Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
DRAMA
он мың теңге

Blogs

21.08.2017
7598

он мың теңге

Он мың теңге.

 

Екі көріністі драма.

 

Қатысушылар:

 

  • Жанна- жасы жиырмадан асқан бойжеткен. Дәмханада даяшы болып жұмыс істейді.
  • Азамат – жасы жиырма бесте. Құрылыста жұмысшы болып жұмыс істейді
  • Марат- жасы жиырма бесте. Азаматтың досы. Бірге жұмыс істейді
  • Сардар- жасы қырықтан асқан. Кәсіпкер.
  • Хамит- жасы отызда. Сардардың досы.
  • Азиз – жасы жиырма бесте. Сардардың досы.
  • Захид – жасы алпыстан асқан ер кісі. Зейнеткер
  • Назира – жасы он тоғыздағы бойжеткен. Уақытшы жұмыссыз.

 

Бірінші көрініс

 

Кешкі қала. Дәмхана іші. Үстел басында Сардар, Хамит, Азиз – үшеуі отыр. Жанна оларға қызмет көрсетіп жүр. Екінші үстел басында Азамат пен Марат отыр.  

Сардар: Жанночка, сен неге сұлусың, а?  

Жанна: Сәке, сіз үшін тырысып жүрмін ғой.

Хамит: Красавицалардың бәрін Сардар ап қояды. Жанында жүріп, біз уродиналарды құшақтап қаламыз или еще хуже порожняк боп қайтамыз.

Жанна: Уәде берем. Бүгін ешкім құр қалмайды.

Сардар: Жанночка, біле білсең, мен тек рестораннан тамақ ішетін едім. Соңғы кезде осы дәмханасымақтан шыға алмай қалдым ғой. Сонда бар ғой, тамақ ішу үшін емес, сені көру үшін келем. Сенің көңіліңді көтеру үшін, сенің қалтаңды толтыру үшін келем. Ал сен соны бағаламайсың. Постоянно алдайсың. «Құр қалмайсың» деп айтасың да, құр қалдырасың. Бір айдан асты ғой. Мен де бала емеспін. Қашанғы мені алдай бересің? Алдамай жүре алмайсың ба?

Жанна: Ащы шындыққа қарағанда тәтті өтірік дәмдірек қой.

Сардар: Қандай болса да, шындығыңның дәмін бір көрейін да...

Жанна:  Сіз бүгін... сорпаның дәмін көріңіз. Біздің аспаз жаңа сорпа дайындады. Дәмі тіл үйіреді. Тек сіз сияқты қымбат қонақ үшін дайындалған сорпа. Ішіп көріңіз. Өкінбейсіз...

Сардар: Жанночка, мен сен үшін өкінуден қашпайм ғой! Екеуміз бірге бір өкінейік та.

Жанна: Сәке, о не дегеніңіз? Өкінбей өмір сүріңіз! Күн сайын дәмді тамақ жеңіз! Әр қалада үйіңіз болсын! Әр түнде тек хас сұлуды құшақтаңыз!

Хамит: Қалай-қалай сөйлейді, ей! Айтқаның келсін, Жанна! Бізге де жұғысты болсын!

Жанна: Сол үшін алып қойыңыздар, жігіттер!

 

Дәмханада музыка ойнай бастады.

Сардар: Жанна, кел билейікші. Мен сені өмір бойы билетер едім... Алақанымда аялап... Сен үшін жаным құрбан! Өй жоқ.. Малым құрбан! Сенімен рахатқа бату үшін жүз мың теңге аямас едім. Екеуіміз бүгін бір тыныш, әдемі жерге барайық.   

Жанна: Жүз мың теңгеге бағаладыңыз ба? Көп  емес.. Аз да емес.. Кетейік! Кетейік көз көрмес, құлақ естімеске. Кетейікші, Сардар! Ұстап тұрған байлаудың бәрін бұзып – жарып, сенімен бірге жердің түбіне кетемін.

Сардар: Кетеміз, көгершінім. Әрине кетеміз. Бір аптадан соң тендер ойнатылады. Содан біраз ақша жымқырып қалайын. Екі жүз мың теңгені қалтаға саламыз да, кетеміз екі-үш күнге жердің түбіне.

 

Жанна Сардарға тесіле қарады. Сардар достарына қарап, жымиып, көзін қулана қысып қойды. Жанна күрсінді де, үстел үстіне қарады. Стақандарға толтыра арақ құйды. Сосын бөтелкеге қарады.

Жанна: Ой! Сусын таусылып қалыпты ғой. Жүгіріп барып, тағы біреуін әкеле қояйын.

Сардар: Жүгіре ғой, Жанночка. Әкел арақты. Құй арақты. Мен сенің қолыңнан тек арақ емес, у ішем.  

Жанна: Ақшасын төлесеңіз, болғаны. Оны да тауып берем...

 

Азамат пен Марат өзара сөйлесіп отыр.

Азамат: Қазіргі кездің қыздары қалай – қалай сайрайды. Көрдің бе? Талай боздақ қыршынынан қиылған жылдары елдің елдігін сақтап қалған, шаңырақты шайқалтпай ұстап тұрған біздің аналарымыз емес пе еді?! Енді бүгінгі қу қыздардың тірлігін қарасайшы.. Әттең-ай! Әттең-ай! Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда мына қызталақтың істеп жүргенін қарашы! Ел болып, ес түзейміз бе, деп жүргенде ес түзеу былай тұрсын, етегін ашып, абыройын шашып жүр. Анаумен бірге екі-үш күнге бір жерге барып келмек болғанына мәз. Бір өзі іріп-шіріп кете қойса, бір сәрі. Мұндайлар оң-солын танымаған жас қыздарға жаман үлгі болып кетеді-ау.. Қыздарым не болып барады? Елім не болып барады? Шаңырағым шайқалып тұр. Күндердің бір күнінде уықтарды сындыра, ортаға бұрқ етіп құлайды-ау. Қабырғам қайысып тұр, уықтарым майысып тұр! Қалай ел боламыз, Марат-ау?! Қалай ел боламыз?!

Марат: Ел болуды ел басында отырғандар ойласын. Біз екеуіміз өз етегімізді жауып алсақ та, жаман емес. Сирағымыз жылтылдап жүргенде ел тағдырын ойлап, бас қатырмай-ақ қояйық. «Балам» деген ел болмаса, «елім» деген бала қайдан шығады?!» Мен өз басым «елім» деуді баяғыда – ақ доғарғам... Мереке кезінде алаңға ту ұстап шыққаным үшін мықтылар бірнеше күн түнекке қамап қойып, таяқтаған кезде, көп нәрсені түсінгем.. Ол күндері сен де мені құтқаруға ұмтылмадың, Азамат. Әлі есімде. Ұмытпаспын!  Ұмыта алмаспын..

Азамат: Досым-ау, осыны менің бетіме басуды қашан қоясың? Білмедім ғой. Білсем, шыбын жаным шырылдап ұшар едім саған қарай. Құтқарып алар едім. Құтқара алмасам, сол түнекке сенімен бірге сүңгір едім ғой, досым!

Марат: Іздемедің.. Білмедің.. Іздеушісі, сұраушысы жоқ сорлы екенімді сол күндері жақсы түсіндім.. Мықтылардың таяғы емес, өмірдің таяғы сағымды сындырды. Қабырғасы қайысу былай тұрсын, қабырғасы сөгілген, жүрегі езілген пендемін. Түнектен сүлдерім ғана сүйретіліп шықты. Жан дүнием сол түнекте қалып қойды. Бөтен қыздардың ашылған етегін жабу үшін күреске шақырып, сансыратпа мені, Азамат! Құдай берген үш ұлымды есейтсем, сол да мен үшін аз емес..

Азамат: Сол ұлдарың үшін, жігіттер үшін сен қасқайып тұруың керек емес пе?

Марат: Қасқаюға шамам жоқ. Кешқұрым өз ойыма өзім  көміліп отырғанда, ызаланып оқ жонуға ғана шамам жетеді.

Азамат: Оған да Құдайға шүкір. Тон пішіп кетпегеніңе рахмет!

Марат: Оқ жонғандардан тон пішкендер озып тұрған заманда өмір сүріп отырмыз. Жан- жағыңа қара. Ойлан, Азамат.

Азамат: «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген.

Марат: Енді маған ит бол дейсің бе?! Рахмет, досым, рахмет!

 

Жанна босаған бөтелкені алып, асханаға кетті. Біраздан соң буы бұрқыраған сорпа мен бір бөтелке арақ алып келіп, үстелге қойды.

Жанна: Ас болсын, жігіттер!

Сардар: Арақ бізге ас болады. Оны ішіп, біз мас боламыз. Саған керегі сол ғой, Жанночка... Мен сен айтқанның бәрін істейін. Ал сен менің айтқанымды істейсің ба? Дәл бүгін мендік болшы.  

 

Жаннаның етегінің астына қол жүгіртті. Жанна оның қолын қағып жіберді.

Жанна: Ақшасын төлесеңіз, болғаны...

Сардар: Төлеймін! Қанша тұрады?

 Жанна: Сіз үшін қымбат емес...

Азиз: Қутыңдап тұр. Бүгін қалай да тақымыңа бас, Сардар. Офиске бармай-ақ қой. Жұмыс ешқайда қашпас.

Сардар: Досым, саспа. Менің де басымда бірнеше жоспар пісіп тұр. Көрікті қызған кезде соғады..

 

Жанна қалтасынан блокнотын алып, қарады.

Жанна: Бүгін сіз бізге он үш мың екі жүз теңге төлейді екенсіз. Бар болғаны сол ғана.

Сардар: Жегенім үшін он бес мың төлейм. Ол мен үшін проблема емес. Бүгінгі еркелігім үшін елу мың төлейм. Келісесің бе? Если что, саудаласайық.

Жанна: Сардар, сіз мені ислам заңымен екінші әйел қылып алыңыз. Мен сізге бір күндік емес, өмірлік жар болайын. Егіздетіп- сегіздетіп бала туып берем.

Сардар: Маған исламның керегі шамалы. Табиғат заңының алдында ғана бас иемін. Одан басқасына пішту. Талай қатын менен бала тапқан. Ұл-қыздарым жан-жақта құлпырып, өсіп жатыр. Бірін білсем, онын білмеймін. Аман болсын барлық ұрпағым! Мендей тектінің тұқымы кеңге жайылу керек. Одан ешкім зиян шекпейді. Үкіметтегілердің өзі «бірнеше қатын алуды заңдастыру керек» деп талай айтты емес пе. Вообще- то, маған заңның керегі шамалы. Ебін тапқан екі асайды. Жарайды. Бос сөзді қоялық. Кейінгіні  кейін көрерміз. Сен бүгінгіні нақты айт. Жүр соңымнан дәп қазір. 

 

Сардар орнынан тұрды. Әмиянынан он бес мың теңге алып, үстел үстіне шашып тастады. Жанна ақшаны алып, бұрылып, асханаға беттеді.

Сардар: Жанна, тоқта!

 

Азамат орнынан тұрды.

Марат: Барма онда, Азамат. Ол жерде біз артық боламыз. Сауда қызып жатыр.

 

Марат орнынан тұрып, Азаматты тоқтатпақ болды. Ол тоқтамады. Азамат Сардардың жанына келді.

Азамат: Жігіттер, отырыстарың жақсы екен. Жол болсын! Қайдан келгенсіңдер?

Хамит: Ісің болмасын! Сен кімсің бізге сұрақ қоятындай? Өз жөніңмен жүр!

 

Азамат олардың үстелінің жанында тұрған бос орындыққа қонжиып отырып алды.

Хамит: Өз орныңа барып отыр.

Азамат: Бұл жердегі орынның бәрі менікі. 

Хамит: Сенімдісің бе?

Азамат: Сенімдімін! 

Марат: Азамат, нең бар бұларда? Жүрсейші, өз орнымызда отырып, тамағымызды жейік те, өз жолымызбен кетейік.

Хамит: Досың саған қарағанда ақылдырақ екен. Тыңдасайшы соны.

Азамат: Араласпа! (Маратқа көзін алартып)

Сардар:  Біз мұнда тамақ ішу үшін келдік. Тамақ іштік. Ақшасын төледік.

Азамат: Жеген тамағың үшін ақша төлейсің. Айтқан сөзің үшін де ақша төлейсің бе, мазақ еткеніңе жауап бересің бе?

Сардар:  Ақша төлейм! Жауап берем!

Азамат: Жаннаға айтқан сөздерің үшін жауап бер! Ол сенің қай еркелігіңді көтеру керек?

Сардар: Сен кімсің өзі?! Отырған жеріңде қазық қылып қағып жіберем. Біздің ісімізге араласпа!

 

Азамат Сардардың жағасынан алып, жұлқып қалды. Сардар Азаматтың қолын қағып жіберді.

Азамат: Араласам! Жанна - менің қандасым, қарындасым. Сол үшін араласам. Қыздарды жаман жолға салып жүрген сен секілді оңбағандар. Көгала қағаздарыңмен әбден бұзып біттіңдер. Кет бұл жерден! Бұдан кейін келуші болма!

Сардар: Неге кетеді екем? Сен маған бұйрық беретіндей кімсің өзі?

Азамат: Мен - бұл жердің қожайынымын. Мұнда кімнің келетінін, кімнің келмейтінін мен шешем.

Сардар: Бұл дәмхананың қожайынын – Әбибулла әкәні мен жақсы танимын. Өтірік айтпа!

Азамат: Сен сөз түсінбейді екенсің. Бұл жердің, бұл елдің қожайыны менмін! Адамдарыма тиіспе!

Сардар: Қанша жеріңді, қанша адамыңды сатып алғам. Ақшасы төленген. Қыңқ ете алмайсың!

 

Азамат Сардардың жағасына алып, жұлқып орнынан тұрғызды. Бетіне бетін тақап тұр.

Азамат: Қыңқ ету былай тұрсын, бұрқ ете қалам! Өзіңнің де, ақшаңның да күлі көкке ұшады!

Сардар: Ұшырып көр! Сендей қайыршының қолынан не келерін бір көрейін! Сен бір жүрген сүмелексің. Сендейлердің талайын тар қапаста шіріткем. Сені де шірітем. Мықтылар менің ақшам үшін сенің көзіңді ойып алады. Қандасың былай тұрсын, қатыныңды танымай қаларсың!  

 

Азамат Сардарды жұдырығымен қойып қалды. Екеуі ұмар-жұмар алыса кетті. Хамит пен Марат та қарап қалмады. Төртеуі ортада жұдырықтасып жүр. Әлден соң Азиз бен Жанна төбелескендерді әзер ажыратты. Сардардың мұрнынан қан ағып тұр. Ол үстіндегі шаңды қағып әлек.  

Азамат: Сендейлердің шаңын талай рет қаққанмын. Сенің шаңыңды қағу мен үшін түк емес.

Сардар: Мен сен сияқты шаң – шаң болып, кірпіш тасып жүрген жоқпын. Менің шаңымды сен қаға алмайсың. Сенің ту – талақайыңды шығармасам, Сардар атым өшсін! Бір тиынға сатып алам да, екі тиынға сатып жіберем құлдыққа. Жүрерсің Сирия жақта көзің мөлиіп.  

Азамат: Сатып аласың, ә! Саудагер! Сатылмайтын, сатпайтын жігіттер бар мұнда. Бәріміз біріксек, сендей саудагерлерден түк қалдырмаймыз. Сен өзің баяғыда-ақ сайтанға сатылып кеткенсің.  Сатқынсың сен! Қаныңды сүртуге қиналып тұрсың ба? Қаннан қорыққан бейшара. Мұрныңды қорғай алмадың. Басыңды қорға. Басыңды жарам!

 

Азамат Сардарға қарай тұра ұмтылды. Марат оны әзер ұстап қалды. Сардар қашқақтап жүр.

Азамат: Мына сілімтікті ұрып өлтіріп, сосын тіпті сотталып кетсем де, арманым жоқ! Жібер мені, Марат!

Марат: Сабыр, Азамат, сабыр! Қолыңды қанға былғама. Ертеңіңді ойла. Ұл-қыздарыңды ойла. «Ой, бауырымдап» орныңды сипап қалар жайым жоқ. Жібермеймін!

 

Марат Азаматты күшпен әзер ұстап тұр. Әлден соң Азамат тынышталғандай болды. Марат Азиз бен Хамитке иек қақты. Сардар, Азиз, Хамит – үшеуі  тыпырлап, дәмханадан тұра қашты. Азамат орындыққа қайта отырды. Жанна үндемей жанында тұр. Оған қарап, Азамат қайта ашуланды.

Азамат: Сен неге олардың алдында етегіңді ашып, бұраңдап жүрсің?! Ұят қайда?! Ар қайда?!

Бүкіл елді масқара қылып жүрсің. Еркектерді тайраңдатып қойып, солардан ақша алғаныңа мәзсің бе?! Бұл өмірде барлығы ақшамен өлшенеді ме?! Атам қазақ ақша үшін емес, ар үшін өлген. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» демеуші ме еді?! Ал сен, шіріген жұмыртқа, өзіңмен бірге бүкіл елдің намысын талтаңдаған ақымақтың астына салып бермекшісің! 

Жанна: Шіріген жұмыртқа дейсің бе?! Иә, мен шірікпін! Шіріп біттім, сасып кеттім. Не үшін бұраңдап жүр дейсің бе? Өзің де білесің. Ақша үшін. Ақша үшін тәнімді де, жанымда да сатам! Өзімнің тәнім, өзімнің жаным. Ал сен нағыз намысшыл жігіт болсаң, мен сияқты қандастарың, қарындастарың неліктен мұндай жағдайға жетті деп ойланып көрдің бе? Еріккеннен кім көрінгенді емексітіп жүр дейсің бе? Анам ауру. Әкем араққұмар. Інім жас. Анама дәрі алып беруім керек. Бауырымның шұлығының жыртығынан өкшесі жылтырап жүр. Оған киім керек, тамақ керек. Әкем де кезінде сен сияқты намысшыл жігіт болған. Жала жапты да, жұмыстан шығарып жіберді. Басқа жұмысқа алмады. Бастықтар сары ауыз балапандарды әкесінің ақшасы үшін жұмысқа алады. Менің әкемді қорлады, таптады! Ол арақтың құлы болып кетті... Намысының құлы болғысы келмеді деп ойлайсың ба? Жоқ! Оның намысы, білімі, ақылы ешкімге керек болмады. Адамның бойында арамдық болмаса, ақыл, білім, намыстың құны көк тиын! Мен араммын. Маған ақша керек. Әкеме арақ әпермесем, әр есікті сығалап, арақ сұрайды. Анама дәрі әпермесем, түнімен ұйықтай алмай ыңырсып шығады. Бауырымның аяғы жаурады. Маған ақша керек. Ағатай, қалтаңда он мың теңге бар ма? Берші маған. Қандасыңа, қарындасыңа он мың теңге берші. Қазір – ақ қожайынның бетіне мынаны лақтырып тастап, шығып кетейін бұл жерден. (жұлқынып, алжапқышын шешті де, Азаматтың алдына лақтырып тастады) Он мың теңге маған бір аптаға жетеді. Одан кейін жан нәсіп. Табылар тағы бір намысшыл жігіт немесе ақмақ еркек. Берші маған он мың теңге!

 

Жанна Азаматтың алдында жұлқынып, алақанын жайды. Азамат төмен қарады.

Жанна: Жоқ па қалтаңда он мың теңге?..

Азамат: Жоқ...

Жанна: Ондай болса, менің бай клиенттерімді неге қуып жібердің?! Олар келген сайын он бес – жиырма мың теңге береді. Соның төрттен бірі менікі. Ерекше ақылды болғаным үшін қожайынның маған берген сыйы сол. Басқа даяшылар он пайызын ғана алады. Сол жиырма бес пайыз үшін мен олардың кез келген сөзін көтерем, кез келген еркелігін көтерем. Еркелігі қандай екенін білгің келіп тұр ма? Білмейтін бе едің? Шырақ сатып әперейін. Ұстап тұр да, көре ғой!

 

Жанна орындыққа отыра қалып, жылап жіберді. Марат та отырды. Жаннаның басынан сипады.

Марат: Жылама, қарындасым. Әлі – ақ бәрі оңалады. Әкең арағын қояды. Анаң жазылады. Бауырың есейеді, өз жыртығын өзі бүтіндейді. Қайтеміз енді? Қан қайнайды, жүрек зарлайды. Күресерге дәрмен жоқ. Еееей, опасыз заман- ай! Мөңке бидің айтқандары тұп – тура келіп тұр-ау. «Заманақыр болғанда айнымалы-төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң, ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады» деген екен жарықтық.    

Жанна: Біздің шамамыз тек жыртықты жамауға жетеді. Басқаларды көрдің бе? Бөтен елде жүріп, сол елдің адамдарына «қыңқ ете алмайсың» деп қыр көрсетеді. Өйткені олар кез келген істің көзін табады. Көр көкірегін бостан босқа кере бермей, еңкейетін жерде еңкейіп, шалқаятын жерде шалқайып тірлік қылады. Сонысымен байыйды. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегенді естімеп пе едің? Бедірей болғым келгеннен бедірейіп жүр деп ойлайсың ба, бауырым?! (Азаматқа қарайды. Ол үнсіз) Қайда кешегі Исатайлар, Махамбеттер?! Қазір жігіттер құрт жегішке жем боп жүр. Ал біз етегімізді ашып, еркексымақтарға қызмет қылып жүрміз. Мен етегімді ашсам, мұқтаждықтан аштым. Байдың қыздары етегін еріккеннен ашып жүр... Мектепті бітірген соң институтқа оқуға түстім. Сессия кезінде бес қою үшін мұғалім ақша сұрады. Бере алмадым. Етегімнің астына қол жүгіртті. Көне алмадым. Екі қойды да, оқудан шығарып жіберді... Ағатай, неге сол қомағайдың шаңын қақпадың? Көрмей қалдың ба? Шырылдап, арыз айттым.  Есітпей қалдың ба?! Өмір мені жаншып тастады... Әркімнің алдында көзімді сүзіп, өмір сүргім келіп пе еді? Өзімнен өзім жиіркенем! Құдайдан тілегенім анамның ауырғаны мен әкемнің араққұмар болғаны ма еді? Үйім арақ сасып кетті. Үйімнен жиіркенем! Өмірімнен жиіркенем! Өлгім келеді! (орнынан ұшып тұрып, Азаматтың алдына отыра қалды. Оның аяғын құшақтап, айқайлап жылады) Ағатай, маған көмектескенің  сол болсын - дәл осы жерде, дәл қазір өз қолыңмен өлтір де, өз қолыңмен көміп кет! Анамның ыңырсығанын есітуден шаршадым, бауырымның жылтыраған өкшесін көруден шаршадым. Көміп кет, аға, көміп кет! Бөтен еркектің астында жатқанша, өз жерімнің топырағының астында жатайын. Көміп кет, аға, көміп кет! Бөтен Сардарға қолымнан ұстатқанша, өз Азаматымның қолынан өлейін. Өлтір де, көміп кет! Қыңқ етсем, бетіме түкір! Бөтен Сардардың бетімнен сүйгеніне көнгенше, өз Азаматымның бетіме түкіргеніне көнейін. Бетіме бір түкір де, көміп кет! Ағатай, айналайын ағатай, көміп кетші! Әбибулла әкә осы күнге дейін қарап жүр дейсің бе? Былғанып біттім. Менде тазарудың бір ғана жолы бар. Сол жолға түсуге көмектесші қарындасыңа. Көміп кетші! Көміп кет! Айналайын ағатай, көміп кетші! Көміп кет!!!

 

Азамат шошына орнынан тұрды. Жаннаны итеріп жіберді. Оның қолдарынан босанды. Анадай жерге барып тұрды. Естігенінен басы айналып бара жатқандай теңселіп тұр. Жанна жерге құлады. Қимылсыз жатыр. Марат Жаннаға орнынан тұрып, орындыққа отыруға көмектесті. Жанна алжапқышының бір шетімен көз жасын сүртті де, алдына байлады.

Марат: Айналайын қарындасым, басыңнан біршама қиындықтар өтіпті. Солардың бәріне шыдап келе жатқан мықты адам екенсің. Адамның тағдыры  Құдайдың қолында. Құдай әр адамның тағдырын шамасына қарай, пейіліне қарай жазады. Сен қатты қиналғаннан жанкешті болып қалыптасқан адам сияқтысың. «Өмірімнен жиіркенемін. Өлгім келеді» дейсің. Өлу оп -оңай деп кім айтты саған? Талай адамның кеудесінен жаны шықпай қиналғанын өз көзіммен көргем. «Мына дүниенің есігін оп- оңай жауып, шығып кетемін де, ана дүниенің есігін оп-оңай ашып, кіре салам» деп ойлама. «Көреріңнің бәрін көрмей, көрге басың кірмейді» деген сөз бар. «Қиындықтың бәрінен өлім арқылы қашып құтыла алам», деп ойласаң, қателесесің. Өлімнің арғы жағында не тұрғанын бір Құдай біледі. Бұл өмірдің қиындықтары өлімнен кейінгі болатын қиындықтардың жанында ойыншықтай болып қалуы мүмкін. Мықты болсаң, өмір сүр, өлімге асықпа. Осы дүниенің барлық сынағына шыдап бақ. Құлаған соң тұра біл. Бар күшіңді жина да, алға ұмтыл. «Күшім бітті, жүре алмаймын», деп ойлама. Жүрем деген адамға Құдай қуат береді. Алдына қойған мақсатына жетуге жағдай жасайды. Үмітің үзілмесін. Өмірден түңілме. Құдайдан күдеріңді үзбе. Ең қараңғы түннен кейін де таң атады. Әрбір жаңа күн ол – жаңа мүмкіндіктер.

     «Он мың теңге бер маған» дейсің. Мен-ақ берейін саған сол ақшаны. Сонымен барлық мәселең шешіледі ме? Жаңа өмірді бастау үшін саған жетпей тұрғаны он мың теңге ме? Арманыңның шырқау шегі он мың теңге ме? Азаматтан алақан жайып, сұрайтының он мың теңге ме? Ондай болса, сенің парқың да он мың теңге! Ойлан, қарындасым, ойлан.  

     Құдайдың тегін берген сыйларының бір де бірін бағаламай, сайтан ойлап тапқан ақша үшін жанынан безген адамдар көп. Кейбір пенделер өз аяғымен жүре алғаны үшін рахмет айтпайды да, машина сатып алатын ақшасы болмағаны үшін Құдайға тіл тигізіп жатады. Жарық Күннің жылуына денесін тосып, содан қуат алудың орнына, солярийге барып, терісін күйдіру үшін ақша іздеп жатады. Бұлақтың тәп-тәтті суын ішудің орнына іші уға толы ап – ащы сусындарды сатып алып, ішіп жатады. Адамдар ақшаға өмірдің тәттісін сатып алып жатыр деп ойлайсың ба? Жоқ. Олар өлімнің ащысын сатып алып жатыр. Машина мінгендердің қаншасы жол апатынан өліп кетті. Соляриймен күйген теріде қатерлі ісік пайда болуы мүмкін.  Жасанды сусындардан қанша адам ажал тапты. Білесің бе? Тек ақша жайлы ойлай бермей, басқа жайлар жайлы ойлап көрші. Бақыт тек ақшаға байланып тұр ма? Құдайдың тегін берген ризығымен өмір сүрген адам бақытты. Жарық күнді өз көзімен көре алған адам бақытты. Өз тілімен өз арманын айта алған бақытты. Жалпы арманы бар адам бақытты. «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам», деген заманда өмір сүріп жатырмыз. Ақшаның адам өміріндегі рөлі мүлдем жоқ деп айтпаймын. Бірақ негізгі және жалғыз құндылық ақша емес. Ойлан, қарындасым, ойлан.

 Өміріңдегі қиындықтардың бәрін өлім арқылы шешем деуің дұрыс емес. Ақшамен шешем деуің де қисынсыз. Қиындықтарды ақылмен шешеді. Ақылды болсаң, бақытқа жетудің жүз мыңдаған жолы бар. Соның бірін таңда да, бақытты бол. Арғы жағын ұятың білсін, арың білсін. Ойлан, қарындасым, ойлан.

            

Осы кезде дәмханаға Назираны қолтықтап Захид кіріп келе жатты. Жанна олардың алдынан шығып, қарсы алды. Назираның қысқа етегіне, Захидтің менменсіген түріне ойлана қарап, біраз уақыт тұрды. Назира Жаннаға мұрнын шүйіре қарады. Захид бұған сүзіле қарады.

Жанна: Хош келдіңіздер. Төрлетіңіздер. Мен сіздерге қызмет көрсетуге дайынмын.

 

Жанна олардың алдында басын иді. Екеуі үстел басына отырды. Жанна қол қусырып, олардың жанына барып тұрды.

Захид: Құлыншағым- ұрыншағым, отыра ғой.

Назира: Ақсақалым- бақ сақалым, отырдым.

Захид: Сен қу қыз мені неге ақсақал – бақсақал деп атайсың?

Назира: Шынында да солай ғой. Ақ сақалың бары рас. Ол мені баққа жеткізеді.

Захид: Менің сақалым сені баққа жеткізеді ме? (қарқылдап күлді) Қайсы баққа жетейін деп едің? Айтсайшы. Бірге барайық. Бақтағы ағаштардың көлеңкесінде аунап-қунап қайтайық.

Назира: Хоттабыч қартым – ау, сенің сақалың мені баққа, бақытқа жеткізеді. Сен де мені «Назка» деп еркелетудің орнына,  «Құлыншақ- ұрыншақ» деп атайсың ғой.

Захид: Ұрыншақ екенің өтірік емес. Үнемі ұрынасың да, жүресің.     

Назира: Жолымда тұрғандарға ғана ұрынам. Басқаларда шатағым жоқ.

Жанна: Кешіріңіздер, мырза мен ханшайым. Тапсырыс берсеңіздер. Мұнда тамақтануға келген шығарсыздар.

Назира: Дұрыстап сөйле, даяшы. Дастарханды дайындап бер де, жөніңе тай.

Захид: Бізге әзірше жүз грамм коньяк алып келіңіз. Сосын тағы көрерміз.

Назира: Жүз грамм? Оны көзімізге тамызамыз ба? Бір бөтелке алып кел. Сосын шоколад алып кел. Жөні түзу қандай тамақтарың бар?

Жанна: Бізде тамақтың бәрінің жөні түзу. Жөні түзу адамдарға ұнайды...

Назира: Сен тістемей сөйле!

Жанна: Кешіріңіз! Кәуаптың дәмін көріңіздер.

Назира: Кәуап дейсің бе? Ой, шаршадық қой кәуаптан. Мұнда француз тағамдарын дайындайды ма?

Жанна: Жоқ, ондай тамақ пісірмейді. Сіздей жоғары мәртебелі қонақтар мұнда келмеуші еді. Ұяттымыз. Біздікі тек шай-пай, кәуап-сорпа ғой..

Назира: Сен тіпті есірген даяшы екенсің. Қожайыныңа айтып, жұмыстан шығартып жіберем. Менімен байқап сөйлес! 

 

Жанна басын иіп, ілтипат жасады да, бұрылып, асхана жаққа кетті.

Назира: Сен неге оған «сіз» деп сызыла қалдың? Сызып қоярмын бір жеріңді!

Захид: Көзіңе көрінгеннің бәріне ұрына бермей, тыныш отыр!

 

Назира бұртиып, үндемей қалды. Сөмкесінен темекі алып шекті. Жанна үстелге коньяк, шоколад алып келіп қойды. Коньякты рюмкаларға құйды. Назираға күлсалғыш ұсынды. Назира коньяктың бір рюмкасын қағып салды.   

Захид: Кәуап дайындай берсін.

Жанна: Қанша дана?

Захид: Төрт дана.

Назира: Төрт дана сенің мұртыңды майлауға да жетпейді.

Захид: Үш дана.

Жанна асханаға кетті. Назираның сөмкесіндегі телефон қоңырауы шырылдады. Ол сөмкесінен алып, телефонына қарады да, түймешесін басып, дауысын өшіріп, үстел үстіне қойды. Әлден соң телефон тағы шырылдады. Захид телефонға көз салды. Назира телефонды жұлып алып, сөмкесіне салды.

 

Захид: Кім телефон соғып жатқан?

Назира: Мамам ғой.

Захид: Мамаңның есімі Жомарт па?

Назира: Иә. Жомарт. Кейбір есімдер бір түрлі болады ғой.

 

Телефон қайта шырылдады. Назира сөмкесін қолына алып, дәмханадан жұлқынып шығып кетті.

 

Екінші көрініс

 

Дәмхана сыртында Назира телефон арқылы әлдекіммен сөйлесіп тұр. 

 

Назира: Саған қанша рет айттым. Басымды қатырма! Сенімен шатасып, қанша уақытым босқа кетті... Мыңқылдап, ақыл айтқаннан басқа не істей аласың сен? Маған үйіп – төгіп берген уәделеріңнің бір де біреуін орындамадың. Телефон соқпа маған. Мен қазір кездесуде отырмын.. Жұмыс берушімен.. Өз бақытымды табуға тырысып жүрмін. Сендейлерден көмек күтіп отыруға уақытым жоқ.. Ондай мораліңді шешеңе айт. Содан басқа кім тыңдайды сені? Әкең сені үйден қуып шыққаны дұрыс болған. Әкеңмен татуласқан кезде хабарласарсың. Әзірше – пока, сүйіктім!   

 

Назира қабырғаға жапсарлас қойылған сәкіге отырды. Сөмкесінен темекі алып шекті. Назираның қасына Жанна келді, жанына отырды. Әлден соң Назира басын ұстады, қабағын түйді.

Жанна: Басың ауырып тұр ма? Су әкелейін бе?

Назира: Басым айналып, жүрегім айнып тұр. Тағы да бала көтеріп қоймасам, жақсы болар еді. Қазір түсік жасату қымбаттап кеткен. Дәрігерлер шеттерінен жүлік. «Үкімет бізге аз ақша төлейді» дегенді сылтауратып, біреудің қиналғанынан ақша табуды жақсылап үйреніп алды.  

Жанна: Бауырым-ай, ондай сөздерді айтпашы. Балалы болсаң, бір жағынан қиын болары рас. Бірақ түсік жайлы айтпашы.

Назира: Жүкті болсам, аборт жасатып, алдырып тастаймын. Баламен байланып отыратын жайым жоқ.

Жанна: Ойланшы, сіңлім! Бойыңа біткен шарананы қалай өлімге қиясың? Қиналсаң да, балаға өмір бер. Көмектесетін адамдар табылар. Мен де көмектесем.

Назира: Қалай көмектесесің? Маған ақша керек. Бересің ба? Ха ха. Қанша ақшаң бар? Берші маған он мың теңге.  

Жанна: Оны неғыласың?   

Назира: Түсік жасатам.

Жанна: Тусайшы..

Назира: Ойнастан қандай бала туылушы еді? Неғыласың маған бала тудырып?

Жанна: Бала қандай жағдайда пайда болса да, ол – періште. Бейкүнә періште..  

Назира: Мылжыңдама. Ондай сөздеріңді шайнап – шайнап басыңа жақ. Ақшаң жоқ па? Ондай болса, басымды қатырма! Құрып кет бар!

Жанна: Мен кетермін..  Сен қаларсың осы ой, осы қағидаларыңмен.. Қай ұшпаққа жетемін деп ойлайсың? Өміріңді өзгертсейші. Не мына жүрісің? Қожайынға айтып, осында жұмысқа орналасуыңа көмектесейін. Бізге даяшы қыздар керек еді. Бірге жұмыс істейік. Еңбекпен тапқан нан тәтті. Біраз ақша жинап алсаң, басқа жақсырақ жұмысқа орналасарсың. Мүмкін оқуға түсіп, жоғары білімді азаматша болып, өз жолыңды табарсың. Мен саған барлық жағынан көмектесемін. Бала тусаң, оны да бірге ер жеткізер едік. Басқа барар жерің болмаса, біздің үйде тұрсаң, болады. Ата – анам қарсы болмайды.   

Назира: Сендердің бәріңе бүгін не болған? Шеттеріңнен данышпансыңдар. Ақымақ Назкаға ақыл айтқыштар-ай.

Жанна: Мен саған ақыл айтып тұрған жоқпын. Дұрыс жолға түсуіңе көмектескім келіп тұр.

Назира: Менің жолымда шаруаң болмасын. Өзім білем!

Жанна: «Өзім білем, өзім білем!» деп өзеурейсің. Білгенің – ана шалға қолжаулық болу ма? Ол саған қарағанда өзінің қол орамалын қымбатырақ бағалайды.

 

Назира Жаннаның бетінен салып қалды. Соққыдан Жанна құлап қала жаздады. Осы кезде дәмханадан Азамат пен Марат шығып келе жатты. Құлап бара жатқан Жаннаны Марат ұстап қалды.

Жанна: Ақымақ-ай! Мына түріңмен бір күні бақтағы бір ағаштың астында домалап қаларсың.

Назира: Тілің кесілгір!

Жанна: Менің тілімді кесіп алып, жылтыраған саныңды жабайын деп пе едің?

Марат: Қыздар, бұларың ұят болады. Қойыңдар.

Азамат: Бұлар ұят дегенді біледі дейсің бе?

Жанна: Жігіттер, рахмет. Бара беріңдер. Біз тағы біраз сөйлесейік.

Назира: Мен сенімен сөйлеспеймін!

Марат: Қарындасым, үлкен апайыңның айтқанын бір уақ тыңдап көрсейші. Жаны ашығаннан араға түсіп жатыр ғой.

Азамат: Марат, сен жаңа ғана басқаша сөйлеп отыр едің. Енді не өзгеріп қалды?

Марат: Азамат, өз арамызда әңгіме басқаша болады. Мәселенің бәрі тек жұдырықпен шешілмейді. Мен нақты қолымнан келетін тірлікті жасамақпын. Сен сияқты есерсоқтармен жаға жыртысуды ерлік деп санамаймын. Қарындастарымызды бұл жерден алып кетейік.

Азамат: Қайда алып бармақшысың? Соғылып бітпеген кепе тамыңа ма?

Марат: Біздің жұмыста сырлаушылар керек емес пе еді? Жатақханаға орналасуларына көмектесерміз. Көрінген көк аттыға көз түрткі болғанша біздің ортамызда жүрсін. Арамызда үйленбеген жігіттеріміз бар. Бір – бірін ұнатып жатса, үйлендіріп, үй болуға да көмектесер едік. Жұмыла көтерген жүк жеңіл.

Назира: Бүгін бір ерекше күн болып тұр ғой. Маған бірден екі жұмыс табылды. Бірі бірінен асқан Даяшы мен сырлаушы. (қарқылдап күлді)  

Жанна: Назира, сен қазір сөз тыңдайтындай жағдайда емессің. Басқа күні сөйлесейік. Мені іздесең, осы жерден табарсың. Ойлан, сіңлім.

Назира: Кет бар! Тостақ көтер де, сорпа тасы. Менде шаруаң болмасын!

 

Марат қалтасынан қағаз бен қаламсап алып, қағазға бірдеңе жазды да, қағазды Жаннаға ұсынды.

Марат: Жанна, мына қағазға менің телефон нөмірім жазылған. Қаласаң, телефон соғарсың. Қай кезде болсын, қандай жағдайда болсын, мен көмектесуге дайынмын.

 

Жанна қағазды қолына алды. Марат пен Азамат жұмыстарына кетті. Назира сөмкесінен темекі алып шекті. Көз алдына келген жасты алақанымен сілкіне сүртті. Жанна Назираны тастап кете алмай анадай жерге барып, іркіліп қалды.

Назира: Өзім білем! Мен бәрібір бақытты болам! Жолымда тұрмаңдар! Ұрыншақпын мен. Ұрып өтем. Бақытымды да шәпкіммен ұрып алам.

 

Жанна жүгіріп келіп, Назираны құшақтай алды.

 

Жанна: Құлыншағым-ай! Ұрыншақ атанған құлыншағым- ай! Мен «бақытымды ақшаға сатып аламын» деп қателесіп едім. Сен «бақытымды ұрып аламын» деп қателесіп жүрсің – ау. Екеуміз бір жолды таңдаған адамдармыз. Сен бұл жолға жақында түстің. Мен ортасынан астым. Назира, айналайын сіңлім, мен бұл жолдан бір де бір жақсылық көрмедім. Сен де көрмейсің. Бүгінге дейін маған тоқтау айтқан, көмек қолын созған адам болмап еді. Батып барады екенмін. Қазір ғана соны түсініп тұрмын. Мен енді басқаша өмір сүремін. Сен де басқа жолға түсуге тырысасың деп үміттенем. Сенде батпаққа бата бермей, жағаға шығуға мүмкіндік көп. Көмілме, Назира. Жағаға ұмтыл!

 

Дәмханадан Захид шықты. Назира мен Жаннаға жақындады.

Захид: Құлыншақ-ұрыншақ, не болып қалды? Мені ұмытып, құшақтасатын басқа біреуді тауып алғансың ба?

 

Назира Жаннаның құшағынан шығып, Захидқа қарады.

Назира: Ақ сақалым-бақ сақалым, «Назирамен құшақтаса алатын жалғыз адам менмін» деп ойлап па едің?

Захид: Жоқ. Олай ойламаймын. Құшақтайтын адамдарың көп сенің. Назира, ойлан, салыстыр.

Назира: Кекетпе мені! Етегіме намаз оқып жүрмегенім рас. Қандай болсам да, ешкімнің алдында өтірік көлгірсіген емеспін. Барым осы. Ұнамасам, жолың әне. 

Захид: «Адалдығын бұлдаған адам адалдығын сатпай қоймайды» деген сөз бар. Бірақ, ол сөздің саған қатысы  жоқ.

 

Назира Захидтің бетіне түкіріп жіберді. Захид қалтасынан қол орамалын алды да, асықпай бетін сүртті. Сосын Назираның бетіне шапалақпен салып қалды. Жанна баж етіп, Захидтің алқымынан алды.

Жанна: Сіз оны ұруға қандай хақыңыз бар?!

Захид: Оның менің бетіме түкіруге хақысы бар ма?

Назира: Араласпа. Біз екеуміз мұндайға үйренгенбіз. (Назираның даусы өксік аралас шықты)

Захид: Сендер, әйелдер, үнемі зардап шегуші болып шығуға дағдыланғансыңдар. Өздерің бәрін бүлдіріп аласыңдар да, соңында жылап, мүләйімсіп шыға келесіңдер. Еркекке күштерің жетпейтін болғандықтан арамдықпен немесе долылықпен  жеңіп шығуға тырысасыңдар. Назира, мен сен жайлы бәрін білемін. Керемет болмасаң да, кереметтей қылып, жаныма ертіп жүрмін.   

Жанна: Назира жайлы соншалықты жаман ойлайтын болсаңыз, неге оны ертіп жүрсіз? Өмірі де, мінезі де тек жақсылықтан құралған, сыйлауға тұрарлық басқа сұлу тауып алмайсыз ба?

Захид: Мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Қазір сыйлау- сыйласуды емес, ермек іздеп жүрмін. Маған одан басқа не керек?

Назира: Мен саған ермек болып жүрмін бе?

Захид: Иә. Ермек болмағанда, «өмірлік серік болып жүрмін» деп ойлап па едің? Кешір, айналайын. (мысқылдап күлді. Сосын ыңылдап әндетті) «Жеңгең келсе, жеңген өзің. Бейнетіңе көнген өзің...». Мен шақырдым. Сен келдің. Отқа қарай ұшқан көбелек тәрізді бір күні лап етіп, жанасың да, кетесің. Саған дейін жанғандардан қай жерің артық, қай жерің кем?

Назира: Өмірге деген сүйіспеншілігім артық. Мен күймеймін. Жанбаймын. Мен өмір сүремін. Өсемін. Өнемін.

Захид: Түнгі көбелектің күнге ұмтылуы. Бұл бір қызық болайын деп тұр. Ал, көрейік. Өс. Өн.

Жанна: Назира, кетейік бұл жерден. Есіткің келгені осы болса, мұны да есіттің.

Захид: Назира, ойлан, салыстыр.  

Назира: Жоқ! Мен кетпеймін. (Захидке қарап) Менен оп-оңай құтыламын деп ойлама. Менің әрбір көз жасым үшін жауап бересің!

Захид: Кімнің алдында?

Назира: Менің алдымда.

 

Захид қарқылдап, көзінен жас аққанша күлді. Күлкісін әзер тыйды.

Захид: Жарайсың, ұрыншақ! Көптен бері дәл бұлай рахаттанып күлмеп едім. Сен жақсы әртіс екенсің. Нағыз театр қойылымында отырғандаймын.

Жанна: Қыздың жылағаны сіз үшін күлкілі ме?

Захид: Біріншіден: Назираны мен жылатпадым. Ол өзі жылады. Осындай өмірді оның өзі таңдады. Мен оны зорлап көндірген жоқпын. Екіншіден: әйел үшін жылау пайдалы. Ақылды бола түседі.

Жанна: Бізді ақылды болуымыз үшін жылатады екенсіздер ғой.

Захид: Біз ешкімді жылатпаймыз. Біз тек пайдаланамыз. Өмір деген ол да бір базар. Кімде қандай тауар болса, сонысын сатып, ақша табады. Сендер өз тәндеріңді саудалап жүрсіңдер. Сендер саттыңдар. Біз алдық. Оның несі айып?

Жанна: Сұраныс ұсынысты тудырады. Сіздер сұрадыңыздар. Біз ұсындық.  

Захид: Ақылды болсаңдар, ақылдарыңды ұсынар едіңдер. Білімді болсаңдар, білімдеріңді ұсынар едіңдер. Сендерде ол жоқ.

Жанна: Бізде ақыл бар. Білім де табылады. Бірақ сіз кітапханаға емес, дәмханаға келіп отырсыз. Қарныңыз тойған шығар. Сау болыңыз.

Назира: Коньяктың ақшасын төлеп кетсін.

Жанна: Мен өзім төлеймін. Кеттік, Назира. Кеттік.

 

Болай Бердиева   

31.07.2017


Share:      
Leave a comment: