Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Өлеңдер топтамасы

Blogs

03.12.2017
19849

Өлеңдер топтамасы

Өлеңдер топтамасы

Түс

 

 

Түс көрдім кеше,

Үрейлі түс көре берем.

Оқылып жатыр өлеңім күшпенен әрең.

Баз кешіп жүріп басқаға бақыт тіледім,

Бақсылығынан баяғы түспеген әлем.

 

Салдақы қоғам санамды сірідей езген,

Месқарын, мәңгүрт жүр екен дінінен безген.

Патшасымақтарын пайғамбар көрген,

Аса алмай жүрген айлам бар деуден.

Бөбегін бөтенге бергізіп,

Көгенін көшеде өргізіп,

Иманды жандардан қорқатын.

Іс емес тілімен жортатын.

Сергелдең сезімге мастығып,

Бір-бірін көре алмай қастығып,

Булығып бауына балақтың,

Шулығып шуына шараптың...

Көпірік сөздерін көлкіткен,

Өтірік мақтауды өрбіткен,

Түйсігін тек тұрмыс билеген,

Өлеңі баспана, үй деген...

Сарайшыл ақындар жүр деймін.

 

Басқасын қайтейін...

Кердеңдеп, кекіріп, керілген

Секіріп сүлу боп көрінген,

Ару деп айтуға бата алмай.

Түн болса тыпыршып жата алмай,

Ақ түнін басқаға сыйлаған,

Пәктігін теңгеден жинаған,

Арылған әдептен, ибадан,

Қорықпас Құдайдан, зинадан.

Қыздарды көргенде қиналам.

 

Ақ неке дегенді білмейтін,

Ақықты көзіне ілмейтін,

Ашкөздік улаған санасын,

Ақшадан басқаға жүрмейтін.

Жаралап жанымды жасытқан,

Жөгі боп жүруге асыққан.

Тек қана төсекте терлеген,

Ездікті ерлік деп көлденең,

Намысты найза ғып көрмеген

Ұлыңды көрдім мен

Бордай боп егілген,

Опынған сыйқынан шошынам,

мынадай меңіреу тараптан,

Осынау үрейлі ұйқыдан,

Өзіңе жалбарынамын,

оятшы мәңгіге,

Мәңгіңе Жаратқан!!!

 

 

Құлақасқа


(баллада)

Үшке толмаған ұлым Шахназарға үш аттың суретін көрсеттім. Ішіндегі ұнатқаны осы Құласқаның суреті болды. Көзіме еріксіз жас алдым...

 

Қуып жеткен киікті тұра қашса,
Бекінгендей бәйгеде құламасқа...
Атам мініп жүретін бала күнде,
Бір айғырды шын жүйрік құла қасқа.

 

Мың тұяқты жарысса жақындамас,
Танитындай күліксің атыңды Алаш,
Толғағына талайдың алып кетті,
«Мәрту*» басса елдегі қатын-қалаш.

 

Сары аязда жаратып, тер қатырып,
Мұздай сумен суарған, көл батырып.
Буаз бие қашанғы шыдар дейсің,
Шық тамғанша құлақтан қолға тұнық?

 

Бөлек туған көршінің азбанынан,
Тыпыршымас айтқанда қозғалып ән.
Жорта қысыр қалдырған, іш тастатып,
Таңасырған енесін – бозда қылаң!

 

Мінілмеген тайында табандатып,
Құнанында күріш жеп, сабан жатып...
Дөненінде дөдеге* ұстап тұрып,
Бас білдірген ауылда ағам батып...

 

Қос енені тел емген арда құлын,
Бар қазақта тең келер бар ма құның?
Сапар кесе сияқты астыңғы ерні,
Сақа айғырдың белінен алған «ұрын».

 

Сыңар аяқ, қолаулы, емес шартық,
Осқырынған ұнатпас егесті артық.
Сол айғырды есіме жиі аламын,
Кеткен кезде санамыз көмес тартып...

 

Қыз мінезді күліксің, қасқа маңдай,
Мүлгімейсің, жусасаң басқалардай.
Бұла өскен құтпаны* сен ауылдың,
Қалған кезің жоқ екен асқа бармай...

 

Арғымақты қалайша сынамайсың,
Сәурігінде сипаты мынадай шын:
Басы етсіз, тұрқы тегіс, жалы майда,
Бұлшық ет мығым болмас бұдан айқын.

 

Қабырғасы адырна адырайған,
Ой желкеден шоқтық биік одырайған.
Жуан сирақ – сіңірлі, талтақ бұтты,
Құйма тұяқ тілейтін тағы майдан.

 

Ауыз омыртқа шығыңқы, сағағы тік,
Қалың біткен өзіне қабағы құт.
Қуыс кұлақ, кең маңдай, сояу кірпік,
Тұнық көзден төмендеу танау ісік.

 

Ат танымас біреулер ұшпа деді,
Тісі жуан, үлкен ұма, қысқа белі.
Бота тірсек қайратын байқатады,
Ит пен құстың бұл айғыр дұшпаны еді.

 

Тартылған садақ сынды толарсағы,
Бесті айғырға сол жылы толар шағы...
Шайланып май да жинап көрген емес,
Тек қана жалпақ біткен толар саны.

 

Жон арқасы теп-тегіс тақтай дерсің,
Топтан озып, көрді көп ат бәйгесін.
Мүшесінен таныған атбегілер,
Деп жататын: «Жүлдесін шаппай берсін!»

Күтетіндей тұлпар ең бүкіл аймақ,
Өлең жаздым өн бойыңа жіті бойлап.
Бәсіресі құлаға ұқсаған жұрт,
Бал қымызбен жуатын, үкі байлап.

 

Ұлым,
Мінез болсын кербездің жүрісіндей!
Бұл дәстүрді көрерсің бір ісіңдей.
Ауыздықпен алыссаң арғымағым,
Тізгінді кер садақтың кірісіндей!

 

 

Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов бауырыма

 

Байқаттың намысыңды, жігеріңді,
Алтыннан бір сәт үзбей күдеріңді.
Айқастың атой салып... амал қанша...
Халқыңның жүрегі де шын егілді.

 

Өксік келіп тұр бүгін тамағыңа,
Тәнті болды алты Алаш талабыңа.
Алтын емес тағы да күміс болды...
Тағдырдың жазғаны сол тауаныңа!

 

Түсінемін мысы ауыр шаршы алаңның,
Дей алмайсың ақталып: шаршағанмын!
Жүзі алмас қылыштай жарқылдадың,
Соның үшін ерекше қол соғармын!

 

Алтыннан да бағалы, Әділбегім,
Дей алмаспыз қазыға: Әділ ме едің?
Жүлде алсаң да өкініп тұрсың бүгін,
Өкінішің үшін сені қадірледім.

 

Жасымағын, бауырым, жасымағын!
Алмағайсың құса мен қасыңа мұң.
Бар қазақтың баласы сендей болсын,
Әр қазақтың жеңісі – тасынарым!

 

 

Ең тәттi күндерiм...


Ең тәтті күндерім бұл менiң, 
Түндерiм тұнған бiр тыныштық. 
Өмiрiм шешкендей күрмеуiн, 
Бұл ай да жүрекке тым ыстық!

 

Үздiгiп күтетiн Ақшамды, 
Жаратқан сыйына асығып! 
Теңейтiн құлы мен патшаңды, 
Сәждеде Өзiңе бас ұрып!

 

Ақ таңда айтылып ақ тiлек, 
Ауызды бекiтiп дұғамен. 
Қара су балдан да тәттiрек, 
Боларын сездiм бе мына мен?

 

Құдiрет күшiне сыйындым, 
Тәубамды жеткiзгей перiштем. 
Тәңірiм шектемес сыйын мың, 
Дәмелi жан едiм пейiштен.

 

Бос қайтпас жайылған алақан, 
Сеземiн себебi мен iштей. 
Бозарып келедi ала таң, 
Нұрына малынып терiскей! 

Иа, Раббым, пендеңдi кешiргей, 
Аластап бойымды күнадан! 
Иманның деңгейiн өсiргей, 
Жетейiн сол күнге дiн аман!

 

Мейiрiм күтемiн үмiтпен, 
Көз жасым сол үшiн көл етем. 
Арылтшы беймаза күдiктен, 
Таусылмас ризығың – берекем! 

Иа, Алла дұғамды қабыл ал, 
Барымды садақа етейiн. 
Өзiңдi аңсайтын, сағынар, 
Тек сүйген құлың боп өтейiн!
Әмин, Аллаhу әкбар!

 

Аңшының әңгімелері

 

Ала тұман, ұлпа қар ұшқындаған,
Қайталанбас ғажайып түс бұл маған!
Берен мылтық бесатар қолымызда,
Артта қалды қалалық міскін қоғам...

 

Дегендей аңшылықтың айт өлеңін,
Қараңғылық жасырды ай төбелін!
Амантайдай жылқышы ағамызбен,
Арғы жағын бетке алдық Тайтөбенің!

 

Талай ақын қалдырған жазып аңыз,
Саятшылық сарқылмас қазынамыз!
Нұра бойы, тастақ сай бағытымыз,
Түлкі алу болғаннан соң базынамыз!

 

Көз алдымда қалыңдап көрпе қылаң...
(Көк шеңгелін қайрапты ерте қыран...)
Кезіккенді алдынан құтқармайтын,
Жолдасым бар сұрмерген Еркебұлан!

 

Аң көрінсе қозбайтын затың бар ма?..
Бұдан асқан бақ болмас ақындарға.
Екі қарсақ кездесті жолымыздан,
Олжаламай кетуге хақым бар ма?..

 

Бір түлкіні тағы алдық қарға аунатып,
Алаңдаймыз күткендей алдан бақыт...
Бозала таң білінді күншығыстан,
Қала ішінде қамауда қалған уақыт!

 

Құдай беріп тілекті оңымыздан,
Сасық күзен қарап тұр жолымыздан!
Ышқынады, бейшара ысқырады,
Құтылардай кісендей қолымыздан!

 

Бабамыздың ғұмыры мағыналы,
Дала заңы олардың бағынары.
Құлшылығын түгендеп болғаннан соң,
Жазираны жүрегім сағынады!

 

******************

 

Қоңырсалқын, түн тыныш, ай да жарық,

Сақа аңшылар осыны пайдаланып.

Төрт борсықты індетіп алған жандар,

Болатындай бір жылға майға қарық.

Кәнігі аңшылардың жолыменен,

Түлкі қуып жетіңдер сайға барып.

Бұдан кейін қосаяқ ауламаңдар,

Кетерсіңдер әйтпесе майдаланып.

Киік, елік, марал да бұйырсын шын,

Сырбаз жейік содан кейін тойға барып!

 

***************************

 

Табиғатпен тілдесуге сұранып,

Дала кезген аңшылар да бір алып.

Дүркін-дүркін жортуылдан танбаңдар,

Тазыларың ізшіл болса құба-құп.

Жүрек болсын босатуға әлсізін,

Тілек болсын Сәт Алла деп тұралық.

Киесіне ұрынбастан даланың,

Иесінен ұлықсатын сұралық.

Сонда ғана алыптығың атпалдай,

Ол болмаса жолың қалар бұралып.

Ан ендеше: Ақ жол болсын бәріңе,

Кездіктерді қанға алыңдар суарып!

 

 

Бұрсадағы буырқаныс

 

Сүйегі текті, асылдан,

Аллаға ғана бас ұрған.

Алты ата болған түркіміз,

Тамыры терең қосылған.

 

Тоныкөк пенен Күлтегін,

Бабамның қалған жұрты едім.

Білге қағанның тұяғы,

Білімнен жанған білтемін.

 

Алдымнан туып азат күн,

Көргенмін ғазал-ғажап мың.

Көк бөрі менің ұраным,

Қарға тамырлы қазақпын!

 

Дүрлердің жолын жалғаған,

Жүректен жырын арнаған.

Оғыз оғланы Қорқыттың,

Қыл қобызымын сарнаған.

 

Қолдаған көкте Тәңірі,

Мысырдың болған әмірі.

Қыпшақ баласы – Бейбарыс

Сұлтан біткеннің алыбы!

 

Төреден ханын сайлаған,

Ұрпақтың қамын ойлаған.

Азаулы менен Стамбул –

Доспанбет бабам жайлаған.

 

Түспеген алтын күймеден,

Табаны жерге тимеген.

Әз сұлтандардың мекені,

Қабыл ал тартқан сый менен.

 

Тілі ортақ, ділі, салты бір,

Бауырластықтың шарты бұл.

Ажырамасын арасы

Туысқан түркі халқының!

 

Майырылмас болат – алмасым,

Араздық болса арға сын.

Бірліктің туын тік ұста,

Тегі бір түркі қандасым!

 

Додаға тұлпар тағалап,

Сөзімді қостым саралап.

Бүкпесіз айттым барымды,

Ал енді ойлан жамағат!

 

Ертегі жайлы ертегі

(2030 жыл. Қазақ халқының «Барысқа» айналғанын көзімен көрген ақынның баласына айтып отырған әңгімесі)

 

Ерте, ерте, ертеде,

Қазақия аталатын өлкеде...

Парасаты пайымына ұласқан,

Бірлігінен үгілердей дүр аспан,

«Көпұлтты» елдің бар баласы қазақтың

Тіліменен бірінен жөн сұрасқан,

Азат халық, ғажап хандық болыпты...

 

Қане балам, көңіліңді көтер шын,

Ол халыққа тағылыпты бекер сын.

Қазақ тілін білмесең ол қоғамда

Ең сорлы адам тек сен болып өтерсің.

 

Мәңгүрт емес болмашыға алданар,

Көрген жанның көзі тоймай таңданар...

Орыс тілін «аға» көрген бұрынғы,

Тек қазақша сөйлейді екен арналар.

 

Тереңдеткен тарихының тамырын,

Тыңда, балам, айтайын мен анығын.

Кеше ғана сатып кеткен анасын,

Ағылшыннан аластапты ғалымын.

 

Орындалып көкейдегі әз арман,

Өлең-жыры басталады ғазалдан,

Басқыншы елдің атауынан құтылып,

Қалалары қателерден тазарған

 

Дінін, ділін, тілін ойға теңдеген,

Бірлігі бар барлық дерттен емдеген.

Көрей, неміс, елші, малшы, бұл елде

Қазақ тілін білмейтіндер кемде-кем.

 

«Жалғыз көзді, айыр тілді, кетік қыз»

Көрінбейтін ғажап күйге жетіппіз.

Көп сөзді енді қояйықшы құлыным,

Көп армандап кетіппіз.

 

Құлаққағыс

 

Тамылжыған күй-әні

Тектілікті таңдатқан,

Тұлпарының тұяғы

Тұран төсін шаңдатқан!

 

Қалықтаған қиялы

Қыран құсын аңдатқан!

Қайран бабам, зиялы

Қанжарына қан қатқан!

 

Мыңғырған малың тоналды,

Мазасыз үйез-шаңдақтан.

Мәдениетің жоғалды,

Мыңды тойдырар шарбақтан...

 

Бәсіре тайың босып жүр,

Бал жалап басқа бармақтан.

Бөтеннің ойы – тосын-дүр,

Бірікпес, басқа тармақтан...

 

Алаштың алты баласы,

(Азанның үні ар жақтан)

Арыңмен ойлап қарашы,

Артылған қандай салмақ бар?

 

Барлығын түйіп беліңе,

Бүгін ауа көш жан-жақтан!

Бесігің болған еліңе

Берерің болса қамдап қал!

 

Құлқынның қамын күйттемей,

Қарға тамырлы қазағым,

Отанның болып ұлтаны

Табылшы қара шаңырақтан!

 

 

Құмбесік

 

Дала күйі жатыр бүгін жыр десіп,

Бала құйын құла құммен тілдесіп.

Шаңылақтың шаңын қаққан шабдар ат,

Санамды әлі тербетеді құмбесік.

 

Ақ шеңгелдің күлтесінен күн күлген,

Ақ көсікті үзіп алып бір-бірден...

Собығының сүтіменен шөл басқан,

Алмалыны аңсауменен жүрмін мен

 

Шөккен нардай алайын деп бір тыным,

Шағыл құмда өрілгендей жыр-тінім,

Деммен бірге қыдықтайтын танауды,

Жаңа өскен жас иісі шырпының.

 

Алмалыға ақ жырым көп ағылған,

Құм көшкенде қада болып қағылған.

Итмұрыны сол ауылдың жөргегім,

Ал жантағын жаялық қып жамылғам.

 

Дем таусылып болған кезде жермен жер,

Бабам жатқан жерге апарып жерлеңдер,

Әупілдектің әуенімен арулап,

Күн құрғатпай құмбесікте тербеңдер,

Күн құрғатпай құмбесікте тербеңдер!

 

 

Жеті

 

Түс те жетеу, қан да жетеу, аспан да,
Дыбыс жетеу сырын оның ашқанға.
Топырақ та жеті қабат екенін,
Бабам білген әр адымын басқанда.

 

Осы санға негіздеген барлығын,
Жарғысы мен икемдеген жарлығын,
Тіпті жоғын жеті жұт деп атаған,
Лайықтаған аптадағы ар күнін.

 

Өлшемін де жеті өлшеген кесерде,
Шалдықса да жеті үшкірер кеселге,
Ең қажетті жеті затты тастаған, 
Қалған жұртқа ырым етіп көшерде.

 

Дәл мөлшерлеп жеті қат көк аспанды,
Жеті қат жер бабам талай жастанды,
Қыз бен жігіт жеті атадан аспаса,
Әбес көріп жасамаған бастаңғы.

 

Уызы да жеті күнсіз тарамай,
Көжесі де жеті дәмсіз жарамай.
Қазынасын осы өлшемге сыйдырған. 
Қайран менің қасиетті бабам-ай.

 

 

Ерке марал

 

Ұсынган сыйым болсын маржан жырым, 
Мендегі өзгермейтің талғамды ұғын. 
Сендегі сағынышты сезінген соң, 
Сейілді жүректегі калған мұңым.

Шарпыған шыдамаймын жалыныңа, 
Ән сыңар болар ма екен танымыңа?.. 
Шалқыған шат күніме шуақ бердің, 
Балқыған бақытты шақ тағы мына...

Сүймеуім мүмкін емес есім кетіп, 
Қойған соң не істей алам шешiм бекіп?!
Қайтадан еркімді алған ерке марал, 
Соңғы сөз өзің айтшы кесімді етіп!

Оралып бозбала шақ, балаң күнім,

Өзіңдей ұнатамын далам гүлін. 
Музасы ақындардың сен шығарсың, 
Тілейтін ғашықтардың амандыгын!

 

 

Аппағым – күнім

«Апа, мен сізге жаңа жауған қардай аппақ қызды алып келем...»

(Бір достың бала күнгі арманы)

 

Балауса күндер... Арманым, жетелеп едің,

Есімде, апа: «Ботам», – деп мәпелегенің.

«Өзің қара бол, ал келін ақ болсын», – десең...

«Қорықпа, апа, аппақ қыз әкелем», – дедім.

 

Ауылдан кеттік, ерттеп ап жыр қазанатын,

Құрбылар қалды қылымсып жырға қанатын...

Балаң ойларым, бәрі де қол бұлғап тұрды,

«Ұмытпағай», – деп күндерді қырға баратын.

 

Жігітпіз енді, тәтті ойдың жетегіндеміз,

Жетегіндеміз және де жетегімде қыз...

Ақынбыз дейміз (шартарап танитындай бір)...

Ал бүгін, міне, жиырманың екеуіндеміз.

 

Той тойлап, қызық қуалап жатқаным бүгін,

Елемей жүрдік сұлудың саптағы мыңын.

Жан сарайына қызығып бір қара қыздың...

Кездесті маған алтыным, «аппағым – күнім».

 

Алыстан арман іздедім, қиырдан сағым,

Шалғайда қалған сол ауыл... Үйімді аңсадым.

Адамның басы домалап кете береді,

Бетке алып Алла тағалам бұйырған жағын.

 

Білемін анам күтіп жүр «аппағын» бүгін,

Ал менің, апа, тапқаным – «Аппағым – күнім!»

 

 

Мергенге

 

Мергенжан, аманбысың ақын бауыр?

Сен екенсің өзіме жақындау ұл.

Сен жазасың өлеңді ғашығыңа,

Мен жазамын тұрғанда «қатындауыл».

 

Бума-бума қағазым... қалған тағы...

Саған десем... сенбейді, алданбады.

Түсінбеген сыңайын танытқанмен,

Ішімде өлең шығам деп қалбаңдады.

 

Туған кезде тырысар ән құбыла,

Байқамайды мендегі сәнді мына.

Апаңа өзің айтшы: «Оқымай-ақ,

өлеңді салып қой, - деп, - сандығыңа».

 

Өлең жаза беремін жалынғанша,

Өкпелейді шекесі жарылғанша.

Он образда өртенер жеке қалып,

Жалғыз шумақ өзіне табылғанша.

 

Қатын долы келеді қызғанғанда,

Мен тағы да ілестім күзгі арманға...

Айналаңда үйірсек қаракөзден,

Жыр түсінбес, тек құмар қыздар бар ма?..

 

Көрінгенде сұлу қыз ақын бақсы,

Болмасыншы жаныңа жақын нәпсі.

Өнеріңді сыйлайтын жан болғанмен,

Өлеңінді түсінбейтін қатын жақсы!

 

 

Кездесу

 

Көздеріңе сыйдырыпсың жалғанды,
Сөздеріңде тұрды ұшқын.
Серік етіп алып-ұшқан арманды,
Өзіңді емес жыр құштым.

 

Сақтағанмен бойымызда кісілік,
Жүрек қалды тым жайсыз.
Үнсіз ғана тұра бердік түсініп,
Тілдесу де ыңғайсыз...

 

Үндестік бар арамызда білінбес,
Мендік арман - тәтті арман.
Ұғындым ба махаббаттың тілін кеш?
Талайларға бақ болған.

 

Қос кеудеде егіз қиял бір үміт,
Достық емес аңсары.
Сезінгендей қара күзден жылылық,
Оралғандай бал шағы.

 

Кейіпкерсің жазатұғын ән-жырға,
Көмейімнен ағылған.
Алғысым көп жолықтырған тағдырға,
Тұшындырған жаныңнан.

 

 

Құрбыма

 

Тағдырыңмен жүрген кезде аңдысып,
Көрмегенсің жылы құшақ жар құшып.
Бозқырауға оранса да айналаң,
Жүрегіңде мөлдірейді таңғы шық!

 

Кімді күттің, айды күттің, жыл күттің?
Сұрқай өмір өзгермеген, сұрғылт тым...
Күрсінумен иек артып үмітке,
Үнсіздікпен отыз жылды сырғыттың.

 

Сені әлі де демес ешкім көріксіз,
Жастық өтті, күнің қалды желіксіз.
Кісілікпен жүргеніңде паңданып,
Кішілікке мойын ұсындың еріксіз!

 

Ақ көйлектің кимесең де екеуін,
Ақ шымылдык болар бақыт мекенің.
Ақ боз атты болмасам да ханзадаң,
Ақ көңілмен мәңгі сыйлап өтемін!

 

********


Ұйқысыз түнімнің серігі,
Болғаның тым жақсы білемін.
Сезімнің басылса көрігі,
Ұшқыннан алау боп түледім.

 

Лапылдап жанайын қайтадан,
Жалыным жаныңды шарпысын!
Жылуын мен ғана байқаған,
Жүрегің шаттанып шалқысын.

 

Өшірме, өшпесін, маздасын,
Кешірме болмасам кенішің.
Қоздасын, шерімді қозғасын,
Қорғасын көкірек ерісін.

 

Татымды шығармай сыртыма,
Болаттай қайнауым кем еді.
Жалқылым шапшысын бұлқына,
Қызуым өртесін денені.

 

Лаулатшы, қалдырма күйесін.
Қоламта болуды қаламан.
Осындай сәтімді сүйесің...
Кеудеңді жалындай жалаған.

 

*******

 

Маған ғана арналғандай бал-шырын,
Саған дала ақтарғандай бар шынын.
Сенің айна жүзіңдегі жылылық,
Жүрегіме көшкен сынды талшыным.

 

Жапырақтай діріл қаққан самалдан,
Белгісіздеу атар әлі таң алдан.
Алуан түрлі құбылармыз, алайда,
Айнымайық Алла сүйген амалдан.

 

Лүпілімен сені сүйген жүректің,
Жырларымды жыл құсындай түлеттім.
Ақ маңдайың иығыма тіреліп,
Сен тағы да дір еттің.

 

Аманат жандар арулар

 

Даладай дархан жүрегі,

Қаладай берік қорғаны.

Азамат сыйлап жүреді,

Қазанатындай қолдағы!

 

Жазықтың нәзік гүліндей,

Бетінде ұят алқызыл –

Бір қарағаны күлімдей,

Жылулық берер жарты жыл.

 

Оймақтай ғана еріні,

Балғындығының белгісі.

Біреудің қызы, келіні,

Бағалар нағыз Ер кісі.

 

Ибаның бәрін жинаған,

Имектеу біткен иегі.

Әулетін, ерін сыйлаған,

Аруды бәрі сүйеді.

 

Қасының өзі бір әлем,

Қабағында жоқ түйіні,

Әз аналарға мұрагер,

Тындасаң сөзі – күй үні.

 

Кірпігі шашқан шуақтай,

Гүлдететіндей мың шыбық.

Саусағы – майса құрақтай,

Тілейтіні тек құлшылық.

 

Иманнан өзге сөз етпен,

Жаратқан тыйған себебі.

Тізбелеп шықтым кезекпен,

Қазақ қызының дерегін.

 

Жазмыштың ісі деп білем,

Жар сүю, жарсыз қалу бар...

Ерлерге айтам көк тірер,

Аманат жандар – Арулар!

 


Share:      
Leave a comment: