Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Дүдәмал

Blogs

06.11.2021
4539

Дүдәмал

Жаға тастақ... Күн желтең... Жүрдек толқын мазасыз, бірін-бірі қуалап, асығып-аптығуда. Бетті желге төсеп, қиялдай қалғам, кенет қасыма келгенді аңдап, көз аштым.

 

Таяу маңда жігіт үзіліп қарайды, ал қыз суға аяқ малған. Екеуі де бейтаныс. Қасымдағыны шырамытқандай болсам да, кім екені есіме түспеді. Жүзі жымың-жымың... Неге? Танығаны ма, жоқ әлде танысқысы келе ме?...

 

Қайыра теңізге телмірдім. О, керемет! Толқынмен таласып, алтын сақина жүзіп барады...

 

Алтын!.. Алу керек ғой!.. Жан-жағыма жалтақтамастан киімшең қойып кеттім. Әуелде тап-таяу, қол созымдай көрінген, алыстау екен. Жиек жарлау, жүрексініп қайтуға беттегем, міне, қызық, сақина маған екпіндеп келеді. Жете бере, жалма-жан іліп алдым.

 

Судан шығып, сақинаны әуелі сол ортаңқолға салдым. Тым кең әрі үлкен. Саусақ ұшы ғана қылтиды. Енді оңға ауыстырып, әрі-бері қарадым, дәл келмесе де, сәл жобалау.

 

Ойламаған жерден тауып алған олжама қуаныштан құнжыңдап құмартып қалғам, әрідегі қыз: «Керегі жоқ, біреуге бере сал, бұл өлтіріп, денесі суға лақтырылған кісінікі. Өзің жақсылап қарашы, онда «3» деген сан бар. Сол арқылы полиция тауып алады, Қалдырма!» - деді.

 

Сөз жүрек шайды, екі ойлы қасыма қарадым. Ол күлімдеуден жазбаған, дым демеді... Не істеу керек? Шешерімді не шешпесімді білмей дағдардым. Әлде анау қызғанып айта салды ма? Қымбат тас өзіне құлыптап, жанар жаулайды... Қия алмай қиналам...

 

Кенет еркектің ашық аяқ киімдегі үлкен бақайына көз түсті. Аюдай қап-қара. Бағанадан бері неғып аңғармағам. Жиіркене қарадым, жалаңаш үсті жүн-жүн, сабалақ. Мынау адам ба, әлде... Зәрем ұшып үрпиіп, оянып кеттім.

 

Бұл не? Ауыр алтын жүзе ме? Белгі неге «3». Әрі-бері ойлап жори алмадым, бірақ көпке дейін ойымнан кетпеді.

 

... Құрбым екеуміз мейрамханадағы тойға кешігіп келдік. Үлкен зал лық толы, би қызған. Біз де бірден қосыла кеттік.

 

Ойнақы музыка, оңды-солды ырғаламыз. Арамызға келбеті келісті біреу кеп килікті. Биші екен, құрыштай денесі шиыршық атады. Мені лып еткізіп, бауырға басты. Қимылы қандай қалт. Құшағы қандай қайнаған... Күйіп барам, күйіп... Ішім жалын, сыртым шоқ, қызыл етек бұлғаңдап үрлеп қояды.

 

Сол күнннен Арманжанға байландым. Әр кездесу көгілдір көктем... Оның айтқанын айналып өту жоқ, қайда барамыз десе де, қасынан табылам.

 

Көбіне қыдыруға тауға тартамыз. Ондағы Арманжанның меншігі «Таң» рестораны осындағы еркін жайлайтын жайлауымыз.

 

Айнала зәулім ағаш. Айқара ашылған терезе, жұпары аңқыған гүлдер. Сайраған сандуғаш, сырнайлы саз. Сүйіктімнің шуақ шашар сөзі, ынтызар көзі қандай! Шәрбәт ерінге емініп: «Сәулем, үйленейікші...» деп үздіккен үні қандай!

 

Бақыт басымда... Ол жымиып, қалтасынан алған алтынды салуға оқтала берген, бірдемені байқап:

 

Тұра тұршы, - деп анықтап қарадым.

 

Жүрек дір етті. Сондағы... Не ойлауды білмей сасып, ауызға сөз түспей, қысылып, қылқындым.

 

Не болды?

 

Ештеме.

 

Қалай ештеме? Түрің бұзылып кетті ғой,

 

Онда...

 

Жалма-жан көлікке де, зырылдап үйге де жеттік. Қош айтып, кіріп кеттім.

 

Содан соң әртүрлі сылтау тауып, енді қайтіп көрмеуге тырыстым. Ол жолығуға жан сап бақты. Мен жоламауға бекіндім.

 

Одан кейін арада айлар өтіп, сабама түскем. Көгілдір экран қарап, қылмыскерлік жайлы тыңдап отырып, орнымнан ұшып кете жаздадым.

 

Соның өзі. Сұмдық-ай! Талай тағдырды тәлкекке түсірген тонаушылар басшысы. Ұсталған...

 

Күйіп-жандым... Шын сырқаттанған сыңайлымын. Кешке төсек тартып жатып қалдым. Қатты көтерілген қызудан сандырақтап, не болса соны айтып, «үш, үш...» дей беріппін. Есім кіргенде емдеген дәрігер «жүйке жұқарған» деді.

 

Онысы несі, неге олай болған, ұқсам бұйырмасын. Бірақ бір түсінікке түйілдім.

 

... Мектеп бітірген жылы көршім Айбасқа тұрмысқа шықпақшы болғам. Ол мінезі шалт жігіт еді. Келісім алған күні некелескенде киетін сақиналар сатып әкеп, мақтанған. Мен де қызықтап, бір киіп, бір шешіп көзім «3-ке» түскенде:

 

Мынау не? - деп сұрадым.

 

Білмейсің бе?

 

Жоқ...

 

Ол Зәмзәнің бірінші әрпі ғой.

 

А. Дұрыс екен. Сақталатын зат, атым мәңгіге қалады десейші.

 

Мәзбіз...

 

Бірақ, олай болмады. Болашақ күйеу тойға дайындықта үшті-күйлі жоғалды. Қалай ойларсың?.. Ешкім ештеме түсінбей, талай хабарландыру берілді. Зым-зия...

 

Одан бері үш жыл... Соңғысын маңайлатпағаныма да үш ай өткен. Бұл қай сәйкестік?...

 

Үш... Үш... Түстегі үш...

 

Алабұртып қалдым. Бұйырмаған белгі соғылған сақиналар...

 

Жалтыраған жалған... Дүдәмал дүние. Қызықтырып, құбылып, құлпырасың да, жалт етесің-ау...

 

 

27.04.2004


Share:      
Leave a comment: