Кешкісін
Бірде түстен кейін ағылшын сабағына бара жаттым. Тамыздың аяғы, дала ыстық, бірақ салқындау жел бар. Аялдамада екі қолым қалтамда, құлағымда AirPods, музыка тыңдап тұрмын. 67-ші автобус келді, ал маған 10-is керек. Келген автобустың ішінде төрт-бес-ақ адам көрдім, алдыңғы жағында менен екі-үш жас үлкен бала маған қарап отыр. Бір-бірімізді танымасақта қол көтеріп амандасты. Жауап ретінде менде көтердім. Автобус есіктерін жауып кете берді. Баланың миығынан күліп кетіп бара жатқанын көрдім.
Ол баланы білетінмін. Не азанда салқын кезде емес, не кешке емес, үнемі тапа-тал түсте телефонынан музыка қосып қойып көше кезіп жүретін. Барлық көшеде емес әрине, тек Омар сауда дүкені мен пригородтың (қала шетіндегі ауыл секілді жер үйлер салынған жер) ортасында жүретін. Түріне қарап пригородтан екенін айыру қиын емес. Жыртық, жуылмаған аяқ киім кроссовка, үстінде тоз-тозы шыққан күртесі мен қара шалбар. Бірақ қолында бірден көзге түсетін әппақ сағаты болатын. Бойындағы жалғыз қымбат нәрсе сол ғана. Оның біреумен сөйлесіп жүргенін көрген емеспін. Тек осылай көлік айдап бара жатқандарға, автобуста отырып сырттағыларға ғана қол көтереді, баяғыдан танитын адамындай.
Неге кенін білмеймін, осы сәттен бастап онымен танысқым келіп кетті. Егер есі дұрыс біреу болса сөйлесерміз, ал егер жарыместеу болса маған не істей алады? Сосын автобусым келіп, мініп кеттім.
Менің аялдамам мен пригородтың аялдамасы біреу-ақ. Сол үшін қайтарда әлгі баламен көрісіп қалармын деп пригородтан түстім. Күткенімдей, жол жиегінде телефонын кеудесіне қарай көтеріп алып музыка тыңдап тұр екен. Қасына жақындап келіп қолымды создым. Маған таңғала қарады. Оң қолындағы телефонын сол қолына алды да, қолын беріп «Салам» деді қазіргі күлімдеп. Менде солай жауап қаттым.
Атым Бағлан.-дедім мен не айтарымды білмей, әлі бір-біріміздің қолымызды қысып тұр едік.
-Темірлан.
Қолымды суырып алдымда,-Серуендейміз бе?-дедім. Ол басын изеді, одан сайын күлімсіреп.
Есімдері «лан»-нан аяқталатын екеуміз оның әдеттегі жүретін жолымен жүрдік. Темірлан сөйлемеді. Тек түрінен күлімдеп келе жатқанын байқадым. Менен бұрын ешкіммен сөйлеспеген секілді, серігі табылғанына қуанып келе жатқандай. Көшедегі адамдарға иегін көтеріп мақтана қарайды. Ал адамдар бұндай баламен бірге не үшін мынадай ұқыпты бала жүр деп маған қарайды. Осылай мешіттің жанына дейін келдік. Темірлан өзі туралы бір ауыз сөз айтпады. Мен болсам қайда оқитынымды, немен айналысқанды ұнататынымды, бөлмемнің ішін, Астанаға дейін қайда тұрғанымды, не үшін көшіп келгенімізді, ол жақта қандай остарым болғанын есімдеріне дейін айтып бердім. ОЛ тек құлақ салып мұқят тыңдап келе жатты. Одан қайда оқитынын, достары бар ма, жоқ па деп сұрағанымда дым демеді, не болмаса иығын қиқаң еткізді. Сосын телефонына көзім түсіп кетті де, қандай музыка тыңдайтынын сұрағанымда ол өзінің әнтізімін көрсетті. Оның Майкл Джексон, Аарон Смит, тіпті мен білмейтін шетел әншілерін тыңдайтынына таңғалдым. Олар туралы не білетінін сұрағанымда жәй ғана иығын қиқаң еткізді.
-Менің үйім анау жақта.-дедім сұқ саусағыммен көрсетіп.-Кешкісін ЛРТ-ның астындағы жолмен серуенге шығамын, кездескің келсе кел, сағат жетілерде.-дедім де қолын алып қоштастымда кете бердім. Мен үйге кіріп кеткенше артымнан күлімдеп қарап тұрды.
Осыдан соң оны бес күн көрмедім. Екі рет кешкісін ЛРТ-ның астынан жүріп қайттым, кездеспеді. Ол туралы ұмыта да бастадым.
Дегенмен бір рет жексенбі күні тағы бой жазып қайтуға шықтым. Түн ұзарып кешкі сегізде-ақ күн бататын болған. ЛРТ астымен жүрдім. Бұған дейін веложолмен басқа адамдар секілді жүре беретінмін.. Ешкім ештеңе демейді. Велосипедпен жүретін адамдарда аз кездесетін. Екі қолым қалтамда, айға қарап келе жатқанымда біреудің айғайлаған дауысын естілді. Әуелгіде бұл маған емес шығар деп қарамадым. Бірақ тағы айқайлады. Бұрылсам біреу велосипедпен барынша қатты келе жатыр екен. Жол бердім. Қасымнан өтіп бара жатып «Бля... Еб... Су...» деп мені боқтап боралап өтіп бара жатыр. Ашуып кеп кетті. Қуып жете алмасымды біліп, тас лақтырғам дөңгелегіне тиді. Маған артына бұрылып қарады да бір нәрсе деп жатты, алдындағы кәріздің қақпағына бастырылған кесек тасты көрмей аударылып түсті. Еш нәрсе күлкілі болған жоқ, керісінше аяп кеттім. Тасты бекер лақтырдым-ау дедім, ашуланғаныма өкіндім, өзімнен де кінә бар. Қасына барып қол ұшын бергім келді, бірақ жыны келіп өзімді ұрып тастар деп қорықтым, тіпті «бәрі жақсы ма!?» деп сұрауға жүрегім дауаламады.
Жерге жалпағынан түскен ол асықпай орнынан тұрды. Боғауыздар айтып жатқаны айдан анық-маған екені күмәнсіз. Тізесі, шынтағы, алақаны қып-қызыл боп қанап жатыр, қара көзілдірігі сыным қалыпты. Велосидепін тұрғызып маған қарады. Түрі ызғарлы қасқырлай. Жанына жоласам тірі қоймайтыны анық. Велосипедіне батырлар жылқысына қарғып мінгендей мінді де барлық жылдамдығымен маған қарай келе жатты. Қапелімде не істерімді білмей қалдым. Ағалап кешірім сұрайын ба? Бақытыма орай, қаланың шетінде тұрған соң оң жағым дала тұғын. Қалың шөп өсіп кеткен, ағаштар қаптаған. Сонда зыта жөнелдім. Сақтық үшін қолыма таяқ алып қарап тұрдым, жүрегім қатты дүрсілдеп барады, еркіне қойсаң атып шығып өзі қаша жөнеледі. Әлгі велосипедін тастай салды да жаяу қуды. Бағым бар екен, ол толық адам екен, оған қоса аяғына ақсап келе жатты. Жеткізбедім. Естіп келе жатырмын, жетпіс жеті атамнан бері қарай орысша қазақшасымен санап келе жатыр. Шыдамадым, артыма бұрылып қарадымда қолымдағы таяқты жіберіп қалдым. Қақ маңдайға тиетін бұғып қалды. Маған қолын сілтеп, бәр нәрсе-бір нәрсе деуде. Түсінбедім. Бар ойым ол қуа бастаса қайда қашу. Жұдырығымды түйіп алғанмын. Жолдан екі жүз қадамдай алыстап кеткенбіз. Біреу маған қолын көтерді. Көктен түскен «періштем» Темірлан маған қарап тұр екен!
-Темірлан, велосипедті алып кет!-жан даусыммен айқайладым.-Тез!
Ләм деместен телефонын қалтасына салып велосипедті тұрғызды да, айдап жүре берді.
-Әй, тоқта!-деп алдымдағы адам соған қарай жүгірді. Мен өз кезегім келгенін түсініп бар бөлетін жаман сөздерімді айтып, қолыма ілінгенді лақтыра бастадым. Намысына тиді ме маған қарай қайта тап берді. Артқа шегіншектеп, біршама уақыт жүрдім де Темірлан енді алыстап кетті-ау дегенде, қалың өскен ағашардың арасымен таптырмай кттім. Ақырған дауысы ғана жетіп тұрды.
Қараңғы түскенде әйтеуір айналсоқтап ең шеткі орналасқан үйлердің жанынан шықтым. Сосын автобус тұратын жерден жүрейін жатқан біреуіне мініп үйіме жеттім. Осыдан кейін мүлдем далаға шықпадым, ата-анам себебін сұрағанда «жәй, жүргім келмейді» дедім. Олар өзі осындай жаста ғой деп қыспақтап нақты еш нәрсе сұрамады. Велосипед туралы ешкімнен естімедім. Сабақ басталғанда ғана далаға шықтым, оның өзінде мені іздестіріп жүрген шығар деген қауіппен кепкі киіп, үнемі төмен қарап жүрдім. Бірақ темірланды да, әлгі велосипедшіні де ешқашан кездестірмедім және олар туралы ешкімнен естімедім де. Уақыт өте олар туралы өзімде ұмытып кеттім.
