Blogs
АҚШАҒЫЛДАҒЫ АНА ЗАРЫ
(әңгіме)
Ақ көңіл жұрт қоныстанған, шағын ауылдағы ақ боз үйдің мұржасынан шыққан түтін шаңырақтың шырайын келтіріп отырған жоқ па?
Әй-дүние-ай...
Бес күндік фәни жалғанда шүкіршілік еткен әр үйдің көңілі Сахарадай ыстық, сыбағасын сақтаған саф алтындай пейілдің жарқылы ұлылығын асырып тұратын-ды. Тас жол. Зу-зу еткен көліктер Құрманғазының күмбір-күмбір күйіндей, топқа түскен тұлпардың дүбіріндей құлақтың құрышын қандырады. Түнгі самалы бар дертіне дауа болады. Жыңғылдары жұмбақ, қысқы уақытта кигені тымақ мекеннің тұрғындары маңғазданып жүргенімен, меймандығы дархан даланың атырабын асқақтатып, шерлі мұңды арқалаған азаматты шарықтатқан, шынардай биік белесті, келбеті күмбездей келісті елді мекеннің бірі – Ақ шағыл еді.
Аудан орталығынан дамыл таппай жүретін таксидің толқындай асаулығын көргенде қайран ауылдың қанына сіңген шапшаң қасиетіне бас имей қоймайсың. Екі жүз теңгені қалтаның түбінен суырып алып, аспанға ақ қанат тағып ұша жөнелетін жұрттың арасында ақшаны кәсіп еткенде, көздің қарашағындай жинап, нәсіп еткенде, артынан доп қуалаған бозбаладай жүгіріп кететіні де бар. Ауылдың кіре берісінде көк бояумен майланған темірдің үстінде адамның қарашығын үлкейтер жазу көрінеді.
...Апыр-ай, мына құдіретті жазуды кестелі оюдай кім жазды екен?
Сұрақтар легі мазалап, жүйкені жалындатып жібергенде, өшіруге медет таппай зар қағуың тағы бар. Бағдаршамның кемпірқосақтай жылт еткен сәулелері көзге түспейді. Бәрінен ада.
Ақшағылдың абыройын асқақтатқан азаматтар көп еді. Соның бірі – Сағат еді. Сағаттың туған жерге деген іңкәрлігі іңірге дейінгі уақыттың кеңістігіне сыймай, арнасынан тасыған өзендей болатын-ды. Көк сырлы бояумен көмкерілген қақпаның алдында ақжаулықты ақ шашы болмысын түстеген Қатима кемпірдің отырғаны өмірдің бар бақыты-тұғын. Сағаттың да ақ шашына көз тастап, ана жүрегі елең ететін-ді. Жүрек құрғыр, қайтсін, қаршадайынан еңбекке араласқан ұлының топ жарып, қалам ұстағанына қуанып, жер дүнияны хабардар етіп, күс-күс болған қолымен сипап, «ақ саусағыңнан айналдым, балам»,-дегені жанға дауа еді.
Ел анасының бұл қылығына тамсанып, кейде «ұл мен қыз» жалғыз өзіңде бардай, неге мақтанады? Бәрімізде перзент өсіріп отырмыз, келін де бар, немере жүр тәй-тәй басып...
Қатима, ұлдың үмітін күйттегенше, келін түсіріп, өмірің жалғамайма?,-деген сөздер Ақшағылдың бойында күңкіл-күңкіл еткені ана жүрегіне қаяу салғаны Сағаттың намысын қайрадыма, келін әкелуді жөн санап, жалғыз шешесінің ақ батасын алады.
«Келін келсе, керегең кеңейеді»,-дегенді қағидадай ұстаған қазақы ауылдың аспанында атойлаған той өтті. Байғұс ана қорадағы жалғыз сиырын, сандықтағы сары майдай сақтаған тиын-тебенін Сағаттың қолына ұстатты. «Келін түсіп, керегем кеңейеді»,-деген арман қиялға айналды. Келін Күлжайнаның қылығы мазаны кетірді. Шәй да жоқ, ой да жоқ. Ұлының бақыты үшін Қатима кемпір үндемеді.
Қараңғы түн. Гүбір-гүбір еткен ауылдағы ағайындар жүк көлігінің жанына жиналып жатыр. Жүргізуші Мәйкен еді. Көшуге қамданған келіннің үгіттеуіне көне қойған ұлының қылығы жаға ұстатты. Бірге кете барды. Айлы түн. Табиғат, жарықтық сезді ме?..
Ақ шашты ана айлы түнге қарап тұрды да, қолын теріс айналдырып, батасын берді. Ұл мен келіннің жүзіңде мұң мен өкініштің ұшқыны көрінбеді. Ана қақпа алдында зар илеумен қалды. Жанарынан аққан тамшы жас уақыт өте келе тоқтады.
Батасы қабыл болды ма? Сағат пен Күлжайнаның өмірінен береке кетті...