Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
MY OPINION
Оларда үлкен жүрек бар

Blogs

09.06.2017
6046

Оларда үлкен жүрек бар

Оларда үлкен жүрек бар

Емтиханға дайындалып, жатақхана сыртындағы аулада отырғанмын. Жанымдағы орындыққа   төрт-бес жастар шамасындағы екі бала келіп жайғасты. Сол аулада бір-бірімен футбол ойнап жүрген әкелі-балалыға қарап қалған екеуінің диалогы былай басталды:

-Менің папам анау ағадан алысқа тебе алады!- дейді кішкентайлауы.

-Ал, менің папам допты мына үйдің төбесінен де асырып жібереді!-деп мақтана түсті үлкені.

-Сонда да менің папам күшті,-дейді кішкенесі қайтпай.

-Неге?

-Өйткені, ол тепкен доп анау үйден де алы-ы-сқа, түу аспаннан да асып кетеді.

Екеуі әкелерінің күштіліктерін айтып, мақтанысып біраз отырды. Маған да алдымдағы емтихан сұрақтарынан балақайлардың әңгімелері қызық боп бара жатты. Сәлден кейін жанымыздан өтіп бара жатқан полиция қызметкерін көріп, амандаспақ ниетпен орнынан ұшып тұрған кішкентай балақай:

-Привет!-деді, үлкен адаммен сәлемдескеніне шаттанып. Іле-шала қасындағы ересектеу бала оның иығынан тартып қалды.

-«Привет»деп қыздар айтады ғой, ал ұлдар «Ассалаумағалейкум» деп амандасады! Өз ісіне ұялып қалған кішкентай:

-Енді маған оны ешкім айтқан жоқ қой,-деді әлдекімді кінәлай сөйлеп. Одан кейінгі диалог әкесі велосипедпен ойнатып жүрген орыс бала жайында өрбіді. Сол балақайлардың бірер минут ішіндегі әңгімесіне ойланып қалдым.

Балалардың әлемі – ең әдемі ғаламшар. Бүлдіршіндердің барлығы өз әкелерін ең алып, ең күшті, ең ақылды санайды. Олар үшін әкесінен асқан азамат жоқ. «Әкесі ұлына: Басқан ізіңді абайла!-десе, ұлы: Әкешім, сен абайла, мен сен басқан ізбен жүремін!»-деген екен. «Әке көрген оқ жонар»деген халық мақалы да әкенің балаға тигізер ықпалы мен оның алдындағы жауапкершілігін айқындап берсе керек. Өзінің соңынан томпаңдап еріп жүріп, тек өзін ғана үлгі санайтын сәби сенім есейген кезде өзгеріп кетпеуі үшін, әке қай уақытта да баласының алдында биік, асқақ болып қалуы тиіс.

Сонымен қатар, періште пейіл, бала қиялдан асқан ғажайып жоқ. Олар сондай кіршіксіз, сондай шынайы. Балалардың таза жүректерінде ұлы сенімнің сандығы жатыр. Олар барлығына сенеді. Арманның орындалатынына, ертегідегі кейіпкерлердің барына, үлкендердің сөзіне, өзінің шетсіз, шексіз қиялына да.

Тек олардың кішкентай жүрегіндегі үлкен сенімге селкеу түсіріп алмау керек. Олар кейде ересектерден де ақылды болып, олардың қателіктерін байқап аппақ парақтарға көргенін жазып қоятындары бар. Сондықтан, үлкендердің, біздердің, әрбір ісіміз, әрбір сөзіміз оларға үлгі болатынын ұмытпауымыз керек. «Ол-бала ғой, қайдан түсінсін» деген түсініктен арылғанымыз жөн. Балаға ақыл айтып, ал өзіміз басқаша әрекет жасау-олардың бізге деген сенімін жоғалтып, құрметін төмендететінін естен шығарып алмайық. 


Share:      
Leave a comment: