Blogs
Қайта айналып келді тағы сарша күз
~~Қыркүйек тағы өткенге тартты,
Жас демі кешті мұздатып.
Күз баққа кенет күмәнім артты,
Біреу жүр онда түн қатып.
Сескеніп енді қайтейін бекер,
Сағым ғой елес мекені.
Көбелек көп күн көлбендеп өтер,
Ұзамай қыс та жетеді.
***
Көңіл түнек...
Күн шуағы сергіте алады ма,
Не сәуле бар серпілтер
Түн ғаламын?
Өкпе ауыр онсыз да жаралыға,
Кімге, не деп шағынар
Мұң – қаламым..
Төмендетіп ,пенде күй аласартты,
Бедерлі сөз қонбады ауылыма.
Мұрат етіп жақсылық, парасатты.
Қасқайып та тұрар ем дауылына...
Талшық қыппын тұспалдап айтқанымды,
Тұтамдай сөз, там – тұмдап тірнектеген.
Сезем өзім... күйбенге батқанымды,
тәтті ой... сылдыр қиял ...өрнек дегем..
***
Ғайып боп көзден арайлы күнім,
Тозды ма үміт – қорғаным?
Алты қыр асып тарай ма үнім,
Салғанда тамыз соңғы әнін?
Өзекте өрт бар, өкініш аты,
Шегініп шағым алаулы.
Кеудеме күз кеп бекініп апты,
Қонақтай күткен қалаулы.
Таңғы шық қатып көзіне гүлдін,
Ерімей тұрды күн ұзақ.
Сұңғыла – сезім не ұғып, білдін,
Сынсыды неге мұң ұзап?
***
Айқайға салдым... құла дүз жұтты,
Жанғырып барып жоғалдым.
Қалқайған үміт құлағын тікті,
Қыланын күтіп жоқ әннін.
Жоқ әнім... Ән түгіл сөзім жоқ
Меніреу бақта жүр бір елес..
Күз деген әдемі сезім деп,
Сыр айтқан кім еді ...сен емес
***
Жабыққан көңіл, торыққан сезім.
Жүрекке түскен сызаты.
Батар күндей боп мұңартқан кезім,
Бұл күйдін неге күз аты?
Көкейде қалған мұң шым -шым сазы,
Күн бар ма, күдіктен арылар?
Құс қанат ілген өмірдін жазы,
Күнгейден ғана табылар...
Күнгейде ғана кеуілдін кілті,
Маусым шақ... толқып, тамсанар...
Жаңғырған жастық,еркелеу бұлты,
Кеудеме қоңып, ән салар...
***
Ескі баққа жетеледі жүрегім,
Ескі баққа... түн ұрлаған тілегін.
Мына талда ойып атың жазылған,
Міне, гүлдер... сол гүлдін мен бірі едім.
Жапырақтар... сыңғыр, сыбдыр, бал қылық,
Ән салады.. күміс күлкі... жаңғырық.
Таныс бәрі... танымастай өзгерген,
Сен және мен... өзімізді таң қылып...
***
Тамыз дедім, аңыз дедім,
Тамыз маған қарыз дедім.
Кінәладым, өкпеледім,
жалт бұрылдым, тағы іздедім.
Әкелдім деп үзік нұрды,
Қыркүйек кеп күліп тұрды,
Алтын алап құшағына,
Құларымды біліп тұрды.
Құлай бердім, талықсыдым,
Таң ба, кеш пе.. шалыс күнім.
Сылқ - сылқ күліп, сиқырлаған,
Сол қыркүйек алыс бүгін.
***