Blogs
Елестер билеген...
Натюрморттан кету
Суретші,
Тіріні қойғандай,
Бір жарға шегелеп...
(Иисус емес ол,
Ол емес - Жарқанат,
Көбелек.
Жаны бар сугірет,
Кенепке түсірген
Қаламның ұшымен.
Түсінген,
Адамға керемет!
Қиялдың отырмын ұшырып,
Құсын мен.
Жертөле,
Шынжыр бос,
Иті жоқ,
Итаяқ -
Тостаған.
Тұрғандай күй тарап.
Кім екен астына төңкеріп,
Дән егіп тастаған...
Құп-құрттай жүрекпен,
Ең соңғы нүктеден,
Тіршілік бастаған!
Құрсаулы түнектен,
Қос қолың секілді,
Жапырақ жаяды.
Тосын сый күтпеген,
Ешкім де тоспаған,
Өмірге құштар ән!
***
Білмеген жанға бәрі де жұмбақ.
Тыңдадым таңда сыйқырлы ән.
Тұңғиық терең әріден қозғап,
Оятқан тәтті,
Ұйқымнан.
Айтқанда сөзін түсінбес ешкім,
Жұмбақ шығарсың мүмкін сен.
Мына әлемнің ішінде емеспін,
Бір күлсең.
Мәжнүн қылар тыңдаған жаңды,
Тыңдасам жалғыз шіркін мен.
Көрсетпей сенен ұрлаған әнді,
Ұрлаған әнді,
Күлкіңнен.
Мен емеспін
Өтке күнді... қайткенде бөгемекпін?!
Неге келдің балалық,
Неге кеттің?
Мына біреу ұқсайды көлеңкеме,
Мен дейді ғой,
Мен – деген,
Мен емеспін.
Бәрі жасыл болатын төңіректің,
Оралмасқа кеткені ебелек күн.
Күмбезі бар мешіттей,
Төсінде Ай,
Қараша үйде,
Мен деген мекен еттім.
Қараша үй.Балалық.
Керемет күн,
Мен өзіңе келеді ере кеткім!
Анам бар -ды... тербетіп бесігімді,
Маған енді айтпайды өлең ешкім.
Қасиетін,
Қадірін... елемеппін,
Көңілге тек ақтығын өнеге еттім.
Өткенімді қараймын кітаптардан,
Тарауынан іздеймін көне беттің.
Қалғандаймын ішінде,
Көп егестің,
Рас болса келгенім,
Неге кеттім?!
Біреулерге ұқсастау болғаныммен,
Періште де емеспін,
Пері емеспін!
Жүргендеймін түсімде,
Бір елеспін,
Хабар сұрап жатпайды,
Менен ешкім.
Мына жүрген иілген сұрау белгі,
Мен дейді ғой,
Ол деген -
Мен емеспін!
Ақиқатқа хат
Ақиқат (Ізберген) дүниеге келгенде әкеміз
Рзабек ағашты ойып, домбыра жасапты.
Жығып тастап,
Бір ағашты шалқадан,
Шөміш-шөміш тер шығарып арқадан.
Сен туғанда сол ағашты шауыпты,
Шыға ма деп ән содан!
Жауап іздеп,
Таппай жауап қанша адам,
Бітер іске күте-күте шаршаған.
Екпінінде найзағайдың жарқылы,
Әке үнсіз,
Үн шығыпты балтадан.
Қуат беріп,
Жігеріне сол қадам,
Сен туғанда,
Әкем әнді аңсаған.
Ақиқаттың бір тартқанын көрем деп,
Бір домбыра жасап шыққан аршадан.
Солай болса...
Мен ырымға сенемін,
Әкеміздің жалғастырған өлеңін,
Арша ағаштан,
Бір домбыра жасалған,
Ізбергеннің ізіне ерген мен едім.
Әкеміз жасаған домбыра облыстық мұражайда.
Ұя
Сұрамаса,
Жүргендік пе іздемей,
Қыз дейін бе?
Іздегенім түз демей!
Көрдіңдер ме?
Құрқылтайдың ұясын,
Дария ағыс - жыр көмей.
Көптен бері,
Сабыр сақтап,
Іркем ой,
Балапаны,
Шамда жанған білтедей.
Құрқылтайдың көрдім кеше ұясын,
Үлкендігі,
Қосқа тіккен күркедей.
Табылғасын,
Жүргенім де үндемей,
Күтіп жүрмін күндіз демей,
Түн демей.
Балшы айтқан,
«Ұя» тауып әкелсең,
Келіншегің ұл туады күлшедей.
Жан-жағына жаутаңдайды,
Дүмше ой,
Балапан бар, алуға ерте,
Ерте ғой.
Құрқылтайдың,
Көріп жүрмін ұясын,
Балы түскір..
Білсе ғой!