Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
MY OPINION
Дариға Мұштанова прозасындағы салт-дәстүрлер көрінісі

Blogs

26.03.2021
5167

Дариға Мұштанова прозасындағы салт-дәстүрлер көрінісі

Габдулова Ару Амантайқызы

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

7М01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы

                  ІІ курс магистранты                    amantaiovaaru@mail.ru

Қазақстан, БҚО, Орал қ.

 

 

ДАРИҒА МҰШТАНОВА ПРОЗАСЫНДАҒЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР КӨРІНІСІ

 

Түйін: Мақалада ұлттық дәстүрлеріміздің тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетіндегі көрінісі зерттелген. Қазақ тұрмыс-тіршілігі, ұлттық өмір сүру ерекшеліктері, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерінің прозада бейнеленуінің көркемдік-эстетикалық сипаты мысалдар арқылы ашылады.  Сондай-ақ, мақалада жазушы Д.Мұштанованың прозасында кездесетін қазақы салт-дәстүрлер кеңінен сипатталады. Автордың  «Аңыз болған абысындар» атты шығармасының  салт-дәстүр, әдет-ғұрып көрініс берген тұстарынан үзінділер алынған.  

 

Түйін сөздер: салт-дәстүр, әдет-ғұрып, проза, қазақ, ұлт, жеңге.

       

Аннотация. В статье исследуется отражение наших национальных традиций в казахской литературе периода независимости На примерах раскрывается казахский быт, особенности народного быта, художественно-эстетический характер изображения народных обычаев и традиций в прозе. Широко описано отражение казахской традиции в прозе писательницы Д. Муштановой. Для примера берется отрывки из пройзведения автора «Легендарные снохи», в которых отражаются традиции и обычаи казахского народа.

       

Ключевые  слова: традиция, обычай, проза, казах, нация, сноха.

     

Summary. The article examines the reflection of our national traditions in the Kazakh literature of the period of independence. The examples reveal the Kazakh way of life, the peculiarities of the folk way of life, the artistic and aesthetic character of the depiction of folk customs and traditions in prose. The reflection of the Kazakh tradition in the prose of the writer D. Mushtanova is widely described. For example, we take excerpts from the author's book Legendary Daughters-in-Laws, which reflect the traditions and customs of the Kazakh people

       

Keywords: tradition, prose, Kazakh, nation, daughter in law.

 

Халқын сүйген – салтын сүйер

                       (халық даналығы)

 

   

Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы [1]. Бүгінде егемендік алып отырған қазақ халқынның тіліндегі, тұрмысындағы, ата-жұртымыздан аманат болып келе жатқан салт-дәстүріміз биік бәйтеректей бүгінгі күннің қазыналы құндылығымызға айналып отыр. Қазақтың салт-дәстүрлері ұзақ ғасырлар бойы үздіксіз дамудың жемісі және олар алуан түрлі болса да, көбісі бір-бірімен тығыз байланысты, бірінен бірі туындаған бірімен бірі астарласа, жалғасып жататын дүниелер. Тәуелсіз кезеңіндегі қазақ көркем прозаларынан халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігі, ұлттық өмір сүру ерекшеліктері, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер кеңінен  табылады [2, б. 326].

   

Елімізге аты әйгілі ақын, жазушы Д. Мұштанова «Аңыз болған абысындар» атты шығармасында қазақы салт-дәстүрдің бірнеше көрінісін бейнеленген. Көркем прозада қазақтардың сол замандағы кәмпескені де, одан кейінгі аштықты да, сұрапыл соғыс кезінде басына не қиындық түссе де, салт-дәстүр бойынша ырымын жасап, өздерінің мәселелерін шешіп отырғандығы баяндалады.

   

«Келе жатыр!» деген дауысқа елең еткен тойшылардың үлкен үйдегілерден басқалары жапырласа сыртқа ұмтылды. Ат үстінде ақ сәукелесі желбіреп келін келе жатты көштің алдында. Келе жатқан жоқ-ау, шауып келе жатты. Шауып емес-ау, қуып келе жатты. Қуып келе жатқан сол ауылдың қарадомалақтарының бірі.

   

Кейін білсе – Жұмағұл деген қайнысы екен. Ауылдың салтымен жеңгесі жетекке алып келе жатқан қалындықтың атын үркітіп, өзінше қайнылығын жасап тапырандаған тайлағымен ойқастап, жанай тиісіп алдын кес-кестей берген. Ат құлағында ойнап өскен Сақыпжамал келін екенмін деп бұған шыдап отырсын ба? Кілт тоқтап, жеңгесінен тізгінді сұрап алды да, әлгі тайлағын қамшысымен бір-екі тартып та үлгерді. Тайлақ атылып, бала бақырып, опан-топан болып сол бетімен ауылға кіріп бір-ақ тоқтады.» деп шығарманың басынан-ақ қазақ халқының оның ішінде қайнылары мен қайынсіңлілері үшін әзіл-қалжыңы араласа жүретіндігін көрсеткен [3, б. 10].

 

«Бұлардың баласының қайсысы-қайсысынікі екенін айыра алмайсың, бірінікін-бірі емізіп, бірінікін-бірі киіп сапырылысады да жатады» деп отырады ауылдастары. Тіл көз атты ма, басқа бір себебі болды ма, Айса мен Ділдәда көпке дейін бала тұрмады.

   

Сөйтіп жүріп бір шақалақ көрінді бұл шаңырақта.

   

Бұл жолы басқаша бір жол бастады Сақыпжамал. Бала дүниеге келерде төбені тескізіп, өз білегін түріп, сол тесіктің ауызында күтті де тұрды «Биссмилласын» жаудырып. Нәрестенің кіндігін балтамен кесіп, анасына көрсетпестен, ауыздандырмастан, төбеден төніп тұрғандардың қолына ұстатты іштегілер. Сақыпжамал құнтақтаулы баланы орауымен ала салып, екі қыр асырып, Мәрия деген емшекте баласы бар көршілеріне апарды да берді сосын. «Әй, Мәрия, сен мына баланы өзің бақ, бұл сенікі!» деп дауыстап, тапсырып кетті және. Сол бойы сәби қырық күнге шейін өз үйіне келтірілмеді. Бала әбден қарақұлақтанып, қырқынан шыққанда бір қап тезек апарып, кері «сатып алды» Мәриядан [3, б. 39]. «Көз – жылқыны қазанға, ал адамды қабірге салады» деген ескінің есті сөзін қазақ халқы әуелден-ақ біледі. Қазақ халқы салтында жас нәрестеге тіл-көз тиеді деп есептелген. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Осы сияқты ертеден келе жатқан салтымызда  отбасына бала тұрмай шетіней берсе сәбиге анасының иісін сездірмей, бірден асыраушының қолына аманаттап, қырқынан шыға сала құнын төлеп өз бауырларына әкеледі және ұлы жоқ қыз тәрбиелеп отырған отбасы болса, сол шаңырақтың ұрпағы сақталсын деп өз туыстарының бірінің баласын бауырына басып алатын болған. Айса мен Ділдә Сақыпжамалдың жасаған ырымынан кейін 3 қыз сүйді. Кейіннен Сақыпжамалдың қыздары өскен кезде, Айсаның есіне ағасының «Сақыпжамалды сақтаңдар» деген сөзі жаңғырып құлағына келгендей болады. «Ертеңіне қайтадан орынынан табылып, ат үстінде қаздиып отырған жеңгесіне Шырақжаны жақындап келіп, әңгіме бастады.

   

- Жеңеше, қыздар өсіп қалды. Олар ұшып-ұшып кетеді ертең ұяларынан. Сен үнемі осылай ат үстінде жүре бермейсің шіреніп. Сол кезде жалғыз қаласың. Қыздың қолына басқа барса да, сенің бармайтынын тағы белгілі. Ділдә келінің жүкті. Осыдан ұл тапса, саған бердім сол баланы,- деді нық-нық сөйлеп.

   

Сақыпжамал шошып кетті. Бір жағынан қайнысының мұнша мәрттігіне риза болып, бір жағынан оның өзіне де жаны ашып:

 

- Ойбай-ау, Шырақжан-ау, - деді күреңітіп, Өзіңде де бары үш қыз, маған керек ұл, саған да керек. Ділдә екеуің аман тұрғанда мен қыздың қолына барармын ба. Ниетіңе рахмет, сенің ұлың онсыз да менікі ғой, - деді Шырағының жүзіне шырайлана қарап.

 

- Жоқ, жеңше. Алтауын жерге бергенде де жүрдім емес пе, бір ұлды саған қимай не болыпты. Айтқаным-айтқан. – деді де Айса сөз бітті дегендей атын тебініп, жүріп кетті [3, б. 87].

   

Ділдә босанды. Сақыпжамал мен Айсаның келуін күтем деп жүргенде, толғақ басталды да кетті бебеулетіп аяқ асытнан. Жалма-жан отты жағып, оған «бисмилла» деп деп бір ілім тоңмайды салып жіберіп, білгенін оқып, жылы су, кебеже-сандыққа салып қойған орақ пен балтаны да шығарып қойды  «биссмилла» деп. Киелі бөрікті де әкелді келінің бас жағына. Сақып естіген-білген ырымдарының бәрін қамдап бола бергенде Сақыпжамал мен Айса кіріп келді.

   

Әне міне дегенше шар етіп нәресте жерге түсті. Сырттан кіре қолын шақ жуып үлгерген Ағиза баланың кіндігін орақпен кесіп, «бисмилла» деп жерден көтеріп алды да, жаялыққа орап әкесіне ұстата берді.

   

Ұл бала!

   

Жұдырығын түйіп алып, қышқырып жатқан баланың бір құлағының сырғалығы шолақтау біткенін байқап үлгерген Айса:

 

- Мә! Жеңешемнің баласына Құдайдың өзі ен салып жіберіпті! – деп, қызыл шақа нәрестені Сақыпжамалдың алақанына салды.

 

«Бұл не керемет , Тәңірім-ау...

   

Мына құйтақандай ғана нәресте мұның, анасының келе жатқанын сезіп, тап бүгін жарық дүниеге ұмтылғаны ма? Алланың өзі ұйғарып, белгілеп бергені ме осылай...» Жан дүниесі езіліп, бір сәт абдырап отырып қалды Сақыпжамал. Сөйткенше Ділдәнің «Ойбай, ішімде тағы бірдеме жыбырлайт...» деген даусы шықты. Ағиза мен Сақып қатар төніп, екінші ұлды, енді Айса мен Ділдәның ұлын босандырып алды. Бұл баланың кіндігін балтамен кесті Құмар күйеу [3, б. 100]. Сөйтіп қазақы салтты орындай отырып, қайтыс болған Қиза мен Сақымжал, өздерінің ақылдылығымен ұлдарын ағасының ұрпағын жалғастырмақ ниетте болған Айса мен Ділдә да ұлды болып, егіздердің кіндігін Орақтай немесе балтадай өткір, батыр болсын деп өткір орақпен немесе балтамен кескен.

   

«Ұлт дәстүрі – заңнан биік» деп белгілі қоғам қайраткері Н.Шайкенов айтқандай, қазақ  халқының  тұрмыс-тіршілігінде  маңызды  рөл  атқаратын  салт-дәстүрлерді зерттеп, кең  насихаттау  –  қазіргі  таңда  ұлттық  сананы  қалыптастыру жолында  жасалатын  өте  маңызды  шаралардың  бірі [4]. Ұлтымызға жалын, ұрпағымызға тәлім беріп келе жатқан дәстүрімізді ұмытпай, әр қазақтың санасына сәуле шашып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу әрқайсымыздың алдымызға қоятын мақсатымыз болғаны жөн.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. https://adyrna.kz/post/25643
  2. Ә.Қайдар. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік) ІІ том. Қоғам. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2013.
  3. Мұштанова Д.Ғ. Аңыз болған абысындар. Орал, «ГҮЛІМ» баспаханасы, 2018.
  4. https://bilim-all.kz/article/5257

 

 


Share:      
Leave a comment: