Blogs
Нәубет жылдарындағы бір әулеттің тарихы
Нәубет жылдарындағы бір әулеттің тарихы
Қараөзек – Сырдария өзенінің Қызылорда шаһарынан 20-25 шақырым шыққаннан кейінгі төменгі ағысында оң жағалаудан қырға қарай бөлініп шығады да, 100-ден аса шақырымдай дариямен жапсарласа ағып барып, Қармақшы кентіне жақындаған тұста қайта қосылатын Сырдың бір саласы. Халық «өзек» деп атап кеткен өзен мен дария ортасы үлкен қолтық құрап, табиғи тұрғыдан мал бағауға ыңғайлы қоныс ретінде қазаққа қадірлі болған.
Менің атам Әбсадықтың әкесі Барақ тұсында әулет Қарсақпай маңына тұрақтап, Найман жұртымен қоныстас болады. Оның себебі мынада екен: Барақ атамыз Найман еліндегі бір бай кісінің жалғыз қызына үйленеді. Қайын атасы қызының қоныстан алыстап кетуін қаламай, күйеу баласына Қырда бірге көшіп-қонып жүруді өтінеді. Атамыз Барақ қайын атасының өтінішін жерге тастамай, Қырда-Қарсақпайда қалады. Сөйтіп, Найман жұртымен бірге елдің жайлауы етіп Ұлытауды, қыстауы етіп Сарысу маңын жайлайды. Ертеректе Қарсақпайдың маңында «Барақ көңі» деген жер бар деп еститінбіз. Қазір оны білетін адамдар Жезқазған маңында қалды ма, қалмады ма, бейхабармыз. Ал әулеттің қолындағы малын сауда-саттықа салатын, керек-жарағын алатын базары – Есіл бойындағы Атбасар.
Бірінші шегініс. Көкем Әбсадық айтатын: «Қарсақпайда жаз жайлап, күз болар уақытта Атбасардағы базарға мал айдап барып, сауда-саттық жасайтынбыз. Үлкендер жағы ірі малды, жасөспірімдер қой-тоқты айдайтын едік. 15-16 жасар кезім. Базарға мал айдаған кісілерге қосылдым. Жаздың соңына қарай шыққанбыз. Мидай жазық даланың үстінде малды жая отырып, Атбасарды бетке алып кете бардық. Бір күні алдымыздан пәуеске арба көрінді. Бізді басқарып келе жатқан кісі оқтай озып барып пәуескеге жолықты. Сәлден кейін кейін қайтып келіп: «Осы жерде кідіреміз. Мына пәуескеде қазақтың қадірлі азаматы Ахаң-Ахмет Байтұрсынұлы Орынборға қарай жол тартып барады екен. Сол кісіге қонағасы береміз»,- деді. Дереу тоқтап, бір семіз тоқтыны сойып, қонақасы дайындадық. Ас піскенше Ахаң біраз әңгіме айтты. Баламыз ғой көп нәрсе есте қалмапты. Бір есімде қалғаны оның қазақтың денсаулығына қатысты айтылған сөзі. Ахаңның: «Таза ауада, табиғат аясында жүріп мал баққан қазақтың денсаулығы мықты болуға тиіс. Оның басты себебі қазақ малдың етін жейді, мал далада жайылып сүйген шөбін жейді. Ал дүниедегі дәрі-дәрмектің барлығы шөптен жасалады»,- деген сөзі құлағымда қалыпты...
Әбсадықтың кіндігінен тараған он баланың бірінің есімі – Ахмет. Біз, осы естеліктің авторы, Әбсадық баласы Ахметтен тараймыз. Қазіргі күні атамыз бұл есімді баласына сол Ахаңның құрметіне қойса керек деп болжаймыз. Бірақ ол туралы өзі ешқашан айтқан емес. Бәлкім, айтуға қорыққан шығар. Себебі «халық жауы» атанған Ахаңның атын атау кеңес дәуірінде кім-кімге болса да оңай болмағаны белгілі. Оның үстіне өзінің кәмпескеге ілінгені, колхозға кірмей саяқ жүргені бар. Қаһары қатты үкіметтен шын мәнінде қаймықса керек.
Әлқисса, Барақ момын, бірақ шаруаға пысық, мұсылманшылдыққа берік кісі болған. Арғы атамыздың қатты ашуланғанда айтатын ең зілді дауысы «Жау алғырлар-ай!» деген сөз екен. Өзінің кіндігінен тараған бес баланы маңына үйіріп, енші бермей, жанында ұстаған. Сол кісіден тараған дәстүрді әулет күні кешеге дейін ұстанып келді. Барақтан Әбназар, Әбсадық, Шаһмардан (Шәкман), Мешітбай, Қонысбай деген бес ұл және бірнеше қыз дүниеге келеді. Сол бес ұл, әкелері секілді, алды Қырда жүргенде, соңы Сырға келгенде нағашы жұрты Найман қыз алып, қөсіп-өнеді. Ал бес ұлдан туған ұрпақтар Сыр бойын қоныстаған Кіші жүздің руларынан, Арғын, Қыпшақтардан қыз алады. Құданың құдіреті, Найман жұртымен сүйек жаңғырту Әбсадықтың шөбересі тұсында болды. 2017 жылы біздің баламыз Абай түп нағашыларымыз Найман жұртынан қыз алып, баяғы ата-бабаларымыз бастаған бастауымызға қайта оралдық. Бұған әулет үлкендері шүкіршілік айтып, жақсылықтың нышаны деп қабылдады.
Барақ әулетінің Сырға келуі - біздің атамыз Әбсадықтың жігіт шағы тұсында, «үлкен дүрбелең» басталған 1917 жылдардан кейін, шамамен 1921-22 жылдары болған оқиға. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қарсақпайдағы мыс кендеріне большевиктер билігі орнап, ағылшындар қожайындық ететін мыс кені тәркіленіп, үкіметке өтеді. Ендігі кезек жекенің қолындағы мал-мүлікке келеді деген сөз кеулей бастайды. Ел арасына бай-кедей деген жік түсіп, байдың малын кедейге алып береді деген сыбыс шығады. Бай-қуатты кісілердің бойын үрей жайлайды. Біздің атамыз Әбсадық ағайындарымен ақылдаса келе қолдарындағы біраз малды сақтау үшін «Сыр бойында малға тиісу деген жоқ екен» деген «ұзынқұлаққа» сеніп, атақоныс Қараөзеккке көшуді ұйғарады. Оның үстіне әкелері науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Науқас Барақты түйеге теңдеп алып, бес ағайын мал-мүліктерімен Сырға қарай бет алады. Арып-аршып Сырдың етегіне жеткен кезде Барақ дүниеден өтеді. Оны арулап сол маңдағы бір төбенің басына жерлейді. Осылайша, қара күздің суығында көш атақоныс-Қараөзекке құлайды.
Қараөзекке бірталай жылқы, түйе сынды ірі малдарымен келген көш бір-екі жылда мал басы тез көбейіп, қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы, түйелері бар бай-дәулетті кісілер қатарына қосылады. Бірақ бұл күн ұзаққа созылмайды. 1928 жыл жетіп, ұжымдастыру науқаны мен бай-құлақтардың малын кәмпескелеу басталады. Тықырдың таянғанын сезген Барақ балалары «ақыры күшпен тартып алады» деп қолдағы малды соя бастайды. Бұл туралы атамыз Әбсадық былай дейтін: «Күнде ірі малды соямыз. Жаңа сойылып жатқан малдың етінен әйелдер дереу қуырдық жасайды, кешкілік көл-көсір ет асылады. Бір қауым болып отырып жейміз. Сонда бір байқағаным: қанша ет асылса да, дастархан басындағы астау тықырлап таусылып қалатын. «Астаудан ас артылмайтыны несі екен? Күнде мал сойып, күнде ет асып жатырмыз ғой. Неге тоймаймыз?» деп ойланатынмын. Сөйтсем, ол ашаршылықтың белгісі екен. Көп ұзамай қатты ашаршылыққа ұшырадық».
Екінші шегініс. Әбсадық атам түскі немесе кешкі ас дастархан басындағыларға толық жетіп, ауқат артылып қалып жатса қуанатын. Ал табақ тықырлап таусылып қалса, «Асты неге молынан істмедіңдер» деп кейіп отыратын. Сөйтсек, ашаршылықтың алдында болған сол құбылыс қатты есінде қалып, ас жетіңкіремей қалғанды жаман ырымға балайды екен ғой. Бұған қоса ол кісі дастархан басында отырып тамақ ішуге ас қатты мән беретін: сыртта әлде бір шаруаларымен жүрген отбасының мүшелері болмаса, үй ішіндегі кісілер (үлкендер, бала-шағалар) толық жиналмай, ас-су ішу басталмайды және ас ішіліп жатқанда ерте тұрып кетуге болмайды. Бұл шамасы, атамыздың «Өле жесең де, бөле же», «Астың берекесі - бірлесе жегенде деген тәмсілге беріктігі болса керек.
Әлқисса, еншісі бөлінбеген Барақ балаларына конфискация құрығы қатты тиіп, мал-мүліктер үкімет тарапынан тәркіленеді. Негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болған жұрт ә дегеннен абдырап қалады. Ішер ас, күнкөріс уайым болады. Ақыры оның арты 1931-32 жылдардағы ашаршылыққа ұласады. Қолдағы бірер-жарым мал таусылған соң, Барақ балалары Қараөзек маңындағы көлдерден қыс күндері келіп ойық ойып, балық аулайтын орыстардың қосынына жалданады. Қазақтардың қолынан балық аулау тек қыс айында ғана мүмкін болған. Басқа мезгілде балық аулау үшін құрал-сайманның жоқтығы - қол байлау. Қараөзек маңындағы көлдерден сүйменнің күшімен балық аулау әркімнің қолынан келе бермеген. Себебі аш-жалаңаш адамда қандай күш-қуат болсын?
Біздің аталарымыз қиын-қыстау шақта ағайыншылдықтан айырылмай, сол ауыр жұмысқа шыдап, көл басына қос тігіп, сүйменін сүйретіп балық аулайды. Ауланған балықтар арбаға, шанаға жүктеліп, Қараөзек станциясынан вагонға тиеледі. Оның қай жаққа кетіп жатқаны белгісіз. Атам Әбсадық сол бір күндерді еске алып: Қараөзек маңындағы көлдерінде балықтар көп әрі семіз. Көлдің басына қос тігіп, сүйменмен ойық ойып, ауланған балықтарды төбе-төбе етіп үйе береміз. Одан оны арба немесе шанаға тиеп, станцияға апарамыз. Жейтініміз – балық. Балық майының қуаты күшті болады екен. Тоңбаймыз. Сырты қалың әрі тығыз қамыспен қапталған қос ішінде түнейміз. Түнде балық майы денемізді қыздырып, көрпеден аяғымызды шығарып жататын едік,- деп отыратын.
Үшінші шегініс. Атам Әбсадық 1978 жылға дейін Қызылорда гидроузелінің салынуына байланысты пайда болған Тасбөгет қыстағынан 7 шақырымдай жердегі Тасарық деген мекенде жеке мал шаруашылығымен айналысып келді. Ашаршылықтан кейін де атамызға мал біткен. Бірақ оны соғыс жылдары, военкомның айтуымен, майданға самолет жасау үшін үкіметке өткізген (екінші кәмпеске деп есептей беріңіз). Өткізген малдарының орнына үкімет заем берген. Тасарықта жаз жайлау етіп Сырдария өзенінің бір алқабын жайлап, қыстауы ретінде сол жайлаудан 1,5-2 шақырымдағы қыр үстіндегі қам кесектен салынған үй-жайды, қора-қопсыны қыстау етіп отырды. Қазақта «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген сөз бар емес пе? Бірақ атамыз өзін ашаршылықтан алып қалған балыққа аса жақын болмады. Іргедегі Сырдарияның балығына селсоқтық танытты. Дария-көлден ұстап алып келген балықты да онша жемейтін. Бәлкім, сол бір ашаршылық кезінде бірыңғай балық жегеннен «шығып кетсе» керек.
Әлқисса, көктем шыққан соң жаңағы орыстар құрған қосын тарап, бұларды ашаршылық тағы «қыспаққа алады». Енді Барақ балалары Қызылорда шаһарында ашылған кірпіш зауытқа отын апарса, ақысына тамақ, азық-түлік береді дегенді естіп, Қараөзектен 20-25 шақырым жердегі қалаға қарай жылжиды. Қаланың іргесіндегі сексеуілі, жыңғылы қалың жерге келіп, қос тігіп, кірпіш зауытқа отын дайындайды. Ағайындылардың қара жұмысқа шыдамдылары–Әбсадық, Шәкман, Мешітбай бірыңғай отын дайындап, денсаулығында дімкәстық бар Әбназар мен күші аз, жас Қонысбай оны зауытқа тасып тұрады. Зауыт отынға алғашқыда қолма-қол азық-түлік, кейін, тіпті, ақша да бере бастайды. Осылайша, бес ағайынды бауырлардың тізе қосып, жанталаса тірлік етуінің арқасында әулеттің бас көтерер бар азаматтары қазақты қынадай қырған аштықтан аман қалады.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, аталарымыз ашаршылықтан аман алып қалған Қызылорда шаһарының маңайын мекен етіп қалады. Осы жерде өсіп-өнеді. Қазіргі таңда сол бес шалдан тараған 100 аса ұрпақтың дені Қызылорда маңында тұрады. ІІ-ші герман-орыс соғысына (Әбсадық атамыз осылай атайтын) бес ағайындының үшеуі-Шәкман, Мешітбай, Қонысбай аттанады. Қонысбай Барақұлы хабар-ошарсыз кетіп, Шәкман мен Мешітбай жараланып, елге оралады. Соғыс жылдары мен оның кейінгі әулет тарихы ол бір бөлек, көргендердің көзі бар, дерегі мол әңгіме...
Әбсадық Алмасбек Ахметұлы, Қостанай қаласы
Abai.kz