Blogs
КӨК ТУЫМ ЖЕЛБІРЕСІН
Бүгін зор зобалаң құрбандарын еске алу күні! Қазақтың шам-шырақтай сәулесін өшіріп, аты түгілі затын құртпақ болған қандышеңгел қаскөйлердің қасқана жасаған қиянаттарын даттау күні!
Осы орайда Әлихан Бөкейханов көсемі болған Алаш автономиялық мемлекетінің он бес министрінің бірі Мәметов Базарбай туралы сыр шерткенді құп көрдік. Алты Алаштың туын көтерген азаматтар туыстық пен таныстық әрекеттерінен ада, ұлттық идеяны қолдау негізінде топтасқаны осы хикая төңірегінде сәуле береді. Сонымен қатар Алаш боздақтарының ішіндегі қайда жерлегені туралы нақтылы мәлімет бар - Мұстафа Шоқай мен Базарбай Мәметов қана екен.
ӨКСІКПЕН ӨТКЕН ЕШ ҒҰМЫР
Аты тең дәрежесінде ардақталмай, туған ұлтына терең таныстырылмаған Алаштың бір арысы – Махетов-Мәметов Базарбай 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін тәмамдайды. Осының алдында 1911 жылы Верный ерлер гимназиясын аяқтаған болатын-ды. Баян желісін мұрағатта сақталып, әбден сарғайған - сол арыстың өз қолымен орыс тілінде жазған өмірбаянын арқау етіп, нақты деректерге сүйене бергеніміз жөн болар: (Аудармашы Заман Төлеуов)
«1988 жылы тамыз айында Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, қазіргі Көктерек болысы (бұрынғы Балқаш-Лепсі болысы) Шілікті жайлауында руы Садыр, Асипов Мәметтің кедей отбасында дүниеге келдім. 1898 жылы жасым онға толғанда мені ата-анам Верный ерлер гимназиясының пансионына қазына қаржысы арқылы білім алуға тапсырды. 1900 жылы пансионның дайындық курсынан соң емтиханнан өтіп, гимназияның төменгі әзірлік класына қабылдандым. 1911 жылы аяқтап шықтым. Білімімді жалғамақ болып, Семиреченск әскери губернаторынан стипендия тағайындауын өтіндім, бірақ қолдау таппай сол жылғы маусым айында Ташкент қаласына кеттім. Бұнда келген соң да Түркістан генерал-губернаторына өтінішпен кірдім. Тағы да жолым болмады.
Білімімді ары қарай жалғастыра алмай және туған ел-жұрттан жырақта, ешбір таныссыз, күн көрістің өзі қиындыққа соқты. Енді амалдап нан тауып жеудің қамын ғана ойлап бір қызметке орналасуды ойластырдым. Осы мақсатпен жүргенде кездейсоқ Ташкен қаласына келе қалған танысым азамат Тынышпаевқа жолықтым. Ол өз тарапынан Ұлы князь Константин Константиновтың канцелярия меңгерушісі - сол тұста Ташкенде айдауда жүрген полковник Беловпен таныстырып, одан көмек өтініп, егер мүмкіндік болса жұмыс тауып беруін сұрады. Менің жағдайыммен танысқан соң ол Ұлы князға материалдық көмек сұрап жолыққанымды жөн көріп, өзі де қолқабыс көрсететінін айтты. Ұлы княздің жеке қабылдауында болып, өтінішім өтіп, маған бір жыл көлемінде айына 20 сом стипендия тағайындады. Бірақ, бір жыл өткен соң баяғы таршылыққа қайта тап болдым. Бұл тығырықтан шығуға Түркістан студенттер жерлестігі мен азамат Тынышпаев қол ұштарын берген еді. Жазды күндері қызмет жасап ақша таптым, сонымен қатар қыс айларында жалданып сабақ беріп, осының арқасында университет төлемақысы мен күн көрісімді де айырдым.
Осындай қиыншылықтарды бастан кешіре жүріп, 1917 жылы университетті бітірдім. Бұдан соң мамыр айының аяғында ?....(осы тұс анық жазылмаған) келдім, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істедім. Осы жылдың қыркүйек айында съезд шешіміне сәйкес Лепсі уезінің Кырғыз Комитетінің төрағасы болып сайландым. Бұл міндетті 1918 жылдың сәуір айына дейін атқардым. Керенский өкіметі құлаған соң, сол сәуір айының алғашқы күндері жалпы уездік съезде уез Совнаркомының мүшесі және Лепсі уезінің Әділет Халық Комиссары болып сайландым. Мамыр айының басында Мамонтовтың жазалаушы отряды келуіне байланысты Лепсі уездік Совнаркомының барлық Кеңесі Мамонтовтың бұйрығымен таратылды. Менің бас сауғалап ел ішіне кетуіме тура келді, тіпті одан әрі Шәуешек асып, бір айдай сонда бой тасалаған соң, Семей қаласына бардым. Семейде Сырдария және Семиреченск облыстарындағы ашыққандарға көмек ұйымдастырған облыстық комитетке қызметке тұрдым. 1918 жылдың қазан айында Лепсі уезіне іс сапармен келіп, осы уездегі ашыққандарға көмек көрсететін аудандық комитет құруды қолға алдым. 1919 жылы бұл комитет таратылып, мен қайта ел ішіне кеттім.
1920 жылы Лепсі уезінде Кеңес өкіметі орнауына орай, Романовск (Қазіргі Көктерек) болысының Халық Соты болып тағайындалдым. Сол жылдың қазан айында аудандық соттың қаулысы бойынша Лепсі қаласының 1-учаскесіне халық тергеушісі болып ауыстым. Осы айдың аяғында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша Лепсі уездік чекасына аға тергеушілікке жіберілдім. 1921 жылдың сәуір айында УЧека тергеушісі болып істеп жүрген кезімде тергеуімде қамауда жатқандардың жалған арызы мен Лепсі уездік Чека төрағасының кек алу әрекетінен тұтқынға алындым. Губерниялық чека, губерниялық атқару комитеті және Губерниялық комитеттің экспедициялық үштігі мені 12 тәуліктен соң босатты. Осы жылдың мамыр айында Семиреченск өлкесінің уездік съезіне, одан Семиреченск өлкесінің облыстық съезіне делегат боп сайланып Алматыға аттандым. Онда 1922 жылдың шілдесіне дейін болдым. Бастапқы кезде Семиреченск облыстық комитетінде, кейін облыстық Совнарсудта төраға орынбасары, одан Совнарсудтың Қырғыз бөлімін басқардым. 1922 жылдың шілдесінде облнарсудтың нұсқауымен Лепсі және Талдықорған уездеріне инструктор ретінде іссапарға шықтым, сонымен қатар маған осы уездердегі тергеу-сот қарарлары мен қордаланған істерді шешуге кеңес беретін қосымша сот міндетін де жүктеді. Қыркүйек айында Совнарсуд пен Облпрокурордан менің Лепсі уезінің прокуроры көмекшісі болып тағайындалғаным жөнінде қатынас қағазы келді. Содан 1925 жылдың ақпанына дейін сол қызметте болдым. Осы жылдың сәуір айында облпрокурор Губерниялық соттың кассация бөліміне прокурор көмекшісі қызметіне Алматыға шақыртты. Қаражаттың тапшылығынан және ден-саулығымның болмауына байланысты мен Алматыға жете алмадым. 1925 жылдың 6-қарашасында қызметтен босатылдым.
Алматы қаласы. Б. Маметов
Қандай да себептерді арқау еткенімен бұл қадамы Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқан боп саналғаны айдан анық. Көзі ашық, кәсіби білікті адам тектен-текке бұндай тәуекелге бармасы да аян. Сөйтіп Мәметов Базарбай қазіргі Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылының төңірегіндегі Бастаушы деген жерде сегіз бөлмелі ағаш үй тұрғызып, шаруашылықпен айналысады.
...Сонымен 1928 жылы Өлкелік Комиссияның Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі бар, барлығы 11 адам қуғын-сүргінге ұшырайды.
Өлкелік Комиссиясының мінездемесі мен Алматы өлкелік ОГПУ-ының әлеуметтік-қауіпті элементтерді тіркеу меморандумына зейін қоялық:
«Маметов Базарбайдың шыққан тегі - Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Көктерек болысы, Балқаш-Лепсі ауылында (Бөрібай ауданы) үстемдігі жүрген ірі қазақ байы. Отбасы - бес адамнан тұрады. Екеуі еңбекке жарамды. Дерек бойынша 400 бас қой, 72 ірі қарасы бар (жалпылай ірі қара түрінде алғанда 152 бас). Тізімге 7 қой және 26 бас ірі қара ғана тіркелген, қалған малын Мұхаметов Мұхамеджан жасырып отыр. Сонымен қатар екі үй, екі бричкі мен дрожжі, соқа және тағы басқа шаруашылық саймандары меншігінде. Екі кедей шаруа отбасын ағайын деп бүркемелеп, еңбегін тамақтан асырмай қанаушылықпен ұстаған.
1917 жылы «Алаш» партиясы құрылған Орынбордағы Жалпықазақ съезіне делегат, одан Шора-Ислам съезінің делегаты, «Алаш-Орда» жасырын ұйымының мүшесі, «Алаш-Орда құрылтайшылар жиынының мүшесі, «Алаш-Орда» Кеңесінің мүшесі және іс басқарушысы болды. «Алаш-Орданың» екі отрядын жасақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон бастығы болған.
Кеңес өкіметі кезінде бірталай лауазымды қызметтер атқарды, соның ішінде: губерния прокуроры, осы тұста қазына мүлкін талан-таражға салып, көптеген басқа да қылмыстар жасады. Қастандық пиғылмен жалған деректер таратып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлт-аралық наразылықты тудырған.»
Кеңес өкіметі Мәметов Базарбайдың университет бітіргеннен кейінгі өмірбаянындағы атаусыз қалған тұстарын бетіне басып, оны нағыз қаншеңгелді қаскөй қатарына жатқызып, сірә, кезінде қызметтен бас тартқанын кешірмеген тәрізді. Осы орайда оның Өлкелік атқару комитетіне жолдаған жеделхатына зер салайық:
«Не қызметімен, не рулық дәрежесімен ерекшеленбеген, тасыған байлығы жоқ кедей отбасының баласымын. Ақ патша тұсында кездейсоқ сәті түсіп оқуға ілігіп, оны ақпан революциясынан соң аяқтадым. Кеңес өкіметі кезінде алты жыл сот-тергеу органдарында істеп, денсаулығыма байланысты жұмыстан босадым. Совнаркомның 30-тамыздағы ұйғарымына сәйкес шаруашылықпен айналысамын, қарамағымда ірі қараға аударғанда 30 бас мал бар, ал мені соған қарамастан Совнарком КазЦик-нің 27-тамыздағы қаулысына таңып: ірі байлардың тізіміне кіргізіп, билер мен сұлтандардың ұрпағы санап, дүниемді тәркілеуге жатқызған.
Ешқандай қаулысыз, қылмысты іс қозғалмастан, аудандық милиция бастығының нұсқауы бойынша: 19-қыркүйекте Көктеректе ұсталдым. Ірі байларға қатысты Совнарком КазЦик-і қаулысының маңызын ауылдардағы кедей, орта қолды шаруалар мен «Қосшы Одағы» мүшелері арасында талқылау мақсатында конференция өткізілген. Кейбір жергілікті уәкілдер мен жанама комиссия мүшелері өздеріне берілген өкімет өкілеттігін асыра сілтеп, конференцияға қайшы пікір білдірмек болғандарға тиым салды. Мені әкімшілік қыспаққа алып, тізімдегілерді тұтастай тәркілеуге дауыс беруімді талап етті.
Әр тұлғаға жеке дауыс беру туралы жиын ұсынысы қанағаттандырылмады. Тәркіленуге жататын ірі байлардың тізіміне менің енгізілуім қателік деп санаймын. Ақтар мен патшалық режимге қызмет еткем жоқ. Тіпті, шыққан тегім мен тұрмыстық ахуалым да күмән тудырмайды. Сондықтан Совнарком КазЦик-нің қаулысындағы бір де бір пунктке менің жағдайым жанаспайды. Керісінше, комиссияның кейбір өкілетті мүшелерінің іс-әрекеттері заңсыз, Кеңес өкіметінің негізгі құқықтық қағидалары бұрмаланған. Осыған орай мені қамаудан босатып, ірі байлардың тізімінен шығарып, мал-мүлкімді тізімдеуді тежеуін сұраймын. Қисыны келсе, маған қатысты мәліметтер Каз.Совнаркомда қаралса.
Мәметов.
Енді, тәркілеу мәселесі бойынша Каз ЦИК-тің 1928 жылғы 30 қыркүйектегі парткомиссия отырысының хаттамасын алып қарасақ онда: «Мәметов Базарбайдың Каз ЦИК-тің тәркілеу жөніндегі Декретінің дұрыс қолданылмағаны туралы және істің басы ашылғанша дүние-мүлкін тәркілеуді тоқтата тұруды сұраған жеделхаты тыңдалды» делінген де, «Қанағатсыз қалсын» деп қаулы шығарылыпты.
Сонымен Мәметов Базарбайға: «Сіздің ұсынысыңызды комиссия мақұлдамады, тәркіленіп және жер аударылуға жатасыз.» деген шешім шығарылады, Атақты 58-ші баптың небір тармақтары бойынша айыпталып, қыруар малы бар қанаушы тап өкілі деп танылып және «Алаш-Ордаға» сіңірген еңбектері бетіне басылып, ОГПУ қарамағындағы Алматы түзету үйіне қамалады. Дүние-мүлкі тәркіленіп, сотталып, бала-шағасымен жер аударылады.
Енді «Жетісу» энциклопедиясындағы Мәметов Базарбайдың ғұмырнамалық дерегі ішінен, осы баянымызды толықтыратын мәліметтерге жол берейік: «...1916 жылы 25 маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу, артта қалған отбасыларына қамқорлық жасау жөнінде Қазанда оқып жүрген бір топ қазақ жігіттері алаш жұртына ашық хат жазды («Қазақ» газеті, 1916 ж., 15-қыркүйек, № 201). Ашық хатқа қол қойғандар арасында Мәметовте бар. Бұл хатты сол кезде Мәскеудегі «Земский союздің» бас комитетінде қызметте жүрген Ә. Бөкейханов қолдап, құптаған. Мәметов 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Алаш қозғалысына белсене араласты. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен 1-Жалпықазақ съезіне Жетісу облысының өкілдері қатарында қатысты. Съезд Мәметовті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының депутаттығына Жетісу облысынан кандидат ретінде тізімге енгізді, әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шура-и-исламға) өкіл етіп сайлады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-Жалпықазақ съезінде Кеңеске 8 адамның бірі болып тікелей мүшелікке өткен. 2-Жалпықазақ съезінің шешімімен 1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейханов халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатымен Семей қаласында капитан Х. Тоқтамышов басқарған 1-Алаш полкін ұйымдастыруға Алаш басшылары Х. Ғаббасов, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаевтармен бірге Мәметов те белсене араласты. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысының 2-қазақ съезінде жергілікті Кеңес мүшелігіне сайланады. Азамат соғысы жылдарында С. Аманжолов екеуі Жетісу қазақтарына көмек қорын құрады. «Большевиктермен байланысы бар» деген желеумен Алашорда үкіметінің мүшесі, Лепсі көмек комитетінің төрағасы қызметінде жүрген ол Колчак үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. Жетісуда Кеңес өкіметі орнаған соң, 1928 жылы жалған жаламен тұтқындалып, отбасымен түрмеге қамалады. 1931 жылы Саратовқа жер аударылады...»
Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының 1 – бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандарына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәметов Базарбай ақталды.
«Қатарыммен қоса неге атылып кетпеді екем?!» деген екен бір кезде тірі жүргеніне налыған Базарбай Мәметов. Енді міне, елі мен жері жаңарып, соңындағы ұрпағы ол көксеген арманға жетті. Шындық бетіне ақ таңдақ жағылған заманнан да өттік. «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендер - әділет таңы туғалы «өз көгіне» қайта көтеріліп, халқының шамшырағына айналып жатыр.
Заман Төлеуов
Дереккөздер:
- Каз ЦИК-тің 1928 жылғы 30 қыркүйектегі парткомиссия отырысының хаттамасы
- 1928 жылғы Өлкелік Комиссияның Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі
- Өлкелік Комиссиясының Мәметов Базарбайға берген мінездемесі
- Алматы өлкелік ОГПУ-ының әлеуметтік-қауіпті элементтерді тіркеу меморандумы
- Мәметов Базарбайдың Өлкелік атқару комитетіне жолдаған жеделхаты
- Мәметов Базарбайдың ОГПУ тергеушісіне жазған өмірбаяны
(Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы)
- «Жетісу» энциклопедиясы
- («Қазақ» газеті, 1916 ж., 15-қыркүйек, № 201).