Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
КӨГІЛДІР САҒЫМ

Blogs

26.06.2017
6887

КӨГІЛДІР САҒЫМ

КӨГІЛДІР САҒЫМ

Қара күреңденіп, қою қызыл шапаққа етегі малынған аспанның батысынан - балалар шақпақ тас қағыстырып жатқан сыңайлы жылт-жылт от ойнайды. Етектен едәуір көтеріліп, Алатау бөктеріндегі жон-жоталарға жетіп жығылған Самекең отары, кешкі салқынмен әлі бырт-бырт жайылып, түнер жұртты зерттегендей тұяқ тырсылы тиылар емес. Шопан: - Әйт, Байқасқа! Қайыр, ана желаяқтарды! – деп, ішіндегі бір сырдаңы жол бастап, шашау тартып бара жатқан топты нұсқап дауыстағанда - жалпақ құлақтарының ұшы тарам-тарам, сабалақ сары-ала ит, орнынан ата жөнеледі. Оған ілесе бөрбасар төбет Шәрік пен балалығы қалмаған овчарка тұқымдас Саққұлақ та өре түрегелді. Үш ит отарды бір айналып шыққанда ол жұмылған жұдырықтай түйілді. Сумаңдаған қой-ешкілердің де жыланы қайтты ма, әлде қайырушы иттерден жасқанды ма сәлден соң бір-бірлеп орын теуіп, жусай бастады.

Самекең батысқа көз тігіп: - Өткінші болса да бір шашын келе жатыр. Мына кенеп шекпенді көрпеңе жауып қоям, теуіп тастама, қарғам. – деді кешкі тамақты ішіп, ұйқыға ыңғайланған баласына. Тамақтары бірер жапырақ піскен ет пен қата бастаған бауырсақ. Шамалары мосы құрып, шәй қайнатуға ғана жетті. Күндізгі қапырық ыстық адамды жеп жіберді. Бала түгілі көнтеріге айналған үлкен кісінің миын қайнатты. Мал тұяғынан тұтаса көтерілген қалың, аласа аппақ шаң да бір жағынан тұншықтырды. Үсті-басқа қонып, бет-ауыздағы жылтыраған екі көзден өзге ештеңе қалтырмады. Таңдайға желім боп жағылғандай жабысқақ сілекей не түкіруге, не жұтуға келмеді. Бәрінен де кенезені кептірген шөл өткір еді. Қанжығаға байланған  торсықтағы шалап ыстық суға айналып - аракідік тамақ жібітер болмаса, шөл қандырудың сәті келесі түстену мен қонада ғана бұйырар.

Тоқымдарды біраз жел қақтырған соң астыға төсеп, ерді басқа жастаған.  Ат жалын биыл тартып мінген Самат әкесінің бір жағына шығып, мал айдасуға жарады. Өйтпесе, жылда әркімге бір жалынып жүретін-ді... Қырсық қылғанда көмекші қойшы да табыла қоймады, бәрінің мұрындарына су жетпеді немесе біреуі пар ат арбаға шығып кеткен, яки бала-шаға маңында қалып, ауылдан кәкүр-шүкір жұмыс тапқан...

Самат көзі ілінбей талай жатты. Есіне кешегі қона түсті. Төкерістен шыға берістегі жар қабақты ықтатып, ертерек иттермен қамап жүріп малды иірген-ді, бұлар. Әкесі атын қоқырақтатып, ауыл түсіп кетті. Кетерінде: «Малға ие бола тұр, мында бір ағайынның үйіне соғып қайтам... бұйыртса, саған да тәттілер ала келермін..» деген-ді. Көз байлана қоймаған шақ. Бір салт аттының қарасы көрінді. Ерткен бірдеңесі бар. Олар таяған тұста иттер өре түрегеліп, ашулы арпылға көшті. Далақтап тұра жүгірмей малды төңіректеп, қорғаған сыңаймен айналсоқтайды. Самат та малшы баласына тән сақтықпен әкесінің шолақ мылтығын қолына кесе ұстап, иттерін де арқау көріп, тұтаса, бөтеннің алдына қамалдай бекіп тұра қалды. Бұның секем алғанын байқаған естиярлау бала анадайдан: «Жау емес, елміз!» деп күле сөйлеп, жақындады. Малды қараса тұруға соны жіберіпті. Самат иттеріне «Болды!» деп бір дауыстап еді, күткеніміз де осы сөз еді дегендей өз жайларына тарасты. Еріп келген көк тазы үріскен жоқ, кербездене бір керілді де иесінің аяғына сүйкене жата кетті.

  • Мә, мылтығың күшті екен! Мен мұндай қаруды өмірі көрмеппін!
  • Әкемнің соғыстан әкелген «жапонски сарыауызы»!!!
  • Жапондар кішкентай болады деуші еді, мылтықтары да өздеріне

сай екен.

  • Одан емес, әкем қар, су кірмесін деп ұңғысын тығындап қоятын, бір

ағамыз тығынын алмай атып, ұш жағы жарылған соң кесіп қысқартқан...

  • Сен осы, өтірік айтып тұрған жоқсың ба? Біздің ауылдың тең жартысы

соғыстан келді, бірақ ешқайсысы мылтық арқалап келген жоқ.

  • Сену, сенбеу өз еркің... Қай класта оқисың? Мен Самат, сенің

атың кім?

  • Ғылымбек. Бастауышты бітірдік қой... Әкем, атыңның өзі тау

жаңғыртады, көп оқу зиян, санау білесің... енді «Екеуміз аң аулап-ақ, күн көреміз!» дейді әзілдеп. Оған шешем сеніп, кәдеуілгідей бұлқан-талқан болады. Ал өзім күні бойы, тіпті түнімен аң аулауға құштармын. Тек, осы «Тұйғын» қасымда болса болды... 

  • Менің «Саққұлағым» апчарка, тасқа түскен малды дейсің бе бәрін

іздеп табады. Керемет иісшіл!

  • Е-е, апчарканың жөні бір бөлек, олар түлкі, борсық ұстай алмайды ғой..
  • Есесіне өте сақ және ақылды. Жаңа байқадың ба, бір сөз айттым

бәрі жым болды. Біздің иттер шетінен естияр.

Екі бала өз иттеріне сүйсіне қарап біраз үнсіз қалды. Ғылымбек Тұйғынның басын сипап еркелетсе, Самат Саққұлақты шақырып алып, алында өңгеріп аузы-мұрнынан сүйе жаздайды. Бұндай елжіресті аса көрмеген күшік сәлден соң бұлталаққа салып, құшақтан кетуге амал іздеді. Көкесінің оңайшылықпен жібере қоймасын сезді ме Саматтың қолын жорта тістеп қалды.

  • Ойбай-ай! Мынау, жынды ма ей!

Артына қарамай өз үйіріне сабап бара жатқан Саққұлақтың қылығына екі бала мәз. Енді иттерді жайына қалтырып, екеуі құрым киізге етбеттей жатып, «Дабай, әкелеріміз туралы әңгіме айтайық» деп келісті. Сөзді жасына орай қонақ бала алды.

  • Менің әкем сенің әкеңді қатты силайды. Аузынан тастамайды. Біздің

ауылдағылар Самакең деген кісі өйтіпті, бүйтіпті деп мәтелдеп кетті, әуел десең...

  • Сенің әкеңді де... егер біздің ауылға бара қалса, тек атын айтсын

барлығы таниды.

  • Иә, ол екеуі ауылдарындағы алғашқы кәмөністер болған. Пин соғысы

алдында «Ақмола-Қарталы» темір жолын салуға үндеу тасталыпты ғой. Сонда осы ауданнан тек екеуі ғана өздері сұранып, құрылысқа аттанған екен. Соны білесің бе?

  • Әрине білем. Ол теміржол құрылысы туралы әкем таңды таңға соғып 

хикая айтады...

  • Менің әкем де керемет әңгімешіл...
  • Осы екеуміз де соларға тартқан сияқтымыз ба, сөздің түбі түскенше

соғады екенбіз а?!

Екі бала бір-бірін баспен қағысып қалып, сықылықтай күле жөнелді. Күлкісін тия алмаған Ғылымбек:

  • Әкем мені нағашысына тартқан көкмалта деп сөгеді! – деп домалап

жатыр.

  • Қызық екен?! Мені де солай дейді...

...Таң сібірлей бере расында бетке тиген сырт-сырт тамшылар Саматты оятып жіберді. Әкесі аяқ жағында мылтығына сүйеніп қалғып отыр екен. Тосын сыбдырдан басын жұлып алды.

  • Кенепті бүркене ғой, қарғам.
  • Жатқым келмейді, ұйқым ашылып кетті. Демалыңыз. Мен күзетейін.

Бұған мылтықты тапсырып Самекең бір қырындай баласының төсегіне жантайды. Басы тиісімен қор ете түсті. Таң алдындағы ащы ұйқыдан тәтті ештеңе болмас, сірә!? Адамды талықсытып, жығынды қылатын қатерлі сәт – таң алды. Осы тұста итқұс та шабуылға шығады. Бір тәуірі. көші-қонның осы кезеңінде ондай қауіп некен-саяқ. Күні ертең жайлау төсіне орныққанда ғана құздан еңбектеп шығатын қорқаулар мен қара түнде жөн-жосықсыз отардың ойранын шығаратын сиырдай-сиырдай аюлар болмаса. Бірақ, оның күні әлі алда.

Жыланды ауылын басып өткен соң, екі таудың жіңішке жылға бөлген, тастақты тар қуысы Сайжолды қуалай өрлеп, ашық белеске шығады. Алдыда Алатаудың Алақарлысы. Оған көтерілу үшін Сары асудан асу керек. Оны жұрт кейде Демкейдің асуы дейді. Осы асудың аузын тосып, елді асырысып отыратын Демкей деген - бір епті адам болса керек. Тауға бет алған арбалы көш ығы-жығы жиналады да үш күн сол жерде ерулейді. Сосын арттағы мал жеткен соң, бір-біріне қол ұшын берісіп, кезектесе аса бастайды. Бір арбаға неше атты жегіп, Алла мен Аруаққа сиынып аттанады. Бұндай қорқыныштың да негізі бар. Себебі, талай арбалы жүк - құз табанына құлдырай ұшқанына ел куә. Апырыммен, «біссімілләсін» жүз қайталау содан қалған әдет.

Бұл жолы мал қуып жетерін жеткенмен қалың нөсер тұтқиылдан ұрды кеп. Етектегі аңызақты аптаптан соң тап болған жаңбыр - төбеден суық су құйғанмен бірдей болды. Самакең кешке қарай өңі қарауытып, сыз жерге қайта-қайта жатақши берді. Самат арбалар қаңтарылған жақтағы анасына кеткен-ді. Бұл түнді шопан құс ұйқымен араластырып, жалғыз өткерді. Ертеңгілік келген қаршадай ұлы әкесін танымады. Төңіректі басқан қалың қара тұмандай әке жүзі де қап-қара болып, түтігіп кеткен еді. Жауын бір сарынға түсіп алып, егіле жаууда. Самат кері қарай шыбындай ұшты. Анасын ертіп әкеліп, тағы біреулермен сүйеп әкесін арба астына апарып паналатты. Самакең сол жығылғаннан жауын толастағанда ғана басын көтерді. Бәрібір ыстығы басылар емес. Тұла-бойын шарпыған бір уытты шөл – әл кетіре шамасына жабысқан.

Самат пен анасы екі түнді көз ілмей өткерді десе де болады. Әсіресе мылтықты кесе көлденең ұстап, малды айнала күзете жүрген Самат бірер түннің ішінде есейіп шыға келді. Оның жан жолдастарына айналған үш иті де аса бір зеректік пен сақтық танытып, тамақ тілеместен қыңқ етіп дабыс шығармай адал қызмет етті. Иіріле ығысқан отар да жұмырықтай қатып, бірде-бірі шашау шықпады. Тұман сейіле ғана маңырасып, шеттері ыдырай жайылым тілеген шырай танытты. Артын жауынға тосып, бастары салбырай түн қатқан тұсаулы жылқылар да дүр-дүр сілкінісіп, қос аяқтай секектеп оттауға беттеді.        

Көктөбеге көтерілгенде күн шайдай ашылып, жер-дүние бусанып сала берген-ді. Үстідегі жауын сіңді болған киім тобарси буланып, одан пысынатып,  шешінуге тура келді. Жанға жайлы жылылық пен әдемі қоңыр самал тыныс ашып, саумал ішкендей әсер әкелді. Балдырғанға семірген торсықтай қара шыбындар төбеге діңгекше үйріліп, жыбырлағанның басына бір-бір құйын қадағандай көрініс тудырады.

Тегі Көктөбеге көп аялдамайды. Шығыс қапталдағы Ойжайлау Лепсіге түсер құламаны торсылдақ қурайлы Балдырған деп атайды. Оның қойнау-қойнауы толған омарта мен таңқурай, қарақат сияқты сыңсыған жеміс-жидек. Көктөбенің жон-жоталарының күнгейі де бітіскен бүлдірген мен тауықкөзге толы. Бұнда бір-жар жеті ғана аялдап, Жамантас жайлауына асады. Себебі күн ыси мал жайылғаннан гөрі шыбындап әлекке түседі. Қырқымнан соңғы жара, тілікке шыбын тыша бастайды. Сондықтан салқын төске көтерілу малға да адамға да тиімді.

Жамантас асуы да оңай шаруа емес. Табан тілетін жәңкішек тастары мен  жақпарлары аса қауіпті. Әсіресе, Қақпатас! Қалпақтың күн қағары іспетті жарға қарап, пәле іздегендей төніп тұрған бір қатер. Тұсынан ебедейсіздеу өте берген қомды түйені әдейі түртіп қалатын тәрізді. Ол жарықтық жүк-мүгімен аңырай бақырып, құз табанына бір-ақ кетеді...   

Соноу Алақарлыға жеткенше бір неше қона бар. Қазыққаққан, одан Сартайдың атағашы. Иә, Кенеш деген бір атамыздың Сартай деген жалғыз ұлы болыпты дейді. Әлдебір жағдаймен Сартай жоқ болып кетіпті. Соңында бес-алты бала мен соның атын еске салар осы атағаш қалған екен. Осы тұсқа келгенде өткінші жұрт құран бағыштап өтетін-ді.

Жайлаудың төресі Үлкен Шәугімкеткен ғой! Оның етегіндегі Кіші Шәугімкеткен де осалдық танытпайды. Түгі аласа және өте қайратты Аюжүн – малдың тырмысып жатып жейтін бірде-бір құнарлы шөбі. Жалаң денемен жата кетсең, тікенше қадалады. Табаның тиген жер, жасып жата бермей - қайта өре түрегелетін өжет мінезді.

Жолай неше қоныстап, ақыры малшылар Алақарлы етегіндегі өздерінің меншікті көңдеріне де жетеді. Малдың маңырасы мен жүріс-тұрысы да өзгешеленіп, ит екеш иттер де сергектеніп, адам бойы да мөлдір шыныдай тазалыққа шомылады.

Алақарлыдан бастау алатын ағалы-інілідей екі өзенше - қалың қой тастың арасынан арна салған ағысы асау, көк мұздақтың көзінен сорғалаған суығы да тастай, арқыраған арынды сулар. Кезінде бір әйел еңкейіп су ала бергенде шәугімін іліп алып кетсе керек...

Самакең өз жағасын жұлып жеп, жұлқынған ағыстың дамылдай айналған қалтарыстау тұсынан етбеттей жатып, тіс қақсатар суды шімірікпестен сімірді. Бір кезде басын көтеріп, «Үх!!!» деп жағаға қисая кетті. Қап-қара болып ішкі ыстықтан тотыққан өңіне қан жүгіріп, қаракүреңденген маңдайынан суық тер бұрқ етті. Соңынан ере  келген ұлына сүйеніп, үйіне жеткенше тұла-бойынан сел ақты. Келесі күні Самакең құлан-таза айығып, ел қатарына қосылды.

Әкесі сақайған соң, Саматқа да еркіндік тиді. Қоңыр ат оның мініс көлігіне айналды. Қоңсы отырған қойшы балалары да бір-бір атқа қонып, араласуды бастады. Бұрын сары ауыз балапандай анасының көлеңкесінен қалмай жүрген Самат өзін енді естияр жігітше сезінді. Сары асудағы аласапыранды қос түннен кейін: «Балам, сен нағыз жігіттік іс істедің!» деп анасы оны мейірлене сүйгені соның бір куәсі. Сосын әкесі дауыстап сырын айтпаса да арқасынан қағып, бұған сенім артуға болатындығын ішкі шырайымен жеткізгені де жеткілікті еді. Біраз уақыт көлемінде Самат тек, өрге қарай емес, ылди-төмен де шаба алатын деңгейге жетті. Әне, әкесі құсап бір мықынына қисайа отырып, анасы сияқты қамшыны сипай тастап, қоңыр аяңмен ұзап барады. Бүгін, екі Шәугімкеткеннің арасындағы ашық алаңқайда - балалар арасында теңге алып қашу жарысы болады...

 


Share:      
Leave a comment: