Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
ІБІЛІС ЖҮРГЕН ШАҚ

Blogs

02.05.2017
6538

ІБІЛІС ЖҮРГЕН ШАҚ

ІБІЛІС ЖҮРГЕН ШАҚ

Ібіліс жүріп жатқан кез. Алматының түнектей қара аспанынан салақтаған қошқыл тұман көше шамдарын күңгірттетіп, табан астыларын ғана жадағай жарықтап тұр. Сіркірей жауған жаңбырдан асфальт беті алатаңбаланып, суық сәуле шашады.

Еркін екінші қабаттағы үйдің терезе алдында осы сұрқайылау көрініске көз салып, мелшигелі екі-үш сағат. Алғашында алаңдап, қараң-құраң еткен болса жиырыла қалып, таныс сұлбаны ажыратуға тырысып шұқшия қалатын-ды. Уақыт жылжи - не үшін отырғанын да ұмыта бастаған тәрізді. Енді болмаса көзі ілініп кете барған сәтте, кенет шыққан күлкіден селк етті.

Қыз бен жігіт көшенің арғы қапталынан бері қарай қол ұстаса жүгіріп өтті. Кіре беріс есіктің күн қағары астында жаңбырдан тасалап, ұстасқан қолдарын ажырата алмай біраз тұрды. Бір-бірін иіскескен адамдарша әлсін-әлсін қабысып, сосын кері шегініседі...

Еркін олардың төбесінен біраз бақылап отырды да ары қарай дәті шыдамады. Көкірегі қарс айырыла күрсініп, жарықсыз алакеуім бөлмедегі диванға сұлқ отыра кетті. Екі қолымен басын ұстап: «Не іздеп келдім?! Осыны көруге ме?! Бұны көргенше қу көзім неғып ағып кетпеді екен!!!» деп шайқала күңіренді.

Есіктің құлпы сылдырлап, ашылды. Нәзия аяғын жым-жым басып, Еркіннің жатқан бөлмесі тұсынан өте бергенде, тұншыққан күңгірді құлағы шалды.

  • Еркін, сен әлі жатқан жоқсың ба?
  • Жо-жоқ...
  • Шәй қояйын...
  • Рахмет.

Нәзия ары өтіп кетті де сәлден соң қайта оралды. Диван мен қарсы кресло арасында аласа стол тұр. Екеуі қарама-қарсы жайғасты. Біраз үнсіздік орнады. Ішін тартқан бір жайсыз, тым-тырыс күй...

  • Еркін... Әзірде байқаған шығарсың... менің жігітім бар...
  • Хы-хым... байқадым...
  • Сені қатты силаймын... бірақ, тек достық деңгейде ғана... сен кешір

мені, біздің арамызда достық сезімнен басқаға орын жоқ...

  • Нәзия, мен бәрін түсінемін... Бірақ, сенімен дос болу күлкілі сияқты.

Тіпті, менің осы қазіргі жағдайымнан да ауыр. Мен бекер келіппін... кетейін.

  • Екі түннің ортасында қайда барасың? Таң атсын да...
  • Сені жаман атаққа қалдырғым келмейді...
  • Осында екеніңді менен басқа ешкім білмейді. Саған сенемін. Сен өте

жақсы адамсың!       

  • Егер жақсы адам болсам, неге лайық емеспін саған?!
  • Мүмкін, мен саған лайық емес шығармын...

Ары тағы үнсіздік орнады. Еркін түрегеліп, Нәзияның артына шықты. Қызда үн жоқ. Тұла-бойы сіресіп, тасқа айналғандай қатып отыр. Көкірегін өкініш өртеп өтті. Егер аға-жеңгелері ел қыдырып, бұны жалғыз тастап кетпегенде бұндай хәлге душар болмас еді... «Бекер есікті ашып, бұны кіргізген екенмін! Ауылдан келгеніне қуанып, есім шығып кеткені несі? Оның ойын қалай ұмыттым?!» Тамырында ойнаған қаны оның құлағын бітердей гүрсілдеп, есінен тандырды. Мойынсұнған кіріптар күйге түскен ол - зәбір көретініне еш күмәнсіз еді...

Еркін жаңбырлы түнді кешіп, автовокзалға бет алды. Талай түнеп көрген етене орын. Ол келгеніне өкінбеді. Осылай боларын алдын-ала білгендей сезінді. Нәзияға жаудырып өлең-хат жазғаннан басқа не бітірді? Бұған бірде-бір жауап та келмеген-ді. Нәзия ешқашан да үміт отын сездірмеді. Еркіннің өзі ғана өз қиялына еріп, оны құшты, сүйді... күйді. Нәзия керісінше, «Қозы Көрпеш - Баяндай бір молада жатамыз...» деп жазғандарын оқығанда - бұның махаббатынан зәр иманы ұшатын-ды.

Жарықтау бір бұрышты тауып, жедел жан қалтасынан қағаз-қаламын алып, ол жүрелей отыра қалды. Буырқанған алапат сезім астаң-кестең ақ қағазға ағыла бастады. Қызға айта алмаған, онымен бөлісе алмаған қыстық махаббат жыр болып тарқатылды. Көзінен парлаған жас - оның бетінен сипап жұбатқан жылы алақандай көрінді. Еркін осы сәтте бір күйді анық түйсінді. «Нәзия, саған мың да бір рахмет! Менің жүрегіме махаббат ұялатып, оны оятқаның үшін! Сені құшып, сүймесем де өмір-бақи сені жырымның жалауы етіп өтемін! Сен арқылы нақ сүйерімді енді тапқан сияқтымын!» деп ол күңгірлей күбірледі.

Бір-біріне сүйенісіп отырған, не болмаса бүктісіп жатқан жолаушылардың бірен-сараны басын көтеріп, өзімен-өзі сөйлесіп, жылап отырған бұған секемдене қарағандай болды. Сосын кім жетісіп жүр дейсің, дегендей түсіністікпен, қайта жөндеріне қисайды...


Share:      
Leave a comment: