Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Бір шөкім ақша бұлт

Blogs

28.02.2020
8900

Бір шөкім ақша бұлт

Дінді мансұқтаған кеңес одағы күйреп, халқымыз армандаған тәуелсіз Қазақ елі құрылды. Қасиетті мұсылман діні елімізде лайықты орнын алды. Көкірегімізде қатпарланған діни сауалдарымыздың да жауабы табылды. Әсіресе, адамзат баласын толғандырған о дүниенің бақилығы Құранда толық баяндалса да, ахиреттің жоқтығына шүбәләну, Құранның қасиетіне нұқсан келтіретін.

 

Ал өз басым о дүниенің барлығына шүбәсіз сенуіме төменде баяндалған тылсым уақиға себеп болған еді:

 

- Анам, ауыр науқастан фәниден бақилыққа озды. Анамды соңғы сапарға шығарып салуға келген қаралы топпен бірге ауыл шетіндегі қорымға қарай бет алдым. Шілде айы. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ, күн шайдай ашық. Күн нұрын аямай төгіп тұрса да табиғат ана, менің бар қайғыммен ортақтасқандай еңсесі түсіп, маужырып тұр еді. Табиғаттың осы ғажайып құбылысымен жан дүнием тұтасып, күйзеліп келе жатсам, денеме жаңбыр тамшылары тамып өтті. Шайдай ашық аспанға көз салсам, дәл төбемде бір ақ шөкім бұлт қалықтап тұр. Мен бұл тосын жағдайға таңғала қарап: «Қараңдаршы, төбемде қалықтап тұрған ақ шөкім бұлттан маған жаңбыр тамшылары тамып өтті», - дедім достарыма.

 

Олар аспанға көз сүзе қарап «Не деп тұрсың?» дегендей маған күдіктене қараған соң, үнсіз ғана төбемде қалықтап тұрған шөкімдей ақ бұлтқа таңқала қараумен болдым. Анамды жер қойнына беріп, жас қабірдің басында, қабырғам қайысып, қалың ойда отыр едім, тәніме тиген жаңбыр тамшыларынан селк етіп, шайдай ашық аспанға көз салсам, қол созым жерде (әлде маған солай көрінді ме) манағы мен көрген ақ шөкім бұлт қалықтап тұр. Зер сала қарасам, сағымдай бұлдыр ақша бұлт. Мен бұл құбылысқа қайран қалдым. «Бұл не ғаламат, әлде тылсым дүниеден қалықтап келген анамның рухы ма?» деген оқыс ой жан-дүниемді астаң-кестең қылды. Бір уақытта денемді ақша бұлттан тамған тамшылар ұрғылай бастады. Содан көзімнен аққан жас па, әлде жауған жаңбырдың тамшылары ма (әлде анамның көз жасы ма) жүзімді жуып кетті. Көңілім босап «О, Анашым, ержеткен соң, бар дүниенің жақсылығын сізге сыйлап, бақытты жүзіңді көрем деп армандаушы едім. Бірақ, сұм ажал бұл тәтті үмітімді үзіп кетті. Не істейін, ағат кеткен жерлерім, балалықпен көңіл бөлмей кеткен кездерім болса кеше гөр», - деп көкірекке кептеліп келген жас тамшылары анамның топырағы кеуіп үлгермеген қабіріне тамып жатты. Сол кезде төбемде қалықтап тұрған ақша бұлт та, менің айтқан сөзімді естігендей қалықтай-қалықтай көк аспанның тұңғиығына сіңіп бара жатты...

 

Қазір анамның басына барсам, міндетті түрде көк аспанға көз салып, шөкімдей ақша бұлттың төбеме қалықтап келгенін көргім келеді де тұрады!..


Share:      
Leave a comment: