Blogs
ОЙ ТАМШЫЛАР - 5
ӨМІР ТУРАЛЫ
Өмір деген алғаш аттаған жанға бастапқыда романтика болып көрінер. Алдыңда тосып тұрған қандай қиындықтар болса да олардың саған шектірер зияны жоқтай көрінер. Сен оның барлығынан сүрінбей өтерсің, сенің сыртыңнан әмісе ата-анаң, дос жарандарың қызыға бақылап, сенің жетістіктеріңе қуанып, тамашалайтындай ғана көрінер. Әрине жауапкершіліктің боларын іштей сезесің, бірақ сен бәрінен мүдірмей өтетін ғажап қанат иесі сияқты сезінерсің өзіңді. Өмір үлкен сенімнен тұрады, тек кейде көзсіз сенім ғана ешқайда жалтақтатпай алға жетелейді. Өмірді сүйген адамды өмір де ұнатады, қолдайды. Өмір - ол Өзіңсің
* * * * *
Кешегі Абайын сабаған қазақтың ұрпағы екенімізді кімнен жасырайық... Қырқ ру боп бөлінген, әлі де сол бөлшектенуден арылмаған, бер жағымыз сырбаз, ар түкпіріміз көр қараңғы көреалмастық... Қай құдай бізді өстіп қарғады екен?! «Басың бірікпе, біріге қалсаң іріп кет!» Жаңа ұрпақ өсіп, Абайдан да арғы болған тектілік қанымызға қайта оралама десек, небір жетесіз жолдарға әуестеніп, жетекке еріп құрдымға бет алғандаймыз...
Бұның барлығына біреу ғана кінәлі, тек өзім емес деген ұстанымды қазықтай айналып, шырмалған үстіне шырмалудамыз. Қоғам болу үшін ортақ мүдде қажет болса, қоғамды ыдырататын мүдденің жекеленуі. Жалпыны бірдей етіп қырқуды аңсап отырған жоқпын, одан да өткенбіз... Тек қайран қалдыратыны сол өткеннен сабақ алмауымыз. Қазақ халқының «Біреудің алды, біреудің соңы...» деген нақыл сөзі бар, соны неге қаперде ұстамаймыз. Кедей бай болсам дейді де Құдайдан да рұхсат сұрамастан «Құдай» болып шыға келеді. Осындай астамшылық тексіздіктен болар. Тарих қайта қайталанады, әрқашан... Тек, қайта теңестіріп қырқу ешкімге жақсылық әкелмес. Түк көрмегендер елі атанып, күллі әлемге мазағымыз шықпаса болды. Кімді кім асырап отыр. Бір тал жусанды әркім тауып жер. Бірақ мынадай обырлықтан тұла-бойың түршігеді. Бүгін «арыстан» боп айбат шеккенің, құдай сақтасын, ертең бұралқы ит боп қалмасына кім кепіл... Оны да мүсіркейтін халықпыз – біз, қанша ашынсаң да...
* * * * *
Әсер деген бір ғаламат сөз бар. Оның жағымды жағын былай қойып: «Өлім әсері, бейнет әсері» дегендерін салмақтап көрелік. Тегі, әсерге ұрынар алдында адамға расында бір нәрсенің әсері ықпал болар. Мысалы: барлық пен мансап та сол әсердің қатарында. Артық дүние мен менсінер тең қалтырмайтын мансап – адам санасын апиындай мұнартып, ет пен сүйектен жаралған пенделігіңді ұмыттырып, өзге әлемге әкетеді. Бұндай күйге душар болған адам өзінің жасаған ісіне ешқашан да басымен жауап бере алмайды. Себебі, бұның бәрі бассыз кетудің кесірінен. Ал жауапқа тартылған сол – кешегі пысынан жұрдай болып, жер бетіндегі ең аянышты жәндікке айналғанын көргенде оны жазғырар, жазғырмасыңды білмей дал боласың. Осындайда: «Япырай... » деп ана міскінді жәй ғана мүсіркеп, табалауға дәтің жетпей саныңды соғасың. Қазақта: «Асқанға - тосқан» деген қатал мәтел бар. Бұл жалғанда әсер көп-ақ, соның бәрі тесік өңешті пендеге күнделікті сын. Жаратушының құдіреті мен шеберлігіне шек жоқ. Бүкірдің белін қабыр топырағы ғана түзетер деп налысақ, Алла қаласа - көз алдыңда-ақ бақырайтып, қайқайта салады. Жазасыз кеткен қылмыс болғанымен, Алла жазасын бермес пенде болмас.
* * * * *
«Ең басты, баға жетпес құндылық – адам өмірі». Ешқандай бағалауға келмейтін құндылық болса, ол – адам өмірі деп түсіндік делік. Бірақ, бағасы жоқ затта құн да болмауы мүмкін. Егер бағалы дүниеңді жоғалтып яки бүлдіріп алсаң – оны қайта табу мен жөндеу мүмкіндігі бар екенін іштей сезесің. Ал адам өмірі соның біріне де көнбейтін – құндылық. Өзгенің жанын өзіңдікіндей тәтті көре алу мүмкін бе? Осы бес күн жалғанға келген әркімнің өзінше бір-бір әлем және төбесінде өз күні бар екені ойымызға келе ме? Табиғи немесе әлдебір апат кесірінен өткен адамның ажалын Құдайдан көрсек, қарадай жүрген әлдекімнің қандықолдан қаза табуы адам баласының соншалықты қорғансыздығын білдіретін тәрізді. Және өзінің баға жетпес құндылығын өзі қорғай алмайтын бейшара болғаны ма? «Бауырым-ай!» деп боздаған жоқтаушының азалы дауысына кім елең етуі тиіс, ағайын???!!!
* * * * *
Арайлап таң атса, соған жеткен тірі жанның барлығы жарыққа кенеліп, қуанар. Күн өрлеп, қайта еңіске бет алар. Қараңғылық жамылып тынығар. Тек, осы екі арада адамдар тағдырында неше рет таң атып, неше қабат күн батады-ау... Маңдайға жазылғаны бар, қасқана жасандысы бар... өзіміздің қырсық мінезбен күнді көлегейлеп, жоқ көлеңкені түсіруге әуестік те кем қалмайды, бұндайда...
* * * * *
Адам да бір жолаушы... өмірі оның иә ұзақ, иә қысқа жол... иә даңғыл, иә тастақ танабы... тағдыр жазуын салған маңдайы да иә тайқы, иә тар келер... ақылы да кен, иә кем... әр адам Өмір туралы өз пікірін қалаған болады, бірақ, Жалғанды ешкім ұстап қалған да емес, ұстаған да емес, бәрі көз жұмса ғайып болар тұрлаусыз елес... сондықтан, әр тірі сәтің ғана сенің шындығың, ал басқасы ойдан шығарылған көңіл жұбату ғана...
* * * * *
Өзіңе біреу сүйсінсе – күн түскен күресін қардай көл-көсір жайыла бастайсың... Жан рахатына бөленгендей боласың... Бірақ, бұл да сол - қысқа күннің шолақ жылуы тәрізді қас-қағым күй... Адамның күллі Өмірі - Көңілдің көңіл-күйінен жиынтықталатын сынды. Сірә, бұл жалғаннан армансыз боп - еш пенде баласы аттанбас та... Сүйсініс деген - сырт көздің саған тамсануы десек, ал негізінде сусыны қанып, өксіместей, өміріне түшіркенген кім бар екен?!. Өмір - күндердің күні шешіп тастайтын сырт киім ғана болар...
* * * * *
Бір нәрсені ертеректеу бастау керек еді дейді, кейде... адамның жасына қарап, әдетте... Бірақ, сен жастау кезіңде де білген жоқсың ғой алдыңда қанша уақытың бар екенін... Дәл қазір де солай, алдыңда сүрілмеген қанша ғұмырың бар екенін айта аласың ба? Әрине, жоқ.
Сондықтан, орайы келген істі жалтақтамай, оралған тұстан бастай берген абзал...
* * * * *
Өтер де кетер дүние, көз саттырған боқ дүние... Көзді ашсаң бар дүние, көзді жұмсаң жоқ дүние...
* * * * *
Кезінде әлдебір аса жанашырлықтың себебінен айырылып қала жаздаған адамды тағы да солай төпелей берсең, ол оң нәтиже бермеуі де мүмкін. Сондықтан: о жаққа барып қайта келген жанға сенің қорғап-қоршауың тосақуыл іспетті көрінуі де ықтимал. Тірі жан-жәндіктің бір қасиеті қандай да тосқауылдан өту емес пе... Өмір - өмір сүрген адамның өзінікі ғана. Ой мен іс азаттығы өзінде болса ғана, парқадарлы қадам тосуға болар ма...
* * * * *
Өмірде екі нәрседен ғажап ләззат пен азап та алған сияқтымын... Тәуірінен бастасақ ол құштарлық, яки ғашықтық па, мүмкін махаббат та болар... бұл жарықтықты бастан кешкендер осы қазір: не сүйіншілеп не жабыла көріссе таңырқамаймын... ал екінші төбелестен кейінгі күй: басында азап, одан соң ауырсынған мамыражай тәтті күй... бас, қабырға, бел, жұдырық бәрі мен мұндалайды... олардың әрқайсысын туысыңдай ішің елжіреп, жаның аши сипайсың... егер айшықты жара түссе, ол ертең төсіңе таққан марапаттай көрінеді, мақтанышыңа айналады... Нағыз ер азамат - осы екеуін кәдеуілгідей бастан кеше алмаса Мен деген сөзді айтуға құқығы шамалы...
* * * * *
Өмір деген - күрес деп айтқалы қашан. Бірақ сол күресті әркім әрқалай түсінер... Тосулы бір маңызды кезеңді япырай қалай өтер екен, сонан кейінгі менің күйім қандай болар екен деп қобалжитын да талай сәттер болады... Аман болсаң оған да төселіп, олардың да бастан өтіп кеткенін аңғармай қаласың... Тек, күрес қана өзгеше... Малтығып жүріп бір ордан шығып үх дейсің де қайта тырбанам деп, тағы бір орды әдейісіз қазасың... одан да шығасың...
* * * * *
Атам қазақ: Бұйыртпаған бұттан кетеді дейді, сондай-ақ, ерттеп мінбей жатып, үйірдегі биені де менікі деуге болмас... Таң ата көрген түс те әмісе дәл келе бермейді, келмейтіндей көрінген қимасың да күтпеген кезде қақпаңды қағуы мүмкін, бірақ сен ол кезде дастарханыңды басқаға жайып отырарсың...
* * * * *
Пендеге: Тек менің айтқаныммен ғана жүр деп алдына, бұйрыққа сәйкес бір-бірін қудалайтын қамшы тасталған, ал Адамға: Сенің алдыңда ақ парақ, басы мен аяғы толтырылған, тек ортасын толтыру сенің міндетің делінгендей...
* * * * *
Алла өз қалтасынан ештеңе бермейді, өзге біреудікін аударып береді дейді. Соған қарағанда тілене берсек, біреудің обалына қалатын сияқтымыз... Сондықтан, кейде қолда барды місе тұтып, береке етіп ұйыта алсақ, әлдеқайда баянды болмай ма...
* * * * *
Әркімнің өз көкірек көзі бар: бірі ақ, бірі қара, қайсысымен қарасаң - соны көресің...
* * * * *
Жалпы, тіршілік дарыған жан иесі, соның ішіндегі адамның да күнделікті басты харакеті - тірі қалу...
* * * * *
Бала кезімде әкемнен: Өмірдің мәні неде? деп сұрағанымда ол кісі: Адал еңбек етіп, бала-шағаңды асырау... деген сияқты әңгіме айтты. Мен қоймадым: Тағы не? деп, сонда әкем: Өзің өскенде көресің оның мәнін, енді оттай берме! деп зекіп тастаған-ды. Сол өмірдің Мәнін әркім, әрқалай түсінетінін ойлағанда Ә жарайды! деп бүгініңе тәуба еткендей болады екенсің...
* * * * *
Адам жаратылғанда: мимырт өмірге ыңғайлы, алапат соғыс, нәубетпен жағаласуға ыңғайлы, тағы тағысына арналатын тәрізді... Сондықтан да бір кезеңнің батыры, келесі кезеңге сай келмей жататындығы да осыдан болар, әсте...
* * * * *
Белің көтермейтін ауырға жолама; басыңды айналтар биікке шықпа; сырың кеткенде самайыңа бояу жақпа; өз сырыңды білмей, ешкіммен сырлас болма; өзге жүрек көтергенді өз жүрегің көтере бермес; сүю деген құлаққа сөз боп естілгенмен, жаныңа жайдың оғындай тиуі мүмкін; оқыс оянған шынайы сезім таудан аққан аяусыз селдей: көкірегіңді дал-дұл етіп бірақ тынар... сел өткен соң қалған қаңқаларды жинап бір ғаріп жан жапан түзде жазғырынса, ол кім деме?..
* * * * *
Ертеректе «Жалғыздық» дегенді ғажап санап, кезінде соған құштар болған едім. Әртүрлі әдебиеттегі кейіпкерлердің тағдыр тәлейіне түсіп, құсаланғаны тым тартымды көрініп, соның күйін бастан кешуді арман еттім де, қара нөсер астында қалғандай соның бәрі іс жүзінде төбемде ойнады... Денемдегі жырым-жырым жара іздері өз майданы туралы сыр шерте алса, іштегі жарада үн жоқ. Шыбын жан өзімен-өзі құса болуға әбден кәніккен тәрізді, оның мұңдасы да сырласы да бір ғана өзі...
Баяғыда менің жасымдағыларды сайға лақтырыпты-мыс: көнелігі жетіп, көзге күйік болған соң...Ол да жөн бе екен дейсің кейде... «асарыңды асадың, жасарыңды жасадың». Енді, ел сені көрсе өмірден түңілетін түрге тарттың, «Ішіңдегі не жегі, сені осынша өңнен айырған?» деп сұраса айтарға уәжің де жоқ. Күлсең де қарыз сұрағандай қиналасың, отырған орның опырылып құрдымға ала қашса да селт етпейтін халге жеттің... Қатты дауыл алдындағы тыншым сәттей - Өлім мен Өмірдің ең бір тату кезеңі сені баурағандай... Бір ғажабы, сен мығымсың. Қорқу, уайым, кінәліні іздеу, төңірекке сұқтану сияқты күйлерден адасың... Мүмкін, «Кемел жас» деген осы ма, сірә? Әйтеуір, кейпің - айтары мол кемеңгерден кем емес... Және болмысыңда бір тартыныс бар, «бәрі жалған, бәрі бекер» дегендей, бекем тыжырынысты... Басыңа пәле тілеп, жалғыздықты аңсаған қу арман ақыры жетіп жүйкелетті ме, әлде?..
Е, бауырым! Жалғыздықты мұрат ете көрме, ертеме-кеш өзіңе тартқан егізіңдей жаныңның сыңары да табылар... Оттай ыстық қуанышты ішің сезіп тұрса да жадыраудан жаңылған жаның қара жартас сынды иій алмай мелшиген де қансырарсың... Сонда барып өкінерсің, япырай, ақымақ жасымда жалғыздықты неғып арман еттім екен деп, өзгенің қайғы-зарына несіне көз салдым деп... Онсыз да, өткеннің бәрі аузы сыздаған өкініштер ғана екен... Енді, жантәсіліммен тең сүйіспеншілікті түйсіне алмай өкініп отырған ұсқының мынау...
* * * * *
Бұл жалғандағы марапат пен атақ, мансап пен байлық сол бес күн жалғанның
азығы ғана. Және ол жақтан үміт күтпегеннің біліп істер амалы да сияқты.
Осындай әрекетпен өз қалауынша - бұ жалғанға шындық орнатуға бола ма?
Әркімнің өз шындығы бар деген сөз не? Шындық пен Ақиқат бір атаның
баласы болмағаны ма? Адалдың іздегені - Ақиқат та, арамның - тіміскілегені
өз шындығы іспетті... Сондықтан болар Ақиқаттың бұл жалғанға тән еместігі...
* * * * *
Тілеп алған тірлігің – күнде оятар бір ғажап...
* * * * *
Егер итке үш рет кет дегенде кетпесе ол - өз итің, үш қайтара берген сәлеміңді біреу алмаса ол - керең болғаны да... Егер үш мәрте бір төбенің басына отырған адамды көрсең ол - сол төбенің иесі деп біл. Атам қазақ үштен артық ескерту жасамаған, үштен кем мүмкіндік те бермеген. Сол Үштің қадірін білмей, өз қадырын кетіріп жүргендер қаншама?!.
* * * * *
Адамға дегбір бермейтін оның қол-аяғы емес, басы екені мәлім... Дейтұрғанмен, қазақы жалқаулық басқалардан ерекше... Оған мыйдың да қарынның да қатысы жоқ... Оған мақал-мәтелдеріміз кінәлі сияқты: Аса қайрат - жанға қас, Бұйырмаған бұттан кетеді, Көппен көрген ұлы той, Бас аман болса мал табылар, Бірдің алды, бірдің арты... осы секілді жалғаса береді. Сіздер де көріңіздерші...