Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Естірту

Blogs

15.11.2017
7138

Естірту

 

Үйдің ішін жинап болып, қаладағы құлыныма арнап бастаған жемпірді тоқып отырғам. Шәуілдей үрген Ақтөстің дауыс ырғағынан кісінің келе жатқанын біле қойдым. Жан-жағымды реттестіріп, «нәсіпке кесір болмасын» деген оймен, жылдамдата есік алдына шықтым. Қарасам: Бақ көшеде тұратын Жанәсіл ата мен Құдайберген ата, көршім Қанен аға үшеуі қаша сыртына аттарын байлап, аяңдап келеді екен. Кешегі нөсер жаңбырдан кейін шайдай ашылған аспанға жадырай шыққан күн көкжиектен жаңа ғана найза бойы көтерілген болатын. «Ойпырмай, ертелетіп бұл кісілер неғып жүр? Жақсылыққа болғай... Әлде анам?.. Астапыралла! Ойламайтын нәрсені ойлай береді екен ғой адам деген! Өздері бір шаруамен келді да!..» Атқақтап бара жатқан жүрегімді ақылыммен тыныштандырайын десем де, «Мұндай уақытта бұл кісілердің басы неге біріге қалды? Анашым нашарлап жатыр еді...» деген ой қайта-қайта сумаңдай берді. Шешемнің төсек тартып жатқанына біраз болып еді. Ауылдағылар «Бақ көше» атап кеткен көшеде тұратын. «Құдай сақтасын! Өздері бір шаруамен келген шығар...» Жылы ұшырай амандасып, иіліп сәлем бердім.

  • Амансыздар ма? Қош келіпсіздер!
  • Бақытты бол, қарғам!
  • Өмір жасың ұзақ болсын!
  • Бала-шағаңның қызығын көр!
  • Әумин! Рахмет! Үйге кіріңіздер! Төрлетіңіздер!

Құрақ ұшып көрпе салып, дастархан жайып, шәй қойдым газға. Малдастарын құрып, маңғаздана отырғандарымен, жүздерінен бір мазасыздық сезіледі. 

  • Балдар сабақта болар?
  • Иә, ата.
  • Дұры-ыс. Үлкен ұлдан хабар бар ма?
  • Иә, анда-санда хабарласып тұрады. Сол құрылыста істеп жүр.
  • Ә, бәрекелді! «Жас келсе іске» деген. Жақсы болған екен!
  • Табысы берекелі болсын баламыздың!
  • Әумин! Айтқандарыңыз келсін! Өзіңіздің денсаулығыңыз жақсы ма, ата? – Сөз тізгінін ұстап отырған, шағын денелі, сопақша жүзіне шоқша сақалы жарасқан Жанәсіл қарияға бір қарап қойдым. «Не жұмыспен келді екен бұл кісілер?..»
  • Е-е, қарғам, Құдайға шүкір, бел еңкеюден, тізе дірілдеуден аман әзірше...
  • Күйеу балдарыңыз кеше тауға, картошка отырғызатын жерді реттеу үшін, кетіп еді. Бүгін келіп қалатын шығар, бұйырса.
  • Е-е, дұрыс болған екен... – Жанәсіл ақсақал жүзін төмен салды. – Шәйға әуре болмай-ақ қойсаң да болатын еді...
  • Жоға, еш әуресі жоқ. Күнде келіп жатқан жоқсыздар ғой. Қазір-ақ дайын болады...

Үлкен үйден май-құрт әкеліп, нан турап, қататын сүтті баптағанша шәй де қайнады. Әншейінде кездесе қалса қауқылдасып кететін аталарымның жүзінде бір салқындық бар. Әншейінде шәйді сораптап ішетін Қанен ағам да үш-төрт шыныдан соң, «Рахмет» деп кесенің бетін алақанымен басып қойып, артқа ысырыла отырды. «Енді айтады... Не болды екен?.. Құдай-ай!..»

  • Ас қайырайық.
  • Иә. Сіз жасаңыз батаны.
  • Құдеке, сіз бермейсіз бе батаны?
  • Жо-жоқ. Сіз тұрғанда... Әумин.
  • А Құдайым оңдасын, еш жамандық болмасын! Дастарханның байлығын, деннің саулығын берсін! Әумин!
  • Әумин!

«Батаны да қысқа қайырды... Бір жағдай болған ғой... Алла-ай, Өзің сақтай гөр!..» Жүрегім тыншыр емес.

  • Бұйымтайларыңызды айтыңыздар. - Жымимақ болып ем, қылығымның біртүрлі жасанды шыққанын, жүзімнің  жидіп, даусымның құмығып шыққанын сездім.
  • Е-е, келін шырақ, бұйымтай жоқ. Тек... – Жөткірінген Жанәсіл ата «айтасыңдар ма?» дегендей жанындағы жолдастарына көз қиығымен қарап еді, екеуі де «бастай беріңіз» дегендей бастарын сәл иіп, ишарат жасады. – Е-е, Алтынсара қарағым, «шыр» етіп бұл дүниеге келген жанның талқаны таусылатын күні ана құрсағында жатқанда-ақ жазылады екен...

 «Бәсе!.. Алла-ай, кім болды екен?!» Жүрегім атқақтап барады. Екі көзім атада.

  • Қарғам, аталарың «Тозбайтын темір, озбайтын өмір жоқ» деген екен... «Ат алдыңғы аяғынан сүрінсе, айыбы жоқ» деген де бар...

«Алла-ай, анашым қайтқан екен ғой!»

  • Анашым! Айналайын анашым-ай! – Боздап қоя бердім.
  • Қарғам-ай, айтар сөзден жаңылдым ба? Кеш атаңды! Шешең емес, Жекеннен айырылдың!
  • А-а! Алла-ай!.. – Дүние төңкеріліп бара жатты. Санамда «Жекенім-ау, сен бе едің қайтқан! Қайттім енді?!.. Құдайым-ай!..» деген сауалдар жарқ етіп, сөнді...

Бетіме шашылған судан есімді жисам, ақсақалдар әлі отыр екен. Көршім Ертай мен Жазира келіп үлгеріпті. «Бұл кісілер неғып отыр?..» Не болғанын түсінбегендей беттеріне бағжия қарап қалсам керек.

  • Қарағым Алтынсара, Алла қайырын берсін! Жекен баламыздың иманы жолдас болсын! Ана құлындарыңның ендігі арқа сүйері өзіңсің! Сондықтан болған іске болаттай берік бол, қарғам!
  • Бас ием-ау!.. Жекенім-ай!.. – Тұман ішінен жарыққа, жарық болғанда да, жүрегіңді езіп жіберетін, өзегіңді күйдіріп жіберетін жарыққа қайта шыққандай болдым! «Опасыз дүние-ай, осындай ма едің?!..» - Қырық жыл жолдас болған ардағым-ай!..

Сөз соңы: Құдай қосқан қосағым – Жекенім таудан келе жатқан кезінде жай түсіп қайтыс болды ғой... Ертоқымның алдыңғы қасын жанай өтіп, аттың жалына түсіпті. Үлкендер: «Бұл да – бір азат өлім», - дейді... Өзі де кейде жүрегі шаншып, қиналып кеткенде «Я, Жаратушым, жанымды қинамай алшы! Тіпті сезбей қалайыншы!..» деп жалбарынып кетуші еді... Қарагерден қалмай еріп жүретін Бәйгеқұламыз бар еді, сол жануар және Жекеннен қалмайтын Ақтөс итіміз, (О-о, Құданың құдіреті!) ермей қалып қалып еді сол күні. «Ка-калап» бірнеше рет шақырса да, Ақтөс қыңсылап, суқағардың астына кіріп жатып алды. «Ой, әкеңнің, бармасаң ғой!» деген Жекенім маған қарап бір күліп қойып, тебініп жүріп кетіп еді. Сым-костюммен жүруші еді ғой жарықтық. Артынан қарап тұрғанымда біртүрлі жап-жаңа болып көрінгені! Түр-тұлғасы да нұрланып бара жатқандай көзіме ыстық тартып еді... Жаның Жәннатта болсын, жаным...                                                  Алғадай Әбілғазыұлы


Share:      
Leave a comment: