One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
Кинорежиссер Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ: «Мұстафа Шоқайды ақтап алу — басты мақсатым!»

BLOGS

04 november 2017
3545
0

Кинорежиссер Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ: «Мұстафа Шоқайды ақтап алу — басты мақсатым!»

 

 

«Кеңес шатырына кiрдiк дегенше кiрiптар болдық десеңшi»

 

— Сiздiң Мұстафа Шоқай атамыз жайлы фильмдi «өмiрiмдегi ең үлкен арманым» дегенiңiз бар едi. Әлi сол ойдасыз ба, жоқ басқа да жоспар-жобалар пайда болды ма?

 

— Басқа жоспарлар туралы әзiр әңгiме етпей тұра тұрайық. Ал, Мұстафа тақырыбы мен үшiн ең қиын, ең күрделi, менiң жүрегiмдi үрейге буған тақырып болып тұр. Мен ол кiсiнiң аса әруақты адам болғанын ұқтым. Әрине, мен алдымен шамамның жеткенiнше атамыз жайлы әдебиеттермен барынша молынан таныстым. Әсiресе, естелiктердi түгелдей оқыдым. Оның iшiнде Мария апамыздың естелiгiн де. Киноны бастардың алдында мен Мұстафаның туған өлкесiне тағы бiр рет барып қайттым. Мына жағында Қорқыт ата бейiтi, мына жағында — Байқоңыр. Суырған жел аузыңды құмға толтырады. Сол жерде отырып мен Мұстафаның ғарыштық адам екенiн, оның да басқа ұлы адамдар секiлдi жер бетiне Жаратушының тiкелей назар салуымен келгенiн түсiндiм. Өзiңiз ойлаңыз, қаршадай қазақ баласы сол жерден қанат қағып, Санкт-Петербургке бiр-ақ ұшты ғой. Одан Кавказ, Стамбул арқылы Парижде пәлен жыл тұрып, елдiң, жердiң қамын ойлады. Және жалғыз қазақтың ғана қамын ойлап қоймады, түркi тектестi түгел ойлады. Планетарлық тұлға! Бейiтi — Берлиннiң түбiнде жатыр. Бұл да тегiн емес.

Фильмнiң шамамен 30 пайыздайы ғана қалса да психологиялық түйсiгiм мынандай: мен Мұстафаның үйiнiң табалдырығынан аттап, iшiне кiрген сияқтымын, бiрақ ары қарай жiбермей тұр... Әлi сәлемдескен жоқ... «Кiр» деп басын изеген сияқты.

 

— Iшiне кiре алмаған соң сiз фильмдi бiтiре алмайсыз да?

 

— Сондықтан бiтiре алмай жатырмын ғой. Екiншi жағынан, ол осы құпиялылығымен де қызық қой. Мен оны түсiнiп, iшiне кiрiп қойсам кино түсiрiп не керегi бар? Немесе жазушылардың кiтап жазып несi бар? Оның бәрi адамды түсiну үшiн ғой. Қазiр Мұстафаны тану, түсiну процесi жүрiп жатыр. Мен сол өзiм таныған бейненi беремiн. Сол сезiмiмдi көрерменге жеткiзе алсам, миссиямның орындалғаны.

 

— Ол бейненi сiзден бөлек басты рөлдi ойнайтын актердiң түсiнуi, жеткiзе бiлуi қажет. Бiтпеген тiрлiк отыз пайыздан көп пе деп қалдым мен... Жалпы, «мен алыптардың иығында тұрған соң алысты көрдiм» деп Ньютон айтқандай, Мұстафа атамыздың тұсында қазақ жұлдыздары шоқ-шоқ емес, шоғыр-шоғыр болып дүниеге келдi. Солардың iшiнде Шоқай шоқтығы биiк, ерекше бiтiмге ие тұлғалардың бiрi болды. Ол басқалар секiлдi әрi-берi бұрылған жоқ. Қайыңның шорындай қатты күйiнше  бұрылмаған бойы кеттi...

 

— Иә, жәй кеткен жоқ, «Алаштың» азаматтарымен келiспей кеттi. Өйткенi Әлихан атамыз: «Мұстафа, бiз аман қалу үшiн кеңес өкiметiнiң шатырының астында автономия бола тұрайық, қалғанын артынан көре жатармыз» дедi ғой. Мұстафа айтады, сөзiнiң өзiн қараңызшы: «Шатырының астына кiрдi деген сөз кiрiптар болды деген сөз! Қолға кiсен түстi деген сөз! Бүгiннен бастап қамданбасақ, большевик деген албасты басып қалады бiздi. Сосын қуып шығара алмай қаламыз оны!»

Қоқан үкiметiн Шоқай өзi басқарып, ұстап отырды. Қоқанды большевиктер алған соң ол Батыс Қазақстан арқылы Стамбулға өтiп, одан әрi Парижге кеттi.

 

— Сiздiң ойыңызша Мұстафа Шоқай мұндай шешiм таңдауға эволюциялық жолмен келдi ме әлде революциялық жолмен келдi ме?

 

— Санасында сiлкiнiс болған-ау деп ойлаймын. Өйткенi, 1916 жылғы қазақ даласын тұтас жайлаған ұлт-азаттық көтерiлiсiн Санкт-Петербургте оқып жүрген студент арнайы келiп көрдi ғой. Өз көзiмен бәрiн көрдi. Бұл отаршылдықтың шырқау шыңына жеткен кезi емес пе едi. Екiншi жағынан, Мұстафа атамыз әлем бүгiн көзi жетiп отырған жаһандану процесiн сол кездiң өзiнде-ақ сездi деп ойлаймын.

 

— Кеңес кезiнде Лениннен «...из всех доступных искусств для нас важнейшим является кино» деген үзiндiнi «доступных» сөзiн алып тастап, қысқартып берiп жүрдi. Кино өнерi шынында қолжетiмдi өнер ме?

 

— Кино бұрын да арзан емес едi, қазiр миллиондаған долларға шығып кеттi. Ақшадан бөлек талай заттай дүние тағы керек. Мамандар екi бастан.

 

— Қымбат өнер болса, оның арзандау түрi — көп сериялы телефильмдердi қолға алу жайы қалай? Әсiресе, алаш арыстарының қайсысының өмiрi болсын, бұған сұранып-ақ тұрған жоқ па? Өзбектер Хамза Хаким-заде жайлы кеңес кезiнде-ақ көп сериялы фильм түсiрiп қойып едi ғой.

 

— Қазақтың тұлғалары жайлы кино түсiруге менiң бар өмiрiм жетпейдi. Шүкiр, басқа да режиссерлар бар ғой, бәрiмiз жабыла, жұмыла көтеретiн жүк бұл. Тек жаңағы Лениннiң сөзiнiң мән-мағынасын бүгiнгi бiздiң шенеунiктер, үкiмет басында отырғандар онша түсiне бермейдi. Олар киноның қаншалықты сұмдық, сойқан, жойқын күш екенiнiң байыбына әлi бара алар емес. Қазiр экранды кiм жаулап алды, не жаулап алды, бәрiмiз куәмiз, бiз соған қарсы амал-айла қолдануымыз керек қой. Американың образын жасаған Голливуд. Идеология дегеннен қашпауымыз керек. Бiз ол сөздiң қазiр қадiрiн кетiрiп болдық. Ұлттық идея мен идеология егiз ұғым, соларға қызмет ететiн құралды таңдай бiлу қажет. Оның ең бастысы — кино! Жаһандану болса келiп қалды, бiздi оған жұтылып кетуден сақтайтын да саланың бiрi кино. Сосын — музыка, сосын — әдебиет, сосын — театр. Бұлай жiктеп отырғаным кино мен музыка көпшiлiкке тез жетедi.

 

— Осы Мұстафа Шоқай жайлы фильмнiң кинолық та, телефильмдiк те екi нұсқасын жасау ойда жоқ па?

 

— Болған. Оның әдетте 8 немесе 12 сериялы жобалары жасалады. Бiрақ, мен қаржы жетiмсiздiгiне байланысты 4 сериялық нұсқасын ғана ұсына аламын.

 

— Кино әлемiне шығармашылық адам ретiнде өзiңiздi мойындатып үлгердiңiз. Тек жұрттың басын қосатын қайраткерлiк жағыңыз кемшiн соғып жатқан жоқ па? Бiздiкi, Алаштың алыптары жайлы көп сериялы телефильмдер түсiрудi қолға алуға мұрындық болып, әрiптестерiңiздi соған жұмылдырсаңыз деген ой ғой.

 

— Мен үгiттеп, ұйымдастырмай-ақ түсiретiн жiгiттер толып жатыр. Дәл қазiр дайын 27 режиссер бар. Бiрақ, қашаннан ақшаның жоқтығы қолбайлау. Олардың бәрi кезегiн күтiп отыр. Жылына бар-жоғы 5-6 ғана фильм түсiремiз. Кеңес кезiнде 10-12 фильм түсiрушi едiк. Әр режиссердiң кем дегенде шаң басып жатқан 2-3 сценарийi бар. Мен өзiм осынша жасқа келiп, 5-ақ фильм түсiрiппiн. Неге? Ақшаны, кезектi күтумен өттi өмiрiм.

Сосын телеарналарға деген өкпемiздi де айта-айта шаршадым. Кеңес кезiнде «Қазақтелефильм» мен Орталық теледидар жылына екi-екiден 4 фильмге ұсыныс беретiн. Осы үрдiс Ресейде сақталып қалды. ЦТВ, НТВ, РенТВ секiлдi көптеген арналардан берiлiп жатқан фильмдер, телесериалдар осы арналардың ақшасына түсiрiлген дүниелер. Кеңес кезiнде 45 фильм түсiретiн Ресей қазiр жылына 300(!) фильм түсiредi. Оларда «Кино туралы» Заң қабылданды, бiзде ол да жоқ! Заңымыз неше жылдан берi Парламентте жатыр шаң басып. Грузиндер айтпақшы, «имею желание, не имею возможностей» болып тұр ғой.

 

 

Елу жылдан соң Қазақстан емес Мәңгүртстан боламыз!

 

 

— Жоғарыдағылар кинодан да маңызды мәселелерден мойын бұра алмай жатса, өз жоқтарыңызды өздерiңiз iздеп, төменнен бiрiгiп, жоғарыны мойын бұруға мәжбүрлемейсiздер ме?

 

— Мәжбүрлеу үшiн не iстеуiмiз керек? Кино жайлы заңды қоя тұрып, темекi жайлы заң қабылдайды, не айтуға болады? Алдымен идеологияны ойлау керек емес пе? Мәдениет жайлы заң қабылдамай, кино жайлы заң қабылдамай, тарихымызды түгендемей осы бетiмiзбен кете берсек ендi бiр елу жылдан кейiн шала сауатты адам мәңгүртке айналмағанда кiм болады? Қазақстан емес, Мәңгүртстан боламыз бiз! Өнер адамдары бойкүйез келедi деп ойлайды жұрттың көбi. Жоқ, бiз бойкүйез емеспiз! Бiз, керiсiнше, айта-айта шаршап, қалжыраған адамдармыз. Тым құрыса Абай атамыз айтқан жаңғырық та жоқ қой! Мен өзiм де осы күнi көп сөйлемейтiн адамға айналдым...

Мына Ресейде идеология бар...«Бригада» кешегi «Молодая гвардияның» орнына келдi. «Брат-1», «Брат-2» дегендерiңiз бүгiнгiнiң Павел Корчагинi. «Черножопые, я вас ненавижу» дейдi. Ресейде идеология басталды.

 

— Иә, Ленин ескерткен, сақтандырған шовинизм бой көтерiп келедi. Соттары қайта-қайта адам өлтiрген скинхедтердi ақтап алып жатқан соң не деуге болады?

 

— Ал, бiзде идеология ұйқыда. 89 жылдары ел оянып едi, өкiмет қайтадан ұйықтатып тастады. Бостандық келгелi өзiмiздi танып-бiлуге тырысқан да жоқпыз. Абай атамыз өзiне мен кiммiн деген сұрақ қоюдан бастайды әр қара сөзiн. Бiз де идеологияны осыдан бастауымыз қажет. Тағы да Мұстафа атамызға оралайық. Мен ол кiсiнi толық танып-бiлуiм үшiн әлi бiрнеше кино түсiруiм керек сияқты. Қазақ «сегiз қырлы, бiр сырлы» дейдi ғой, мен ол кiсiнiң сегiз қырын түсiнсем де, ол маған сырын ашпауы мүмкiн. Жұмбақ дүние ғой. Әрбiр жай адамның өзi жұмбақ, ұлы тұлғалар ұлы жұмбақ қой. «Абайдың жұмбағы» деп кiтап жазып жатқан жоқпыз ба бүгiнге дейiн. Мұстафа қазiр сәнге айналған сөзбен айтсақ харизмалы адам. Мен оны қазақшаға Алланың нұры жауған адам деп аудардым. Пәленбай мың пайғамбар өттi дейдi ғой, Алла-Тағалам өзi кешiрсiн, Мұстафа атам мен үшiн сол пайғамбарлардан бiр де кем емес. Түркi тектес халықтарға Аллам өзi жiберген  деп ойлаймын. Тек оны замандастары түсiне алмады, бiз де түсiне алмай келемiз. Түрлi пiкiрде жүрмiз. Мысалы, бiздiң кейбiр газеттер күнi бүгiнге дейiн «Түркiстан легионын» құрған Мұстафа Шоқай деп жазып жүр. Ал, құжаттарға қарасақ ол кiсi мұндай легионның ашылуына қарсы болған! Атамыз 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болса, легионды ұйымдастыру iсi 1942 жылы ақпан айында басталған. Бұны бiр деп қойыңыз.

       Екiншiден, Мұстафа атамыз да, легионда болғандар да әлi күнге дейiн ақталмапты ғой! Сұмдық қой бұл! Бiз тәуелсiздiк алдық дедiк, бiрақ деколонизация, отарсыздандыру жүргiзiлген жоқ бiзде! Бiз алдымен осындай ер-азаматтарымызды, ұлы тұлғаларымызды саяси түрде, заң арқылы, Президенттiң Жарлығы арқылы ресми түрде ақтап алуымыз қажет. Мен бұл фильмдi қолға алғандағы ең басты мақсатымның өзi сол ақтап алу!

 

 Тарихта ендi қайталанбайтын, бiр мезгiлде өмiрге келген қазақтың сол асыл ұлдарының бiрiн-бiрi түсiнбеуi менiң өз басым үшiн өлшеусiз қасiрет.

 

— Қазақтың алауыздығы қашан да қасiрет. Қазiр де парламентте қазақ тiлiне қарсы шығып жатқандар да қазақтар ғой. Сол сияқты «Алаш Орда» үкiметi қазақ үшiн көп нәрсе iстедi, бiрақ Мұстафа атамыз олардан ары ойлады ғой: түркi тектестердi жасыл тудың астына жинамақ болды. Арада қанша уақыт өтсе де атамыздың сол идеясы өмiр талабы болып есiктi қағып тұр ғой.

 

— Әркiм өнер жолына әр түрлi жолмен келедi. Сiз қалай келдiңiз?

 

— Мен ешқашан киноға келемiн деп ойлаған жан емес едiм. Музыкант болғым келетiн. Бiрақ, әке-шешем, әсiресе әкем өзi де домбыра тарта алатын адам болғанымен жұрттың көңiлiн көтеру арқылы күн көретiн адам болуыма қарсы тұрды. Әкем атақты Сүгiрге менiң тырнағымды алдырған екен. Бiрақ, бiр-екi күй үйренгенiм болмаса домбыра маған қона қоймады. Есесiне, мен баян, әсiресе аккардеон ойнауды жақсы көрдiм. Оны мен өнердiң аристократиясы деп түсiндiм. Сонымен қатар мектепте жүрiп өлең жаздым, мақалалар жаздым. Олар балалар газетiнде, аудандық газетте басылып тұрды. Сол бетiммен ҚазГУ-дiң филология факультетiне түстiм. Екiншi курста жүргенiмде Асқар Сүлейменов менiң әңгiмемдi оқып шықты да «Лениншiл жастың» әдебиет және өнер бөлiмiнiң меңгерушiсi Әбiш Кекiлбаевқа жетектеп ертiп барды. Әбекеңнiң батасымен Құрманғазы атам туралы «Тентек» деген тырнақалды әңгiмем жарық көрдi. Үшiншi курсқа келгенде 4-5 әңгiменiң авторы болдым. Жыл қорытындысы бойынша алғашқы бестiкке кiрмесем де жақын қалдым. Әңгiмелер жинағым шығайын деп жатыр. Көкiректiң буына нан пiсе бастады осы кезде. Асқар ағама «Мәскеуге, Әдебиет институтына барайын» дедiм. Жалпы, менiң жеке басымның тәрбиеленiп, қалыптасып шығуына Асекеңнiң септiгi көп тидi. Ол кiсi 2-3 ай сайын шетел жазушыларының тiзiмiн бередi. Фолкнер, Хемингуэй, Бальзак болып кете бередi. Оларға менiң тiсiм батпайды. Не ұққанымды сұрайды. Чехов, Бунин, Казаковтарды оқып қана қоймай, аударма жасататын. «Мектебiн меңгеруiң үшiн» дейтiн. Мен осындай үлкен, қатал, мықты мектептен өттiм. Сондықтан менiң әдебиеттегi құбыланамам — Асқар Сүлейменов.

Содан Зейнолла Қабдолов, Мырзатай Жолдасбеков, Тауман Амандосов ағаларымнан құжатымды зорға дегенде алып, Мәскеуге келсем, дәл сол жылы Әдебиет институты жабылып, оның тек сырттан оқытатын бөлiмшесi қалыпты. Не iстерiмдi бiлмей жүргенiмде ВДНХ-да, көрмеде одақтық Госкино деген мекемеге бiр киноны өткiзiп, соны «жууға» келе жатқан Шәкен Айманов, Камал Смайылов ағаларыммен жолығып қалсам бола ма? Кәмекең менi жақсы бiлетiн. Шәкеңе «жас, талантты жазушы» деп таныстырып жатыр. Не ғып жүргенiмдi сұрады болса да. Мөлдiретiп айтып бердiм. Шәкең сылқ-сылқ күлiп  «мынау таяқ тастам жерде ВГИК, кинематография институты тұр ғой, неге соның сценаристер дайындайтын факультетiне бармайсың?» дедi. Драматургия қиын, бiрақ қызық жанр дедi. Жолың болайын десе қиын емес екен, түстiм де кеттiм. Бiрақ, екiншi курстан режиссурамен ауыра бастадым. Ректорымызға арыз жазумен болдым. Соңғы курста ол «келесi жылы Сергей Герасимов шеберханасына бара қой» деп едi, одан бас тарттым. «Онда екi жылдық режиссерлар курсын келiп оқисың» дедi. Сонымен елге келiп, екi жыл жұмыс iстеп қайтып бардым ғой.

 

— Герасимовтай мэтрге неге сонша барғыңыз келмедi?

 

— Ол бiз үшiн шашының әр бiр талының түбiне дейiн кеңестiк идеологиямен әбден нәрленген, майланған адам ретiнде белгiлi едi. Ал, ол кезде, 65-жылдары зиялы қауым ояна бастаған, диссиденттiк құбылыс Мәскеуде кең тараған болатын. Солженицынды жаппай оқитынбыз, америкалық радиостансаларды тыңдайтынбыз. Герасимовты партияның қолшоқпары, дауылпазы деп қабылдап, онша ұнатпадық. Роммды, Чухрайды жақсы көрдiк. Бiрақ, ол кiсiнiң керемет ұстаз екенiн кейiн бiлдiк. Мен жоғарғы курста Георгий Данелияның класына тап келдiм. Ол менiң өнердегi өкiл әкем.

 

 

Францияда кассадан түскен қаржының 40 пайызы ұлттық киноны өркендетуге жұмсалады

 

 

— Қазақ киносының шыңы қайсы деп сұрағанда аузымызға көбiнесе «Қыз Жiбек» түседi. Менiң өз пiкiрiм басқаша.

 

— Неге?

 

— Ол үшiн фильмдi ең болмағанда Iленiң емес, Ақ Жайықтың жағасында түсiру керек едi.

 

— Мiне, бiз тағы да ақша деген мәселеге тiрелемiз. Госкино қазақ режиссерларын сол кезде шөмiштен қысумен болған. Бүгiн ендi өз шенеунiктерiмiз қысып отыр. Мысалы, Мұстафа жайлы фильмде Қоқанға шабуыл жасалатын жерi бар. Қоқанда ол кезде 63 мың халық тұрған екен. Қызыл Армия үш күндiк шабуылда соның 40 мыңын қырып жiберген. Мен көрпеме қарай көсiлген күннiң өзiнде 300 атты әскер дайындауға тиiс едiм, қаржының жеткенi 50 ғана жауынгер болды. Ендi мен монтаждық әдiспен осы аз нәрсенi көп етiп көрсетiп, жұртты «алдауым» керек. Шетелде кинодан ақшаны аямайды. Себебi, олар осы арқылы елiнiң, халқының бейнесiн сомдайды.

 

Қайталап айтайын, ең күштi идеология құралы — кино! Екiншiден, кино — табыс көзi. Кеңес уақытында да мемлекеттiк бюджетке қаржыны ең көп құятын үш сала — арақ, темекi, кино болған. Кез келген ортаңқол туындының өзi шығынды үш-төрт есе етiп қайтаратын. Киноның есебiнен бүкiл студенттер тегiн оқитын. Тәуелсiздiк алып бөлiнгелi бiздiң кинопрокаттың аясы тарылып кеттi. Ел боламыз деймiз, сөйте тұра ең керектi құралға келгенде тырықтық танытамыз. Әр қалада ең болмағанда 10 кинотеатр жұмыс iстеп тұрса. Бiз шетелде жүлде алып келген шығармаларымызды өз елiмiзде көрсете алмай қор болып жүрген жоқпыз ба? Кинотеатр жекеменшiк, оның иесi боевиктарды көрсетiп күнiн көрiп отыр. Менiң киномды көрсету үшiн ол өз пайдасынан бас тартуы тиiс. Оны мәжбүрлейтiн заң жоқ, бәрi осыған келiп тiрелiп отыр ғой. Францияда кассадан түскен табыстың 40 пайызын ұлттық киноның өркендеуi үшiн жұмсайтын заң бар! Олардың режиссерлерi америкалық боевик келсе «ақша келдi» деп қуанады! Өкiмет тарапынан көмек өз алдына. Ал, бiзде ше? Осыны айта-айта менiң даусым қарлықты. Мен киноның адвокаты емеспiн, бiрақ, бiз адамды адам етiп қалыптастыратын киноға көңiл бөлмесек болашақ ұрпақтан айрылып қаламыз. Бiз қазiр зомбиларды тәрбиелеп, жасап шығарып жатырмыз. Жанайқай деген осы. Мен әдейi төндiрiп айтып отырмын.

 

— Ешқандай да төндiрiп отырған жоқсыз. Бәрi орынды. Зомбилықтың жеткенi емей немене, кешегi «Көшпендiлерде» әлемдi мойындатқан, таң қалдырған «Абай жолындағы» ұлттық рухтың iзi де жоқ қой.

 

— Ол фильмдi түсiрген жiгiттер бар, олардың басшылары бар, олардың үстiнен қарайтын басшылар бар, мен тұтас қазақ кинематографиясы үшiн жауап бере алмаймын ғой. Мен өз егiнiмдi баптайын, соған жауап берейiн. Әркiм өзi үшiн жауап бергенi дұрыс қой. Ол фильм өз миссиясын атқарды. Он төрт-он бес жасар балалар үшiн түсiрiлген кино болып шықты. Қалай айтқанда да, шетелге бiздi таныстырды. Қазақстанның атын «Борат» екеуi шығарды. Бiз бiр сәйгүлiктi қостық. Оның шыңғырған даусы естiлдi ғой, ендiгi әңгiме сол жалғыз қараның артынан басқаларын да қаптатып, бәйгеге қоса бастау.

 

— Сiздер қазiр аға буынның орнындасыздар. Орта буындағылар да танымал болып қалды. Ал, жаңа, жас буынның аяқ алысы қалай, оған зер салып, қарап отырасыздар ма?

 

— Жас буынның аяқ алысы өте жақсы. Өте жақсы! 100-150 мың долларды құрайтын «аз бюджеттi фильм» дейтiн болады. Екi жас жiгiт, Серiк Өтепберген, Абай Көлбаев толықметражды жақсы дебют жасады. Темiрбек Жүргенов атындағы академияның кезегiн күтiп отырған бес-алты жас түлегi тағы бар. Қысқаметражды фильмдерден жыл сайын студенттердiң фестивалiн өткiземiз, сол кезде таланттардың өздерi-ақ көзге түсiп қалады. Бiрақ, ендi көздерi бақырайып кезек күтiп отырады. Кезек күткiлерi келмегенi клип түсiруге кетiп қалады. Олардың арасында астына қос-қос мәшине мiнiп жүргенi көп. Олар маған «сен сияқты айлап-жылдап күтетiн жағдайым жоқ, бала-шағамды бағуым керек» деп ашық айтады.

 

— Оларда бар бала сiзде жоқ па?...

 

— Бар ғой. Үш немере де бар. Бiрақ, мен бiр сүйгенiн құлай сүйетiн адамдардың қатарынан болсам керек. Бағым да, сорым да осы кино шығар менiң.

 

— «Көзiмнiң қарасында» кiшкентай балалар үлкендердiң жыныстық қатынасын жасырынып көретiн жерi бар. Осы эпизодты кiргiзгендегi ойыңыз не болды?

 

— Қызығушылық деген нәрсе болады. Ол көп дүниеге қол жеткiзетiн, алға сүйрейтiн үлкен күш. Мен, әрине, ол эпизодты балалар дәл осыны қайталасын деп берген жоқпын, шынайы өмiрдiң бiр көрiнiсi ретiнде бердiм. «Қайта құру» кезiнде америкалықтармен теледидар арқылы пiкiрталас жүрiп жатқанда бiр әйелдiң «бiзде секс жоқ!» дегенiн бәрiмiз естiдiк. Ол сөз кейiн әлемге мәтел болып тарап кеттi. Бiздi күлкiге ұшыратты, мазаққа айналдырды. Әңгiме қалай көрсетуде. Мен оны юмор арқылы көрсеттiм. Шетелдерде болсын, өзiмiзде болсын, фильмнiң жаңағы жерiне келгенде жұрттың бәрi мырс-мырс күледi. Анайы түрде көрсеткен болсам мен ендiгi өзiме-өзiм тас атқан болар едiм.

 

— Екiншi жағынан киноның өмiрдiң алдында жүруге тиiс екендiгi, жақсыға да, жаманға да тәрбиелейтiнi бар ғой.

 

— Тәрбиелей алмайды кино! Тәрбиелейтiн — публицистика. Көсемсөз.

 

— Неге тәрбиелей алмайды дейсiз? Адамды қалыптастыратын кино деп жаңа ғана өзiңiз айттыңыз. Және жаман жағынан қалыптастырып жатырмыз дедiңiз. Жаман тәрбиенiң жемiсi емес пе бұл?

 

— Неге тәрбиелей алмайды? Өйткенi, өнердiң, әдебиеттiң, мәдениеттiң мақсаты — сұрақ қою.

 

Сұраққа жауап iздеген адамға ой түседi. Ой түсуi дегенiмiз — тәрбие емес пе?

 

—Мiне, мiне, адамның өзiн-өзi тәрбиелеуi деген сөз. Жаңағы эпизодты тағы бiр еске түсiрейiкшi. Ондай оқиғаға  куә болмадым деп ауылда өскен қай бала айта алады? Бiлгiңiз келсе, бұл бiзге ұнай ма, ұнамай ма, әр ауылдың өзiнiң бiр жындысы болады. Әр ауылдың өзiнiң бiр жүргiш, зинақор әйелi болады. Ондайда ана адамның артынан жұрт сөз қылып айтып жатады. Кейде көзiне шұқып тұрып айтатын жағдай да кездеседi. Кинодан көрген адам бұл жайлы тағы бiр ойланбай ма? Ендеше, өмiрде бар мұндай кейiпкерлердi көрсеткеннен ешкiмнiң ешнәрсесi бүлiнiп қалмайды.

 

Мен Шоқай туралы фильмдi де Мұстафадай болыңдар деген ұран тастап, ақыл айту үшiн түсiрiп жатқан жоқпын. Неге, не үшiн құрбан болды ұлы тұлға? Не үшiн өзiн құрбандыққа шалды ол? Бiз үшiн бе? Кiм үшiн? Мен сұрақ қоюды жақсы көремiн. Сұрақ қою менiң мiндетiм деп бiлемiн. Неге асылдарымыздың бәрiнен айрылып қалдық? Неге Әлиханнан, Ахаңнан, Жақаңнан, Сәкеннен, Бейiмбеттен айрылып қалдық? Неге? Неге? Осы көп «неге» менiң жан-жағымда құмырсқаша қаптап жүр. Осы сұрақ менiң көрермендерiме де жұқса. Менде басқа мақсат жоқ...

 

— Ашық-жарқын әңгiмеңiз үшiн рахмет!

 

 

Сұхбаттасқан  Өмiрзақ АҚЖIГIТ, «ЕВРАЗИЯ-KZ». 01.06.

Share:
     
Leave a comment:
Captcha
Add writing