Blogs
Өзіміз кепеде отырсақ та, ата-баба зиратын әспеттеп ұстаймыз
Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Немат Келімбетов атындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрлан Жақыпұлы Мыңбаев – орыс тілді ғалым. Ол кісі түркі атауларының шығу тегін зерттеумен айналысады, сонымен қатар «қазақ» сөзінің шығу тарихы ғалымның басты тақырыбы десек те болады. Біз Нұрлан Жақыпұлымен ұлтымызға қатысты өзекті мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.
– Алдымен қазақтың ұлттық құндылықтары жайлы баяндасаңыз.
– Қазақ әлімсақтан түркі сахарасында өмір сүріп келеді. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз түркі дүниесінің құндылықтарын сақтай білді. Құндылықтарымыз көп, солардың бірі – бауырмалдық. Намысқойлық, батырлық, шешендік, әділдік, қонақжайлылық сияқты толып жатқан қасиеттеріміз ұлтымыздың қанында ежелден келе жатқан болмыс. Ең бір жақсы сақталған құндылықтарымыздың бірі – некелесу тәртібі. Бұл жағдай – ежелгі патриархаттық жолды сақтап қалудың жемісі. Өзінен алыс ұлыстың қыздарымен некелесу дәстүрі патриархаттық қоғамнан басталды. Осы дәстүр түркі халықтарының ішінде қазақта ғана жақсы сақталған.
– Түркі сахарасындағы матриархаттық дәуір қандай болған деп ойлайсыз?
– Ежелгі сахарада балалар аналарының соңынан еріп кете берді. Кім кімнен тарады? Ол жағы тәртіпке кірмеген, яғни некелесудің өзіндік жүйесі мен тәртібі болған жоқ. Содан барып генофонд әлсіреді, адамдардың ағзалары нашарлады. Ең бастысы, жауынгерлік рух кенжеледі. Осындай себептермен матриархат өзін жойып алды. Кейін қалыптасқан патриархаттық кезең түркі халықтарын жақсы даму жолына салды. Біз әлі сол жолдан таймай келеміз. Патриархаттан қалған ең үлкен құндылығымыз – генофондымыздың сақталуы, қан тазалығының бұзылмауы.
– Некелесу тәртібі қазақта ғана жақсы сақталған дедіңіз. Өзге түркі халықтарында бұл дәстүр қалайша шайқатылған?
– Қожа Ахмет Яссауидың сопылық ілімі материалдық байлықтан рухани байлықтың биік екені туралы айтады. XV ғасырда Алтын Ордада Яссауидың осы ілімі бұзыла бастады. Осы тұста елде наразылықтар бой көтеріп, кейбір түркі халықтары Алтын Ордадан бөлініп шыға бастады. 7 ата, 12 ата сырттан үйленетін экзогамиялық неке жүйесінің бірқатар халықтарда бұзыла бастауына Нашфанди ағымы себепкер болды. «Байлық сыртқа шықпасын, өзімізде қалсын» деген ұстаныммен ежелден келе жатқан некелесу жүйесі бұзылды. Мұның соңы өздеріне қаны жақын ұлыстардың ұрпақтары бір-бірімен некелесуіне әкеп соқты. Түркі халықтары осыдан әлі күнге дейін зардап шегуде.
– Үлкенді құрметтеу, әруақ сыйлау қазаққа тән қасиеттер ғой. Бұл да патриархаттық жолмен ата-бабадан келе жатқан дәстүр болса керек.
– Әрине. Ата-баба әруағын қастерлеу, бейіттеріне тәу ету – патриархаттық дәуірден келе жатқан жол әрі соның ең маңызды көрінісі. Түркі халықтары әлімсақтан бабалардың бейітін күмбездеп, кей жерлерде аппақ етіп бояп ұстайды. Өзіміз кепеде отырсақ та, ата-баба зиратын әспеттеп ұстаймыз. Бабалар зиратына деген құрметіміз өте үлкен. Халық даналығы «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп текке айтпайды. Қазақ «бабалардың рухы желеп-жебейді» деп біледі. Геродоттың қызықты естелігі бар. Онда Ахаменидтер династиясының негізін қалаушы Дарий I патша Скиф жерін басып алмақ болғаны жайлы айтылған. Скифтердің патшасы Еділбас соғыспай, құдықтарды жойып, жайлауларды өртеп шегінеді. Дарий I оған елші аттандырып, қорқақтығын бетіне басады. Сонда Еділбас патша: «Мен ешқашан соғыстан қашқан емеспін, сенен қаймығып тұрғаным жоқ. Мен жай, бейбіт күндегідей тіршілігімді жалғап келемін. Неге бірден айқасқа түспедім? Бізде қалалар мен егіндіктер жоқ. Олардан айырылып қаламыз дейтіндей емеспіз. Ал егер соғыс керек болса, біздің ата-бабаларымыздың зиратына тиісіп көріңдер» деген сәлем жолдайды. Жау жағы бұл сөздің астарын бірден түсінген. Егер зираттарды бүлдірсе скифтер оларды тас-талқан еткен болар еді.
– Генофондтың сақталу белгілеріне назар саласыз ба? Оны қалай байқайсыз?
– Еңбек жолымды мұғалімдіктен бастадым. Өзбек, тәжік, орыс мектептерінде, кейіннен қазақ мектебінде істедім. Сонда байқағаным, ең дарынды балалар – қазақ балалары. Бұл генофондтың тазалығынан екені даусыз.
– Жаһандану мәселесіне көзқарасыңыз қандай?
– Жаһанданудың пайдасымен қатар зиянды жақтары да көп. Оның ең басты қиындығы – халықтардың бойындағы рухани құндылықтарды жояды. Қазіргі жаһандану заманында тек қана материалдық құндылықтардың аты озып тұр. Мұны жаһандану адамзатты таптап бара жатыр деп түсінуге де болады. Ол күллі адамдарға тек қана жаппай тұтынушылық идеяны таңып отыр. Күш қолдану, қатыгездік, адамның теріс жолға түсуі сияқты жағымсыз нәрселердің көбейіп бара жатқанында да жаһанданудың зор үлесі бар. Кинолар мен кітаптар осындай оқиғаларды насихаттаудан бір танбай келеді. Жаһанданудың жарнамалық идеологиясы еріксіз түрде санамыздың түкпір-түкпіріне енді. Дүниежүзін фанта, кола, сағыз жайлап алды. Адамзаттың жеткен осы «жетістігі» қыр соңымыздан қалмай қойды. «Кола, твикс, сникерс сатып ал да рахаттан, сонда сен бақыттысың». «Өмірдің мәні – қайызғақпен және жағымсыз иіспен күресу». Осындай жарнамалар өмірімізге бастырмалата еніп барады. Нарықтық қатынастың үстемдік құрып тұрған қазіргі жағдайында адамдар жаппай ұлттық құндылықтардан, рухани беталыстарынан айырылуы мүмкін. Адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған жоғары моральдық-этикалық жетістіктері мен ұлылыққа, шындыққа, әсемдікке деген талпыныстары көз алдымызда күлі көкке ұшуда. Әлемге Шекспирді, Джордж Байронды, Роберт Бернсті берген Ұлыбритания бүгінгі күнгі Гарри Поттерден есі шыға басы айналып, осыны жер жүзіне таңып отыр. Биік өнердің мәніне нұқсан келтірілуде.
Осындай қауіпке қалай қарсы тұрамыз? Оның бір-ақ жолы бар. Жаһандануды өзіміздің терең этникалық тамырымызға бойлатпауымыз керек. Ұлттық болмысымызға қауіп төндіретін жаһанданудың тек экономика мен елдің қаржы капиталы үшін пайдалы жақтары болмаса, қалған зиянды жақтарынан бас тартуымыз қажет. Сонда ғана біз жаһанданудың кері ықпалынан аман шығуымыз мүмкін.
– Өзіңіздің негізгі тақырыбыңызға келсек. «Қазақ» сөзінің шығу тегі жайлы айтсаңыз.
– Бұл сөздің төркіні туралы ғылымда нақты тұжырым жоқ. Түрлі болжадардың саны –173. Мысалы, Абай Құнанбаев қазақты ертеде қазіргі Монғолия аумағында өмір сүрген татарлардан бөлінген ұлысқа жатқызған. Ақын олардың тізілген ақ қаздай көшін көрген бір хан «қаз-ақ» екен деп тамсанғаны туралы айтқан. Әлкей Марғұлан сөздің «қаз» бөлігіне «аяққа нық тұру», «табанды», «төзімді» деген мән берген. Олжас Сүлейменов өзінің «Язык письма» еңбегінде «қос оқ» (қос жебе) этимологиясын ұсынады. Осы сынды ғылыми болжамдар көп.
Негізінен «қазақ» сөзі жайлы деректер ерте замандардан қалған ескерткіштерде кездеседі. Бірақ біздің дәуірімізде этноним ретінде X ғасырдан тұрақты қолданыла бастады. «Қазақ» сөзі 1245 жылы жасалған түрік-араб сөздігінде кездеседі.
«Қазақ» сөзінің шығу төркіні жайлы біздің де өз тұжырымымыз бар. Бұл бір түбірлі сөз. Біз оны ежелгі «аз, әз, ас» түбірінен жаралған деген тұжырымды ұсынамыз. Бұл түбірлер «ұлы, мәртебелі, батыр, құрметті, ардақты, нағыз», тағы басқа жоғары бағалау ұғымдарын береді. Тілдің үндестік заңымен «аз» морфемасына «а» протезасы қосылады, ал «қ» дыбысы біртұтастық пен көптік, жұптық ұғымын беретін аффикс. Басындағы «қ-аз» дыбысына «а» протезасы мен «қ» аффиксі ұласып, нәтижесінде «қ-аз-ақ» сөзі пайда болған деген тұжырымды алға тартамыз. Кез келген сөз бен дыбыста өзінің мағынасымен байланыс болады. «Қ» дыбысынан басталатын сөздерді алып қарасақ, бәрі де тұтастық, жинақылық, көпшілік, қорғаныс ұғымын береді. Құлақ, қарын, қазық, қабақ, қабық, қыс, қанат, қамал, қора, қалың, қала, қорған, қыл, қап, қақ (жиналған су), қайық. Осы сияқты сөздердің бәрінде тұтастық пен бірлік, жұптық мағына бар. Демек, «қазақ» сөзі де осындай заңдылықтан пайда болса керек. Ежелгі бабаларымызда біртұтастыққа, қорғанысқа, ел болуға деген ұмтылыс басым болғаны ғой.
– Мына заманда кітап жазуға уақыт табу оңай емес-ау. Әріптестеріңіз сіздің кітапты бас алмай жазатыныңызды айтады.
– Шынында да, күнделікті қызмет барысында кітап жазуға отыру оңай емес. Менің өз тәсілім бар. Кітап жазатын ойлар пісіп, материал жинақталған кезде он-он бес күнге ауруханаға жатамын. Күндіз-түні бас алмай жазамын. Ауруханадан шыққанша кітапты бітіруге тырасамын.
– Алғашқы кітабыңыз не жөнінде?
– Негізінен мен тарихшы емеспін, тіл маманымын. Ташкентте тұрғанымда үйімнің жанында кітап базары болды. Күнде кітап алып оқимын, Шыңғыс хан жайлы кітаптарды оқып, «неге ол туралы маған да жазбасқа» деген ой келді. Сөйтіп, «Чингизхан – имя и титул, время и личность» деген кітап жаздым. Шыңғыс ханның негізгі жорығы қазақ даласы емес, Хорезм еді. Хорезмді қаңлылар биледі. Қаңлылар – Мұхаммед Хорезм шахтың нағашылары. Сыр бойындағы қалалар Хорезмге қараған. Олардың күйреуі сол заманда Сырдария өзенінің арнасы ауысуынан болды. Бұрынғы көне арна биікте болғандықтан, ондағы қырық шақты қала сусыздықтан иесіз қаңырап қалды. Ал Самарқан, Бұхараның жағдайы басқаша еді. Мұхаммед Хорезм шахтың келісімі бойынша Отырардың билеушісі Қайыр хан Шыңғысханның 500 елшісін тонап, өлтіргені жайлы тарихи дерек бар. Ал бұған дейін Хорем шах пен Шыңғыс ханның арасында бейбітшілік туралы келісім болған еді.
Қолымда Шыңғысхан шежіресі бар. Оның аталары Бөрі Ашинадан тарайды. Әкесі – Есугей Баһадүр, атасы – Байсұңқар. Шежірені Рашид-ад-дин жасаған. Шыңғысханды түркі деп санауға негіз бар. Ғылымда монғол халқының этногенезисін Сянь Би, Дун Ху, Уху Ань халықтары құрайтыны айтылады. Николай Бичурин деген ұлты чуваш ғалым Қытайдағы түркі дүниесінің тарихын зерттеп, сол жақтан 12 түйе кітап алып қайтқан. Осы ғалым Сянь Би халқы Хундар деген тұжырым жасады. Хундар түркілер емес пе? Монғол тілі орал-алтай тілі тобына жатады. Олардың көптеген сөздері, әсіресе малға қатысты атаулары біздің тілімізбен сәйкес келеді.
– Ұлттық генофонд тақырыбын індете зертеуіңізге ономастика тарихы түрткі болған жоқ па?
– Рас ономастика – ғылыми еңбегімнің ең үлкен құрамдас бөлігі. Ғылыми жұмысымның бір бөлігі жер-су аттарына байланысты. Өзбекстанда қазақша аталатын жер-су аттары көп екенін бұрыннан білемін. Бір жолы маған Мекемтас Мырзахметов ағамыз Өзбекстандағы қазақша аталатын мекендер мен жерлерге зерттеу жүргізу туралы ұсыныс жасады. Жұмыс арасында уақыт тауып осымен айналыстым. Өзбекстандағы қазақша топонимдерде есеп жоқ. Оларды жүздеп, мыңдап түгендеп шықтым. Бұлақ, өзен, жер, ауыл аттары өте көп. Әсіресе қазақтың ру аттарымен аталатын елді мекендер әр қадам сайын кездеседі. Соларды жүйелеп, «Казахские этнотопонимы Узбекистана (на основе материалов по районированию Узбекистана 1926 года)» атты кітап етіп шығардым. Кітапты көргенде Мекемтас Мырзахметов: «Бұл кіші - гірім кітап болғанымен бағасы жоқ дүние» деп қуанып, маған өзінің «Сексеннің сеңгірінде ой түлеткен» деген кітабын «Нұрлан ініме Өзбекстанның қазақ ономастикасын тірілткен ғылыми ерлігінен үлкен ризалықпен» деп жазып сыйлады. Ғылыми еңбегім үшін берілге ең үлкен баға осы деп білемін. Кейін «Этимология и семантика древних этнонимов (на материале общетюркской и казахской этнотопонимии)» деген үлкен монография жазып шықтым.
– Сіздің ежелгі мемлекеттер мен тайпалар жайлы деректерді де жинап жүретініңізді естиміз. Қандай да бір қызықты дерек келтіре кетсеңіз.
– Ежелгі дүниенің бәрі де қызықты. Түрік сахарасын мекендеген ежелгі мемлекеттердің бірі – Үйсін. Ол жайлы жазбалар біздің дәуірімізге дейінгі ескерткіштерде кездеседі. Үйсін мемлекеті әскери-саяси жағынан өте мықты болды. Біздің дәуірімізден бұрынғы II ғасырдың елуінші жылдарында дербес хандық болып қалыптасқан. Үйсіндер қазіргі Жетісу өңірінде империя құрды. Оның батыс жағында Қаңлы мемлекеті қалыптасты. Әскері жағынан Үйсіндер Қаңлылардан екі есе қуатты болды. Көне Қытай жазбаларында сол замандарда Үйсін хандығында 330 000 халық, 120 шаруашылық, 188 800 сарбаздан құралған әскер болғаны туралы нақты деректер келтірілген.
Сол кездерде де саяси ойындар жүргізілді. Қаңлы мен Үйсін хандықтарының арасында әскери текетірестер болып тұратын. Қытай империясы текетірестің отына май құятын. Қаңлылар Үйсіндерді бағындырған кездері де болды. Екі елдің арасына қытайдың әскери араласу жағдайлары да орын алатын. Әскери-саяси ойындар әлемде біздің жыл санауымыздан бұрын, өте ертеде дамығаны осындай тарихи деректерден белгілі.
– Нұрлан Жақыпұлы, ғылымға келу жолыңыздың қандай болғаны жайлы айтсаңыз.
– Ташкент облысының Жоғарғы Шыршық ауданында өсіп, сондағы орыс мектебін, Сырдария педагогикалық институтының филология факультетін бітірдім. Кейін мектептен Жызақ педагогикалық институтына қызметке ауысқанымда сол оқу орнында Мақсуд Мамедов деген профессор болды. Менің ұстазым да ғылым жолына бағыттаған да сол кісі. Бұл кезде ұстазым Бакуге қоныс аударып кеткен. Ғылыми жетекшім Өзбекстан ғалымы еді. Ол «қазақша жер-су аттары көбейіп кетіпті» деп, еңбегімді өткізбей жүрді. Соны естіген ұстазым Бакуге шақырып, сонда қорғатты. Бұл – 1988 жылы еді. Мен Бакуде болғанымда Қарабақ оқиғасы орын алып, армяндар мен әзірбайжандар қақтығысты. Арменияда жер сілкінді. Сонда армяндарға жаны ашып: «Аллах, Аллах» деп жылаған әзірбайжандарды көрдім. Әзірбайжандар бауырмал халық, маған деген құрметі жақсы болды. Нариман есімді бір ғалым: «Казахи – гегемоны Центральной Азии» деді. «Неге олай?» деп сұрадым. Сөйтсем, 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары алаңға шығып, қан төгіп, тәуелсіздікке ұмтылғанын әзірбайжандар қазақ халқының үлкен ерлігі деп бағалайды екен. «Өзге халықтар оны істеген жоқ. Мен сендерге ризамын» деп арқамнан қағатын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Серік Алдан