Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Ахмет пен Міржақыптың үстінен домалақ арыз жазған кімдер?

Blogs

11.06.2021
6222

Ахмет пен Міржақыптың үстінен домалақ арыз жазған кімдер?

«Көкірегі сезімді, тілі орамды» әрбір қазақ Алаш қайраткерінің үстінен өз қандастары тарапынан домалақ арыз (донос) жазылғанын көзбен көріп, қолмен ұстамаса да, сол заманның сазы мен дерек-айғақ ізіне бойлаған ақыл-ой құрығы мен қисын қиығы арқылы болжай, бағамдай алатыны кәміл. А.Байтұрсынұлының көсемсөздік туындылары мен көркем шығармаларында өз ағайынына өкпе-реніш, наз айтатын жолдар қазақтың оқығандары арасында орын алған өмір шындығынан туғындағаны – атар күндей айқын.

Айталық, оның «Көк есектерге» деп аталатын өлең жолындағы:

 

Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны
,- деп түйінделетін шумақ ақынның басынан өткен жағдайдың жыр өрнегіндегі белгісі екені сөзсіз.

 

А.Байтұрсынұлының ғұмырнамасындағы ұстаздық, ағартушылық қызметтің бел-белесін зерделеп жүрген зерттеу жұмысы барысында архивтік құжаттардың көмбесінен қайраткердің үстінен жазылған екі домалақ арызды кездестірдік.

 

БіріншісіІшкі істер министріне 1914 жылдың 30 тамызында жазылған. Бұл арыздың түпнұсқасы емес, Орынбор губерниялық жандарм басқармасының ісжүргізушісі тарапынан жасалған көшірмесі. Көшірме жандарм басшысының қолы мен мөрі арқылы расталған.

 

Екіншісі Орынбор губернаторына бағытталған. Жазылған уақыты – 02.09.1914 ж. Губернатордың канцелариясына тіркелген мерзімі – 06.09.1914 ж.

 

Екі арыздың мезгілдік  арасы – үш күн. Жалпы, Орынбор губернаторына жазылған түпнұсқалық арыздың мазмұнына қарағанда, арызданушылар аталған лауазымдардан бөлек тағы екі мекемеге – юстицияға, жер ісі және орналастыру министрлігіне арыз жолдаған. Бұдан шығатын қорытытынды: шағым жазу ісі үлкен ұйымдастырушылық іс-шара әрі саяси астары бар науқан болғандығын аңғара аламыз. Бірақ біздің қолымызға түсіп отырғаны – жоғарыда аталған екі арыз.

 

Бүгінгі талдайтынымыз Орынбор губернаторына жазылған, жазылымы түпнұсқада сақталған арыз.

 

Шағымданушылар - бес кісі. Олар: Қали Нұрымов, Досым Жүсіпов, Ерғали Балтабаев, Сағындық Бірманов, Жакен Сатыбалдин, Өтеген Сырымов (№ 1 сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№1 сурет-кескіндеме

 

Аталмыш бес кісі шын өмірде болған тұлғалар ма, әлде ойдан алынған кісілер ме ол жағын Алаш қозғалысының тарихын жілік-жілігімен жіктеп, талдап жүрген ғалымдар анықтай жатар деп ойлаймыз.

 

Домалақ арыз иелері (немесе иесі) сөздің «біссімілласын» «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынұлы мен оның көмекшісі М.Дулатұлын Семей губернаторының өкімімен түрмеге жабылған, әкімшілік жер аударуға ұшыраған, полиция бақылауында болған қылмыскер кісілер деп қаралаудан бастайды. Сондай «қылмыскерлердің» қазақ халқының тағдырына мұғалім болу бұйымысы жазылғанына «ашынады» (№2 сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№ 2 сурет-кескіндеме

 

Бұдан әрі арыз иелері Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына қолдау беріп отырған кісілерді «әшкерелейді». Олардың қатарында Торғай облыстық басқарманың аудармашысы Тұнғашин, округтік сотта қазақ соты ісінің хатшысы Сейдәзімов (Қадырбек- автор), сол соттың аудармашы Балғымбаевтар (Ғұбайдулла ма, немесе Ахмет пе, ол жағы бізге белгісіз) бар (№3 сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№3 сурет-кескіндеме

 

Аталмыш лауазым иелері «Қазақ» газетінің таралуына көмектеседі-мыс, мұнымен шектелмей олар «Қазақтың» редакторы А.Байтұрсынұлымен бірігіп, неміспен болып жатқан соғыста Ресейді немістер жеңеді, себебі олардың одақтасы жеңімпаз Түрік мемлекеті. Немістер жеңсе, заңсыз алынған қазақ жерлері өздеріне қайтарылады, кезінде қазақ билеушілері орыс үкіметіне сатылып кеткен деген сыңайда үгіт жүргізеді деп кінә тағады. Олардың бұл ісін айтуға қарапайым қазақтар қорқады, себебі оларды аталмыш лауазымдық тұлғалар қызметтік беделі арқылы газет басшыларының үстінен түскен арыз-шағымдардан қорғайды»,- деп бір қайырады (№4 сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№4 сурет-кескіндеме

 

Шағым мазмұнындағы келесі бір жолдарда домалақ арыздың артында кім тұрғанынан хабар беретіндей ақпарат белең қағатындай. Ол жолдарда «Қазақ» газетін алғашқыда редакторы А.Байтұрсынұлы болғанын, бірақ кейін ол оны басқа кісіге өткізгенін жазады. Мұны ол әлде бір қазақ сұлтанының өзіне жазған қарсы мақаласынан кейін қорқып, басшылықты өзге тілектес кісіге берді деп пайымдайды (№5 сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№5 сурет-кескіндеме

 

Алаштанушылар Байтұрсынұлының мақаласына қарсы жариялым жазған «сұлтанның» кім екендігін тез табады деп ойлаймыз. Автордың осы құжаттармен бөлісіп, пікір алмасқан кісі, белгілі  ғалым С.Аққұлұлының пікірінше, ол сұлтан – Б.Қаратаев.

 

Шағымның лауазым иесінен сұрайтын түйін сөзі мынадай: ақын Байтұрсынұлы мен Дулатұлы өз «шайкаларымен» бірге қазақ халқын құрдымға тартып бара жатыр. Сондықтан «Қазақ» газетін жауып, оның редакторы мен оның көмекшісін Орынбор қаласынан қуып жіберу керек. Әйтпесе, қазақ халқы ажал кебінін киеді (№6сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№6 сурет-кескіндеме

 

Шағымданушылар бұлайша «дабыл қағатынының» себебінің бірі Орынбор қаласына қазақ ісіне қатысты мекемелер шоғырланған. Сол шоғырдың ішінде аталмыш тұлғалардың жүруі қауіпті. Сондықтан олар шағымды Ішкі істер, юстиция, жер ісі мен орналастыру министрліктеріне бір мезгілде арыз жолдаған. Қазақ арасынан жоғары білім алған кісілер мұндай жаман іске ешқашан  бармайтынын, өкінішке қарай, ондай білімі бар тұлғалар Ресей ішінде алыста қызмет етіп жүргендіктен қараңғы халықтың көзін ашу ісі кеміп кеткен. Бұл тұста олар А.Байтұрсынұлы мен Дулатұлының жоғары білімі жоқтығын мегзеп тұр. Олардың оқуы – арнайы орта білім. Бірі Мұғалімдер мектебінің түлегі болса, екінішісі – мұғалімдерге арналған педагогикалық курсты тамамдаған болатын. Аталмыш оқу орындарының бүгінгі дәрежесі – педагогикалық училище, яғни педагогикалық колледж. Арызданушылар осыны мегзеп тұр. Соған қарағанда арыз иелерінің (немесе иесінің) жоғары білімге қатысы бар жандар (жан) екендігін байқатады (№7сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№7 сурет-кескіндеме

 

Шағымның соңында арызданушылар аталған кісілерге ашық түрде қарсы шығуға қаймығатындарын, себебі олар бұлардың соңына түсіп қуғынға ұшыратады деп қорқатындарын баяндайды. Домалақ арыздың соңына «қазақша қол қойдық» деп, араб қәрпінде аты-жөндерін таңбалайды (№8сурет-кескіндеме):

 

class=alignnone

№8 сурет-кескіндеме

 

Міне, жүз жылдан астам архив мұрағатында «үнсіз жатқан» домалақ арыздың мазмұны осындай. Бұл арыздың Ішкі істер министрлігіне бағытталған нұсқасының мазмұны, тіптен, сойқан. Оны талдау алдағы уақыттың еншісі мен күннің сәтіне бұйырылып тұр.

 

Түйіндей келгенде, арызқойлар қаралаған А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы - қазіргі таңда қазақ ұлтының бетке ұстар асыл тұлғалары. Әділетсіз, зорлықшыл биліктің ығына ерген заманның саяси ұстанымы оларды қанша қараласа да, «аққа – құдай жақ» деген тарих оларды өзі арашалап алды. Тарихтан сабақ алу деген ұғымның бір ұшы осындай бір көріністерге тірелетіні сөзсіз.

 

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы,

А.Байтұрсынұлы атындағы университеттің профессоры


Share:      
Алмасбек Әбсадық
11.06.2021 17:06
Қазақтың қаны мен қалпында болған жағымсыз көріністерді болдырмау мақсатында пікір білдірейік, ағайын?
Leave a comment: