіне барып, кештің жақсы өткенін атап өттік. Шәкең киген шапандарынан екеумізге ырым етіп екі шапан кигізді. ...Кейінірек ол шапанды Ләззат Бауыржан Момышұлының баласы– Бақытжанның 50 жасқа толған мерейтойында сол кісіге апарып кигізді. Сөйтіп жүрген күндерде Алматыдан қуанышты хабар келді. Менің қызым іріктеулерден сүрінбей өтіп, Республикалық «Қыз сыны» байқауының финалына жолдама алыпты. Финалдық сайыс спорт сарайында 8-наурыз мерекесінің қарсаңында өтеді екен. Наурыз айы жақындағаннан Шәкең маған: «Алматыға бар, қасында асқар таудай әкесі жүрсе, қызға үлкен моральдық сүйеу болады», - деп мені қоярда-қоймай үгіттей бастады. «Қасында анасы бар ғой, Сізді қалай тастап кетемін, тағы да ауырып қалсаңыз не болады»,-деп сылтауратып көріп едім. Шәкең:  «Құдай сақтасын, бұл жерде де бір қауым ел бар, Хаким – үкәм хабар алып тұрар», - деп өз айтқанынан қайтпады. Амал жоқ, аудандық атқару комитетінің төрағасы Маурерге кіріп жағдайымды түсіндірдім. Ол кісі: «Давай бар, Бірінші хатшыға өзім айтам»,- деп артық сөзге келмей маған рұқсатын беріп жіберді. Шәкеңнің қуанышы қойнына сыймай:  «Менен бата алып кеткен қыз міндетті түрде жүлде алуға тиісті, өзі де өнерлі, тәрбиелі, аруға лайықты қыз»,- деп біраз желпініп алды. «Менің көңіліме қарай айтылған сөз болар»,- деп онша мән бермесем де, көңіл жықпастық әдетіммен мен де қоштай салдым. Іштей:  «жүлде алмаса да, финалға жеткенінің өзі жетістік қой»,- деп отырмын. Байқауға екі күн қалғанда  Алматыға ұшақпен ұшып келдім. Күләш «Жетісу» қонақ үйінен жай алып қойған екен, сонда жайғастық. Келген күні Республикалық дәріхана Басқармасының бастығы Ержан Қалекеевке кіріп сәлем беріп шықтым. Ол кісі Жетісай ауданының «Фармация» өндірістік кәсіпорнына бір «Нива» автокөлігін бөлген екен, оны алып мініп алдық. Ертесіне аудандағы Мемлекеттік Банктің бастығы Қожан Оханов, Рабиға жеңгемізбен, ауданның Бас архитекторы Қорғанбек, «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының төрағасы, ақын Әлібек Мейірбековтың жұбайы –Үрсұлу, Ләззаттың ұстазы – Рая және Жетісайдан менің

                                                              

жүргізушім келіп  қосылып, жанкүйерлер тобы көбейіп қалды. Күләш қызын азаннан кешке дейін дайындыққа тасып әуре, бір қонақ үйге жайғасып алған жерлестер бір-бірімізді күтумен әуре болып жүргенде, байқау да басталып кетті. Байқау үш күнге созылды, қызымыз сүрінбей келе жатқанына қарап, Шәкеңнің айтқан жүлдесінен дәмелене бастадық. Байқаудың соңғы күні сағыздай созылып, қазылар алқасы байқаудың қорытындысын шығарғанша түннің бір уағы болды. Жүлдегерлерді бүркеншік аттарымен атап, конверттің ішінен бүркеншік аттың егелерін тауып тапсыра бастады. Қызымыз «Көрермен көзайымы» атты жүлдені иемденді. Артынан үшінші, екінші, бірінші жүлдегерлердің жүлдесін үлестіріп жатқанда: «Біздің қыз орынға ілікпепті ғой» деген ойда отырдық. Ең соңынан бас жүлдені алған арудың бүркеншік аты «ақық»,- деп конвертті ашты. Жұрттың шыдамын тауыса түскендей кідіріс жасап барып:  «Ләззат Ахатова»,- деп жариялады. Сарайдағы алты мыңнан астам көрермен ду қол шапалақтағанда, құлақ тұнып қалғандай болды. Жұрттың бәрі бізді құттықтап жатыр, тілшілер тілдесуге шақырады, бірақ, менің тілім байланып қалғандай икемге келмейді. Айтайын десем аузыңнан татымды сөз шықпайды, құдды бір меңіреу адам сияқты болдым да қалдым. Шешесінің де жағдайы менен артық емес. Қуаныштың өзі адамды біраз уақыт есеңгіретіп қояды екен. Ертесіне есімізді жиып тілшілерге сұхбат беруге жарадық. Жанкүйер достарымызға дастархан жайып, жеңісті тойладық. Байқауды ұйымдастырушылар: «Ару қызымыз Батыр атасының отбасын көріп, тамақ ішкен ыдыстарынан дәм татсын, үйдегі мұражайын көрсін» деген ниетпен, Бақытжан Момышұлының пәтеріне алып барды. Тілшілер мен репортерлар бірге жүріп барлығын түсіріп алды. Батырдың келіні – Зейнеп жеңгеміздің дайындаған дастархан мәзірінен дәм таттық. Бақытжан ағамыз ертесіне бізді Дінмұхамед Қонаевтың үйіне ертіп барып, амандастырмақшы болған еді, біз асығыстық жасап елге қайтып кеткенімізге кейіннен өкініп қалдық.

    Ауылға мәшинамен қайттық, Түлкібаста Әлиакпар інімнің үйіне бір қонып ертесіне ауылға жеттік. Елдің қуанышында шек жоқ, әсіресе Шәкең өзінің «көріпкелдігіне» масаттанып қатты қуанды. Шәкеңнің қолпаштауымен, дос-жаранмен ақылдаса отырып тойға дайындалдық. Ол кезде қазіргідей самсаған тойханалар жоқ, тойды 22-наурызда аулада өткіздік.  Алматыдан Сабырхан ағамыз, Кентаудан Күләштің нағашысы, Социалитстік Еңбек ері Өтебай Исабеков тойдан екі-үш күн бұрын келіп жатқан. Шәмші ағамызға қосылған екеуінің шүйіркелесіп қатар жүргендері сырттан қарағанда А.Дюманың  кейіпкерлері «Үш ноянды» елестеткендей еді. Бір-бірімен сағынысып көріскен достар той  тарқағаннан кейін де бірін-бірі қимай 3-4 күн жатып қалды. Той басталар сәтте абыр-сабырмен жүріп «үш нояннан» көз жазып қалыппыз. Бір кезде Күләш мені ұстап алып, құлағыма: «Ағаларыңның отырысына қарашы»,- деп сыбырлады. Қарасам үшеуі, қатар тізіліп отырып алыпты. Өтекең шырттай киініп жұлдызын тағып алған, Шәмші мен Сабырхан  ағалар үйде киіп жүрген спорт киімдерімен  шығып, ешкіммен істері жоқ, «бір маңызды шаруаны  талқылап жатқандай» пікірталасқа кірісіп кетіпті. Шұғыл түрде екі ағаны  «ақылдасатын шаруа бар»,- деп үйге  кіргізіп, киіндіріп шығаруға тура келді. Той ойдағыдай өткен сияқты. Тойды тарқатып, түннің  біруағына дейін жинастырып, 2-3 сағат көздің шырымын алып, ертесіне «шүкірлік» өткізейік деп дайындалып жатсақ, Алматыдан Ләзатты түсіріп алуға теледидар қызметкерлері келіп тұр. «Кеше кешке келіп қонақ үйде түнеп шықтық» дейді.  Амал қанша, тойды түсіріп алмағанына олар да өкініп, біз де өкініп қалдық. Тележурналистер үш ағамыздың жұбын жазбай түсіріп алып, пікірлерін тыңдады. Шәмші мен Сабырхан ағалар Ләззатқа арнап ән жазатындарын мәлімдеді. Ләззаттың жүріп-тұрған, оқитын жерлерін түсіріп алып тележурналистер Алматыға қайтып кетті. Екі-үш күннен кейін Өтебай  мен Сабырхан ағалар да үйлеріне қайтты. Абыр-сабыр дүние қайтадан  бір қалыпқа түсе бастады. Шәмші ағаның саулығы  келген кездегіден әлдеқайда жақсы. Шәкеңнің арқасында үйіміз қонақсыз емес, күнде болмаса да, күн аралатып әншілер, ақындар және басқа өнер майталмандары амандық-саулық сұрасып, әңгіме-дүкен

құрып, өнерлерін ортаға салып, соңы пікірталасқа ұласып жататын.

                                                                    

Бір күні «Алматыда Нұрғиса, Жетісайда Бөрі Иса»,- деп танысатын, біздің Ләззат қызымыздың ұстазы, домбыраның құлағында ойнайтын күйші Бөрі мен керемет жағымды, сазды дауыстың иесі Жеңіс Қарғабаев келіп, Шәкеңе өнерлерін көрсетіп, көңілін көтеріп кетті. Бөрі ағамыз Шәкеңнің бір әнін нақышына келтіріп тартып отырғанда, Шәкең:

 «стоп» деп тоқтатып, сол әнді қайта тарттырды. Өкінішке орай әннің атын ұмытып қалыппын. «Мына жерін сәл бұзып тарттың»,- деп домбыраны өзі алып сол жерді тартып көрсетті. Бөрі ағамыз да жеңістік бермей біраз тайталасты. Ақыры екеуі бірін-бірі жеңе алмай, Шәкең маған әннің нотасын алдырып Бөрінің көзін жеткізді. Жеңіс ағамыздың қайталанбас дауысына риза болып: «Осындай өнерпаздар да елдің бір түкпірінде елеусіз жүре береді екен-ау»,- деп таңданып отырды. Олар кеткеннен кейін де Шәкең біразға дейін жүрек толқуын баса алмай: «Мырзашөл өлкесі киелі өнер қонған жер екен ғой»,-деп ризашылығын білдірді. Бір кезде: «Кендебай, жаңағы Жеңістің қандай атағы бар»?- деп менен сұрады. «Ол кісіге, осы аудандар Өзбекстанға қараған кезде, «Өзбекстанның Халық әртісі» деген атақ берілген, Қазақстан әлі ешқандай атақ бермеді» дедім. «Осы да әділдік пе?.. Қандай әділетсіздік, иттің итақайына беріліп жатқан бір жапырақ қағазын қимағаны ғой»,-деп көңілі әп-сәтте құлазып қалды. Бір орында отыра алмай, бөлменің ішінде әрлі-берлі ойға шомып жүрді де, біраздан кейін: «Кендебай, бермеуі де бек мүмкін, себебі, дарынды азаматтар дарынсыз пысақайларға қарағанда өмірге бейімсіздеу келеді, олардың ар-ожданы біреудің алдында қол қусыруға немесе пәре беруге жібермейді, олар халықтың ықыласына бөленгенін барлық атақтан артық көреді, туған халқына бойындағы бар өнерін сарқып беріп бақилыққа аттанады, пенделіктен жоғары тұра алудың өзі, бәлкім осы шығар»,- деп барып, орнына жайғасты.

     Бірде біздің үйге басқалардан көбірек ат ізін салатын жергілікті ақын Әлібек Мейірбекұлы Ләззатқа арналып жазылған «Жетісай мен Алматының арасын, жаулап алған сұлулық пен жарасым»,- деп басталатын өлеңіне ән жаздырмақшы болып, Шәкеңе қолқа сала келіпті. Неге екенін білмеймін, Шәкең ақынды салқын қабылдады, өлеңіне ән жазудан да бас тартты. «Шәке, жап-жақсы өлең ғой»,- деп қабаттасқаныма қарамай көнбеді. Әлекең ренжіңкіреп қайтты. Артынан себебін сұрағанымда. «Менің талғамыма сай емес, қазақ аруына арналған соң қазақ қыздарының гимніне айналатындай құдіретті «текст» керек қой, қарағым»,-деді.  Ол кісі күннің  жылығанын күтіп, қайтуды ойластыра бастады. Бір күні жұмыстан келсем Шәмші ағам:  «Кендебай, Жетісайға «Құрманғазы» оркестрі гастрольдік сапармен  келіпті, Шамғон ағамыз қызметтен шеттетіліп, орнына келген жас жігіт, менің абыройымды аздап пайдаланбақшы болып, өтініш жасады. Енді сен екеумізге 1-2 апта солардың шашбауын  көтеруге тура келеді»,-деп  қуанышы қойнына сыймай  отыр екен. «Тіпті жақсы болыпты ғой, ішіңіз пысыңқырап жүр еді»,- деп мен де қуанышына ортақтастым. Оркестрдің құрамында ескі көз әншілерден Зейнеп Қойшыбаева мен Әскербек Еңкебаев бар екен. Шәкең екеуміз солардың концерттеріне қатысып, бірге қонақасы жеп,   біраз күн серілік құрдық. Кей күндері қолқалап Күләшті де ертіп алып жүрдік. Оркестрдің гастрольдік сапары аяқталғаннан кейін, Шәкең қайтадан «қайтамынға» басты. «Күн әлі қатты ысый қойған жоқ қой»,- деп әрең тоқтатып жүргенде, Өзбекстанға  қарайтын көршілес Мырзашөл ауданынан Шәкеңе шақырту  келіп қалды. Ауданның орталығы Гагарин  қаласының аумағындағы жылысумен емдейтін шипажайда 15-20 күндей жатып, әртүрлі дәрежедегі кездесулерге қатынасып, Шәкең шат көңілмен үйге қайтып оралды. Үйде екі күн қонып, бізге ризашылығын білдіріп, төс қағыстырып, бауыр басып кеткен балаларымыздың беттерінен сүйіп ағамыз аттанып кетті. Қимай-қимай біз де артынан қол бұлғап қала бердік. Ол кезде Шәкеңмен соңғы кездесуіміз екенін кім біліпті. Бір жылға жетпей «Шәкеңнің демі үзіліпті» деген суық хабар қабырғамызды қайыстырып жібергендей болды.

     Дипломды дарынсыздар қақпайлап, тоғышар билік өкілдері  қағажу көрсетіп жүрегін дертке ұшыратқан,  дипломсыз – Ұлы сазгер қазақ даласын әнге бөлеп,  пенделіктің бәрін  тарихтың еншісіне тастап бақилыққа аттанды.  Оның қазасын бүкіл қазақ халқы аза тұтып,

                                                                  

көздеріне жас алмағаны жоқ шығар... Оның енді шабытты өмірі аяқталып, екінші, бақытты өмірі басталды. Қазақ халқы өлмей оның әндері де өлмейді, аты да өшпейді. Бірақ, сол бақыттың пұшпағын болса да көзінің тірісінде көре алмай кеткені өкінішті... Сөз құдіретін Абай қандай биікке көтерсе, Шәкең саз құдіретін сондай деңгейге көтергенін  кештеу ұғындық па, қайдам...

    Қазасына жетіп бара алмағандықтан дәмдес-тұздас, сырлас-мұңдас болған аға–досымның  қабіріне  топырақ сала алмадым. Кейінірек Сабырхан ағаны ертіп, Жәмила жеңгеміз бен балаларына арнайы барып көңіл айттым. Көңіл айта барғанда Жәмила жеңгеміздің  мені  «жаназасында болған»,- деп ойлаған болуы керек, кіріп отырғанымыз  сол еді, көңіл айтуымызға мұрсат бермей:  «Қазір» деді де, жатын бөлмесіне  кіріп кетті. Біраз уақыттан соң бір бума суреттерді  әкеліп, алдыма жайып тастап:  «Шәкең Жетісайда көп болды ғой, жүрген қызын көрсетесің бе»?- дегені. Мен аң-таң болып Сабырхан ағаға қарадым,  ол кісі  де тығылып отыр екен.  «Ей, Жамила,  бұл жігіт Шәкеңнің жаназасында болған жоқ, жүрген қыздарын «опознать» етуге емес, көңіл айтуға  келіп отыр»,- деді даусын көтеріңкіреп. Жеңгеміз де:  «Ә, солай ма еді»,- деп суреттерді жинастыруға кірісті. Ары қарай әңгімеміз жөн-жөнімен  жалғасты. Шай ішіп отырып, жеңгеміз:  «Шәкеңнің жинап жүрген ақшасы  болуы керек еді, біз таппадық, сен қай жерде екенін  білесің бе»,- деп сұрады. «Жеңеше, мәшинесі қайда»?- дедім. «Осы жерде, аулада тұр»,- деп жауап берді. Баяғы Шәкең көрсеткен  жүк салатын қораптың астынан 2 жинақ кітапшасын тауып беріп, қоштасып қайтып кеттік. Содан кейін Жәмила жеңгемізді де көрмедім. Былай шыққаннан кейін Сабырхан аға жеңгеміздің қылығына біраз күйіп-пісіп алды да, Шәмші екеуінің бірігіп жазған соңғы әні «Отырардағы той» жөніндегі әңгімеге ауысты. Сабырхан аға үйге барған соң да қияметтік досы туралы көптеген естеліктер айтып отырды. Жеңгеміздің бағанағы қылығынан кейін Жетісайда көрген бір оқиғаны есіме түсірдім.

  Бірде, жұмыс уақытында «Шәкеңнің тоңазытқышының жағдайын көрейін»,- деп қонақ үйге соқсам, Шәкең төсекте, төсектің қасындағы орындықыта бір жас келіншек  отырғанының үстінен түстім. Ыңғайсызданып тоңазытқышты ашып көрдім де:  «жолай кірген едім Шәке, жұмысқа баруым керек»,- деп шығып кеттім. Өзі таныстырмаған соң, «бұл кісі кім»,- деп сұрауға ыңғайсызданған болатынмын.   Жеңгейдің суреттерді ала жүгіргеніне қарағанда мен білмейтін бір сыр бар ма?.. Әлде, Шәкеңнің талантына табынушы қыздардың бірі ме,- деген ойдан көпке дейін арыла алмадым. «Қап, бекер сұрамаған екенмін, Шәкеңнің жаралы жанына көптен бері жалау болып келе жатқан қырғыз қызы – Сағыныш сол болуы мүмкін еді ғой» деген өкінішті сезім  санамды жегідей жеді. Ауылға келген соң Шәкеңнің рухына арнап «Ұлылықты қазақша мойындау» деген өлең жаздым. Кейін қойын дәптерімнен  тауып алып, «Көгершін көңіл» атты жинағыма енгіздім.

     Кейінірек Сабырхан ағадан да айрылып қалдық, тағдырдың ісіне амал бар ма? Олардың, тігісін жатқызып айтатын өткір әзілдерін, тұшымды әңгімелерін, күлкілерін сағынасың, есіңе аласың, бірақ, амал қанша... Сабырхан аға жетпіске толғанда, мерейтойлық датасы ескерусіздеу болғанына ренжіп өлең жаздым. Ол өлең мезгілінен кештеу болса да Алматыда өткен еске алу кешінде оқылды. Баяғыда «Отырардағы той» әніне байланысты айтқан әңгімесі есіме түсіп: «Шәмшінің соңғы өтініші» деген әнге арналған баллада жаздым. Қияметтік дос болып өмірден озған ағаларыма әзірше мандытып басқа ештеңе істей алмадым. Топырақтары торқа, әруақтары риза болсын. Сабырхан аға өлең жазғанымды қоштай қоймаған соң, Шәкеңе аздап өлең жазатынымды да айтпағанмын. «Дарияның қасынан құдық қазба» демекші, бәлкім, оным дұрыс та болған шығар?..      

                                 

 

 

 

                                                                            

 

                                                                                                      

                             Жарқылдаған, аңқылдаған қайран  ағаларым-ай...

 

     Биылғы жылдың 24-қыркүйегінде Алматы қаласында өткен  Қазақстан Жазушыларының кезекті  ХІҮ құрылтайына бардық. Екі құрылтай аралағындағы 5 жылда Одақ мүшелерінің 118-і дүниеден озыпты. Бұл 777 жазушылар одағының  мүшесінен тұратын ұйымға өте көп сияқты көрінді.

     Қаламын хан тағына да айырбастауға арланатын кірпияз қаламгерлердің басын қосқан қоғам нарықтың қазанында қайнауға мәжбүр болғандықтан, одан басқа да шешімін күткен мәселелері жеткілікті екен.

Ертесіне ақын Әбілда Аймақ екеуміз дүниеден ертелеу озған қазақтың ақиық ақыны Сабырхан Асановтың отбасына ат басын бұрдық. Шолпан жеңгеміздің асып қойған етіп жеп, қаймақ қатқан қою шайын ішіп отырып, ағамыз жайында талай естеліктер айтылды. Шай құйып отырған жеңгеміздің күлкісі сыңғырлап, жүзі алаулап, қуанышын жасыра алмай, ара-арасында әңгімеге араласып отырды. Әңгіме арнасы ағаның 75 жылдық мерейтойына бұрылған кезде, жесірінің қабағын қайтадан мұң торлағандай болды. Еске алу шараларының ұйымдастырылмай жатқаны жанына бататынын да айтып қалды.  

«Жетпіс жылдық мерейтойының» Алматыда аталып өтуіне мұрындық болған Тұманбай көкесі дүниеден озды. Туылған жері – төрт қақпалы Түркістанда өткізуге ат салысқан Шәмші қорының президенті Құрманәлі Қалдыбекке қайта-қайта жүк арта берудің реті жоқ. Өскен жері – Мырзашөл  хабарсыз, ағайын-туыстан қайран жоқ. Еш болмаса жинағын бастыратын, терулі  шығарма дайын емес. «Арқалы ақынның іздеушісі қалмағаны ма»? - деген ой санамызды сарсаңға салып, қабырғамызды қайыстырды.

Шай ішіп болған соң Әбілда жолға шығатын болғандықтан Жазушылар Одағының ғимаратына дейін шығарып салып, өзім сол үйде қонатын болып қайтып келдім. Жеңгеме «Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейтінін» ескертіп,  Сәкеңнің шығармаларын,  шығармасы жөнінде айтылған пікірлерді, естеліктерді, зерттеу еңбектерді компьютерге тергізіп қоюды өтіндім. Ертесіне Президент мұрағатында өткен А.Асқаров ағамыздың 90 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстелге қатысып, ауылға қайттым.

    Жол-жөнекей ойым онға, санам санға бөлініп, өле-өлгенше кіндік қаны тамған Оңтүстік өңірін жырына арқау еткен ақынның қиындау тағдыры есіме орала берді.

    Алыстағы Атыраудың тұрғыны Ақманар Жиенқұлова қарындасымызға «Сабырханның сырлы әлемі» деген 10 баспа табақтық ғылыми еңбек жазғаны үшін телефон шалып, ризашылығымды білдірдім. «Біздің облыста шығып жатқан көптомдықтан ол кісінің шығармаларына да орын берілер»,- деп өзімді-өзім жұбатқан болдым. Жетпіс жылдық мерейтойы мерзімінен кешігіп жатқаны көңіліме қаяу салып, Сабырхан аға мен оның достарының кейбір, өзім куә болған аңғал қылықтары, әзілдері, аңқылдаған пейілдері есіме түсіп отыр.

    Сәкеңе жабысқан «аллергия» дерті жазда Алматыда тұрғызбай, Оңтүстік өңіріне қуатын. Мырзашөлге келсе көбінесе біздің үйге түсетін. Оның бір себебі, менің дәрігерлік қызметім болса, екінші себебі өзінің жиеншары, менің жұбайым – Күләштің қабақ шытпай жағдайын жасайтыны болуы керек. Кейде жалғыз, кейде жолдастарын ерте келетін.  Бірде Әсет Бейсеуов екеуі келіп, біздің үйге қонды.  Ертесіне, таңертең, Шардара ауданынан келген жеңіл көлік иесі екеуін алып кетті. Күні бойы қонақта болып, теңізге шомылып, күнге күйіп жатар орынға қайтып оралды. Оралғанда да аһылап-үкілеп, ауырып оралды. Біраз ащы

                                                                  

судан сілтеген, аздап күн де өткен болуы керек... Екеуінің денсаулығын қалпына келтіру үшін Күләш екеумізге біраз әбігерге түсуге тура келді. Айтқанын істемесе, Күләш екеуіне: «Неге осыншама ішесіңдер»?- деп балаша ұрсады. «Ішпеуге қоймады ғой»,- деп екі ағам жамырап ақталады.  Мен олардың  аңғал қылықтарына  күлемін.  Ертесіне еш жаққа шықпай, Күләштің ем-домын қарсылықсыз алуларына тура келді. Сол жолы үйде бірнеше күн  қонып, күндіз аралайтын  жерлеріне ауырмай-сырқамай барып-келіп жүрді.

 ... Қай жылы екені есімде жоқ, Сабырхан аға жеңгеміз екеуі шипажайға баратын болып, студент қызы Алма мен ұлы Әділханды біздің үйге қалдырып кетті. Әділхан өзінен екі-үш жас кіші, біздің үлкен ұлымыз –Талғатпен көшеде ойнап жүрген. Екеуі ұрсып қалып, кішісі таяқ жеген болуы керек... Таяқ жегені өш алуды пәйттеп жүргенде, Әділхан әжетханаға кіреді. Әжетхананың төбесінде сиырдың жапасындай араның ұясы болатын. Ешкім мазаламаса,  олар да тиіспейтін. Сол сәтті  пайдаланған бала әжетхананың жартылай ашық  төбесіне кесек жаудырады. Жаудың қайдан келгенін түсінбеген аралар ішіндегі балаға жабылып кеп кетеді.  Әділхан бұтындағы лыпасын киюге шамасы келмей жылай қашып шығып, әпкесіне келіп мұңын шағады. Алма ішек-сілесі қатып күліп, бала солқылдап жылап жатқанда үйде жүрген Бибажар апам шығып: «Ай, қарақтарым-ау, не боп қалды?.. Неге жылап тұр мына бала»?- деп аң-таң болады. Бала қазақша білмей, апам орысша түсінбей, «күлекеш» қыздың түсіндіруге шамасы келмей әбден қызық болыпты.

 ... 1991 жылы біздің қызымыз Ләззат «Қыз сыны» байқауында бас жүлде алып, «Жігіт сұлтаны» байқауын жүргізгеннен кейін Алматыдан кинобайқауға, дикторлыққа т.б. іс-шараларға  шақыртулар көбейді. Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерейтойында кездескен Зейнеп жеңгеміз Күләшқа, қызды ондай шақыртуларға жіберудің қажеті жоқтығын ескертіпті. Соған қарамай қайта-қайта телефон шалына бергендіктен, сол жылдың күзінде қызымыз екеуміз Алматыға сапар шектік. Келген шаруамызды білгеннен кейін Сабырхан аға, мені қыздан бөлек шығарып алып біраз сілкілеп алды. Амал жоқ, сол кісілердің ақыл-кеңесімен қызды шақырған жерлердің бәрінен бас тартуға тура келді. Сол күні Әсет ағаның үйіне Тұманбай, Сабырхан ағалармен бірге қонаққа бардым. Аңқылдаған Әсет көкем мен Зәмзура жеңгеміз бізді бар ықыласымен күтті.

    Марат Ілясов ініміз келіншегі екеуі кезек-кезек ән шырқап, отырыстың көңілді болуына ықпалдарын тигізді. Әсет ағаны соңғы рет көріп отырғанымды ол кезде мен қайдан білейін...

     Кейінірек теледидар хабарынан бақилық болғанын есітіп, жұбайына көңіл айтпақшы оймен Шолпан жеңгеме хабарласып, әйелінің өзінен бұрын қайтыс болғанын есіттім.

     Сабырхан аға дүниеден озғанда, қазасына келе алмаған Әсет аға, телефонмен Шолпанға:  «Сабырханға бір уыс топырақ та сала алмайтын шығармын?.. Мені жедел жәрдеммен ауруханаға әкетейін деп жатыр. Көп кешікпей досымның артынан барып қаламын-ау»,-деп мұңын шағыпты.

  ... Мырзашөл өңіріне өте сыйлы – Мұсабаев Ілебай деген азамат Сабырхан ағаға рулас ағайын болып келетін.  Сол кісі 1992 жылы күзде 70 жасқа толып, мерейтойын өткізді. Ағамыз тойдан 2-3 күн бұрын Тұманбай ағаны ертіп келді. Ташкент әуежайынан күтіп

алып, үйге түсірдім. Той өткенше екі ағамның шашбауын көтеріп, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстыруға тырыстым. Іштері пысайын десе Тұманбай ағаның ермек қылатын «кингосын» ойнаймыз.

     Сабырхан аға әзілді әдемі айтатын. Бірде, карта ойнап отырғанда:  «Тұмаға, осы Қадыр 20 жыл ақша шықпай кетсе де, ақшам жетеді деп жүр ғой» деді маған көзін қысып. Ары

қарай мынандай диалогтың куәсі болдым:

–  Қой, ә, мүмкін емес, ол менен жинақты көп шығарған жоқ, - деп  қолындағы карталарын жерге тастай салды.

–  Оны кім айтып жүр?

–  Жұрт айтып жүр.

–  Жұрт не демейді. Өз аузынан естісмесең – өтірік.

–  Аға, мен де басында сенбегенмін. Бірақ, оның 44-размерлі киім киетініне шүбәңіз бар ма?

–  Онда тұрған не бар?

–  Ой, көке-ай, аңқау екенсіз ғой...

–  Сіз үстіңіздегі костюмді қанша сомға алдыңыз?

–  Жүз жиырма сомға.

–  Қадыр құрдасыңыз 12 сомға алады.

–  Қайдан?

–  Дәл Одаққа тиіп тұрған балалар әлемінен.

–  Ол жерде 44-ші размерлі киім сатыла ма?

–  Сатылғанда қандай, маған сенбесеңіз кіріп көріңіз. Көрдіңіз бе...

Бір костюмнің  өзінен 108 сом пайда көреді.

–  Ой залым-ай ә!?.

– Оған көйлек-көншек пен іш киімдерден түсіретін пайдасын қосыңыз. Ол байымағанда кім байиды?..

–  Бәсе, мен де бір-екі рет сол дүкенге кіріп бара жатқанын көрген едім...

– Енді бір кіргенін көрсеңіз, артынан байқатпай Сіз де еріңіз. Сонда көзіңіз анық жетеді.

–  Осы кезде екеуінің әңгімесіне күліп отырғанымды байқап қойған  Тұманбай аға бірдеңеден сезіктенгендей:

 – Сабырхан, қай-қайдағыны айтып картаны бұздың ғой, ары қарай жалғастырайық,- деп картасын қолына алды. Алдында сеніп қалғанымен, артынан әзіл екенін сезіп қойды.

      Осыдан кейін жарты жыл өтер-өтпесте  Мақтарал совхозының мерейтойы өтетін болды. Алматыдан келетін бір топ қонақтарды күтіп алып, шығарып салу облыстық соттың ұжымына тапсырылған болуы керек... Соттың төрағасы, менің құдам – Бекет Тұрғараев телефон шалып: «Астанадан Сіздің ауылдағы тойға бір топ  өнер қайраткерлері келе жатыр. Олар Сіздің үйге түседі»,-деп ескертті. Құдам бастап келген қонақтар, Қадыр Мырзалиев, Райымбек Сейтметов, Әшірбек Сығай бастаған, жас журналистер қоштаған топ – шақырып келтіре алмайтын қазақтың біртуар азаматтары болып шықты.  Қадыр ағаны көргенде  баяғы Сабырхан ағаның әзілі есіме түсіп: «Атағы таудай ағамыздың қалжасы шынымен-ақ 44-размердің ар жақ-бер жағында екен ғой»,- дедім ішімнен.

     Отырыс тізгінін бірден Райымбек ағамыз қолына алып, керемет қызықты өткізді. «Менің Қадір ағам былай деген»,- деп өлең оқығанда, өлеңнің құдіретін еселеп жіберетін қасиеті бар екен. Неше түрлі әңгімелер, анекдоттар айтылып, арасында  Қадыр ағаның тақырыпқа сай жырлары оқылған керемет кеш болып, бір жасап қалдық. Ертесіне төрт көзіміз түгел Мақтаралдың тойына бардық. Әттең, бұл тойға денсаулығына байланысты Сабырхан ағам келе алмады.

     2005 жылы Тұманбай ағаның 70 жасқа толған мерейтойына құтты болсын айта барғанымда, Тұмағаңның үйіндегі түскі астың үстінде Шәмші, Сабырхан ағаларды еске алып біраз сырласудың сәті түсті.

Саулығы сыр беріп жүрген Шәкеңді Мырзашөлге алып барып 4-5 ай жағдайын жасағаныма ризашылығын білдіріп тұрып:  «Енді қазақта Шәмші қайта туылмайды»,- деп еді...

     Жарқылдаған, аңқылдаған қайран ағаларым-ай...

Бірінің соңынан бірі жалған дүниені тәрк етіп, бақилық сапарға аттанып кетті. Қайтып келмейтінін білсең де, солардың ойнақы әзілдерін, бала мінезді аңғалдығын, бір-біріне деген кіршіксіз достық пейілін, сыйластығын көріп өскендіктен сағынады екенсің.  Бірақ амал қанша?.. Өз халқына рухани ұстаз болған ағаларымның тәні  өлсе де рухтары тірілермен бірге жасайтыны кәміл.

Еліміз етек-жеңін жинап алғаннан кейін рухани қазынаға деген сұраныс та туындайтын шығар...

   Олардың отты және нәзік лирикалық жырлары, жанды жадыратар, арманға жетелейтін әндері қазақ халқымен бірге жасай берері сөзсіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                     

 

                

 

 

                 Сұм судьяның сұрқия тағдыры

 

                                               I

                                                                    

– Апа, қасыңызда кісілер болса оң-а-ша шы-ғың-ыз-шы...

– Даусың неге біртүрлі шығып тұр қызым, жылап тұрсың ба?-деді Бибігүл тысқа шығып бара жатып.

–Мына, ібі-ліс жай-ла-ған үй-ден кет-пе-сем бол-май-ды. Қар-ғыс ат-қыр а-там мен

ен-ем тү-бі-ме жет-пей қо-я-тын тү-рі жоқ...

–Жыламай, сабыр сақтап түсіндірші. Не болды?..

–Кеше, жұмыстан кейін Сіздерге барған кезде енем үйге келіп: «неге жібересің» деп Мұраттың біраз шаңын қағып кетіпті. – Кеше келіп-кетіпті ғой, бүгін келе қоймас,- деген оймен таңертең шаштаразға кетсем тағы келіп, менің оралуымды күтіп отыр екен. Есіктен кіргенімнен:  «Аптаның бес күнінде жұмыста боласың, еш болмаса сенбі-жексенбіде неге үйде отырмайсың? Мен де сен сияқты осы босағаны он жеті жасымда аттап, қырық үш жылдан бері жұмыс істемей-ақ үйде отырған жоқпын ба. Сенің менен қай жерің артық? Малтабар шалымның арқасында бармаған жерім, көрмеген елім жоқ. Не ішемін деген уайым, не киемін деген жайым жоқ. Сеніке сияқты құлаш-құлаш дипломым, көздің майын тауысып қорғаған ғылыми атағым болмаса да мен өзімді жұрттан артық санамасам, ешуақытта кем санаған емеспін. Саған не жетпейді осы? Атаңның жиған дүниесі үрім бұтағымыз түгілі түп-тұқиянымызға жетеді. Жоқ, негізінде жарымаған төркініңнің күйін күйттеп жүрсің бе?» деп жер-жебіріме жетті. Қарсы уәж айтсам бәлеге қалатынымды сезіп, қысылған кезде тырнағымды шұқылайтын әдетіме басып, үн-түнсіз отыра бердім. Шешесінің ащы даусын есітіп келіп, маған араша түскен Мұратты қарғап-сілеп жатқанына шыдамай: – Мама, ұрыссаңыз да, ұрсаңыз да көтереміз ғой, бірақ қарғамаңызшы,- деп

 едім, ол одан сайын екіленіп:  «Сенің тілің шығайын деген екен, ертеңнен бастап жұмысты қойып үйде отырасың, әйтпесе, «психбольницаға» тыққызып тастаймын» деп үйден жұлынып шығып кетті. Ашу қысқанда айта беретін сөзінің бірі ғой,-деп аса мән бермеген едім, кешке тағы келді. Бұл жолы жалғыз емес, атамды ертіп келіпті. Өңі қарауытып, көзі шатынап, бетінің түгі тікірейіп кеткенін көріп тағы бір сойқанның болатынын сездім. Атам сәлемімді де қабылдамай тіке екінші қабаттағы Мұраттың кабинетіне өтіп кетті. Енем жуынатын бөлмеге кіріп, есікті тарс жауып алды. Мен кешкі тамақ дайындап жүріп – жүрегім суылдап, қолдарым қалтырап, абайсызда  шәйнекті жерге түсіріп алдым. Ыстық шай шашыраған балтырымның тызылдап ашығанына қарамай асып- сасып жинап жатқанымда енем жетіп келіп:  «Көзіңе қарамайсың ба, соқыр емессің ғой. Не үйді, не үйдің мүлкін дұрыс ұстай алмайтын келінді де қатын қылып жүрген менің баламның да есі дұрыс емес шығар?.. Үй күтушісі болмаса мына үй қараң қалады екен ғой» деп еденді тепкіледі. – Байқамай қалдым,- деп едім, одан бетер өршеленіп:  «Байқамайтын немене, жүйке ауруына шалдықтың  ба, жоқ, көзіңді шел басайын деді ме?» деп айқайға басты. – Бұл үйге келгенше – сау болатынмын,-деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін байқамай қалдым. Сол сол екен шашын жайып жіберіп, құдды бір жоқтау айтқандай үйді басына көтеріп сұңқылдап жылауға көшті:  «Ой-бай, Бе-рік! Мы-на ке-лін не дей-ді?.. Ау-ру-ын біз-ден кө-ріп тұр ғой.  Есі ауыс-қан-нан сау е-мес. Тез-де-тіп

ем-дет-пе-сек бол-май-ды» деп сұңқылдап жатқанда, табан астында  не болғанына түсінбей, асығып-үсігіп Мұрат пен атам жоғарыдан түсті. Шашы қолбырап, ебіл-дебіл жылап тұрған шешесін көріп, көзі қанталап кеткен Мұрат ай-шайға қарамай қайнап жатқан қазанның қақпағын алып, басыма қойып жіберді. Көзім қарауытып, басым айналып құлап бара жатқаным есімде, бірақ қанша уақыт жатқанымды білмеймін. Көзімді ашсам холдағы диванда жатыр екенмін. Қасымда көздері білеудей боп іскен Балнұр мен Арман ентіктерін баса алмай жылап отыр. Басымның ауырған жерін сипап көрсем, домбығып іскен екен. Менің қолыма жұққан қанды көріп:  «Тұрмай-ақ қой-ың-ыз-шы, па-пам дә-рі-гер а-лып ке-ле-ді» деп Арман шырылдайды. «Тоғыз жастағы бұл – не біледі, шамаңыз келсе тұр-ың-ыз-шы, ке-тей-ік бұл үй-ден» деп Балнұр кемсеңдеп жалынады. Қайсысын қостарымды білмей: – Жаңағылар қайда?-деп едім Балнұр:  «Папам таныс дәрігерін алып келуге, атам мен апам Сізді «психбольницаға» жатқызудың амалын қарастыруға кетті» деді.  Тура біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей орнымнан атып тұрдым да: – Сен оны қайдан білесің?-деп қызымның жағасына жармасқан едім: «Апамның атама:  «қанша болса да ақшасын беріп «психбольницаға» тыққызайық» дегенін өз құлағыммен естідім. Маған сенбейсіз бе?» деп еңіреп жылап жіберді. Таңертең долы ашумен айтылған сөз шығар,- деп мән бермеген едім, енді кіші келіні – Айманға істей алмаған амалын маған істегісі келетініне көзім анық жетіп: – Олар келмей тездетіп кетпесек болмайды, тез жиналыңдар,- дедім қызым мен балама.

–Түнделетіп қайда барасың, төрт немересінің анасына ондай қиянат жасай қоймас?.. Біз үйге оралғанша шыдай тұрсашы, таң атысымен жолға шығамыз.

– Жоқ, онда кеш болуы мүмкін?.. Дәрігерлерді пәрелеп, басыма қапшық кигізіп алып кетсе қайтемін. Қазір кеткеніміз дұрыс. Жиырма үш жылдан бері ата-енемді зерттеп  келемін ғой, оларға адамнан гөрі ақша мен дүние құнды екеніне көзім әбден жетті. Әкеме бүгін айтпай-ақ қойыңызшы, түнде ұйықтай алмай жүрер. Бүгін Талшынның пәтеріне барып қонамыз, қалғанын Сіздер келгеннен кейін ақылдаса жатармыз.

– Есіңнен танған болсаң миың шайқалған шығар, құсқың келмей ме?

– Ия, жүрегім қайта-қайта айнып, бір-екі рет құстым.

– Онда жақсы емес қызым, жедел жәрдемге қоңырау шалсашы.

– Ол жерге барған соң тергеп бәле болады. Күйеуім ұрды,- десем, полицияға қабарлап жағдай ушығып, оның да, менің де абройыма нұқсан келеді.

– Денсаулығыңа нұқсан келмей ме? «Әкеме қазір айтпа» деп отырсың ғой, әйтпесе, институтта қатар оқыған, бұрынғы қалалық аурухананың бас дәрігері, зейнеткерлікке шыққанымен әлі невропотолг болып қызмет атқаратын досына телефон шалдырар едім. Бәлкім, оған жағдайды түсіндіріп, қазір жолға шыққанымыз дұрыс болар?..

– Апа, не қыласыз жұртты абыр-сабыр қылып, тойды өткізіп, ұйқыларыңызды қандырып, ертең қайтқандарыңыз жөн.

– Сенің денсаулығыңа алаңдап отырмын ғой, әйтпесе, бір-екі күн жатып төркіндерімді түгелдеп-ақ қайтпақшы болғанмын. Мүмкіндігінше  ұйықтауға тырыс, көп ойлана берме.  Алла жар болсын, құлыным. Ертең жұмысқа бармай-ақ қой, барғаннан кейін

дәрігерге көрсетеміз.

– Ата-енем мені іздеп телефон шалса, жауап бермей-ақ қойыңыздаршы.

– Телефон шалса әкеңе шалады ғой, оның қалта телефоны үйде қалып кетіпті.

– Балалар жиналып болыпты, енді шығамыз. Алла Тағала аман-сау жүздесуге жазсын.

– Әумин! Алдыңнан жарылқасын қалқам! Әрнәрсені ойлап өзіңді-өзің мүжи берме. Сен жетім қыз емессің ғой, қадіріңді  білмеген қасиетсіз «иттерге» талатып қоймаспыз. Келінің Айман да жаны қысылғанда титтей-титтей екі қызын екі қолтығына қысып алып құтылып шыққан жоқ па, қарағұрттың торынан. Алла сәтін салса – сен де құтыларсың?.. Өзің ой таразысына салып түпкілікті шешім қабылдаған болсаң, онда жолға шыға беріңдер. Көлікті сабыр сақтап асықпай айда.

– Жақсы апа, уақыт тығыз, кейін хабарласармыз...

     Қазақи жайбарақаттық қанына сіңген жұрт тойға сағат жетіге шақырылса да, сағаттың тілі онға жақындағанда әрең жиналып болды-ау, әйтеуір. Бибігүл сыртқа сыр шашпай, Қамбарға да ештеңе сездірмеуге тырысып бақты. Бірақ сырты бүтін болғанымен іштегі түтін тұла бойын кернеп жайбарақат күліп-ойнауға мүмкіндік бермей, құдды бір ине шаншып қойған орындықта отырғандай ішінен: – Ертерек беретін сөзін берсе екен,- деп тілеп, жан дүниесі алай-дүлей болып отыр. Осы әулеттің ең үлкен қызы болғандықтан сөз сөйлемей кетіп қалудың да есебін таппай қиналады. Оның үстіне інілері мен сіңлілері кезек-кезек келіп: «Жезде, мына «зәм-зәм» сусынын алып тастайық, аудандағы МАИ-дың бастығы өзіңіздің қайныңыз, мәшине түгілі танкі айдасаңыз да ешкім тиіспейді» деп қолқалап қоймайды. Әсіресе балдыздарының ойнақы қылығына әрең шыдап отырған Қамбарды құтқармаса болмайтынын сезген Бибігүл ақырында шыдамай: – Жезделерің бұны маған өткізіп өзі айран-сүтке өткен, енді Сәждеге жығылуға дайындалып жүр. Оның орнына мен бір рет алып қояйын, сонан соң қинамаңдар,-деді. 

– Жоқ, әпке, жалғыздық Жаратқан Иемізге ғана жарасқан,  жұп қыласыз,-деп қадалған

жерінен қан алмай қоймайтын, Қамбар «көкжал» деп ат қойған сіңлісі – Кәмшат

қасарысып тұрып алды. Бибігүл: – Жарайды, бұған да көнбеске амалым жоқ,-деп коньяк құйылған оймақтай ыдысты қолына қайта алып, жиреніңкіреп ішті.

– Әпке, соншама сыздықтатып ішіп жұрттың жүрегін айнытып жібердіңіз ғой,-деп тыжырынып тұрған Бибігүлге қағазы жартылай аршылған шокалад ұстатып, Кәмшат қолындағысын қағып салды.

    Бибігүлдің төзімін тауысуға жақындатып, тойдың орта шенінде сөз кезегі де жетті. Орнынан тұрып жатып Қамбардың құлағына: – Менің басым айналып тұр,  сөйлемей-ақ қояйын, сен сөйлеші,-деді сыбырлап. – Оған менің балдыздарым мен қайныларым көне қойса мейлі,-деді, қызып қалған екен деп түсінген Қамбар әзілдеп.

Әулеттің қыздары мен күйеулері түгел қолқалап қоймаған соң Қамбармен бірге Бибігүлдің де сөз сөйлеп, тілек айтуына тура келді. Жұртпен бірге билеп келіп, орындарына отыра бергендерінде той иелері – шөбере інісі мен келіні келіп, қоярда қоймай  Бибігүлге тағы бір ішкізіп кетті. Жүрегі айнып мазасын ала бергеннен соң әжетханаға шығып келіп: – Қамбар, жоспарлаған істерді кейінге қалдырып, үйге ертерек қайтайықшы,-деді Бибігүл қасында отырғандар жаппай биге шыққан кезде.

– Неге жоспарды өзгерттің, мазаң болмай отыр ма?

– Жоқ, басқа себебі бар. Түнделетіп жүруге жарасаң қазір қайтып кетсек болар еді...

– Тыныштық па, не болды сонша жанығатындай?

– Аса тыныштық болмай тұр. Ана, құда-құдағиымыз тағы да бүлік шығарып жатқанға ұқсайды. Қазір той иелеріне бір сылтау айтып шығып кетейік, жай-жапсарын жол-жөнекей түсіндіре жатармын.

– Жарайды, онда ініңе сылтауыңды сенімді етіп өзің айт, мен тысқа шығып көлікті ыңғайлай берейін.

    Жолға шыққан соң Бибігүл болған оқиғаның жай-жапсарын Қамбарға жайып салды. Бірақ ерінің әділетсіздікке шыдай алмай қызбаланып кететін мінезін ескеріп, қызының таяққа жығылғанын ішіне бүгіп қалды. Үн-түнсіз Бибігүлді тыңдап, ойға шомып келе жатқан Қамбар Төртқұбырға таяқ тастам жер қалғанда жолдың жиегіне шығып, көлікті тоқтатты. Тысқа шығып, темекісін үсті-үстіне сораптап шегіп келді де:

– Бибігүл, Мөлдірді  қоярда-қоймай, «менің жолымды жалғастырасын» деп, осы салаға ауысуына ықпал жасаған құданың өзі емес пе еді, енді жұмыстан шық дегені қалай? Бұрынғы жұмысында істей бергенде осы күнге дейін докторлық диссертациясын да қорғап қоятын еді ғой. Қыз осы салаға ауысуға келісімді бекер берді-ау,-деп күрсінді.

– Мен де солай ойлаймын, бірақ, болар іс болып бояуы сіңді, өкінгенмен өткен шақты қайтару қолымыздан келмейді. Атасы келінінің қолымен от көсегісі келіп, қызметіне араласа береді екен. Қисынсыз өтініштерін орындай алмағаны үшін жұмыстан шығуды талап етіп жатыр екен.

– Бұны кім айтты саған?

– Ана күні үйге келгенде Мөлдір: «Атамның бір-екі заңға томпақ келетін өтінішін орындай алмаған едім, содан бері мені атарға оғы болмай жүр» деген болатын. Мына сойқанның басты себебі соның салдары екені айдан анық.

– Сонда қалай?.. Қисынсыз тірлікке өз келінін араластырып, басын бәлеге шатпақшы ма? Бұл, барып тұрған қиянат емес пе? Мен мұны жай қалдырмаймын, басындырмаймын қызымды, ертең барып бетіне айтамын!..

– Қамбар, сабаңа түс. Жолда келе жатырмыз, қызбалана бермей есіңді жыйсашы.Түн жарымында, айдалада тұрып арыстанша ақырғаннан ештеңе өнбейді. Сен айтқан күнде де, мойындамайды. Таң атсын, қызға жолығайық, сонан соң ақылдаса жатармыз. Қарашы, өткен-кеткен көліктегілер бізге бір түрлі қарап бара жатыр.

– Қараса қарай берсін, жұрттан қымсынатындай біз қылмыс жасап жатқан жоқпыз.

– Енді бір сағат жүрсек үйге жетіп те қаламыз, көлікті от алдыр, жүрейік.

– Жарайды, жүрсек жүрейік,-деп Қамбар қарсылық білдірмеді.

   Содан кейін Шымқорғанға жеткенше екеуі де лям-мим деместен, өз ойларымен өздері арпалысып келді. Үйге келгеннен кейін де Қамбар төсегіне жатпай, аулада біраз уақыт темекісін тартып жүріп алды. Қанша жатқанымен кірпіктерін айқастыра алмаған Бибігүл орнынан тұрып, күнқағардың астында отырған еріне аяғын еппен басып жақындап келіп: – Қамбар, бірер сағат көзіңді іліп алсашы, көп ұзамай таң да атып қалады. Таң атса – шаруамыз шаш етектен болатынын білесің ғой,-деді.

– Сен менен бірдеңені бүгіп отырсың-ау, шамасы?.. Қыздан хабар алдың ба? Менен ештеңе жасырмай, білетініңді түгел айта бер, ұйқым келмей отыр.

– Қызыңмен бағанағы тоқтаған жерде, сен түзде жүргеніңде сөйлескенмін. Талшынның үйінде екен, аздап басы ауырып, жүрегі айнығаны болмаса жағдайы жаман емес сияқты.

– Сияқтың не сенің?.. Басы неге ауырып, жүрегі неге айныйды екен, себебін сұраған жоқсын ба, сонда?

– Бағана, «әкеме бүгін айтпай-ақ қойыңыз» деп Мөлдір өтініш жасаған соң айтпаған едім. Тағы да анау, есірік күйеу бала қазанның қақпағымен ұрып, қызды есінен тандыра таяққа жығыпты.

– Ох, оңбаған найсап. «Енді қолымның ұшын да тигізбеймін» деген баяғы уәдесі қайда? Есінен шығып тағы да есірейін деген екен ғой.

– Өресі шектеулі балада не бар дейсің,  бар бәле – обал-сауапты ұмытқан құда-құдағида болып тұрған жоқ па.

– «Дүниеміз көп» деп бізді басынғаны ма, сонда?.. Дүниесі көп болып кімге шарапаты тиіпті, олардың?  Кеудесіне нан піскендей ісіп-кеуіп, шіреніп, қолының ұшын беріп амандасқанын көргенде зығырданып қайнап, ызаға булықсам да қызым үшін ашуды сабырға жеңдіріп, тілімді тістеп талай сөздерін басымнан асырған едім. Мына қылықтары – шектен шыққандық қой. Бұған қалай төзуге болады?.. Осындайларды көргенде: – Майлы жіліктің басын мен де ұстап, басшылық қызметте талай жыл болдым ғой. Сонда ұяттың бәрін белге түйіп қойып, оңды-солды бет қаратпай неге дүние жинамадым?-деп өкінеді екенсің.

– Барына береке берсін,-деп шүкіршілік еткенге не жетсін. Кісі ақысына қиянат жасап жиған дүние бала-шағаның бетіне шіркеу болғаннан басқа кімге опа берген дейсің. Бұл құдаларымыз бізді баяғыдан басынатын, қызымыз солардың қолында болғандықтан, осы күнге дейін сенен намысымызға тиетін біраз нәрсені жасырып келгенмін. Сол үшін кешірім сұрауға да әзірмін.

– Намысқа тиетін болса неге жасырдың,  енді сенің кешірім сұрағаныңнан не пайда?..

– Мінезің албырт болғанымен жас баладай аңғалсың, әйтпесе, кейінгі кезде солар қонаққа шақырғанда менің неге «ауырып» қалатынымның себебін сұрар едің ғой. 

– Менің аңғалдығымның бұл жерге қандай қатысы бар?

–Тікелей. Саған түсінікті болу үшін басынан бастап айтайын. Себебі, енді жасырудың ешқандай мәні қалмады. Жетітөбеде тұрғанымызда аудандық соттың төрағасы үйіне шақырып, қызды ала келуімізді өтінгенде менің қарсылығыма көнбей, қызды алып барғаның есіңде ме?

– Иә, есімде.

– Біздің ең үлкен қателігіміз содан басталды,-деп ойлаймын.

– Сен де бір, қырық жылғыны ұмытпайды екенсің.

– Қай жерден қателік жібергенімізді көптен бері санамда саралап жүргендіктен қалай ұмытамын. Сөзімді бөле бермеші, ішімдегіні шығарып – шер тарқатайын.

– Жарайды,тығылып қалған сияқтысың ғой, өзің...

– Адамның баласы ғой, айуандыққа бармайтын шығар, қыздарының алды бой жетіп қалды ғой, енді сіңісіп кетер,-деген үмітім ақталмады. Оларға адам емес, қаршадайынан топ жарып, Республика түгілі Одаққа әйгілі болған қызды келін етіп түсірді,-деген даңғаза атақ керек болған екен. Қоярда-қоймай қолқалап шақырған төрағаның әйелі, бізбен бірге қонақта болған Беріктің туған қарындасы екенін білгенде-ақ ішімді тартып қалғанмын. Беті жылтыраған баласына Абайдың, Мұқағали мен Мұхтардың бірнеше өлеңдерін жаттатып келгенін, ол баланың жастардың

арасында авторларын шатастырып, ырғағын бұзып өлең оқығанын Мөлдірден есітіп, іштерінде жоспарланған бір зымияндық жатқанын да сезгенмін. Кейін Шымқорғанға қонаққа шақырғанында аяғым тартпаса да, сенің көңіліңді қимай барған едім. Құрақ ұшып күткендеріне, сый-сияпаттарына қарап жаман жандарға ұқсамайды ғой,-деп өзімді-өзім жұбатқан болатынмын. Сол жолы қателеспегенімде саған мән-жайды түсіндіріп, қыздың да санасына құйып қойған болар едім ғой,-деп өкінемін. Әттең, әккі алаяқтардың жымысқы әрекеттерін кезінде қалт жіберіп алыппын. Араласудың ақыры он алты жастағы қызға сырға салуға ұласты. Сол кезде «қызымыз жас» деп қарсылық та жасай алмай, құдды бір жыланға арбалған молда торғайдай қауқарсыз халге қалай түскенімізге түсінбей жүрген едім, ел-жұртпен араласа келе түсіне бастадым.

– Ой, сен де... Сөзіңді бөлмеймін дегенге Созаққа қарай созып кеттің ғой, тоқ етерін айтсашы, өткеннің өкінішін еске сала бермей.

 – Сенің осы шыдамсыздығың-ай, сабыр сақтамай адамды айласынан алжастырасың. Қыз әкесімен емес, алдымен шешесімен ақылдасатынын білетін шығарсың?..

– Білемін.

–  Білсең, көрген-білгендерімді, естігендерімді  айтуға неге мұрша бермей отырсың? Ұйқың қашқан екен, кезендінің кезі келгенде әңгімемді құлақ қойып тыңдасашы.

– Мақұл, енді бөлмеймін,таң атқанша айтсаң да айта берші.

– Әңгімені бастамай тұрып мынаны айтшы, сен дуакештердің барына сенесің бе?

– Жоқ, сенбеймін. Бірақ, мысықтілеулес қараниетті адамдардың бар екенін жоққа шығара алмаймын.

– Мен де бұрын осылай ойлайтынмын, қазір ол ойыма күмәнмен қарайтын болдым.

– Себебі?

– Себебі, орталау ғана білімі бар Қыздығой құдағидың отбасы мүшелері мен ағайын-туысын қалай уысында ұстап, құда-жегжаты мен айналасындағыларға қалай өктемдік  жүргізетін амал-айласының сырын ашуға көп жылдан бері көңіл бөліп келемін. Мөлдір келін болып түскен жылы оған біздің әперген киімімізді кигізбей, неге өзінің ескі-құсқысын кигізеді?-деп таңырқайтынмын, бірақ араласуды ыңғайсыз көрдім. Біз Шымқорғанға көшіп келгеннен кейін әртүрлі мерекелерді сылтауратып, біздің үйге келгіштеп кеткенін өзің де білесің. Келген сайын үйіп-төгіп сыйлықтар әкелетін болғандықтан, мен де тыраштанып кем түспеуге тырысып бақтым. Бір күні құдағиым алып келген жүзікті тағайын,-деп алсам – бір көзі жоқ. Түсіп қалды ма?-деп тұрған жерін қарап таппаған соң, өзінің ескі жүзігін тазалатып әкелгенін түсіндім. Алдында ғана сенің туылған күніңе жүрмейтін, бұзық алтын сағат әкелгені есіме түсіп – секем алып қалдым. Не ойларымды білмей есім шығып,туылған күнімде сыйлаған, бас терісімен қоса сыпырылған бұлғынның терісін аударып, ауыз қуысына нығыздап тыққан қалтадағы бір уыс топырақты көріп – шошып кеттім. Не істерімді білмей асып-сасып, ешкімге сездірмей қалтаны молдаға алып барып, үйден тауып алғанымды айтқан едім, ол: «кім әкеліп қойса да, сіздерге зиянкестік істеу мақсатымен қойған.

Бірақ қорықпаңыз, өзіне қайтаратын дұға оқып беремін, сонан соң ағын суға ағызып жіберіңіз» деп шығарып салды. Сол күні саған сездірмей такси шақыртып, құда-құдағиымның сыйлықтарын түгел жинастырып алып, Тоқтар ата өзенінің суына апарып тастадым. Сонан кейін өзімді кәдімгідей жеңілдеп қалғандай сезіндім.

Осы оқиғаны бір келгенінде Мөлдірге айтқан едім, оның да көңілін күпті етіп жүрген

оқиғалар аз емес екен.

– Бибігүл, сен әңгіме емес ертегі айтып отырған жоқсын ба? Төбе шашым тік тұрып, құйқасына дейін шымырлап кетті ғой.

 –Тыңдағың келмесе айтпай-ақ қояйын,-деп бұртиып, Бибігүл орнынан тұра бастады. 

 – Отыр, қайда барасың? Бастаған екенсің аяқта әңгімеңді.

–  Өзің ғой сенбей отырғандай сөзімді бөле берген,-деп Бибігүл қайта отырды.

– Сенбегендіктен емес, осының бәрі осышама уақыт ішіңе қалай сыйып жүргеніне таң қалып отырмын. Менен жасырғаның көп сияқты ғой әлі, айта бер құлағым сенде.

– Жүрегіңді ауыртпайын,- деп көп нәрсені айта бермейтінім рас. Көзім анық жетпеген ұсақ-түйекті айтуды – қажет деп те санамадым. Оның үстіне артын аңдамай, өзің дұрыс санаған ойың – тіліңнің ұшында тұратыны бар ғой. Бүгін, көп нәрсеге көзім жеткендіктен, бұл әңгіменің қыз тағдырына тікелей қатысы болғандықтан, екеуара ой бөлісіп, ақылдасып алу үшін іште шемен боп қатқан шерді сыртқа шығаруым керек. Сөйтіп, қызға жолыққанша електен өткізіп, ойымызды қорытып алғанымыз абзал.

– Дұрыс, сеніке жөн сияқты. Жалғастыра бер, тыңдауға мен дайынмын.

– Қай жерге келгенімді ұмытып қалдым ғой, есіме түсіріп алайыншы.

 – Қыздың да көңілі күпті екен дедің ғой.

– Иә, оның да сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Астанада, Алматыда немесе шет елдерде көп жүретін енесі үйлеріне келсе болды, уыздай ұйып отырған отбасының шырқы бұзылады екен. Әсіресе, қара шаңырақтағы кіші келіні кетіп қалғалы қарауылға Мөлдір ілініпті. Бұл жұмыста жүрген кезде үйлеріне келіп, үй қызметшісіне даланы сыпыртып қойып, өзі үйдің ішін реттейтін көрінеді. Келген сайын ұлы мен келінінің төсегінің жаймасы мен көрпелерінің қабын таза екеніне қарамай ауыстыратынына – Сәлима түсінбей жүреді. Бірде Қыздығойдың ас үйде балауыз білтелерді тұтатып, тоңазытқыштағы тағамдық заттарды үстелдің үстіне

шығарып, ақылап-үкілеп бірдеңелерді оқып жатқанын терезеден көріпті. Зәресі зәр түбіне кеткен байғұс: «бәлесінен аулақ жүрейін» деп басқа жұмыс іздей бастапты. Жұмыс тапқан соң, көргендерін түгел Мөлдірге айтып кетіпті.

– Мынауың адам емес жын немесе ібіліс шығар? Басқаға болса мейлі, қалайша өз бала-шағасына өзі зиянкестік жасайды?  Түсінбедім.

– Сол күні зәресі ұшқан Мөлдір маған телефон шалып:  «Апа, Теріскей шағын ауданындағы «Ладушкиге» тез арада келіңізші, айтатын әңгіме бар» деді асығып-аптығып. – Тыныштық па?-дей бергенімде телефон үзіліп қалды. Алып-ұшым жетсем, көзі жасаураған қызымның ұсқынынан ұсқын жоқ, тура бір Арқадағы ақпанның аязына ұрынған киіктей жазғы шілдеде дір-дір етіп бүрсеңдеп тұр. Оқыс бірдеңенің болғанын ішім сезіп, бара сала құшағыма алып, бетінен сүйіп, арқасынан қағып сабырға шақырдым. Денесінің дірілін баса алмаған күйі:  «А-па, жау-рап кет-тім, іш-ке кір-іп ыс-тық кофе ішейік-ші»,-деді ентігін баса алмай. Бірдеңеден ұшынып қалды

ма?-деген оймен әжетханасына кіргізіп, бетіне су шашып ұшықтап жібердім. Бір

шыны ыстық кофе ішкеннен кейін денесінің дірілі басылып, естіген әңгімесін айтуға көшті. Әңгімесін тыңдап болып, үрейленіп тұрған қызды одан сайын қорқытқым келмей: – Бір Алла жар болсын қызым, көңіліңе күдік ұяласа біздің үйге барған кезде қоңсы тұратын молдаға дем салдырып жүр. Көзіңмен көрмеген соң әлдебіреудің

айтқанына сене беруге де болмайды,-деп жұбатқан болдым.

Бірақ өзім мынадай сұмдыққа сенерімді де, сенбесімді де білмей ойымның ойраны шығып, көңілім құлазып, көзім қарауытып, үйге сүйретіліп құры сүлдерім жетті. Содан бері құдағиымның қылықтарына жіті мән беріп келемін. Былтыр жаңа жылдың қарсаңында үйіне шақырғанда «ауырып» қалмай, әдейі бардым. Жұрттың алдында: «Бұл кісі менің алғашқы – алтын құдағиым, осы кісінің туған қызынан өсіп-өніп отырмыз» деп жәдігөйленіп, иығыма үлкен жапондық орамал жапқан.

– Иә, жапқанын мен де көргенмін, бірақ сол орамалды тартқаныңды көрмедім.

– Көрмеген себебің мен оның тартылған екенін байқап, кетерімде тастап кеткенмін. Ертесіне орамалдың қалып кеткенін көрген құдағи Мөлдірге телефон шалып:  «Шешең мен берген орамалды ұмытып кеткен бе, жоқ, әдейі тастап кеткен бе?!. Соны алып кет те, апарып бер» депті бұйырып. Мөлдір барып алыпты да орамалды суға ағызып жіберіпті.

– Сұмдық қой мынау, біреуге қысастық істегеннен пайда бар ма екен? Түсінбедім.

 – Мен де түсінбеймін. «Төркінінің жағдайы жақсарып кетсе – қызы  баламызды менсінбей кетеді»деп қауіптеніп, бізді өздеріне тәуелді болсын дейтін шығар?..

– Біз көшіп-қонып қиналған кезде де ешкімге қол жайған емеспіз, Алла Тағала пендем десе ешкімге тәуелді қылмасын. Он екі жыл бұрын таяққа жығылып, үйге келгенде қызымызды ажыратып алуымыз керек екен. Әттең, Беріктің бедері жоқ уәделеріне бекер малданған екенбіз.

– Әлде де кеш емес. Қыз ол үйде үзілді-кесілді тұрмаймын десе, райынан қайтарудың қажеті жоқ. Бірінші кезекте дәрігерге көрсетіп, емдетіп алайық. Түпкілікті бір шешімге келгенше Талшынның пәтерінде тұра бере ме, жоқ, үйге әкелеміз бе?

– Ол жағын өзі шешсін, біз араласпай-ақ қояйық.

– Келесі сәрсенбіде Сарағашқа баруым керек еді ғой, оны не істеймін?

– Әупірімдеп жүріп зорға тапқан жолдаманы күйдірмейтін шығарсың?.. Былтыр

баруға мұршаң болмады, енді быйыл бармасаң – асқазаныңа обал болады.

– Асқазанымның сыр беріп жүргені рас, барғым келгенімен қыздың жағдайын ойлап ойым онға, санам санға бөлініп отырған жоқ па.

– Сен таяқ тастам жерге бара жатып, тура бір Құрама штаттарға кетіп бара жатқандай әңгіме айтасың. Баяғы заман емес, қазір әркімнің қолында бір-бір қалта телефон, күніне жүз мәрте хабарлассаң да қыңқ етпейді. Келіп-кетемін десең такси тола.

– Жарайды, Мөлдірдің жағдайына қарап, сонымен ақылдасқаным жөн шығар.

– Ол сені жолыңнан қалдыра қоймас,- деп ойлаймын.

– Қиналған кезінде қасында болмағаным қалай болар екен?

– Ол жағын уайымдама, қасында мен және аға-іні, сіңлілері бар емес пе. Бибігүл, түн жарымы болыпты ғой, ұйқым келе бастады,-деді Қамбар қалта телефонына қарап.

– Жүр онда, үйге кірейік.

                                                                   

 

                                                                   II

 

    Ертесіне Қамбар қызының қарсылығына қарамай дәрігерге көрсеткенде миының шайқалғаны анықталып – бір апта күндізгі стационарда ем алатын болып шешілді. Қызының денсаулығы түзеле бастағанына көзін жеткізген Бибігүлді Сарыағаш шипажайына Қамбардың өзі апарып жайғастырды.  Ол көп жыл сот саласында судья

болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан, өзі қатарлы әйелмен бір бөлмеге түсті. Алғашқы күндері танысып-білісіп, ем-домды қабылдауға бірге барып, әңгіме-дүкен құрып шүйіркелесіп-ақ жүрген болатын. Төртінші күні серуендеп жүргенде сөзден сөз шығып, Бибігүлдің Беріктің құдағиы екенін есіткен кезде Бәтима тіксініп қалды да, әртүрлі сылтаумен іргесін аулақ сала бастады. Кешкі асқа баруға жиналып жатқанда бір медбике бөлмелеріне кіріп: «Бәтима апай, ертең түсте он жетінші бөлмеде бір орын босайтын болды, түскі астан кейін Сізді соған ауыстырамыз»деп кетті. Аң-таң болған Бибігүлдің аузына татымды сөз түспей: – Уа, құрбым, бір-бірімізге енді бауыр басып келе жатқанда мені тастап, екі адамдық бөлмеден төрт адамдық бөлмеге ауысып жатқаның қалай?-деп бетіне тіктеп қарады. Ол жүзін тайдырып: – Мына бөлме салқын екен, күн түсетін бетіне шықпасам,-деді даусын көтермей сыпайылап сөйлеп.

«Құдамды жақтырмайтын болғаны ғой» деп іші қылп ете қалып, «енді бұны райынан қалай қайтарамын?» деген ой Бибігүлді мазалай бастады. Тамақтан кейін де Бәтима Бибігүлден қашқақтап, холда болмайтын сериалдарды көріп, бөлмеге сағат оннан асқанда бір-ақ келді. Қоңсысы жатуға ыңғайланып жатқанда оны сөзге тартып:

 – Бәтима, көп жыл сот саласында қызмет атқарсаң Қаражаловты жақсы білетін шығарсың? Біз құдандалы болғанымызға жыйырма үш жыл өтсе де, көкейімізге көп сұрақ кептеліп, құдамыздың қандай адам екенін анық білмей келеміз,-деді Бибігүл күліп. Ол, жалт қарады да, жұлып алғандай:  – Қалай білмейсіңдер?  Қазақстан түгел білетін атышулы алаяқты көрсоқырлар мен таскерең мылқаулар ғана білмеуі мүмкін,- деп иығын қушыйтып, төсегін сала берді. Бибігүл ойын жинақтап алып: – Бәтима, сен басқа бөлмеге ауысамын деген ойыңды өзгерт, бәлкім, сені маған шел басқан көзімді ашу үшін Жаратқан Иеміз әдейі кездестірген болар?.. Ойымды ойсыратып, санамды сансыратқан сұрақтарға жауап іздеп қиналғаныма көп болды. Ешкімге ашпаған сырымды саған ақтарып, шемен боп қатуға айналған шерімді тарқатқым келеді,-деді құдасын жек көретініне көзі анық жетіп.

– Оңтүстік өңіріндегі ең бай адамның құдағиында да қиындықтардың болатыны қызық екен,-деп Бибігүлдің бетіне сұраулы жүзбен Бәтима сұқтана қарады. Сенер-сенбесін білмей тұрғанын аңғарып: – Құрбым, ниеті бұзық байменен құда болғаннан ниеті түзік кедеймен құда болғанның әлдеқайда жақсы екеніне білмейсің бе?-деді Бибігүл ойында бөтен пиғылдың жоғын сездірмек болып. Бірер минут ойланып отырды да Бәтима: – Бибігүл, Алла Тағала бізді  қызыңды ұзатпай тұрғанда жолықтырмағаны қандай өкінішті. Ең болмағанда жайдақ мінезді, екі жүзді опасыз адам екенін ескерткен болар едім ғой, енді тым кеш,-деп басын шайқады. Әрең дегенде әңгімені арнасына бұрған Бибігүл ары қарай жалғай түскісі келіп:

– Шай қойсам қайтеді,-деді.

 – Әжетқанамыз іште ғой, қойсаң қоя сал,-деді Бәтима күліп. Шай ішіп отырғанда ол:

– Қандай сұрақтарға жауап таппай жүргеніңді айта отырмайсың ба құрбым, шай сіңімді болсын,-деді ол да әңгіменің үзілмеуіне  қызығушылық танытқандай. Бибігүл ішінде ащы запырандай сарғайып жатқан сырын ақтармаса Бәтиманың ашыла қоймасын байқап, құда-құдағиының  қызды қолдарына түсіргенге дейінгі көрсеткен қошеметтерін, қолына түсіргеннен кейінгі жасаған қиянаттарын жасырмай  айтып берді. Бәтима сөзін бөлмей, бар ықыласымен тыңдап алды да: – Бибігүл, сендерді

әпжыланның ордасына адам ба, құдай ма тап қылған?.. Мен құдаңды да, құдағиыңды да бес саусағымдай жақсы білемін. Құдағиың екеуміз көршілес ауылдың тумасымыз, ал, құдаңмен әріптес болдым. Олардың сырын білетіндер іргесін аулақ салуға тырысады, сендер тұзағына білмей түскен екенсіңдер, әттеген-ай!-деп ауыр күрсінді.

 – Жұрт өздері түгілі аттарынан шошынатынын Шымқорғанға көшіп келгеннен кейін біле бастадық қой.

– Мен қызыңды оқушылар арасында өтетін пәндік Олимпиадаларға қатысып, Республикалық, Одақтық байқаулардың  Бас жүлдесін алған кезден білемін. Жанкүйер болып, біліктілігіне сүйсініп, сымбатты да сұлу көркіне, иманды жүзіне тамсанғанбыз. Теледидардан көргенде: «қандай жігіттің бағына көктен түскен періште екен?»деп таңдай қаққанбыз. Қаражаловтың баласына тұрмысқа шыққанын естіген кезде, сенер-сенбесімді білмей дал болып, өзегімді өкініш өртеген. Кейіннен ол қызбен бір салада  қызмет атқарып, бес-алты жыл әріптес болдым. Жүзі жылы болғанымен әріптестері одан сескеніп, аса жуыса бермейтін, мен де сәлемдесуден артық қадам жасамадым.

– Сүтке тиген мысықтай шеттеткен екенсіңдер ғой.

– Қара дуамен айналысатын сұрқия енесі, қылмыс әлемінің кіндік әкесіне айналған, қулық-сұмдығына құрық бойламайтын атасы барын біле тұра – қалай араласасың?.. 

– Жұрттың айтқанына «көре алмаушылық қой» деп аса мән бермейтін едік, жаңа өзіңе айтқан оқиғаларды бастан өткізген соң біз де сақтана бастадық қой.

– Әлі де сенің білмейтіндерің көп екен, олардың қандай жолмен байығандарын, қалай

мансапқа жеткенін білгің келсе – айтып берейін.

– Әрине білгім келеді, білетіндеріңді бүкпей айта бер.

– Біздің ауылда орта мектеп болмаған соң тоғызыншы сыныпты іргелес жатқан Қыздығойдың ауылына қатынап оқыдық. Ол бізбен бір жыл бірге оқып, сабақты үлгере алмай орнында қалып қойды. Оны – оң босағада отырып қалған, ауыл-айнала «дуакеш  қыз» деп атайтын әкесінің әпкесі бауырына басқан екен. Сабаққа қыры болмағанымен сыпырынып қалған пысық, бірді-бірге шағыстырып, қағыстырып-соғыстырып жүретін еркетотай қыз болатын. Сол жылы жазда ауылына қыдырып келген, Алматыда оқитын, өзінен он жас үлкен бөлесімен көңіл жарастырып, соған бір түнде қашып кетті. Бірнеше жылдан кейін мен Университетті тәмамдап келіп, облыстық сотқа маман болып орналастым. Қыздығойдың күйеуі сол мекемеде судья болып қызмет атқарады екен. Кейін мен де судья мансабын иеленіп, сол қызметтен қол үзбей зейнеткерлікке шықтым. Берік еті тірі, сөзге шешен, жұртпен де, басшылармен де тіл тапқыш болатын. Көзге түсуге қажет болса аянып қалмайтын жомарттығына қарап: «бәріміздің жалақымыз шамалас, елден ерекше бұл қалай байыды?»деп таңданатынбыз. Сөйтсек, газетте істейтін журналист досы екеуі сыбайласып, жұртты бопсалап ақша табады екен.

– Қалайша?..

– Журналист барған жерлерінде мансабы мен сауда саласында істейтін кісілердің тырнағының астынан кір іздеп тауып: «газетке шығарамын, сотқа беремін» деп қорқытып, «жемтігін» дайындап кетеді екен. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған  кезде баспасөздің қырына іліккен адамдар партбилетінен айырылып, қызметтен қуылып, сотталып кетуі де ғажап емес еді ғой.

– Иә, жеген бір-екі тиынның өзін желкесінен шығаратын.

– Сонан соң Қаражалов сотқа шақыртып: «үстіңнен арыз түсті» деп бопсалап, бейшараның зәре-құтын қашырып, айтқанын екі етпейтіндей күйге жеткізіп алып, артынан ара түскен болып – арам ойын жүзеге асырады екен. Ақша алдымен Қаражаловтың қолына тиетіндіктен журналистке азын-аулағын ұстатып, көбісін өзінде қалдырып жүріпті. Кейінірек оның бұл қулығын біліп қойған досы екеуінің арасында дау шығып, Қаражалов оған қаладан үй сатып әперіп, әрең жарасады. Кейіннен даудың шешілуіне ара ағайындық жасаған кісілердің бірі аузына ие бола алмай, сыбайластықтың жайы жұртқа жайылып кетті. Сондай жолмен байып алған Қаражалов облыстық соттың қатардағы судьялығын қанағат тұтпай, қаланың бір ауданына төраға болып қызмет ауыстырды. Қол астында істеген судьялардың айтуына қарағанда, әр істің шешімі төрағаның айтуына сай шығарылуға тиісті екен. Бұған көнбегендері қуғын-сүргінге ұшырап, талайының мансабынан айырылғанын көзіміз көрді. Еліміз егемендік алған жылы облыстық соттың төрағасы зейнеткерлікке шығып, сол орынға Қаражалов әрекет жасады. Облыстық соттың төрағасын ол кезде Республиканың Жоғарғы Кеңесі бекітетін. Оның мәселесі қаралатын күні Шымқорғандағы зорлық-зомбылық көрген сот саласының қызметкерлері   қарсылық білдіріп,  Алматыға барып шеру ұйымдастырды. Наразылыққа құлақ асқан депутаттар оны бекітпей тастады.

– Алдында ғана олар біздің қызымызға сырға салып кеткендіктен бұл жайдан біздің де хабарымыз бар. Бірақ ол шерудің себебін бізге басқаша түсіндірді ғой.

– Шындығына сол кезде көз жеткізгендеріңде сырғасын қайтаруларың мүмкін еді ғой, сол себептен сендердің көздеріңді байлап тастаған екен, сабаз.

– Жарты жылдан кейін, бәрібір мақсатына жеткен жоқ па.

– Мақсатына жеткенін білгеніңмен, қалай жеткенінен бейхабар боларсың?

– Иә, бейхабармыз.

– Бейхабар болсаң, тыңда. Сол кезде Ташкенттен қуылып келген қара дуаның Орта Азиядағы ең «көрнекті» өкілдерінің бірі – Қоқанбекпен Қыздығой бұрыннан таныс-біліс екен. Таныс болатын себебі, Беріктің әперген үйіне досы екеуі жеңіл жүрісті қыздарды апарып жүретінін есітіп, аңдып жүріп – үстерінен түседі. Сонан соң дүние тапқыш күйеуінен ажырап қалмаудың қамын ойластыра бастайды. Қарақшы екі топтың қақтығысында адам өлтірген баласын жазадан құтқару үшін Қыздығойды араға салып, баласын ақтап алған «әпшесіне» сырын ақтарып, ақыл сұрайды. Ол, күйеуді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаудың қыр-сырын тәптіштеп түсіндіріп, Ташкенттегі Қоқанбекке апарып таныстырады. Бұрын ат арылтып Ташкентке барып жүрген ұстазы өзі тұратын қалаға келгеніне жүрегі жарылардай қуанып, құшақ жая қарсы алады. Берікке оның «керемет қасиетерін» жыр қылып айтып беріп, үйіне шақыруға көндіреді. Кәдеге жаратуға болатын адам екенін жетінші түйсігімен сезген сұңғыла айлакер – оның арқасына шапан жауып, бос тұрған пәтерлерінің бірінде үй алғанша тұруына ұсыныс жасайды. Қаланың ой-шұқырын әлі танып үлгірмеген Қоқанбек ризашылықпен ұсынысын қабылдайды.

 Кейіннен оның «керемет қасиеттерін», өзі жазадан құтқарған қарақшылар тобының «көсемін» қарсыластарына қару етіп жұмсады.

–Дуалайды ма, сонда?..

– Дуалады, қуалады, әйтеуір «жауларын» өздерімен-өздерін қырқыстырып, кейбірін

отбасынан ажыратып, кейбірін қызметінен қуып, кейбірін майып қылып дегеніне жетті ғой ақыры.

– Сұмдық ай! Осының бәрі бес-алты айдың ішінде істелгені ме?

– Ол кісі діттегеніне жету үшін тәулігіне жиырма төрт сағат айқасудан шаршамайтын адам. Сатып алу қажет болса – сатып алады, атып алу қажет болса – атып алады.

– Қоқанбекті де сатып алған ба?..

 –Уақытша тұрғызған пәтерді атына аударып беріп, астына су жаңа көлік мінгізгенін басқаша қалай түсінуге болады...

– Сауысқаннан сақ кісі – әйелінің өзін де дуалатуы мүмкін екенін сезбегені ме?

– Бүкіл Өзбекстанды атыстырып-шабыстырып, улатып-шулатып келген адамды – оңай дейсің бе, бір-біріне сездірмей екеуін де өз қажетіне пайдалануы мүмкін. Содан бері аралары ажырамай, зейнеткерлікке шықса да – оны әлі күнге дейін  дұшпандарына қарсы пайдаланады деп естиміз. Қысқаша айтқанда сенің атышулы құдаң мен құдағиыңның «жетістіктерінің» сыры мен сиқы осындай.

– Бәтима, әңгімені қолмен қойғандай етіп айтқаныңа қарағанда...

– «Мәліметтерді қайдан аласың» демекшісің бе?

– Ия.

– Оларды Оңтүстік өңірінің бәрі болмаса да, көбі біледі, әсіресе, сот саласындағы қызметкерлер. Қыздығойдың сотта істейтін сіңлісі – Ұлбаланы білесің ғой. Сол менің көптен бері сырласатын құрбым. Ол Қыздығой сияқты желпетек емес, мінезі ауар, өсек-аяңға ермейтін, сыртқа сырын шаша бермейтін, сөзі де, ісі де тиянақты жан. Анда-санда ішіне сыймаған сырларын маған келіп ақтарып тұрады.

– Дуакештің сіңлісімен қорықпай құрбы болғаныңа түсінбей отырмын.

– Оны айтсам әңгіме ұзап кетеді ғой.

– Сен айтуға ерінбесең, мен тыңдауға ерінбеймін.

– Сені қатты қызықтырып отырса – айтып берейін. Берік облыстың соттың

төрағалығына қол жеткізген соң, бүкіл облыстағы судьяларды бір шыбықпен айдағысы келді. Жоғарғы жақтағыларға өзінің іскерлігін көрсету үшін сотқа ісі түскен, енді-енді аяғына тұра бастаған кәсіпкерлердің «өз еркімен» сыйға тартқан жиһаздары мен компьютерлерінің есебінен алдымен облыстық соттың, артынан аудандық соттың қеңселері жабдықтала бастады. «Маңызды» шешімдердің бәрі төрағаның айтуымен хатталу міндеті алға шығып, судьялардың заң аясында дербес шешім шығару құқы аяққа таптала бастады.

«Міндетке» жауапсыз қараған судьялардың шешімі облыстық сотта бұзылып, басына таяқ болып тиетін. Бас қамын ойлаған – баспақшыл жұрт қанша шыдасын, бір-екі жылдан кейін сыбырласып болса да қарсылығын білдіре бастады. Төрағадан зәбір көргендер төрағаның орынбасары – Досбергеновтың маңына топтасты. Аудандық сотта істейтін Ұлбала жездесінің айтқанына көнбей, өз бетінше шешім шығарып жіберіпті. Қарсы тарап аппельяциялық шағым түсіріп – іс бізге келді. Төрағаның тапсырмасына сай – іс бұзылуы тиіс. Істің жай-жапсарымен танысып, ақпар дайындап – баяндау маған тапсырылды. Іспен таныса келе шешімнің дұрыс, заңға сәйкес шығарылғанына көзім жетіп, Досбергеновпен ақылдастым. Ол: «кім тапсырма берсе де, істің тағдыры заңның аясында шешілуі тиіс» деп қайтарды. Ойда жоқта екі оттың

ортасына түстім де қалдым. Қорқыныштан қол-аяғым дірілдеп, баяндаманы қалай жазуды білмей – екі күн жүрдім. Ақырында әділет жағына шығуға бел байладым. Осыдан кейін өзімнің де есітпеген сөзім қалмай, төрағаның қырына іліндім. Сол іс кейін касацияда бұзылғанымен, Жоғарғы сотта жөнін тауып, Алла жар болып – аман қалдым. Осы оқиғадан кейін Ұлбала мені іздеп келіп ризашылығын білдірді. Содан  Берік балдызы мен менің соңыма шырақ алып түсті. Жалдамалы біреулерді жұмсап, Ұлбаланы ұстатпақ болғаны да бар. Бірақ аққа – Құдай жақ,-дегендей, ойын іске асыра алмай, қапы қалды.

–  Өз балдызын ұстатпақ болғаны қалай?.. Бұл оқиғаны Қыздығой білмейтін болар?

–  Білгенде қандай, жездесінен тапсырма келгенін аудандық соттың төрағасы Ұлбалаға ескертіп қойып, ол әпкесінің үйіне барып қып-қызыл шатақ шығарғанда әпкесі: «неге айтқанын орындай салмайсын» деп беті бүлк етпей өзін кіналапты . Сол себептен әпкесімен біраз жыл араласпай да кетті. Жездесін осы күнге дейін адам орнына санамай, иттен бетер жек көретіні сондықтан. Сенің құдашаңмен құрбы болып араласуымызға осы оқиға себеп болған.

–  Сен қалай құрығынан аман құтылдың?

–  «Өлмегенге – өлі балық» демей ме халық даналығы. Сенің құдаң төрт жылдай әпшімізді қуырып, облыстық соттарды арбитраждық соттармен қосқан кезде қысқартуға түсіп, жан шақырдық қой. Бірақ қарақшылардың қалқаны болып жүріп дүниені қойны-қоншына басып алған адам далада қалушы ма еді. Үш-төрт жыл тиіп-қашып әр салада қызмет атқарды да, облыстық соттың төрағалығына қайта қонжиды. Біздің облысқа қайтып келмегеніне қуанып, біз құдайы бердік қой сол кезде. Бірақ ол қызметінен де түсіп қалып, зейнетке абройсыз шыққанымен, есесіне әбден байып алды. Қызметте жүрген кезде, бірер жыл судьялар одағын басқарған тұста туыстары мен сыбайластарының елуге жуығын судьялыққа өткізіп – заң саласында пирамида жасақтады. Оның сөзін жықпауға тиіс судьялар Республиканың барлық өңірінде бар десем – өтірікші бола қоймаспын. Әсіресе Шымқорған өңірі мен Астана, Алматы қалаларына шоғырланған. Жасы зейнетке жақындағанда қоғамдық мәселелерді көтерген болып, сырын білмейтін өңірден Сенаттың депутаттығына да әрекет жасап көріпті. Ол жақтан тауы шағылып келіп, енді біздің облыстық Мәслихаттың сайлауына түспекші болып жүр екен. Өзі судьялыққа өткізгендердің де ығырын шығарған болуы керек, жақында біреуімен кездесіп қалып қызмет жағдайын сұраған едім: «Апай, қызмет емес, шалдың міндеті шаршатып бітті» деп күрсініп салды. Соған қарағанда құрған пирамидасының іргетасының астына су кете бастаған-ау...

–  Қысқартылуына газеттегі бір мақала себепкер болды,-деген сыбыс шыққан еді ғой.

–  Ия, ол сыбыстың да сыры бар. Өзінің іскер екенін жұртқа көрсету мақсатында «Ата заң» деген апталық газет ашып, оған баяғы сыбайлас журналист – досын редактор етіп бекітті. Егемендік алған еліміз әлі есін жиып, етегін жауып үлгірмеген кезеңде билік өкілдерінің қызметінде де кемшіліктер аз болмайтын. Жұртты бопсалап дүние табуға дәніккен жұп бұрынғы әдеттеріне басып, енді баспасөз арқылы соларға тіс батыра бастайды. Сөйтіп, атқарушы билік өкілдерін сынаймын деп жүріп өздерінің арандап

қалғанын байқамай қалды.                

–  Қалай?

–  Жоғарғы билік өкілдеріне қарсы  топтың көсемдерімен танысып, олармен жасырын түрде қоян-қолтық араласып, солардың сойылын соғып, орталық басылымдарда бастыра алмай жүрген көлемді мақаласын газеттеріне басқан. Сөйтіп Қауіпсіздік комитетінің назарына ілікті. Сенің құдаңның қысқартуға ілігуінің  басты себебі осы болуы әбден мүмкін.

–  Түсінікті. Ол басқа өңірде қызмет атқарғанда Қоқанбегі қайда қалды екен?

–  Оны қай жаққа болса да қажет кезінде шақыртып алу – аса қиын шаруа емес қой.

–  Бәтима, сен ағыңнан ақтарылып, құда-құдағиымның көлеңкелі тұстарынан біршама хабардар болдым. Жауабын таппай жүрген көптеген сұрақтарымның біразының жауабын тапқандаймын. Сен енді маған ақыл қосшы,-деп Бибігүл қызының басындаға жағдайды  айтып берді.

–  «Ақыл қос»дейсің бе,-деп Бәтима ернін тістелеп біраз отырды да, айтар ойын жинақтап алып: – Бибігүл, бірге тұру немесе ажырасу мәселесін қыздың өз ықтиярына қалдырғандарың жөн. Алда-жалда ажырасамын десе – бетінен қақпаңдар. Бірақ «дүние бөліп  аламын» деп әуреге түспегені абзал. Құдаң қанша бай болғанымен не өзінің, не бала-шағасының атына мардымды мүлік тіркемейді. Бізде істеп жүргенде

қаншама арыз жазылғанымен тексерушілер ештеңе таппай, жер сипап қайтатын. Жұртқа абыз болып көрінгісі келгенімен ол – қаныпезер жауыз, сұм адам. Ешкімді, керек десең өз бала-шағасын да аямайды. Обал-сауап дегенді білмейді, қан төгуден де қорықпайды.

– Әзірше қызды райынан қайтаратындай ештеңе дегеніміз жоқ, ойланып-толғанып, өз-өзіне келген соң тиянақты бір шешімге келер. Ажырасатын болса – арамнан жиналған дүниеден өзі де бас тартатын шығар...

– Ана жарымжан баласының келіншегі де кетіп қалғаны рас па?

– Иә, ол былтыр кетіп қалды ғой. Бейшара қыз алты жылдан астам адам төзбес қорлыққа шыдап, ақырында сыйқы тірі әруаққа айналғандай болып, адам мүсіркейтіндей халге жетті. Қайта есеңкіреген есін тез жинап – қаршадай екі қызының бірін көтеріп, бірін жетектеп үйлерінен шығып кетіп, қайтып оралмады.

– «Керемет сұлу» деп Ұлбаланың аузының суы құрып отыратын еді, обал болған екен.

Төркіні қай жақта еді?

– Әжесі мен анасы Ташкентте тұрады. Шешесі жалғыз қызбен күйеуінен ажырасып – қайтып тұрмыс құрмаған.

– Сымбатты, сұлу қыз жүйке аурулары диспансерінің есебінде тұратын мүгедек балаға қалай тұрмысқа шықты,-деп жүретін едім, енді сыры мәлім болды. Бұл жерде де Қоқанбектің ізі сайрап жатыр десеші. Қыз қазір төркінінде ме?

– Жоқ, өзіміздің қалада тұрады. Жарты жылдай пәтер жалдап тұрып, соттасып жүріп – екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді ғой, байқұс.

– Бейшара қыздың ертерек құтылғаны жақсы болған екен. Оның қыздары жас екен, ал сенің қызыңның бала-шағасы естияр болып қалды емес пе, олар анасы мен әкесінің бөлініп тұрғанын қалар ма екен? Атасы мен әжесінің азғындық жолға түскенінен хабардар ма екен? Кілтипанның кілтін осы жерден іздеу керек сияқты. Құдаңның жиған дүниесінің көбісі кісінің атында, ақшасы Ұлбаланың айтуына қарағанда – Қыздығойдың атындағы есепшоттарға жинақталған. Өзінен басқаға ештеңе қимайтын Қыздығой өліп қалмаса – тірісінде ақшадан айырылмайды. Қайта күші қайтқан Берікке сес көрсетіп, көзірлі Туздай қолында ұстайды,-деп есіттім. Арыстандай айбатты құдаң – қазір Қыздығойдың сұқ саусағын бағатын көрінеді.

Қыздығой шет елден жіңішке ауруын жұқтырып келгенде де өкпелеп, бір-екі ай бөлініп тұрғаннан басқа ешқандай қауқар көрсете алмапты ғой.

– Ой, масқара! Бұны қайдан естідің?

– Менің жақсы араласатын дәрігер құрбым бар, ол соған барып емделген екен. Бір күні Қыздығойдың үйіне телефон шалса – тұтқаны Берік көтеріпті. «Мен жұбайыңызды емдеп жатқан дәрігермін» деп жөнін айтса, Берік ай-шайға қарамастан тергеп кеп берген ғой. Ашуға булыққан ол: «жұбайыңызға қай-қайдағы ауруды жұқтырып, сүттен ақ кісідей сайрайсыз ғой тіпті, ұялмайсыз ба пайғамбар жасына келгенде» деп өзіне дүрсе қоя береді. Іші қылп ете қалған Берік сыр білдірмей, сабасына түскендей кейіп танытып, кешірім сұраған болады. Бірақ Қыздығой екеуінің арасында біраз ұрыс-керіс болғанға ұқсайды. Себебі, «неге айттың» деп Қыздығой кейіннен дәрігерге ренішін білдіріпті.

– «Бетпақ жеңеді, бейшара көнеді» деген осы шығар?..

– Қой, құдаңның олай дәрежесін төмендетпе. Ол бейшара емес – арамза. Айпақшы, Мөлдірдің ағасы да сот саласында біраз жыл істеді ғой.

– Ия, тұңғыш ұлымыз да істеген. Әрең дегенде судьялыққа өтіп, төрт-бес жыл істеп тәжірибе жинақтап қалғанында облыстағы бастығы ауысып, келгеннен біздің балаға қадалып алды ғой. Жөнді-жөнсіз тиісе берген соң «бірдеңеге шатып жібере ме» деп өз еркімен қызметтен босады.

– Ол бастықпен мен жаман тұрмадым, жеке қалған кездері өз ойымды айтуға да мүмкіндігім болды. Сағат арызын жазып кеткеннен кейін, оңашада отырып: – ана балаға обал жасаған жоқсыз ба?-деп сұрадым. Біраз ойланып отырды да: «осы әңгіме екеуміздің арамызда қалатынына уәде берсеңіз, айтайын» деп күлді. Менің уәдемді алған соң: «өзінің туған құдасы қылқылдап қоймады ғой» деді күрсініп.

– «Бұның артында кім тұрғанын білемін» дегенде Саматқа ұрысқан едік, білген екен ғой қай жақтан желдің тұрғанын. Болар іс болып, бояуы сіңді, біреуді кінәлап жазғырғанда орнына келеді дейсің бе. Баламыздың дені-басы сау болсын, қазіргі қызметі де көштен қалдыра қоймас.

– Солардың, әркімнің қолжаулығы болып жүрген жарымес қызын білдей судья жігіттің алғанына таңданбаған кісі жоқ шығар?

– Өзің айтпақшы, ол да Қоқанбектің «шарапаты» шығар?

– Ол жігіттің есеппен үйленгенін де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, араласатын жігіттерінен сыр тартып көріп, оның басқа әйелі барына көзім жетті. Шалдан күш қайтқан күні – қызын тастап кетуі ғажап емес. Не біреуді үйіне шақырып – шай бере алмаса, не шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құра алмаса, не қасына ертіп жүре алмаса,

 не қылады есалаң қатынды.

– Бала-шағасын қимайтын шығар?

– Сен де айтады екенсің, есалаң қатыннан қайбір естияр бала туады дейсің.

– Қызының ақыл-есі кем болғанымен ұлында алып бара жатқан ауытқу жоқ.

– Онда, қызы – шешесімен, ұлы – әкесімен болады десеші.

– Алдын ала кесіп-пішіп қоятын сенің де сәуегейлігің бар сияқты ғой, өзі.

– Бұл – сәуегейлік емес, күніне жүз құлпырған қу заманның келбетін көре білу.

– Мейлі, басқалардың тағдыры емес, мені ойландыратыны өз қызымның тағдыры.

– Құдай сақтасын, ажырасып жатқан жалғыз сенің қызың ба?

Олардың дүниесі болмаса, несін қимайды? Боқ дүниені малданғанша басына бостандық алып, адам сияқты өмір сүргені жақсы емес пе.

– Ей, құрбым-ай... Дүниесі көп болғанымен менің қызым ол дүниенің қай қызығын көрді дейсің. Саған бір ғана оқиғаны айтып берсем – арғы жағын өзің түсіне берерсің. Екі ұлы мен әкесінің әрқайсысында жеті-сегізден әрқилы жеңіл мәшине бар. Мөлдір ел-жұрттан ұялғанынан: «атам әперді» деп көлікті несиеге алып – мініп жүр. Былтыр демалыс алып,  Англияда оқып жатқан қызына барып-келмекші болғанында қаражат бермей қойыпты. Демалысқа алған ақшасы жетпейтін болғандықтан алтын бұйымдарын ломбартқа өткізіп, біреуден он мың доллар қарыз алып – барып қайтты. Сөйтіп, қазір иттен сүйек қарыздар. Енесінің тиісе беретінінің бір себебі осы.

– Қыздығойдың өзі шет елге көп барады,-деп есітеміз ғой.

 Жылына бес-алты мәрте шығып тұрмаса көңілі көншімейді. Жақында Алманияға барып, жүз алпыс мың долларға тіс салдырып келді.

– Басқасы басқа, ел-жұрттан ұялып – еш болмағанда қарызынан құтқаратын шығар?

– «Қыздығой өзінен басқаға ештеңе қимайды» деп өзің айтқан жоқсын ба. Құтқаратын болса – осы күнге дейін құтқарар еді ғой. Қалада, үй саламыз деген жеріміз бар еді, енді соны сатып беруден басқа амалымыз жоқ.

 –Түсінікті, ол үйде жоғалтатын ештеңесі қалмапты ғой, бала-шағасы қарсы болмаса – ажырасқаны абзал. Әке-шешесінің қисынсыз іс-әрекеттерінен өзінің жарын, бала-шағасын қорғай алмаған кісіден не үміт, не қайыр. Беріктің жалғыз дені сау баласы бар,-деп жүретін едік, бұнысын да Құдай ұрып қойған екен ғой.

– Қыздың күйеу баладан да көңілі қалған.

– Өзіндік пікірі жоқ жанды қуыршаққа айналған адамнан әрине көңілі қалады.

– Одан басқа да себептері бар.

– Тағы қандай себеп?

– Ол, Мөлдір кеткен күннің ертесіне қасына атқосшысын, нақсүйерін алып Дубайға аттанады.  Олар түскен қонақ үйге Мөлдірмен Университете бірге қызмет істеген келіншек те күйеуімен жайғасыпты. Суретін көріп жүргендіктен – Мұратты бірден

танып, қолында бір-екі жасар қызы бар келіншекпен құшақтасып түскен суретін Мөлдірге жіберген. Сонан соң Мөлдір одан ақпар жинап беруді өтінеді. Ол – пысық келіншек-ау шамасы, дереу ана келіншекпен танысып, екі-үш күннің ішінде сырына әбден қанығады. Сөйтіп қолындағы қыздың әкесі – Мұрат екенін, оның бұларға төрт бөлмелі пәтер алып бергенін, нотариальдық кеңсе ашып бергенін біліп беріпті.

– Алма алма ағашынан алыс түспейді,- деген сөз рас екен ғой. Қыздың жанын жаралап бітіпті-ау, иттің баласы. Бұны қашан естіп жүрсің?

– Кеше, түскі астың алдында қызым телефон шалған. Артынан «күндесінің» суретін де жіберген, көресің бе?

– Көрейін, әкелші телефоныңды. Ой-бұй... Мынауың адам қызығатын қатын емес – бір жапырақ сайтанның сапалағы ғой. «Еркекте ес болмайды, итке де исінеді» дейтін еді

апам жарықтық. Рас екен ғой. Есі бар болса, ханның қызындай һас сұлу келіншегін   бойы бір тұтам, аузы кебістей албастыға ауыстыра ма? Келіншегінен сымбатты, сұлу болса бір сәрі, түсінуге болар еді. Сен қалай ойлайсың?

– Бұл мәселеде екеуміздің де  ойымыз бір жерден шықты. Ем-дом қабылдап,

жағдайы жақсарып келе жатқан еді, мы-на о-қи-ға қы-зы-ма ау-ыр соқ-қы бол-ды.

– Әй, құрбым, немене, көңілің босап кетті ме? Көздің жасына ерік беріп, анда-санда жеңілдеп алған да дұрыс шығар, бірақ болған іске болаттай берік болуға тырыс. Қызыңа да осы ақылды айтуды ұмытпа. Кісілікті, тектілікті теңгенің сыңғырымен өлшейтін, бес күндік жалғанның мәнін түсінбейтін, дүниенің буына мас болған желбуаз пенделерге өкпелеуге бола ма? Жоқ, қайта, өзінің тырнағына да татымайтын ондай бейшараларды мүсіркеу керек. Осыны қызыңа дұрыстап түсіндір, жүні жығылмай басын көтеріп жүрсін. Бибігүл, бүгін аз әңгіме айтылған жоқ, қалған-құтқаны болса ертең де күн бар ғой, енді жатайықшы,-деп Бәтима есіней бастады.

– Жатсақ-жатайық, бүген сені әңгімеге тартып ұйқыңнан қалдырдым.

– Оқасы жоқ, ұйқы қайда қашар дейсің, ертең – жексенбі, қолымыз бос. Есесіне қаншама сыр бөлістік емес пе.

    Төсекке жатқанымен Бибігүлдің көпке дейін ұйқысы келмей, ми қатпарлары соңғы аптаның оқиғаларын електен өткізіп, сан түрлі ойлар санасын сапырып жатты. Тамағы құрғап, желкесі тартып мазасын ала берген соң орнынан жайлап тұрып, дәрісін ішті. Қоңсысының пысылдап ұйқтағанына қызыға қарап, біраз уақыт тұрып отырды. Араға сүт пісірім уақыт салып барып, төсегіне қисайды.

    Таңертеңгі астан келе жатып Бәтима: – Бибігүл, осы жердің саунасы бар дейді ғой, соған барсақ қайтеді. Денем құрысып тұр, жақсылап терлеу керек сияқты,-деді.

– Тіпті жақсы, қазір барып тапсырыс беріп кетейік, онда.

– Кеше сен мені тыңдадың, сол жерде әңгімемізді жалғастырып – бүгін сені тыңдайық.

– Ішке сыймай жүрген әңгіме көп қой, қайсыбірін айта бересің.

– Бәрін ішке түйе бермей сыртқа шығарсаң жеңілдеп қаласың.

– Түнде, мен де сенен қалыса қойған жоқпын ғой.

– Бибігүл, артыңа қарашы,-деді Бәтима сыбырлап қана.

 Артына абайлап қараған Бибігүлге де әншейінде езулерін жимайтын, қарсы бөлмеде тұратын әйелдердің ауыздарын буғандай тым-тырыс келе жатқаны сезікті көрініп,

түсіндім дегендей сұқ саусағын ерніне көлденең тигізді.

... Буханадан бой-бой боп терлеп шыққан Бәтима: – сен неге ерте шығып кеттің?-деді Бибігүлдің қасына жайғасып жатып.

– Ыстықта көп отыра беруге қанымның қысымы көтеріліп кете ме,-деп қорықтым.

– Ия, сақтық жасаған дұрыс. Бағанағыларды көрдің бе, тың тыңдап келе жатқанын.  Ана бір, аузын бассаң – арты сөйлейтін, сумалаңдаған қара қатынды суқаным сүймейді. Баласы қаржы полициясында істейтінін әл қыла алмай, маңына жанап кеткен адамға ақыл айтып, билік жүргізгісі келеді де тұрады.

– Қасындағы үш әйелге билігі жүретін сияқты ғой.

– Қойшы оларды, одан да өзіміздің әңгімемізді жалғастырайық. Бағана, тамақтанып отырғанғанда телефоныңа қоңырау түсіп, далаға шығып кеттің ғой. Не жаңалық бар?

– Ренжитін болмаса, қуанатын жаңалық жоқ.

– Тыныштық па, әйтеуір?

– Мөлдірдің үлкен қызын ата-енесі бауырына басып өсірген. Сол қыз быйыл Лондандағы Университетті бітірді. Атасы оны дипломын алуға қаратпай шұғыл шақыртыпты.  Кеше далада ойнап жүрген жерінен баласын құдамыздың жандайшаптары ұрлап әкетіп қалыпты. Өзінің, қызының және үйінде жатқан сіңлісінің ізін аңдытып қойыпты. Осыдан қызым үрейленіп, алдында күзетшісі бар шағын қонақ үйге көшпекші болып жатыр екен.

–Полицияға шағымданбай ма?

– Қулық-сұмдығына құрық бойламайтын, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын кекшіл адамдардың шымбайына тиіп қайтеді.

– Ой, тоба-ай! Сендердің алдарыңа келіп – уәждесуге беттері күйіп қалған ба?

– Қызымыз үйлерінен кеткен күні, біз тойда отырғанда – бір-екі рет Қамбарға телефон шалған екен, қас қылғандай сол күні оның телефоны үйде қалып қойыпты.

– Қоңырау шалғанын көргеннен кейін Қамбар хабарласқан жоқ па?

– Жағдай мынандай болып жатқанда қалай хабарласады.

– «Әдейі жауап бермеді» деп Берік қырсығып қалған екен ғой, онда. Енді ол өзінен «дәрежесі төмен», дүниесі кем кісінің алдына баруы неғайбіл, дәрежелерің биік, дүниелерің көп болғанда – алдарыңда құрдай жорғалар еді.

– Онда қызымызды да басына алмас еді ғой.

– Бұрын Берік біреудің қолымен от көсеуге құмар болатын, енді сол көсеуді алыстан ат арылтып келген немересінің қолына ұстатпақшы-ау, шамасы?..

– Ол да мүмкін, қанша дегенмен аттан түссе де, ерден түспеген кісілігі бар ғой.

– Қазіргі кісілігі үрген шардай қампиған, қызылды-жасылды алдамшы дүние емес пе. Сатып алынған абырой кімге опа берген дейсің, ерте ме, кеш пе ел-жұртқа істеген қиянаттары мәлім болған күні – абройы айрандай төгіліп, елдің, ағайын-туысы мен бала-шағасының бетіне қалай қарар екен?..

– Оған дейін менің қызымның жүйкесін тоздырып, бала-шағасын кеселге шалдықтыра ма,-деп қорқамыз.

– Қыздығой қыз кезінде-ақ қулық-сұмдыққа бейім, мірден сір айырған сараң, қызғаншақ болатын. Енді сусылдап Беріктің алдына түсіп кетіпті ғой.

 Адамнан ақшаны жақсы көретін – «кеселдің» кесірі шығар?..

– Сол үшін де ел-жұрттың қарғысына ұшыраған жоқ па, қарғыс арқалаған адамға Алла Тағала дені сау баланы қалай берсін. Есіл-дерті балаға емес, ақшаға ауса – ақша беретін шығар?..

– Білмеймін, құдамыздың біреудің қолымен от көсегенінен қорқамын. Олардан қызымыздың бұл екінші кетуі. Бұдан бұрынғы келгенінде үлкен балама хабарласып: «сот саласында қызмет атқарғың келсе, қарындасыңды райынан қайтарып, үйге әкеліп таста. Әйтпесе, арамыз жақсы болмайтынын ұмытпа» деген екен. Сағат уәж қайтарып, айтқанына көнбеген соң артынан шырақ алып түсіп, қызметінен кетіріп – өшін алды.

– Ия... Ондай адамның жазасын Құдай берсін,- дегеннен басқа не айтасың.

– Бәтима, түстен кейін қайтып кетсем қайтеді, осы?..

– Қой, еміңді толық алып кетпейсің бе?

– Қызым ертең жұмысқа шығуы керек, мыналардың сыйқын өзің көріп отырсың.         Қолымнан ештеңе келмесе де, барып – қыздың жанына жалау болып отырайын дә.

– Құдай сақтасын! Қолың екі жылда әрең жеткен жолдамаңның жартысын күйдіре саласың ба?

– Емделудің тағы бірде реті келер, қайтқаным жөн сияқты. Құдамыз қарап жатпайтын адам, қызметіне кесірін тигізіп жүре ме, кім біледі?..

– Құдаңның ештеңеден тайынбайтыны рас, сондықтан қызың ажырасатын болса – мына қызметтен де кеткені жөн.

–  Сен солай ойлайсың ба?

–  Ия, адами қасиеттері ада болған құда-құдағиың басын бір бәлеге шатып жібермесін дегенім ғой.

–  Аузы күйген – үріп ішеді дегендей, өзіміз де осы жағынан қорқамыз.

– Дені сау болса басқа қызмет табылар. Қой, анық қайтатын болсаң – жиналайық.

– Ия, адамның кемсіткені не қылар дейсің, Жаратқан Ием несібесін тауыспасын. Бір бұйырған қызмет табылар. Саған жолықтырған Алла Тағалаға – мың тағзым! Енді хабарласып, сыйласып тұрайық құрбым.

– Әлбетте, бес күн жалғанда сыйласқаннан артық не бар дейсің.

                                                                 

                                                                 III

 

    Немересін әуежайдан Беріктің өзі күтіп алды. Атасының жүзі өрт сөндіргендей қарауытып тұрғанын көріп: – Ата, сырқаттанып жүрсіз бе?-деді Гауһар селқос қана, бұрынғыдай мойнына асылып еркелеуге көңілінің хошы соқпай.

 – Ия, аздап қанның қысымы көтеріліп жүр. Өзіңнің көзің неге кіртиіп кеткен, түнде ұйқтамағансың ба?-деді Берік дауысы қарлығыңқырап.

– Кеше самолет түнде келіп қонды, оның үстіне Астанадағы пәтерде «домовой» бар-ау деймін?.. Сол үйде жатсам – жаман түстер көріп жөнді ұйқтай алмаймын. Кеше апамның Сізге у беріп жатқанын көріп – шыңғырып ояндым да, таң атқанша қалтырап-дірілдеп ұйқтай алмадым. Таңертең мешітке барып – молдаға дем салдырып, садақа бердім.

– Қой, мұндай сөзді бұдан былай айтпа, апаңның құлағына тисе – ұят болады.

Жұрттың құлағы шалса – өсек болып өрттей қаулайды.

– Осыған ұқсас түсті анада, Сіз қатты ауырып жатқанда да көргенмін.  Түсті үлкен адамға жорытады деген соң – Сізге айтпақшы болған едім, мамам айтқызбады. Біздің

отбасының үлкені өзіңіз болған соң айтып жатырмын, әйтпесе, кез келгенге түс жорытатын – ақымақ емеспін ғой.

– Көлікте жолсерігім бар, оның көзінше бөтен әңгіме айтудың қажеті жоқ.

– Әрине білемін, кішкентай қыз емеспін ғой. Менің алдымен мамама баруым керек, онымен ауызба-ауыз сөйлесіп, сонан соң Сіздерге барамын.

– Жоқ, онымен сөйлескің келсе – телефонмен сөйлес, қазір үйге барасын.

– Миы шайқалыпты ғой – жағдайын көрмеймін бе?

– Бәлесі де жоқ, әншейін, жұмыстан шаршаған соң «больничный» алыпты.

– Балнұр мен Арманды сағынып кеттім.

– Арман біздің үйде, Балнұр да келеді. Енді әңгімені көбейте берме, үйде сөйлесеміз.

 – Жарайды,-деп Гауһар көліктің артқы есігінен кіріп, үйге жеткенше бұртиып отырды.

– О-хо! Менің «красавица» қызым келіп қалыпты ғой,-деп Қыздығой алдарынан шықты. Көліктен түсіп жатқан қызды құшақтап, бетінен сүймекші болып еді Гауһар:

– Фу... Апа, бетіңізге баттастырып қандай крем жағып алғансыз? Жүрегім айнып кетті ғой,-деп қолын қалқалады.

– Парижден алып келген кремдерім таусылып, осындағы «французский домнан» алған едім,  иісі жаман ба екен?-деп Қыздығой сасқалақтап қалды.

– Еркелегені ғой, көңіліңе алмай-ақ қой апасы,-деп сөзге Берік араласты.

– Атасы-ау, бұл тентек сонда мені сағынбаған ба? Келмей жатып креміме тиіскені несі,-деп Қыздығой қызарақтап күлген болды. Осы кезде: «әп-ке» деп үйден арсалаңдап жүгіріп шыққан Арманды Гауһар қапсыра құшақтап, көтеріп алып екі бетінен кезек-кезек шөпілдетіп сүйді.

– Қой, Берік, бұл не тұрыс?.. Қызымыз алыс жолдан келді, шаршаған болар, үйге кірейік. Ет астырып жатырмын, бізді сағынбаса да, үйдің дәмін сағынған шығар,-деді де, Қыздығой үйге кіріп кетті.

Үй қызметшісі тамақты алдарына қойғаннан кейін, оны далаға шығарып жіберіп:

– Қызым, ана – ақымақ шешең сыныққа сылтау іздеп, үйден кетіп қалды,-деп Қыздығой сөз бастады.

– Кетіп қалды дегенше, қашып кетті демейсіз бе?

– Қызметі ауыр соғып, жүйкесін жұқартып бара жатқан соң – жұмысты қоя сал,-деп едік, бәлеге қалдық. Өмірі бетімізге келмеген келіннің тілі шығып, қарсы сөйледі.

– Басында, папама бетін ашпай жатып «тілін кесетін» – түріктің қызын әпермедіңіздер ме, онда.

 –Тәйт ары! Апаңа қарсы сөйлеуді кім үйретті саған?-деп сөзге Берік араласты.

– Ата, мен бәрін білемін, сол үшін өтірік мүләйімсіген сөзді қаламаймын.

– Әне, Берік, айтпап па едім саған – бізге қарсы қыздарын да қайрап қояды деп.  Алматыдағы Ақтотының да санасына сіңіріп  қойыпты.

– Қыздығой, қысыр сөздің қажеті не, болатын әңгімеге көшейік. Гауһар, болар іс – болды, кінәліні іздеп босқа арамтер болудың қажеті жоқ. Біз ешкімді қуып жіберген жоқпыз, қазақта «битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» деген сөз бар. Үй ішіндегі ыдыс-аяқтың сылдырын сылтауратып кеткен – мамаңның өзі. Енді, соны райынан қайтаруымыз керек.

– Ақымақ болмаса, мынандай байлықты тастап қайда кетеді дейсің, Берік. Ашыққан күні Айман да, ол да аяғымызға жығылып, жалынып-жалпайып келеді.

– Мына заманда аштан өліп жатқандар бар ма?- деп Гауқар орнынан тұра бастады.

– Отыр, тамақ жемей қайда барасың?-деп Берік қолынан ұстады.

– Қарным тоқ, самолетке шығарда тамақтанып алғанмын.

– Тамақтанып алсаң – шай ішеміз, әңгімелесеміз.

– Апам араласа берсе – әңгімеміздің шырқы болмайтын сияқты ғой?

– Қыздығой, сен сорпа-суыңды қамдап, әңгімеге араласпай тұра-тұршы.

– Шырқын бұзатындай не айттым, сонша? Жарайды, сөйлемей-ақ қояйыншы, осы.

– Ата, мені не үшін шақырттыңыз? Бірер апта шыдағаныңызда, дипломымды алып келетін едім ғой.

– Себебі, шешең сені тыңдамаса, біздің ешқайсымызбен тілдеспей қойды.

– Сіздермен тілдеспесе, әке-шешесіне бармадыңыздар ма?

– Әкесінің ақылы бар ғой,-деп жүрсем, ол да тынған адам екен. Екі мәрте телефон шалсам – көтермеді. Соған қарағанда қызының қолтығына су бүркіп жүрген солар болуы керек.

– Дүниеге жарымаған байғұстар: «қызымызды ажыратып алсақ – дүниесінен де

ойып аламыз» деп жүрген шығар? Мә, алады,-деп Қыздығой тылағын шығарды.

– Қыздығой, қой дедім ғой саған.

– Өтірік пе, неге аузыма қақпақ қоя бересің?

– Ата, сіз апаммен әңгімелесе беріңіз, мен бөлмеме барып – аздап тынығып алайын,-деп Гауһар әрқайсысының аузына қарап жаутаңдап отырған Арманды жетектеп шығып кетпекші болып орнынан тұрды.

– Отыр, тұштаңдай бермей! Мен апаңмен күнде сөйлесіп жүрмін, бүгін сенімен сөйлесуім керек.

– Неге айқайлайсыз маған? Сонша жерден – ұрсу үшін шақыртып алдыңыз ба?

– Апаң екеуің кезектесп ойымды бөле бердіңдер ғой.

– Ал, айтыңызшы ой-арманыңызды, тапжылмай отырып тыңдайын,-деп Гауһар көзі жасаурап, өзіне тығыла түскен інісін бауырына қысып, бетінен сүйді.

– Шешең сені туып, бір жыл емізгені болмаса – қаршадайыңнан біздің қолымызда өстің. «Не ішемін, не киемін» дегізбей өсірдік, әлемдегі ең қымбат оқу орнының бірінде  оқытып жатырмыз. Астананың ең көрнекті жерінен пәтер алып беріп, астыңа ең қымбат көліктің бірін мінгізіп қойдық. Алматыдағы төрт бөлмелі пәтерді – Ақтотының, сенің үйіңнің қасындағы пәтерді – Балнұрдың атына аудартамыз,-деп жүргенде мынандай жағдай болды. Беттері бүлк етпей, екеуі де шешесін қолдап отыр.

– Ата, мен сыртта жүргеніммен, ол екеуі де сол шаңырақта өсті ғой. Көргендерін көңілдеріне түйіп, қолдау керек болған соң – қолдап отырған болар?..

– Біздің бар жақсылығымызды ұмытып, сенің де бүйрегің соларға бұрып тұр ма?

– Менің бүйрегім тек әділет қайда болса – сол жаққа бұрады. Мен, сіздің жасаған жақсылықтарызды термелеп кеткеніңізге түсінбей отырмын.

– Кімнің арқасында осындай дәрежеге жеткендеріңді біліп жүрсін,-деп айтып жатырмын. Керек болса, сенің ғана емес, Ақтотының да бар шығынын осы күнге дейін біз көтеріп келеміз.

– Міндет қылып отырсыз ба? Осы дүниені бала-шағаңыз үшін жинаған шығарсыз?..

– Көрдің бе, Берік? Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, айтпайын десең, тіліне түйнеме шыққырлар – тіліңді қышытады ғой, өстіп. Әйтпесе, туғаны болмаса – шешелері біздің істеген жақсылығымыздың бірін де істеген жоқ қой бұған.

– Апа, жақсылық жасасаңыздар, қарымын қайтаратындай жасқа жеткен жоқпыз ғой.

Сіздердің беттеріңізге келіп, қолдарыңызды қағып жатпаса – неге біздің анамыздың бақшасына тас ата бересіз?

– Бетімізге келмегені – ана күнгі ме? Айтқанымызға көнбей, кетіп тынды ғой ақыры.

– Апа, соның орнында сіздің қызыңыз болса – қалай қарар едіңіз?

– Менің қызымда шаруаң болмасын, байымен ажырасқан жоқ қой әлі. Одан да алжасқан шешеңе, ақымақ сіңлілеріңе мән-жайды түсіндір. Өздерінің болашағына балта шаппасын. Бізден кетіп – өздері жарымаған төркінінің сарқытына таңылмасын.

– Бұл жерге мамамның төркінінің не қатысы бар? Олардың да біреуге қол жайып отырғанын көрген емеспін, өз арбаларын өздері сүйреп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Бұл жағдай біздің отбасымызға ғана қатысты емес пе?

– Біздің отбасының мәселесі болғанымен, солар іріткі салып отырған ғой.

– Тырнағының астынан кір іздеп, мамама тиіскен – сіз, таяққа жыққан – папам. Олар іріткі салатындай қисынды көрмей тұрмын.

– Сонда, не демекшісің сен, «шешемдікі – дұрыс» деп тұрсың ба?-деп біраз үнсіз отырған Берік столды жұдырығымен қойып жібергенде, үрейленіп отырған Арман шыңғырып жіберді.

– Қорықпа, қорықпа, мен тұрғанда саған ешкім тиіспейді,-деп інісін жұбатып алған Гауһар: – не болды ата, Арманның жүрегін ұшырып жібере жаздадыңыз ғой?-деді.

– Кешір қызым, бұл баланың отырғанын байқамай қалыппын.

– Ештеңе етпейді, жүрегі қағанақ емес қой – жарылып кететін,-деп Қыздығой сөзге қайта араласты.

– Апа, бізді жат жұрттық санасаңыздар, әзірше Арман жалғыз мұрагерлеріңіз емес пе. Осы қара бала ғой – бізге де төркін болатын, сол үшін денінің сау болғанын қалаймын.

– Құдай сақтасын, денсаулығының несі бар екен. Отбасымыздағы ешкімді бөлектеп жатқанымыз жоқ қой.

– Ия, менің мамамнан басқа ешкімді бөлектегендеріңізді көрген емеспін.

– Сенің мамаңды қашан бөлектеппіз, өзі ғой бөлектеніп жүретін.

– Біздің отбасына қарасты кем дегенде жиырма бес мәшине бар. Бөлектемесеңіздер неге соның бірін мінбей, көлікті несиеге алады? Жадыра әпкемнің мұрнын сүрте алмайтын қызына дейін, бәріміз брендтік киім киеміз де, ол неге базардан киінеді?

– Гауһар, кім оған несиеге мәшине алсын деген? Балаларды мектепке апарып-әкелетін көлікпен, немесе автобуспен жүрсе аяғы сынып қала ма? Әркім киімді талғамына сай таңдайды, оның талғамы «базарный» болғанына кім кінәлі?

– Мейлі, солай-ақ болсын дейік... Ал, шет елдерге сізден кейінгі көп баратын – папам. Жылына бес-алты мәрте барса да, мамамды бірде-бір рет алып бармапты. Ылғи нақсүйерлерімен барады екен, қазір де Дубайда солардың бірімен дем алып жатыр.

– Барамын десе – кім оның қолын қағып жатқан? Өмірі жұмыстан қолы босамай, үйге қарауға мұршасы келмей, мұрнынан сүрлігеді де жүреді. Үйде жылу болмаған соң, еркек байғұс жылуды басқа жақтан іздейді дә.

 – Папамнан некесіз туылған қызы бар нақсүйеріне пәтер, нотариальдық кеңсе әперіп,  астына мәшине мінгізіп қойып, некелі келіндеріңіз менің артымнан бармақшы болғанда, ақша бермегендеріңіз – қолынан қақпағандарыңыз ба?

– Әй, қыз, не оттап тұрсың, өзі? Неге біз, зейнеткерлер – қызмет атқарып жүрген адамға ақша беруіміз керек? Қандай нақсүйер, қандай пәтер? Өзіңнің туған әкеңе жала жабуға уялмайсың ба?- деп Берік отырған орнынан ұшып тұрды.

– Мен жала жауып отырған жоқпын, сенбесеңіз – қараңыз мына суретке,-деп Гауһар телефонын  ұсынды.

– Бұл қай жерде, қай уақытта түсірілген сурет екенін кім біледі?-деп Берік телефонды Қыздығойға ұзатты.

– Қай күні түсірілгені жазулы тұр ғой, анықтап қарасаңызшы,-деді Гауһар.

– Бұда тұрған не бар, танысы болған соң түсе салған шығар?-деп Қыздығой  иығын қушитты.

– Бір суретке қарап – тон пішпейік, пәтер, нотариальдық кеңсе дегендерді қайдан шығардың?

– Ана келіншектің өз аузынан есіткіңіз келе ме?- деп Гауһар апасының қолындағы телефонды алып, дыбысын шығарып берді.

– Мынау – не деген сұмдық?!. Баламыздың артына тыңшы салып жіберген бе, сонда?..

Жоқ, дұшпандарының істеп жүргені ме?-деп Қыздығой шыж-пыж болды.

– Қыздығой, шыныңды айт, мына тірліктен хабарың бар ма?

– Хабарым болса – не істемекшісің? Жас кезінде ойнап-күлмегенде, қай кезде ойнап – күледі? Өзің – аспаннан түскен періштесің бе?Аузымды қыздыра берме менің.

– Қыздығой, балалардың көзінше бәдігіңді сапыра бермей, шақырт ана балаңды.

– Шақыртпаймын, қалағанынша дем алсын. Не, қатындарға сен бармап па едің?

– Отбасы ойрандалып жатқанда – сайрандап  жүре ме, енді?

– Сен қанша сайрандасаң да – отбасыңды ойрандамай ұстап отырдым ғой, келінің менен артық па? Болмашыны сылтауратып неге кетеді үйден?

– Қыздығой, осыдан айтпады деме, мына тірлігі рас болса – әпербақанды ана үйден қуып шығамын, албастысына әперген пәтерге барып тұрсын.

– Берік, Мұратты қуып шықпай-ақ, өзіңнің қуылып кетпей жүргеніңе шүкір десейші. Сенің атыңда тышқақ лақ та жоқ қой, қазір.«Дүние кімде болса – соның сөзі үстем» дейтін едің ғой, өзің. Бір кезде «жас иіс» деп алып, басына үй, астына көлік әперіп,

Астанадан сән үйін ашып берген сайқалыңа барып көрші енді, кіргізер ме екен сені?

– Гауһар, Арманды ертіп бөлмеңе бара бер, сенімен кейінірек әңгімелесеміз-деп Берік басын қасып, сылқ етіп отыра кетті.

Қалай шығып кетудің есебін таппай отырған Гауһар інісін жетектеп, аяғының ұшымен басып шығып кетті. Бөлмесіне келгеннен кейін Арманды құшақтап отырып:

– Сен мамамның қасында емес пе едің, бұл үйге қашан келдің?-деді.

– Бүгін, далада ойнап жүргенімде Ерсін тәте ұстап алып, «бармаймын» десем де, мәшинеге көтеріп мінгізді ғой.

– Балнұр қасыңда болмады ма?

– Ол есіктің алдындағы орындықта отырған.

– Ерсін оған тиіскен жоқ па?

– Жоқ, оның қасындағы қара сақалды бір кісі оны да мәшинеге қарай сүйреп

 әкелмекші болған еді, ол шыңғырып, сөйлесіп тұрған аталардан көмек сұрады.

– Сонан соң?

– Аталар: «жібер қызды» деп айқайлады. Қара сақалды жүгіріп келіп мәшинеге мінді де,  бәрі мені осы үйге алып келді.

– Сен де айқайламадың ба?

– Ерсін тәте мені құшақтап, аузымды басып отырды ғой.

– Қатты қорықтың ба?

– Жо-оқ, қорыққан жоқпын, ұстаған кезде оны теуіп, қолын тістеп алдым.

– Ол сені ұрған жоқ па?

– Ұрса – папам келген соң оны өлтіреді ғой. Ол – папамнан жаман қорқады.

– Солай ма? Сен жайлап астына түсіп, атаң мен апаңның әңгімесі бітті ме екен?-көріп келші. Бірақ көздеріне көрінбей-ақ қой, мақұл ма?

– Мақұл.

Гауһар Ақтотымен хабарласып, қазіргі жағдай туралы жазбаша пікір алмасып жатқанда Арман ентігіп келіп:– Әпке, «ведьма» атама әлі ұрсып жатыр,-деді.

– Қой, өйтіп айтпа, ол – сенің апаң ғой.

– Ақтоты әпкем де, Балнұр да мамама ұрса берген соң сөйтіп айтады ғой.

– «Өйтіп айтпаңдар» деп оларға да ескертемін. Есітіп қойса ұят болады.

– Ол – жаман сөз бе?

– Әрине, жаман сөз.

– Далада ойнайын десем, шығармай қойды ғой мені.

– Ойнағың келсе – қазір шығып ойнай бер, мен рұқсат беремін.

– «Ведьма» – апам саған ұрыспайды ма?

– Ұрыспайды, олай айтпа дедім ғой, саған.

– Оған есіттірмей айттым ғой.

– Есіттірмей де айтпа.

– Мақұл.  Әпке, сіз Қоқанбекті танисыз ба?

– Жоқ, ол – кім?

– Папамның – «әкәсі» ғой.

– «Әкәсі» деген кім, досы ма?

– Білмеймін, әйтеуір, ол келсе папам: «әкә» деп құшақтасады ғой.

– Келгенде не істейді?

– Папаммен бильярд ойнайды, саунаға түседі. Бір рет бассейннің қасына от жағып, папам екеумізді үстінен секірткен.

– Оны мамам біледі ме?

– Оттан секірткенін мамама айтқан едім, ол: «еріккен ғой» деді.

– Жарайды, онда сен далаға барып ойнай ғой.

Өзін екі оттың ортасында қалғандай сезінген Гауһар төсегіне қисайып, мына жағдайдан  «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығудың амалдарырын таппай, ой құшағында жатып қалғып кетті. Бие сауым уақыт өтер-өтпесте ұйқысынан шошып оянды. Жан-жағына алақтап қарап, Арманды іздеп жатқанда есік қағылды.

– Арман, есік ашық қой, кіре бер,-деп еді.

– Гауһар, сізді атаңыз үшінші қабаттағы холда күтіп отыр,-деген үй қызметшісінің даусы есітілді.

– Жарайды, қазір барамын,-деп шашын жол-жөнекей тарап, жоғары көтерілді.

– Азын-аулақ дем алып алдың ба, қызым? Кел, мына жерге отыр,-деп Берік жұмсақ орындықты нұсқады.

– Ия, аздап көз шырымын алдым.

– Онда, бағанағы әңгімені жалғастырайық. Сенің шешеңді ешкім ұрған да, үйден қуған да жоқ. Үй болған соң табақ-аяқ сылдырамай тұрмайтынын өзің де білесін. Несиесі, қарызы болса маған айтпайды ма? Үйге қайтып келсе – бар қателігін кешіріп, қарыздарынан құтқарамын. Ана «иттің» Дубайдан келген соң – сазайын тарттырамын.

– Бұған апам қарсы болмайды ма?

– Апаң қанша арпылдаса да, мәселені шешетін мен, қызым. Сол үшін сен шешеңе жақсылап түсіндіріп, қайтарып алып келсең – қалғанын көре жатармыз.

– Оның апама да, папама да көңілі әбден қалған, менің айтқаныма көне қоя ма?

– Алдымен сен Ақтоты мен Балнұрдың бетін бұрып алсаң, көнбегенде қайда барады?

– Олармен сөйлестім, екеуі де апамның жөн-жосықсыз айқай-шуынан мезі болыпты. Папамның әкелік мейрімі түгілі жылы сөзін естімегендіктен – оны да жек көреді екен.

– Әй, қыз, сен қандай пәлсафа соғып кеттің? Қандай болғанда да ол – солардың әкесі. Ана қос-қос зәулім сарайларды солар үшін салып жатқан жоқ па, оларды кім асырап, кім оқытып жатыр? Шешесінің соған шамасы жетеді ме екен?

Олар неге болашағын ойламайды? Осының бәрін санасыздардың санасына құй.

– Апам қайда, алдымен сол кісінің санасына құюу керек шығар?

– Апаң Арманды алып, Талғардың пәтеріне кетті. Оны сабасына түсірдім, қайтып келуіне қарсы емес.

– Қарсы болмағанымен қастандық жасап жүрмей ме?

– Не деп отырсың сен, не үшін қастандық жасайды?

– Қоқанбекті отбасы мүшесі етіп кіргізіп алыпсыздар ғой.

– Кім айтып жүр ондай далбасаны?

– Жұрттың бәрі біледі екен.

– Көре алмаған жұрт не демейді, өзің кімнен есіткеніңді айтшы.

– Жазалайсыз ба, оны?

– Жазаламақ түгілі...

– Сөзіңізді аяқтамадыңыз ғой, өлтіресіз бе?

– Жоқ, басынан сипаймын. Сені бетіңнен қақпай бекер еркелеткен екенбіз. Әбден еркінсіп аузыңа келгенді оттай беретін болыпсың ғой.

– Мені шақыртқан өзіңіз ғой, шындықты айтпай аузымды буып отыруым керек пе?

– Қандай шындық сенің көксегенің? Мен қалай айтсам –  шындық сол. Ана келініміз кетіп тынды, енді мына келініміз кетсе – ел-жұртқа масқара болмаймыз ба? Сол үшін айтқаным-айтқан, анаңның амалын тауып – үйге қайтар. Түсіндің бе?

– Түсінбедім. Сүйреп әкелуім керек пе, сонда?

– Сүйреп әкелесің бе, түйреп әкелесің бе, ол – сенің шаруаң.

– Онда, барып – сөйлесіп көрейін.

– Бармайсын, телефонмен сөйлес.Мен дәрілерімді ішіп келгенше мәселені шешіп қой,-деп Берік жатын бөлмесіне кетті. Араға сүт пісірім уақыт салып, қайта келіп:

– Ия, қызым, не шештің?-деді.

– Көн-бей-ді,-деді Гауһар кемсеңдеп.

– Көзіңді ағартпа, көз жасыңмен қорқытпақшысың ба, мені?-деп Беріктің даусы қатты шығып кетті.

– Ата, анама барып келейінші... Көндіруге бар күшімді саламын,-деп Гауһар жалынғандай Беріктің мойнына асылды.

Осы кезде есіктің алдында тың тыңдап тұрған Қыздығой ішке кіріп:

– Берік, қызың мойныңа асылып сиқырлап жатыр ма?- деп жанына келіп отырды.

–А-а, қашан келдің?-деп Берік сасқалақтап қалды.

Гауһар апасын ала көзімен атып қарады да, жасаураған көзін алақанымен сүртіп, орнына барып отырды.

–Талғардың тамағын ішкізіп, жаңа біразда келгенмін. Мына қыз неге маған алайып қарады, келгенімді жақтырмай қалды ма?

– Бұл – шешесін көндіре алмай пүшәйман болып отыр.

– Сен сене салдың ба, соған? Бұлардың ешқайсысына сенуге болмайды. Астанадағы пәтерді, көлікті алып, оқуының да ақшасын төлемей қойсақ, Ақтотысын да Алматыдағы пәтерден аластасақ – қайда барар екен, бұлар? Мүмкін сонда қауақ бастарын істетер?..

– Апа, сол ма бар міндеттеріңіз? Ондай болса пәтерді де, көлікті де алыңыздар.

Ауырсынсаңыздар магистратурада оқытпай-ақ қойыңыздар, қажет десеңіздер –

дипломды да сіздерге әкеліп берейін, бұдан былай жасаған жақсылықтарыңызды міндет қылмаңыздар,-деп Гауһар қитығып қалды.

– Ойбай, сенің дипломыңды біз не қыламыз, басымызға қоямыз ба? Дипломсыз – өзің не істейсің, еден жуасың ба, көше сыпырасың ба?-деп Қыздығой мысқылдап күлді.

– Бастарыңызға қоясыздар ма, жоқ, Македонский мен Шыңғысхан да әкете алмаған дүниені есебін тауып ана жаққа алып кетесіздер ме, ол – сіздердің шаруаларыңыз.

– Тарт тіліңді! Апаңа қарсы сөйлеме дедім ғой, мен саған,-деп түтігіп, Берік орнынан ұшып тұрды.

– Мен е-мес, а-пам-ның ө-зі ғой бастаған,- деп Гауһар жылап жіберді.

– Көрсетпе маған көзіңнің сорасын, айтса – сені ойлансын деп айтып жатыр. Ақымақ шешең мен арамтамақ сіңлілеріңе шық жуытпайсын жүдә. Апаңның отбасымызға сіңірген еңбегі көп. Айтса – кімнің арқасында болып-толып жүргендеріңді білсін деп айтып жатыр. Басқасын айтпағанда, маған үш перзент туып бергенінің өзі не тұрады. Мына басты істету керек қызым,-деп Берік Гауһардың басын екі-үш мәрте сұқ саусағымен нұқыды.

– Апам – үш ауру перзент туып берсе, ма-мам – сіз-ге төрт де-ні сау не-ме-ре ту-ып бер-ді ғой,  қа-лай жал-ғыз тас-тап ке-те-міз,-деді Гауһар өксігін баса алмай.

– Кім саған жалғыз таста деген? Райынан қайтарып – алып кел,- деп жатқан жоқпыз ба. Неге тіліңді безегеніңді қоймайсың сен қыз, апаңды табалап тұрсың ба?-деп Берік Гауһарды шапалақпен тартып жіберді.

– Жоқ, а-та, сөз-дің ре-ті-не қа-рай ай-та сал-дым ғой,-деді Гауһар екі қолымен басын қорғаштап.

– Сөз таластыра бермей, желіккен шешеңнің жетесіне жеткізе түсіндіріп, алып кел.

– Кел-ме-се не іс-тей-мін?..

– Бұл қызға шапалақ аз, оқтаумен сабауың керек еді,-деп сөзге араласқан Қыздығойды Берік оң қолын жоғары көтеріп тоқтатты.

– Онда, одан – бәрің бас тартыңдар. Қарақан басы қалған соң – өзі-ақ жалынып келеді.

– Ата, біз сіздерді де қимаймыз, қиналып жүргенінде анамызды да жалғыз тастай алмаймыз. Арман екеуміз барып, анамызбен ауызба-ауыз сөйлесейік, сөйтіп, сізбен жеке кездесуге көндіруге әрекет жасайын. Сізді сыйлайтын болғандықтан бас тарта қоймас,-деп Гауһар сабасына түскендей болды.

– Сонда, біздің үйдегі сыйсыз мен бе? Ешқандай жеке кездесу болмайды, келетін болса үйге келсін, келмесе – атамның аржағына,-деп сөзге тағы да Қыздығой килікті.

– Апасы, азғантай сабыр сақташы,-деді Берік Қыздығойға басу айтып.

– Шектен шығып бара жатса, қайтып сабыр сақтайсың? Сен үлкен басыңмен сонымен кездесуге барып, соның алдында кішіруің керек пе? Төркінінің сиқы анау, кімнің шікәрасы еді – ол? Ашуыма тие берсе, жалынып келсе де – қайтып босағамнан аттатпаймын. Балама – қатын көп, дүниеге жығып, басқасын шертіп жүріп әперемін.        – Қыздығой, ел-жұрттан ұят болады, бұл әңгімең осы жерде қалсын.

– Неменесі ұят, ажырасып – басқа қатын алып жатқан жалғыз біздің баламыз ба? Алып келсін ана, Дубайға әкеткен нотариус қатынын.

– Жарайды ата, жүргізушілердің біреуіне айтыңызшы, бізді мамама апарып салсын,-деді Гауһар күрсініп.

– Апарып болыпты, ешқайда шықпайсыңдар. Керек болса, Арман екеуіңді аулаға да шығармаймын,-деп Қыздығой айқайлап жатқанда Беріктің телефонына хабарлама түсіп, ол: – екеуара – өздерің шешіңдерші,-деп тысқа шықты.

Түкірігіне шашалып,ентігін баса алмай екіленіп алған Қыздығой не істерін білмей аңтарылып тұрған Гауһардың қолындағы телефонын жұлып алып: – Ал, енді шығып көріңдер осы үйден,-деп маңызды іс тындырғандай масаттанып, ол да бөлмеден  шығып кетті. Не айтарын білмей состиып тұрып қалған Гауһар: «бізді қамап қоймақшы ма, енді не істеймін, анаммен  қалай хабарласамын?» деп ойлана бастады. Басы айналып, көзі қарауытқан соң сылқ етіп, басын ұстап диванға отыра кетті. Дел-сал болып отырғанда сықыр етіп есік ашылып – селк ете қалды.

– Әпке, сені әрең таптым ғой, неге менен тығылып отырсың?-деп кірген Арман, тасыраңдап келіп Гауһарды құшақтай құлады.

– Мен сенен тығылған жоқпын, осы жерде атаңмен әңгімелестім.

– Атам Қоқанбек «үкәсімен» әңгімелесіп отыр ғой.

– Қайда, қашан келді?

– Жаңа келді. Атам: «о, үкә, қош келдің» деп құшақтады оны.

– Сен сол жерде жүре тұрып – әңгімелерін тыңдамадың ба?

– Елдос екеуміз ойнап отыр едік, апам қуып жіберді ғой.

– Елдос қайда кетті?

– Оны Жадыра әпкем үйіне алып кетті.

– Ол сенен қанша жас үлкен?

– Екі жас үлкен ғой, бірақ ол – күрестен мені жеңе алмайды.

– Бүгін күрестіңдер ме?

– Жоқ, анада, папам күрестіргенде мені жыға алмаған.

– Ол келсе – апаңа сездірмей менің бөлмеме ертіп келші, мақұл ма?

– Мақұл. Әпке, апам мені неге далаға шығармай қойды?

– Ол жағын білмедім, шығармаса – үйдің ішінде ойна.

– Кіммен ойнаймын, Елдос та кетіп қалды?

– Кешке тамақ ішуге келеді ғой, сол кезде ойна. Ол жоқта менің қасымда бол.

– Сен кетіп қалмайсың ба?

– Жоқ, сені тастап еш жаққа кетпеймін. Жүр, енді менің бөлмеме барайық.

– Мамамды сағындым, ол да бізді сағынып жүрген шығар, қашан барамыз?

– Көп кешікпей барамыз, жаңағы айтқанды ұмытпа. Атаң да сезбей-ақ қойсын.

– Мақұл, ұмытпаймын.

   Гауһар бөлмесіне келген соң інісін құшақтап, төсегіне құлай кетті. Арман былдырлап, әрдеңені бір сұрап жатып ұйықтап қалды. Гауһардың жаны жай таппай, атасы мен апасының бүгінгі қылықтарын, Қоқанбектің неге келгеніне түсіне алмай – басы қатты. Бұлар – бізді үйқамақта ұстап, бопсалап қорқытып мақсаттарына жетпекші ме, сонда?.. Намысқа тиіп ашындыра берсе  жақындатудың орнына – қарсы қойып алмай ма? Бұған апамның өресі жетпегенімен, атамның өресі жететін шығар?.. Әлде, бізді Қоқанбекке дуалатып – мәңгүрт етіп қоймақшы ма екен?-деген ойлар санасын тілгілеп жатты. Арманның астында қалып қойған оң қолының ұйып қалғанын сезіп, оны жайлап босатып алды. Қолын сипап отырып: – қой, «тұтқыннан» құтылудың амалын қарастыруым керек,-деді өзіне-өзі. Орнынан тұрып терезенің

пердесін ысырды. Аулаға қанша үңілгенімен Елдос көзіне түспеген соң жуынатын

бөлмеге беттеді. Жуынып шығып, шашын кептіріп жатқанда атасы қайта шақырып алып: – Ал, қызым, бағанағы айтқандарды ой елегінен өткізіп, бір шешімге келген шығарсың?.. Біздің айтқанымызбен жүрсең – қор болмайсың, тағдырың – біздің қолымызда екенін ұмытпа,-деді қарнын сипап отырып.

– Жүре алмасам – не болады?

– Онда, бәрінен айырылып – без теріп кетесіңдер. Шешеңе хабарлас – келсін үйге.

– Хабарласа алмаймын, телефонымды апам тартып алып қойды.

– Мә, менің телефоныммен хабарлама жаз.

– Ол – сіздің телефоныңызға жауап бермейді, одан да, Арман екеумізді жіберіңіз – барып сөйлесейік.

– Мені алдап, сендер де қашып кетпексіңдер ме?

– Ата, тағдырымыз Құдайдың емес, сіздердің қолдарыңызда болса – қайда қашамыз?

– Ділмәрсій бермей – айтқанды орында, орындамасаң – үйден шықпайсыңдар.

– Телефонмен сөйлескеннен – пайда жоқ, өзім барып-келуім керек.

– Онда, Арманды тастап – жалғыз өзің барып кел.

– Жоқ, ол – қорқып қалыпты, жалғыз тастай алмаймын.

– Не оттап тұрсың? Қорқатындай, біз – бөтенбіз бе, сонда?..

– Апамнан қорқады екен.

– Қорқатындай апаң – мыстан кемпір емес шығар?.. Ойлан қызым, кешкі тамаққа дейін уақыт беремін. Жақсылап ойлан,-деп Берік телефонын қолына алып, Гауһарға «шыға бер» дегендей сұқ саусағымен есікті нұсқады.

Гауһар бөлмесіне келгеннен кейін, терезеден күнқағардың астында отырған Елдосқа көзі түсті. Абайлап терезені ашып, жан-жағына мойнын созып барлай қарап алып, жиенін ымдап бөлмесіне шақырды.

– Әпке, Арман ұйықтап жатыр екен ғой, мені жайша шақырдыңыз ба?-деді Елдос есіктен именіңкіреп кіріп.

– Жай сөйле,-деді Гауһар сұқ саусағын ерніне көлденең тигізіп.

– Арман оянып кетеді ме?-деді ол сыбырлап.

– Сенің кіргеніңді апам көрген жоқ па?

– Жоқ, бірақ күзетші көрді.

– Апам мен атам көрмесе болды. Елдос, сен «өскенде – барлаушы боламын»,-дейтін едің ғой, ол ойыңнан айныған жоқсың ба?

– Жоқ, папам: «сот боласың» дейді, бірақ менің барлаушы болғым келеді.

– Онда, сені сынап көрсем қайтеді?

– Жарайды, сынап көріңіз.

– Елдос, менің телефонымды апам тартып алып, Арман екеумізді көшеге шығармай қойды. Телефонымды, үйдің сыртқы кілтін қолыңа түсіре аласың ба?

– Ана күні Балнұрмен сөйлесіп жатқанымды есітіп қойып, менің де телефонымды алып қойған еді, ертесіне – ұрлап алдым. Сіздің телефоныңызды да солай алып беремін, ал, сырттың кілті – менің мамамда бар.

– Жарайсың, батыр – жиенім! Бірақ шатастырып, апамның гауһар тастармен көмкерілген, он бес мың долларлық телефонын әкеліп жүрме. Онда, басымыз бәлеге қалады. Бұл тапсырманы ертең кешке дейін орындасаң, түнде – күзетшілерге байқатпай, есікті ашып – бізді шығарып жібересің. Мақұл ма?

– Мақұл.

– Бірақ бұл құпияны ешкім білмеуі керек, мамаңа да айтпа. Ал, мынау – ауыз бастырғы,-деп Гауһар Елдостың қолына бес мыңдық теңгені ұстатты.

–  Рахмет, әпке,-деп Елдос ақшаны дембелшесінің қалтасына салып, шығып кетті.

                                                                    

                                                               IV                                                      

 

   Елдос қанша тырысқанымен екі күн бойы телефонды қолына түсіре алмай, әліптің артын бақты. Атасы мен апасының неше түрлі бопсасына тап болған Гауһардың жүйкесіне салмақ түсіп, Арманға көрсетпей, жуынатын бөлмеге тығылып, талай мәрте жылауына тура келді. Үшінші күні, түскі астан кейін телефоны қолына тиіп, құлағына; «кемпір-шал Таразға қонаққа бармақшы» деген сыбыс шалынды.

  Түн ортасына таяу оралған Берік пен Қыздығой Гауһар мен Арманның орнын сипап қалып, күзетшіні «жерден алып – жерге салып» жатты. Бұл кезде екі «тұтқын» анасымен қауышып, бірімен-бірі жарысып, бастарынан өткендерін  айтып отырған.

   Қатты ұйықтап, түске жақын оянған Гауһар аяқ жағында, тақыр кілемнің үстінде планшетін шұқылап отырған Арманды көріп: – Оу, батыр, қашан ояндың?-деді.

–  Бағана,-деп ойынға қызыққан Арман құлықсыздау жауап берді.

–  Шай іштің бе, үйде кім бар?

–  Жоқ, мамам да, Балнұр да кетіп қалыпты.

 Гауһар шай қойып, дастарханның қамын жасап жатқанда Мөлдір келді.

– Мама, жұмыстан келдіңіз бе?-деп Гауһар қуанып кетті.

– Жоқ, қызым, емханадан келдім. Арғы күні, сендерді қамауда ұстап отырғандарын есітіп, жұмыста ауырып қалғанмын. Бастығымыз қоярда-қоймай дәрігерге көрінуімді өтінген соң – бүгін барып келдім.

– Дәрігер не деді?

– «Жүйкеңіз шаршаған, мына дәрілерді бір апта ішіңіз» деп дәріқағаз жазып берді.

– Дәрілерді алдыңыз ба?

– Дәріні не қыламын, сендердің келгендерің – дәріден мың есе артық емес пе.

– Жоқ-жоқ, болмайды, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау қажет.

– Мақұл, түстеніп алайық, сонан соң барып – аламын.

– Мама, Балнұр қайда кетті?

– Ол – мектеп бітірушілердің соңғы қоңырауына кетті.

– Үлгерімі жақсы ма?

– Өте жақсы. Бірақ ана күні апаң мектеп директорына барып: «Балнұрды мектептен шығарып жібер, айтқанымды орындамасаң – ісім сенімен түседі» деп қоқан-лоққы көрсетіпті. Ара түскен ұстаздармен жанжалдасып, қырып-жойып бара жатқан жерінен мектеп директоры: «Апай, мектебіміздің мақтанышы болып жүрген қызды қалай шығарамыз? Анық біреуді шығаруымыз керек болса, онда, өзіңіз жалынып-жалпайып кіргізген, жүйке ауруларының тізімінде тұратын қызыңыздың – қызын шығарайық» деп әрең тоқтатыпты.

– Масқара, апамның істемейтіні жоқ екен ғой. Мама, сіз де абай болмасаңыз болмайды. Атам мен апамның ештеңеден тайынбайтынына көзім әбден жетті.

– Менің көзім баяғыда жеткен, бірақ сендерді тірі жетім қылмайын,-деп осы уақытқа

дейін шыдап келдім. Шыдамның да шегі болады екен, еш болмағанда Ақтоты екеуің отбасын құрғандарыңша шыдайын деп едім, болмады. Мыналар түтіп жейтін түрі бар.

– Жетім қозы отыға келе жетілмей ме, біз де қысылып-қымтырылып жетілер едік қой.  Баяғыда неге ажырасып кетпедіңіз, осыншама қорлыққа шыдағанша?..

– Сендер мені түсінбей қалады ма, дедім ғой.

– Арман болмаса, қалғанымыз түсінетін жастамыз ғой. Шет елге оқуға кетіп қалмағанымда, апам мені осы күнге дейін «жынды» етіп тынатын еді. Аурасы – адам төзбестей ауыр, соның қасында жүрсем – әл-дірмәнім құрып, көзім қарауытып ауыра беремін. Апам – «энерговампир» ма?-деп ойлаймын. Сіздің не істемек ойыңыз бар?

– Қандай болғанда да, ол отбасына қайтып бармаймын. Жаратқан Иемізден медет сұрап,  пешенеме жазылғанын көрермін.

– Олар Сізге қастандық істеп жүрмей ме?

– Опасыз адамдардан бәрін күтуге болады, бірақ Құдайдың көзі тура болсын. Олар да, Қоқанбек те Құдайдан күшті емес шығар?..

– Айтпақшы, екі күн бұрын Қоқанбек атама келіп-кетті.

– Оның жүрмейтін, араласпайтын жері жоқ.

– Мама, Ақтоты байланысқа шықты... О-хо!.. Оған да жетіпті ғой апам. Пәтерден қуып  жатыр екен. Қандай кеңес береміз?

– Қуып жатырса – киім-кешегін жинастырсын да, арзандау қонақ үйге шықсын. Екі эмтиханы ғана қалды ғой, ақша саламын. Әйтпесе, апаң ұшып барып, түн ортасында сүйреп шығарудан тайынбайды. Ендігі оқу жылында жатақханада-ақ жатар. Қайтейін, өстіп – немерелерінің бәрін өздерінен суытып жіберетін болды...Оларға – ақша болмаса адамның керегі жоқ-ау,-деп Мөлдір көкірегі қарс айырылғандай ауыр күрсініп, көзі жасаурап, сылқ етіп орындыққа отыра кетті.

 Арман ойынын тастай салып: – Мама, кім тиісті саған?-деп жүгіріп келіп мойнына асылды.

– Маған ешкім тиіскен жоқ құлыным, апаң – Ақтоты әпкеңе ұрысқан екен, соған – аздап ренжідім ғой,-деп оны қапсыра құшақтап, бетінен сүйді.

– Біз сияқты қашып кетпей ме?

– Ол да қашайын деп жатыр екен.

– Мен дәу жігіт болғанда – полицей боламын да, мыстан кемпірді зынданға қамап тастаймын.

– Мыстан кемпірің – кім?

– «Ведьма».

– «Ведьмаң» – кім?

– Апам.

– Қой, үйтіп айтпа, есітіп қойса – ұят болады. Оның үстіне ол – папаңның анасы ғой.

– Мама, Арман екеуміз де әлі нәр татқан жоқпыз, шай дайын – ішейікші,-деп сөзге Гауһар араласты.

– А, тоңазытқышта сүт бар еді ғой, соны ішіп алмадыңдар ма?

– Екі-үш күн ұйқымыз шала болған соң – ұйықтап қалыппыз. Арман, саған бір шыны сүт жылытып қойдым, ішесің бе?-деді Гауһар інісінің басын сипап.

– Ішемін,-деп Арман ыдыстағы сүтті сіміріп салып, ойынын жалғастыруға кетті.

– Мама, атамның – Астанада жас тоқалы бар екен,-деді Гауһар, сыбырлай сөйлеп.

– Қойшы,-деп аң-таң болған Мөлдір бетін шымшыды.

– Шын айтамын, сенсеңіз де, сенбесеңіз де...

– Кімнен естідің?

– Апам айтты.

– Апаң шамалап айта береді, қауесет шығар?.. Жетпіске таянған ауру шалға – жас тоқалдың не керегі бар. Апаңның өзі – одан он жас кіші ғой.

– Бұрынырақ алған шығар, себебі, атам қарсы уәж айта алмай – бізді шығарып жіберді.

– Онда, әкең – әкесінен тәлім алған екен ғой.

– Бірақ, апамның айтқаны рас болса, аларын – алып болған тоқал, қазір атамды есігінен де қаратпайтын көрінеді.

– Жалғанды жалпағынан басып жүргенде пайдаланып қалған екен ғой, онда.

– Жаман пайдаланбапты, Астанадан пәтер, көлік және сән үйін алып берген екен.

– Еңбексіз кірген ақша – есепсіз шығады ғой сөйтіп. Атаң – бір кәсіпкерсымаққа бір жарым миллион долларды айналымға беріп, екі-үш ай пайызын алып, артынан ізін таппай қалғанда да – қылы қисаймаған. Тоқалдың қылығы де қылын қисайта қоймас.

– Енді, ажырасуға әрекет жасайсыз ба?

– Ия, адвокат жалдадым. Ол – бідің отбасына қарасты жылжитын-жылжымайтын мүліктердің – кімдердің атына тіркелгенін анықтап болды. Енді, ажырасуға қажетті құжаттарды жинап, арызды сотқа өткізу қалды.

– Сіздің атыңызға тіркелген мүлік бар ма екен?

– Несиеге алынған көліктен басқа ештеңе жоқ.

– Папамның ше?

– Оның атында бұрын бес-алты жылжымайтын мүік, төрт жеңіл көлік болған екен.

Қазір, өзіміз тұрған екі қабатты ескі үй мен бір «джип»көлігі ғана бар.

– Папамның кем дегенде он мәшинесі бар емес пе, оларды – басқа біреулердің атына тіркеген бе, сонда?

– Ия. Атына тіркелген бір пәтерді, нотариальдық кеңсе мен бір көлікті сыйға беріп, қалғандарын сатқан.

– Осының бәріне сіз келісім бергесіз бе?

– Жоқ, әкеңнен соншама сыйлық алып, Дубайда бірге жүрген нотариус әйелге – менің келісімімнің қажеті қанша?..

– Сіздің қолыңызды қойып жібереді ме, сонда?

– Қойғанда қандай, өзің де ажырата алмайтындай етіп қояды.

– Экспертизаға жүгініп, сотқа бермейсіз бе?

– Онда, экспертке де сыйлық беріп, мені – арызқой етіп көрсетіп, абройымды айрандай төгуі мүмкін ғой.

– Сіздің айтқаныңыз да дұрыс шығар, бірақ өзіңізге тиесілі мүліктік үлесіңізді қайтіп алмақшысыз, онда?

– Маған олардың дүниесінен көк тиын да керегі жоқ, бір баспана әперіп – басыма бостандық берсе, сендердің келешектеріңе кесірін тигізбесе болды.

– Солай ететініне сенесіз бе?

– Олай етпесе, заңның аясында күресуіме тура келеді.

– Арманның атына да ештеңе тіркемепті ме? Папам: «бұл – Арманның резиденциясы» дейтін еді ғой, жаңа салынған, саунасы мен үлкен бассейні бар үйді.

– Оны – Қоқанбектің атына тіркетіпті. Атаңның былтыр қайтыс болған ең үлкен әпкесін білесің ғой, Арманға сол кісі – біздің үйдің іргесіндегі төрт қабатты үйді сыйлап кетіпті.

– Жынды ма, Қоқанбектің атына неге тіркеген?..

– Оны аз десең, бес қабатты қонақ үй мен екі тойхана да соның атына тіркеліпті.

– Атамның есі ауысқан шығар?.. Әйтеуір, менің пәтерім Қоқанбектің атында емес пе екен?

– Қорықпай-ақ қой, ол – өзіңнің атыңда, оны – Ақтөбелік бір азамат сыйлапты ғой.

– О-хо, атамның Ақтөбемен де байланысы бар екен ғой. Ал, көлікті –Астаналық кәсіпкер сыйлаған екен. Сыйлаған кісілер – сыйлығын қайтарып алып қоймайтын шығар?..    

 – Сыйлаған адамы нашақорлыққа, немесе азғындық жолға түскен жағдайда, қайтарып алу мүмкіндігі туындайтыны – заңда қарастырылған.

– Т-фу, т-фу... Ондайдан – Құдай сақтасын! О, Ақтоты хабарлама жазып жатыр,-деп Гауһар телефонын қайта қолына алды.

– Не дейді сіңлің?

– Жиналып жатыр, пәтердің кілтін күзет бастығына тапсырып, таксимен бірге оқитын Майра деген құрбысының үйіне барады екен.

– Ия, ондай құрбысы бар, Түгелбаевтің қызы ғой. Мектепте де бірге оқыған.

– Жақсы болыпты ғой, ата-анасын танитын ба едіңіз?

– Әкесін танимын, бізде прокурор болып қызмет атқарады,-деп Мөлдір езуін жиғанша, сыртқы есік шиқылдап ашылып, көңіл-хошы жоқ Балнұр кіріп келді.

– Не болды қызым, көңіл-күйің жау шапқандай-ақ түсіп кетіпті ғой?-деп Мөлдір орнынан тұрып, қарсы жүрді.

– Соң-ғы қоң-ыр-ау біткен кез-де, ап-ам мек-теп-тің ал-дын-да ұс-тап ал-ып,

жұрт-тың кө-зін-ше  ұр-ыс-ты,-деп сөздерін үзіп-үзіп айтып, өкпесі қара қазандай болып келген Балнұр булығып жылап жіберді.

– Қой, жылама жарқыным, мына екеуіне деген ашуын – сенен алғаны ғой,-деп Мөлдір қызын құшақтап, басынан сипады.

– Ұрыспақ түгілі, бізді екі-үш күн қамап қойғанына да – шыдадық қой. Апаңды бірінші рет көріп отырған жоқсын ғой, несіне жылайсың?-деп Гауһар да жұбатпақ болып, арқасынан қақты.

 Балнұрдың неге жылап тұрғанына аса түсінбеген Арман да қасына келіп:

– Тиіскен баланы папам келгеннен кейін айтып беремін, ол – оның көкесін танытады. Жыламашы, бұдан былай сені де әпке деймін,-деп шыр-пыр болды.

– Мақұл, енді жыламаймын, сен үлкен болған кезде – бізді қорғайсың ғой ә,-деп Балнұр анасының құшағынан босанып, інісін құшақтап бетінен сүйді.

– Әрине, жігіт болған соң әпкелерін қорғайды, менің құлыным. Балнұр, жуынып кел де, дастарханға отыр. Әңгімеңді сол жерде айта берерсің,-деп Мөлдір асханаға беттеді.

– Мама, менің тамақ ішкім келіп тұрған жоқ, далаға шығып ойнасам бола ма?- деді терезеден доп қуған балаларға көзі түскен Арман.

– Ойнай ғой, бірақ өте сақ болып жүр, ана күнгідей біреулер алып кетіп қалмасын.

– Ерсін тәте келсе – үйге қарай қашамын енді.

– Ерсіннен басқа да із кесушілер бар, сол үшін балалардан бөлініп шықпа, біреу алдап

шақырса – барма.

– Мақұл, мама,-деп Арман анасының бетінен шөп еткізіп сүйіп, далаға шығып кетті.

– Ал қызым, енді айта бер, апаң не үшін ұрысты?

– Не үшін екенін білмеймін, әйтеуір білегімнен ұстап алып – аузына келгенін айтты.

Есімде қалғаны: «шешеңмен бірге – жетісіп жүрген шығарсың, енді өлсеңдер – өліктеріңді де іздемейміз» деген сөздері ғана.

– О, тоба, Құдайдан да қорықпағаны ма?.. Кімнің бұрын өлері – бір Алла Тағалаға ғана аян емес пе. Біреуге өлім тілегенше – өзіне, бала-шағасына өнегелі өмір тілемей ме, бейшара,-деп Мөлдір көзінің жасын бір сығып алды.

– Қойшы, мама, соның – сөзі кім, өзі – кім?.. Жүйесіз сөз – жүйкеңді жұқартып, көңіліңді бұзуға тұрмайды. Одан да, Балнұрдан – қайтіп құтылғанын сұрамайсыз ба?-деді Гауһар.

– Сол жерде жүрген екі полицей жүгіріп келіп – ажыратқан еді, апам – солармен ұрсып жатқанда, мен қашып кеттім,-деді Балнұр, тура бір ерлік жасаған адамдай масаттанып.

– Тұра қашқанша, алысырақ барып тұрып – оқиғаның барысын бақыламадың ба?-деп Гауһар күлді.

– Қойшы соны, өзім бірге оқитын сыныптастарымнан, сынып жетекшісінен ұялып, оларға да қарамай кеттім.

– Гауһар, «бәледен – машайық қашыпты»дегендей, бұл қыз дұрыс істеген, күлме. Апаң мен атаң қадалған жерінен – қан алмай қоймайтын кекшіл адамдар. Сол үшін бәріміздің сақ болғанымыз абзал, әсіресе Арманды көздеріңнен таса қылмаңдар. Бір аптаның ішінде ізімізді аңдытуға салып қойған – бес мәшиненің нөмірлерін жазып алдым, ал, менің байқамағанымның қаншау екенін білмеймін. Жұмысқа қай уақытта барып, қай уақытта қайтатынымнан, қай жерге соғып – кімге жолыққанымнан, қай емханаға барып жүргенімнен хабар алып отырады. Балнұрдың бүгін мектептегі ісшарада жүргенін де – солардың бірі хабарлаған ғой. Бірақ алдын-ала білмегені қандай жақсы болған, әйтпесе ісшараның үстінде ұрыс шығарып, мерекенің де берекесін алар еді.

– Мама, аңдушылардың бар екенін қалай білдіңіз?-деді Гауһар таңданып.

– Қызым-ау, мені соны сезбейтіндей – сорлы, көрмейтіндей – соқыр дейсің бе? Оның үстіне қызмет бабында қаншама құйтырқы істерді қарап – жинаған тәжірибем бар.

– Атамның тәжірибесі сізден де көп емес пе?

– Көп болған соң – көп мәшине қойып отырған жоқ па, бір-екеуін ғана қойса – тез білініп қалар еді. Көп мәшине дембіл-дембіл ауысып тұрғандықтан – байқау қиын.

– Дегенмен, қалай анықтағаныңызды – айтып беріңізші, біз де сақтанып жүрейік.

– Қайда барсаң да артыңнан ілесіп отырса, кіріп-шыққан жеріңде – кездесе берсе, тоқтаған жеріңнің маңына келіп тоқтаса – ізіңді аңдушы екені айдан анық емес пе. Кездейсоқтық шығар деп, бірнеше мәрте темір жол вокзалына, әуежайға да әдейі барып, дүкендерге де кіріп көрдім. Шықсам – менің көлігімнің маңында сол мәшинелердің бірі міндетті түрде тұрады, жүрсем – артымнан ілеседі.

– Сондағы мақсаттары не екен?-деп Гауһар күрсінді.

– «Қайда барсаң да – бізден құтыла алмайсың» дегені ме, әлде, қаралауға – бір ілік іздегені ме, жоқ, әйтеуір жүйкемді жұқарта беру ме?.. Ол жағын өзім де түсінбей

жүрмін,-деп Мөлдір иығын қушыйтты.

   Бір аптадан кейін Ақтоты эмтихандарын ойдағыдай тапсырып, Майра екеуі самолетпен ұшып келді. Әуежайдан Майраны күтіп алған әкесі – оны да жол-жөнекей жеткізіп салды. Жұмыстан келсе – қыздары дастарханды жайнатып жайып қойған екен. Атасының облыстық соттың төрағасына кіріп: «Есебін тауып –  қызметтен аласта» деген сөзі құлағына тиіп, жабырқап келген Мөлдір бала-шағасының түгел бас қосқанын көріп – көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. Ақтотыны қапсыра құшақтап тұрып: – Қызым – қырмызы қызғалтағым менің, әбіржіп қалған жоқсын ба?-деп екі бетінен алма-кезек сүйді.

– Мама, мен үшін уайымдамай-ақ қой, бәрі – «о,кей» деді Ақтоты күліп.

– Жарайсыңдар, тамақ та пісіріп қойыпсыңдар ғой,-деп Мөлдір буы бұрқырап жатқан қазанның қақпағын ашып көрді.

– Ия, Ақтоты: «бұқтырма жегім келді» деген соң кешегі әкелген қойдың етінен

бұқтырдым, пісіп қалатын уақыты болды,-деді Гауһар.

– Айтпақшы, Арман қайда?-деп Мөлдір жан-жағына алақтап қарады.

– Ол, далада ойнап келіп, жатын бөлмеге кіріп ұйықтап қалыпты.Оятайын ба?-деді Балнұр құлшынып.

– Әрине оятасың, төрт көзіміз түгел отырып жейік те,тамақты.

– Мама, былқ-сылқ етіп тұрғысы келмейді, ұйқысын аша алмай жатыр. Мұздай су құйып жіберейін бе?

– Тәйт ары, шошытасың. Біраздан кейін өзім барып – оятып әкелемін, сен отыра бер. Ол жоқта айтатын бір жаңалық бар.

– Жақсы жаңалық па?-деді тамақты оттан түсіріп жатқан Гауһар.

– Жақсы ма, жаман ба – білмеймін, желігі тарқап – кеше әкелерің үйге оралыпты.

– Бұл жаңалықты Арманға айтпай тұра-тұрайық, есітсе – барамын деп қиғылық салар?..

– Жолықтыңыз ба?-деді Ақтоты шыдамсызданып.

– Жоқ, шабарманы келіп-кетті.

– Не дейді?

– Не деуші еді... Әкесі құлағына құйып жіберген жаттанды сөздер мен қоқан-лоққыдан басқа не түседі дейсің аузына, ол –жазғанның. Оның жаттанды сөздерінің әріпін ауыстырмай айтып келген шабарманына – түпкілікті шешімімді мен де айтып жібердім.

– Мама, бізде де жаңалықтың көкесі бар,-деді Гауһар орындыққа жайғасып жатып.

– Көкесі болғанына қарағанда, маңызды жаңалық болғаны ғой, айта отыр, онда.

– Бағана, Ақтотыны күтіп отырған кезде атам үш мәрте телефон шалған еді, мен сөйлеспей қойдым. Сонан соң: «айналайын, қызым, маған шұғыл телефон соқшы» деп жалынғандай болып хабарлама жазды. Ары ойланып, бері ойланып телефон шалған едім:  «өлер шағымда мені – бәрің тастап кеттіңдер, отанымның отын жағып, түтінін түзу шығарар,-деп сенген келінім де ат құйрығын кеспекші. Мамаңа түсіндіріп, ертіп келші маған» деп еңкілдеп жылады.

– Бұл – спектакль емес пе, қызым? Ол кісі – әртістіктен де құралақан емес. Менің үстімнен бастығыма шағым айтады, істерін қараған тараптарға Жоғарғы сотқа арыз жаздырады, ол аз дегендей артыма аңдушылар салып – өсек таратады. Жағдайды әбден ушықтырып алып, енді кездесуге шақыратыны қызық екен... Саған келіп-кет десе бір сәрі, ал, мені ертіп кел дегені – қисынға келмейді.

– Мамам бармайтын шығар?-деп мен де айттым.

– Сөйтсең – не дейді?

– «Қайтып келсе – қарыздарынан құтқарамын, ешкімге сөйлетпеймін, тигізбеймін» деген сияқты, әбден жауыр болған сөздер.

– Басқа ештеңе айтпады ма?

– Ақтотыны сұрады, айтпақшы, апам – оны іздеп Алматыға кетіпті.

– Бұны да Балнұр сияқты – жұрттың алдында масқараламақша ма екен?

– Жоқ, атамның айтқаны рас болса, пәтерге қайтармақшы екен.

– Өзің ше, барамын дедің бе?

– Жылап тұрғаннан кейін аяп кетіп, қамап қоймайтын болсаңыз ғана – барамын дедім.

– Дұрыс, қамап көрді ғой, енді қамамайды. Ертең хабарласып, Ақтотыны ертіп бар.

Екеуің де кәмелет жасқа жеткенсіңдер, сондықтан өз ойларыңды айтып, өз құқықтарыңды – өздерің қорғап, өздерің шешім қабылдаңдар,-деді. Осы кезде:

– Мама, жұмыстан келдің бе?- деп Арман ұйқысынан оянып келіп, анасының мойнына асыла кетті.

– Ал, қыздар, енді анау-мынау әңгімені доғарып, тамақтануға кірісейік,-деді Мөлдір Гауһарға бетін бұрып.

   Шаршап келдім,- деп Арманды қасына алып, ертерек жатқан Мөлдірді біразға дейін баласы: «Үйге қашан қайтамыз? Бассейнге түскім келді, папам қашан келеді?»-деген сияқты сұрақтармен мазасын алып жатып, пысылдап ұйықтап қалды. Баласының құшақтаған қолын абайлап босатып, Мөлдір оң жамбасына аударылып жатты.

 

                                                                                                                                 

                                                            V

  

Мөлдірдің ажырасуға берген арызын сот алты айға дейін сағызша созып барып қанағаттандырды. Кәмелетке толмаған қызы – Балнұр мен ұлы – Арман анасымен қалады,-деген шешім шықты. Мұрат адвокаты арқылы: «Қарыздарынан құтқарамыз, қалаған жерінен пәтер алып береміз, қыздардың оқуының қаржысын өзіміз көтереміз, мүлік пен алимент дауламай-ақ қойсын» деген соң Мөлдір сотқа қайтып арызданбады.

Айтса-айтқандай, көп кешікпей қарыздарын жабатын отыз мың доллар қолына тиіп, уәде еткен пәтерді де әперетін шығар,-деген үмітпен жүргенде Балнұр мектеп бітірді. Мөлдірдің қылығына қитыққан Қыздығой бұрын Беріктің жүргізушісі болып қызмет атқарған, тұрмысы төмен Жарастың жұбайы Бәтешке: – мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына ілінбей қалған қызың – Сәулені Мұратқа бер, өзіміз оқытамыз, үлде мен бүлдеге бөлейміз,-деп қолқа салып жүргенде, қыз сүйген жігітіне қашып кетіп, бармағын тістеп қалды. Оның үстіне Берік облыстық мәслихаттың депутаттығына өзі туылған ауданнан түсіп, пәрменді партияның атынан түскен отыз жасар жас жігіттен ұтылғаны ауыр тиді. Алдын ала ауыл-аймақтың дуалы ауыз деген ардагер-ақсақалдарына шай беріп, шапан жауып, қалталарына конверт салған әрекетінің

нәтижесі мардымсыз болып шықты. Жеңілгенін мойындамай дауласып, басына бәле тілеп алды. «Қаз ашуын тырнадан алады» дегендей, Берік бір күні Гауһар мен Ақтотыны шақырып алып: – Шешелеріңмен де, нағашыларыңман да бұдан былай араласпайсыңдар, себебі, олар біздің ата жауымыз. Егер араласып жүргендеріңді сезсем – менен жақсылық күтпеңдер. Оқуларыңды да төлемей, дүние де бермей шешелеріңмен бірге қаңғыртып жібереміз,- деп жер тепсінді. Көз жастарын көлдетіп, қарсы уәж айта алмай булығып отырған екі немересін сілкілеп жатқанда, Беріктің сойылын соғатын «Шыншыл» газетінің редакторы Жұбаныштың әйелі – Пернекүл кірді де, ебіл-дебіл жылап отырған қыздарды көріп аңтарылып тұрып қалды.  Немерелеріне «кетіңдер» дегендей белгі берген Берік: – Кел қалқам, Жұбаныштың үйіндегі келін емессің бе, отыр мына жерге,-деп дауыс ырғағын жұмсартып, босаған орындықтарды нұсқады. Еңсесі түсіп, қабағы іскен әйелдің жайшылықпен келмегенін бірден түсініп: – Қабағың қатулы ғой, тыныштық па, келін?-деді Берік ештеңе білмейтін адамдай мүләйімсіп.

– Тыныштық болмай тұр аға, соттан келе жатырмын. Күзетшілеріңізге айтып қоймасаңыз, жалынып-жалпайып әзер кірдім ғой үйіңізге.

– Ия, ол жақта не болып жатыр?-деді Берік сөзінің соңын естімеген адамдай.

– Не болушы еді... Прокурор он жыл сұрап, судья се-гіз жыл-ға ке-сіп жі-бер-ді.

– Жыламай – жөндеп түсіндірші, неге бірден сегіз жыл беріпті?..

– Екі жыл бұрын сіздің «жауларыңыз» арызданып – үш жыл шартты мерзім алғаны бар емес пе еді, сол да бетіне шіркеу болды. Сіздің «дайындадым» деген сот төрағасы табан астында демалысқа шығып кетіп, қа-пы қал-дық қой. Ен-ді не іс-тей-міз? Сіз-ге құ-дай-дай сен-ген е-дік қой. Сіз ү-шін ол от-қа да, су-ға да түс-кен жоқ па еді. Басқа-басқа, сай-лау-ға түс-кен-дер-ге күйе жа-ғып  несі бар еді. Сіз ү-шін күй-іп кетті ғой ар-ыс-ым. Ен-ді шет-тей бала-шаға-сын кім асыр-айды,-деп еңкілдеп жылаған Пернекүлді сабырға шақырып: – Болды келін, жылап-сықтағаннан ештеңе өнбейді.

Әлі де кеш емес, апеляцияға береміз, одан болмаса касацияға жүгінеміз.

Ана, дайындаған иттің баласы демалыс алып, қайда кеткенін қарындасымызға да айтпай, телефонын да өшіріп, жоғалып кетті ғой,-деп Берік күрсінді.

–  Облыстағылар да сізді тыңдайтын шығар, арашалап алыңызшы.

–  Уайымдама қалқам, құтқарып алуға бар күшімді саламын. Қорғаушысына айтыңыз,  маған келіп жолықсын. Өзің жылап-сықтай бермей, бала-шағаңа бас болып, сабыр сақта. Ешқайсыңды да далаға тастамаймыз. Енді бұл жерге келе бермей, телефон арқылы ғана хабарласып тұр, көзге түсе берудің қажеті жоқ,-деп Берік есік жақты нұсқағандай болып қолын созды.

–  Отырғысы келмесе жиырма миллион теңге айыппұл төлеуге тиіс екен.

–  Заңға жаңа түзетулер енгізілгелі бері салынған айыппұлды белгіленген  мерзімінде төлесе – басына бостандық беріледі, бірақ сотты болғаны шартты түрде сақталады.  Бірақ жиырма миллион теңге аз ақша емес, төлей алатын мүмкіндігің бар ма?

–  Мен – бейшарада ондай мүмкіндік қайдан болсын? Сенеріміз де, жебеушіміз де – Сіз емессіз бе?!. Ол – Сіз үшін отқа түсті ғой.

–  Жарайды, сен қайта бер келін, істің толық мән-жайын қорғаушыдан біліп – әрекет жасармыз. Мүмкіндігінше шығын шығармай босатып алудың жолын қарастырамыз.

–  Сөйтіңізші аға, біздің сізден басқа бас көтерер ешкіміміз жоқ қой,-деп Пернекүл

орнынан тұрып: – Сау болыңыз, қуанышта жолығайық,-деп есікке беттеді.

Пернекүлді шығарып салғаннан кейін Берік мына жағдайдан шығатын жол іздеп, ойға

шомып отырғанда тау қопарып келгендей масайраған Қыздығой кірді.

–  Уа, менің арыстанымның арқасы құрысып, еңсесі түсіп кетіпті ғой, тыныштық па?

–  Көңілдісің ғой, қайда барып келдің?

–  Есесіне сенің көңілің құлазып қапты, мені сағынып қалған жоқсын ба?

–  Ия, сағыныштан сарғайып отырмын,-деп Берік мысқылдап күлді.

–  Мен – ана оңбаған Саматтың үйіне барып, қарындасыңның біраз шаңын қағып келдім. Қызметке қойып, кісілікке жеткізген саған опа бермеген адам – кімге опа береді дейсің. Байының қайда жүргенін білмейтін қарындасың да шірік қой. Ұлдарың ер жетті, қыздарың бой жетті, енді сені жау алмайды, ажырас қызыл көз бәледен,-десем;  жылайды көзің ағарғыр. Екі қызы қосылып жылап, Саматтың аузынан түскендей қалқан құлақ қыршыны: «менің әкеме тіл тигізбеңіз» деп өзіме дәп қылды.

–  О-хо! Жауды жапырып келіпсің ғой,-деп Берік аха-халап күлді.

–  Неге күлесің, сенің арқаңда жетіліп алып, тапсырмаңды жүре тыңдап, жеме-жемге келгенде қашып кеткені дұрыс па?-деді Беріктің дарақылау шыққан күлкісі шамына тиген Қыздығой.

–  Ол – байқұс қашайын деп қашты дейсің бе? Менің тапсырмамды орындауға мүмкіндігі болмай, көзіме көрінуден қорқып кетті ғой.

–  Неге мүмкіндігі болмайды?.. Кезінде сен талай адам өлтіргенді де тозақтан суырып алған жоқсын ба, олардың қасында Жұбаныштың ісі түкке тұрмайды ғой.

–  Ол заман келмеске кеткен. Сот саласы реформаға ұшырап, қазір талап күшейген. Оның үстіне Жұбанышты сотқа ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болып тұрған партияның өкілдері берсе, ол – қайтеді. Жалмауызға да жан керек емес пе? Екі оттың ортасына қалғаннан кейін қашпағанда не істейді.

–  Қолынан келмейтінін неге түсіндіріп айтпай, қашып кетеді?

–  Айтуын айтты ғой, бірақ мен қайткенде де шартты жаза кесіңдер,-деп алқымынан алған едім. Бірақ оған екі жыл бұрынғы алған шартты жазасы көлденең тұрып, мүмкіндік бермеген ғой. Ол жағы менің есімнен шығып кеткен екен.

–  Ойда-қырда сен кінәлі болып шықтың ба, сонда?..

–  Иә, мен де періште емеспін. Сол үшін қайынсіңліңнен тезірек барып кешірім сұра, Саматқа сенің барғаныңды айтпай-ақ қойсын.

–  Айтса – айта берсін, айтылған сөз – атылған оқ дейтін едің ғой өзің. Самат мені көшіріп жібере ме, неге мен оның алдына кішіріп баруым керек екен?

–  Ел-жұрттан ұят болады, қырсыға берме.

 – Ұяттан өлген адамды көрген жоқпын, бармаймын, қажет болса өзің бар қарындасыңа,-деп Қыздығой орнынан ұшып тұрды.

–  Мейлі, бармасаң бармай-ақ қой, бірақ шошаңдамай отыршы, әлі әңгіме біткен жоқ. – Ал, отырдым, тағы қандай маңызды әңгіме бар еді?-деді Қыздығой.

– Жаңа, сенің алдыңда Жұбаныштың әйелі жылап-сықтап келіп, күйеуінің сегіз жылға сотталғанын айтып кетті.

–  Біразға созылады деп едің ғой, қалай болғаны?..

–  Тергеушілер жақсы жұмыс істеген болуы керек, жылдамдатып жіберіпті ғой.

–  Енді не болады, құтқара алмайсың ба?

–  Қорғаушысын күтіп отырмын, ақылдасып көрерміз. Жоғарғы санаттағы соттар

шешімді өзгертпесе амал жоқ айыбын төлеп құтқаруға тура келетін шығар?..

–  Айыбын төлесе шығара бере ме?

 – Ия, бірақ көп ақша төлеу қажет.

–  Көп болғанда қанша?

 – Жиырма миллион.

 – Доллар ма?

 – Не, шошып кеттің бе? Қорықпай-ақ қой, өзіміздің сабан ақша.

–  Е-е, теңге болса, бар шығар жинағаны?

–  Қайыршының күнін кешкен журналисте қайдан болсын ондай ақша.

–  Енді не істейді, қамалып кете бере ме?

– Жоқ, құтқарып алуымыз керек.

– Неге біз құтқаруымыз керек? Онсыз да оған істеген жақсылығымыз аз емес қой. Ең ақыры сол үшін бүгін сенің ағаңның қызымен ұрсып келген жоқпын ба. Өзінен көрсін, сенің: «бетіне, жүзіне қарамай өткір жазатын – батыр журналиссің» дегеніңе бөркі қазандай болып, құлағымен есіткендерін көзімен көріп, зерттеп-зерделеп жазбаған.

– Кешегі абыр-сабыр науқанда оның баспаға дайындаған мақалаларын түгел сүзгіден өткізіп отыруға менің мұршам болмады. Артық қыламын деп жүріп – тыртық қылып, арандап қалған себебі сол.

– Парламент болса бір сәрі, осы сайлауға түспей-ақ қойғаның жақсы еді. «Кісілікке, шаруашылықты алға сүйреуге, қорғауға қажет» деп менің айтқанымды тыңдамадың ғой. Ақыры не болды, қаншама шығын шығарып, күндіз-түні бір тынбай – табаныңды тоздырып, алысып-жұлысып – жүйкеңді жұқартып жүріп бекерге абройыңа нұқсан келтіріп алдың. Келіндердің қылығы, сайлаудың сарсаңы аздай екі айдан бері мына журналистің ісі қабаттасқанын қарашы.

– Баяғыда «әкемнің өлерін білгенде – талқанға сатар едім» деген екен аштан

бұратылып жатқан бір бала. Мен де мұндай боларын білмей қалдым.

– Істі бұздыра алмасаң – ананың айыппұлын төлемексің бе, сонда?

– Басқа амалым жоқ.

– Онда, өзің тауып төле, мен бір тиын да бермеймін. Онсыз да сайлау-майлауыңа аз шығынданған жоқпын.

– Сонда, сенің атыңдағы ақшаның бәрі менің тапқаным емес, сенің тапқаның ба?

– Кімнің тапқаны емес, кімнің атында тұрғаны маңызды екенін білмейсің бе?

– Қыздығой, кемедегінің жаны бір дегенді ұмытпа. Қырсыға бермей ақылға жүгін. Ананың мойнына қылбұрау сала берсе – мені ұстап береді.

– Сен ештеңені мойындама, жала де.

– Маған қарата саусағын шошайтқанының өзі абройыма дақ салатынын түсінбей тұрсың ба?

– Сайлауда абройың онсыз да кіндігіңнен төмен түскен жоқ па, енді оны жапырақпен жабудың қажеті жоқ. Аброй деген – ақша емес пе, одан да соны бей-берекет шашпайық. 

– Біз үшін оттан да, судан да тайсалмай орға түскен балаға жаның ашымайды ма?

– Жаным ашығандықтан Қоқанбекті қосып алып, сен екеуіңнің шашпауларыңды екі ай көтеріскен жоқпын ба. Енді, жалаңаяқ журналистің ісіне бұдан былай араластырма.

Бір журналист сотталды деп жер кіндігінен ауытқып кетпес.

– Жарайды, оған бола дауласпай-ақ қояйық,-деп Берік Қыздығойдың тілі қышып тұрғанын сезіп, әңгімені осы жерден үзуді жөн көрді.

  Берік қанша тырысып, тыраштанғанымен Жұбанышқа кесілген  жазаның мәселесін түпкілікті шеше алмады. Жоғарғы санаттағы соттар жазаның жарты жылын ғана қысқартып, шешім күшіне еніп кетті. Өзінің бұрынғы әріптестеріне де, әйеліне де сөзін өткізе алмай бұрқан-талқан болып жүргенде қан қысымы шектен тыс көтеріліп, миына қан құйылып ауруханаға түсті. Дәрігерлер: – «инсульт»,-деп қортынды жасап, екі күн жансақтау бөлімінде ұстады. Тілі күрмеліп, оң қолы мен оң аяғы қимылсыз қалды. Беріктің ауруханаға түскені туысқандарын, әсіресе Қыздығойды қатты әбігерге салды. Бар дүниені уысында ұстауға дағдыланған ол; күндіз-түні Беріктің амандығын тілеп, құдайға жалынумен болды. Сайлау науқанына босқа жұмсалған үш жүз мың долларға іші күйіп жүргенде, мына қырсық төбесінен жай түсіргендей еді. Жатса да, тұрса да:  «шал анау-пынау боп кетсе, жұрттың атына рәсімделген мүліктерді қалай қайтарып аламын?» деген сұрақ ойын ойрандап, санасын тілгіледі. Берік зейнеткерлікке шыққаннан соң, әне-міне өз атымызға аударып аламыз,-деп жүргенде келіндердің қиғылығы басталды, енді, мына жағдай... Берік ауруханаға түскелі бұрын алдында құрдай жорғалайтын қайындары мен қайынсіңлілері де Қыздығойдың сөзін жүре тыңдап, қырын қарай бастаған. Тіпті, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Ерік: – Жеңеше, осының бәрі сенің тойымсыздығыңның кесірі, ағамның отбасын ойрандап біттің, осыдан ағама бірдеңе болса – ісім сенімен болады,-деп ашуланып, бұған қоқан-лоққы көрсетті. Аброй болғанда аурухананың ауласында у-шу көтерілгенін қаламаған Серік інісіне: «жап аузыңды» деп, дер кезінде тиып тастады. Беріктің туысқандарының ортақ ойы осы сарындас екенін іштей ұғынған Қыздығой тілін тістеп, бұл сөзге мән бермегендей кейіп танытты. Бірақ қайнысының сөзіне, оны іштей құптаған туысқандарының көзқарасына ыза болып, үйіне келген соң терісіне сыймай долданып, жылап-сықтап, біраз уақыт өзіне-өзі келе алмай, Беріктің туысқандарын қарғап-сілеп жатты. Бір кезде дүние-мүліктің көбі солардың атына тіркелгені есіне түсіп: «не айтса да сыр бермей қулыққа көшуім керек» деген шешімге келіп, орнынан тұрды. Қоқанбектің хабарсыз кеткенін де жақсылыққа жорымай басы қатты. «Қалайда Берікті аяғына тұрғызуым керек, еш болмаса дүние-мүлікті реттеп кетсін» деген оймен Алманияға апарып емдетуге белін буды. Дәрігерлердің: «ұзақ жолға алып жүру – қауіпті» дегеніне де қарамай, Мұратқа демалыс алдырып, ауылдан аудармашы жалдап, екі аптадан кейін жолға шықты. Науқасты тыңғылықты сараптамадан өткізген немістер Беріктің бауырынан да ақау тауып, «цирроз» екенін анықтады. Бұл дәрі-дәрмекпен емдеуге қосымша кедергі келтіріп, дәрігерлер түпкілікті жазылып кететініне кепілдік бере алмады. Дегенмен он күн ем-дом алғаннан кейін Беріктің беті бері қарай бастады. Осы уақытқа дейін ештеңемен ісі болмай, делқұлы болып жатқан ол – Қыздығойдан оны-мұныны сұрағыштай бастады. Бір апта әкесінің қасында болып, кеткеніне екі-ақ күн болған Мұратты, тілі анық келмесе де немерелерінің атын кезек-кезек атап, жағдайларын сұрайды, елдің хабарын білгісі келеді. Атасының ауырғанын естіп, Лондонда магистратурада оқып жатқан немересі – Гауһар келгенде қайта-қайта икемге көнетін сол қолымен бауырына тартып, бетінен сүйіп, біресе күліп, біресе жылап іңір қараңғысы түскенше жібермеді. Ертесіне, қоштасқалы келгенде де құшақтап, өксіп-өксіп ұзақ жылады. Оған қосылып немересі де көзінің жасына еге бола алмай егіле берген соң: – Қыздың көңілін босата берме,-деп  Қыздығой оның құшағынан Гауһарды қолынан тартып жүріп, әрең босатып алды. Ол шығып кеткеннен кейін: – Неменеге сонша еміршегің езіледі, сол қыз саған жаны ашып келіп отыр дейсің бе? Оқуының ақшасын төлеп, жағдайын жасап отырғаннан кейін амалының жоқтығынан келіп отыр дә. Осы қызды шығынданып магистратурада оқытпай-ақ қояйық дегенімді де тыңдамадың. Ертең оқуын бітіріп, қызметке тұрған соң кетеді байға тиіп. Бізді керек қылар дейсің бе, шешесі тұрғанда. Балнұрдың оқуға түскенін сылтауратып, жұмысын тастап, көшіп кетіпті келінің де Астанаға,-деді Қыздығой Беріктің қылығына қитығып.

–  Мө...Мөл-дій кө-шіп кет-ті ме?

–  Иә, бір апта бұрын көшіп кетіпті.

–  Пә-тей ә-пей-дің-дей ме?

–  Қарызынан құтқарған жоқпыз ба, пәтерді не үшін әпереміз? Көлігін сатып кетіпті, ақшасы таусылған соң иттей боп қайтып келеді өзі.

–  Ә-пей-е-міз де-ген е-дік қой.

–  Шығынымыз онсыз да көбейіп кетті, әпере алмаймыз.

–  Бе-кей о-лай іс-тей-сің, ә-пе-ю ке-йек,-деп айтып, бір жөткірініп алды да Берік жүрек тұсын сау қолымен сыйпалай бастады. Бір кезде «ох» деген оқыс дыбыс шығарып, сұп-сұр болып қимылсыз қалды. Зәресі ұшқан Қыздығой дәлізде отырған аудармашы қызға жүгіріп барып: – тез дәрігерін шақырт, Беріктің жаны қысылып жатыр,-деп айтты да, өзі не істерін білмей сасқалақтап, ішке бір кіріп, бір шығып жүрді. Көп күттірмей екі ақ желекті кісілер жетіп келіп, Қыздығойды дәлізге итермелеп шығарып жіберді. Олардың арттарынан себетінде дәрі-дәрмегі толы бір медбике жүгіріп кіріп, жарты сағаттан астам қайтып шықпай Қыздығойдың дегбірін

қашырды. Шыдамы таусылуға айналып, есікке ұмтыла бергенде дәрігердің бірі

шығып, Қыздығойдың қасында үрпійіп тұрған  аудармашыға бір-екі ауыз тіл қатып, қайтып кіріп кетті. Дәрігердің айтқандарын ой елегінен өткізуге де мұрша бермей:

– Не деп кетті ана неміс?- деп Қыздығой жағаласты.

– Әпке, жүрек талмасы екен, жансақтау бөліміне қайта жатқызбақшы. Ол кісіге қазір тыныштық керек екен, сол себептен бір-екі күн бізді кіргізбейтін көрінеді.

– Мм... Жетпегені осы еді,- деді де Қыздығой қайтып жақ ашпай дәліздегі орындыққа басын ұстап сылқ етіп отыра кетті. – Не істесем екен?-деп ойланып бие сауым уақыттай тапжылмай отырды. Бір кезде орнынан оқыс тұрып, сөмкесінен телефонын қолына алып амандық-саулық сұрасқаннан кейін: – Мұрат, әкеңнің жағдайы жақсы емес, бұл жерде жатқыза беру – өте қымбат екен, алып жүруге жараса – ауылға алып кетейік, мүмкіндік тауып кел,-деді.

  Мұрат әрең дегенде ақысыз демалыс алып, араға бір апта салып жетті. Әбігерге түсіп, үшеулеп жүріп Берікті Астанадағы жүректі емдейтін ауруханаға жеткізді.

  Ойын аудармашысыз айта алатын өзінің еліне келген соң Қыздығойдың күпті көңілі көншігендей болып, Мұраттан ауыл-айналадағы жаңалықтарды сұрастыра бастады. Хабар-ошарсыз кеткен Қоқанбек есіне түсіп: – Балам, жілік ұстасып – аға болған «әкәңді» көріп тұрасың ба?-деді сыр тартпақшы болып.

– Ондай «әкәнің» – атасына нәлет!-деді Мұрат ашуға шыдай алмай.

– Не болды, ұрысып қалдыңдар ма?

– Мама, ол – барып тұрған опасыз, адами қасиеттен айырылған доңыз екен.

– Саған жамандық жасады ма?

 –Жамандық емес, иттік жасады.

– Анықтап айтшы, қандай иттік?..

– Бұрын әкемнен сескеніп жүрген екен, ол ауруханаға түскеннен кейін атына рәсімделген біздің бүкіл жылжымайтын мүліктерімізді сатылымға қойыпты. Сайлауды сылтауратып кейінгі кезде үйге келгіштеп кетіп еді, папамды келген сайын дуалап, сол ауыртқан болуы да мүмкін?

– Қойшы, қай-қайдағыны айтпай. Неге ертерек айтпадың маған? Құдай-ай, енді қайтемін?!. Мүмкін әлі сатып үлгермеген шығар?-деп басының сақинасы ұстаған Қыздығой басын ұстап отыра кетті.

– Мама, не болды, басың ауырды ма?

– Бүгін Беріктің көңілін аулайын деп қасында көбірек отырып қалып, түсте қанып шай ішпеген едім, сол қысып отырған шығар?

– Онда, шай қойып жіберейін, қанып ішіп алыңыз.

– Мейлі, шай қойып кел де, жаңағы менің сұрағыма жалтармай жауап бер.

– Өзіңіз бөтен елде ауру бағып отырғаныңызда қалай айтамын? Айтқан күннің өзінде не істей алатын едіңіз? Мен оның кеңсесымағына талай бардым, автомат ұстаған алдындағы төбеттері маңына жолатпайды.

– Ой оңбаған. Ит құтырса – егесін қабады дейтін еді, құтырайын деген екен ғой. Беріктің жұмсайтын жігіттерін жіберіп, бопсалап көрмедің бе?

– Мама, ол заман өткен. Олай істесек – ол құқық қорғау органдарына арыз түсіреді. Себебі заң соның жағында, мүлік біздіке екенін немен дәлелдейміз?

– Барлығының құжаттарының түпнұсқасы менде ғой, онда көшірмелері ғана бар. Солар арқылы дауламаймыз ба?

 – Мүліктерімнің құжаттары жоғалды,- деп газетке хабарландыру беріп, оларды қайта жасатып алу қиын дейсіз бе, олай істесек – ұры атанамыз.

– Сонда қалай, әкең екеуміздің тірнектеп жинаған дүниеміз қайдағы бір иттің аузында   кете бере ме? Мен оған өлсем де жол бермеймін. Жол бермеймін, амалын табамын, қажет болса оның көзін жоямын! Жоямын, лақтай бақылдатып соямын иттің

баласын, -деп Қыздығой үстел үстіндегі су құйылған шыны ыдысты қолына алып, бар пәрменімен жерге бір ұрды да көзі алайып, аузы көпіріп шалқасынан құлады. Қалшылдап, өз сілекейіне өзі тұншығып, әзер дем алып жатқан шешесіне не болғанын түсінбей, сасып қалған Мұрат не істерін білмей абдырып: – Мама, ма-ма, көзіңді ашшы,- деп сан қайталап, бетіне су шашып әбігерге түскенінің  нәтижесі болмаған соң барып жедел жәрдемге қоңырау шалу есіне түсті.

   Жедел жәрдемнің дәрігері алғашқы көмегін көрсетіп, Қыздығойды қалалық аурухананың жүйке дертін емдейтін бөліміне әкеліп тапсырды. Бірақ ол қасындағы науқастарға,  медбикелер мен дәрігерлерге «бәріңді соямын, жоямынға» тіркеп басқа да  ғайбат сөздерді айтып, қолына түскен затпен ұрмақшы болып ұмтыла берген соң  ұйықтататын дәрі егіп, ертесіне есі ауысқан науқастарды емдейтін ауруханаға ауыстырды. Артынан іздеп келген Мұрат дәрігерлерге: – Неге өздерің емдемей – ана жаққа ауыстырдыңдар,-деп қиғылық салып кеткенімен, өзін танымаған анасын

көргеннен кейін олардың ұйғарымының дұрыс екеніне көзі жетті. Үш күннен кейін қайтып барып емдеуші дәрігеріне жолыққан еді, ол: – Әкелген кездегіден қазір жуасып қалды, бірақ дәрінің күші қайтайын деген кезде «көзін жоямын, соямын» деп біреулерге кіжініп сандырақтайды екен. Әзірше ешкімді жыға танымайды, өткен өмірі, ата-анасы мен бала-шағасы есінен шыққан. Сондықтан бірінші кезекте жүйке жүйесінің қызметін қалпына келтіруге әрекеттеніп жатырмыз. Екі-үш аптадан кейін болмаса қазір көзіне көрінбей-ақ қойғаныңыз дұрыс,-деді.

– Екі-үш аптада есін жинаса – ауруханадан шығарасыздар ма?- деді Мұрат көзі жасаурап.

– Жоқ, айналасындағыларға қауіпсіз болу үшін бұл кісіге ұзақ емделу қажет. Жүйкесі тозған, оның үстіне басынан қатты соққы алыпты, тұқым қуалау жолымен берілген ми қатпарларында ауытқулар да бар сияқты. Сол себептен жіті талдаудан өткізіп, қарқынды тәсілдермен емдейміз.

– Сонда құлан-таза айығып кете ме?

– Оны мен сізге алдын-ала кесіп-пішіп айта алмаймын. Кеселі тұқым қуалауға байланысты болса – қиындау болады.

–Біраздан бері әкем науқастанып жатыр еді, сол да жүйкесіне салмақ түсірген шығар?

– Әрине, оның да себебі болуы мүмкін? Әкеңіз сауығып кетсін, анаңызды сауықтырып жіберуге мен де бар күшімді саламын,-деп дәрігер Мұратты шығарып салды.

  Мөлдір жұмыстан шығып келе жатып азық-түлік дүкеніне кіріп, сөрелерді аралап жүргенінде Сандуғаш: – Мөлдір, сені де көретін күн бар екен ғой,-деп құшақтай алды.

– Әпке, қайдан жүрсіз мұнда?- деп Мөлдір қолындағы затын сөреге қайта қоя салды.

Жамырасып жағдай сұрасып, құшақтары ажырамай тұрған екеуіне маңындағылардың жақтырмай қарағанын байқаған Мөлдір: – Әпке, бұл жерде тұра бергеніміз ыңғайсыз болады, сыртқа шығайық,-деді. Қарсы беттегі жеңіл-желпі тамақтанатын дәмханаға жайғасып алып, бір шәйнек шай мен бауырсаққа тапсырыс бергеннен кейін Мөлдір:

– Енді емін-еркін отырып әңгімелесуге болады,-деді жымиып.

– Сен телефоныңды өзгертіп жібергенсің бе, хабарласамай-ақ қойдық қой?..

– Әпке, өзгертпегенде қайтемін, баспақ түгілі бас қайғы болып кеткен жоқ па.

– Мен осы жаққа жиналып жатқанда Самат: «Оқитын Университетіне барып Балнұрды тауып алсаң, қызы арқылы Мөлдірді де табасың, жолығып хабарын біліп қайт» деген еді, жақсы болды ғой ойда жоқ жерде кездесе кеткеніміз.

– Жездемнің маған деген ниеті түзу екен ғой.

 – Амалың таусылып кеткеніңді жездең де, ағайын-туыс та түгел біледі, саған ешқайсысы кіна да артпайды. Бірақ ата-енеңнің қаһарынан сескеніп оларға ештеңе айта алмай іштерінен тынып, өзара ғана пікір алмасудан аса алмайды.

– Туған-туысқандарыңызға менің де зәредей өкпем жоқ,  басыма түскен жағдайды жамандыққа жорымай түсінік танытқандары үшін көп рахмет. Жаратқан Иеміздің жіберген сынағы шығар, болар іс болып – бояуы сіңді ғой, пешенеге жазылғанын көрерміз. Өзіңіздің отбасыңыз аман-есен бе, жездеміз күйлі-қуатты ма?

– Құдайға шүкір, бәрі жақсы, жездең демалысында сенің атаңнан шет елде қашып-пысып жүріп, жақында бұрынғы қызметіне кірісті.

– Ана бәлеқор журналистің ісіне байланысты болған жайды есіткенмін. Батыр ма деп жүрсек, жездем де қоянжүрек екен ғой,-деп Мөлдір күліп жіберді.

– Қорыққанынан емес, буынсыз жерге пышақ салғысы келмей қашты ғой ол – байқұс.

– Жездеміз болған соң әзілдеп  айтқаным ғой, әйтпесе ол саланың қызметі маған етене таныс болғандықтан жездемнің басқа амалы қалмағанын  жақсы түсінемін.

– Сен түсінгенмен, енең түсінбей –басымызға әңгіртаяқ ойнатып, ажырастырып

жібере жаздады ғой. Артынан ағам телефон шалып: «Қыздығойдың шатақ шығарғанын Саматқа айтпай-ақ қой, өз ішімізде қалсын» деп кешірім сұрағандай болғаннан кейін көңілім орнына түсті.

– Бұл оқиғаны естімеген екенмін, жеңгеңізбен татуластыңыз ба, енді?

– Оған деген өкпем қара қазандай болып жүргенде ағамыз қатты науқастанып, өкпенің бәрі бауырға айналып кеткен жоқ па.

– Ол кісінің Алманияда емделіп жатқанын Гауһардан естігенмін, Алла шипасын берсін.

– Ол жақтың емі көңілдеріне қонбады ма, жоқ, басқа себептері болды ма, әйтеуір осындағы ауруханаға әкеліп жатқызды ғой.

– Гауһар білмейді екен ғой бұны, білсе – маған хабар берер еді. Қазір жағдайы қалай,  жолды ауырсынбай көтеріпті ме?

– Жағдайы бірқалыпты, әлі балдақтың көмегімен де жүруге жарамапты, мен барып көңілін сұрап шықтым. Тілі анық келмесе де келген-кеткеннен балаларын, немерелерін, әсіресе сені сұрай береді екен.

–  Қасында мамам отырған шығар?

–  Ой, айналайын-ай, сен есітпеген бе едің? Алманияда жатқанында басы-қасында болған, осы жаққа келгеннен кейін ол байқұс ес-түсінен айырылып, төрт-бес күн болды жындыханада жатыр ғой. Ешкімді танымайды дегеннен соң оған әлі бармадым.

–  Ой-бұй, қиын болыпты ғой. Бірақ ол кісі оңайлықпен ешкімге дес бермейтін еді ғой, дертіне де дес бермей ертерек жазылып кетсін.

–  Солай болсын деп тілейік, біздің одан  басқа қолымыздан не келеді.

–  Папамның қасында кім бар енді?

–  Мұрат, Серік, Еріктер кезектесіп келіп тұрады ғой, қазір Мұрат осында. Сен де қолың тигенде енеңе болмаса да, атаңа барып тұрсаң қуанып қалар еді.

–  Әпке, жиырма үш жыл отымен кіріп, күлімен шығып жүргенімде бөлектеп келген адамдар енді мені керек қылады дейсіз бе? Көрініп – көздеріне күйік болғанша, сырттарынан тілеулерін тілеп жүре бергенім дұрыс. Мені қанша алаласа да, әке-шешемді кедейсініп кемсітсе де мен оларға жамандық тілеген емеспін, бұдан былай да тілемеймін. Байдың келіні болып қалтырап-дірілдеп жүргеннен қара нан жеп, қара су ішше де құлағы тыныш кедейдің күні артық екен. Сондықтан бұл қолқаңызды қабылдай алмаймын, кешіріңіз.

– Еш болмаса не істерін білмей, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген, ширек ғасырға жуық отасқан  жарыңды аямайсың ба?

– Өмірдің мәнін, кісілікті дүниемен өлшейтін ғана пайымы бар, жабырқасаң жаныңа жалау бола алмайтын, дүниесін бала-шағасына да қимайтын жарыңнан жапалақ артық емес пе, әпке. Әке-шешесі бай, ақыл-парасатының деңгейі өзіне сай келіншек болмаса, басқа адамға Мұратпен тұру – дозақтың отына күюмен пара-пар.

– Одан да көңілің қатты қалған екен ғой, біз барлығына Қыздығойды кіналап жүрсек. Өз еркіңмен қызметтен босап кетіпсің, күнкөріс жағын ойластырдың ба?

– Қызметтен атам түрткілей бергеннен кейін кеткенімді есіткен шығарсыз?

Қамдамасаң бола ма, тірі адам тіршілігін істеуі керек қой. Қызметтен босамай тұрып түйіндемемді маман іздеген жекеменшік компанияға жіберген болатынмын. Сол компания заң  бөліміне басшылық жасауға шақырды. Жалақысы бұрынғы жалақымнан әлдеқайда жоғары екен.

– Құтты болсын! Ауылдағы ағайындар: «Кемпір-шал қашанғы жүре берер дейсің, келін біраз шыдай тұрмай көл-көсір дүниені қалай көзі қиып кетті екен» деп, сенің кеткеніңді әрқайсысы әр саққа жүгіртіп, түсіне алмай жүр.

– Тағы біраз жүргенімде енемнің орнына жындыханаға мен түсетін едім ғой. Оны бірақ ауылдағылар қайдан білсін.

– Қазір қай жерде тұрып жатырсың?

– Жүз алпыс мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз, жалақымның жартысына жуығы соған кетеді, қалғанын қанағат тұтып Балнұр екеуміздің  талғажау етеміз.

– «Пәтер әпереміз» деп жүрген еді ғой, әпермеді ме?

– Мен уәдемде тұрғаныммен олар тұрмады. Әпермей-ақ, бергісі келсе Астананың өзінде бірнеше пәтерлері бар ғой.

– Енді қайтпексің?

– Компания басшысы: «жақында бір қызметтік пәтер босайды, соған сізді кіргіземіз» деп уәде берді, соны күтіп жүрмін.

– Арман ауылда жүр ғой, сот солай шешті ме?

– Жоқ, өзім тыңғылықты жайғасып алғанша әкесінің қасында болсын дедім. Қанша өзімшіл болса да өз баласын өзегінен теппейтін шығар?

– Гауһар диплом алып келген жоқ па еді, Лонданға тағы оқуға кетті ме?

– Ол жақта өздерінде бітіргендерге магистратураны бір-ақ жыл оқитын жеңілдік бар.

 – Ақтотыны жақында көрдім, Алматыда үшінші курста оқып жатыр екен. Ол екеуінің оқу ақысы мен тұрмыстық шығындарын кім көтеріп жатыр?

– Осы күнге дейін атасы көтеріп келген, енді әкесі көтеретін шығар?

– Әке-шешесі науқастанғалы Мұратқа да қиын болып қалды.

– Несіне қиналады, әке-шешесі ауырса – жазылар, көздері тірі ғой әлі. Ауырғанымен дүниелерін ауруханаға арқалап кетпеген шығар?..

– Қиындық көрмей шолжаңдап өскен бала ғой, ата-анасының жағдайы мынау, сүйеу болады дейтін қарындасы мен інісінің сыйықтары анау... Оның үстіне екі-үш күн бұрын Самат: «біреулерден есіттім» деп бір сұмдық хабарды айтып келді.

– Қандай сұмдық хабар?-деп Мөлдір шошып кетті.

– Қыздығойдың іні қылып жүрген өзбегі бар еді ғой, бұлардың көп дүниесі соның атына тіркелген екен. Сол, Берік көкем ауруханаға түскеннен кейін Мұратқа мұрнын шүйіріп, сөзін тыңдамай атындағы мүліктің бәрін сатып жатқан көрінеді. Жаман әдеттің сыбысын жарғақ құлақтары шалған жамағайындар да солай етіп жатыр дейді.

– Жамағайындарды қайдам, бірақ Қоқанбектің опа бермейтінін баяғыда білгенмін.

 Мұратқа аулақ жүрсеңдерші,-деп қанша айтқанмын, тыңдамады. Енді менен қызғанғандары қызыл итке жем болатын бопты ғой. Енемнің есінен адасуына да осы 

 оқиға себеп болған шығар, бәлкім?..

– Осы жаққа шығардан бір күн бұрын ауылға барып апамды көріп қайттым.

– Ол кісінің денсаулығы жақсы болып кетті ме?

– Былтыр Астанада ота жасатқаннан кейін жеңілдеп қалды, қақаңдап кетпесе де  далаға өзі шыға алатын шамасы бар. Бірақ ол кісіде де арман көп...

– Шалынан ертелеу айырылғаны болмаса, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды,

ешқайсысының жағдайы жаман емес, немере-шөбере сүйіп отыр одан басқа нені армандайды екен?

– Қайнысы ауырғалы қайғысы ұлғайды. Маған «Мөлдірдің есі бар еді ғой, жақсылап түсіндірсеңдер райынан қайтар, ол болмаса мырзағаның шаңырағы шайқалады, ол үйге құт-береке сол келіннің қадамымен кірген» деп мұңын шағып екі сағат жырлады.

– Қадір-қасиетінен айнымаған, айналайын апам-ай, мені ерекше жақсы көретін еді, әлі күдерін үзбеген екен ғой,-деді Мөлдір көзі жасаурап.

– Ақ жаулықты ананың ақ тілегі ғой Мөлдір, әлі де ойланып көрсеші...

– Жалғыз маған тірелген мәселе болса бір сәрі, қыздарымның да көрмегендері қалмай көңілдері суып кеткен ғой.

– Қыста сіресіп қатқан мұз да көктем шыға ерімей ме, көңілдің де көктемі келер,-деп үміттенбейсің бе?!.

– Бұлар мені райымнан қайтаруға тас дәуіріндегі тағылар сияқты әрекет етіп, үмітімді біржолата үзді ғой, енді оны қалай жалғаймын?

– Есіре-есіре есалаң болып тынған енеңнің тірлігі ғой бәрі, көкемнің көсегесін көгертпеді-ау, көріңде өкіргір сұрқия,- деп Сандуғаш терең күрсініп, сөмкесінен бет орамалын алып көзінің жасын сүртті.

– Қамыға беріп қайтесіз, пешенеге жазылып қойған тағдырдың талқысы шығар?..

– Әулетіміздің бетке ұстары болған ағамның бейшара күйін көргеннен кейін қалай жаным ауырмайды, қалай қамықпаймын,-деді Сандуғаш орамалын қайта салып жатып.

– Әпке, шай суып қалды, ыстығын алдырайын ба?

– Жоқ, осы ішкеніміз де жетер. Сенің біраз уақытыңды алдым, енді қайтайық.

Біз жау емеспіз ғой қашқақтай берме, маған телефоныңды жазып бер.

 –Сізбенен ұшыраспағалы да біраз уақыт болған еді, бүгін кездейсоқ кездесіп  қалғанымыз қандай жақсы болды. Азын-аулақ пікір алмасып, шерімізді тарқаттық. Сіздің маған деген көңіліңізді, ниетіңізді бұрыннан білгендіктен,  менің шешіміме де түсінікпен қарайтыныңызға сенемін. Ағаңыз бен жеңгеңіз ертерек сауығып кетсін. Мені сұрағандарға дұғай-дұғай сәлем айтыңыз.

– Рахмет, айналайын! Жалғанда жамандық көрме, көсегең көгерсін, аман-сау бол.

Сәлеміңді туған-туысқандарға, ағайын-жеғжатқа, «қоянжүрек» жездеңе жеткіземін.

Қабылдаған шешіміңе құрметпен қараймын, бірақ  ұл-қыздарыңның болашағы үшін  әлі де мәмлеге келу жағын ойластырғаның жөн сияқты. Уақыт – емші ғой, жаның ауырса – жазылар, өкпе-наз ұмытылар, тойынып секіргендер де тобасына келер...

– Әпке, кешіріңіз, менің кетуім керек. Балнұр бағана телефон шалып, үйдің кілтін ұмытып кеткенін ескерткен еді, келсе – кіре алмай тұрған болар? Жақсы, сау болыңыз.

 

                                                       ЭПИЛОГ

 

     Екі айдан кейін есінен айырылған Қыздығой ауруханада қайғылы жағдайға душар болды. Өзіне күнделікті берілетін дәрілердің біразын медбикеге білдірмей жинап, бір уысын бір-ақ ішіпті. Кеш байқаған дәрігерлер қанша әрекет қылса да шыбын жанына араша түсе алмай, қапы қалды. Беріктің күрмелген тілінің мүкісіне ем қонбағанымен, балдақпен түзге барып келуге жарап, ауруханадан үйіне шығып келді.  Екінші топтағы мүгедек әкесін тыңдамай, Мұраттың ішімдікке салынып, әкесінің кім екенін білмейтін, жезөкше шешесінің жолына түскен қызға үйленгелі жатқанын есітіп, Мөлдір Арманды өз қолына алдырып алды. Сөзіне қарасаң – абыз, ісіне қарасаң – жауыз, боқ дүниеге белшесінен батса да көзі тоймаған, шүкіршілікті ұмытып кісі ақысына қиянат жасаған, ел-жұрттың қарғысын арқалаған сұм судьяның жалғанды жалпағынан басқан сұрқия тағдыры осылай өрбіді. Құдіретті күн  мәңгі сөнбегенімен, пенденің пешенесіне жарық дүниеге періште боп келіп, адам боп кету жазылған. Бірақ кейбіреулердің асып-тасып жүріп адами қасиеттен айырылып, ібіліске ілесетіні өкінішті.

 


Share:      
Leave a comment: