Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
MY OPINION
Бұрынғы қазақ

Blogs

21.03.2019
5880

Бұрынғы қазақ

Бұрынғы қазақ

 

Бұрынғы қазақ қазіргіден гөрі сөзге шешен болған. Ой мен іске жомарт, әрнеге кеңінен қараған. Ол заманға барын келмесек те сол заманда өмір сүргендер сөзі солай дейді. Бүгінгіден ірірек, бақуатты, атағы алысқа жеткен танымал адамдары көп болған. Көргені, естігені, жазғаны бар хатқа түскен әңгіме солай дейді. Қазіргі қазақ бұрынғы қазаққа астар болмайды. Ілуде бір сирек жаратылған талантты біреу болмаса қазіргі қазақтың жұрнағы ғана қалған ұрпағының өздері де атамыз анадай болған дегенді айтқаны болмаса олардай бола алмасын өздері де сезетіндей кішірейе сөйлейді. Тума табиғатында анау-мынауға қотарылып қозғала қоймайтын қойдан жуас қазақ өткенді айтқанда өлгені тіріліп, өшкені жанғандай өркештеніп кетеді.

 

Сол өткенін өшіріп алмайын деумен жарықтық алаш азаматттары кеңес саясатын сынап бақты. Осы бойдағы ұлттық, алаштық, елдік рухты өшіру үшін қаншама оқ атылып, жала жабылып, артынан аңду түсіп, үстінен арыз жазылып, қаншама жүрекке қорқыныш ұрығы себілді. Атты, айдады, асты. Бірақ қазіргі қазақ ата-бабасын айтса баяғы еркін күні есіне түседі. Сол жыр, батырлық дастан, махаббат күйін шерткен өміршең ән-күй жүрегінде қоздана жанып мұздаған көңілін жылытатын сүйеніш тәрізді.

 


Кеңес уағында ақын-жазушылар тарихқа айналып келе беретін. Жабық, айтуға болмайды десе сол кітапты іздеп табуға тырысады. Бұл жоғалған рухты іздеу болатын. Бір жағынан кедейлік жолдағы жазарман белсенділерге еріп кеңестік әдебиетті балалатып жатса, екінші жағынан алаш жоғын іздегендер өзінің жоғын ел жоғына айналдырып жанталасып жататын еді. Кеңестік кезде де солай болды. Қазір де солай.

 


Кешегі кеңестік кездің құлағанына қуанған да, күңіренген де көп болды. Қуанғандар сол биліктен қысым көріп, қудаланған соң енді жағдай оңалып әділет орнайды деп күтті. Күңіренгендер сол биліктен нәпақа тауып, біреуге қиянат қылса оны саясат солай едіге тіреп, қолындағы нанынан айырылып қалам ба деп күйзелді.

 


Бұл биліктегілердің мен сол тараптан зиян шеккендердің ғана күйі емес еді. Сол күй жазарман ағайын арасында да жүріп жатты. Жаңа заманда біреу ақталды. Оны қаралаған бетімен жер басты. Ұмытылған небір таланттар, алаш арыстары халықпен қайта қауышты. Бұл зор қуаныш, рухани қайта түлеуді жалпы халықтың өміріне айналдыруға келгенде билік сараңдық танытты. Тартыншақ түйе құсап кейін шегініп, қазақтың бұрынғы дәуренін еске түсіретін азат қоғам орнатуға ұмтылысын түрлі заңдармен, саясатпен шектеп тастады.

 

Егемен болған елдің қолы көп нәрсеге жетті. Көп нәрсеге жетпеді. Мәселе тағы ел басқаруға тірелді. Билік отыз жылда алдына қойған міндетін дұрыс орындап, өзіне сеніп шексіз билікті қолына берген қара халықты разы ете алмады. Жемқор, алдамшы, өз халқына жаны ашымайтын үкімет пен парламентке жұрт ықыласы  төмендей түсті. Енді не болды. Баяғы кәмөнес билеген брежнев заманы сияқты тұншыққан күйі кете берміз бе деген үрей келешекке үміттеніп үйренген қара халықтың көңілінде әлі күнге бар.

                                              

2019 жыл


Share:      
Leave a comment: