Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Нартай Ескендіров: Қазір шығармашылық бәсеке бар

Blogs

03.10.2019
5832

Нартай Ескендіров: Қазір шығармашылық бәсеке бар

Нартай Ескендіров: Қазір шығармашылық бәсеке бар

Сынның естілерді ізгі ететін, ессіздерді күлкі ететін күшін қазақ халқы қадірлеген. Осыған байланысты біз де бүгін “Өнертану” PhD докторы, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің доценті, театр сыншысы Нартай Рамазанұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз...

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Нартай Рамазанұлы, қойылымды қойған кезде классик-драматургтің мәтінінің түпнұсқасын көбірек сақтаған шеберлік пе, әлде қоюшы режиссердің өз интерпретациясын көбірек қосқан шеберлік пе?

 

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Режессура XIX-ғасырда дамыды. Оған дейін антикалық кезден бастап, режиссердің орнына актерлер, театр директорлары болған. Олар театрға демеушілер іздеп, бәрін өздері ұйымдастырды. Пьесаларды олар автордың идеясы бойынша қалай бар, солай қойып жүрді. Андре Антуан, Жорж Питоев, Луи Жуве, Гостон Бати, Шарль Дюлендер келіп театрды дамытты. Спектакльдердің көркемдік деңгейі өсті. Проблемаларды анықтап алып, көрермендерге біздің алдымызға жан- жақты ашып көрсетті. Ол көрермендердің деңгейіне де байланысты. Иә, бұл күрделі сұрақ! Бұл жерде әркімнің өзінің деңгейіне де байланысты. Егер ол режиссер Еуропаның да, Азияның да жанрлар теориясын біліп тұрса, түпкі «стерженін» құртпай, жақсылап тарқата білсе және өзінің идеясын қосып біртұтас шығарма беріп жатса, жақсы деп қабылдаймыз. Қазір де пьеса қалай жазылса,  солай қоя салатын режиссерлерді де көп байқаймыз. Әсіресе, магистратураны оқи салып немесе тіпті бес жыл оқығанымен деңгейлері әлсіздер кездеседі,  актерліктен режиссерлікке аяқ астынан, жарты жолдан бет бұра салатындары бар. Олар жалпы көркемдік құндылықты түсіне бермейді. Театрда режиссер не үшін керек? Олай болса «не үшін бес жыл оқу оқиды?» - деген сұрақ туындайды. Режиссураның тарихы мен теориясын терең игермегендер. Режиссер мамандығы «Жалынан ұстата бермейтін» оңай игеретін мамандық емес. Театрда режиссер жалпы тұтастықты көреді. Сахна декорациясы, дәуіріне сай костюмдер, реквизиттердің ойнауы, актерлердің сахнадағы мизансценасына, әрбір қимыл қозғалысына жіті назар аударады, сахнамен жұмыс жасайды. Пьесаның айтар астарына көңіл бөліп, бүгінгі күндегі қоғамдағы күрделі мәселелерді трактовкалайды. Мысалы, Әзірбайжан Мамбетовтың режиссурасы қандай мықты болатын, әрбір детальға көңіл бөліп, актерлердің шеберліктерін ашатын. Сол кездегі үлкен-үлкен мәселелерді көтере білді. Онан кейін де Бәйтен Омаров, Маман Байсеркенов, Жанат Хаджиев, Әубәкір Рахимов, Нұрқанат Жақыпбай т.б. қазақтың ұлы режиссерлері қаншама жақсы дүниелерді қойды. Олардың дәстүрін жалғастырушылар Гүлсина Мерғалива, Дина Жұмабаевалар, Фархатбек Қанафин, Есләм Нұртазин, Айдын Салбан, Фархат Молдағали қазір өз шығармалары арқылы халыққа кеңінен танылып, спектакльдерін өзіндік көзқараспен қойып келе жатыр. Кейбір режиссерлеріміз Еуропадан, Ресей театр спектакльдерінен қайталау жасап  жатса да, бұлар жаңа көзқараспен қойып жатыр. Ұлттық дәстүр мен жаңа «мектеп» қалыптастырып келеді. Көрермендер деңгейін асырып, олардың санасына ой салып жатса жақсы. Классик-драматургтердің  мәтінінің түпнұсқасын қысқартып тастап жатқандар көп, есімдерін атамай-ақ қояйын. Құр көшірмесін қайталап қоя салып жатқандар да бар. Онда режиссура не үшін керек дейсіз? Режессурасыз театр алға жылжымайды, дамымайды! Олар бір-бірімен тікелей байланысты.

       

Мұрат Қолғанаттың “Қуыршақ” пьесасын моноспектакль ретінде Тұңғышбай Жаманқұловтың ойнауымен қуыршақ театрында қойылған. Айдана Аламанның «Жүрегімнің иесі» пьесасы Мұхтар Әуезов театрында жас режиссер Әридаш Оспанбаеваның режиссурасымен қойып жатыр. Әннәс Бағдаттың “Рух” пьесасы, “Достар серті” мюзиклі “Ертөстік”-тің инсценировкасын жасады, “Жыр-жолбарыс” деген пьесасы қойылды. Жазушы- драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың «Әріптер әлеміне саяхат» пьесасы Ғ.Мүсрепов ат.Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында С.Қарабалин режиссурасымен сахналанған, келесі «Жеті ойыншықтың жеңісі» деген ертегісі Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық драма театрында қойылды. Режиссері Әділет Ақан. Отыздағы орда «бұзар» драматург  ұл -қыздарымыз осындай игі істер істеп жатыр.

       

Сіздің әр сұрағыңыз, әрқайсысы бір-бір мақағалаға парапар. Бұл үлкен мәслелелер туралы тіпті 30-40 беттен жұмыстар жазуға болады.  Қойылымды қойған кезде классик-драматургтің мәтінінің түпнұсқасын көбірек сақтаған шеберлік пе, әлде қоюшы режиссердің өз интерпретациясын көбірек қосқан шеберлік пе? – деген сұрағыңыз өте орынды. Ең бірінші ол режиссердің талғамы мен парасатына, білім деңгейіне байланысты. Пьесаны түбегейлі өзгерткен немесе екі немесе үш шығарманы араластырып жіберетіндерге қарсымын, тек бір классикалық пьесаны жаңаша трактовка жасай алған режиссерлерді қолдауға болады. Мысалы, Ф.Молдағалидың «Қаракөзін» айтуға болады.  Трагедиядағы Сырым бейнесі арқылы, өз басын алып қашатын бүгінгі кейбір жігіттердің бейнесін көрсете білген т.б детальдарды жаңа қырынан көрсеткен. Жалпы, драматургия ешқашан өлмейді! Біраз мызғып алуы мүмкін. Дайындық алдындағы кезең секілді. Бірақ, өлуі мүмкін емес!

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Нартай мырза, өткенде Жастар театрында “Айман-Шолпан” премьерасы өтті. Алайда, бұл 90 жыл бұрыңғы материал. Неге XIX-ғасырда жазылған премьераға лайықты пьсалар соншалықты аз, әлде драматургия өлі жанр ма?

 

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Сіз өте дұрыс айтасыз! Ауқымды, проблема көтеріп айтатындай сұрақтар екен. Бұл проблема қалай дегенмен біздің де айта-айта жауыр болған мәселе болып тұр. Біріншіден, иә, “Айман-Шолпан” премьерасы- деген атына бола көруге келмейтін көрермендер бар. Көрермендерден өзім де кейде сауалнама жүргіземін: қандай спектакль көргіңіз келеді?» деп сұрап жүремін. “Ой, «Айман-Шолпан» ба? Сол баяғы байғұс “Қарагөз” бе? Мен оны ана қалада, мына қалада, немесе мектепте оқып жүргенде көргенмін, қайта-қайта көре беремін бе?” деп жатады. Дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда айтылмай жүрген проблемалалар көп. Кеңестік заманда көптеген театрлар идеологияға сәйкес құрылған болатын. Дін мәселесін екінші қатарға қойды. Байларды жаман қылып көрсету алда тұрды.

      

 Екіншіден, бүгінгі театрда жастар да, үлкендер де бар, жоқ емес. Үлкендер де бүгінгі заманның да тақырыптарын көтеріп жатыр. Саннан сапа шығады деп сенеміз. Не нәрсе болса да, бірден бола қоймас. Ақырын-ақырын түзеліп келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері ұрпақты тәрбиелеу мақсатында тарихи шығармалар да көптеп қойылып жатыр. Барлық театрларда да батырлардың ерлігін рух берердей етіп қойып жүр. Ал енді негізі “Айман-Шолпандарды” тым жиі қойып керек емес деп есептеймін. Бұның премьерасын барып, өз көзіммен көрдім. Нұрқанат Жақыпбайдың режиссурасымен қойылды. Ол кісінің ауыз толтырып айтатын жұмыстары көп. Мысалы, “Ревизор”, “Асауға тұсау”, “Қыз Жібекті” қойған болатын. Жастарға арнап темпоритмге қойған шығармалар. Онды шығарма, тек бір кемшілігі Жібектің құрбысы Дүрияны көкпарға қатыстырып, ол бірінші орын алып жеңіп келеді. Бұл турасында мақала жазып, айтқан да болатынмын. Біз енді бұған қосылмаймыз, бұрын «Көкпарға» тек ер адамдар қатысқан. Тіпті, «әйел адамдар алыстан, не болмаса бармайтын да»- деген тарихи деректер бар. Өскелең ұрпақты олай шатастырмау керек. “Айман-Шолпан” секілді спектакльдер әбден жауыр болғанымен, маңызды керек шығармалар ғой. Бүгінгі таңдағы Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабай, Роза Мұқанованың жақсы драмалық шығармалары бар. Жастарды енді жоғарыда атап шықтым. Жас драматургттерге арналған байқауларда жүлделі орын алып жүргендердің шығармаларын іріктеп, режиссерлер сахнаға алып шықса деген ұсынысымыз бар. Әйтпесе, барлық театрлар бір-бірін қайталап қоя береді. Бүгінгі қөзқарас, өзгеріс керек. Бір қалада екі театр болса, бір-бірінен қалыспай қайталап қойылатын классикалық спектакльдер «Шаш-етектен» асып жығылады. Сондықтан белгілі бір театр сахналаса, екіншілері қайталамай белгілі бір кезең қою қажет.  

       

Жақын арада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әділхан Асанов деген шәкіртіміз “Мұңлы Арлекин” пьесасын жазып, Айзат Қыдыралиеваның бастамасымен “Таға” деген жекеменшік театрда сахналаған болатын. «Режиссура»  бөлімінде оқитын Нұрлан деген 4-курс студенті режиссер болып, жастарды тартып, қатыстырды. Қарағандыда өткен премьерасында Кеңес Нұрланов деген талантты актер ойнады. Жас режиссер, драматургтердің шығармалары сахналанып жатқаны көңіл тойдырады.  Тағы Олжас Жанайдаров деген драматург бар. “Бір, екі, үш”, “Жұт” т.б.- деген қойылымдары қойылып жүр. Драматургия бойынша театр лабораториясын ашқан болатын. Драматургтер тәрбиелеп, көптеген шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Тапсырысқа жазып жүргендер де бар. Жалпы біраз жұмыстар жасалынуда, мен «жоқ» деп айта алмаймын. XIX-ғасырда жазылған премьераға лайықты пьсалар аз емес, тек драматургия жанрына әліде болса мемлекет жағынан қолдау аз болып жатыр демекпін. Әсіресе қаламақы мен кітап қылып басып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылуы қажет. Әлемдік классикалық, заманауи пьесаларды аудартуға да ақша мен мамандар жетпей жатыр. Әр режиссер өзі, немесе театры өз ақшаларына аудартып сол жерде қалып кетіп жатыр. Бірінші кезекте осы мәселелерді шешкеніміз абзал. Және сол драматургтердің шығармаларын жас режиссерлерге театрларға сахналатуға кедергілер кездесіп жатыр.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Театр өнері – көне өнер, ол өнер XXI-ғасырда керек болады ма екен? Кино, телеарна және ғаламторға бәсеке бола ала ма?

 

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Театр өнері адамзат пайда болғаннан бастап, ойын түрінде болса да өмір сүріп бастады. Театр көктемін қазір театр күні деп 27-ші наурыз тойлап жүрміз. Ежелгі Грек елінде театр VI – ғасырда 534 жылы көктем кезінде пайда болған. Фесфит деген драматургтің шығармасы қойылған екен. Бірақ, ол бізге жетпеген. Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан деген грек драматургтерінің шығармалары жеткен. Табиғи факторларға байланысты көп өзгерістерге душар болған. XIX – ғасырда кино, телеарна пайда болғанға дейін театр бірінші орында тұрды. Дегенмен, XIX – ғасырда режиссура, театр, кино режиссерлері келді ғой. Олар өз көрермендерін тапты. Кинода түсірілімді бір рет қалай түсіреді, солай мәңгіге қалады. Дубляж да да солай. Ал театрда өзгеріп, жаңарып тұрады, дамиды. Әркезде де өзінше жаңаша тыныс ала бастайды.

         

Бірақ та, театр өзінің әдемілігімен, сезімдерімен адамды жаулап алады, жылатады, күлдіреді, емдейді, ойландырады, тазартады. Аристотельдің Поэтикасында да «Катарсис» яғни тазарту туралы айтылады. Қазір біреулер “Театр үйретпеу керек, өйтпеу-бүйтпеу керек, оның мұндай функциясы болмауы қажет!” деп айтатындар бар. Театр болғасын әр-түрлі жанрлар бар, сондықтан ол заңды құбылыс! Және оны режиссердің талғамына қарай сахналануында. Әрине, театр – жанды өнер болған соң, берері, әсері көп. Сондықтан, театр ешқашан өз көрермендерін жоғалтпайды, және өз театрал көрермендері көп.

       

Мәдениет, Қазақстан, Хабар секілді телеарналардан бірнеше спектакльдарды берген болатын. Бірақ, театрдың өзіне барып көргендей болмайды. Атмосферасы, жарығы, табиғаты өзін көзбен көріп, сезінгенде бәрі басқаша. Ақпараттандыру, жарнамалау жағы тым нашар болып тұр. Театрда не болып жатқанын көрермендер  біле бермейді. Білсе де, қайталай беретін пьсаларды көргісі келмейді, олар жаңа дүниелерді іздейді. Бір спектакль ұнамай қалса, келмей кетеді. Көрермендерді жан-жақты тарту қажет.

 

Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” қойылымын Болат Атабаев Әуезов театрында қойған. Қазір Құралай Қалекетқызы аса жоғары деңгейде “Қуыршақ” театрында қойып шықты. Сол спектакль балаларға көп нәрсені айтып, көрсетті. Ауыздарын ашып тыңдап, қарап отырды. Балаларды осылай тәрбиелеу керек! Театр қай заманда да өлмейді, тек дами түседі. Керсінше “Театр көбейген сайын, түрме азаяды” деп бекер айтпаған болар.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Осыдан 25 жыл бұрын театрдағы «академизмен» күрес басталған еді. Неге сол күрестің нәтижесінде сыншылар мен жалпы ел бір ауыздан мойындайтын көптеген әрі жарқын заманауи жауһарлар (шедевр)   әлі пайда бола қойған жоқ? Әлде жаңа заманның Әуезовы мен Майлинін тағы да 25 жыл күту керек пе?

 

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Академизм дегенде, қазір жанрлардың барлығы араласып, қосылып кетті. Романтизм, сыныи реализм, неореализм, абсурд, символизм, экзистентализм, постмодернизмге дейін келіп отыр. Не нәрсенің болсын “рецепті” болады дейді ғой. Өнер – шексіздік! Әуезов, Майлиндерден де басқа біз көп драматургтерді, пьесаларды біле бермейміз. Біраз саяси тақырыптарды қозғаған шығармаларды шығара алмай отырмыз. Әкім Тарази, Роза Мұқанованың пьесаларында қазіргі заманның проблемалары жақсы көрсетілген. Неге өз драматургтерімізді білмейді, әлде менсінбейді ме? Оқымай жатқан секілді. Сондықтан, режиссерлер сахнаға алып шықпай жатыр. Көз үйренген батырлар туралы шығармаларды ғана айналып келіп қоя береді. Аударма мәселесінде де проблемалар көп. Кітаптарды шығару, мемлекеттік деңгейде тарату жағы жақсылап қолға алынбаса, өте қиын. Арнайы менеджерлер керек. Таралуы жағынан сатып алса, бір-екі театр ғана алады. Жастарға қаламақы тіпті төленбейді, тек мемлекет ұйымдастырған жылына бір рет өткізілетін конкурстар болмаса. Сахнада қойылса да жақсы. Танымал драматургтердің пьесасын қойған соң, келесі театрға қоя салу үшін сатып алып жүргенше, алып қоя салған бұларға жеңілірек. Оларға «тірі» драматургтен гөрі «өлі» драмтургтің шығармасын ала салған ыңғайлы болып тұр. Қаламақысын, налог төлеп жүргенше. Авторлық құқық деген бар. Бізде көп нәрсе жолға қойылмаған. Жалпы жүйе, тіпті осыған арналған орталықтар керек.  Әрбір театрға бір-бір менеджерлерді бекіту керек. Қаншама аударылмаған кітаптар да бар. Оларды аудармашылар  «көз майын» тамызып аударады, өздері таратады. Барлығына өз ақшалары кетеді, ол ештеңені де ақтамайды. Үкіметтен осының бәрі қолға алынса екен. Сайттар да дұрыс жұмыс жасамай жатыр.

      

Шетелде “Кароль лев” қойылымын күніне таңертең, кешке екі рет қойылады. Оны көруге көрермендер айлап кезекте тұрады. Біз сондай деңгейге көтеріліп, көрермендерді де солай қызықтыра білуіміз қажет. Негізі біздің мәдениеттің қай саласын алсаң да кенже қалып жатыр. Тек балет пен операға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Драма театрларында бәрі жұпыны. Актерлердің жалақысы да өте-өте аз. 70-80 мың алады, «Мен» деген ең атақтыларының өзі азар болса 120-150 мың алуы мүмкін. Ал театрға жаңадан орналасқандардың өзі де 50-60 мың теңге алады ғой. Олар театрда таңнан кешке дейін жүреді. Драматургтердің жазған пьесаларына да ешкім ақша төлеп жатқан жоқ. Біз - театртанушылар жазамыз, оны кітап қылып шығарамыз, таратамыз – бәрін өз қаражатымызға жасатамыз. Бұрын Кеңестік заманда  әр мақалаға ақша төлейтін, санаторийлерге «жаз» - деп жағдайын жасап, мемлекеттің өзі жіберетін. Адам еңбегін бағалай білу керекпіз. Біздің елде осы жағы дұрыс қарастырылмаған.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Шекспирді Әлем таниды, өз заманында Станиславскийді әлем таныды, Ефремовты (үлкені) да әлем таниды. Неге қазақ драматургтерін, әсіресе бүгінгі қазақ дарамтургтерін әлем тұрмақ, өзіміздің 18 000 000 көрермен, оқырман тани қойған жоқ, білмейді?

 

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Бізде Мәмбетовты таниды. Сол заманда көбісі Мәскеуден біліп алып келетін. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол дәстүр үзіліп қалды. Қазір қайта қолға алынып жатыр ғой. Режиссер Жұлдызбек Жұманбай тағы бірнеше режиссер, актерлеріміз барып оқып келді. Кәсібилікті арттыру бойынша барады, Мәскеудегі актер, редиссерлерді дайындайтын «жазғы мектептерге» де барып жүр. Театр қайраткерлері одағына Үлкен бір ғимарат салып, ішінде өз дербес театрлары да болса, сол орталықта осы мәселелер бойынша жұмыс жасайтын театртанушылар отыру керек. Оларды облыстық театрларға жіберіп тұрса, айтқандарын жүзеге асырса. Айтқандары заңды күшке иеленсе. Әйтпесе, айтылған жерінде қалып қояды. БАҚ-мен жұмыс жасауымыз керек. Телеарналарда театрға қатысты бағадарламалар ашылса. Арнайы билет беріп, кішкентай балалардың да осы кезден бастан қызығушылықтарын оятсақ. Ұтыстарда, ойындарда, жалпы ынталандыру ретінде театрға билеттер берсе.  Бұл – бүгін өзекті болып тұрған сұрақ! Нарық заманында осы мәселелер маңызды. “Көкейдегі көріктен, базардағы нарық қымбат” дегенге келіп тұр. Біріншіден, драматургия – күрделі жанр. Драматургетеріміздің ақысы лайықты төленсе, ал режиссерлеріміздің әлі де кәсіби деңгейін көтеруіміз керек. “Театр қайраткерлер одағы” деген Мәскеудегі сияқты арнайы орталық ашсақ. Бізде де Алматы да болған. Кеңес үкіметі «құлаған» кезде ол ғимаратымыз  сатылып кеткен. Өкінішке қарай, қазір жоқ! Олардың бәрін ТҚО басқарып, жүйелеп, қадағалап отыратындай, “Ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс” болатындай, айтқандары орындалатындай болуы керек қой. Әйтпесе, бізде әкімдерге ғана бағынады. Жергілікті бәленбай-түгенбайдың әкесі, атасы туралы шығармаларды көріп жүрміз. Бір өкініштісі де осы болып тұр ғой! Сондықтан осы жағын дұрыстап тұрып қолға алуымыз керек. Сонда ғана орталықта үлкен мәселелер шешілер еді. Актер, режиссер, драматург, театр сыншыларына т.б. қолдау көрсетіледі.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Қоюшы режиссер сахнаға нарыққа қарағандай қарағаны дұрыс па, әлде таза өнерге қарағандай қарағаны дұрыс па? Жалпы неліктен біздің театр кешеуілдеп дамып жатыр?

 

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Мұндай нарыққа қарағандай қарайтын режиссерлер бола береді. Бізге жат нәрселер Еуропа үшін күнделікті үйреншікті нәрсе. Оларға бұл ұят емес. Біз осы жөнінде көп кемшіліктер туралы айтып жатырмыз. Еуропадағыдай коммерциялық заманға аяқ басып отырмыз. Ол жақта жетпіс-сексен пайыз коммерциялық театрлар. Таза өнерлерін көрсетіп жатыр. Ең бастысы өнерге жанашыр адам болғаны жөн. Және жоғарыда айтып кеткенімдей ТҚО барлығын қадағалап отыруы керек. Бұрын министрлік ұйғарымымен арнайы мамандардан жасақталған комиссия келіп өнердегі  ән-би, театр, кино т.б. өнерлердің кәсіби көркемдік, идиалогиялық деңгейін тексеріп. Аталмыш туындыны халыққа өткізуге бола ма, жоқ па соны халық алдында талқылап, шешетін. Осындай орталық керек, әр өнер саланың мамандары тоғысып келісім беріп отырса. Әйтпесе кино саласын алып қарасақ  режиссердің көбі қазақша білмейді, салт-дәстүрді бұрмалайды келіп, тарихты жіті білмейді т.б соның кесірінен кинодағы келеңсіздіктерді көріп жатырмыз. Шығармалардың тәрбиелік мәнінің болуы маңызды. Жалпы өз атын шығару үшін, қара «пиар» жасап қажет емес. Бірақ, бұл паралельді жүреді. Әркім би, өзі қожа! Қанша айтсақ та, ескермей жатады. Сырттан бізге көрініп тұрады ғой. Әйтпесе, олар өз ішінде қайнап, кемшіліктерін көрмей қалып жатады.

 

Алматыдағы “Қуыршақ” театры Талғат Қамқабайұлының бастамасымен ауыз толтырып айтардай жақсы жұмыс жасап жатыр. Театрда еркіндік, сыйластық бар. Бұрынғыдай «арақ ішіп кету» деген жоқ, актерлеріміз де имандылыққа келіп жатыр. Кеңестік уақыттарда «ішу» – сән болды. Жазамын, пьесамды қоямын дегендерге өнерде ешкім бетін қақпайды. Бұл актерлерге де қатысты. Өнерге деген махаббатын жоғары болса, әрине сен әрдайым биіктен көрінесің. Ондай адамды халық өзі керек етеді. Қазіргі театрдың дәрежесі өсіп келеді. Астана қаласының өзінде: “Таға”, “Астана комедия театры”, «Астана балет». Көкшетауда “Ел жастары” театрлары ашылды. Барзу Абдыразақтың “Жас сахнасы” өте жақсы жұмыс жасап жатыр. Қазір шығармашылық бәсеке, қызығушылық, жанталас бар.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: - Нартай мырза, әдемі сұхбатыңызға рақмет! Әрі қарай да сынды дәл бүгінгідей шынайы айта беріңіз деген тілек білдіреміз.

НАРТАЙ РАМАЗАНҰЛЫ: - Рақмет!


Share:      
Leave a comment: