Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Кішкене роман

Blogs

03.04.2018
5002

Кішкене роман

    әңгіме       

Тумабай Балақайұлы бала күнінде момақан, қағылез, басы бөрткен мен таздан аламыш-аламыш, қолды аяққа тұрмайтын пысық бала еді. Сол бетімен балалығы өткенше, кейін мектепті бітіріп, оқуға түсе алмай жүргенде де өзінше пысықтығыменкөзге түсе беретін. Оқуға шағын білімімен түсе алмасы анық болғанда да ойға алған арманын орындамай қоймайтын әдетімен хабарламалар жазып жүріп аудандық газетке қате қараушы болып алды.Бұл кезоның жігіт болып, әскерден келген беті еді, со бойы оқуды сырттай бітірді да газет жұмысына төселіп алды. Оқу оны тез жетелеп, жазу- сызуға тез машықтандырды, мақала жазуға әбден төселіп, еш қиындықсыз газет жұмысын игеріп әкетті.

Бірақ Тумабайдың арманы жазушы болу еді. Жазып та көрді. Өз қатарластарымен жарыса оқиға қуалапкөркем әңгіме де, ұзақтау повес те, тіпті кейін көлемді роман да жазып шықты. Олары газет-журналдарға басылып бөгетсіз шығып жатты.

 Аудандық газеттен облыстық одан республикалық жастар газетіне келгенде ол өзін ешкімнен кем санамайтын, басы қақшаңдаған, анау-мынауды місе тұтпайтын әсіре жаңашыл біреу болып өсіп шығып еді. Бұл шақта оны ешкім мынауың дұрыс емес екен деп мұқата алмайтын. Айлакер түпкіштігі бар елгезек жігіт бастықтарға жаққыш-ақ. Жұмыс болса жүгіріп солардың дегенімен жүреді де қояды. Өстіп жүріп бөлім меңгерушісі болған кезінде мұнымен қатар жігіттер де өсіп жетіліп кәдімгідей әр орында сөзі жүретін қатардағы жадағай білгіштердің бірі болуға айналды. Екі кітаптан кейін жанашыр біреулер келіп жазушылардың қатарына өткізді. Сонымен Тумабайдың ат үстіндегі қызметшіл, қоғамшыл өмірі бірден-бірге жалғаса берді. Ауылдық, аудандық, облыстық дәрежедегі жікшіл, рушыл топтарға еніп жүрсе де өзін қазақшыл, ел қамын жегіш етіп көрсетіп, сол сарында жазғандарын жалпы қазақ баласына арналған сөз етіп жаза берді.

 

                                              ***

 

Газет жұмысының оны-мұны жазбаларына Тумабай онша менсініп қарамайды. Өзін одан жоғарырақ сезінеді. Үйге келсе түннің бір жеріне дейін жазу жазады, жариялана қалса онысын біреулер мақтап та қояды. Жиын, кездесу, ақындардың кеші бола қалса мықтыларға ілесіп бұл да жүреді. Соларды мақтауға бұл да шеберленіп алды. Ара-тұра өзі де сол тізімге кіріп кетеді. Келешегі зор, болашақ мықтылар тізіміне енгеніне көңілі өсе түседі. Бірақ үй ішінде оңаша қалса, не үлкен бір затты жазушылардың еңбегін оқи қалса көңілі қоңылтақсып сала беретін. Япырау, мына сөйлемдерім неғылған

орнықсыз, адамдарым неғылған жадағай деп өзінен-өзі шала бүлініп жүргені. Жасы отыздың ішіне кіріп, қырыққа таяған шақта жазуға бұдан кейін келген біреулердің бағы озып шыға бастады.

Тумабай ыза болды. Бірақ оның тасы түгел, қолда  қызмет бар. Үкіметтен пәтер алды. Өзі сияқты өмір бойы өзі баспасөздің төңірегіндегі жолдас-жора, иықтас ағалар деп көптің ішінде жүргеніне  тәуба дей бастады. Өздері топ құрып алды. Газет-журнал өз қолдарында болған соң қалайда өздерін елге танытудың неше жолдарын іздеп бақты.

Кейбіреуше қара сөзден қамыр илей бермей шетелдің пәлен деген, мода қуған жазушыларын оқуға тырысты.  Былай қараса түгі де жоқ, өзіде солай жазатын сияқты. Сол шақта орыстың жазушыларын былай қойып модадағы Хэмингуэйше, Гарсиа Маркесше жазудың, сөйлем құраудың, шеберлік үйренудің небір әдісін зерттеп те көрді. Қатарлас қаламгерлермен пікірталасқа да түсті. Өзін өткендегі әйгілі классиктерден кем санаған жоқ. Әттең, бірақ  Тумабайға   тумысында бірдеңе жетпей-ақ тұратын. Соны іші сезгенде шошаңдап отырған орындығынан бірдеңе шағып алғандай атып тұрып кетеді. Жеті түнде оянып алып, жынды кісіше жазу жазып отырады.

Классиктер қалам таңдайды екен, өздерінің столы болады, жұмысы, оқитын, жақсы көретін ерекше кітаптары болады екен дегенге иланып оны да жинап оқып бақты.  Тумасында жоқ талант Тумабайға қонбады.

 

                                               ***

 

Өзін-өзі осылай дәріптеп, жұрт көзінше де көңілін де тоқ болып үздік журналист, қарымды прозашы саналса да Сайрам Қанайұлы сияқты  біреу дүрілдей шығып мұның алдын орап бақталас болып біраз жыл әуреленді. Одан таланттырақ көшелі деген қаламгерлер үндемей жаза беретін. Тұмабай оларды талантты жазушы деп есептесе де өзіне бақталас санаған емес. Олар бұған онша назар да аудара бермеді. Тіпті жазушы деп есептеген есептемегені де белгісіз. Оларды Қанайұлының талант емес әлдеқашан өзінен асып кеткен құрғақ дақпырты, жағдайы қызықтыратын. Көп ұзамай бұл да сол баяғы өзі сияқты белгілі бір жершіл, көпшіл топқа мықтап кіріп алды да, енді анау-мынау сыншылардан қауіпсіз сезінді.        

Көңілінің бір түпкірінде айналасы бұған көзі көрген қияпат шындықты айтпай жасырып жүрген сияқтанып көзіне солай көрінетін де тұратын.

 

                        * * *

 

Көкейінен   шіркін мақтаулы жазушылардай мықты дүниелер жазса ғой деген қиял бір кетсеші. Басқалардың бірін өзі оқып, сырттай қызықтап  жүрген жазушылармен салыстырған соң олардың ешқайсысы бұйым болудан қалып, бұл асқақтап биіктей түскен сияқтанады.

  Сөйтіп көңіл көкте жүргенде газет бетінде мұның тойымсыз, сыңаржақ қылықтарын сынаған ащы эпиграмма  да, әшкере пікірде ауызша айтылып,  бір-екеуі газетке де шығып, елге тарап күлкі туды. Өзімен алысқандай боп жарысып жүретін Қанайұлы бұдан да ертерек түтү-түте болып сынға ұшырап кеткенде мұны менде сондай болам-ау деген қорқыныш билеп алған. Сол қорқыныш тағы да торып айналасын төңіректей бастады. Кейде қисайған бетінен түзелмей қалатынсыңаржақ қылығымен біреулерге жақпай қалып, жүрген бір қиын кезден кейін, ол қайтадан газетке кіре салып, біраз уақыт қаламдастардың көңілін аулағандай көп жақтастарын маңайына топтастырып бір-біріне мақтатып жатты. Көп ұзамай қаулаған көпшілік мұның бұрыннан беделі зор апталық газетке бастық боп келуіне жағдай жасады. Өзінің қай атадан шыққаны да себепші болды. Оның үстіне бізден шыққан біреу-міреулер жоқ па деп жүргенде Тумабайдың қызметі мен дақпырты іздегенге сұраған болып жалаң саясат қуғандардың ниетіне дәл келе қалды.

   ***

 

Көп ұзамай газет беті көлемі етектей-етектей болса да мазмұн-мағынасы жайдақ, құнсыз мақалаларға тола бастады. Бұрын бір қызметке ілігіп, оны тындырмай қасына сыңарезу, мақтан сүйгіш, топшыл біреулерді сынағаны үшін қуылып кеткен бір-бірін дәріптеген дос-жарандары есін жинап өздерінің ерекшелеп айдар таға жүретін көзқарастарын газет бетіне тоғытып шығара бастады.

Қалт еткенді жібермей аңдып бағатын қарсыластарының ешқайсысын бұл маңайға жолатпай, олардың аты-жөні шығармалары туралы айтылған пікір болса ойып алып тастап отырды.  Тумабайдың аяғы жерге тимейтін топшыл, жершіл, жікшіл көзқарасына ілікпеу үшін басқалар олардың қылығына қызыға қарап отыруға тиіс сияқтанса да қарап отырмай басқа бір басылымдарда өтірікті көріп қойған жастар арасында бұл қылықтары қызу талас тудырып жатты.

 Бастық болып кабинетте отыруды білмейтін Тумабайды көшеден, үйінен тауып алып жазған-сызғандарын тықпалап жүргендердің кейбіреулері өз істерін тындырып алып, бұны жақтап сөйлеудің орнына қарсыластарын қостап,– мыналар рас, сұмдық екен,– дейтін болды. Жалғыз жарым жүретін қаламгерлер– бәлесі жұғар, қой мынаны,– деп газетке ат ізін салмайтын болды. Газеттің келесі санына түк таппай сандалып жүргенде көп қағаздар арасынан небір жақсы бұйымдар, татымды әңгіме, ойлы мақалалар қозғалмай жата беретін.

Тәуір нәрселердің соңынан келген, не оның жақсы жақтарын дәлелдемек болған біреулерді Тұмабай креслосында басын оқ жыланның басынша екі жаққа қақшаңдатып отырып:

–Сонда оның анадан несі артық, мынаны оқыдың ба?– деп талантты шығарманың маңайына келе алмайтын дүмбілез сырты жылтыраған бірдеңелерді мақтап шыға келеді. Бұдан кейін ақылым орнында дейтін адам Тумабай мен оның жақтастарынан мүлде түңіліп, олар жүрген жерден кәдімгідей қашқақтап жүретін болды. Оның шығарған газетін де өзі сияқты епшіл бос сөзі көп, өмірден алшақтаған көпірмеден басқа шындығы аз ешкім оқымайтын басылым деп жұрт арасында әңгіме тарап кетті.                     

 

                                               ***

 

Өмірден кетпес абырой таптым, жақсыны көрдім, еліме қызмет еттім дейтіндей жасқа жеткенде  бар тапқаны көк пен жердің арасындағы дерегі жоқ арзан атақ пен бос далақтаған дақпырт екенін Тумабайдың өз іші де ептеп сезетін. Оны сезгенде ішкі дүниесі ұлып кеткендей болады. Сұп-суық бірдеңе қойны-қонышын аралап, тінткілей бастайтын. Тумабай мұндайда қызмет бөлмесін жауып тастап, үйге де бармай тау-тасты аралап кетуге бар. Бірақ мұның абыройын қызықтап, арзан бақтың ығына жығылған иілгіш, көлгір, көркемсөзге шебер достары оның көңілін патшаның көңілін аулағандай аулап жүргені.

– Мынау пәленше деген ақын, мынау түгенше деген прозашы, сондай ғалым деп дәріптеп әкеліп, артынша  арзан кофе, ресторанға шақырып тұрса Тумабай оған иегін қақшаң еткізіп, адал болуға серт берген адамша, шақырған жерге барса жақсылығы арзандап қалатындай тартыншақтай береді. Ондайда бастығының ығына жығылған Сәулембек орынбасары «Мен өзім шығарып салып, риза етейін»–деп жылмаңдап түсе кетер еді.

–Осы өмірде бәрі алдамшы ғой. Бұл жайлы нағыз роман жазуға бола ма?– деп ойланады кейде.

– Жоқ дейді бір ойы іштей– нағыз роман басқа жерде, нағыз адамдардың ортасында болады. Біздің өмір жалған өмір ғой...

Бұл қиял құрғыры қойсайшы басқа бір кіріп алған соң, оңайлықпен қайта шыға қоя ма, даң болып жүрген Тумабай  тумысында бұл жайлы ғажайып роман жазбай кетпеуі тиіс сияқты.

       –...Шіркін есіл өмір-ай,–деп бір күрсінгеннің өзі кішкене роман емес пе, бірақ Тумабайға керегі үлкен роман болған соң ол соны  әлі жазып келеді. Бірақ ол қызығып ойлайтындай әсерлі роман емес, тез жалықтыратын отсыз-жалынсыз, ұсақ-түйек адамның ішкі дүниесіндегі арзан бір әурешіліктер болмасын деген күдікті ой маза бермей келеді.  

 Осындай ойлармен жүрді де іштегі күдігін білдірмеген күйі қызметтің құлағын айналдыра берді. Оған маза бермеген өз басының тірлігі болатын.  Оны кейде осы көп мақтау, қолпаштау арасында белгісіз қорқыныш мазалап, қоятын. Көз алдында кешегі құрдасы Сайран Қанаев туралы жазылған ащы мақалада айтылған қатал сындар мұны да аяусыз тезге салып жатқандай. Мұның да жазғандарын ертең біреулер өстіп кергіге салып жатпасына кім кепіл. Қанша мақтайын деп біреулерге жалпылдағандай етіп өз кітаптары туралы жаздырайын деп еді, олардың сөздері шындық ауылынан алыста болып көрінді  Ол өзін айдалада қалғандай болып сезінді. Осы қорқыныш оған әркімге күдіктене қарап, әсіресе қаламының күші бар адамдардан тайсақтата берді.

Аты белгілі бола бастаған қаламгер ішінде бұған дұрыс бұрылмаған Ілияс болатын. Оның әрбір жазғанын мақтаған сайын бұның тынысы тарыла беретіндей. Тіпті алғаш басшы боп келгенде құттықтап келіп қолын алғанын, бірер мақала мен көркем дүниелерін осы газетке  ұсынғанын да елең қылмады. Басқа біреу болса « е, мені сынағанда не қылыр дейсің, көп болса бірер қателігімді көрсетіп, бұрынғы берген бағаға қиғаш пікір айтса да кітабымның құнды жағы басым болып тұрады ғой,– деген сенім болған жоқ. Сол Ілияс бұл туралы бірдеңе жазды-ақ Тұмабай топырақ асап, тізе құшып қалатындай кең дүнисі тарылып кететін.

Бұл қорыққандай етіп мақала жазбай-ақ Ілияс өзінің ірегіш сыншыл тілімен көп ұзатпай бұл шығарған газеттің, бұл жазған шығарманың өрескіл жерін ауызша-ақ ілмектеп түтелеп тастады. Оған да кенет бір ыза пайда болғандай, бұрынғы сәлем беріп дос көңілімен сөйлесіп жүретін адам енді жат боп кеткендей. Ілиястың көңілінде осы адамға деген бұрынғы көзқарасы кейінгі жылдары бірте-бірте өзгеріп жүргені рас еді.

 

                                                  ***

 

Ағалы-інідей болып жүрген адамның көңілін өзгертіп жіберген Тумабайдың өз қылықтары еді. Көзді ала беріп бұған қарсы жасап жүрген іштей де сырттай да жағымсыз әрекеттері болатын. Көп адамда бола бермейтін бір ішкі қызғаныштың осы адамда орасан зор күшке айналып бара жатқанын оның әрекеттерінен сезуші еді. Біреуге деген іштегі қызғанышы барлар пенде баласында аз бола ма екен. Талайы біреудің өміріне кейде қызыға да қызғана қарағанмен көп ұзамай ұмытып кетіп жатады.

Сонда бұныкі не, сол азғана қызғаныштың асқынып қастық пен қысас өшпенділікке айналған түрі болып жүрмесін. Сол Тумабайды кейінгібілінбей өткен жиырма жылдан артық білген де оның жазудан өзгені шындық деп білмейтіндігі, әсіре турашылдығы мен ортақол, оны-мұны нәрселерді мойындамайтындығы бұған мәлім еді. Өз ішінде Ілияс қызметте жолы болмаған, ортақол дүниесін өте күшті дәріптетін адам деп санайды. Оның жазғанынан қанша қараса да ешкім қате таппайды және өзінің қателерін өте сәтті жасырып жазады деген пікірге әбден келген. Ол пікірінен айныса немесе Ілиясты мақтаған адамға жақ болып тәуір дүние екен дегенді айтып қалса өзін әдебиет мүддесіне қарсы қызмет жасаған адамша ниеті тарылып тұратын-ды. Иә, бұл өте қауіпті, ортаға жат пікірі бар алауыздық тудырушы ғып көрсеткісі келген сөздеріне өз жақтастарын әлдеқашан ұйытып тастағандай, олар кейде тіпті күдіктенеді-ау.

Енді міне, сол қылығының қайтарымындай боп көз алдында Ілиястың мәртебесі күн санап өсіп келеді. Бұған жай қарап отыра алмайды Тумабай. Сонда не істемек керек, онымен ымыраға келе алмасын біледі. Әр кездескен сайын қанша ұрып жатса да, ол былқ етпейтін жартас сияқты қалпынан ауытқитын емес. Бұның жақтастары оған бет түзеп қарсы келе алмайтындай.

Қызмет істеп жүрген жеріндегі тоңмойын, бірбеткейлеу танысын соңына салып қойып ақырын бағып еді, оның көзінше де Ілияс бұрынғы пікірлерінен қайтпай өз айтқанын істей берді. Әлгі досы қарсы келіп көрген екен, оның өзінің ойларын басқа арнаға бұрып жіберіпті. Сонда қалай Тұмабай қарап отырып, қызмет пен абыройдан айырылмақ па? Жоқ бұл бола қоймас.

 

                                                    ***

 

Ол бұрынғысынша басқаларды газет бетіне күнделікті шығарып жатса да Ілиясқа– әй сенің ештеңең шықпады ғой,– демеді. Уақыт та тез жылжып текетірес айдан-айға, жылдан-жылға созыла берді. Осы аңдысу сырттай бақылау бір мезгіл толастамай жүріп жатты. Мұның соңы немен бітер екен десе, оған өзі  де шоши қарайды.

–Әке-ау ол не қорқыныш...

Әлде орнынан түсіп қалу алдындағы қорқыныш дейін десе, ешкім де үнемі бір орнында отыра бермейді. Ерте ме, кеш пе бұл да кетеді. Қызмет өмір бойы жолдас болмайды. Оны біледі. Ал ендеше айдаладағы әлде біреу  несіне қорқытты, сонша сақтанып, неге ұрлық істегендей болып жүрмін,– десе өне-бойы дел-сал болып кетеді. Бар пәле өзімде шығар дейін десе мәселе мұнда емес сияқты, бұл басқалардың бәрімен жақсы сияқты, тек әлгі Ілиясқа істегені өзіне кейде жөн болып, кейде қиянат сияқты көрінеді.

Өйтіп өзіне теріс қарап жүргендердің талайымен достасып та алды. Ал достық қолын ұсынайын десе екеуінің арасы алшақтап-ақ кетіпті. Ол қолда билік тұрғанда қарсыласып бағуды, іште ешқандай қорқыныш та, күдік те жоқ деп өзін-өзі жұбатуды ойлады. Өзімен пікірлес болса да кейбір көзқарасы бөлек осы адамның алдына бар кедергіні қойып та көрді. Оны көпке жеккөрінішті, қызылкөз пәле ғып көрсетіп, қолынан келсе жер басып жүргізбеуге тырысты. Өзім де сондай адаммын-ау, бұны біреу маған істесе не болдым деу орнына жеңген сияқты көрінген сайын атын қамшылап алға тарта берді.

 

                                          х х х

 

Телефон оқыстан шыр ете түсті. Тумабай сары пәлеге шошына қарады. Қырылдаған дауыспен сөйлеп тұрған досы екен: –Әй, Тумабай анау тулап жатыр. Жаңадан шыққан ана бір әңгіменің кейіпкері ылғи орысша сөйлеп жүр. Бұл не, бір кейіпкер орысша сөйлейді деп бүкіл әңгіменің жартысын қойыртпақ қылуға бола ма,– деп жатыр.–Осындай әңгімені газетке шығара ма?–дейді.

– Басқа ештеңе айтпады ма?

–Бұл газетте стиль жоқ,-деді.

–Сосын...

–Журналистер жайдақ тілімен әдебиетті құртып жүр,- деді.

–Кім екенін айтты ма?

–Сол бұрынғыдай сенің достарыңды айтты.

–Айта берсін, өзіне жау көбейтеді. Ол бізге жақсы.

–Қалай жақсы? Бұларды сынап мақала жазам деді. Атын көрсетіп.

–Қап! Ой, оны кім басады дейсің. Өзі жаман атты болып одан сайын жолын жабады ғой байғұс.

– Иә, өкінішті.

–Жарайды саған рахмет,– деп Тумабай сары телефонға ойланған кейіппен бір қарап қойды. Сосын біздің жақтастар барлық газетте отыр, олар достарын «обидаға» бере қоймас. Бұныкі «бос әурешілік қой» – деді іштей сыздана салмақтанып. Мазасыздық ішін тағы да кеміріп жей бастады.

 

                                         х х х

 

  Осы әдебиет газетінің бағы бір жанбай-ақ қойды. Қыстаубай ақын редактор болған жылы сәл-пәл үш-төрт жыл  жөнге келіп қалған сияқты еді. Онысы сырт көзге екен. Айлық жалақысы нан-шайға жетпейтін құнсыз мекемеде  кім жұмыс істей қойсын, мұнда да қалам ақыға төленетін қазына ақшасын жалап-жұқтап жүретін Сүйкенбай деген хатшы бар еді. Өзінің жүрісі де қызық. Кабинеттен кабинетке жел қайық сияқты жылжып зымырап жүреді. Шашының алды едірейіп, кейінгі жағы шоқпардай болып желкесінен шығып тұрады. Сөзінде тұрақ жоқ, сылдыраған су сияқты. Бұның мұнда істегеніне жиырма жылдан асқан, небір бастықты бастан өткеріп, иіліп, қарсы алып, бүгіліп шығарып салды. Сүйкенбайға сүйсінген де,  сүйкенген де пәле жоқ. Енді міне Сүйкенбайың шілтиген орынбасар. Газет Сайран Қанаевтың құзырына өтіп кеткенде сүмірейіп жарты жылдай бос жүрді. Ақшаны  қимады. Сөзі бұрынғыдан да сұйылды. Ешкімге қарсы келмей, солардың айтқанына жүгіре жүріп істей берді. Сайран Қанаевпен жазушылар ұйымының басшылары ұзақ соттасты. Дау дүңкілдеп жоғары жаққа жетті. Ақыры қайтарылсын деген бұйрық келгенде Сайран Қанаев қатты күйзелді. Өмірден түңілді. Таныстарын салып алып қалмақ болды. Дайын нанды бергісі келмей біраз арпалысты. Шашы ағарып, көзі шүңірейіп жағы солды. Уақытты соза түсіп, ақыры болмағасын қолын бір сілтеді.

Осы даудың арасындағы Сүйкенбайдың шашы селеудей, қолы егеудей еді. Енді Тумабайдың дегенін істейтін қолшоқпар болды. Оны-мұны жұмыстарға қол-аяғы ұзын жастар да жарап жатыр. Сөзі нәрсіздеу, өздері әлсіздеу, сәл бағынышты, өмірі жалынышты біреулер келіп-кетіп жатады. Сонда ғана жұмысы майға тиген қасық сияқты жыпылдап кетпек. Дәмесіз нәрсе көрініп қалмас үшін тым тәуір нәрсені дәріптетпей баса ұстау, өздерінің әлсіз дүниесін аса ұстау қажет-ақ. Таныс, таныс, таныс қажет. Сүйкембай айлакер адам. Өзінің жолы да, жобасы да жоқ әйтеуір әдебиет, жақсы әдебиет үшін деген ұранға ілескенді білді. Жақсы әдебиет, сұлу әдебиет дегенді бұл қайдан білсін. Оған ілескенде өз пікір, беталысымен, көзқарасымен емес, әлгіндей өте сөзі үлкен ісі болымсыз жандармен, әсіре қызылдыққа әуес топшыл біреулердің сойыл соғары болып жүрсе.

Әр қадамын аңдып, бағып жүріп, басқаларды бұл да аңдумен болды. Әдебиеттің топшыл, өзімшіл біреулердің жеке ісіне айналып кеткенін іштей сезсе де одан секем алып қалып, бойын тітіркене жиып ала қалатын. Оған Тумабайдың сөздері дем бергендей, жеп-жеңіл қимыл бергендей. Ел мүддесінен әдебиет сөзі аулақ. Соны іші сезеді қызталақ. Өткенде Өзден ақын мен Ілияс келіп кеткенде өзін бірдеңе арбап тастағандай екі-үш күн өлімші күйде жүрді. «Сонда  қалай екен деп ойлады әдебиеттің көркемдігі мен шындығы өмірден алынса, мына біз әдебиет адамдары өз ішімізде кейіпкер болып жатсақ не болғаны. Кейіпкер болғанда кәдімгі дүйім жұртқа аты белгілі адамды күлкі етіп көрсетсе, ол немене қазақша Гоголь болғаны ма? Мазақ болу деген, сынға ұшырап түкке тұрғысыз боп қалу деген осы шығар. Сені сыртыңнан ел көрсетіп күлсе, ойың мінезің күлкі тудыратындай қораш болса, онда бұл жерде отыруға тиіс емес шығарсың. Әлде тазару, іштей өзін-өзі нысаналау арқылы байғұс адам баласы адамшылықтың биік белесіне өмір бақи өрмелейді дегенің осы болар. Иә, өрмеле Сүйкенбай, өрмеле».

 

                                                     х х х

 

Осы күнге дейінгі Тумабайдың көзқарасын өзгертіп жіберген оқиға бұдан он жыл бұрын болды. Сол күні жазушылар үйінің кең залы адамға лық толды. Көктем сайын өткізіліп жататын жыл қорытындысын жұрт биыл ерекше күтті. Кітап жылдағыдан көп шығып еді, ол жайында айтылатын пікір де мол. Соны күткендей үлкен-кішінің бәрі кең залға жайғасып, жиынның басталуын тағатсыздана күтіп отыр.

Әлі мұнда кірмей төменгі жақта биллиард ойнап, ұзыннан-ұзақ қойылған емен үстелдің басында сыра ішіп, әңгіме айтып отырғандар да бар. Бұрыштағы екі креслода шалқалап екі шал адуын, қырсық сөздерімен бір-бірін іліп-шалып іреп отыр. Сынның үлкені Тумабайдың баяндамасынан туды.

Мұны осы жолы нысана етіп, «Сөзі сүйкімсіздің өзін де сүйкімсіз» ғып көрсеткен Таңат романшы. Тумабайдың жасаған баяндамасын әлсіз, пікірі жетілмеген, көзқарасы оғаш, мүлде шындыққа сәйкеспейтін етіп көрсеткен сол болды. Оған қоса әдебиет газетінің де жай-жапсарын, көркемдік дәрежесінің төмендеп кеткенін, кездейсоқ нәрселердің жиі басылып, беделін кетіріп жүргенін де айтты-ау елдің көзінше. Тумабайға әсіресе қатты батқаны баяндамадан кейінгі әжуа-кекесінге толы сөздері болды: – Мұндай тілі орашолақ, танымы таяз адамға баяндама беріп жүрген қайсың. Өзінің әдебиет жайында дұрыс түсінігі де жоқ. Ортақол дүниелерді мақтап классика жасауға бола ма? Мақтау мен сынаудың да өзінің негізі болады ғой, – деп Тумабайдың көзқарасындағы ұшқары пікірлерді айтып, баяндаманы іске алғысыз етті. Мұндай адамға екінші рет сенім көрсетуге болмайды, – деді. Иә дау туғызған тағы да Тумабайдың күшеншек, қанағатсыз, өз мүмкіндігінің шегін білмейтін білімсіздігі еді.

Ашудан зығырданы қайнап Тумабай бұл сөздерді естігенде жиналыс бітпей жатып кетіп қалған. Ол өз қатесін мойнына алмақ түгілі Таңаттың елге белгілі жазушылық атағына қарамай, Сайран Қанаевпен біріге жүріп соңынан шам алып түсті. Бұлардың айтыс-тартысқа әбден шыңдалған Таңатқа шамасы келмейтінін біліп үлкендер де дем беріп, қой деудің орнына, қолтығына дым бүркіп көрікті қыздыра түсті.

 

                                                           х х х

 

Жазғаны іске алғысыз болымсыз біреулердің өстіп өзінің уақыты мен жүйкесін жұқартатынын Таңат білмеп еді. Түсінбей жүрген нәрсесі болса, түсінсін, жол таба алмаған адам болса басқа жол іздер деп жүргенде қару-жарағы мен айла-әрекеті мол ұйымдасқан кәдімгі топқа кезіккенін өзінің бірнеше жерде жазықсыз жамандалып, мерейтойын өткізу кезіндегі теріс пиғыл адамдардың қарсы әрекетін сезіп білгенде бұл күштің қауіпті, ештеңеден тайынбайтын топ екенін біле түсті.

Таңат, Мұрат, Дәлелжан сияқты осы қатардағы ірі жазушылардың дәсін түсірген бірнеше әрекеттен кейін Тумабай төмендетіліп жіберілген. Бірақ бұны әділетсіздік ретінде түзетуге күш салып, өзі сияқты мансапшыл, туыс-танысты жағалап жүріп қайта тірілгенде Тумабай өзін үлкендермен үлкендерше алысуға, жаға жыртуға жарап қалған көкжал сезінді. Бірақ іштегі сол баяғы аңырап тұратын суық бір қанағатсыздық жан-дүниесін жұлып жеп жатты.

Енді міне, сол үлкендердің шапағатын, жақсы сөзін ести алмаған, айнала өзі сияқты қадір-қасиеті шамалы, дақпыртқа семірген әумесер топты жиып қоғамнан азып-тозып жырымданып барады. Өзінің ірі болғансып жүрген шынайы кейпі ұсақ-түйек істерге ғана жаралған, кішкене ғана адам екенін сезген сайын биікте жүрген арман-мақсаты қол жеткізбей бара жатқандай. «Тумабай – космополит» деген мақала шыққан күні ол жұмысқа бармай ауырып қалды. Сол бойы бірер жұма үйден шықпады. Бұл біреуді аяғынан тартса, мұны да аямай біреулер көктегі атағын жерге түсіріп таптайтынын сезді.

Ол енді өзі сын мақала ғана емес, кекесін ажуа, сөзбен атылған оқ, жарылған бомбаға басқаларды тірі қарауыл қылып келсе, енді өзі нысана бола бастапты. Бір үлкен ер адамның жуан білегіндей сұқ саусақ:

–Сен – арамза ниетіңмен бүкіл қоғамның кішкене безіне айналдың, енді тоқтамасаң құрисың, бұдан ары жол жоқ, – деп көзін шұқып тұрғандай болды.

 

                                              х х х

 

Өзінде жоқ, ұйыққа батырмайтын білім мен жан дәрменді қайдан іздерін білмей жанталасып жүргенде қызмет те етегіне оралғы болып толқынға ыққан қайық сияқты бағыт-бағдарсыз тұманды дүниені бетке алып кетіп бара жатты. Осы бағытымен суға батып кетпей жүзе берсе болғаны деп мұның ақыры туралы ойлауға ойы, сана-сезімі жетпеді. Газет беті ара-тұра сырты-жылтыр, ойы тайыз, мағынасы бұлдыр мақала, өлең, сағызша созылған әңгіме-естеліктерге толды. Ыза болып алдырып тастаса, әлдебір қолдардың, жын-шайтан сияқты белгісіз күштердің сүйемелімен келіп орнығып алады. Өзі де сол күштердің ығында дем беруші, сүйкімсіз біреу болып жүргендей. Кейінгі кезде ойына Сайран Қанаев келе беретін болды. Ол байғұс та өстіп әдебиеттегі жалған бедел, жаттанды көзқараспен алысам деп жүріп, ақыры сол көзқарастың иесі өзі, теріс ниетті адам болып шыққаны әбден көпке мәлім болды ғой. Тумабай осыдан қорыққан сайын үнемі газет мақалалары сияқты әлдебір оқиғалардың ортасында қалып қойып жүргендей. Әділет деген сөзді өзіне ғана дұрыс көрінген нәрсе деп ұғатын идеалист кейіпкердің көзімен өмірді суреттемек болған, космополит жалған романшыл екенін сезіне бастаса өне бойына дәрменсіздік кеп, үрей билейді. Өзінің осы сорлы кейпіне өзі емес, мұны әшкерелеп, қатесін көрсетуші, кезіндегі тұманды ашып шындықты алдына келтіруші біреулер кінәлі сияқтанады. Өз бойымдағы күш бітсе, мен сияқты айналамдағы адамдар көп қой деп соларды Кеттебек деген жалпақбет досына мақтатып тағы да мөлдір ағысты лайлап газет бетіне жариялай бастады.

Біз сөзді он сөз қылып жүретін жағымпаз сөзуарлар арқылы «әдебиетте Кеттебек деген сыншы» шығыпты деген дақпырт туғызды. Газеттің әр санында екі-үш бет мақаласы шыққан сайын Кеттебек құдайы ойда жоқта берген адамша шулыған, аз күндік арзан абыройға кенеліп-ақ қалды. Кейде жүрісі талтақтап, айналасына мені көрдіңдер ме дегендей қоразданып қарап қояды. Ол газетке кішігірім мақаласын бастырып, ойларын білдіріп, өздерін алдыңғы толқынға ілігіп жүрміз деп есептейтін есебі күшті ғалымдарды осы лекке тартып көріп еді, жақсылықты білмейтін иттер әлденеден күмәнданып Кеттебек туралы да, Тумабай қатарлы космополит, тамырсыз атанған топ туралы да ауыздарына құм құйып алғандай үндемей-ақ қойды. Жақсылықты білмейтін иттер-ай десеңші. Өздерінің ісі түсе қалса не дос, не жауға айбары жоқ сөздері жығылып, өздері тығылып жермен жексен бола кететіні несі екен иттердің! – деп ойлады.

Он адамның шаруасын бір өзі істеп алпысқа таяғанда абырой таптым деп жүрген Кеттебек досқа берілген, жан-тәнімен Тумабайлық ой-арманға қызмет етуші болып көрікті талмай басып қыздыра берді. Өстіп өз-өзінің жазған мақаласына көңілі толып қымпайып жүргенде «ой мынау ұйымдасып алып, топқа бөлінген біреулер болды ғой» деген әңгіме тарады. Өзі жарытып кітап оқымаса да әдебиеттің айналасында қызмет істеп, біреудің шашбауын көтеріп жүруді әдет қылғандар «е, бәсе, Кеттебек деген кім ол,  Тәйірі бұрын сотталып келген, сібірде қалың орыстың ішінде жүріп, азып-тозып бұзылған біреу екен» деген дақпырт шықты. Бұл сөздер жұрттың Кеттебек пен Тумабайға деген қызығушылығын күшейте түсті. Сөз қуған, қолы бос, кімді сөз етуді білмей жүрген өсекші әйелдерге бұл бір ертегідей таптырмайтын қызық әңгіме болды. Әңгімені әдемілеп түрлендіре келіп, Кеттебектің мәшинесін, үйін, банктегі ақшасын, өзінің аяншақ тақыстығын, пайдакүнем дүниеқоңыздығын гу-гу сөзге арқау етіп жіберді.

Абырой мен мансап сияқты тәуір әңгімелер былай қалып, енді осы екеуінің жеке басындағы қылықтар, мінез-құлқындағы ұсақтық, өркөкіректік кекесін күлкімен ажуаланып дуға түсіп жүрді. Улы тілдер оны тексеріп болған соң енді, бұл екеуінің жазған кітаптарын мақала, ойларын да іле келіп оны оқып жатудың да керегі жоқ, өздері мұндай болғанда жазғаны қай бір татымды нәрсе дейсің деп шешті. Сөйтіп, Тумабай бірер жылда өзінің жеке мақсатты көздеген, ұсақ ойлы, мансапқор, тамыры көптен ажыраған тобымен әдебиеттің төңірегінен орын іздеуші, космополит, мешеуліктің рухани туысы ретінде бағаланып абыройы кете бастады.

Тумабай енді орнынан түспеудің жолын одан ары қарастыра бастады.

 

                                             х х х

 

Тумабайдың өмір бойы таяныш-тірек еткені, абыройлы адамдардың жазған кітабы, асыл сөзі, игі ойлары еді. Соны үлгі тұтып, жадыма тоқып өстім, кітап жазуға жетіп мансапқа қол жеткіздім дегендегі басқаға тигізген шарапаты, көпке берген өнегесі сол жақсы деген нәрселердің көшірмесі, көлеңкесі сияқты бірдеңе болып кеткендей. Еткен еңбегі, жеткен мансабы өзінікі емес, мұны әшейін көңілін жықпас үшін мақтап қойып өз дегеніне пайдаланып жүрген қу ниетті, бұзық пиғылды, қара басының қамы үшін өмір сүріп жүрген азғана, адал ойлы адамзат атаулыдан жырақтап кеткен біреудікі сияқты. Мұны әу бастағы адам пиғылына жат қара ниет біреу ішіне кіріп алып, өзіне де білдірмей істеген бар ісін бөтен мақсатқа  пайдаланып кетіп жүргендей. Оның амалын көп жылдан бері білдірмей істеп жүріп, енді бірте-бірте соған көзін жеткізгендей.

–Мұның көзін байлап, өзін адастырып, жаманшылығымыздың бәрін осыған қулық-сұмдық жолмен істетіп алдық, ендігі адалдыққа барар жолда бұл бізге жолдас емес. Бұны осы жерде орта жолда қалдырып, ат құйрығын кесісейік. Егер соңымыздан ерем, басқа жолға түсем, ізденемін десе бара берсін. Бірақ мына түрімен бұл өмірдегі адал, турашыл, ізгі ниетке жолдас бола алмаса, онда өзі таяқ жеп шетке шығып қалар. Осы жерде, жолда қалдырайық мұны. Мұны өмірдің өзі-ақ тоздырып, дұрыстыққа қайшы келгені үшін адастырып, әлі талай қиырларға апарар, сонда бұл байғұс өзінің өмірде қанша жандарға залал келтіріп, өркөкірек өтірікке беріліп адам пенделеріне өтірік-өсегімен қанша залал келтіргенін солардың орнында жүріп түсінер. Мүмкін адал жолдағы, асыл мұраты көксейтін биік дәрежелі адам болар...

– Ей, – деді, қаһарлы дауыс. Бұл атаңа нәлет қырық жыл өтірік айтып келіп, енді шындыққа жүгініп пе? Шықсын бұл жерден. Кетсін ол баяғы өтірік аңсаған өркөкірек қиялдың еліне...

Қабағы түксиген, палуан денелі, қаһарлы батыр жігіт Тумабайды алақанына салып, маңдайынан сипап қойды. Екі аяғын тырбаңдатып, желкесінен көтеріп көрді. Төбесінен нұқып, тұмсығына жұдырық иіскетті. Сен өзіңнің қаншалықты құлдырап, қаншалықты азып-тозғаныңды білесің бе пенде баласы, – дегендей кекесінмен миығынан күліп алды.

Бұл тергеуді көргенше, намыстап неге жарылмаймын деп ойлаудың орнына Тумабай менің аппақ ниетпен істеген істерім қалайша біреуге әділетсіздік, залал болмақ, – деді.

– Сенің ақымақшылығың сонда, адамдардың өзіңе жасаған сеніміне кір келтіріп әділдікті ұмыттың. Өзіңнің кішкене ғана миыңа алғанды істеп жаратушы Алланың кұдіретті есімі мен тура жолға бастайтын ілімін ескермедің. Енді сен осы үшін сотқа, тозақ отына жанасың...

–А-а-а... – Тумабай әлдекімнің күшті қолынан шыға алмай жанталасып жатып, жылап оянды. Өкіріп, өксіп жіберді. Еңкілдеп жылап отырып: «О, жасаған» –  деп ойлады. – Мен осы не істеп жүрмін. Менің кішкене, азғана қызметіме не байланып қалыпты, көп көрсеңдер алыңдар қайта, қайта алыңдар, – деп қолын сермеп-сермеп қойды.

Қараңғы бөлмеде күйеуінің шыбын қаққан кісіше қолын ербеңдетіп:

– Ал, ал. Кет. Кет... – деп жүрген сұлбасын көргенде жанына баруға қорқып дір-дір еткен бойда есіктің жақтауына сүйеніп, одан ары қарауға дәрмені жетпей әйелі:

– Тумабай,– деп жалынышты үні шығып кетті.

– Сен әлі ояу ма едің. Мұның не, – деп ол әйелінің жанына келе бергенде, өзі де әлі біткендей теңселіп барып үлкен кереуеттің шетіне дымы құрыған адамдай отыра кетті.   


Share:      
Leave a comment: