Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
GENIALOGY
Ақтаңдақтар ақиқаты

Blogs

18.12.2019
18594

Ақтаңдақтар ақиқаты

Еліміз тәуелсіздік алғаннан дейін бұрын тыйым салынып келген бірқатар тақырыптар ашылды. Бұрын көп уақыт айтылмай келген оқиғалар жөнінде көркем шығарма жазуға мүмкіндік туды. Кейінгі 30-жылда тарихи тақырыпқа деген оқырманның да, қаламгерлердің де қызығушылығы  еселеп артты. Әдебиетте бұрын ұмыт бола бастаған, тасада қалған, жасырып айтпай келген жайттар көрініс тауып, тарихи шындықты қалпына келтіруде  орасан көлемді жұмыстар жүргізілді.

 

Соның ішінде әдебиеттің түрлі жанрындағы әдеби шығармалар, театр сахнасынан көрсетілген пьесалар, экранға жолдама алған көркем суретті кинолар жұртшылықтың тарихымыздағы ақтаңдақ пен өткен дәуірдегі айтылмай келген шындыққа, ұлтымыздың салт-дәстүріне деген қызығуын оятты. Тарихи тақырыпқа деген оқырман ынтасы арта түсті. Кезінде ел тұтқасын ұстаған белгілі тұлғалар жайлы пьесаларда қазақ халқының өткен дәуірі, тәуелсіз салт-санасы, бастан кешкен қилы оқиғалары қалпына келтірілді. Бұл туралы көптеген зерттеу, ғылыми еңбектер жазылды.

 

Араға ондаған жылдар салып енді тарихи ақтаңдақтар жайындағы көркем шығармалардың саны жағынан көптігін айта келіп, оның сапасы жайында да сөз қозғайтын жағдайға жеттік. Алғашқы жылдары көркем шығармалардың аз болуы себепті бірталай шығармалар тапсырыспен жазылып, асығыс, деректі кинолар, сахналық қойылымдар әзірленді. Бұл, әрине шығарманың көркемдік сапасына әсер етпей қоймады. Осындай тарихи ақтаңдақтарға деген қызығушылық, қауырт қолға алып қозғалған тақырыптар кейде дайындалуға да мұрша бермей көрерменге тездеп ұсынуды талап еткен кездер енді артта қалды. Бүгінде бұл тақырыпқа әдеттегі күнделікті өмірді зерттегендей мұқият дайындалып зерттей келе толымды шығармалар жазатын кез келді.

 

Қазіргі таңдағы ақтаңдақтар жайындағы туындылар тарихтың әлдебір ұмыт қалып кеткен тұсы емес, сол тарихымыздың құрамдас бөлігі есебінде тұтас өмірдің ағысындағы оқиғалардың құрамында көрсетіліп себеп-салдары терең қарастырылып тарихи санамызды өзгертуде. Неше ғасырлық елдің еркін тұсаулаған ескілік сана жойылып, етектен тартқан ескі көзқарастан арылтып ұрпақ санасын тәрбиелейтін шығармалар көбейе түсті.

 

Бүгінгі көркем әдебиет кеңестік ойдан, партиялық қадағалаудан, бір-бірінен айнымайтын ұқсас шарттан арылған еркін әдебиет. Сол себепті де ол бұрынғы оқиғалардың әдебиеттің бұрынғы дәстүрлі әдістерімен қарастырып,  ұлттық тұрғыдан зер салып, көркемдік тұрғыдан жаңаша ой қорытады.

 

Бұрынғы саяси-идеологиялық шектеуден арылған көркем әдебиет сапалық жағынан жаңа белеске көтерілді. Жазылған шығармалар көркемдік жағынан іргелі ізденістерге барды. Әдеби туындылардың рухани, мәдени, тарихи деңгейі өсті. Қазіргі оқырман білім мен ғылымның, әдебиеттің барлық саласынан хабардар. Бұған дейін жазылған шығармаларды тез оқып, танысып, сахнадан, кинодан тамашалап жүрген көпшілікке баспасөздегі талдау мақалалар да күнделікті мәліметтер беріп жатады.

 

Ел тарихына бойлап, өткен оқиғаларға қалам тарту қай қаламгер үшін де жауапкершілік пен абыройлы міндет. Тарихи тақырып жай ғана талап етушіге оңай алдыра қоймайды, оның өзіндік қиындығы, қатпары мол биік асулары бар. Мұны классикалық әдебиеттің өкілдері қалдырған мол мұрадан білеміз. Абай, Шоқан, Шәкәрім, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, М.Жұмабай, С.Мұқанов, Ғ.Мүсрепов, Ғ.Мұстафин сияқты әдебиет өкілдері өткенге соқпай өтпеген. Қазіргі әдебиетімізде де бұл іргелі тақырыптың өзіндік қиындықтары мен мәселелері көптеп саналады.

 

Ең бастысы әдебиет көші ілгері даму жолында жаңара отырып өткеннің жалғасын тауып отыруы. Тарихи тақырыпқа арналған шығармалар жайында  үнемі есімі елге белгілі қаламгерлердің пьесаларын талдай отырып сөз етіліп келеді. Әдебиетте есімі белгілі жазушылардың өзі тарихи тақырыпқа оңай бара бермеген. Бұрын айтылмаған, ақтаңдақ болып ұмытылып кеткен оқиғаларды сахнадан көрсетсем деген игі оймен жазылған біраз драмалық шығармалар сахна төрінен біраз жыл көрсетілгенде оның әрқайсы алғашқы тәуелсіздік жылдары әдеби оқиға деп саналатын. Қазірде бұл тақырыптың қызуы басылған соң өткен тарихты зерттеуге деген ынта бұрынғыдай болмай қалды. Сөйтсе де әр жылдары жазылған осы төңіректегі шығармалар туралы кеңірек сөз етуді керек етеді.

 

Мысалы, «Балуан Шолақ» атты тарихи драма жазған Д.Исабеков пьесасы сахна төрінде біраз уақыт басты қойылымда жүрді. Баспасөзде айтылған пікірде пьесаның озық үлгідегі драмалық сипатта жазылған шығарма деп үнемі жоғары бағаланды. Бұл пьесаның кино туындыға айналып экраннан көрсетілуі, театр сахналарында жүруі қалың көрермен үшін өте жағымды қуанарлық оқиға болды. Сахнаның әсем безендірілуі, ұлттық киімдер мен салт-дәстүрдің айрықша орын алуы пьесаның көркемдік дәрежесін әдепкі деңгейінен биіктете түсті.

 

Әсемдік ілімінде көркем шығармаға өте мұқият болуды ескертетін бірнеше өлшемдер бар. Соның бірі әр мінездің өз мөлшерінде суреттелуін, іс-әрекетте кейіпкердің тиісті шектен аспауын қадағалайтын, былайғы көзге көрінбейтін этикалық шектеулердің болуы. Мұндай өнердегі көзге көрінбейтін ұстаным – өлшем (мера) категориясы.

 

Драмада Балуан Шолақтың палуан, өжет, батыл болып көрсетіледі. Оның өз бойындағы осы жарасымды қасиеті кей тұста тентек, тойтаңдаған ожарлыққа ұласып кетеді. Бұл жайында кино, театр сыншылары ауызша пікір білдіргенімен дәлелді жазылған сын пікір көріне қойған жоқ. Балуан Шолақ жайында көркем фильм де түсірілді. «Анаға барар жол» фильмі де еліміз көрерменін сүйсінтіп, шет елге тарады. «Мұстафа Шоқай» фильмі осы қатардағы жетістікті толықтыра түсті. Театр сахнасында ақтаңдақ тақырыбы тұрақты түрде әлі де көрсетілмей келеді. Себебі, сол дәуірдің шындығы толық көрсете алған пьесалар санаулы ғана. Олардың кейбірі дәуір шындығын толық көрсете алмады. Жазылған пьесалар түрлі жинақтарда басылып шықса да сахнаға шығаруға дайын емес. Мысалы, бір ғана Шәкәрім, Сәкен туралы бірнеше пьеса жазылды. Алайда олардың орталық театрлардағы қойылымы жайында көрермен біле бермейді.

 

Ақтаңдақ дегенде бұрын да есімі елге белгілі тұлғалардың қоғамдағы әділетсіздікке, зорлыққа  ұшырау тарихы алдыға шығады. Бұл жайында көркем шығарма жазу қиын. Себебі 20-ғасыр тарихы өте қайшылыққа толы. Көп оқиғалар адам сенгісіз заңсыздық, қудалау, басып-жаншу жағдайында өтті. Бұл тарихты ойлап табушы, орнатушы, орындаушылар болды. Олардың бейнесін әдебиетте жасау көптеген қиындық тудырды. Оқырман көкейінде көптеген сұрақтар оянады.

 

Мұндай көп сұрақ тудыратын пьесаны жазарда қаламгер де ойланып-толғанып талай сезімді бастан кешіреді. Мысалы, жазушы Ш.Мұртазаның «Бесеудің хаты» пьесасы баспасөзде біраз уақыт оқырман ойына түрткі боларлық пікір ағынын туғызғаны белгілі. Қазіргі әдебиетте кеңес заманының тергеушілері туралы «жан алғыш» образдар қалыптасқан.

 

Әрине, тарихи шындықты жоққа шығаруға болмайды. Мұндай қаталдық сол дәуірде орын алды. Кеңес әдебиетінде «қанаушы» бейнесіндегі байлар образы үнемі қаталдықтың нышаны болды. Сол сияқты тәуелсіздің кезеңінде үш әріп тергеушілері, жансыздарының орасан қаталдығы баса суреттелгенін көруге болады. 

 

Біздің әдебиетте үнемі қара боямен көрсетілетін әлгі үш әріптің ішінде  бұл жерге қателесіп барып қалғандар да жеткілікті болатын. Сол дәуірде солай еді деп қара бояуды жағудан әдеби шығарма әсерлі болып кетпейді. Қайта оқырман бойына қорқыныш ұялатады. Адамды қаталдық алдында өзін дәрменсіз сезінуге тәрбиелейді. Жойдасыз қара күш, зорлық-зомбылық адамды басып-жаншыса да оның рухын сындыра алмақ емес. Қайта әділетсіздікке деген қарсылықты оятады. Біздің әдеби шығармалар осы күрескерлік рухты, ешқашан сынбайтын, азып-тозбайтын рухани қайрат тудыратын адамның асыл жігерін асқақ етіп суреттеуі тиіс.

 

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін, жариялылық тұсында жарыққа шыққан Ж.Қорғасбековтің «Жансебіл» әңгімесінде 30-жылдары қуғын-сүргінде жер аударылып, «халық жауы» атанған жас жігіттің тағдыры суреттелген. Кейін ол туралы кино түсірілді. Мұнда да әлгіндей суреттер өте қоюлата берілген. Екі аяғынан айырылып, еліне жетуді армандаған шал кейпіндегі кейіпкер үнемі поезды қарсы алып сібірдің қаласынан еліне жете алмай, туған жерінен дерек білгісі келіп перронда айқайлап жүреді.

 

Бұл енді әлемді шарлап үйренген жазушы қиялының тұралап, ең төменге түскен, өмірдің дерегіне байланып шыға алмай қалған сәті. Әйтпесе, өмір шындығына қараңыз. Сол дәуірде мұндай күйдегі кез келген адам поезда емін-еркін жүре беретін. Мүгедек шалды өмір бойы аңсаған ауылына жету үшін күнде перронға апармай-ақ, жазушы қаласа ағылып жүк тасып жатқан көліктермен -ақ еліне жеткізе алар еді. Мұнымен айтпағымыз не? Жазушы әңгіменің бастабында өзінің ұстанған бағытын аяғына дейін жеткізе алмаған. Биік мұратты, еркіндік үшін күрескен алаш азаматы ең соңында мүгедек, әлсіз, қорғансыз күйде көрсетіледі. Әрине, мұндай оқиғалар да болады. Бірақ әңгіме бастабында ақын, зор мұратты адамның уақыт өте келе сынуын көрсетпей қайта өршіл рухы беки түскенін көрсетсе жазушы көп ұтар еді. Осы күйінде ұлт мұраты үшін күрескен адам осындай болады дегендей сағы сынған, әбден теперіш көріп илеуге түскен адамды көрсету ұтымды болып шықпаған.

 

Киноның кейінгі бір тұсында мүгедек шалдың туыстарына жазған хатын әлдебір ішкіш бозбала күлкіге айналдырып әжетханада керегіне жаратып отырғаны көрсетіледі. Бұл да көркем дүние үшін оғаш, сәтсіз көрініс болған.

 

Жазушы Асқар Алтайдың «Сібір офицері» әңгімесінде де осы ұлт тәуелсіздігін көксеген, өз халқының еркіндігін аңсаған, соның қажетіне жарауды мақсат еткен жас азамат бас кейіпкер етіп алынады. Одақ әскерінің құрамында Алматыға желтоқсан көтерілісін басып-жаншуға қатысқан қазақ жігіті бұл әрекетке батыл кірісе қоймай, екі ұшты болып, қаруластары тарапынан сенімсіздікке ұшырайды. Бірақ ол сол әрекеті үшін қыспаққа шыдау орнына өзіне қол салып, атылып қалады. Оның таңдап алған жары да орыс қызы болып шығады. Жазушы тақырыпты жақсы бастап оны аяғына жеткізе алмай оқиғаны жеріне жеткізу орнына кейіпкердің осал әрекеті арқылы шығарманы жылдам бітіріп қойған. 

 

Көркем шығарма дәуір оқиғаларын, адам образы арқылы көрсетеді. Сол образ қандай болып шықса оқырман дәуірді солай қабылдайды. Көркем образ жазушы қиялы ғана емес, өмірдегі орын алған адамдардың нақты бастан кешкен жағдайларына да сүйенеді. Өзінің негізгі тамырын содан алады. Жазушы Р.Отарбаев «Нарком Жүргенов» тарихи драмасында нақты деректерге сүйенген. ( 226-б) Мәдениет министрі дәрежесінде қызмет істеген алаш қайраткерінің өмір жолын жазушы кездескен кедергілер арқылы шағын оқиғалармен берген. Кей оқиғалар шегініс арқылы, кейіпкер ойы арқылы беріледі.

 

Кітаптағы 30 беттік шағын пьесада драматург драма мазмұнына кейіпкер образына керекті деректерді таңдап сыйғыза алған. Пьеса басталар кездегі І.Омаровтың министр болып келгендегі Т.Жүргенов туралы еске алуы оқиға тақырыбын бүгінге жақындата түседі. 1936-жылғы онкүндік кезіндегі оқиғалар да қысқа, сыйымды түрде ықшам болып беріледі.

 

Пьесада Темірбекті әкесі Қараның іздеп келуі, екеуінің ортақ тілге келе алмай әкесінің балаға теріс бата беруі оқырманды әрі-сәрі етеді. Жазушы қандай дерекке сүйенді екен деген ой туады. Мұнда да НКВД жансыздары наркомның әйелінен күйеуі жайында теріс мәлімет беруін сұрайтын жерлер ашық диалогтармен келтіріледі. Пьеса Темірбектің тұтқынға алынуымен аяқталады.

 

Сол кездегі ел басшысы Мирзоян, театр қайраткерлері Құрманбек, Қанабек, Күләш, Шара бейнелері де өздерінің қызмет еткен саласы жөнінде айтқан пікірлерінде біршама көрініс тапқан. Пьесада сол кездегі өтіп жатқан оқиғалар, қоғамдық жағдай, саяси ахуал – әдеби фонда толық көрініс таппаған.

 

Енді әдеби фон, яғни оқиға болып жатқан мезеттегі айнала ахуалдың, рухани-саяси, адамгершілік, қоғамдық күйдің жағдайы, көркемдік бейнесі әлі де толықтыруларды талап етеді. Көрерменді сендіре түсу үшін көшедегі, саяси жиындағы «халық жаулары», олардың «террорлық» әрекеттері, бүлдірушілік істері туралы айтылып оған соққы беру жөнінде алынған шаралар бұл кезде қызу жүріп жатқаны пьесада солғын көрінеді. Осы тақырыптағы М.Әуезовтің «Тартыс» пьесасында сол жылдардың ахуалы беру үшін жазушы түрлі лозунгілер іліп, ту ұстап, көшеде шеру ұйымдастырып жүрген ұйымдардың қимылын суреттейді.

 

Жазушы Р.Отарбаев 30-жылдар ахуалын еске түсіретін әдеби фон, сурет ретінде осындай деталь, штрихтар қолданған болса пьесаның көркемдік сипаты, тарихи деректілігі біршама толықанды көрсетілген болар еді.

 

М.Қожахметованың «Азат алаш–даңқты алаш» атты драмасы қойған тақырыбына қарағанда алаш еркіндігі үшін күрескен тарихи тұлғаларға арналған деуге болады.(Алаш тарихының ақиқаты:–Алматы: «Ан-арыс» баспасы, 2015. 540б. 490.) Бірақ ондағы бас кейіпкер алаш қайраткері – Ахмет Мәметов болып көрінгенімен, пьеса өзегі басты тұлға қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жайында. Халық жауы деген жаламен атылған әкесінің өміріне, оның адал істеріне сенген, соны ақтауға тырысқан жас қыздың өмір жолы кедергілерге толы.

 

Сөйтіп пьеса мазмұны осы екі жолда дамиды. Үнемі қоғамдық қызметте жүрген Ахмет кішкене қызын туыс бауырына қалдырып, өзі алыс өлкеде қызмет етеді. Кейін інісі жаламен ұсталғанда Ахметтің әйелі Әмина күйеуінен бас тартып, басқа біреуге тұрмысқа шығады. Саяси қуғын-сүргін жылдары отбасы мен жеке адамдардың соңынан ішкі істер қызметкерлері үнемі қудалап, қалайда қылмысты қылуға тырысқан әрекеттері пьесада мол орын алады.

 

Жас күнінен түрлі әділетсіздікті көріп өскен өжет қыз ерте есейіп, оқу бітірген соң өзі сұранып майданға аттанады. Оның майдан шебінде, қаруластар арасында көрсеткен түрлі қимылдары, қайтпас ерлік істері, өжет мінезі есте қаларлықтай суреттелген.

 

Шығарма драма деп аталғанымен композициялық тұрғы әлі де қарап, шыңдап толықтыруды, көркемдік тұрғыдан жетілдіре түсуді талап етеді. Пьесаның созалаңқы, прозалық шығарма тәрізді баяндауға құрылған тұстары оқиғаны бір ғана арна емес сан-салалы оқиғадан тұтас туынды өретін қалам шеберлігін  қажет етіп тұр.

 

Саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз қудаланып кейін ақталған қазақ ақыны Шәкәрім бейнесі өзінің мазмұны жағынан көптеген қаламгерлердің қызығушылығын тудырған. Шәкәрім жайында бірқатар көркем шығармалар жазылса да  театр сахнасында қойылып, көпшіліктің бағасын алған толымды туынды жоқтың қасы. Бірақ соған қарамастан әр жылдары жазылған бірнеше пьеса бұл тақырыпқа деген қаламгерлердің ынта-жігерін танытып тұрғандай.

 

Бұл пьесалар Б.Тоғысбайұлының «Қажының қазасы», Ә.Рахимовтың «Шәкәрім», Д.Темірболатұлының «Шәкәрім сенің жүрегіңде» пьесалары. Аталған пьесада қаламгерлер оқиға шындығына, ақын тұлғасының сахналық бейнесін жасауға біршама сәтті талпыныстар жасаған. Дәуір шындығының  ақиқатын ақтара отырып драматургтер ақын өлімі жайында түрлі болжамдар жасайды. Ақын төңірегіндегі аңызға өздерінше қарап көз жібереді.

 

«Қажының қазасы» пьесасында Б.Тоғысбайұлы Шәкәрім өліміне себепші болған ГПУ қызметкері А.Қарасартовты Абдал Шаласартов деп алады. Пьесада тергеу қызметкері үнемі саяси жағдайды бақылауда ұстайды. Оның сүйенгені Оңалбай сияқты ауыл белсендісі. Оқиға бірден 1932 жылдардан басталады.

 

Бұл шақта кәмпеске өтіп ауыл байлары малсыз қалған. Жұрт кедей тұрмыста ұжымға бірігеді. Ал Шәкәрім болса тауда өзімен-өзі жеке өмір сүріп жатқан ақын есебінде суреттеледі.

 

Драматург оқиғаны басынан бастаса жеңіл болған болар еді. Бірақ жазушы оқиғаны шырқау шегінен бастайды. 1932 жыл. Ауыл кедейшілікте. Жұрт шекара асып жатыр. Орта шаруа, байлар жер аударылып, түрмеге түскен.

 

Жазушы тұтас дәуір оқиғасын көз алдыға келтіру үшін хроникалық әдіс қолданады. Ауыл белсендісі Оңалбай Жұмабай деген байдың қызын алдырып, оның оқимын деген сөзін желеу етіп, ермек еткісі келеді. Басыңа билік әперемін деп алдап шақырады. Туыстарын қыдырып келем деп кеткен қыздың артынан әкесі іздеп келеді. Осы тартыс кезінде Қарасартов, Оңалбай, Әупіш, Жұмабай сияқты адамдардың істеген ісі, мінез-құлқы біршама айқындалады.

 

Ал, Шәкәрімнің өзі, баласы Зият, Ахат, Баязиттің бейнелері сырттай ғана көрінеді. Бірі түрмеде, бірі тергеуде, бірі айдаудан қашып жүр. Бірі жеке толғаныс үстінде. Осы күйдің бәрі жинала келіп пьеса оқиғасын қиындата түседі. Себебі өтіп жатқан оқиғада өзара кейіпкерлер байланысы, тартыс, динамика жоқ. Оқиға дамуы тым баяу. Диалогтар сылбыр. 

 

Ақын Шәкәрімнің күрделі тұлғасы оның толғаныстары арқылы берілген. Бірақ оны түсіну оқырман үшін қиын. Себебі көркем сөздермен келтіру орнына драматург терең толғанысты сөздерді философиялық ойлармен қиындатып жіберген.

 

Д.Темірболатұлы пьеса оқиғасын бері жақындата түсу үшін өзі қысқа пьесаға жазушы, зерттеуші, режиссер бейнелерін енгізіп олардың оқиға керек кезінде пікір айтқызып араластырғысы келеді. Осы себепті өзі шағын пьеса түсініксіз бола түскен. А.Қарасартовты облыстық бөлімге шақыртып ақынға қастандық жасауға тапсырма берілуі қаламгердің өзінше жасаған сюжеттік желісі деуге болады.

 

Ә.Рахимовтың пьесасында А.Қарасартов Шәкәрімді атқызып, өзі оның қолжазбаларына ие болып, соған шексіз қуанады. Осы арқылы атақ-даңқты аңсаған адамның түпкі ойын драматург өзінше көрсеткен.

 

Осы үш пьесада да Шәкәрімнің қасында жүретін кейіпкер Әупіш. «Қажының ажалында» Оңалбай белсендіні үнемі ақылға шақырып, олардан таяқ жесе де әділдік дегенге жата иланған адал адамның кейпінде суреттеледі. Шәкәрім оны «мен үшін жапа шекпесін» деп үйіне қайтарғанда қайтқысы келмей қиналады.

 

Екінші пьесада ауылдан келген ескі әдебиет нұсқаларын жинаушыларға Әупіш ақын өлеңдерін жатқа оқып беріп жүреді. Қай пьесада да аталған авторлар әдеби шығармадағы оқиға өтетін орын мен оның өту уақытын дұрыс композициялық жүйеге келтіре алмаған. Сол себепті пьесаның алған оқиғалары белгіленген желімен даму орнына, әр жердегі бір-бірімен байланыспаған жүйесіз күйі деректі прозаның қызметін атқарып кеткен. Ондағы кейіпкердің оқиға үстіндегі мінез ауаны, ішкі ойы, толқуы, ірі істерге қатысы қуантып, ренжітіп, жирентіп алға жетелеп отыру орнына сол қимыл-қозғылыссыз қалпында әр жерде ортақ жүйеге қызмет етпеген күйі болған жерінде қалып отырады.

 

Пьесаның басынан аяғына дейін көрерменді қызықтырып тартып отыратын ортақ желінің тартылмауы, шығарма арқауының бос болуы үш пьесаға да әр тұста өзінің көлеңкесін түсірген.

 

Жазылу шеберлігі жағынан алғанда  Ә.Рахимовтың «Шәкәрім» пьесасы біршама аяқталған, бас-аяғы дұрыс, жүйелі мазмұнға құрылған, тіл көркемдігі жағынан өзінің айтары бар шығарма. Тарихи шығарма жазу өткен тарихты тізбелеп, болған оқиғаларды айтып беру ғана емес. Сол тарихи оқиғалар қалай өткенін, кімнің қандай жағдайда, не үшін күрескенін көрсету. Осы оқиғалар кезіндегі қоғамдағы ахуалды да, адамдардың мінез-құлқын да көрсете отырып, көрерменді халықтың жақсысына сүйсінтіп, жаманшылыққа күйінетін, адамшылық-эстетикалық көзқарасын тәрбиелеу.

 

Көркем шығарма басталу, даму, шарықтау, оқиғаның шешім тауып одан қорытынды шығаратын бөліктерден тұрады. Ондағы оқиғаның барлық ауыр, азапты, тартысты күйін бастан кешіріп жазған драматург шығармасын ойын үстінде көрсеткен сахна шеберлері осы күйді өздері кеше жүріп көрерменнің ықыласына бөленеді. Драматург шеберлігі осы күйлерді есінде ұстап, сарыла еңбек еткенде ғана ақталатыны сөзсіз.

 

Тарихи ақтаңдақтар халқымыздың өткен өміріндегі ең ауыр, қасіретті, қиындыққа толы өмірінің ұмытылмас, қайталанбас беттері. Өткен тарихтың күйзеліске толы талай беттері жазылды, алайды әлі жазылмаған, айтылмаған шындықтардың бар екенін, оның жазуы тиіс сәттерін уақыт өзі талап етіп отырады. Қандай ауыр тұрмыс та, соғыс пен тартыс, қайшылық та адам баласына бақытты өмірдің бар екенін ешқашан ұмыттыра алмайды. Өмірдің қилы бояуларына толы қиындықтарды жеңе алған қайсар рухты халықтың өткеніне деген кұрмет ретінде жазылған тарихи шығарманың қай-қайсында да салт-дәстүріміздің, елге деген құрмет пен тағзымның белгісі тұрғанын оқырман көпшілік те іштей сезініп, түйсіне алғаны өнер тарихы үшін сөзсіз үлкен қуаныш. 
                                                                                                         

 

18.12.2019 


Share:      
Leave a comment: