Blogs
Бата - киелі ұғым
Бас иіп, тәу етер киелі ұғымым - АҚ АЛҒЫС, АҚ БАТА!
Сізге ше? Сіз не дейсіз? Студент кезім еді. 2 курстың аяғы. Соңғы емтиханды тапсыруға дайындалып, каникулды асыға күтіп жүрген кезіміз еді. Өзім оқитын жоғары оқу орны қабырғасынан бөлек, қаламыздағы өзге жоғары оқу орнында қызмет атқаратын бір оқытушы хабарласты. Дәлірек айтқанда, іздеп келді.
№3 оқу ғимаратындағы №213 дәрісханасының алдында алғашқы кіретін бесеудің қатарында топтастарыммен кезегімді күтіп тұрғанымда, жаныма жақындап, амандық сұрады. Көмегімді сұрады. Диссертациямды тексеріп бер деген ұсыныс айтты. Екі ауыз сөзге келмей, елгезектігіме басып: жарайды демеймін бе?
Сөйтіп, диссертация деген ұғымның тереңіне ендім де кеттім.
Қатесін, стилистикасын түзеу деген әшейін сөз екен... Қажытып жіберді, көз алдыма елестетсем қазір. Балам-ау, осы сенде демалыс емес пе? деп бір күні түнде компьютерде талып жұмыс істеп отырған жаныма папам келіп отырды.Үстелде жатқан ұялы телефонымды күндегі әдетімен бір тексеруден өткізіп алған соң, қырағы көзі мониторға қадалды. Қарады. Өз көзіне сенбегені, бет пішінінен білінді.Диссертация дегенді менің жасыма әлі ерте деп есептегені. Маңдайымнан иіскеді. Ұсынған тиындарын (қандай қомақты сома болса да) алушы болма, ақшаға қызығушылығын артады,қызығушылығың артса, ғылымның алдында қадірің кетеді деген еді.
Сол оқиғадан кейін, талай зерттеу жұмыстары (кандидаттық, докторлық диссертациялар, оқу құралдары, монографиялар) қолымнан өтті. Алматы, Астана, Батыс, Шығыс, әр аймақтан таныстары арқылы талай жұмысты тексеріп қана қоймай, тіпті кейбіреуін айлап отырып, жазып та шықтым. Папама берген уәдемде тұрдым. Не аласың? деп сұрағандарға БАТА дейтінмін. Өз көздеріне өздері сенбей, алғыстарын жаудырып, көңілдері шат болушы еді. Әр істе де машықтану деген ұғымның бар екендігін осы кезде түсіндім. Кейін өзімнің диссертацияларымды ( екі магистратура, бір докторантурадағы) жазғанда, солбір кездегі тәжірибем көмекке келді. Олар менің уақытымды алса да, болашаққа деген біршама білім инвестициясын салып беріпті. Өзгелер сияқты, кіріспе мен негізгі бөлімнің мағынасын ажырата алмай жүрмедім. Жоспарлы, тұрақты жұмыс істеген (ғылыми жетекшілеріме алғысым шексіз!) соң, уақытында аяқталды.
Сонымен қатар, сол бір студент кездерде мерекелік кештерге сценарийлер жазу, әр түрлі арнаулар шығару, ғылыми жұмыстар (курстық, дипломдық) менің әр ай сайын дағдылы әрекетім еді. Олардан жинаған бата-тілектеріме өлшейтін болсақ, үш қабатты бірнеше үй салуға болар еді :)Қуанатыным: әр аймақтан ғылымда тізе қосып, сенім артар әріптестерім артты. Сол күннен бастап, бірі аға, бірі әпкеме айналып кетіп еді...Бүгінгі күні ғылыми жұмыстар, арнаулар жазамыз деген бизнес көздері көбейіпті. Ілулі жарнамалар да шаш етектен. Солардың тым құрығанда, біреуі еңбектеніп, алған ақшаларына сай жұмыс істесе ғой. Ғаламтордағы толған мәліметтерді қотарып ап, жинайды да, бере салады.
Әр істің өз киесі болады дейді атамыз қазақ. Бүгінгі қоғам сол киеден аттап жүрген жоқпыз ба деген сауал жиі мазалайды.
Әкеме алғысым шексіз!
Папа! Сіздің берген сол бір кеңесіңіздің арқасында менің қаншама адамға сауабым тиді. Өзіңіз айтқандай, қадірім артты. Ең бастысы, сол бір студенттік кезде, елдің балалары сияқты сауық-сайран құрмасам да, біршама білімімді тереңдеттім. Бүгінгі күні бұдан асқан байлық жоқ маған. Менің өркен жаюым - кешегі жақсы тілектің арқасы. Менің бүгінгі қадамға жетуім - елден алған алғысымның әсері. Менің ертеңге нық басар баспалдағым өздеріңіз берер ақ батадан басталады!!! Ақ баталарыңызды қабыл алдым! Қазақтың ақ бата деген киелі сөзі - менің бас иіп, тәу етер ұғымым!