Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
ESSAY
Ғалым Талатбек Әкім

Blogs

16.05.2019
5046

Ғалым Талатбек Әкім

 

Ғалым Талатбек Әкімді көпшілік оқырман жақсы біле бермеуі мүмкін. Ал әдебиет төңірегінде, мәдениет саласында қызмет ететін кәсіби қызмет иелері Тәкеңнің есімін жақсы біледі. Көпшілік оқырман біле бермеуі мүмкін дейтініміз Тәкең күнделікті тіршілікте алға шығып, барын көрсетіп, көзге түсуді қалай бермейтін қарапайым адам еді. Ол көптің бірі сияқты елеусіз жүріп М.Әуезов мұражайында елу жылға тарта табан аудармай қызмет етті. Оқуды өз қатарластарынан сәл кештеу бітіріп осында келгенде отызға таяған сақа жігіт екен. Мінезі ұяң, орта бойлы, төртпақ денелі Тәкең жасы 70-тен асқан кезде де қолынан қаруы қайтпаған күйі мығым жүрді. Пенсияға шықса да 80-ге таяғанша қызметтен қол үзген жоқ. Жазуын жазып, келіп-кетіп жүретін. Қандай сыйлыққа да, еңбегі үшін берілетін марапатқа да лайық болатын. Бірақ соған бой созып, алдына мақсат қойып ұмтылмады. Оған кітап оқып, күнделікті жазу жазғаны қымбат болатын. Үнемі кітап жинап, түртінектеп оқып, бал арасы тәрізді білім жинайтын. Менің ол кісіні білгенім 2002 жылдан бері. Одан бұрынғы тірлігін өзімен қатарлас осы жерде көп жыл әріптес болған көз көргендер жақсы біледі.

 

Сонау 60-шы жылдар ортасында музейге келген жас жігіт қызу жұмыстың үстінен түседі. Со кезде ұлы жазушы, Кеңес Одағына әйгілі даңқты қаламгердің мұражайы енді қызметін бастап, ары қарай кеңітіп жатқан кез екен. Осы жерден баспаға дайындалатын Мұхтар Әуезовтің 12-томдық жинағының қара жұмысына күмп береді. Мұндағы адамдар да әбден іріктеліп алынған шетінен білімді, талантты қызметкерлер екен. Басшы қызметінде жазушының туған қызы Ләйлә Әуезова болатын. Өзі қатарлы қызмет иелері Баламер Сахариев, Мекемтас Мырзахметов, Керімбек Сыздықов  М.Әуезовтің көптомдығына тер төге еңбек сіңіреді.

 

Бұдан соң 70-жылдары 20 томдықты шығару басталады. Тәкең осында жүріп ескі араб әрпімен жазылған төте жазуды таниды. Өйткені, Мұқаңның қалжазбасының көп бөлігі осы жазумен жазылған.

 

1997 жылы ұлы жазушының 100 жылдығы юнеско көлемінде атап өтіледі. Жазушының толық жинағын шығару қолға алынады. Тәкең тағы архивке түсіп, қолжазба оқиды. М.Әуезовтің 50-томдық академиялық басылымын шығарудың бейнеті көп, ауыр жұмысына жегіледі. Бұл кездегі жұмысқа сол уақтағы музей басшысы, белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай басшылық етеді. Жұмыс көлемі ұлғайып, адам саны да көбейеді. Тәкең жоба жетекшісі болады. Ғылыми түсініктемелер жазады. Мәтіндерді қолжазбадан оқып қағазға түсіртіп, кітапқа әзірлейді. Музей өзінің алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап Ғылым Академиясы жанындағы Әдебиет және өнер институтының бөлімі ретінде қызмет істейтін. Жазушының қолжазбалары, еңбектері, кітаптары осындағы ғылыми кеңесте қаралып, әбден талқыланып шығарылатын. Елу томдық та осылай болды.

 

Тәкеңмен қызметтес болу осы кезде басталды. 2002 жылы 3 -ақпан күні қызметке қабылданып музейге келдім. Тәкең түкпірдегі бөлмеде бұрышта отыр екен. Ең үлкеніміз осы кісі болып шықты. Қызметке кірісіп кеттік. Шамасы 11-томға келіп тоқтаған екен. Бұл кезде басылымның бас редакторы ғалым Бақытжан Майтанов еді. Бақытжан аға жұмысқа мұқият, тыңғылықты қарайтын адам. Көп істі Тәкеңе сеніп тапсыратын. Өстіп бірталай жыл өте 2011- жылы елу томдықты да аяқтап шықтық. Бұл қызметте тұтас ұжым қызмет етті. Тәкең жоба жетекшісі есебінде әр томды жоспарлап, әркімнің қызметін бөліп беріп отыратын. Ешқашан асықпайтын. Кейде жоғары жақтан асықтырып ақша бөлінді осы томды пәлен кезге дейін бітіру керек деп асықтырса да Тәкең өзінің жайбасар, саспайтын қалпынан ешбір айнамайтын. Асықпай жүріп бәріне үлгіретін.

 

Тәкеңнің ғылымдағы ең бағалы еңбектері оның Мұхтар Әуезовтің шығармаларына жазған ғылыми түсініктемелері. Оның көлемі бірнеше кітап болады. М.Әуезовке байланысты жазған көп жылғы мақалалары «Даналық мәйегі» деген атпен «Ана тілі» баспасынан кітап болып шыққан. Еті тірі жігіттер жасы 40-50-ге жетпей доктор болуға талаптанып жатса, Тәкең кандидаттық жұмысының өзін көп қузаумен жасы елуден асқанда қорғайды да, білімі жетіп тұрса да докторлыққа құлшына қоймайды. Кеңестік уақыттың саясаты өзінше зор әңгіме ғой. Тәкең саясатқа жоқ адам, сол себепті кеңестік әдебиеттанудың зуылдақ, пысықай әдеттерін бойына жимаған. Оның зерттеулері Мұхтар Әуезовтің еңбектеріне тән қазақы, терең мағыналы, ұлттық ою-өрнегі бар, ғылымның дәйегіне сүйенген сүйегі кесек, көзқарасы мығым болып келеді. Тәкеңмен әңгімелескен адам оның білімді адам екенін бірте-бірте барып сезінеді. Түріне қарасаң қарапайым адамның осынша білімді бойын сыйғызып алып, оны еш мақтанға салынбай, дәрежесінбей көтеріп жүруі шынында адамшылық екен-ау дегізгендей еді.

 

М.Әуезовтің елу томдық академиялық жинағын шығару барысында бастан небір оқиғалар өтті. Оған тұтастай роман, повест жазуға болады. Ал Тәкеңнің осы жылдар ішінде еш өзгерместен бірқалыпты болып, сол баяғы жымиған күйінде қоңыр сөмкесін көтеріп жұмысқа келе жататын кейпі есте сақталып әлі күнге дейін көз алдымызда.

 

Жұмыс арасында 2008 жылы Тәкеңді ертіп, менің туған жерім Аякөз өңірін аралап қайтудың сәті түсті. Сол бірнеше күнде Тәкең жол сапарының қиынына қыңқ етпестен кездесулерге қатысып, барған жерін риза ғып, отырған орнын толтырып, жүрген жерінде жақсы әсер қалдырып қайтты. Оның бойында мұсылман баласына тән сабырлы, мейірімі мол, адамға жақсылық ойлаудан танбайтын, жат мінезден аулақ абзал қасиеттер мол еді.

 

Тәкең өткен жылы қыс айында дүниеден қайтты. Оның еңбектері жайлы білгісі келген оқырман  ғылыми еңбектерін оқып танысуына болады. Ғалым Талатбек Әкім соңына жарқын мұра қалдырған тамаша оқымысты еді.
                                                                                               

14.05.2019
    
 


Share:      
Leave a comment: