Blogs
ОЙ ТАМШЫЛАР - 6
ҰЛТ ПЕН ХАЛЫҚ ТУРАЛЫ
Осыдан жүз жылды қойып, елу жыл бұрын өткен аталарымыз бүгінгі бізге қазақы көрінері хақ. Өзіміздің кәзіргі тірлігімізге солардың алдында ұятты сезініп, таязданып бара жатқанымызға қынжылармыз рас. Соған қарағанда қай-қайсымыз да пендешілігіміз бен кесірлігімізді уақыт пердесі бүркеп, тұтастырған сайын келер ұрпақтың өнегесі болуға лайықтанайық. Қазақ қандай болды десе, бізді көрсетуге жазсын...
* * * * *
Түрі қазақ - исі қазаққа жатпайды! Ұлт шашпауын өз тұлымынан көрген ғана - ұлт баласы болар.
* * * * *
Ұлт пен Халықтың ара-жігі қандай? Ұлты бөлектің - заты бөлек деген не мағына да айтылған? Ұлты басқа сенің халқыңа жата ма? Менің Ұлтым, менің Халқым деп неге екі бөліп айтамыз? Біздің санамызда Ұлттық өктемдіктен гөрі өзгеге деген жалпақшешейлік қашаннан бері орын алды? Бұндай құрбаншылдық қасиет кімге ұтымды және оның соңы қай ұшпаққа жеткізеді?..
Эволюциялық даму - бір тектестің екінші тектестен оза өркендеуі болса, яғни соның біреуі қалайда кемшілік көреді... Сондықтан мемлекет құраушы Ұлттың мәртебесі көтерілгені өзгені жаншу емес – қолдаушысы болу деп түсінген абзал.
* * * * *
Халықтың Арман-Мұңы - атамзаманнан ақырзаманға дейінгі Аңсар... Оның әр кезеңіндегі өмір сүрген ұрпақтары сол Арман-Мұңды өз көкірегінен шыққандай түсінеді. Осындай іштен шыққан, туыс сабақтастық болмаса, бәлкім бүгінгі жүрген біз де болмас па едік...
* * * * *
Ұлтыңнан жерігенмен, түріңнен қашып құтыла алмайсың...