Blogs
Балалықтың соңғы күзі
~~ Балалықтың соңғы күзі
(хикаят)
-Сәлем, сегізінші сыныптың сылқымдары мен серілері, перизаттары мен перілері!-Онсыз да шулы сынып бөлмесіне Арман екпіндей кіріп, дауыстай сөйледі.
-Кеше ғана жетінші сыныпта оқып жүрген жеткіншек едік, енді, міне, сегізінші сыныптың табалдырығын аттап та үлгердік.-Бұл пәлсапаның иесі-сыныптың әкімі Алтынай.
-Түу, сен менің марқұм әжем сияқты сөйледің ғой. Ол кісі маған «кеше ғана туған тәрізді едің, сенің ер жеткеніңді білмей қалыппын» деп ақыл-кеңесін ағытатын.-Арман сынып басшысына келемеж жауабын жұптап үлгерді.
-Арман, сенің атыңды кім қойса да, қатты қателескен. Армансыз, талапсыз адамға «Арман» деп ат берудің еш қажеті жоқ еді ғой!-Оқу озаты болғандықтан, нашар оқитындардан өзін анағұрлым жоғары ұстайтын Алтынай дес берер емес.
-Таң атпай тартысып не болды? Сәлеміне түзу ғана жауап бере салмайсың ба?-Бүйірден Жайна келіп қосылып, сыныптастардың тәжікесін тоқтатпақ болды.
-Сол аяғынан тұрған мынау ғой,-деп Алтынай адуынды жүзбен партасына жайғасты.
-Мынау емеспін, Арман Шорманұлы деп айтсаң, дұрыс болады!-Арманның бұл сөзіне оқушылар ду күлісіп басылысты.
Орындығына дүмін басқан Арман сөмкесінен оқу құралын тездетіп ала қоймады. Мұғалімдерді айғайға бастырып барып, оқу жабдығын түгендейтін Арман ғой бұл!Сөмкесін ары-бері ақтарып, қаламын таппай, күнделігін алып шықты. Зындан-сөмкеде күннің көзін көрмей, қалам сиясын сезбей ұзақтау жатып қалған күнделік Арманға ешқандай ақпарат бере алмады. Қай сабақ екенін білмей, басы қатқан Арман артына бұрылып:
-Қазір кімнің сабағы?-деп дүңк етті.
-Алма апайдың сабағы,-деп Кербез күнделігіне қарамастан тақ ете қалды.
-Түһ, сол құрт-құмырсқаның ханшайымынан құтылмайтын болдым-ау!Тағы да жәндіктердің суретін салып, бақа-шаянның ішек-қарнын ақтарамыз ба?
-Мен сені апайға айтам. Ол кісіні құрт-құмырсқаға теңеп, сықақ қылғаныңды жеткізсем, басың бәлеге қалар. Әрі қазір биология емес, химия деген сабақ болады.-Кербез тоқтаусыз оқ жаудырған пулеметтен бетер кідіріссіз сөйлеп кетті.
-Химия? Биологияны жек көріп жүргенде, енді химия дейтін қиын бастала ма? Менің бағым бір ашылмады-ау!.-Арман партасына етбетінен жата қалып, қалтасынан ескілеу ұялы телефон алып шықты.
-Әришөк, тілипоныңды берші. Мен біраз ойнайын. Одан басқа айналысар іс таппай тұрмын,-деп Дияс Арманға төніп келді.
-Әришөк емеспін, мен-Арманмын,
Жалғыз ұлы болам өзім Шорманның,-Арман анасының еркелетіп айтатын есімінен ұялып қалып, тек тұрмастың амалын жасап, тақпақтата жөнелді.
-Егіз ұйқас-ау, шамасы,-деп Дияс кекетіп қойып, телефонға жармасты.
-Балалар, бәрің бері қараңдар! Арман Ертіс жағалап, диуанадай айдалада түнеп қалғанда, жын қағып кетіпті. Бет алдына сөйлеп, есінен ауыса бастапты,-деп Алтынай жайма базарда тұрғандай жар салды.
-Жын қаққан жоқ, әулие келіп, аузыма түкірген. Өз-өзінен тіліме жыр жолдары оралып, көңілімде белгісіз бұлбұлдар сайрайды да тұрады!-Арман әдетінше Алтынаймен сөз жарыстыра жөнелді.
-Арман, сен Ертістің жағасында бейітке түнепсің ғой. Сол кезде түсіңе жеті басты айдаһар кірген шығар?
-Арман, сен қараңғы түнде Ертіс орманында жалғыз қалғанда, қорқыныштан ұлып, қасқырлардың зәресін алыпсың ғой. Рас па?
-Әришөк, құм жастанып, маса-шіркейді азық еткенің ел аузында аңызға айналып кеткен. Аңыздағы ақиқаттың алар салмағы қанша?-Дияс телефоннан басын көтеріп, сыныпқа естірте, арындай сөйледі.
-Арман, тоғайдың арасында тентіреп, жалғыз қалғаныңда, алдымен қай мұғалімнен кешірім сұрағың келді?
-Арман….
-Арман….
Бұл шуды әлдебір әдіспен тоқтатпаса, күлкіге қаларын сезген Арман жаны алқымға келіп, орнынан атып тұрды.
-«Табиғат-тал бесік» деп шығарма жазатын мына сендер емес пе едіңдер? Енді мен сол табиғат-бесікте бір күн тербетілген екенмін. Оған несіне сонша дүрліктіңлер?-
Сынып бөлмесін күлкі басты. Бірі ішін ұстап, аунап жатса, енді бірі аузын басып, кемпірлердей кемсеңдеді. Аузын басып күлуді, әсіресе, соңғы кездері қыздар жағы тегіс әдетке айналдырған. Ұлдар ересек жігіттерге ұқсап, қарқылдай күлісті. Жалғыз Алтынай ғана езу тартпады.
-Әумесер!-деп шаңқ етті де, орнына отырды. Арман оның бұл сөзін жауапсыз қалдырды. Жазғы демалыста отбасында орын алған сол күн бір айдан астам уақыт өтсе де, көңілінен кетер емес-тін. Ғажабымен есте қалса бір сәрі ғой...
Сол күні кермиықтана атқан жаздың таңы кербездене батқан болатын. Батқан күннің берекесін тілеумен жүрген анасы Сәнімай Арман мен қызы Гүлімайды кешкі дастарханға шақырды. Түсте үйден шығып кеткен отағасы Шорман әлі оралмаған. Соған ала көңіл болған үшеуі астарын алаңсыз іше алмады. Алаңдамай қайтсін, мына тылсым тыныштықтың ар жағында ақыруға дайын тұрған албастының жасырынғанын үшеуі де жақсы білетін. Сондықтан көңілдерін әр нәрсеге алдандырып, іштей тынышталғылары келді. Түн болды. Аппақ ай қасқайып, түнгі даланы нұрына бөктіріп-ақ тұрды.Дегбірі қашқан екеуі терезеден табиғат сұлулығын тамашалап тұрмаған еді, отағасының қалай ораларының аңысын аңдыған амалдары болатын. Кішкентай Гүлімай күні бойғы ойыннан сілесі қатып, лезде ұйқыға шомды.
-Апа, әкем бүгін сау келетін шығар. Алаңдамай ұйықтай беріңіз. Мен кино көріп отыра тұрамын,-деп Арман анасын ұйқы аулына аттандырмақ болды.
-Әкең осыншама уақыт қайда жүр? Ана бір азғын достарына барып қосылмаса игі еді,-деген анасы ішкі уайымын жасырмай.
-Апа, сіз әкемнен қорықпаңыз. Ол сізге қол көтере алмайды. Мен қорғап қаламын анашымды, осы өмірдегі дара панашымды!
-Құлыным-ай, сен әлі кішкентайсың. Білесің ғой әкеңнің әлегін. Ішімдігінен тыйылар деп үміттеніп күтумен жүрмін. Сендерді әкесіз өсірмеудің қамы ғой мұным.-Анасы қамқорси сөйлеген ұлын баурына басып, күн исі сіңген шашынан иіскеді.
Осы сәт сыртқы есік шалқасынан ашылды. Күйеуінің қандай күйде екенін Сәнімай айтқызбай-ақ аңғарды. Тағы да «жынды суға» тойып алған Шорман төрге озбай жатып, айғайға басты:
-Ей, қатын, неғып ұйықтамай отырсың? Мені аңдыған түрің бе? Әлде күткен біреуің бар ма еді?
-Шорман, балалардың мазасын алмай ұйықтап қалшы.
-Мені ұйықтатып тастап, сен өзің қайда барайын деп едің? Ақымақ, мені ұйықтайды деп тұрмысың? Қос бұрымыңды төгілтіп, кімнің көзіне түсе алмай отырсың?
-Айғайлама. Гүлімайды шошытасың. Менің бұрымымда нең бар?-Шорманның күткені де осы еді.Әйелінің жанына жалма-жан жетіп келіп, бұрымын қолына орап алып, есікке қарай сүйрей жөнелді. Сәнімайдың жаны көзіне көрінсе де, тістеніп, үнін шығармады. Тек Арман шамасы келгенше шырылдаумен жүрді.
-Әке, босат апамды! Ауырды ғой шашы! Жұлдың ғой бәрін. Жібер деймін!
-Ей, күшік, шешеңмен бірге жаныңды жаһаннамға аттандырайын ба? Неге сен мен сияқты сырбаз болмай, шешеңе ұқсап менімен араз болып жүрсің? Құрғыр шешең күні бойы мені жамандап, маған қарсы қойған ба сені?
-Ешқашан балаларды саған қарсы бағыттаған емеспін. Жібер шашымды. Сендей күйеуім болғанша, жесір өткенім артық еді!-Сәнімай шашын түбінен уыстай ұстаған күйі, тіс арасынан сыздықтата сөйледі.
-Баяғыдан осыны айта алмай жүр екенсің ғой, албасты! Менен ажырасып, кімнің түтінін түтетейін деп едің? Мә, саған!-Әйелін жұдырықтың астына ала жөнелген Шорман ұлын бір шетке оп-оңай ығыстыра салды. Арман «анам жұдырықтан өліп кете ме» деп қорқып, жан-жағына жалтақтай қарап, қолына ілер зат таппай қарманды. Сол сәт көзіне шанышқы ілінді. Жан дәрмен дегенде шанышқыны алып, әкесін ту сыртынан ұрғылай бастады. Баланың қауқарсыз қолдары аса қатты соққы болып тимесе де, Шорманға батып кетті. Ол әйелін тастай салып, ұлына шүйлікті.
-Ей, есерсоқ, менен тусаң бұлай сыртымнан ұрғыламас едің! Сен менің балам емессің! Сен- мына есі ауысқан шешеңнің ұлысың!-Сөйтті де ұлын қолынан алып, шешесінің үстіне тулақ лақтырғандай тастай салды. Азан-қазан айғайдан шошып оянған Гүлімай жүгіріп келіп, ештеңе түсінбесе де, титімдей қолдарымен анасын қорғаштай берді.Үй іші аналы-балалы үшеуінің зар жылаған даусына толып, естігеннің есін кетірердей күйік үні болып бебеу қақты. Шорман масатты жүзбен темекісін шегіп, үпір-шүпір болған ұлы мен қызына назар аудармастан, көңілдене әндетті. Ақ таң сол күні қорғансыз үшеуге атпастай көрініп, зорға дегенде қылаң берген-ді. Таң ата сынған ыдыстарын жиыстырып, үйдің ішін реттеген анасы түк болмағандай шаруасын қамдап кетті. Арман анасының жанында жүріп, онымен ашық сөйлесуге бел буды:
-Апа, қашанғы бұлай бақытсыз болып жүре береміз?
-Ұлым-ау, бақытымыз менің қолымда тұр ма? Маған салса, әкеңнің арағын қойдырып, баяғы сүттей ұйыған қалпымызға қайта оралар едік қой.
-Апа, мен есейдім. Енді әкемнің тепкісін көріп, жігерімді жасытқым келмейді.Оның таяғын жеп, жаным мен тәнімді жара еткім келмейді!
-Сонда маған не істе дейсің?
-Апа, әкемнен ажырас! Ол жоқ болса, жақсы өмір сүреміз!
-Жоқты айтпа! Ағайынның арасында отырып, қалай ажыраспақпын?! Ондайды тіпті ойлаушы да болма!
-Жауабың осы ма,апа? Әр күнімізді қорқынышта қалдыратын, таңымызды таяқпен атыратын ондай әкенің маған керегі жоқ!
-Онда жақсы әке тауып ал! Саған кім керемет әке дайындап берер екен!-Анасының сөзінен «ажырасу» деген амалдың исі де болмайтынын білген Арман Ертіс орманына жүгірді. Ұшар басы желмен шайқалған тоғайларға мұңын айтып, балалық көңілі бақыт-шаттықтан қайтып, ақыры жылай-жылай солығын басып, елсіз далаға түнеп қалған болатын. Елсізде шақылдаған жылқышы құстың даусын да ес көріп, өзі бірнеше рет қайталап көрген кинодағыдай осы орман алаңқайында сансыз жыл жалғыз өмір сүруге серт етті. Алайда ойлағаны оңынан келмей, ертеңнен Робинзон Крузодай әрекет жасауды бастаған Арманды атқа мінген әкесі келіп, лақ құрлы көрмей алдына өңгеріп, үйіне алып қайтқан. Енді арақ деген ақыл-естен айырар мәжнүн судан ішпеуге сөз беріп, Шорман үй-ішін кезекті алдаусырату айласын жасаған.
-Шорманов, неге есіңнен танып отырсың? Жазғы үш айлық демалысты қимай қалған қалпың бар-ау, шамасы!-Алма әлденеше мәрте есімін атап, тақтаға шақырса да, естімеген жанның кейпінде отырған Арманға қарап шарт етті.
-Кешіріңіз, апай.Тақтаға шықсам ба екен, әлде тауға шықсам ба екен деп ойланып отырмын.
-Тауға шығу саған қол емес. Тақтаға шық!-Мұғалима даусынан Арманның сөзін жақтырмай қалғаны анық білініп тұрды. Тақтаға шыққан шәкірті ұстазының осыған дейін түсіндірген тақырыбының шетін де қаужай алмады. Ол кезде Арман өз әлемімен әлектеніп отырған еді. Қонжитып «екіні» қойған Алма Арманға оқты көзімен ата қарап, «ертең сабаққа әкеңді ертіп кел» деп суық әмір етті. Зілді бұйрықты жібіткісі келгендей, без етіп қоңырау соғылды. «Қоңырау үні-зарықтырған бостандықтың бебеуі» деп, Арман тысқа атылды.«Екі» алғаны есінен шығып, көк аспанға тамсана қарап, талмау көкте қаздай тізілген аппақ бұлтқа қолын созды.Өзге оқушылар ауыл жұртына жаңалық болып енген қалта телефон үлгілерін салыстырып, ең озығын бағамдасып тұрды.Күзгі күннің жылы лебі бетіне тиіп, жанары жұмылып қалған Арман сол күйінде бір-екі адым аттады. Көз алды қызылды-жасылды сәулелерге толып, өзгеше бір нұрлы әлем есігін әне-міне ашардай жүрегі алқынып-ақ кетті. Кенет қарсы алдындағы әлдекімге соқтығысып барып тоқтады. Көзін ашты. Алдында бетін шимай әжім басқан, мектеп қақпасын асыға ашқан бір әжей тұрды. Өзі жалғыз емес, жанында бір қыз бар.
-Бұл мектепте көзін жұмып алып оқитын ба еді?-деп әжей өзіне қақтығысқан Арманды жақтырмай күңк етті.
-Сәлеметсіз бе, әжей? Көзін жұмып, мейлі ашып, әйтеуір оқиды бұл халық. Қош келдіңіз!
-Мектеп басшысы өзінде ме? Кабинетін нұсқап жіберші!-Әжей өтініп емес, бұйрыпы тұрғандай сөйледі.
-Жүріңіз. Мен ол кісіні жақсы танимын. Соңымнан еріңіз.-Арман жолбасшы болып, алға түсті. Әжей директордың бөлмесіне кіріп кетіп, көп ұзамай қайта шықты. Есік көзінде тұрған Арманға қарап,
-Өзің бір жақсы бала екенсің. Жыға тани алмай тұрмын. Кімнің баласысың?-деді.
-Сәнімайдың ұлымын,-деді Арман даусын сәндеп. Сәнденбей қайтсін, әжейдің қасындағы қыздың мөлдіреген жанары Арманға аса жылы көрініп, өзіне тартып барады.
-Әкеңнің атын неге айтпайсың?-Әжей тергеп қояр емес.
-Әкемнің есімі тым ұзақ, айтуға қиын,-деп Арман мұрын астынан мыңқ етті.
-Е, солай де. Өзіңнің атың қысқа болар.
-Атым-Арман,-деп Арман сергек сақшыдай сып ете қалды.
-Онда менің немеремді сегізінші сыныпқа апар.
Әжейдің айтқаны екі болмады. Арман қыздың алдына түсіп, сынып бөлмесіне ертіп әкелді. Жол бойы томаға-тұйық қалыпта тіс жармаған қыз сыныпқа кірген соң да, ақтарыла қоймады.
-Достар,Бекзат ағай қайда? Біздің сыныпқа су жаңа оқушы келді!-деп Арман ұран салды.
-Арман, бұл сенің арманың емес пе?
-Қойшы, біздің ауылдан тұрғындар көшіп кетпесе, көшіп ешкім келе қоймас.
-Арман, бұл сенің қиялыңдағы перизатың емес пе? Өзінің көзі тіптен маржан тастай мөлдір екен!-деп Дияс сыныптастардың талқылауын бір түйіп қойды.
-Өздерің көріп тұрғандай, бұл арман да, елес те емес. Шындық өмір осы.Біздің сынып сұлулары тағы бір періге толығатын болды,-деген Арман «су жаңа» сыныптасына орын ұсынды, әрине,өзінің жанынан. Осы кезде мәселеге сынып әкімі Алтынай араласты.
-Қош келдің, құрбым! Қай мектептен, не себепті келдің? Үлгерімің жақсы ма?
-Алдымен атын сұрамайсың ба? Тергеушіден бетер тергей жөнелгенше, төрден орын бермейсің бе? Сені де қазақ дейді-ау!
-Арман, сен жайыңа отыр. Қазақылық дегеннен сен не түсінуші едің? Ал, сенің есімің кім?
-Перизат.
-Мені бүгіннен бастап, әулие деп атаңдар. Жаңа осы қызды перизатқа теңеген мен едім,-деп Дияс өз сөзінің шындықпен сай келіп қалғанына даурыға жөнелді.
-Иә, біздің сыныпта бір «Жын» бар, енді соған бір «Әулие» қосылуы-заңды құбылыс,-деп Кербез айнадан жүзін ала берді.
Перизат орнында үнсіз отыр. Жайна жақын барып, өзімсіне сөз бастады.
-Танысып қояйық. Менің атым-Жайна. Біздің сыныпты сырттай көріп, шошып отырсың ба? Негізі біздің ұлдар аздап тентек болғанмен, өздері- шеттерінен парасатты жігіттер. Қыздар да өзара ұйымшыл. Сондықтан жаңа ортаға сіңісіп кету жағынан уайым жемесең де болады.
-Жайна, сен Перизатқа құдайы көршісінің жынмен жақын екенін айтып, ескертіп қой. Артық болмас білгені,-Алтынай Арманға қатысты әлденені тұспалдап, кекету сөзін бастады.
-Алтынай, қашанғы Арманмен жұлдызың қарсы келе бересің? Соншалықты ол саған нендей жамандық істеді? Несін қызғанасың?
-Жайна, мен оның ештеңесін қызғанбаймын. Оның кісі қызығарлық несі және кімі бар? Маскүнем әкесіне қызғаныш білдірейін бе? Менің әкем-кәсіпкер, ал оның әкесі...-Алтынайдың сөзін аяқтатпаған Арман оны бар пәрменімен итеріп қалды. Бейқам тұрған қыз артындағы орындыққа құлап, шалқасынан түсті. Жердегі қан тамшыларын көрген оқушылар шу ете қалысты. Шүйдесін ұрып алған екен Алтынай.
-«Басқа пәле тілден» деген осы екен ғой,-деп Дияс мектеп медбикесінің кабинетіне қарай ұша жөнелді.Арман Алтынайдың жанына үйірілген оқушалырды жасты көзімен бір шолды да, сынып жетекшісі Бекзат ағайының үйіне қарай жүгірді.Ию-қию сезімдер арпалысында қалай жеткенін байқамай да қалды. Күткеніндей ұстазы мектепке жиналып жатыр екен. Ескертусіз келген оқушысын көріп, аңтарылып қалды.
-Арман, жайшылық па?
-Жоқ, ағай. Тезірек сыныпқа жүріңізші. Тосын оқиғалар тым қаптап кетті.-Арман алқына сөйлеп, жас жуған бетін басып, өксіп жіберді.
-Ол нендей тосын оқиға төтеннен келген? Не болды?
-Сыныпқа жаңадан бір оқушы келді!-Жыламсыраған дауыспен сөйлеген Арманға ұстазы таңдана қарады.
-Соған бола жылау қажет пе?
-Сосын мен Алытанйды итеріп жіберіп, қатты құлатып тастадым. Оның басынан қан ағып жатыр, ағай!-Мына сөзден кейін Бекзат аял тұтып тұрмады, өкпесін қолына ала, мектепке қарай жүгірді. Келген бойда Алтынайды іздеді.Сымсыз телефон мен сымды телефон бірдей іске қосылып, Алтынайдың шешесі мектепке бұдан бұрын жетіп үлгеріпті. Мектеп медбикесі Алтынайдың жарасына йод жағып, жұбатып отыр.
-Алтынай, халің қалай? Еш жерің ауырмай ма?-Бекзат қызға төніп келіп, жол бойғы қорқынышын сейілтуге асықты.
-Жоқ, ағай, қатты ауырып тұр. Ана Арман менің аяусыз жықты. Менің жұлыным үзіліп кетуі де мүмкін еді ғой,-деп Алтынай еңіреп жіберді.
-Оқушының халі қалай екенін ең соңғы болып білесің. Сен өзі қандай мұғалімсің? Біз саған баламыздың өмірі мен денсаулығын сеніп тапсырып едік. Ақыры мынадай оқыс оқиға болды! Жауап бересіңдер бәрің әлі! Жүр, директордың бөлмесіне. Осы мектептен екеуіңді бездіріп жібермесем, Күлқаш атым қүрысын!
-Мынаны қара! Алтынайдың апасының аты Күләш емес екен, бізге «анам әнші Күләш Байсейітовамен аттас» деп мақтанатыны бекер екен. Күлқаш деген сүйкімсіз есім ғой,-деп Кербез Жайнаға сыбырлап үлгерді.
-«Күл де қаш, текке тұрма» деген сөз ол. Құр босқа топтанбай, сыныпқа барайық. Перизаттан ұят болды. «Қасқырдың бөлтіріктеріне тап болдым ба?» деп үрейленіп отырған шығар. Жүріңдер,-деп Дияс қыздарды соңына ілестіріп, сыныпқа беттеді. Қалғандары «тергеу, тексеру» жұмыстарын жүргізу үшін, директордың кабинетіне қойып кетісті.
-Төрлетіңіз, Күләш апай! Жағдайды естідім. Алытнайдың өміріне төнген қауіп жоқ. Сондықтан біраз сабаңызға түссеңіз, бәрімізге жақсы болар еді,-деп басшы Күлқашты сары алтын-сабырға шақырып көріп еді, әрекеті сәтсіз аяқталды.
-Мен мектепке қызымды оқысын деп жібердім. Қайдағы бір сүмелектің сотқар ұлынан таяқ жесін деп жіберген жоқпын. Өзім алақанымда аялап, дегенінің бәрін жасап жүрген жалғыз қызым қан жоса болып, әбден әлсіреп қалыпты! Мектеп деген осындай бола ма?-Бекзат сөзін бөлмегенде, Күлқаштың тағы нені айтып, айға қолын білері белгісіз еді.
-Апай, мен сізді түсініп тұрмын. Бірақ сіз де шектен шықпаңыз. Бәрімізге бірдей тіл тигізіп тұрсыз. Оқиға Алтынайдың Арманның әкесін айтып, кемсітуінен басталған. Сол оқиғаны өзіңіз ары қарай өрбітпеңіз. Арман да- біреудің баласы. Қазір оның да анасы келеді. Сонда мына жер сот залына айнала ма? Ашуыңызды басып, ақырын сөйлеңіз.
-Сен университетті кеше ғана бітірген шикіөкпе, мені, осы ауылдың білдей кәсіпкерін үйретейін деп тұрсың ба? Маған ақыл айтудың соңы не боларын сен білмей тұрсың!-Күлқаш қып-қызыл қорқытуға кірісті.
-Апай, кешіріңізші. Мен Алтынайды жек көрмеймін. Бірақ намысыма тиіп, қатты тілдеген өзі. Сосын осылай болды. Ал, Бекзат ағайдың еш кінәсі жоқ,-деп Арман мұрны бітіп, мыңқылдай сөйледі.
-Қазір сенің шешең келсін. Ана албастыдай әкеңмен бірге сендерді жер аудартып жібермесем бе осыдан?!-Алтынай анасының баурына тығыла түсіп, жас болмаса да, көзін сүрткенсіді. Сөзге директор араласып, адуынды әйелді тиісінше сөйлеуге шақырды.
-Оқиғаның неден басталғаны бізге мәлім, яғни Арманмен бірге Алтынай да осы жайтқа жазықты. Сыпайылық шеңберінен шығып, Арманды тілдеген-Алтынай. Оған жұдырық ала жүгірген-Арман. Екеуі де бір кісідей айыпты. Сондықтан мұны балалардың көзінше емес, тек үлкендер қатысында байсалды түрде талқылайық.-Күлқаштың желі шыққан доптай мысы басылды. Алтынай үйіне, Арман сыныпқа кетті. Бұл оқиға Арманның анасының Күлқаштан кешірім сұрап, «жаздым-жаңылдым» деуімен тынды. Тек Шорман ғана ұлының бетіне шіркеу болып, оның намыстан өртеніп жүргенінен хабарсыз күйде, бөтелкесін бөктеріп, ескі достарынмен қайта табысты.
Алтынайды бір күндік сабағы-сыбағасынан құр қалдырған Арман келесі сабақтарға қатысты. Тек жаңа көршісіне жүзін емес, сыртын беріп отрыды. Мұнысы- ұялғанының белгісі. Ұялып отырып, Перизатқа барлай қарап та қойды. Ол ешкіммен ісі жоқ, жайбарақат күйде отыр. Мүмкін бәрі ішінде болар. Әйтеуір Арманға айыптау жанарын жолдамады. География сабағы еді, бұл сабақтың қожайыны-Бекзат. Өскемендегі университетті жақсы тәмамдаған соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осы ауылға жол тартқан. Туған аулына іргелес бұл Шеңгелді мұны қуана қарсы алған болатын. Неге десеңіз, географиядан мұғалім жоқ, «келемін» деп құлшынған тірі жан табылмады. Көктен тілегендері жерден табылғандықтан, директор «жассың» деп жерге қаратпай,«бас бол» деп 8-сыныптың жетекшілігін де берген. Міне, бір айдан бері Бекзат өзінше бір соны мәнермен әр оқушының жанына, жүрегіне үңілумен жүр. Бұл ретте «тәжірибем жоқ» деп таусылмай, өзінің адам тану қабілетіне көбірек сүйенеді. Сөйтіп бүгінгі сабағын бастап кетті.
-Халдарың қалай, бүгінгі заманның жұлдыздары?
-Ағай, бізде бір ғана жұлдыз бар, аты-Арман,-деп Кербез тағы бір «әңгімені» бастай бергенде, жас ұстаз төтеден қиып тастады.
-Құрметті оқушылар, өз-өздеріңді, сосын бір-біріңді сыйлаңдар. Біреуге ат қойып, айдар тағуға келгенде, алдарыңа жан салмайсыңдар. Одан да үй тапсырмасын тексерейік. Сен бүгінгі сабаққа не дайындадың, Кербез?
-Ағай, мен контур картамды Алтынайға беріп едім. Өзіңіз білесіңз, ол...
-Отыр, Кербез. Сыныққа сылтау таптың. Келесі сабақта тағы қайталап сұраймын.
-Ағай, мен айтайыншы.
-Ағай, мен дайынмын.
-Бекзат ағай, мен дәптерімді үйге ұмытып кетіппін.
-Дияс,оны несіне шүйіншілеп отырсың? Жарайды, дәптеріңді ұмыт қалдырған екенсің. Дегенмен басың өзіңде ғой.Үй тапсырмасын орындаған болсаң, түсінгеніңді өз сөзіңмен баяндашы!-Дәптерімен бірге білімін де «ұмытып кеткен» Дияс қулыққа көшті.
-Ағай, біз- ата дәстүрді ұстап отырған ауыл қазағымыз. Қонақ кәде деген салт бар ғой. Сол дәстүр бойынша бүгінгі сабақта қонақ болып отырған Перизат білімін байқатсыншы. Ол келгелі даусын естіген жоқпыз.
-Иә, ағай!
-Өтінеміз, ағай!
-Сіз жақсы ағайсыз ғой!-Тұс-тұстан жамыраған дауыстар Бекзатты айтқандарына көндірді. Перизат орнынан баяу көтеріліпі, бір әріп түспеген жаңа дәптерін сипалай берді.
-Ағай, мен қандай сабақ екенін білмей келдім. Ендігі сабаққа тас-түйін болып даярланып келемін.-Бұл сөздер оқушыларға ерсі естіліп, сыныптың әр бұрышынан күлкі бой көтерді.
-Неге күлесіңдер? Өздерің жаңа ортаға бара сала білім жарыстырып па едіңдер? Ауылдың алтыауызы айтылмай жатып, қонақкәде сұралмайды!-Арман Перизаттың халін жеңілдетіп, халық дәстүрінің мән-жайын тәптіштеп түсіндірді.
-Міне, азамат! Менің бағанадан бері күткенім-осы сөздер.Ел дәстүрін әркім өз пайдасына қарай бұрмалай берсе, ата жолы көмескіленіп кетпей ме? Дмяс сасқан үйрек артымен жүзедінің керін келтірді. Дәстүрдің тонын теріс айналдырды. Ал, Арман білгірлігін көрсетіп, салттың теріс тонын оңынан қайта кигізді. Рахмет, Арман. Ал, Дияс, үй тапсырмасын баяндашы!-Айтарға уәжі қалмаған Диястың дегбірі қашты. Ары-бері бұлтақтап, ақыры «білгенімді ұмыттым» деп бақырайды. Ұмыт қалған білімді Жайна бастаған топ жаңғыртты. Ағай жаңа тақырыпты қызықты сипатта түсіндіріп алып кетті. Қарт мұғалімдерден Бекзаттың бір айырмашылығы-бас сап «екі» қоймайды, салған жерден айғайға баспайды. Түгенделмеген тапсырмаларды орындауға қосымша уақыт беріп, оқушысын қайталап сынайды. Тіпті нәтиже көрінбесе, астарлы тілмен ұялта сөйлеп, «қарызсың» деп әр сабақта қамшылап бітеді. «Қарызынан» құтылу сол оқушы үшін жазылмаған заңға айналып, соңында тапсырмалар тізбегі азайып, қарыз өтеле бастайды. Бұл жайды оқушылар өздерінше топшылайды. Қартаң мұғалімдердің жүйкелері тозған, сондықтан олар бірден «екі» қоя салады, оқушыға қосымша мұрсат бермейді. Ал, Бекзат ағай жас, жүйкесі орнында, сол себептен де ол оқушыға көп уақытын арнап,тым терең көңіл бөледі.Ауызша сабақтарды жаны сүйетін Арман Бекзат ағайынан «жақсы» деген бағаны арқалап, үйіне қайтты. Бір қызығы сол-Перизатпен жарты жолға дейін бірге келді. Одан әр нәрсені бір сұрап, әңгіме айтқансыды. Жартымды жауап ала алмаған соң, «тәкаппардың көңлі көктен биік,»-деп Бала би қалай данышпандықпен айтқан?» деп бабалар ұлылығына бір тамсанды да, өз жолымен кете барды.
Үйге келген Арманды кішкентай Гүлімай қуана қарсы алды. Ағасының сөмкесін бір жағынан көтерісіп, соған өзі марқайып қалды. Бірақ анасы жылы қабақ танытпады. Түйілген қабақтың астарында не жасырылғанын Арман жақсы білді. Тек ақталарға сөз таппады.
-Әкеңнің әдеті жұққан ба?-Шай үстінде басталар қазақтың әңгімесі Арман үшін осылай ағытылды.
-Жоқ, апа. Мен көпшіліктің алдында намысымды қорғадым. Бар болғаны сол ғана.
-Намыс бір жұдырықпен қорғала ма? Әрі қыз балаға қол көтергенің жарамады.
-Намысты шабақтай берсе, оны түрлі тәсілмен қорғауға болады. Ал, мен Алтынайға қол жұмсаған жоқпын. Жай ған итеріп қалдым, өзі де құлауға дайын тұр екен, сылқия салды.
-Қата тимей, бата тисе қайтесің?
-Құдай сақтасын!-Қуырдақтан қомағайлана асаған Арман Құдайын аузына алып, қылғына жұтынды.
-Құдай қашанғы сақтай берсін? Бүйтіп шулата берме! Онсыз да әкеңнің қылықтарынан жүйкем тозып, жұқарып барады. Сенің әумесерліктеріңді көтерер шамам жоқ.-Шешесі сұлқ отырды да қойды.
-Гүлімай мен апасы, тамақты дұрыстап ішіңдер. Әйтпесе ауырып қаласыңдар. Жақсы ас тұрған жерде жаман ауру тұрмайды. Кәне, менің тентектігім үшін мына қуырдақты тауыса жеп қойыңдар!-Арман құттықтау сөздің әуеніне салып, анасын күлдірмек болды. Алайда апасы оңайлықпен жымия қоймады.Сұсты жүзбен кеңесін жалғастырды:
-Мына заман- құйтырқылардың айдарына жел есірген заман. Құдай біреудің жаласынан сақтасын. Біреуге таяқ жегізгенше, өзіңнің тепкіленгенің тәуір ме деп ойлап қалдым бүгін.Бүкіл мұғалімдер болып, ана Күлқаштың арынын әрең басты.Өмірі ешкімге жөнсіз иілмеп едім. Сен үшін кешірім сұрадым. Бұл жағдай енді қайтіп қайталанбайтын болсын. Келістік пе, ұлым?
-Иә, апа. Мен түсіндім. Мен ешкімге жұдырық жұмсамаймын. Басқалар мені тепкілеп жатса да, бас көтермеймін. Менің ендігі ұстанымым-«сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз.»
-Аға, сенің көзің расымен бадырақ қой. Шарасынан шығып тұр, иә, апа?-деп Гүлімай бір әзіл тастады ортаға.
-Гүлімай, сен мақал-мәтел түгіл жай сөздің өзін әрең түсінесің. Сол үшін мына сөзіңе бола ашуланбай-ақ қояйын.-Арман ересектігін байқатып, қарындасын еркелетіп қойды.
-«Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген. Әлі-ақ өзіңмен мақал жарыстыратын болады.-Анасы бұл сөзді бір түрлі өзін жұбатқандай баяулата айтты. Отбасылық тәрбие сағаты аяқталды, әркім өз міндеттерін атқаруға кірісті.
Кеш батты. Күзгі кеш алдағы қыстың хабаршысындай жапырақ біткенді қалтыартты, дәурені өткен жаздың ақырғы деміндей әлсіз жылы леппен табиғатты жұбатты. Табиғат суретші төңіректі тегіс сары түске бояй қоймаған. Ертіс орманы қызыл түспен құбылса, ауылдың жаны көмескі сары реңмен ерекшеленді. «Сағағымнан үзлімей, үлбіреп тұра берсем ғой, шіркін!» дегендей тоғай жапырақтары арманда кетіп, жерге құлап жатты аһ ұрып.Арман күз мезгілін ұнатпайтын. Ол үшін күз белгісіз бір қоштасудың, аяқталған әннің белгісіндей көрінетін. Неге екенін өзі де толық бажайлай алмастан, күз келгенде, аты-жөні анық емес мұң сезіміне бой алдыратын. Мына айналасындағы сары түс оны балалық шақ аулынан біржолата бездіріп, «есейер шағың келді» деген емеурін танытып, қоштасу күйінің бабын келтірді. Иә, Арман биылғы жаз көп есейді, ойламаған жерден ес жиды. Оны балалықтан бірден қол үздірген әкеснің «тентек суға» үйірсектігі еді.Екі жылдан бері аяқасты осы дертті тілеп алған әкесі балаларына қамқорлық жасаудың орнына, тапқан тиынын араққа жұмсайды.Үй тірлігін де адыра қалдырды. Сонда еркек кіндіктіден жалғыз Арман есеймей қайтсін? Күн өткен сайын артып бара жатқан ана күрсінісі, әлі бүлдіршін қарындассының әкесіне еркелеп емес, үрке қараған келбеті Арманды балаң бейнеден арылтты.Балалығының соңғы жазын, ересек өмірінің алғашқы күзін қарсы алып тұрғанын өзі де байқамаған Арман анасын тек шаттыққа шомдыруға өзіне-өзі сөз берді.«Қуанта алсам анамды, күлдіре алсам әманда, онда мен- Адаммын» деген өзіндік қағидасын мықтап ұстанған Арман кеш те болса, сабағын дайындауға отырды. Химия мен алгебраны ары-бері аударыстырып, тісі батпаған соң, жауып, бір шекте қойды. Қазақ әдебиеті оқулығын қолына алды. «Шіркін, әдебиет!»-деп тамсанып, мұқабасын сипады. Осы пәнде Арман айрықша айбынданып, ажарланып кететін. Жаны сүйетін сабағы болғандықтан, ешқашан дайындықсыз бармайтын. Бүгін де сол сыйластығымен, үй жұмысын ашты. Раушан апайы Бұқар жыраудың «Тілек» толғауының ізімен өлең шығарып келуге тапсырма беріпті. Арман саса қоймады. Қаламын қолына алып, ой түкпіріндегі сезімі мен арманын астастыра жөнелді:
Бірінші тілек тілеңіз,
Суық сөзге сенбеңіз,
Тыныш болсын ел іші,
Арандатуға ермеңіз!
Екінші тілек тілеңіз,
Еңбектен қол үзбеңіз,
Жалқау адам жарымас,
Текке дүниені кезбеңіз!
Үшінші тілек тілеңіз,
«Шайтан суды» көрмеңіз,
Темекінің түтінін,
Тоқбасар деп білмеңіз!
Үш тілегің үйіліп,
Дұшпан біткен күйініп,
Ел баласы бола біл,
Досың қалсын сүйініп!
Арман жазуын доғарды. Өз жазғаны өзіне аса ұнай қоймаса да, қайта қарап шығуға шамасы келмеді.Ұйқы-дұшпан дегеніне көндіріп, өз әлеміне азғырып алып кетті. Арманның «Тілек» толғауы параққа жазылған күйі қала берді.
Таңертең ұлын оятуға кірген анасы таңданып қалды.Арман сергек күйде дәптеріне қисық-қисық әріптерін әдіптеп-ақ отыр.
-Балам, қашан тұрғансың? –Анасының үнінен үлкен марапат сезген ұлы қағаздан басын көтеріп:
-Апа, түнде аяқтай алмаған толғауымды жұмыс дәптеріме жазып отырмын. Таңертең миым да жақсы жұмыс істейді екен,-деп еркелей сөйледі. Сәнімай жақындап келіп, қырағы жанарымен дәптерді шола қарады.Тағы да «шайтан судың» сорынан құтылсақ» деген бала тілегі ана жүрегін сыздатып жіберді.Ұлына білдірмей, бір күрсінген ана:
-Жақсы жазыпсың! Ұйқасы да бар, тәрбиелік мәні де терең екен!-деп демеп қойды. Алғашқы бағасын анасының аузынан естіген Арман жазуын жамыраған қозыдай жайып жіберіп, орнынан түрегелді.
-Апа, мен үлкен жігіт болғанда, темекі мен арақ дегеннен айналып өтемін.Өзіңіз әлі көресіз, тәртіпті жігіт болып, сізді асыраймын,-деп анасына құшағын жайды.«Бір жағынан қысқан Құдай басқа ретте қолдаса игі еді,»-деп күбірлеген анасы ұлының бетінен мейірлене сүйді.
Аналы-балалы екеуі таңғы асқа отырды. Бұл кезде Шорман шаруа қамын естен шығарып, қамсыз ұйқыда жатқан болатын. Апасының тәтті тоқашы мен қою қаймағын асыға асап, Арман мектепке баратын жолмен жүгіре жөнелді. Жүгірмесе де үлгеретін еді, Перизатпен жолы тоқайласып қала ма деп үміттенді. Әдетте ең соңғы болып өлетін үміт баланы алдамады. Жарты жолға жеткенде келесі тұйық көшенің бұрышынан Перизат көрінді.Арман сыныптасымен тездетіп қатарласты:
-Сәлем, Перизат! –деп саңқ етті.
-Сәлем! Сен күнде осылай ерте шығасың ба?-Перизат алғашқы кездегідей емес,үйренісіп қалғанын байқатып, сұрағын сығырайтты.
-Иә, «ерте тұрған жігіттің ырысы артық» деп айтушы еді апам. Ертерек барсам, сыныпты реттеп, үй жұмысын да қайталап үлгеремін.-Арман өзінің бірінші сабаққа кешігіп келіп, күніне еден жуып, айып төлейтін замамын ұмытып кеткендей.
-Мен де кешіккенді жаным сүймейді.Одан да бұрынырақ барғанды ұнатамын,-деп Перизат екеуара бір ортақ қасиет тапқанына қуанып кетті.
-Үй жұмысың дайын ба?-Арман көмектесуге әзір екенін байқатып,тым жылы сөйледі.
-Мен негізі ауызша сабақтарға шорқақпын. Тілімнің ұшындағыны жеткізе алмай қиналамын. Одан да алгебра, химия пәндері мен үшін оңайырақ,-деп қыз сырын ақтарды.
-Бұл ретте екеуміз шығыс пен батыс сияқты тым кереғара екенбіз. Менің сүйікті пәндерім-қазақ ітіл, қазақ әдебиеті, тарих, география.. Шіркін, тек осы сабақтар ғана болса ғой мектепте! Кілең беске оқыр едім!-Арман армандап тұрып, қыздан қалып қойды.-Перизат, ренжіп қалдың ба? Мақтанғаным емес, менің осы пәндерге бейімім жақсы. Қажет болса, саған көмектесейін!
-Иә, сені мақтаншақ па деп қалдым. Ал, көмектессең, бүгінгі өзім күткен «үш» деген бәлекеттен құтылар едім. Күнделіігімді күнде тексеретін әжем «үш» көрсе, қатты ренжиді.-Перизат үйіндегі жайттан да аз-маз хабардар етіп, Арманды жәрдемге шақырды. Сынып бөлмесіне қатарласа кірген екеуі парталарына жайғасты. Арман тағы бір «Тілек» туындысын дүниеге әкелуге кірісті.Сыныпта шу көтеретін оқушылар болмағандықтан, Арман мүлгіген тыныштықта теп-тез ұйқасты жолдарды жаза қойды:
Бірніші тілек тілеңіз,
Денсаулық күтіп жүріңіз,
Бірінші байлық-денсаулық,
Екенін үнемі біліңіз!
Екінші тілек тілеңіз,
Адал досты көріңіз,
Арам достан жиреніп,
Таза жолмен жүріңіз.
Үшінші тілек тілеңіз,
«Үш бақытты» тілеңіз,
Мұқағали ақындай,
Ел үшін өмір сүріңіз!
Перизат парақты оқып шықты да, көшіруге қымсынғандай түр танытты.
-Сыныпта ешкім жоқ екеумізден басқа. Кімнің кімнен көшіргенін тірі жан білмейді, әрі мен өсек айтатын жігіт емеспін,-деп Арман сыныптасын қолдай жөнелді.
-Онда, Арман, бүгіннен бастап мен саған математика сабақтарынан көмектесейін. Ал, сен өзіңінің сүйікті пәндеріңнен қолдау көрсет!
-Достық ниетің болса, әрине, қабыл аламын. Ал,«алаған қолым берегенә» деп есептесіп тұрсаң, онда ешбір алмасу болмайды!
-Мен күні үшін уақытша жүретін адам емеспін. Бар ойым-бүгіннен бастап сабақтарда бір-бірімізді толықтырып, достық демеу көрсету.-Екі дос алғашқы бірлескен үй жұмыстарын аяқтай бергенде, сыныпқа Алтынай мен Кербез кірді.
-Міне, керемет. Бүгінгі таң тосын оқиғадан басталарын кім білген? Сабаққа кешігудің шебері Арман менен де ерте келіпті.-Алтынай ескі әдетінше тиісе сөйлеп, отырмай жатып шашын сылауға кірісті.
-Перизат, сәлем. Екеуің ғана не істеп отырсыңдар? Өздерің тіпті сөйлеспейсіңдер-ау деймін. Дауыстарың мүлде естілмеді.-Кербез партасына жайғаса бере, күннің басты жаңалықтарын білуге асықты.
-Перизат сқйлемесе де, Арман аузына келгенін айта береді емес пе? Кербез, екеуміз сыныпта ешкім жоқ деп ойладық. Әйтпесе тың тыңдап, қызыққа бататын едік-Алтынай айнасынан көз алмай,өз көркіне өзі сүйсінді.
-Алтынай, Арманды текке жазғыра берме. Ол маған аузына келгенін айтпайды.-Ойламаған жерден кесіп-пішіп сөйлеген Перизатқа сынып әкімі жалт бұрылды.
-Сен кімді жақтап оытрғаныңды тіпті де білмейсің. Сен кеше ғана келдің. Оның қандай оңбаған екенінен хабарың жоқ. Мен сорыма қарай сегіз жылдан бері онымен бір сыныпта оқып келемін!
-Олай деме. Ол оңбаған болып, саған ештеңе істеген жоқ. Адамды ұзақ уақыт жүріп те тани алмай, қателесуге болады. Керісінше қысқа мерзімде жазбай тану да мүмкін!-Арман аузын ашып, Перизатқа сүйсіне қарады.«Дос деген қиындықта танылады» деп қай кітаптан оқып едім?!» деп іштей таңданып та отыр.
-Арман, сен неге даурыға жөнелмей ,тып-тыныш отырсың?-Сөзге Кербез араласты.
-Сөзімді досым сөйлеп жатқанда, араласқаным артық болар, әрі қызбен салғыласу ер жігітке тән қасиет емес.-Байыпты сөйлеген Арманға Алтынай оқты көзімен ішіп-жеп қарады.
-Е, достар! Бірі-сотқар, екіншісі-ойын айтып жеткізе алмайтын мақау.Апама жездем сай!
-Сендер қашаннан бері доссыңдар?-деп Кербез сыныптастарына айтар төтенше жаңалығының жай-жапсарын білуге асықты.
-Достықтарыңның қашанға дейін созыларын көреміз!Есепті менен тәуір шешпейтін шығарсың. Бір ғажап күні менен көмек сұрап келесің, Перінің заты, сонда досыңнан безіп те кетерсің!-Алтынай алдағы күндерді болжап отырғанда, сынып іші күндегі ду-дүрмекке толып кетті. Қоңырау соғылмай жатып, сынып бөлмесіне келіп алатын Раушан апай бүгін де сол дағдысынан жаңылмады. Алтынайды жанына шақырып, тапсырма беріп те үлгерді.«Үй жұмыстарын барлық оқушылар қос параққа жазып берсін. Мен ол жұмыстардың үздігін аудандық басылым бетіне жіберемін,»- деп мән-жайды түсіндіріп те өтті. Оқушы жұмыстары ақ парақтарға ақтарылып, сынып басшысының қолына тиді. Сәлден соң бір бума ақ қағаз ұстаздың алдында жатты.
Қазақ әдебиетінде Арман «қазіргі заманда шешен адамдар бірлі-жарым» деген көзқарасты ұстанып, қызу пікір таластырды. Бұған қарсы үн көтерген Алтынай мен Кербез өздерін шешен ретінде ұсынып, ойларын дәлелдеп бақты. Жайна келіп, төтеден қосылып, тыңнан дәйек келтіргенде, пікірсайыс өз мәресіне жетіп те қалған еді. Раушан апай тек бағалаушы болып отырған орнынан көтеріліп, сабақтың нүктесін қойды:«Екі топтың тақырып қорғау шеберліктері тіпті сырт көздің өзіне анық аңғарылып тұр. Арманның тобы дәлелдерді тарих түкпірінен, ұлы тұлғалар өмірінен алып, көркем шығармаға, ішкі қағидаға бай екенін білдірді. Алтынайдың тобы жалаң «мен» деген мәлімдемеден аса алмады. Сондықтан бүгінгі ой жарысының жеңімпаздары-Арманның тобы, жеңістерің құтты болсын!» Ұстаз сөзі Арманды қияларға самғатты.Бұл баланың өзімшілдікке ұласар орынсыз мақтаншақтығы емес-тін.Ол өзімен бір пікір ізін ұстаған достарына ризашылыққа толы көзқараспен қарады. Осы сәт Кербез Алтынайға «Қарашы, Арман ыржиып күлген кезде, арық маймылға ұқсап кетеді,»- деп сыбыр етті. Пікірталаста сынып әкімі, әрі оқу озаты бола тұра жеңіліп,ашуы айдаһардай ысқырып тұрған Алтынайды бұл сөз аса тыныштандыра қоймады. Қабағы түйілген басшы қыз «әуселеңді алгебрада көремін» деп Арманға ала көздене қарады. Арман бұл суық қабақты аңғармай қалмады. Ұстазы мен достарының қошеметінен жаны жадырап, шешендігі ширыққан балаға ұйқасты жолдар өзі орала кетті. Ешкімге айтпай, жүрегінде қала берген жолдар мынау еді: Қабақтар-ай,
Қатулы кейде қарайтын,
Кейде тіпті айыптап,
Қас дұшпанға балайтын!
Қабақтар-ай!
Жайнап жылы қарайтын,
Баурап мөлдір сезіммен,
Дос-құрбыға санайтын.
Ойы көкірегінде қала берген Арман «өмір» атты мұхитта әлі талай ызғарлы жүздер мен ыстық ықыластарға тап болатынынан бейхабар күйде сыныптан жайраң қағып шыға берді. Осы кезде Алтынай Кербезді жанына шақырды. Оған Дияс келіп қосылып, Арманға қатысты кішігірім жоспар құрды. Алтынайдың жоспары мынау еді: Арманның орындығына ұсақ инелерді шашып тастау керек. Қоңырау соғылмай сыныпқа кірмейтін Арман алгебра пәні басталарда ғана орнына жайғасады. Сол сәт ол сынып әкімінің «қарғысына» ұшырап, Жібек ұстаздың алдында да абыройдан жұрдай болмақ. Дияс жоспарды жүзеге асырды, Алтынай «сыныпты тазалаймыз» деген желеумен барлық оқушыларды тысқа шығарып, тек Кербезді қасынан қия бастырмады. Алгебра сабағы басталғанда, сынып бөлмесінің ауасы тазарып, жарнамаларда үздіксіз көрсетілетін тазартқыш құралдардың әсерінен кейінгі сәттегідей ұқыптылық сән-салтанат құрып тұрды. Жібек мұғалима бұған риза болып, оқушыларды көп кідіртпей отырғызды. Арман орнына отыра беріп, бүйі шағып алғандай, бар даусымен айғайлап тұра келді.Тілазарлығымен, жалқаулығымен Жібектің сол көзіне әбден түскен Арманның бұл қылығын ұстаз, әрине, қияңқылық деп түсінді.
-Шорманов, бүгінгі сабақты сенің қызықсыз қойылымдарыңсыз бастағым келіп тұр,-деп түнерді ұстаз.
-Апай, Арманның орындығына әлдекімдер ине жайып тастапты. Әне, бір-екі ине шалбарында ілініп тұр!-деп Перизат жаны аши жыламсырап дауыстады.
-Не дейсің? Инесі несі тағы? Бұл бәлені бастап жүрген қайсысың?-Жібек Арманның жанына таяп келіп, оқушысының сөзінің анықтығына көзін жеткізді. Сыныптағы төрт көз түгел Алтынайға қадалды. Бәрін сыныптан шығарып, Кербез екеуі ғана қалды емес пе? Олардан өзге сыныпта тірі жан болмаған. Айтпақшы, Дияс кіріп-шығып әбігерге түсіп жүрген. Жайна өтірікке адым аштырмайтын шыншыл мінезімен орнынан атып тұрды:
-Бұл-Алтынайдың ісі. Мана қазақ әдебиетінде жарыста Арманнан жеңіліп, өзінше есе қайтарған түрі ғой!
-Сен не білесің? Дәлелің бар ма?-деп Алтынай «ақпын» деп айналасындағылардан араша сұрады. Жібек ұстаз уақытын текке өлтіріп қоятын мұғалімдер санатынан емес еді. Математик қой оның үстіне! Әр секундтың құнын жақсы білетін мұғалім дереу шуды тоқтатып, сынып жетекшічсін шақыртты да, сабағын жеделдете бастап кетті.Бекзат сабақ соңында мәселенің ақ-қарасын анықтамаққа бел шешті.
-Апай, мен үй жұмысын орындап келдім. Тақтаға шығып шығарып бере аламын. Бұл шаншылған инені намысымның түйрелгені деп білемін. Намысты қолдан беретін жігіт мен емеспін!-Арман болған жайдан өзінше бір сабақ алып, тақтаға шығуға құлшынды. Ұстаз таңданысын жасырмай, «адам өзгерем десе, бір-ақ сәт екен ғой» деп айтып қалды. Арманның дегені болды, тақтаға шықты. Кеш бойы Перизаттың бірнеше қайтара түсіндіруімен өзі зорға үйренген есепті тақтаға жаза бастады. Мұғалімнің айтуында миына кірмей қойған есептің шешілу жолы құрбысының баяндауында сондай қарапайым, ойға оралымды болатын. Арман артына жалтақтамастан, есепті шығарып, нүктесін қойды.
-Шорманов, сен мені бүгін тіптен таңдай қақтырдың. Енді осы есепке қатысты ережені айтып, берсең, ерлегенің сол болмақ!-Ұстаз жіті сынауын қояр емес. Ереже айтылып, сын аяқталды. Орнына жеңімпаздай жайғасқан Арман Перизатқа қарап еді, оның екі езуі жайылып, құлағына қарай кетіп қалыпты. Шіркін, достық десеңші! Бүкіл сыныпты математикаға деген тосын қабілетімен таң қалдырған Арман сабақ соңында күнделігіне «төрт» деген бағаны төңкеріп алып, үзіліске асықпай шықты.
Соңғы сабақ. Бекзат ағайлары оқушылардың бәрін жинап, өзі үн-түнсіз тақта алдында тұр. Бұл- «тынышталыңдар» деген белгі. Оқушылар сілтідей тынған кезде барып, жас ұстаз сөзін бастады:
-Сендер кімсіңдер?
Әр жерден түрліше жауаптар жауа бастады:
-Біз-оқушымыз,
-Біз-бір-бір үйдің еркелеріміз.
-Біз-осы ауылдың серкелеріміз.
-Біз-ата-аналарымыздың үмітіміз.
-Жә, жетер. Неге сендер «Біз-мектеп деген бір үйдің баласымыз» деп айтпайсыңдар? Қазақ тілінен «мектеп-екінші үйім, ұстаз-екінші анам» деп шығарма жазыпсыңдар. Сонда оның бәрі құр жылтыр сөз болғаны ма? Бала кезден арзан сөйлеуге құмарсыңдар ма?
-Жоқ, ағай, менің шығармамда ондай қызыл сөздер жоқ,-деп Дияс өз басын алып қашты.
-Ағай, мен ол шығарманы жазған күні сабаққа келмегем,-деп Кербез де ұстазының уәжін өзіне жолатар емес.
-Мен солай деп жазғанмын, ағай,-деді Алтынай ұстазының географ бола тұра шығармасын оқығанын ішінен ұнатып.
-«Мен мектепті өз үйімдей көремін,»-деп жазғанмын,-деп Жайна жағаласа кетті.
-Жарайды, мұның бәрін не үшін сұрап тұрмын? Сөздеріңе істерің сай келсін. Бүгінгі қылықтарың маған тіптен ұнаған жоқ. Шығарма шындығы өз алдына шалқайып тұр, сендердің ақиқаттарың одан мүлде алшақтап кеткен!
-Ағай, егер біз шындықты жазсақ, Раушан апай «екі» қояр еді. Оның үстіне әдебиет деген қиял емес пе?-деп Дияс білгішсініп орнынан айғайлады.
-Дияс, басқа басқа, әдебиет туралы сен толғамай-ақ қойшы! Шығармашылық қиял жайлы сен не білесің?-Жайна Диястың әдебиеттен үлгерімі төмен екенін бетіне басып, оның көзқарас білідіруін кілт үзді.
-Міне, тағы да сөз бен істің алшақтығы. Балалар, сендер бәрің- менің балаларымсыңдар.Ал, сонда неге тату жүрмейсіңдер?-Ұстаз сұрағына жауап күтіп кідіріп қалды.
-Ағай, бір әкеден 23 бала болуы мүмкін бе?-Дияс бұл жайды қалжыңға бұрғысы келіп-ақ тұрды.
-Білсең, Абылай ханның отыз ұлы, қырық қызы болған,-деп Арман осы тұста ғана сөзге араласты.
-Мәссаған, сонда жетпіс бірдей баласын қалай ұмытпай, атын атап, түрін түстеді екен?!-Дияс Арманның дәлеліне қайран қалып, қыздарша таң қалып, бетін шымшыды.
-Жауап жоқ тәрізді. Онда іске көшейік! «Кім бастады? Неге? Кім кінәлі?» деген түгесілмес сұрақтарды суыртпақтайық!-Ұстаз шешіміне Арман қарсы ойын айтты.
-Ағай, мен өз басым ондай «тергеуге» қарсымын.Анамның мазасын алғым келмейді. Оның үстіне бұл жағдайдан зардап шеккен ешкім жоқ қой!
-Арман, сен корей телехикаяларындағы кейіпкерлер сияқты тым кең пейілсің! Сенің орныңда Алтынай болса, бұлай жаба салмас еді. Ендігі оның тарапынан қоқан-лоққы естіп, есіміз кетіп отырар едік!-Перизат досының шешімімен келіспей, жаңа ортаға келгелі тұңғыш рет ашық түрде пікірін паш етті.
-Мынаны қара! Мына масаға тіл бітіпті.-Кербез Алтынайды жақтамақ болып, Перизатқа шүйліге бастады.
-Кербез, мен сенің көмегіңе мұқтаж емеспін. Жағдайды ушықтырма!-деп Алтынай оны тоқтатып тастады.
-Мен ескерттім. Арманның қалауымен бүгінгі ине шаншу мәселесі жабылды. Әрқайсың өз ойларыңды іштей таразылап келіңдер. Сосын, ұмытып барады екенмін, ертең сабақтан соң сенбілік болады. Бірің қалмай келетін болыңдар! Келмегендеріңнің үйлеріңе барып, алып кетемін!-Ұстаз қорытынды сөзін айтты да, шығып кетті. Оқушылар жұп-жұптарымен үйлеріне тарасты.
Сұп-сұр аспан төне қарап, түнеріп-ақ тұр. Бейнебір осы қысты қаламайтындай, көк жүзі тұтасқан сұп-сұр реңге толып кеткен. Күннің жылу бермейтін, көз шағылыстырмайтын әлсіз сәулесі қиыстай түсіп, күзгі күннің қысқалығынан хабар беріп тұр. Ызғарлы жел ұсақ жаңбыр тамшыларымен қосылып, қойын-қоныш біткенді кезіп кетеді.Сұрықсыз сұрқай түске боялған көшемен қатар келе жатқан екі дос үнсіз еді. Перизат мойынсалысын бос жіберіп, желге желбіретіп қойған.
-Перінің сұлуы, мойның тоңбай ма? Мойынсалыңды мықтап орамасаң, ақ тамағың суықтап қалар!-Арман досына ашық қамқорлық білдірді.
-Арман, өзіңе адамдар қамқорлық танытып, игі ниет білдірсе, бейнебір ырысың артқандай мәз боласың. Ал, жаман әрекеттер жасап, ту сыртыңнан пышақ ұрса, қалай қиналасың?Мен осы өмір құбылыстарын кейде түсінбеймін!
-Мен де кей кезде өзіме көп сұрақ қоямын. Жауабын таппасам, миым ашып кетеді,-деп Арман құрбысын қостай кетті.
-Ал, бүгін мен сені түсінбедім. Алтынайды тұқыртып алу қолыңда тұрғанда, неге мүмкіндігіңді құр жібердің? Саған ине шашқанын бәріміз де білеміз ғой. Өзіңді-өзің сыйламадың ба?
-Жоқ, қыз баламен тіресіп, атым жақсы шықпас дедім. Ұмытып тұрмын, қай жырау айтып еді былай деп:
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа,
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа!
-Кітапты жастанып оқитын сен білмесең, әдебиетті шет жағалап жүрген мен қайдан білейін? Солай де, достым. Сен сабыр мен ақылды халық поэзиясынан алам де!
-Перизат, мені қолдашы! Мен Еділ болсам, сен Жайық бол!
-Арман, сенің сөзіңе қарсы келгенім әлгі белгісіз жыраудың ақылына көнбегенім болар. Ұрысты қояйын. Тіпті Алтынай өзі келіп шапалақпен ұрып жіберсе де, осы толғауды айтып отыра берем!-Достар көше бойын жаңғырта күлісті.Жарты жолдан бұрылып кететін Перизат кешкі сабақтың уақытын Арманға ескертіп те қойды.
Үйге келген Арман аулада түртініп жүрген әкесін көріп қуанып кетті. Демек, бүгін ол әкесімен қалыпты жағдайда сөйлесе алады.
-Әке, не істеп жүрсіз?-Арман даусы жарқын шығып, әкесінің жанына жақындады.
-Не болушы еді, ана-мынаны реттеп жүрмін. Аула тіпті ыбырсып кетіпті. Жерге түскен тоғай жапырақтары да жиналмаптвы. Сен дардай жігітсің ғой. Не сабақ оқымайсың. Не үйге қолғабыс бермейсің!-Әкесінің кінәлап ала жөнелген түріне қарап, Арман оның әлденеден сасқалақтап, содан айтарға сөз таппай, бұны бұқтырып тұрғанын сезгендей болды.
-Әке, мен жақсы оқи бастадым. Міне, бүгін алгебрадан «төрт» деген баға алдым!-Арман сөмкесін қопарып, күнделігін алып шықты. Өз-өзінен күйгелектенген әкесін осылай шын қуантпақ еді.
-Сенің миыңа есеп сабақтары кіруші ме деі? Біреуден көшіріп алып, бір рет алған төртің не болады?-Шорман ұлының күнделігіне зер салып қарамастан, қайта өзіне ұстата салды.
-Әке, Перизат деген менің досым бар емес пе? Өзі математикадан өте мықты шығарады. Сол қыз маған үй тапсырмаларын орындауға көмектеспі жүр. Бүгін тағы да бізге келеді.-Арман әкесінің күмәнін сейілтуге тырсып-ақ тұр.
-Мұғалімнің айтқанын түсінбегенде, қаршадай қыздың қақылдағанын ұғып аласың ба? Жүр, үйге кірейік. Түскі асты шешең маған жаймай, отағасы сен сияқты, ұлын күтіп отырған!-Үйге сөйлей енген Шорман әйелінің қабағын бір шолды.
-Шорман, сабақтан жаңа ғана келген баланың мазасын ала берме. Сен өзің түсте тұрдың емес пе? Сенің таңғы шайың біздің түскі асымыздың уақытымен сәйкес келіп тұр.-Анасы кейи сөйлеп, күйеуінің жаласын жоққа шығарды.
-Сен өйтіп баланың әуеніне төңкеріле берме. Ертең есейгенде тыңдамай кетеді.-Шорман өз «тәжірибесінен» білгенін айтып қалды.
-Сен де бр үйдің жалғызы едің ғой. Әке-шешең сен дегенде аспандағы айды әперуге дайын болатын. Ақыры әне, бастарын да қарайтпай, құран да оқытпай, өлі кезінде де жетім қалдырдың,-деп апасы Шорманның тірілер алдында ғана емес, өлілерге де қарыздар екенін есіне салды.
-Жә, жетер, мен құран оқытқанда сол әке-шешем тіріліп келер деймісің? Құйшы шайыңды зарықтырмай!-Ерлі-зайыпты екеуі өзара салғыласып отырғанда, Арман бөлмесінен киімін ауыстырып шықты. Тездетіп келіп дастарханға отырған ұлына апасы мейірлене қарады.
-Қане,балам, жеп-іш. Қарның ашқан болар.
-Несіне қарны ашсын? Құр барып келгеніне шаршамас,-деп Шорман тағы да ұлын орынсыз қағытты.
-Әке, неге мені бір рет болсын жақсы демейсіз? Мен мектеп пен үйдің арасын бекер шаңдатып жүрген жоқпын. Оқып жүрмін. Кейін үлкен оқуларды оқып, апамды асыраймын!-Бұл сөздерден Арманның намыстанып қалғанын байқаған анасы дереу сөзге араласты.
-Ұлымыз арда азамат болады. Мені де, әкесін де, соңынан ерген қарындасын да асырайды, иә,-деп баласының шашынан сипады.
-Бүгін алгебрадан алған төртімді көрсетсем, әкем сенбей қойды. Өз еңбегіңмен алған жоқсың дейді!
-Ол төртің Перизаттың көмегінің нәтижесі шығар. Ол досың бүгін де келе ме? Мен бауырсақ пісіріп қояйын,-деп апасы Арманның көңілін біржолата тапты.
-О, апа, Перизат сен әзірлеген тамақтардың бәрін ұнатады. Өзі түс ауа келеді осында. Оған дейін мен түздің шаруасын қамдап тастайын.
-Бүгін Ертіске отынға барамыз ба деп едік, Арман, қолың бос емес екен, кейін бір барармыз.-Сыныққа сылтау іздеп оытрған Шорман ұлының қолы бос еместігін алға тартып, отынға бару ойынан айнып қалды.
-Сен кейін деп кежегеңнен тартып жүргенде, шығыстың айдаһар қысы басталып та кетеді. Сол кезде көресімізді көріп жүрмейік!-Күңк еткен Сәнімай жылда қайталанатын отын мәселесінен әбден шаршағанын мұң ғып шақса да, Шорман аса мән бере қоймады.
Тамақтан соң Арман үйге құдықтан су әкелді.Өзге көршілері су құбырын үйлеріне тартқызып алғанда, Шорман әне-міне деп қалыс қалған болатын. Енді оның зардабын Арман мен анасы көріп келеді. Аязды күндері даладағы құдық қатып қалады, айналасы көк мұзға толады. Тірлікке икемсіз отағасы отбасынң көшін оңдаймын десе де, оңтайға келер түрі көрінбейді. Бірнеше жыл бойы еркектің қолының шарапатын көрмеген қора-қопсы қаудырап-ақ тұр. Күйеуінен қайран болмаған соң, соңғы кездері Сәнімай өзі қолына балға мен шеге ұстайтын болған. Бұған намыстанған Арман анасын ондай жұмысқа араластырмауға тырысады. Көп жұмыста ұлына сенсе де, оның бекімеген бұғанасын жастайынан қатыруға анасының дәті бармайды. Сөйтіп екеуі елбесіп-селбесіп шаруа қымын реттейді. Бүгін сол дәстүр бұзылып, апасы үйде қалды да, Арман әкесімен қора жаққа беттеді. Ауылды жерде жұмыс аз болсын ба? Қораны тазалап, малдың кешкі шөбін дайындап жүріп, уәделі уақыттың келіп қалғанын Арман аңғармай қалды. Тысқа шығып дауыстаған анасы Арманды үйге шақырды. Перизат келген екен. Тірлік қамын жасаған болып жүрген Шорман қайда екені белгісіз жылыстап кетіп қалды.
Арманның бөлмесінде Перизат екеуі кітап парақтап отыр. Досының әлденеден көңілі қашып отырғанын Перизат сезді.
-Арман, нені қиялдап отырсың?-деп Перизат ақырын сыбыр етті.
-Мен орындалмайтын бір нәрсені армандап отырмын. Осы өмірде арақ деген арсыз болмаса екен! Бірақ бұл арманым орындалар ма екен?
-Орындалады. Сенің өзің арақтан аулақ жүрсең, ол саған құда түсіп келмейді ғой!-Перизат досын тыныштандырмақ болып, әзілге сүйеді.
-Арақ менен де, менің отбасымнан да айшылық жердей алыс жүрсе ғой! Әкем тағы қайда екені белгісіз кетіп қалды. Соны ойлап көңілім бөлініп отыр. Сен мені бір ынжық, қызға мұңын шағатын шарасыз екен деп ойлама. Мүлде олай емес.-Арманның ойы шашырап отырғаны оның әр нәрсенің басын бір шалып сөйлеп кеткенінен көрінді.
-Онда бүгінгі сабақты ертеңге қалдырайық.
-Жоқ, Перизат, мен ештеңеге қарамастан оқимын. Өмірдің өзі математика. Алу-қосу, көбейту деген сияқты. Сабағымыз қаза болмасын. Бастайық!-Перизат тұнық даусымен түсінікті мысалдарын бастап кеті. Алдымен есепті өзі шығарып көрсетті. Сосын Арманға соған ұқсас есептер берді. Қатесіне күлмеді,қисынсыз жерін түзеді. Ақыры есігін еш ашпайтын елірме есептердің өзі Арманға жұмбағын жайып салды. Кезек әдебиет сабағына жеткенде, мұғалімнің орнына Арман отырды. Үй жұмысына Раушан апай «Досымның портреті» тақырыбына суреттеу жазуды тапсырыпты. Арман Перизатқа бар назарымен қарады. Сосын әзіл-шынын араластыра:
-Пико, сенің ажарыңды суреттеуге мендегі тіл олақ болып тұр,-деді.
-Қойшы, Арман,Пико демеші. Әнебір жеміс шырынының жарнамасы елестеп кетеді.
-Сенің ботаның көздеріндей жәудіреген жанарыңды сипаттаудың өзіне бір күн уақыт кетеді!-Арман қалжыңынан тыйылар емес.
-Арман,мен саған алгебраны ешбір қалжың араластырмай дұрыс түсіндірдім. Ал, сен маған әдебиет тапсырмасына көмектесем деп,күлкі ғып отырсың. Осы да әділдік пе?
-Алгебрада қиял жүйрік болмайды. Екіге екіні қоссаң да, қиялмен озсаң да, бәрібір төрт шығады. Ал, әдебиет деген-қиял мен тілдің, шабыт пен ойдың ұштасар сәті. Міне, сол сәт басталды. Менің досым...
-Арман, апай «достарыңның портретін жазғанда, есімін атамаңдар» деген.«Портрет шынайы болса, мен өзім кім екенін тауып алам,»- деп ескерткен.
-Онда тіпті жақсы. Сөзбен сурет салайын. Сұлудың атын атамайын. Сүмбіл шашты, ойлы көз, дәл өзі ғой толған айдың!
-Сүмбіл шаш деген не?-Түсінбегенін білуге құмар Перизат өзі үшін мағынасы бұлдыр сөзді ести сала, «ұстазынан» сұрап үлгерді.
-Сүмбіл шаш деген-қойдың құйрық майымен сыланған шаш.
-Арман, қылжақты қойшы.Менен Раушан апай сүмбіл шаштың не екенін сұраса, осылай деп айтайын ба?
-Осылай десең қателеспейсің!Мен айтқан анықтаманы жазып алсаң да болады.-Достардың күлкісін естіп, апасының әмірімен бөлмеден шеттетілген Гүлімай жүгіріп келді.
-Аға, неге күлдіңдер? Перизат тәтеге не бодды? Жылап отыр ма?-Ол үнсіз булыға күлген Перизатты көріп, состиып тұрып қалды. Жылау мен айғайдан қорқып қалған түрі ғой бүлдіршіннің!
-Жоқ, ол қатты күліп, ақыры дыбысы шықпай қалды. Бүл-қыздар күлкісінің ең кең тараған түрі!
-Балалар, сабақтарың аяқталса, шайға келіңдер. Ыстық бауырсақпен шай ішіңдер,-деп апасы да бөлмеге кірді. Ыстық бауырсақ дегенде дем басып отырар Арман ба? Орнынан шапшаң тұрып, Перизатқа да қонақжайлылық танытып, лезде үстел басына отыра қалысты. Қарындасы апасының жанына жабысып отыр.
-Екі сабақтан ғана қарап үлгердік. Кеш батып барады. Күн қысқарып кеткен бе?
-Арман, күлкімен уақытты оздырып жіберген сен емессің бе? Мен сенің портретіңді әлі жазбадым ғой!
-Несі қиын? Арық қара сіріңке десең Раушан апайдың бірден тануына жетіп жатыр!-Арман әзілін жарастырып, бауырсақтан асап отыр. Апасы да күліп жіберді.
-Кейін үлкен жігіт болғанда, бауырсақтай топ-томпақ қара торының әдемісіне айналасың!-деп ұлын болашақта қалай елестететінін де айтып қойды. Дастархан басындағы төртеу жадырап отырғанда, сыртқы есік сарт етіп ашылды. Бұл келгеннің Шорман екенін Перизаттан өзгелері айтқызбай-ақ сезді. Алда болар құйынды дауылға іштей дайындалып, апасы мен Арман сыр бермеуге тырысты. Иә, келген Шорман екен. Аяғын әлтек-тәлтек басып, қолындағы шиыршықталған газетті олай-бұлай бұлғады.
-Әй, менің ақын ұлым, келші бері, бетіңнен сүйейін! Мына жаман әкең бүгін сені мақтан тұтып, соған аздап ұрттады. Реніш жоқ қой, ә!-Үйді басына көтере даурыққан Шорманнан кішкентай қызы қорқып кетіп, анасының баурына тығылды. Перизат қайда барарын білмей, абыржып тұрған күйі қатып қалыпты. Арман әкесінің өтінішімен жанына келіп, бетінен сүйгізді. Өзі бүкіл жанымен жиіркенетін «сасық судың» исі қолқасын қапты. Әкесі не үшін тағы да отты судан ұрттағанын айтып, ақталып қояр емес.
-Апасы, мен «жұмысшы керек» дегенге Бәкеннің үйіне бара қалмаймын ба? Сол жерде мына газетті көрсетіп, Бәкен «жу» деді. Қалай жумайсың? Ақыры құттықтаушылар көбейіп кетіп, атап өту ұзаққа созылып...
-Әке, жарайды, қуанған екенсің. Бұл газетті ең бірінші апам екеумізге көрсетіп, мақтануың керек еді ғой!
-Мына күшік маған ақыл үйретіп тұр ма, апасы? Қане, қою шайыңнан құйшы!-Шорман әйелінің жанына келіп, орындыққа отырар-отырмастан жарбаң етті.
-Ұлым маған қалай қуану керектігін атйып, ақыл үйретіп тұр. Мен,сірә, қартаяйын дегенмін-ау!
-Жоқ. Сол баяғы қылшылдаған жас кезің. Әлі ақыл тоқтатпаған, ес кірмеген шалдуар кезің!-Әйелі жақтырмағанын анық байқатып, әр сөзіне ащы мысқыл толтырып кекете түсті.
Арман апасына жақындап келіп:
-Апа, әкемді ерегестірмеші. Ертең де ұрысарсың. Бүгін бекерге азан-қазан болып жүрерміз,-деді.
Апасы үндемеді, келіскені ғой.
-Арманның досы, неге есік көзінде тұрсың? Төрге озсаңшы!-Шорман әдеттен тыс қалбалақтап, Перизатқа орындық ұсынам дегенде, салмағын ұстай алмай, тәлтіректеп барып, құлап түсті.
Перизат тастан қашқан еліктің лағындай үйден атып шықты. Онымен бірге Арман да тысқа ұмтылды. Кеш қараңғылығы қоюланып қалған екен. Түсте ұсақ тамшылаған жаңбыр күшейіп алыпты. Күздің соңғы сәттерін санап, әжуа еткендей,, жаңбыр тамшылары шатыр мен терезеге тырс-тырс тамады. Тездете басқан Перизатпен қатарласқан Арман оның көзіндегі жас тамшысын көріп, абдырап қалды:
-Пико, сен жылайтындай әкем ауыр сөз айтпады ғой. Неге жылайсың?Мен үшін сенің жасыңды көру ауыр, досым-ау!
-Жоқ, әкеңе ренішім жоқ. Тек өткен бір күн есіме түсіп кетті. Тура осындай жауынды күні мен анам мен әкемнен айрылған едім,.
-Не? Әкең мен апаңнан бір сәтте айрылып па едің?-Бұрын ата-ана десе, тек әжесін айтатын Перизаттан бүгін тұңғыш рет қимастары туралы сұмдық сырды естіген Арман тек досының сөзін қайталаудан арыға аса алмады. Жұбата алмады жылаған жанды.
-Иә, әкем мас күйінде көлікке отырып, апам мен өзінің өмірін қиған болатын. Содан бері мына кең дүниеде «әже» деген жалғыз жанашырым қалды!-Перизат булыға жылап, үйіне қарай апаратын көшеге түспей, қиыс кетіп барады. Арман қуып жетіп, қызды тоқтатты Осынша уақыт қыз жүрегін жұлқылап келген ащы сырдың, бебеу үннің безгегіне береке таптырғысы келгендей, сырласын айқара құшақтады. Перизатқа суық жауын тамшылары да, көлденеңнің көңілге тиер қамшы сөздері де жетпейтіндей қауқарлы қорған болғысы келді. Перизат досының құшағында тұрып, оның өзіне деген жүрек жылуын бар жанымен сезді. Сезді де, жұбанды. Қалтқысыз достықты пана тұтып, езілген жүрегі қуанды. Арман Перизаттың еңсесін қамқор сөздерімен де көтергісі келді:
-Жалғызбын деме, менің жүрегімде мәңгілікке жанған достық жұлдызымен де!
-Арман, сен арақ деген арсызды қаншалықты жек көрсең, мен де соншалықты жиренемін! Қарғыс атқыр сол «зымиян су» болмағанда, апам мен әкем тірі болар еді! Мені осыншалықты сары сағынышқа көміп кетпес еді! Егіліп жылаудың не екенін де білмей, мезгілсіз есеймей,
балалық күндерімді алаңсыз жалғастырар едім!
-Сен арақтың азғыруымен ерте солған сол екі бірдей өмірді жалғастырасың, жан досым! Мен азғын араққа қарсы тұрып, барымды сақтап, болашағымды баптап бағамын! Араққа қарсы амал табамын!-Арман ел алдында серт беріп тұрғандай, тым кесімді сөйледі.Кенет Арман қыздың жүзін өзіне қаратып:
-Есіме түсті, «Еділ бол да Жайық бол» деп айтқан Асан қайғы екен ғой!-деп тұйықтан шығар шешім тапқандай қуана дауыстады.
-Тура қазір есіңе түскені қызық болды ғой!-Перизат досының аяқ астынан өткендегі ұмытшақтығының есесін қайтарғанына күліп жіберді.Ағыл-тегіл жылап тұрып, мәз-мейрам болып күле блу тек баланың ғана қолынан келетін шығар! Жүрегін күйік өртеп жатса да, кеші қамкөңіл боп батса да, таңы аждаһа болып атса да, езуінде шынайы, риясыз күлкі тұратын бала емес пе бұл екеуі?! Бірақ қос мұңлық «өмір» атты майданның алғы шебіне өздері аңғармастан аттанып бара жатқан еді...
Айзат Ракышева