Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Аршалы сайда

Blogs

24.10.2019
4577

Аршалы сайда

Жаңа жылда он шақты отбасы мерекеге бірікті. Алды – екі-үш балалы, арты – енді үйленген жастар еді. Көп адам еркін отыруға ыңғайлы деп ауыл шетіндегі Дауылбайдың үйін өздері таңдады. Үй иесі қарсы болған жоқ. Қайта достарының ортасында отырып жаңа жылды қарсы алғанына қуанды.

 

Қонақтар уақытында жиналды. Жыл бойғы өткен-кеткен, әзіл-қалжың, әңгімемен уақыт озып, түн ортасында көбігі көпірген шампан атылды. Дастарқан мол. Әшейінде күйеулері ішімдік ішсе жақтырмай тыжырынып отыратын әйелдер сыңғырлай күліп, алғашында шампан татып, әзілдері жарасып, жігіттердің қаузауымен еріндеріне шарап тигізді. Жаңа жыл кешін басқару, “мінезі тартымды” деп Сәтбекке тапсырылды. Отырыс әбден қызып, бабына келгенше жеңілтек Барбол, сөзшең Қиясбек, қалжыңбас Тасқара – бәрі де әп-әйбәт отырды. Түнгі сағат он екіден асқанда көшеде ерсілі-қарсылы шұбырған жұрт бір-бірінің үйіне жағалай қыдырып, сеңдей соғылысты. Шағын ауыл апыр-топыр, саңқылдап күлген, дабырлап шулаған дауыстар ана тұстан да, мына тұстан да естілді. Дауылбайдың үйіндегілер де қыза келе ауыл қыдырып кетіп, улап-шулап, кейбірі мас болып, таңға жуық оралды. Қайтуға шамасы келмей, отырған үйлерінде қонып қалғандар да бар. Таңсәріде Дауылбай төр үйдегі диванда біреудің жатқанын көріп, таң қалды. Қызу еді, айығып кетті. Жақындап кеп үңіліп қараса, киімшең жатқан – Қамал. Қорылға басып, қаннен қаперсіз жатыр.
 

– Ау, – деді Дауылбай таң қалып, – мынау қашан келген! Ауыл аралап, бастары қосылған қонақтар дастарқанға қайта отырды. Столдың бір шетінде  – Қамалдың келіншегі. Күйеуінен қай жерде айырылып қалғанын, қара басып, өзі де білмейді. Жұрт сияқты қауқылдасып сап-сау-ақ жүрген сияқты еді. Келесі бір үйге беттегенде, жігіттердің арасында жоқ. “Менің күйеуім қайда?” –  деп айтуға ұялды. Бір жағы сөз бола ма деп қорықты. Қамал – ауыл ішінде “суық жүрісімен” сөзге іліккен жігіт. Әйелі әлгі жерде жоқтай қалса “е, кеткен шығар біреуіне” – деп әйелдер сөз етер еді. Үндемеді.    
 

– Оятсаңдаршы ана итті, – деді Қозыбек құрдастығын істеп.
 

– Мұның жатысында бір кесел бар,– қылжақпас Сәбден қысық көздерін жұмып-ашып.
 

– Ай, бар бәле осы келіншектен,– деп Бұзаубақ шай құйып жүрген Майраны қажады.
 

– Ойбай-ау, оңаша үйде екеуден– екеу. Бұл факт ғой, факт, –деп мүлгіп отырған Қасқабас саусағын шошайтып “қатырдым ба” дегендей қылиланып айналасына қарап еді, әйелдердің бірі тыйып тастады.                    
 

– Ойыннан от шығады. Біреудің семьясын бұзасыңдар. Тантымай отыр. Қайдағы екеу, бар емес пе ана жақта ересек балалар, қайындары, – деді Күнімай. Шай құйып жүрген Майра өз қатесін енді түсінгендей, тұла бойы мұздап кетті. Біресе кесесін түсіріп алып, біресе қасығын салдырлатып, аналарға қарсы дау айтпақ еді, екі беті қызарып, аузына сөз түспеді.
 

Қыс айының ұзақ таңы ағарып ата бастады. Ертеңінде тағы жиналмақ боп, қонақтар қайтты. Тәтті ұйқыдағы Қамалды Қасқабас пен Бұзаубақ тұрғызып, ұйқылы-ояу киіндіріп алды. Далада күн аяз. Қар қалың. Қонақтар екіден-үштен топтасып, көшеге шығып, бел асып, жоғары қарай бөлініп үйді-үйге тарады. Өздері көңілді. Дауылбай қонақтарды шығарып салып, со бойы қора жақта малға шөп салып, қар аршып, суат ашып, аула тазалап көп жүрді. Екі бетін суық сорып қызарып, көздері кіртиіп үйге кірген соң да бір отырып, бір тұрып көп мазасызданды. Қуыста тұрған ескі домбырасын алып қағып-қағып қалғанда, бір ғажап әуен мұңды да екпінді, жан самалын соқтырып қоя бергендей болды. Ішкі ызамен мұң сазын жеңбек боп әуелете шырқап қоя берді.                                                                                                                                                                           
                                                                                                                          

 

*   *   *

 

 

Дауылбай карта ойнап, бірер ай жұмыссыз жүрді. Бір-екі сиыр, он шақты ұсақпен жан сақтады. Совхоз тарап, бар мал-дүние жекешеленіп, Қамал сияқты қулардың қолына тиді. Бардың шаруасы нығайып, тұрмысы жұқалар қиналды. Дауылбай сыртқа сыр бермесе де, қызғаныш жанын мазалады. Не сиқыры бар екенін ұқпады. Қамал кезекті-ақ Майра күлімсіреп сала береді. Асты-үстіне түсіп о да бәйек. Аяғы жақсылыққа апармасын біліп, Майра өз бойын жиюға тырысты. Қамал осы ауылдың ендігі бас көтерер қалталысы еді. Ел ішінде ол туралы жағымсыз, сұрқай әңгімелер көп. Соны естігенде, Майраның денесі түршігіп, ішінен дұға оқиды. Уақыт өте Дауылбай ескі әңгімені ұмытты. Жаз шыға жұмысқа араласып, жалға машина алып, алыс сапарға шықты. Мамыр айының соңында Майраның туған күні. Үйге құрбы келіншектерді шақырып шай берген, олар болса жеңіл-желпі сыйлықтарын әкеліпті. Дауылбай қалада. Күн екіндіге тақай оны іздеп сылтауратып Қамал келді.                                
 

– Білесің бе саған қандай сыйлық алғанымды? – деп қорапқа салған алтын сағаттың бетін ашты. Терезеден түскен күн сәулесімен қымбат дүние жарқ етті. Майраның көздері нұр шашты. 
 

– Қандай тамаша, – деді тамсанып.
 

Қамал сыйлықты қолына ұстатқанда ыршып түсті.

 

– Ой,–деді,– кешір Қамал! Ренжіме, бұл сыйлығыңды қабылдай алмаймын. Күйеуім білсе не демекпін. Жо-жоқ.
 

– Сен оған айтпа!                                                                   
 

– Атай көрме. Кешір, Қамал. Мұның не? Біреу келіп қалар, тапа-тал түсте бұның қалай? – деп Майра сасқалақтап алтын салынған қорапты кері қайтарып өзіне тықпалағанда Қамал намыстан қызарып кетті. Одан ары ыңғайсыз жағдайдан қалай құтыларын білмегендей әйелдің сұлулығын, өзінің көптен қиналған ішкі сезімінің шынайы, адал сезім екенін айтып еді. Ондағысы қанша адал болса да сезімі еріп босар, әйел емес пе деген есепті ой болатын. Майраның бұл қылыққа иланғаны белгісіз, қорланғаны белгісіз бір күйде тұрып, сәлден кейін есін жиып алды. Ізінше Қамал да іштей салқындап “Осынша төмендегенім не?” – деп ойлады. Бұған дейін ішін қайнатқан ыстық сезім лезде мұзға айналып, бойын тіктеп, жайшылықтағы қалпына келді.
 

– Мың теңгелік  алтын көңілімді текке қалдырдың, – деді.
 

Аз кем үнсіздіктен кейін шығып бара жатқан Қамалдың соңынан қарап тұрып, ыстық жас бетін жуды. “Кім біледі. Шыны шығар: – Шын сөздерін Дауылбай да айта алмаған Майраға. Дауылбай совхоз тарап, жұмыссыз қалуды тоспай, қаладағы бір танысының жүк мәшинесін жүргізуге тұрған. Отын, шөп, көмір деп жүргенде күз өтіп, қыс түсті. Соғымға деп күздей байлаған қызыл тайыншаны сойып, бір бөлігін қаладағы ағасына жөнелтті. Үстінен қар жүріп кепкен тас қораның іші үңгір-үңгір тас қараңғы. Қой-ешкісі, жаңа туған қозы-лақтар осында. Оны да жаздай қараған Айна жеңгесі. Жеңге деп Дауылбай жақын көргенмен, көршіліктен өткен жақындығы шамалы еді. Айна үйге келін болып түскенде, Дауылбай бес жаста. Одан бері он бес-жиырма жыл өтіп, о да отыздан асып, төрт құрсақ көтерген. Балаларының алды былтыр күз әскерге алынған. Өзі де Айна десе айна. Үйі тап-таза. Еркебала деп Дауылбайды келгеннен туысынан бетер бауырына тартты. Шешесі Дауылбайдың туған ағасы қалаға көшкеннен, үйленгенге дейінгі бойдақ күндерінің бар қиындығын Айнаш көтерген. Майра келін боп есік аттағанда: 
 

– Еркебаланы аяқтандырып, қолымды жылы суға малатын болдым. “Болашақ енең менмін, қарағым” деп жас қыздың бетінен сүйген. Үй-ішінің тірлігі балаларға қараған сайын Қарашал ортаның малын бағып, Айнаның қызметі жеңілдеді. Ошақтан от өшірмей, барды ұқсатады, екі үйлі жанға бас-көз болады.

 

 

*   *   *

 

 

Қаңтардың аяғы қатты боранға айналды. Қорадағы малға бастаудан су тасып жеткізу қиын. Шана жүретін жол табанын қар алған. Жаңа туған ұсақ мал қардың суына қарады. Екі-үш үйдің суыққа шыдайтын бар малын тау беткейіндегі қалың шілікке айдап апарып, дірдектеп тоңып тұрған ауыл малдарымен бірге мұз боп қатқан бастау басына суғаруға Дауылбай мен Айна күнде бірге барады. Айнаның жасы биыл отыз  алтыға шығады. Бір мүшел кіші болса да Дауылбай жеңгем деп оған ауыр көтертпей, кейде қасына жеңгесінің ересек ұлдарын ертіп алып жүреді. Үстіне Мәденнің жағасы биік қара тонын киіп, басына қалың шәлі орап, қалың қолғап, қара пима, қалың шалбар кигенде Айна ертеректе трактор айдаған комсомол қыздарынан бір айнымайды. 
 

Осы бетімен иығындағы иінағашқа екі шелек су іліп, қолымен шанадағы суды тартып, өрге қарай басқанда үйге жетіп бірақ тоқтайды. Ал балалар болса, біресе шанаға ит жегеді, біресе тайынша-торпақ жегеді, кейде ат шанаға жуас тайды жегіп, бөшке тиеп әуре боп жүргені.

 

Қаңтардың аязы түс ауа біліне бастады. Түнде қылаулап қар жауған. Ауа шыңылтыр. Тау жақ тұманытып, жаяу борасынмен сусыған қар ұшқындары жүгіріп, ызғырық қатая бастады. Мал суарып бітіп, үйге тақай бергенде:  
 

– Әй, Еркебала, шаруаңды оңап, бойың жылынған соң, үйге кіре кетші, – деді Айна күлімсіреп. Бір жағы тоңып, бір жағы тынымсыз жұмыстан денесі қызып келеді. Дауылбай жаққа қарайлап, есік алдында сәл бөгелді. Сол бетімен шананы қоя салып, шелектерін көтеріп қораның есігін ашты. Маңырап, шөлдеп, шөп, жем сұраған ұсақ малдар қуыс-қуыстан өріп шығып, жамырап су құйған астауға ұмтылды. Қысқы күн қысқа. Әне-міне дегенше өте шығады. Шаруа баққанға тіпті үлгеру жоқ.     
 

Малға шөп сап, суғарып, астын тазартып Дауылбай үйге кірді. Үй дегені– әкесінен қалған, тастан қаланған тоқал там. Жер еденде–ескі текемет. Үстінде–сырмақ, көрпелер. Жер үстелде дастарқан жайылған. Пеш мойнында көк шәугім ызыңдайды. Жас әйел жердегі темір төсекте баласын ұйықтатып отыр. Басын көтеріп бұған қарады. 
 

– Суық па? – деді.
 

– Суық, – деді бұл, – кішкене жылынып, қайта шығамын, төбенің қарын күреймін. Ағамның мылтығы қайда? 
 

– Сандықтың артында, – деді әйел. 
 

Есік жақтағы аласа орындықта әрі-бері отырып, Дауылбай қайта шықты. “Жеңешем мана не айтпақ болды” екен деп сол үйге кірді. Бұлардыкі – бұрынғы совхоздың үйі. Асты – еден, пештері – биік, терезелері – үлкен.
 

– Кешке кеп тамақ ішіңдер, ет астым мол етіп, – деді Айна мұны көріп. – Кел, шешін, тоңған шығарсың. Шай іш. – Тездетіп дастарқан жасады.                                       

 

Дауылбай шешінуін шешінсе де, қолын жуып, дастарқан шетіне отырып, бұрынғы өмірдің көп жарастық, сыйласымы өтіп кеткендей батылсыздау қимылдады. Тұрмыс адамды жүдетеді. Жасқап, қорғаншақ етеді. “Мына жеңешем баяғыда қандай жас, сұлу еді” – деп ойлады. Қоңыр күрең шайдан бірер ұрттаған соң өнебойы жылып сала берді.        

 

 – Әлгі ағаңды, – деді Айна орамалын түзеп,– совхоз кезінде жұмсаушы көп еді. Енді тіпті отырғызбайтын болды. Бір уақыт тауып, біліп келсеңші соны. Әлгі Әбдірәлінің Қамалы мал соңына салып қойды ма, қайдам. Тіпті екі аптада үйге бір жібермегені несі. Тиіп тұрған жер.    
 

– Жеті шақырым ғой, – деді Дауылбай. – Жарайды.
 

– Қалаға барып, жол жүріп ысыла ма десек, томаға тұйық боп барасың ғой,– деп өкпе айта күлді. – Әкелген сыйлығыңа рақмет. Құдай жеткізсе, мына жаман інілерің де шетінен жетіп тұр ғой, осылардан қайтар. 
 

Оны-мұны айтып біраз отырған соң, киініп кетпек болған Дауылбайға:    
 

– Еркебала, – деді Айна қолынан ұстап,– сен байқашы осы. Ана қасыңда жүрген Қамал дегеннен қорқамын. Сен жоқта бірдеңелерді сылтауратып келгіштеп жүреді. Майра да жаманға қиятын бала емес. Байқашы, қарғам, – деді. – Жаман түс көрдім.
 

– Ой, ол ит құрдас қой, әншейін, – деп Айнаны құшақтап бетінен сүйіп, үш күн бұрын қасқыр жеген өлімтікке у салғанын, соны көріп қайтуға баратынын айтты. Белағаштың жолында  “Арашалы сайда”, – деді.
 

– Е, е. Көкемнің екі бірдей тайыншасын қасқыр тартып кетіпті деп еді, – өздері биыл қалың дейді қой.
 

Соған барам, – деді Дауылбай – егер шамам жетсе, Мәукен ағама да соғармын.

 

 

*   *   *
                                                                                        
 

 

Немере ағасы Бегдербек спортшы еді. Мұны бала күнінен кәңкиге де, шаңғыға да, допқа да, мылтық атуға да салған. Дауылбайдың озық қасиеті болса, ол – сергектігі, қарулы, қайсарлығы. Аяғына аңшының шаңғысын байлап, иығына винтовка іліп, тонның белін қаусыра буып, түлкі тымақты баса киіп, түс ауа ауылдың батысындағы Қаракезеңге жетті. Содан сай-саламен сырғанап, үлкен шілікті сайдан өткен соң жота-жотаның үстімен шаңғысын зырылдатып Аршалы сайға тартты. Маңдай алдынан қасқайып шыққан Көксеңгір биігіне тура салмай, оң иықтағы кезеңді орай жүрді. Аршындай зулап, екі қолындағы таяғымен серпе қимылдап, қар үстінде қалыңға батпай еркін қимылдады. Айнала аппақ. Сайларда селкеу ербиген тоғайлар, қарауытқан әжім жартастар, тырбиған қараған, бұталар, жал-жал толқын қар үйінділері, бірін-бірі баспалап, жалғасып кете береді. Кең жазыққа түскесін Аршалы сайдың етегіне ілінгенше бірқалыпты баппен сырғанап отырды. Манағы жел енді алдынан шықты. Тау етегіндегі иесіз ескі қыстаудан өте бергенде, кәдімгі жол басталды. Қалаға баратын үлкен жолдың тармағы. Бірақ беткеймен жүрген трактор ізі жолсызбен, шаң боп кірлеген сұр қар үстімен өрлеп барады.          
 

Ауылда қазір трактор да жоқ еді. Саусақпен санайтын бес-алты-ақ трактор бар. Олардың да бұл аймаққа келуі екі талай. Қамалдың тракторы болды ғой нетсе де. Үш күн бұрын Қамалдың өзі үйге келіп, қораға түсіп, үйдің маңайын қорып, сенектен итін тартып кеткен үйірлі қасқырдың қылығын айтқан. Соның айтуынша, Аршалы сайдағы тайынша жемтігіне у салған. Қалың жыңғылға екі жерден қақпан құрған. Көлік бармайтын Аршалы сайға мына трактор қалай асты екен? – деп ойлады. Төменде тұрып шаңғысын шешіп қолына алып, қарда омбылап кезеңге шықты. Ауадан жап-жасыл арша иісі аңқыды. Қара қожыр жартастарды жауып жарыса өскен аршалар. Бала кезінде, жаңа жыл қарсаңында топ бала шаңғысымен кеп, осы Аршалы сайдан жаңа жылға арша алатын. Шырша деген бекер, арша алатын. Соны ағашқа байлап шырша жасап, елка қылатын. Сол балалық шағына деген сағыныш жүрегін шым еткізіп тербеп өтті. Шаңғысын қолтығына қысып биікке шыққанда Аршалы сай алақанға салғандай анық көрінді. Төмендегі жолға жақын тоғай алдында екі аяқты тіркемесі бар көк трактор екі иығы дір-дір етіп тұр. Қасында түсіп-шығып біреу жүр. Басына малақай киіп бауын байлап алыпты, кеудесінде – шолақ күпәйке. Бұтында – қалың шалбар, аяғында – пима.

 

– Малшылар болды ғой,– деді Дауылбай шаңғысын әзірлеп. Танып тұрғаны– Қамалдың тракторы. – Апырмай, ит-ай, айтып ем бірер күнсіз жолама деп. Алыстан ғана бақыла деп. Әлде ол…
 

Кенет бәрін ұғынғандай болды. Трактордың жоғары жағындағы жартас маңы қызыл қан. Сайдың іші-сайраған көп із. «Сонда бұл нысапсыз маған айтпай, жаралы қасқырларды олжа қылған ба» Одан артық ойлауға шамасы жетпей, шаңғысын іле сап, заулап сайға түсті. Мұны көріп қуанып кеткен Қамалдың малшысы, бірдеңе деп айғайлап, қолымен тоғай жақты нұсқады. Бұған жақындап келгенде, тіркеме үстінде денесі созылып жатқан көкжалды көрді.
 

– Екеуін Құдыштар қуып кетті, – деді анау айқайлап. Әлгінде түсте ғана білдік.
    

– Маған неге айтпадыңдар? – деді Дауылбай дауыстап.
 

– Анау айтпаңдар, – деді. Қолдай басымен тоғай жақты нұсқады.

 

Шаңғымен биіктен зуылдай түсіп келе жатқан Дауылбай қолына винтовканы алды. Жолды қиып өтіп, бір топ бүргенің желкесіне шықты. Қиялай жүріп қырға көтерілді. Айнала тың тыңдады, ағаштарды сатырлата сындырып, қарды күтірлете омбылап біреу келеді. Орта денелі адам. Оң қолында – шошайған мылтық. Сол қолында – қақпаннан алған қызыл түлкі. 
 

Қыр басында тұрып Дауылбай аспанға қарата шүріппені басты. Тыныш жатқан өлкені шаңқ еткен мылтық даусы оятты. Аспанға қарқылдап қарғалар, шықылықтап сауысқандар шықты. Төмен қарай түсе бере Дауылбай Қамалдың желке тұсына аялдады. Мылтығын оңтайлап, маңайға қарап тұрған Қамал – А, сенбісің, –деді айғайлап. Дауылбай винтовканы жалғыз қолымен қарауылға алып, басып жіберді. Оқ әлденеге тиіп ысқырды. Қамал маңдайдан тепкендей шалқасынан түсті. Малақайы анадайда жатыр. Дауылбай мылтығын көтере бере, шүріппені тағы басты. Шошаң етіп Қамалдың мылтығы анадайға ұшып түсті, сол қолымен сүйеніп тұрған қайың бұтағы жұлынып түсіп қарға құлады. Шоқиып отырған бойы тіл-аузы байланды. 
 

– Ана қасқырларды бір жерін бүлдірмей сойып, терісін өз қолыңмен әкеп тастайсың. Менің қақпанымды аңдығаның үшін айып салмаймын. Ал біздің үйге келгенде арам-лас ойыңды далаға, босағаға тастап кір, – деді бұл айғайлап. Қайың түбінде бұдан көзін алмай тырайып жатқан жігіттің бұта жырып қан болған беті боп-боз. Мықшыңдай тұрып малақайын киді. Дүбі қақ айырылған ескі мылтығымен қарда қалған қызыл түлкіні алып, таудың қия бетіне қараса, Дауылбай қар басқан ұзын жолға түсіп бірте-бірте алыстап барады екен. Тоғайдан шыға бере сынық мылтығын тіркеме үстіне лақтыра салды.
 

– Әлгінікі не? – деді Қолдай іштен секіре  түсіп. 
 

– Ай, әшейін, – деді бұл, аузынан жылымшы қан білінді. 
 

Мылтық дүбі тиіп қанаған ернін тістелеп түкіріп тастады. Тұйық сайдың төменгі иығына мінген аласа қырқада, жалғыз ноқат аппақ қарлы ұзын сайды қуалап, өз бетінше кетіп барады. Қысқы кеш суытып, ызғырық жел күшейе түсті.      


Share:      
Leave a comment: