Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Газ тексеруші

Blogs

10.06.2019
5141

Газ тексеруші

 

(әңгіме)

                      

Көксеген түс қайта есік алдына шығып отырды. Күн еңкейіп қалған уақ. Маусым айының салқын желі еркелеген баладай лекілдей соғып тұр. –Ой, шіркін, самал жел-ай,– деп күбірлеп қояды. Тәңертең ақ жауын себелеп өткен. Аспандағы бұлттың қалыңдығына қарап–әй, бүгін де жауын күнұзақ жауады-ау,–деп күңкілдеп еді. Келе сала бақша ішінде әбден бой салып, қаулап кеткен арамшөпті отап түске дейін маңдайынан тер ағып, жұқа көйлегі денесіне жабылысып қалғанша қимылдай берген. Терден су боп кеткен жұқа көйлегін ауыстырып, со беті дүкеннен келген кемпіріне шылым алдырып, әлгі осы ауылдың түстік желіне маңдайын беріп отыра қалған. Рахат еді.

 

Әрнені ойлап көп отырды. Көксеген үй салам деп азаптанғалы алтыншы жылға айналды. Әлі біткен жоқ. Бұдан кейін келгендер үйін бітіріп жаңа үйге кіргенін тойлап жатқанда, елден қалып қойдым-ау деген намыс ой мұның қаперіне кіріп-шықпады. Ешкіммен жарысқан жоқ. Бір жұмысын өзі істесе, бірін танысына, енді бірін ақшасын беріп тағы біреуге істетіп ілдебайлап келеді. Ұядай бес сотық жерге әңкитіп екі қабат үй салғандар алда-жалда терезеден көшеге қарай қалса мұның төбесінен қарап биікте жүретін тәрізді. Жер үйге биіктен қарасаң аласа, қораш көрінеді.

 

Солай болды деген Көксеген жоқ. Көңілі баяғыша. Бұл құсап осындай кішкене үйді де салуға ақша таппай есігін жауып тастап, мүлде келмей кетіп жылына бірер рет жерім, бастаған үйім бар еді деп есіне түскенде ғана келетіндер бар. Ақша болмай жатыр, баламды үйлендіріп едім, жұмыстан босай алмадым деген сылтаулар толып жатады. Сөйтсе де көршілердің қатары толығып келеді. Қарсы беттегі Жөкен деген көршісі Шудан келіп көтеріп еді мына үйді. Есігі жабық тұрғанына екінші жыл. Анда-санда күйеу баласы келіп қарап кетіп жүреді.

 

Көксеген қырын отырған еді. Енді қараса жол жиегінде коңыр түсті мәшине тұр. Ішінде жеңіл киінген шіләпәлі бала отыр. Өзі тыриған арық екен. Қолына алған бірдеңені шұқып маңайына қарайтын емес. Әлден уақта бірдеңе есіне түскендей:

 

–Ана, газ жәшігінің нөмірін айта салыңызшы,–деп мұны да жұмсап жіберді.

 

–Өзің келіп көрсеңші. Оның нөмірін жатқа білмеймін. Саған қай нөмірі керек,–деді бұл.

 

Бала үндемеді. Әлдебір тілдей қағаздарды қарап отырып:

 

–Пәмилеңіз кім?–деді.

 

–Саяқпайып,–деді шал.

 

Бала тағы да үнсіз қалды. Қолындағы қағаздарын тағы біраз ақтарды да –Ондай пәмиле жоқ. Сіздің кәртішкеңіз қалып қойыпты соны тауып әкелейін,– деп тағы үнсіз қалды.

 

Мына баланың қылығы Көксегеннің қытығына тиейін деді. Қаршадай бала. 20-25-тегі жас жігіт. Бой сырықтай. Аста мәшине. Қолда қағаз. Бірақ түктің жөнін білмейді. Көксеген темекісін лақтырып тастап үйге кіріп кетті.

                                    

 

***

 

 

Кешегі терлеген тер қатып қалған екен. Терлеп ұйықтап барып бойы жазылғандай болды. Шәй ішіп, әрі-бері телебизір көрді. Шылымын алып бірер сағаттан кейін есік алдына шықса әлгі көлік тағы да тұр. Бұл бір жаққа барып келді ме, жоқ со бойы көлігін қойып өзі барды ма о жағы да белгісіз. Тұрысы сол бағанағы тұрыс.

 

Отырған бойы:

 

–Пәмилем кім?–дедіңіз,–деп сұрап қояды.

 

–Әй, онда нең бар сенің. Сен кімсің өзі. Ұры емеспісің. Бағана жүр едің. Айналсоқтап әлі жүрсің. Аман жоқ, сәлем жоқ. Келіп пәмиле сұрайсың. Амандық қойда. Мұсылманбысың өзі. Сені кім жіберді бұ жерге. Жігіт шалдың көп сұрағына айылын да жиған жоқ.

 

–Қызмет, ақсақал. Қызмет.–деді.

 

–Ненің қызметі ол. Бір қыздар келіп қанша жақтың деп шөтшікті қарап жүруші еді. Бірақ олар жазатын да кететін. Сен айналып әлі жүрсің.

 

–Слесірмін аға. Жылына бір тексеремін.

 

–Енді сөй деп айтпаймысың. Есік алдына тұрып аласың да. Ақай жоқ, тоқай жоқ. Нөміріңді айт, пәмилең кім дейсің. Өзің мектеп оқымағанбысың?!! Жоқ әлде сөз білмеймісіз.

 

–Мен Сізге ассалаумалайкүм,–деп амандастым ғой.

 

–Сен немене мені саңырау деп тұрмысың. Естимін жақсы. Әлде өтірікші қылғың келе ме мені.

 

Бұл дабырға шалдың кемпірі шықты. Көксеген мына шала баланың қылыған айтып жатқанда жігіт мәшинеден түсіп қабырғада бекітулі тұрған сары жәшіктің нөмірін жазып алды. Енді шалмен сөйлесуді артық санағандай жасы алпысқа таяған жаулықты әйелге бірдеңе айтып:

 

–Көрсетіңіз,–деді. Со беті кемпірдің келуін күтпестен биік табалдырыққа баспалдықсыз-ақ секіріп шығып үйге кіруге беттеді.

 

–Әй, мынау қайда барады,–деді шал. Көксеген өңі жұқа жүдеу көрінген соң шал кейіпті болатын. Әйтпесе таза киініп, бабы келіп отырған шағында елудегі жігіт ағасы сияқты болып сергек жүретін. Қазіргі сиқы өзіне де ұнап отырған жоқ. Оның үстіне мына жас жігіттің қылықтары қытығына тиіп барады.

 

–Мынау қайда барады ей,–деді айғайлап.

 

–Газ тексереді, газ,–деді кемпірі.

 

–Енді айтпай ма, газ тексерем деп. Мылқау адам сияқты баса-көктемей.

 

–Айтып жатырмыз ғой,–деп жас жігіт мұның өзін кінәлағандай қырын қарап. Топкыны ашыңыз.

 

–Оны қайтесің?!!

 

–Тексерем. Көрем.

 

–Әй, қарағым оны сан адам келіп көрді ғой. Қайта, қайта көргенде не болады. Тұр орнында пеш. Ашып жүреміз бе кілтті іздеп.

 

–Жоқ ашыңыз.

 

–Онда пештен өзге түк жоқ қой.

 

–Сол пешті көрейін.

 

–Бәрі дұрыс деп кетіп еді. Тағы бірдеңе шығарайын деп тұрған жоқпысың.

 

–Жоқ. Дұрыс болмаса жазып кетем. Өзгеріс жасаған жоқсыз ба өзі.

 

–Қайдағы өзгеріс. Сол былтырғы күйі.

 

–Солай деп атпайсыз ба?! Өзгеріс жоқ деп.

 

–Енді айтып жатырмыз ғой. Тыңдамай тұрсың ғой өзің. Келетін адам бәрін қағазға сызылған құжатқа қарап, қане қандай өзгеріс бар деуші еді. Сенің өзің жұмысқа енді келген біреусің ғой деймін. Білмей жатырсың ғой.

 

–Мен өз жұмысымды жақсы білемін.

 

–Сіз ғой дұрыс қанағаттанбай жатқан.

 

–Әй, өзің бір қисық тұрып сөйлейтін бала екенсің. Түзеліп дұрыс жауап берсеңші. Үлкен басымызбен сұрап жатырмыз ғой.

 

–Мені түзеп қайтесіз аға. Өзіңіз шыдамды болыңыз. Не болса соған ұрса бермей. Апай айтып тұр ғой ауырып қалады дұрыстап сөйлес деп.

 

–Әй, заманның қисық жаратқан, заманақыр баласы-ай,–деді Көксеген есікті жауып жатып. Енді қараса газ тексеруші мәшинесі от алдырып кеткелі жатыр екен.

 

–Сау болыңыз,–деді кемпірге.

 

–Сен тоқтай тұршы бала. Кім екеніңді айтпадың ғой. Газ тексеруші болсаң мен сондай адам едім деп қағазыңды көрсетіп жөніңді айтпаймысың,–деп тағы бастай беріп еді, газ тексеруші есігін тарс жауып, жылжып жүріп кетті.

 

- Тыңдамайды бұлар,–деді Көксеген,–жастар ғой тыңдағысы да келмейді. Апырай осыларды кім үйретеді екен-а...

 

–Кім біледі кім үйрететінен. Әйтеуір, тексереді ғой бәрі.
                                                                      

10.06.2019


Share:      
Leave a comment: