One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
Қазақ жастарын қамшылау

BLOGS

03 march 2019
607
0

Қазақ жастарын қамшылау

 

 

Қазір сенің денсаулығың, жастығың, уақытың бар. Мүмкін емеске ұмтыл. Тек тоқтап қалма! Бір есік ашылмаса, келесі есікті ашып көр. Келесі есік ашылмаса, тағы басқа бір амалын қарастыр. Қайткенде де, қисынын, шешімін тап. Бәрі тек сенің санаңа, ниетіңе және әрекетіңе ғана байланысты. Кім ізденсе, ізгілікке, игілікке ұмтылса, Тәңірдің өзі соны қолдайды. Жетелейді. Жол көрсетеді.

 

Әркімнің жарқырайтын өз сәті келеді. Тек сол сәтке іштей, сырттай дайын бол! Үрейге, күмәнге, жалқаулыққа бой алдырма. Қазір тәуекелге бармағанда, дәл қазір елеулі, ірі істер атқармағанда қашан ойлағаныңды жүзеге асырмақсың?! Әр қазақтың Мұны мен істемегенде, кім істейді? деген жақсы мағынадағы көкірегі болуы керек-ақ. Көкірек көзің ашық болса, тереңнен ойла. Өзгеше ойлау жүйеңмен, қарым-қабілетіңмен, өткірлігіңмен, шынайылығыңмен бұзып-жарып шық! Өзіңді байлап, матап, тежеп тастама. Санаңа азаттық бер! Сынды да қабылдап үйрен. Әрнәрсенің сұрауы бар. Соны да біл.

 

Саған уақытша берілген бақ, дарын, ақыл-парасатың, жинаған білімің неге, кімге қажет? Егер тиісінше пайдалана алмасаң? Өзгелерге, айналаңа, адамзатқа, тіпті керек десең өз-өзіңнің игілігіңе жұмсай алмасаң, нақ өкініш деген осы болмақ. Жалған намыс кімге керек?! Орынсыз ұялшақтық, ұяңдық кімге керек? Ол да - бір шеті тәккәппарлықтан. Тәккәппарлық сені тежейді, бақытсыздыққа жетелейді.

 

Ынжық, рухсыз адам ешқашан ұлы істерге бара алмайды. Ұлы істер кішігірім қадамдардан ғана бастау алады. Сен - мінезге бай, ішкі мазмұнға толы өзіндік ерекшеліктері бар, кемшіліктері бар азаматсың. Аталмыш кемшіліктердің өзін артықшылыққа айналдыру жолында өзгемен емес, әуелден өзіңмен күрес. Сенің жалғыз жауың - ӨЗІҢ. Өзіңді жеңбесең, ұдайы жеңіліс табасың, ұтыласың!

 

Сен қаламасаң, сен талпынбасаң, сен жасамасаң, дәнеңе де болмайды - ісің өнбей, жүрмей, уақыт, күллі тіршілік тоқтап қалғандай күйде болады. Бейне бір үнсіздік орын алғандай берекесіз өмір басталып кетеді. Сен қолыңды бір сілтеп, алға емес, артқа, өткенге қарайлауды доғар. Қолда барыңды бағалап, қанағат ете отырып әрекеттенбесең, күреспесең, шыңырауға түсіп кетесің. Ешкім сені құтқара алмайды. Әлбетте, өзіңнен басқа! Түк істемегеннен жағдайың жақсарып кетпейді, керісінше бұдан бетер нашарлай бермек. Сондықтан, күресуден қашпа, бір бастап кетсең болғаны. Әрі қарай жеңілдігі, қайыры болады. Жеңістің дәмін көрген соң, жеңілмеуді үйрене бастайсың.

 

Бүгінгі қамсыз бір күнмен жүргенің, мән-мағынасыз ойың-күлкі - бәрі уақытша. Ішер асын болғанға мәз болып, құр босқа жата берме. Сен дүниеге тек ұйықтап, тамақтану үшін келмеген боларсың?!Өзгелерді сөз қылып, ғайбаттап, жазықсыз жала жапқаннан басқа тірлік қылдың ба сен?! Жақсылап ойлан. Алтын уақытыңды жақындарыңды қуантуға жұмсағаның қандай ізгі іс болмақ!

 

Адам мен айуанның айырмашылығы - еңбекте! Не істесең де, бар жаныңды, жүрегіңді, ақыл-қайратыңды салып көсіліп істеп таста. Ол - қайткенде де бағаланады, көрінеді. Еңбегің, адалдығың, әділдігің ғана сені көтереді.
Өзгелер байқамағанды байқа, көр, мән бер. Тереңге үңіл! Сен әуелі өзіңді толыққанды таны, кейін мақсаттарыңды айқындап ал, тек содан кейін барып амалға көш. Саналы, баянды, ғибратты ғұмыр кешкің келсе, қазірден баста! СЕНІҢ - ТАРИХЫҢ ЖАЗЫЛЫП ЖАТЫР...

 

Share:
     
Leave a comment:
Captcha
Add writing