Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Мен көрген алғашқы ғарышкер

Blogs

28.04.2020
7644

Мен көрген алғашқы ғарышкер

Мен көрген алғашқы ғарышкер

1963 жыл 19 маусымы күні Кеңес одағының телеграф агенттігі (ТАСС): 19 июня 1963 года. Космический корабль «Восток-5», пилотируемый Быковским В. Ф., совершивший самый длительный одиночный полёт в мире после пятисуточного полета совершил мягкую посадку вблизи с. Каратал Айыртауского района Северо-Казахстанской области, - деген жаңалығы әлемге тарап жатты.

 

КСРО-ның үшінші космонавы В.Ф. Быковский ғарыш сапарын Қаратал ауыл іргесінде аяқтауы ауыл үшін елеулі уақиға болды. 

 

Сол күні ауыл тұрғындары күнделікті күйбең шаруасымен айналысып жүрген болатын. Мен де үйдің жанында жүр едім, әуеде жарылған дауысқа селт ете қарасам, әлдебір үлкен дене түтінін соңынан шұбатып ауыл іргесіне құлағанын көрдім. Сол кезде үйлерінен шошына шыққан жұртшылық «не болып қалды» деп у-шу болып жатты. Осы кезде біреудің «аспанға қараңдар» деген дауысына елең етсек, әуеден тағы да парашют түсіп келе жатты. Ауыл адамдары парашют түскен жаққа шұбыра жөнелді. Менің бала кезімде есімде қалған осы тарихи сәт көкірегімде осылай жатталып қалды!

 

Бүгінгі күні ауылдастар ғарышкер қонған күнді жиі еске алып әңгіме-дүкен құрып отыратыны бар. Осындай сәттің бірінде ауыл ақсақалы Сапар Болатұлы ғарышкер қонған күнді еске алып былай деп баяндаған еді:

 

- Мен жоғары сыныптың оқушысымын. Жазғы демалыс. Ол кезде ауыл балалары уақытты текке өткізбей совхоз жұмысына араласып, ақша тауып ата-анамызды мәз қылатынбыз. Өзім кеңшардың қой қырқымына қатысып жүрмін. Маусымның 19-ы, күн шайдай ашық. Жұмыс қызу жүріп жатқан кез еді, осы кезде әуеде жарылған дауыстан шошып кеттік, өйткені ол кезде қытаймен арамыз ұшыққан кез болатын. Қарасақ үлкен қара шардың түтіні шұбалаңдап ауыл іргесіне құлағанын көрдік. «Ауылдың үстіне құламағаны абырой болды» деп жатты кісілер. Және оның үстіне әуеден парашют түсіп келе жатты. Жұмыс басындағылар жұмыстарын тастай сала парашютист түскен жаққа жаяулай-жалпылай ағылды. Мен де велосипедіме міне сап парашют түскен жерге зуладым. Жерге құлаған зат ғарышкер отырған кеме екен деп топшыладым. Оған көңіл бөлмей парашют түскен жерді іздеп едім, ол Уақ – Заря ауылының зиратының жанына түсіпті.

 

Мен жерде жатқан ғарышкерге жан ұшыра жетіп, скафандырды шешейін деп едім, шамам жетпеді, осы кезде ауыл механигі Тұрсын Мақышев пен механизатор Елубай Тажин келіп, машинадан түсе сала алдымен ғарышкердің басындағы шлемді ағытып «сәл болмаса тұншығып қалады екен» деп жатты. Сосын үстіндегі комбинзондарын шешті, мен де көмектесіп жүрмін, содан соң космонавты демеп орнынан тұрғыздық. Ол тілге келіп, өзінің қай жерге қонғанын сұрады. Тұрсын ағам: «Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Қаратал ауылы...» деп мән жағдайды түсіндірді. Қарасам ауылдың адамдары ғарышкерді қоршап алыпты. Ғарышкер ауылдастарыммен амандасып, олармен емен - жарқын сөйлесіп жатты. Осы кезде әскери адамдар келіп ғарышкерді қоршап алды. Быковский В.Ф. орнатып берген телефон желісі арқылы Ұшу басқару орталығымен байланысып:

 

- Ұшуды аяқтап, Айыртау ауданы Қаратал ауылына аман - есен қондым,- деп есеп беріп жатқанын, сондай-ақ Батырды ЦК КПСС бірінші хатшысы Никита Хрущев жылы ықыласпен құттықтағанын естідім, ғарышкердің риза болған жүзінен мен осындай ұлы оқиғаның куәгері болғаныма қатты толқыдым...

 

Сәлден соң ғарышкер халықпен қоштасып, тікұшаққа отырып ұшып кетті. Сол жерде қалған ғарышкердің парашютінен халық ескерткіш болсын деп кесіп алып жатты. Біраздан соң әскери машиналар келіп шарды да, парашютті де алып кетті.

 

Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінен Көкшетаудың обком комсомолының пленумында ғарышты бағындырған ұшқыш- ғарышкер В. Ф. Быковскийдің құрметіне өзі қонған Қаратал ауылына обелиск орнатуға шешім қабылдағанын оқыдым. Келесі жылы Ленинград (қазіргі Петербург) қаласынан келген студенттер ғарышкер қонған жерге обелиск - ескерткіш орнатты

 

Мемориалды ескеткіш кешенінің ашылу салтанаты 14.08. 1967 жылы болды. Бұл құрметті шара одақ көлемінде атап өтілді, оған ғарышкердің өзі келіп қонақ болды. Тұрсын ағам келген қонақтарға ғарышкерді қалай қарсы алғанымызды айтты.

 

Бүгінгі күні Быковский В.Ф арналған мемориалды кешен ауылдың қонақтарға көрсететін қастерлі орнына айналды.

 

Расында Тұрсын Мақышев пен Елубай Тажин ғарышкердің аман қалуына септігі тиді деп ойлаймын, - деген еді Сапар Болатұлы.

 

Осы аталмыш жағдай туралы сол кездегі ауылдық кеңестің хатшысы Үмітжан Мусинаның да естелігі жадымда:

 

- 1963 жылы ауылдық кеңесте хатшы болып істедім. 19 маусым күні жұмыста отыр едім, көше жақтан кісілердің дабырлаған дауыстарын естіп, есік алдына шықсам ауыл шетіндегі шоқ ағашқа аспаннан құлап келе жатқан зымыранды және парашютпен түсіп келе жатқан адамды көрдім. «Бұл не болды?»,- деп ойланып қалдым. 14.06.1963 жылы радиодан КСРО-ның ғарыш кемесі ұшырылғаны туралы хабар еске түсті, бірақ ғарыш кемесі біздің ауылдың маңына қонады деп мүлде ойлаған жоқпын.

Болған жайды жоғарғы жаққа баяндау үшін кеңсенің ішіне кіріп едім, телефон шылдырлап қоя берді. Құлағын ұстап едім, қоңыр дауысты ер адам:

 

- Мәскеу қаласынан Королев Сергей Павловичпін, кіммен сөйлесіп тұрмын, - деді.

 

- Қаратал ауылдық кеңестің хатшысы Үмітжан Мусина, - дедім.

 

- Қаратал ауылына ғарышкер В.Ф. Быковский қонды деген хабар алдым, ол ауыл қай жерде орналасқан, - деген соң:

 

- Қаратал ауылы Володаровка (қазір Айыртау) ауданы Көкшетау (қазір СҚО) облысындағы елді мекен, - дедім.

 

- Қазір арнайы кісілер барғанша сіз ғарышкерге көмек жасауды ұйымдастырыңыз, - деді.

 

Межелі жерге жетсем Тұрсын Мақышев, Тажин Елубай, Сапар інім ғарышкермен сөйлесіп отыр екен. Оларды айнала қоршаған ауыл адамдары. Мен ғарышкерге «Мәскеуден С.П. Королев сөйлесті, сізге көмек жіберіпті», - дегенде оның көңілі жайланды.

 

Артынан С.П. Королев (12.01.1907–14.01.1966) КСРО - ның ғарыш саласын ұйымдастырушылардың бірі екенін білдім», - деген еді.

 

Әлемнің бірінші ғарышкері Гагарин Ю және одақтың екінші ғарышкері Титов Ресейге қонған болатын. Ал Одақтың үшінші ғарышкері Быковскийдің Қазақ жеріне оның ішінде Қаратал ауылына қонуы ел үшін елеулі уақиға болды. Анам Гүлбаһром «Қаратал - киелі жер» деуші еді, рас болғаны ғой!


Share:      
Leave a comment: