Blogs
Қара түннің құпиясы
~~ Қара түннің құпиясы
(хикаят)
Адам қолыменжасалған тағдыр
Шырылдаған үн бебеу қағып толастамады. «Өмір» деп аталатын жарық дүниеге «әлдеқалай» келгеніне шамырқанды ма, әлде қара тастай зіл тағдырын тұла бойы түршіге сезінді ме, қызыл шақа нәресте тынбай зарлады. Ащы үні ашына шығып, әлдекімде кегі кеткендей жұдырығын түйе шірене іңгәлады. Терезенің сыртынан түнерген қара түнді тіліп өткісі келгендей айғайға басты. Жақынынан медет күткендей, ара-тұра ыңырсыған үн береді. Анасы сәбиіне көз қырын да салмады. Өзін босандырып алған дәрігер Жұпаргүлге айтқаны оны састырып тастады.
-Мына азан-қазан дауыстан миым айналып барады. Алып кетші оны.
-Қазір ана мен бала ажыратылмайды. Бір палатада болады.-Жұпаргүл жас келіншектің перзентханадағы жаңа тәртіптен мүлде бейхабарлығына таң қалды. Ғаламтор дамыған қазіргідей заманда титтей бір жаңалықты жасырып ұстау мүмкін емес қой. Оның үстіне жас аналар өздерін қызықтыратын перзентханадағы барлық жайттарға құлағы түрулі келетін еді. Ал «Жедел жәрдеммен» жеткізілген мына келіншек бір түрлі тосын. Құртақандай сәбиін иіскеп, бауырына басудың орнына «алып кет» деп долданады.
-Ажыратпайды деймісің? Ажыратқанда қандай?-Жұпаргүл сандырақ халде жэатса да, қасіретінен үздік-создық сыр берген келіншектің қасынан кете алар емес. Бірақ бұлайша тағат тауып әңгімелесуге мұрша қайдан болсын. Жұпаргүл өзге де міндеттерін атқаруға шығып кетті. Әйтсе де жас ананың өксік үні құлағынан кетпеді.
Күздің қара суығы күшіне енген ызғарлы түн орталанғанда барып, Жұпаргүл келіншектің палатасына қайта келді. Кіре сала байқағаны-ол баласын мүлде қозғамаған. Өмірінің алғашқы сәтінен бастап батпан қасіретті еншілеп алған бейбақ шақалақ қарны ашып, ыңылдай берді. Келіншекте қимыл жоқ. Құдды бір тас мүсінді жығып, төсекке сұлата салғандай.
-Ояусың ба? Су берейін, шөліңді бас.
-Су емес, у берші. Құтылайын мына азап дүниеден.-Келіншектің бұ тірліктен баз кеше сөйлеген сөздері дәрігерге тым қатты естілді.
-Мен тірі жанға тек жәрдемдесумен келемін. Күйеуім екеуміз де дәрігерміз.
-Қандай жақсы, күйеуің бар. Балаң да бақытты болар. Ал мен...-Келіншек қыстығып, бүкіл денесі қалш-қалш етіп жылай бастады.
-Ана болсам, баламды бақытты етер едім-ау.Әттең...-Жұпаргүл көкірегін кере күрсінді.-Құдай-ау, сендей жас қызға сонша запыран құстырған қандай қатыгез ол? Туғандарыңа хабарласайын. Келсін, жаныңда болсын.
-Анам өмірден озған. Әкем екінші рет үйленді. Содан бері салқын тартып кетті. Әрі менің мына жағдайымды естіп,тіпті жек көріп кеткендей.
-Туған әкесі баласынан безіне ме? Уақыт өте келе бойы үйренер. Әрі сүйкімді жиенін көргенде жібіп сала берер.
-Жоқ, менің шақырар жанашырым жоқ. Әкем бала көрсе жіби салатын мейірімді емес. Ол «намыс» деп кеуделеніп қалған.
-Аты-жөніңді дұрыс жаздырдың ба? Орынгүл Ізбасарқызы деп едің.
-Мен ешкімді алдап, сұрқиялық жасамадым. Керісінше өзім алданып, бір әзәзілдің тұзағына түстім. Оның әр сөзіне сеніп, ұшпа махаббатқа мас болып жүргенімде, ол мені өзі айтқандай «табиғи қажеттілік» үшін пайдаланып келіпті. Оның әйелі, екі бірдей баалсы бар екен. Кеш білдім.-Орынгүл өзінің кеш білген шындығын көзінен жасы сырғанай айтып аһ ұрды.
-Әй, аңғал сіңлім-ау, саған жәрдемдескім келіп-ақ тұр. Бірақ қалай көмектесерімді де білмеймін.-Жұпаргүлдің сөзін қалта телефонының шылдыры үзіп жіберді.
-Жұпаргүл Әзілбайқызы, шұғыл жеткізілген ана бар. Тездетіп қабылдау бөліміне жетіңіз.
-Орынгүл, мен жұмыс арасында келемін. Оған дейін сен сабаңа түсіп, ас-суыңды іш. Толғағың да ауыр болды. Жақсылап демал.-Келіншек үндемеді. Әлденеге бекінгендей сұлқ жата берді.
Жұпаргүл қабылдау бөлімінежылдам жетіп барды. Толғақ қысқан әйелдің жанында бірнеше жақыны жүр. Орынгүлдің шырқырай жалғыз жеткен аянышты күйі көз алдынан жылжып өте берді. Жан қиналғанда қасыңнан жақының табылғаны да үлкен демеу ғой.Бұл келіншекті де Жұпаргүл қиындыққа тап қылмай босандырып алды. Өмірге іғгәлап қыз бала келді. Нәзік үнімен анасын шат қылды. Жұпаргүл әйелдің туыстарына қуанышты хабарды жеткізгенше асықты. Он жылдай осы аудандық перзентханада дәрігер болып жүрген Жұпаргүл қаншама нәрестенің өмірге сәтті келуіне септігін тигізді. Қаншама әкенің қуанышты жүздерін көріп, өзі де солармен бірге қуанды. Өзі ие бола алмай жүрген ана бақытын өзгелердің дидарынан байқап, тек қызығумен келеді. «Сүйінші» деп жайраң қаққан бұған талай жерде ақша ала жүгіргендер болып еді, әлі де бар ондай ақ көңілділер. Қуанса қолындағы барын ұстата салатын қазақ емеспіз бе? Жұпаргүл сүйіншісіне берілген ақшаны да, «ерекше қара» деп еске салуға тырысып ұсынылатын параны да алып көрген емес. Күйеуі Дархан екеуіінң ата-ана болар бақытты сәтін күтумен, сол ғажайып күнге таза жету жолында жүрген еді.
-Құттықтаймын. Сіз баланың әкесі боларсыз.
-Иә, әкесімін. Тезірек айтыңызшы. Дәрігері «ұл туады» деп еді. Ұлым жақсы ма?-Қатқан қайысқай қара жігіт аптығып сөйлеп, тіпті құлақ аса қояр түрі жоқ.
-Кешіріңіз. Жұбайыңыз қыз босанды.
-Мүмкін емес. Учаскелік дәрігері тексеру кезінде ұл деген.-Қап-қара жігіттің бет-жүзіндегі манағы қуаныш лебі лезде сейіліп, ала көзі шатынай қалды.
-Әйеліңіздің жағдайы жақсы. Бала да бір қалыпты. Одан басқа қандай қуаныш болсын?-Жұпаргүл қыз баланы бейнебір керексіз заттай көріп, зікір салуға дайын тұрған жігітағасына ашық жақтырмай қарады.
-Төрт қыз туды. Бесіншісі ұл болады деп сеніп ем. Мына өмірден ұл көрмей, ұлдың әкесі болмай өтем бе?-Кәдімгідей жоқтау сарынымен созақтаған еркекті бірге келген үлкен әйел жұбата бастады.
-Не ексең, соны орасың,-деді де Жұпаргүл кезекшілік орнына оралды. Бітпейтін қағаздарды толтырып, әріптесімен бірге бірталай отырды. Екеуара сөздері жұмыс жайында ғана. Тәжірибесіз әріптесіне қағаздардың ретін түсінідріп отырса да, Жұпаргүлдің ойынан бүгінгі екі жағдай кетпей қойды. Екеуі де дүниеге бала келгеніне назалы, бәзбіреулердің жазбай-ақ жаттатқан заңымен жазалы.Бұрын қазақ қыз туса, «өрісім кеңитін боды» деп қуанбайтын ба еді? Ал қазіргілердің қайсыбірі әйеліне «қыз тапсаң ажырасамын» деп қоқиланады. Ал әкесіз туған сәби... Дегенмен «жетімін жылатпаған қазақпыз» дегенде кереметпіз, бірақ сол жетімдерді тастанды атандыруға, тағдыр тезіне салуға шімірікпейміз. Сонда бұрынғы қазақтан қазіргі қазақтың кем түскені-ау! Әй, қойшы, мынадай ауыр ойлармен отырып, уақыт өтпес. Одан да палаталарды бір көріп қайтсын. Жұпаргүл орнынан ақырын көтеріліп, коридорды бойлап келе жатты. Кенет өзі де байқамастан Орынгүлдің палатасының есігіне келіп тұрғанын бір-ақ көрді. Бұл не? Жас қызға жаны ашығаны ма? Жоқ әлде «жетімін жылатпайтын қазақтың» қайырымдылығы ма? Өз ойына өзі малтыққан Жұпаргүл палатаға кірді. Бәрі тыныштықта ұйықтап жатыр. Сәбилер алаңсыз пысылдаған кезде Жұпаргүл демін ішінен алатын. Ол үшін тым қасиетті тыныштық осы бір бейкүнә нәрестелердің ұйқыдағы шағы болатын.
-Дәрігер, жақындаңызшы.-Орынгүл басын жұлып алып, тұншыға сыбырлады.
-Не айтайын деп едің? Бір керегің бар ма?-Жұпаргүл әйелді тыныштандырмақ болып, жанына жетіп барды.
-Сіздің маған көмектескіңіз келеді ғой. Солай ма?-Сыр суыртпақтамай, оқыстан тура қойылған сұрақтың астарынан Жұпаргүл әлдебір жағдайды шамалап тұр.
-Иә, қолымнан келсе, жақсылығымды аямас едім. Мына еш жазығы жоқ баланы аяймын.
-Шынымен көмектескіңіз келсе, онда мына баланы асырап алыңыз. Менің тым болмаса көңілім тыныш жүрсін.-Баласын емес, әлдебір затын бөгде біреуге ұстата салатын жомарттай келіншек жайыла үн қатты.
-Не сандырақ бұл?Балаңды бөтен біреуге бөктеріп жіберсең, көңілің қалай тыныш болады? Бала өзінің анасының бауырында өсуі кеерк. Тоғыз ай бойы құрсағыңда көтергенде, оған бір рет те есміренбедің бе? Осыншама жауыз болармысың?-Дәрігер тосын ұсыныстан есінен танардай болып, түрегелуге ыңғайланды.
-Менде қалса, аштан өледі. Жұмысым жоқ. Әкем жүктілігімді білгенде ат құйрығын кескен.
-Баланың әкесіне хабарлас. Шекесі торсықтай, дені сау ұлын көрсе, мүмкін мейірімі оянар.-Жұпаргүл баланың тағдыры тігілген саудадан қалай да қашқысы келді.
-Жоқ, ол-барып тұрған тас жүрек. Жүктілігімді білгенде,«енді қайтейін, әкеңнің үйіне барып ту» деген. Одан енді үміттенбеймін. Көмектесіңіз. Балам тым болмаса трі қалсын. Менің оған берер барым осы. Аман қалсыншы. Өтінем сізден. Дені сау ғой.
-Иә, дені сау. Бірақ тегі кім?-Жұпаргүл шым-шытырық ойдың шырмауында қалды.
-Жетімдер үйінде оны жақсы күндер күтпейтінін білем. Ал сіз-әйелсіз, дәрігерсіз, анасыз. Ойланыңызшы. -Өлердегі сөзін айтқан, өмірдің азын көрп, көп азабын тартып үлгерген, содан да барлығынан көңілі қайтқан бойжеткеннің баласы үшін жасаған дәрменсіз әрекеті Жұпаргүлді ойландырып тастады.
Ол еш құпия жасырмайтын ақ жарқын мінезіне басып, күйеуіне қоңырау шалды. Дархан да ұзақ жөн сұрап қыстамады. Жұпаргүлге тез-ақ жетіп келді. Дархан келгенде, Жұпаргүл Орынгүлдің ұлын құшақтап отыр еді. Оның бұл бекем отырған түрін көріп, Дархан алған бетінен қайтпайтынын іші сезді. Құпияны бүркемелеуге шебер түн баласында Жұпаргүл ұлын кеудесіне басып,құшырлана иіскеді. Осы иісті қанша жылдан бері күтіп, зарығып келген әйел екі иіні солқылдап,үнсіз жылап отырды.
-Дархан, мен саған қайтсең де баланы қабылда демеймін. Бірақ мен осы баланың анасы болуға шешім қабылдадым. Алла алдында мен бүгін ана болдым.-Әйелінің нық сөзінен ешқашан айнымайтынын білетін Дархан келісті. Әрі сәби сүюге шөліркеп жүрген мезеті-қырықтың қырқасы еді. Өз анасы «тумайтын келіннен құтыл» дегенде, жүрегінің қалауымен қосылған жарын қиып кете алмаған болатын. Бүгін сайқымазақ тағдыры тағы да алдына таңдау тастапты: не бала асырап алу, не болмаса Жұпаргүлден ажырасып, жаңа бақыт іздеу. Бірақ осы «жаңа бақыт іздеу» ұғымы Дархан үшін миға қонымсыз көрінетін. Ол өз бақытын тек сүйікті әйелінен ғана көретін.
-Жұпарым, ажырасу туралы сөз қозғама деп өтініп едім ғой. Бұл баланы Алла бізге сый етіп тұрған болар. Қабыл алайық. Қалғанын заң жолымен реттейміз ғой.-Дархан қыздай қосылған қосағына төніп келіп, оның жасты көзін сүртті.Осы сәт Дарханның көз жанары да жасқа толып тұр еді. Ай сәулесінен ада, түпсіз шыңыраудай тас қараңғы түн бұл үшеуара құпияны жуып-шайғысы келгендей нөсерлете жөнелді. Толассыз төгілген нөсер адамдардың күнәсінің айғағынан із қалдырғысы келмегендей өршелене құйды. Ертеңгі атар таң олардың тап-таза періште күйлерін қайтарып бере қояр ма? Бұның бәрінен бейхабар нәресте әлде нұрлы, әлде ойлы-қырлы өмірін бастап кетті.
Ана жүрек неге аһ ұрды?
-Анаңның батасын алмастан, тіпті ақылдастпй-ақ бала асырап алдым деймісің? Сен өзіңнің қандай сорға тап келгенііңді тіпті салмақтай да алмайсың. Сені ана бедеу қатын құртты, өміріңді күл-талқан етті. Сен енді тек құрдымға кете бересің. Құдай-ау, енді қайттім, ұлым көз алдымда тозаққа кетіп барады. О, Аллам, жар бола көр өзің өресіз ұлыма! –Шешесінің байбаламын Дархан үзіп жіберді.
-Апа, сіз қуанар деп үміттеніп едім. Оным бекер екен.Тым құрыса қуанған рай танытсаң қайтер еді?
-Ойбай-ау, мен аза тұтып отырсам, қалай көлгірсіп қуанамын? Ана Жұпаргүлің сені тозақтың түбіне тастайды. Қайдағы бір тексізді бауырыңа басқан екенсің. Одан не қайыр күтесің, а?
-Апа, жетер енді. Мен сізден бала асырауғарұқсат сұрай келмедім. Жай хабардар еткім келген. Оның да артық болғанын көріп тұрмын. Мен кеттім.
-Қайда кетесің? Қара шаңырақтың иесі сен емес пе едің? Жұпаргүліңнің қабағы біржолата ашылсын деп, мені қызымның қолына қараттың. Мұнда жағдайым жақсы-ау, бірақ өзімді өз үйімдегідей сезіне алмаймын. Жалғызсыраймын, құлыным, өз ошағымды аңсаймын! Ал сенің бала асырап алғаның жақсылық емес, жақсылық емес! –Ана шіркін азынап қоймады. Жалғыз ұлының сәби сүймеуі оның жанын аяздай қаритын. Ал бүгін ұлы келіп, келіні екеуінің бір тастанды сәбиді асырап алғанын айтқанда, ана көңіліндегі «немерелі болам-ау» деген үміті шорт кесілген. Содан да ол жылап-сықтаудан тынбады.
-Қай күнәм үшін мені осылай бір қызыл етке зарықтырып қойдың, Құдайым? Неге мен ел қатарлы немере сүйіп, өз шаңырағымда қартаймадым? Жарқын отағасының шаңырағы күйреді ғой. Бала асырап алса, енді ана жылан келін өзі туа алмайды дегені ғой. Біліп едім, сол албастының алғаш келген күннен бастап қаншырдай қатқан кейпінен бір сұмдықты болжап едім. Қыз- күйеуімнің қолынан ақыретке аттанармын! Онда барғанда отағасына не бетімді айтамын?!Жалғыз ұлың тұяқсыз қалды деймін бе?! Сен келіннің соңынан жүріп, маған топырақ та салмайтын түрің бар. Ал, Құдай, мен сорлыны тезірек ал! Көрсетпе бұдан өзге мазағыңды!
-Апа, әке атанғанымның несі мазақ?Әкемнің шаңырағының түтіні түзу ұща береді. Өкпе-ренішіңді қой да, үйге қайтшы. Жұпаргүлді де бекерге жазғыра берме. Сені үйден қуған кім бар? Немереңді көрсең, мені бүгінгідей ренжіткеніңе өзің ұялатын боласың. Ол сондай тәтті, кіп-кішкентай.
-Тәйт, көрсетпе маған ол тексізді! Менің немерем жоқ. Соны біліп қой. Шық үйден!-Қадиша кемпірдің даусы күйіне, ащы шығып, шаңқ ете қалды. Төргі бөлмеде алаңсыз ойнап жүрген үш жасар жиені қатты дауыстан қорқып кетіп, жылап қоя берді. Азан-қазан болған үйден Дархан атып шықты. Әлденеден бас сауғалай қашқандай бір аласапыран күй.Анасының бетіне баса айтқан шындығын мойындаудан қашып бара ма? Әлде ана аузынан айтылған кесірлі болашақ болжамынан құтылғысы бар ма? Әйтеуір зытып барады. Кімге қапалы? Кімді айыптайды? Өзі де білмейді. Миында мың сұрақ қадалған бойда, көлігіне отырды. Жұпаргүлді көруге асықты. Жаны қысылса да, жадырай қуанса да бүкпесіз бөлісер, шын кеңесер өмірлік жарымен жүздесуге сабыры қашты. Жылдамдықты арттырып, құдды бір жыннан қашқандай алас ұрып үйіне жетті.Машинадан түсе сала, сүрініп барып бойын қайта тіктеп алды. Талмау көкке көз тастады. Нұрын төккен күзгі күн оған қара дақты болып көрінді. Киелі күннің өзін де дақ шалған ба? Оны да әлдекімдер ғайбаттап, көзіне шұқып, көңіліне сызат салған ба? Дархан көзін уқалай, үйіне кірді.
-Жұпаргүл, жинал, мына жақтан кетеміз. Баяғыда солай жасауым керек еді. Әлі де кеш емес. Кетеміз!-Түтіккен күйеуін көріп Жұпаргүл байсалды мінезімен оны соңына дейін тыңдады.
-Апаммен ренжісіп қалдың ба? Шілдеханаға келмеймін деді ме?-Енесімен сыралғы болып кеткен келіні оның не қылық көрсеткенін көрмесе де, бажайлап тұр.
-Анам осы жолы артық кетті. Маған тымауыр сөздер айтты. Ұлымды тексізге, өзімді тозаққа шым батып бара жатқан шарасыз байқұсқа теңеді. Бұдан арыға төзе алмаймын. Кетеміз бұл жақтан!
-Дархан, сабыр ет. Өз анаңнан безініп оңбассың.Оның уайымын да түсінем. Өзінің туған немересі болмаған соң, оңайлықпен оң қабағын бере қоймасы да анық. Сол мінезін біле тұрып, сонша шу көтерггенің не? Бұл жолғы қылығына да шыдайсың. –Жұпаргүлдің қоңыр даусы Дарханды ашу құйынынан арашалап алды.
-Апамның ашу-ызасы басылғанша, бізде бара бермей байыз тауып отыра тұрайық. Сосын Арланды көтеріп барғанда, батасын берер. Арлан әжесінің көз алдында ер жететін болады. Дархан, сол жақсы күнге сенейікші.-Енесінің сөзін сөйлеп, оған шаң жуытпай ақтап алған әйелінің парасатына сүйсінген Дархан көңілі жайланып шайға отырды. Шай ішпестен бұрын, тәтті ұйықтап жатқан ұлының маңдайынан иіскеді. Осы бір өмірдегі ешбір иіс атаулы теңесе алмайтын ғажап сиқырлы иіс Дарханның бақытының бастауына айналған. Ұлын сүйіп, құшағына алса болғаны, бұл дүние бұрынғыдан бетер жарқырап кетеді. Достың табасы да, дұшпанның әжуасы да елеусіз қалады. Қарбалас жұмыс қамынан да, сұғанақ сөздің суығынан да жаны тек осы жерде тыныштық табатын.
-Жұпарым, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаның өзіңе жаққан ба, қалай? Өңің шырайланып кетіпті.-Дарханның сабасына түсіп, арғымақ ашуының ауыздығын байсалды ақылына ұстатқанын Жұпаргүл оның қағытпасынан-ақ аңдады.
-Көңілім тоқ. Бауырымда балам, жанымда жарым. Басымда баспанам бар. Одан артық жаратқаннан не сұрайын? -Әйелі де орайын тауып әзілдей жымиды. Ол жымиғанда Дарханның көңілінің қаймағында күллі әлем шуағын шашқандай көрінетін алғашқы жылдардағы әсер сол баяғысынша ұйып тұр еді.
-Сонда бар арманы орындалған ару бұдан өзге ештеңені қаламай ма?-Дархан келіншегін ашық еркелете жайдарылана күлімсіреді.
-Айтпақшы, бақытты аруыңның тағы бір қалауы бар.-Жұпаргүл бірден салмақты райға ауысты.
-Ол не қалау,?Тек айтсаң болғаны, демде орындаймын.-Еркелеген жарын одан бетер бақытқа бөлеуге даяр Дархан оның тілегін қазір-ақ оң шешімімен қауыштырардай құлшынып отыр.Бірақ әйелі қалжыңнан шын әңгімеге ауысты.
-Апамнан кешірім сұрап, үйге оралуын қамдайық. Осыүйдің сәні де, мәні де апам ғой. Мендегі көңіл апамның батасын алмай жайланбайтын сыңайлы.
-Құп көремін. Онда араға бірер күн салып, апамның көңілі жай бір сәтінде салып ұрып жетіп барайық.-Дархан үйінен көңілді раймен шыға берді.
Жол бойы өзінің өмірлік жар таңдауда жаңылмағанына шүкіршілік етумен болды. Анасы мен бұның арасындағы жайсыздықты жуып жіберуге дайын тұрған ақ ниетті келіншегін жанындай жақсы көретіні де осы қасиеттерінен ғой. Өзге түсіне алмаса да, Жұпаргүлдің бұны түсінбей адастырған кезі жоқ.
Жұмысына келіп жайғаса бергені сол еді, қасына орынбасары Асан келе қалды. Әйел дауысты Асан өзін бастығының көзі мен құлағы санайтын. Неше мәрте бастығынан ұрыс естіп, сөз тасу мінезінен тыйылуын талап етсе де, сүйексіңді әдетін қояр емес. Бүгін де сөйтті.
-Басеке, сіз жоқта жоғарыдан хат келді. Тазалық мамандары келмек екен.
-Ол жаңалық емес. Аурухана ол тексеруге үнемі дайын ғой.
-Одан басқа бір «еркін тақырып» қатты талқыланды.-Асан мұрнының астынан міңгірлеп, «еркін тақырыбын» көсіліп айтуға ынтығып тұрса да, Дарханнан жасқанып, тамағын кенеді. «Еркін тақырыптың» жел сөз екенін білетін Дархан күлді де қойды. Он жылдан бері оны артық сөзден аулақ жүруге оңдаса да, Асан сөздің қамын жайлаудан жаңылмай-ақ келеді.
-Ауруханада бәрі сіздің асырап алған балаңыз туралы айтып жүр. Біреулер оны сіздің жас тоқалыңыз бар, содан туған деседі. Ал енді біреулері жас қызды қорқытып, амалсыз баласын тастап кетуге көндірді дейді. Елден естіп, көңіліңіз бұзылмасын деп, алдын-ала ескерткенім ғой. Жүрегіңізге жақын алмаңыз, басеке! Өсек қой ол...-Асан сөзін аяқтай алмады, бас дәрігердің жүзі ашудан күреңітіп бара жатты.
-Жап аузыңды! Қайдағы тоқал? Қайдағы қызды қорқыту?
-Басеке, мына келер комиссия бір жағы сол баланы асырап алу құжаттарыңызды да тексереді дейді. Заңдылық жағынан анықтайды деседі.-«Дейді» мен «деседі» Дарханның көңіліне енді ғана орныққан ажары-ақылын алты қыр асырып жіберді.
-Шық кабинеттен! Тазалық мамандары қалай менің баламның құжатын тергейді екен?!-деп булықты бас дәрігер.
-Басеке, оның несіне сонша жүйкеңізді жұқартасыз? Өзіңіз де білесіз. Жүдеген жүйке қалпына келмейді.Мен бар болғаны...
-Кет! Шық! Қараңды батыр!-Дархан зор даусымен аюдай ақырғанда, Асанның ақ халатының етегі желп етіп тайып тұрды. Өзі кетсе де, Дарханның жүрегін сыздатып кетті.Кешке дейін кіріс-шығыс құжаттарды құлықсыз қараған Дархан үйіне жеткенше асықты. Ол үшін енді жұмыс орны да жайлы болудан адыра қалды. Төрткүл дүниеде жігіттің жанын тек үйі ғана жылыта алатын еді.
Өсектің өртімен кеудесін күйдіріп біткен кеш тыныштық алар түніне ұласты. Дархан айтпаса да, оның көңіліндегі кірді Жұпаргүл байқамай қалмады. Күйеуін «болған жайды айт» деп те қысамады.Қосағының өзі шешілер сәтін күтті.
Ал ертеңіне бозарып атқан күзгі таңмен бірге бұлар да ақ үміттерін үлпілдете жолға шықты. Алыс сапар болмаса да, көңілдерінде «анамыз не дер екен» деген қобалжу басым еді. Ертелете жеткен ұлы мен келінін және кішкентай Арланды қарындасының үйі ашық-жарқын қабылдай қоймады. Қарындасы мен күйеу баласы тура бір жаназада отырғандай рай бермеді. Анасы мүлде теріс қарап отыр. Келдің-ау деген жоқ. Ұлы келмегендей, тек өздері ғана отырғандай елеусіз қалдырды. Дархан отбасында үнемі ыстық көңілдің, аялы алақанның әлпештеуінде өскен еді. Ес білгелі анасының теріс қарағанын көрген емес-тін. Бұл тоң-торыс қалып оның жанына батып кетті. Дархан бірден сөз бастады. Жұпаргүл Арланды құшақтап, енесінің қас-қабағын бағып отыр.
-Апа, бұлайша бұртыңдауыңызға не себеп екенін жақсы білем.
-Білсең неге келдің? Қай бетіңмен келдің? Маған қайдағы белгісіз біреудің баласын «немерең» деп телу үшін келдің бе?-Анасы өткен жолғыдан да суық тартқан тәрізді. Құдай-ау, бұл өзінің ақ анасы ма, әлде басқа біреумен алмасып кеткен бе? Дархан бүгін анасын тани алмай отыр. Жұпаргүл он бес жылдан бері білетін енесін бүгін басқа, қатал қырынан көріп, келістерінің береке бермесін іші сезді.
-Апа, неге мені ренжіте бересің? Қарашы, Жұпаргүл және ұлым үшеуміз сені өз үйіңе алып кетуге келдік. Өтінеміз, жүрші үйге. Сенсіз ол үй қаңырап қалды ғой.-Дархан анасына жас баладай көздері жасаурай жалынды. Ана міз бақпады. Есесіне қарындасы Маржан жақ ашты, көңіліндегі бар запыранын құса салды:
-Сен үйдің жалғыз ұлы ретінде өз міндетіңді атқармадың. Анама немере сүйгізбей, қу басын қақшитып, әбден жалғызсыраттыңдар. Енді ол байқұс менің аядай үйімді паналамай қайтсін? Ал сен әкемнен қалған кең сарай мен мал-мүлікті қайдағы біреудің баласына шашып жүрсің!-Дархан қарындасының өзіне деген осыншама жек көрушілікпен айтқан сөздерінен жүрегі тасқа айналып бара жатқандай теңселіп кетті. Анасының ашуын тарқатудың орнына, бауырындағы қара жыландай болып, басын қақшита көтеріп, өсектің өртін тұтатып отырған осы екен ғой. Бәсе, әйтпесе анасы бұны дәл осылай ешқашан жазғырмайтын еді ғой. Бір-ақ сәтте көп нәрсені түсінген Дархан кенет атып тұрды.
-Жүр, апа, кеттік мына үйден. Мыналар сенің маған деген ашуыңды өз пайдаларына асырып жүр. Өз үйімізде оңаша отырып кеңесеміз. Апа, жинал!
-Ешқайда да бармаймын! Менің сүйегім осы үйден шығады. Сен ана өзіңнің қолдан жасап алған отбасыңды ал да жөніңе кет! Ана шақалақты көрсетпе! Оған ешқашан жібімеймін! Немерем деп қарамаймын!
Жұпаргүл күйеуінің жасқа толы жүзіне көзі түсіп, іші қан жылап қоя берді. Ұлын бауырына қысқан күйі, енесінің алдына тізерлеп отыра кетті.
-Апа, өз перзентіңізді неге сонша қинайсыз? Аяғыңызға жығылайын. Үйге қайтыңызшы. Сіз кеткелі бері жанымызға тыныштық жоқ. Апа, жалынамын, ұлыңыздың бақыты үшін оған оң қабақ танытыңызшы!-Солқылдап жылап, тізерлеп отырған келінін Қадиша кеудесінен итеріп жіберді.
-Менің сұңғыла ішім бір сұмдықты сезіп тұр. Бұл бала сендерге сор болып тиеді. Кет өз сорыңмен! Баламды жайына қалдыр! Оған бала табатын әйелді өзім әперем!
-Апа, тоқтат! Маған он сегіздегі қызды әперсең де, менен бала болмайды! Белсіздік ауруымен ауыратын мына менмін! Қанша емделсем де, нәтиже жоқ. Жұпаргүлдің не кінәсі бар? Қорлама оны бұлай! Түрегел, Жұпарым! Кеттік! Көшеміз! Маржан, ана сарайдай үйді саған тастаймын! Көзің бір тояттасын дүние-мүлікке!-Дархан әйелін қолынан жұлқып тұрғызып алды. Жұпаргүл егіліп жылап бауырын жаза алар емес. Он жылдан бері жасырып келген, тек екеуі ғана білетін құпияны күйеуінің табан астында жария еткенін құптамағанын бас шайқауымен ғана білдірді. Ал анасы назаланып қояр емес.
-Өтірік! Мына қатын өз кінәсін жасыру үшін сенің аузыңа осылай сөз салып тұр ма? Бұл шүйкебастан не таптың соншама? Соның құлы болып жүрсің! Кетсең кет! Өз сорыңды арқалай кет!
Шешесімен жүздесуден ауыр сезім құшағында шыққан Дархан көп ұзамай сонау батыстан Алматыға қопарыла көшті. Маржан әкесінің боз үйін иемденіп мәз болды. Асан орынбасар миығынан күліп, өзі армандаған бас дәрігер дәрежесіне қол жеткізді. Дарханға мал-мүлік те, атақ-дәреже де керек емес еді. Оған қымбаты-сүттей ұйыған, өмір соқпағында еш айнымайтын отбасы болатын.
Тағдырмен текетіресте пенде жеңе ме?
-Қалалық «Өнерлі өрендер» байқауының бас жүлде жеңімпазы-Дарханұлы Арлан! Жеңімпазды ортаға шақырамыз!–Өз ұлының аты аталғанда, Жұпаргүлдің жүрегі кеудесінен шығып кетердей қатты соға жөнелді. Жұрт алдында ең өнерлі деп танылған ұлын мақтан тұтып, осы бақытты күнге қанша қиындықпен, тіпті құрбандықпен жеткен күйеуі екеуінің еңбектері еш кетпегенін біліп масайрай қуанды. Иә, олардың ақылды, өнерлі ұлы бар. Көпшілік арасынан сытылып шығып, Дарханға қуанышты хабарын жеткізді:
-Әкесі, қуана бер! Ұлың қала бойынша сурет салудан алдына қара жібермей, озып шықты. Қазір марапаттап, сахнаға шақырып жатыр!
-Мен таңданбаймын. Ұлымның жеңетініне сенгенмін. Ол әрбір құбылысқа асқан сезімталдықпен қарайды. Суретші үшін бұл аса қажет қасиет емес пе?!-Дархан қуаныштан ұлы екеуі ғана білетін талай құпиялар барын байқатып, бір мақтанып қойды. Жұпаргүл әкелі-балалы екеуінің әңгімелеріне араласса, «бұл-тек еркектердің шаруасы. Ал әйел ерлердің сөзін бөлмей, тек тыңдау керек,»-деп әзілдейтін. Ана мен әке баласының жеңісіне марқайып, жанұя бақытына бөленіп-ақ тұрды.
Арлан-оқуда үздік, спортта да қара жаяу емес. Тым жақсы көретін өнері-қыл қаламмен түрлі оқиғалы суреттер салу. Бүгін қалалық деңгейдегі байқаудан бас жүлде жеңіп алды. Орта мектепті бітіретін Арлан болашақ мамандығын да таңдап қойыпты: ол сәулетші болмақ.
Сахнада сөйлеп тұрған ұлын көрген Жұпаргүл өткен күндердің елесінен арылып, оның әр сөзін қалт жібермей тыңдауға көшті:
-Мен осы жеңісім үшін алдымен анама, сосын әкеме рахмет айтамын. Осыдан кейін ұстазым еңбек сіңірді. Анама алғыс айтатын себебім-сұлулықты танып, жүрегімнен өткізіп, елеп-екшеуді алдымен анам үйретті. Әкеме ризамын, ол маған көзім түскен құбылыстардан тұтас ой түйіп, биік ойлау, талдауға баулыды. Ұстазымның еңбегі өз-өзінен түсінікті. Мен осындай ата-анам мен ұстаздарым бар болғандықтан бақыттымын!-Ұлының сөзінің соңын қызу қол шапалақтау мен қошемет сөздер көміп кетті. Анасы биікте тұрған ұлына қарап, «шыққан биігің ешқашан аласармасын» деп күлімдеді...
ҚазірАрлан- төртінші курстың студенті. Болашақ сәулетші ару қала Алматының көркін арттыруға бағытталған төл қолтаңбаларын қазірдің өзінде мойындатып жүр. Ұлының жолында жаны құрбан ата-анасының жұмақ жыры Арлан деп басталатын, шаттық әндері де Арлан деп шырқалатын, жеңіл мұң болса да «ұлым» деп үлбірейтін, болашаққа деген сенімдері «перзентім» деп көмкерілетін.
-Апа, кешке мен үйге қонақ ертіп келемін. Қарсы болмайсыз ба?
-Апаң сенің ұсыныс-тілектеріңе қашан қарсы болатын еді, күнім? Қонақасы дайын болады. Сен қам жеме.-Жұпаргүл Арланды бала күніндегісіндей еркелете маңдайынан иіскемек болып еді, ол кейін шалқайып:
-Апа, мен бала емеспін ғой. Қызымның көзінше мені бұлай еркелетіп ұятқа қалдырып жүрмеңіз,-деп қонағының жайын айтып салды. Жұрт алдында еркелеуге де ұялатынды шығарыпты, ер жеткеннен болар.
-Әй, тентегім, сен қызбен дос болатын шамаға жетіп қойдың ба? Шынымен де есейгенің бе?
-Жұпар-ау, сен менің ағарған шашыма қара да, жасымызды шамала. Мына бас текке қырауланды деймісің? Сен ғана сылқым күйіңде қалған. Мен қартайдым, ұлым ер жетті.-Дархан жұмысқа ұлымен бірге шығатын дағдысымен жиналып жүріп, әйеліне деген ыстық көңілін тағы бір ұтымды жерде танытып қойды.
-Әке, мен апам екеуіңіздің сыйластықтарыңызға, татулықтарыңызға қызығамын. Кейін менің де осындай отбасым болса,шіркін!-Жиырма екіге аяқ басқан ұлы кәдімгідей естияр болғанын отбасы турасындағы сөздерінен анық аңғартты.
-Жұпар, келін түсіруге дайындала береміз бе, қалай?
-Құдай сол күнге жеткізсін. Ал кешікпей шығайық. Мен кешке жұмыстан ертерек келіп, дастархан қамын жасаймын.-Үшеуі бір-біріне елпілдеп, тысқа шықты. Дарханның жұмыс орнынан таяуда ғана бұйырған ұядай ғана үйлерінде олар бақытты болатын. Алыс ауылда қалған мал-мүлкін даулап Дархан барған емес. Қалаға қоныс аударып, тыныштық тапқандай еді. Анасымен арақатынасы үзілгеніне көңілінде қыжыл қалса да, оның тірлігін сыртынан бақылап, өзі отбасында тым бақытты жүретін. Кейде өте бақытты болу да қорқынышты болады деседі...
Болашақ келіндерімен танысқан Дархан мен Жұпаргүл қос жасқа сүйсіне қарап, өздерінің жастық шақтарын еске алғандай тоқмейіл күйде отыр. Қыз да бұлар риза болатындай-ақ тым мөлдір, биязы. Есіктен кіргеннен Жұпаргүлді апалап, ас үйде көмектесіп қызындай болып кетті. Дастархан басында төртеуі отыр. Бәрінің көңілдері шат. Жөн сұрасуды алыстан бастайтын қазақтың әдетімен Дархан алдымен қыздың елін сұрады.
-Өзің түп негізің қай жақтан боласың? Алматыға көшіп келдіңдер ме?
-Әке, Әсияның ата-анасы пәтер жалдап, осы Алматыда тұрады. Әсия- үйінің кенжесі.-Арлан ғашығының отбасы жағдайынан толық хабардар екен.
-Дархан, балаларды сұрақпен бастырмалатпай, тамақ ішулеріне мұрша берсеңші.-Жұпаргүл қыздың тостағандай көдерінен имену, қымсыну көлеңкесін байқап қалып, күйеуін тоқтатты.
-Әсия, қарашы, бұл-менің әкем. Тергеуші болып жұмыс істейді. Тергесе анықтамайтыны жеті қат жердің астында ғана қалады.-Арланның сөзіне күлген ата-анасы Әсияға шын жай-жапсарды өздері түсіндіре бастады.
-Қалқам, біз негізі батыс өңірденбіз. Мұнда Арлан туған соң көшіп келгенбіз. Екеуміз де дәрігерлер деген қауымнан боламыз.-Дархан ұлының әзіліне әсіресе мәз болып күліп алды.
-Біз де батыс жақтанбыз. Әкем сол батыстың тумасы. Алматылық болғанымызға жеті жылдың жүзі болды.-Әсия да ақырындап өз жайын айтуға көшті.
-О, жерлес екенбіз ғой. Қай ауданнансыңдар сонда? Мүмкін әке-шешеңді танитын шығармын.-Дархан шалғайда қалған, өзі үшін мұңды сағынышқа айналған ауылына жақын жерді естіп, қауқылдап қалды. Бірақ естігені есінен тандырды. Сол бір қара түндегі құпияның ащы түйінін енді балалар тататын болды ма деп әке жаны шырқырай берді.
Сол құпияға беріктей көрінген қара түнде Дархан Орынгүлден баланың әкесі туралы ежіктеп тұрып сұрап, өзіне жазып алған болатын. Орынгүл көкек әке туралы бар білгенін ақтарған. Дархан қайталап сұрап қатты шұқшиған. Ондағысы болашақта сол отбасымен қалай да байланыста болмаудың сақтық шарасы еді. Сол сақтық шарасы бүгін өзін келемеж етіп алдын орады. О, Жаратқан, туған анасын аңыратып, туғандарының ортасынан безіп саяқ шыққанда тапқан бақыты неге тұлдыр болып шықты? Бұл жолы Құдай сынақ емес, тозақ зікірін жіберіпті. Жылдар бойы қатерлі көмбедей болып келген құпяясы ақыры ұлын өзі іздеп тапты. Ниеті ақ адамға Құдайдың көзі түзу деген осы ма? Түзде де, үйде де адал келеді. Жұпарын жылатпау үшін көп тырысты. Ең соңында айналып келіп, сол қасіретке қайта шыға алмастай болып тұншыққаны ма?! Жоқ! Жоқ! Бұл жай сәйкестік болар. Дархан еңсесін әзер түзеп:
-Кешір, қызым, өзіммен қызметте ащы болған бір танысым есіме түсіп кетті,-деді. Күйеуінің даусындағы дірілді Жұпаргүл сезіп, бірақ оның арғы төркінін толық түсіне алмады. Ал Арлан мен Әсия бұл қобалжуға аса мән бермеді.
Сол күнгі кездесуден соң Дархан мен Жұпаргүлден тыныштық біржолата іргесін аулақ салды. Құдайдан күні-түні тілейтіндері-Алданов Қанағат Арланның шын әкесі емес, жай бір аттас болса екен. Өйткені үлкендердің күнәсі үшін балалар жауап бермейді ғой. Әрі Орынгүлдің сипаттауында Қанағат реңсіз, тұрпайы адам еді, ал Әсия оның қызы деуге қимайтындай тым ажарлы. Құдай-ау, не далбасалап кетті? Бала тек әкесіне тартып туушы ма еді?
-Дархан-ау, осы жағдайдц уайымдаймын деп өмір сүруден қалдық-ау. Бүгін Әсияны үй-ішімен қонаққа шақырсақ қайтеді?
-Онда сол Қанағат екенін қайдан білеміз? Менде суреті жоқ қой. Сен де жөнді ақыл айтудан қалғансың ба?
-Онда Арланнан Әсияның қайда тұратынын сұрап білейік. Сосын...
-Сосын «Қанағат деген сен бе? Сен осыдан жиырма екі жыл бұрын Орынгүл деген қызды жүкті етіп тастап кетіп пе едің?!» деп сұраймын ба? Ақылымнан адасатын шығармын.-Ерлі-зайыпты екеуі осылай жанталас халде отырғанда, Арлан да кештетіп үйге келді. Өзі өте көңілді. Даусы саңқылдап, қара торы өңі бал-бұл жанады.
-Әке, апа, мен бүгін әдеттегіден көбірек ақша жұмсадым. Ренжімейсіздер ме?-Бұл- бір жаңалық айтуды арыдан бастайтын әдеті. Әйтпесе оның ақша жұмсау мөлшерін әке-шешесі шектемейтін. Арлан әншейн қуланып тұрмаған екен.
-Сендер Әсияны келіндерің ретінде елестете аласыңдар ма? Мен Әсиямен сөз байласып келдім. Енді салт-дәстүр ме, жоқ өздеріңнің қиялдарыңда бір жоралғылар бар ма, соларды орындай берсеңдер болады. Мен тезірек Әсияға үйленгім келеді!-Ұлдары екеуіне кезек қарап, аңтарылып қалды.
-Сендер қуанып, тура мен сияқты бір орында шыр көбелек айнала ма десем? Тіпті селт етпейсіңдер ғой. Неге?
-Балам, үйлену жайын тым тездетіп жіберген жоқсың ба? Өздерің студентсіңдер...
-Әке, кедергі болам деп ойлама! Егер мен үйленгім келсе үйленемін. Рұқсат етпесеңдер, Әсиямен бірге бөлек кетіп қаламын!-Арлан ешқашан әкесіне бұлай дауыс көтеріп көрмеген. Дарханды шошытқан да осы болды.Бір қызды бұлардан артық санап, өзі шешім қабылдап үйреніпті. Бірақ Дархан да өз анасына солай жасамап па еді?! Өткен күндердің сағымдай елестері тағы да тіріліп көңілінде жүйткіді.
-Ұлым, әкеңе қатты сөйлегенді қайдан шығардың?-Анасы Арланды сабырға шақырып, әңгімені кикілжіңсіз шешуге тырысты.
-Апа, мен Әсияны бәрінен де қатты жақсы көремін. Сіз әкемді қалай сүйсеңіз, тап солай. Жоқ, одан да артық сүйемін. Ал әкем мені әлі күнге дейін бала көреді.
-Жақсы, Арлан, түсіндім. Біз қыздың отбасына құда түсіп барамыз. Әсия отбасын ескертсін, Сосын дереу барамыз.
-Міне, менің әкем осындай ойлы,ұзын бойлы, парасатты, өте сезімтал жан еді ғой. Мен мекенжайды беремін. Құда түсу ме, сырға салу ма, әйтеуір бір салттарыңды жасап, тойдың қамын бастайықшы. Әйтпесе мен Әсияны шығарып салып тұрып сағына бастайымн.-Махаббаты маздаған жас жігіт әке-шешесінің әлденеге алаңдаулы екенін байқаса да, өз бақытытнан басқаны білгісі де келмеді.
Алматының жазғы кеші. Күндізгі бет қаратпайтын ыстық қайтқан. Кешкі Алматының сән-салтанатын байқауға Дарханның мұршасы жоқ. Жұпаргүл алда өздерін не күтіп тұрғанын білмей, алаң көңілмен кешкі құдалыққа дайындалып жүр. Дайындалып жүргені бір түрлі ерсі, әр затты бір ұстап қайта тастай салады. Ас үйге неше рет кіріп-шыққанының есебін білмейді. Әйелінің тыпырлаған жүрісі Дарханның жүйкесіне тиді.
-Жұпар, қолыңа осы соңғы ілінгенін ки. Қыз күніңде мені бұлай күттірмейтін едің. Не де болса тездетіп барайық.
-Дархан, қорқып тұрмын. Егер...
-Мен қорықпайды деймісің? Жүр шығайық. Тағдырдың не тарту тосып тұрғанын бара көреміз.
Сөйтті де екеуі машинамен зуылдап, желмен жарысқандай кетіп бара жатты. Дархан тез жетіп, өзін қай күннен бері іштен жеген ой құртынан арылғысы келді. Жұпаргүл құдайына мың мәрте сыйынып, қауіптерінің теріске шығуына дұға етіп келеді. Арланның айтқан мекенжайын едәуір іздеп жүріп тапты-ау әйтеуір. Қанағаттың үйі де құда келер деп күтіп отыр екен, үйдің үлкендері бұларды сырттан күтіп алды.
-О, Дархан деген құдам сен боларсың? Төрлетіңдер.-Шиқандай сары, еңгезердей үй иесі гүрілдей сөйлеп, қонақжайлылық танытты. Жұпаргүл машинадан түсе сала, әйелге ғана тән сезімталдықпен оның бүкіл өн-бойын аңдаусыз ғана көзімен тінтіп, Арланға ұқсастық таппады. Әлде бар ұқсастықты көргісі келмеді ме...Қуықтай ғана жалдамалы пәтердегі құдалық жайлы әңгіме тым ұзаққа созылмады. Той күнін белгілеумен аяқталды.
Әңгіме үстінде Дархан Қанағаттан сыр тартып көрді. Әйткенмен жарытып ештеңе біле алмады. Күпті көңілдері сыздап қала берді.
Ал құдалықтан соң Арлан мен Әсия өздерін тым еркін ұстауға көшті. Әсия бұлардың үйіне кез келген уақытта келіп, қонып қалуды шығарды. Арлан кей түндері үйге қонбайтын болды. Дархан ұлына бұл қылықтарының орынсыз екенін айтқанда, ұлы «қазір сенің заманың емес, жаңа ғасыр» деп жауап берді. Ақыры Дархан Қанағат құдасын оңаша кездесуге шақырды. Олай етпеске амалы да қалмап еді.
Енді, міне, минуттарды Алладан ажал әмірін күткен пақырдай дірілдеп өткізуде. Құдасы құрғыр да кешігіп жатыр. Сөзінде тұрып жалғыз келсе жарар еді. Құдай-ау, келмей қала ма? Сағатына қарады, кешкі беске қарай енді еңкейіпті. Уағдалы уақыт алты еді ғой. «Қазір не болады?» деген ой санасын санға бөлді. Жұпаргүл де оң жаңалық күтіп, қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. Әне, құдасы өз қарнын өзі әрең көтеріп, мимырттап келе жатыр. Дархан оның алдынан шықты. Дәмханадан өзі дайындаған орынға ертіп әкелді. Қазақтың амандық-саулық сұрасқанының өзі сүт пісірім уақытты алады екен-ау. Арғы-бергінің амандығын біліп барып, Қанағат шай сораптауға кірісті.
-Өткенде де айттым, бүгін де қайталаймын, өзіміз пәтер жалдап, күнімізді әрең көріп жүрміз. Қызыма шалқытып ұзату тойын жасай алмаймын. Әсия да біледі онымызды. Сендер қалыңын берсеңдер, біз қызды пәтерден ақырын ұзатамыз.
-Мен сізді мүлде басқа жайт туралы сөйлесуге шақырып едім.- Құдасының ұзату той жайындағы сөзі Дарханның құлағына жетпеді. Өз сұрағын табан астынан қоя салды. Шыдамы таусылды. Бүгін тыныш ұйықтап, әйелінің көңілін демдеп, сосын аңызға айналатындай ғажап той жасайды. Ал мына мылжың құдасы ұсақ әңгімемен уақытын өлтіріпотыр.
-Оу, о не дегенің? Сен менімен той төңірегінде кеңесем деген соң келдім ғой. Автобуста шаршап, жолға шығынданып...
-Сен Орынгүл деген әйелді танисың ба?-Оқтай қадалған оқыс сұрақтан Қанағаттың өңі қашып кетті.
-Не? Қай Орынгүл? Таныса қайтеді екен? Ұлың «әкем тергеуші» деп айтып еді, рас екен ғой.
-Қай Орынгүлің не? Неше Орынгүлді танисың? Қайсысын жүкті етіп тастап кетіп едің? Жиырма екі жыл бұрын не болып еді, есіңе түсір!
-Сен мені тергеуге шақырдың ба? Әйелдердің қорғаушысы болып жұмысқа тұрдың ба?-Қанағат өз сөзіне өзі мәз болып ырқ-ырқ күлді.
-Күлкінің онны емес қазір. Орынгүл деген қызбен әуейі болмап па едің? Ол кезде «екі баласы бар, кеш білдім» деп еді Орынгүл. Ізбасар деген әкесі бар болған. Аудан орталығындағы қасапханада...
-Ей, маған бұндай сұрақ қоятындай сен кім едің? Бекер келген екенмін. Ана көзі жұмылып қалған ұлыңа айт, менің қызымды төңіректемесін. Бітті, мен кеттім. Ешқандай қыз да бермеймін!
-Ал Арлан сенің ұлың болса қайтеміз? Айт! Орынгүл деген танысың болып па еді?!-Дархан мына мес қарынның санасына әңгіменің астары жетпегенін біліп, ашудан буынып кетердей тіс арасынан сыздықтата тәм зәрлі сөйледі.
-Не?Арлан сендердің ұлдарың емес пе? Сонда қалай?
-Біз оны асырап алғанбыз. Анасының аты-Орынгүл. Ол қыз баланың әкесінің аты-жөнін...-Өркөкіректікпен орнынан түрегелген Қанағат сылқ етіп отыра кетті. Жиырма екі жыл бұрынғы естеліктер көз алдында есінен айыра елестей жөнелді. Аудан орталығына қатынап жұмыс істейтін. Әйелі мен екі баласы ауылда қалатын. Үйден сәл жырақ шықса, өзін бойдақ сезінетін еді. Сондай салт бас, сабау қамшылы кезінде Орынгүлмен танысты. Бұрын алданып көрмеген жас қыз бұның еліктіруіне тез көнді. Үйде әйелін күттіріп, түзде тағы бір әйелмен, пай, шіркін, керемет күндер еді. Нағыз еркек солай болса керек-ті. Бұрынғылар бес-алты әйелге дейін ала берген ғой. Ал бұның екі әйелге шамасы жетпей ме? Жеткенде қалай! Осылай Орынгүлді бар өтірігіне сендіріп, онымен құмарын қандырып жүргенде, жүктілігін естіді. Өзін «тәжірибелі» санайтын ожар еркек ондайға мүмкіндік бермейтіндей өзіне сенімді еді. Бірақ Орынгүл «махаббатымыздың жемісін көтеріп жүрмін» дегенде, көпе-көрінеу күйіп кетті. Бұған керегі жеміп пе еді?Анда-санда бір «тәттісінен тамсандыра татқызса», сол да жететін еді ғой. Ал ол ақымақ «жеміс» дейді. Ақыры өз өтірігін өзі ашуға тура келді. Орынгүл тұрған орнында қалшиған да қалған. Бұл оның не күй кешкенін аңдап жатпаған,айтарын айтты да қолын сілтеп кете берді. Араға екі жыл салып Әсия дүниеге келді..
-Әсия, қызым, мүмкін емес! Жоқ-жоқ! Орынгүлдің ұлы алдыңнан шығуы мүмкін емес! Құдайдың олай кәрленетіндей сенің не жазығың бар?-Қанағат кемсеңдей, тысқа ұмтылды.
-Ал дәл бұлай қорланатындай Арланның не айыбы бар? –Дархан ожар сарының соңынан ілесе шықты. Тағдырмен текетірес келуге тайсалмайтын өр мінезді Дарханның бұл жолы сағы сынды. Іші-бауыры сұп-суық болып мұздап бара жатты. Тек бұл мұздаудың соңынан жылылық болмайтынын мойындамай, әлдебір әлсіз, негізсіз үмітпен Қанағатты қуып жетті.
-Тоқта, ол емес болар. Басқа Орынгүл болар. Есіңе түсір. Тағы қандай ерекше мәліметтер білетін едің?
-Алла, мені бұлай жазалама. Мен Орынгүлге «әкеңнің ұйіне барып ту» деп тексізденіп едім. Енді өз қызым... Жоқ! Ойлауға да қорқамын!-Дархан бұдан арғысын естімеді. Естуге қауқары қалмады. Құлағына қайран анасының азынау үні келді: «Сен енді тек құрдымға шөгесің. Ана баланы сорыңа бола асырадың!» «Апа! Анашым!Тылсым күш саған ұлыңның соры қайнайтынын сездірген екен ғой! Сол кезде мен де осы ақырзаманды барлай алсам ғой! Апатайым! Ұлыңды құтқаршы! Мен қазір тозақтың түбінде тұрмын. Құтқаршы,анашым!Ақ батаңды алмай кетіп едім, бүгін соның көроеін көрдім ғой! Ақылды анам, менің қандай күнәм бар еді? Енді қалай өмір сүремін? Ұлың өліп барады, апа! Дем берші, келші қасыма! Тұншығып барамын!» Дәмхана алдындағы шағын саябақта сілейіп ұзақ отырған Дархан осыдан бес жыл бұрын о дүниелік болған анасының рухынан жәрдем күтті. Алла аямаған пендені аруақтар қорғай ала ма?
Құрдым
Алланың қаһарына ұшыраған пенделер қыбырлап өмір сүргенсіп жүр. Қанағат беті қалыңдығына басып, үйіне түк болмағандай барған. Өзінің жазасыз қалдым деген күнәсінің азабын қызына таңып берген ол бұдан шығар жол Әсияны Арланмен кездестірмеу деп шешті. Ал жастар бұл шешімді түсінбей дал болды.Арлан әкесінен көмек сұрады. Бірақ Арланның күткен қолдауын ата-анасы бермеді, қайта Қанағатты жақтап шықты. Отбасын құруға әлі ерте екен,ақылдары толыспапты. Тіпті анасы «Әсия көзқарасы суық, тартымсыз қыз» деді. Көз алдарында тұрған әдемілікті көрмей, бұл ата-анасына не болды? Әбден қиналған Арлан сабаққа да бармай, Әсиямен жүздесудің жолын іздеді. Қалта телефонынан да қағылған Әсиядан қазір хат-хабар сиреді. Одан жырақ жүрсе, өмір гүлі солып бара жатқандай сезінетін Арлан ақыры шыдап тұра алмай, қыздың үйіне өзі барды. Әсияны көре алмады. Қанағат шығып итке жекіргендей айқайлады. Даусында бұған белгісіз кек бардай. Ешқашан бұны қолдаусыз қалдырмайтын анасы мен әкесіне не жорық? Мына тантық сарының сөзіне еріп алыпты өздері. Алғашында бәрі керемет еді, ал бүгін...
Керемет күндерін оңайлықпен бергісі келмеген Арлан Әсияны торуылдауын қоймады. Оған деген сағынышы жан таптырмады. Көп күттірген бір хат жылт етті. Белгісіз нөмірден жазылған хат қысқа болса да, зор серпін берді. «Бәрін тастап, екеуміз бірге қашайық. Сәбиім екеуміз сенсіз қиналып кеттік,»-депті Әсиясы. Үлкендер екеуінің кездесуіне кедергі жасап, қанша сылтау айтқанмен Арлан сүйіктісінң өзіне деген көңілінің айнымайтынына кәміл сенімді болатын. Сенімі алдамапты. Қуанса да, жалғыз қуанаатын болған ба? Кімнен ақыл сұраса екен?Әкесі ме? Жоқ! Оны соңғы кезде түлен түртіп жүр. Жақындап қалған қарттық жылдарына мойынсұнғысы келмей ме, тұнжырауды жиілетті. Анасына айтуға болады. Иә, анасы бетін қайтармас. Осы оймен бөлмесінен атып шыққан Арлан ас үйде үнсіз отырған Жұпаргүлдің жанына келді.
-Апа, тағы да көңілсіз отырсыз ба? Не болды осы сіздерге? Жандарыңыз дертті ме? Болса ол қандай дерт?
-Жоқ, еш ауруымыз жоқ. Әкеңнің жұмыстарында бір жайсыздықтар орын алып...
-Апа, мені алдама. Мен өтірікке сенетін кішкентай бала емеспін. Шыныңды айт! Мен неге Әсиямен кездеспеуім керек? «Ол саған тең емес» деп жақауратпа! Жетер енді жасырынбақ ойнағандарың!-Арланның бақырып-шақырған даусына қонақ бөлмедегі әкесіжетіп келді.
-Анаңа қалай дауыс көтересің? Оны ренжітіп алудан қорықпайсың ба?
-Әке, ал екеуің мені қинаудан ләззат аласыңдар ма? Мен Әсияны сүйемін. Және оның аяғы ауыр. Біз үйленеміз. Басы артық сөз айтып, бекер шаршамаңдар. Мен соны айтайын деп едім. Сендер тіпті сау адамша отырып сөз ұғудан қалыпсыңдар!Түсініп алыңдар! Мен үйленемін, мен әке боламын!-Тағдырмен тайталаста ерлі-зайыптылар жеңілді. Қайтып бас көтере алмастай ғаріпке айналды. Алла бермеген баланы қолдан жасап, бақыт деген әлемді қиялдан құрған екеу енді ессіз күйге түсті.Жазмыш қос сорлыға қарсы келіп, сақ-сақ күлді. Жазмыш өзінен озар күш жоғын білетін еді. Ад пенделер қайдан білсін! Құтылам деп өткенінен көз көрмеске қашса да, қайта құтылмастай болып тұтылды. Отбасын сақтау, шаңырағын шайқалтпау енді мүмкуін бе? Соңғы амал қандай болмақ? Ұлын, өзн, сүйікті Жұпарын қалай да қорғаштап қалуға тырысқан Дархан бар даусымен аттанға басты:
-Жоқ! Жоқ! Бұлай болмайды! Сен бізді алдап тұрсың! Саған ондай тәрбие бермеп едік.
-Жоқ, әке, сенбеске амалың жоқ. Жаңа ғана Әсия хабарлама жолдады. Сенбесең өзің қара!-Дархан жүгіріп барып, ұлының ұялы телефонына жармасты. Жұпаргүлтәлтіректеп тұруға шамасы жетпеді. Дархан үңіліп ұзақ тұрды. Жұпаргүл өз жүрегінің соғысын ести алмай, аузы ашыла берді. «А, Құдай, балалардың қалжыңы болса екен!» Кенет Дархан балаша солқылдап жылап, бүктетіліп отыра кетті. Жұпаргүл тынысынан айрылды. Дүние тоқтап, тірлік қараң қалды. Соңғы демі шығарда Құдайды аузына алмады. Құдай бар болса, әділ болса, өзге біреудің күнәсі үшін өзгелерді жазаға тартпас еді ғой. «Жоқ. Ол жоқ,»-деп күбірлеген Жұпаргүл жарықтан қараңғыға ене берді...
Бұл шынжыр түріндешырмалған оқиғадағы алғашқы құрбандығын Ажал асыға қақшып алды. «Келесісің қайсың?»-деп Ажал ойнақ салды. Тағдыр деген теперіш иесі оған кезекті олжасын санап беріп жатты...
Жар қайғысы Дарханды еңсесін тіктей алмастай қылып қан жылатып кетті. Шіркін, егер Жұпары «ажырасайық» деп қинала қиылғагда, келіссе бұл тамұқ отына тіріде күймес еді ғой. Анасын тыңдағанда... Бірақ әттең-аймен өзін жұбата алмады. Жұбаныш іздеуді де қойды. Кіммен жұбанады? Жер бетінде бұған медет берер кім қалды? Тоқта! Ұлы бар емес пе? Оның тағдыры қыл үстінде. Көзі жұмылғанша ұлына өмірден орнын тауып беріп кетсе арманы болмас еді. Бөлменің қараңғы болғанын да байқамаған Дархан ас үйге кірді. Кенет тосылып қалды. Әсия отыр. Арланды жұбатып отыр. Арлан оның иығына басын сүйеп, қыздай сыңсуда. Әсия ғана оған жұбаныш болатынын Дархан бар жанымен, өзінің өміріндегі күйлерден барынша түсінді. Түсініді де жаны қайта қысылып кетті. Шарасыз отыра бермей, әлдене тындырғысы келді. Сөйтті де сөз бастады. Оның ақыры не боларын болжауды да қойды. Мына екі жастың түк жазығы болмаса да, шыбын жандары шырқырағандарын көргісі келмеді.
-Арлан, балам, басыңды көтер. Айтарым бар.
-А, әке, есіңді жидың ба? Мен енді қалай өмір сүремін? Анам менің кесірімнен көз жұмды. Мен анамның өліміне себепші болдым.-Боздай жылаған Арлан әкесінің бауырына өзі келіп тығылды. Бала кезінен осылай еді, әлі сол қалпы. Бірдеңені бүдірсе, бірінші болып өзі айтып, әкесінің бауырына тығылатын. Бұл жолы әке құшағы оны қасіретінен қорғай алмады. Қанша тырысса да, құрдымға батып бара жатқан өмір кемесін түзей алмады.
-Арлан, апаң сенің кінәңнан бақилық болған жоқ. Оған басқа бір жағдай түрткі болды. Жаны нәзік апаң сол шындықты көтере алмады. Сен Әсия екеуің бауырсыңдар.-Бұл сөзді қос жас түсініп жарытпады. Қалай бауыр болсын? Айдаладағы қаймана қазақтар емес пе? Екеуінің арасы үш жас. Қазақ сұраса келе туыс шығады деген осы ма?! Қалшиып қалған қыз бен жігітке Дархан бар күшін жинап шындықты қанын тамшылапып баяндады. Әр сөзі қайғы қорғасынындай тұңғиыққа батырып бара жатты. Үйінен қашып шыққан Әсия мынадай сұмдықты естимін деп келмеп еді. Арланның мынадай сұмдықты естігенше өзін ана өліміне айыпты санап күн кешкені әлдеқайда жақсы еді ғой. Тағдыр адамдарға қашан таңдау жасатыпты? Егер таңдауға мұрша берсе, Арлан Дархан мен Жұпаргүлдің ғана ұлы болып қалар еді. Сұрқия тағдыр тезге салмақшы ма қос тентекті? Тезге саламын депезіп жіберген жоқ па? Дәл осы сәтте Ажал тағы бір құрбандығына тұзағын құрып, шыдамсызданып отырды.
-Жалған! Бұл сұмдықты аузыңыз қисаймай, бізге қалай айтып отырсыз?
-Әке, олай емес деші! Біз енді не боламыз? Сәбиімізді қайтеміз?-Жанды қуырған бұл сұрақтарға Дархан жауап беретін халде емес еді. Ол сөзін аяқтап, тас мүсіндей мелшиіп қатты да қалды. Әсия үйден құйындай атып шығып, етегі жасқа тола, ебіл-дебіл болып көшеге жүгіріп шықты. Ештеңені көрген де, естіген де жоқ. Шыңылдап бітіп қалған құлағы кенет ашылды. Апырау, өзі ұшып келе ме, жоқ жүгіріп келе ме? Жылап келеме, әлде сақылдап күліп келе ме? Қым-қуыт бір құйын қызды орап алғандай. Түрлі дауыстар елестеді. «Арлан-сенің ағаң! Сендер бауырсыңдар!» Құлағы қайта тұнып кетті. Лақтай ырғыған қыздың соңынан оған жеткен Арлан Әсияны құшағына алды. Тағдыр қамытынан қашқан қыз тулап, құшағынан сытылып шығып, зымырап бара жатты. Балалардың ізімен үйден шыққан Дархан жүгіріп келе жатқанын, не бір жерде қимылсыз қатып қалғанын ажырата алмады. Бар ойы ұлы мен қызда, денесі игерусіз қалды. Арлан да арман болған ғашығына жетіп, жан дәрмен қолынан ұстады. Көліктер жүйткіген кең көшеде екеудің қалай аман тұрғанын көргендер таң-тамаша қалды. Ойламаған жерден қыз бен жігіт айқара құшақтасып,қарсы бағытта зымырап келе жатқан жүк көлігіне ұмтылды. Жоғары жылдамдықпен келген жүк көлігі тоқтап үлгермей, жердің астынан шыққандай жолын тосқан қос ғашықты жаншып өте шықты. Бір сәтке дүние тына қалды. Тек Ажал ғана олжасын түгендеп, қанды қанжығасын майлап алды. Ұпайы түгенделсе де, Ажал тойымсызданып қомағайланды. Бірақ Ажалдың жуан өңешінен Қанағат жақын арада өте қоймас. Бәрін жас-кәрі демей қылғытқан Ажал Қанағатқа келгенде ойланып қалды. Кейін олжалаймын ол ожарды деп түпсіз мекеніне қайтып кетті. Ал жарық дүниеде кеудесінде жаны бар күйде қалса да, Дархан тірі еме еді. Оның санасын кек алу деген ой жаулап алды. «Кек алам» деп түйілді ол. Кімнен? «Құртам» деп тісін шақырлатты. Кімді құртпақ? Құрымаған несі қалды? «Аямаймын» деп асаусыды. Өзін аяр жан таппай тұрғанда, өзі кімді аяп жарытсын? Өзі туғанда маңдайына жазылып қойылған тағдырдан ол енді қашып құтылмасын білді. Әйтсе де ерегесіп, тәлкек тағдырына қарсы бір аттады. Оның тәнін бір ғана ой басқарды: кек ал! Осы ой Дарханды Қанағаттың үйіне ұшырып алып келді. Түн қараңғысында есігін жұлып алардй қаққан Дарханды көріп, үй іші тегіс шошынып қалды. Онсыз да Әсия қашып кетіп, әптер-тәптерлері шығып жатқан. Қанағат «қызды сен қашырдың» деп әйелін таяққа жығып салыпты. Селкілдей жылаған әйел мен баласын көрсе де, жалғыз ой ғана билеген сана ойланып жатпады.
-Ей, арсыз неме, сен балаларды өлтірдің. Енді ажалың менен!-деп тістенген Дархан Қанағаттың жағасынан ала кетті. Кебеже қарын оп-оңай илектеліп, Дарханның кек жұдырығының астында қалды.
-Ойбай, не дейді? Өлген кім? Нең бар бұл жазғанда? Босат!-деп безектеген ана әкесін арашалауға ұмтылған ұлын қорғай берді.
-Балалар өлді. Сен өлтірдің,-деп қырылдады Дархан.
-Қатын, мынау есінен адасқан. Оның сөзіне мән берме. Тез полиция шақыр.!
-Жоқ, шақырмаймын. Алдымен не болғанын айт! Бәрін түсіндір. Әсияға неге шүйліктің?
-Әсия мен Арлан жоқ. Мен олардың кегін алуға келдім. Соңғы ісім сен боласың, найсап!-Дархан Қанағатты тепкінің астына алды. Әр тепкен сайын кегі ширыға берді.
-Мынау Орынгүл үшін. Оны неге жүкті күйінде ойыншықтай тастап кеттің? Жазығы не еді?
-Ал мынау, әйелің үшін. Ауылда қалып, сенің мал-жаныңа ие болғаны үшін көзіне шөп салдың ба?
-Мынау-денесі әлі суымаған Арланның кегі үшін. Мә, саған!
-Ал мынау мөлдір қыз Әсия үшін. Сенің ауыр күнәңнің азабын ол неге тартты? Арланмен бірге жан тапсырған қызғалдақтай қыздың не жазғаны бар?
-Менің Жұпарым да сенің күнәңнің азабын шегіп, сол азапқа шыдай алмай өліп кетті. Мә, өл! Жалғыз өзің қанша адамның өмірін құрдымға жібердің?
-Ал Әсияняң құрсағында өлім құшқан сәбидің қандай қылмысы бар еді? Сен неге тірі жүрсің? Мен Әсияның тегі жайлы білген күні өлгенмін. Мен өлгенмін. Мен- өлікпін!Сені Ажалдың қолына тапсырамын. Қашпа, қанішер! Қанша адамның қанын жүктеп, енді қалай өмір сүрмексің?-Ұмар-жұмар арпалысқан екеу ешкімге араша бермеді. Ауладағылар полиция шақырып, өздері бар болғаны тамашалаудан арыға аспады.Дархан жер бетіндегі соңғы әрекетін орындамай кетпеуге бекінген. Қанағат та қарсыласуын қояр емес. Бар күшімен тепкілеген Дархан кенет Қанағаттың оп-оңай сұлап түскенін байқады. Санасындағы жалғыз ой оны ойланудан ада етті. Дархан сұлқ құлаған мес қарынның үстіне қонып, аяусыз ұрғылады. Кенет жиналғандар шу ете қалды. Селебе пышақ сілтеп, күйеуін сұлатқан Әсияның анасы болатын. Кеудесінен жаны шықпай, ыңырсыған арсызды әкетуге Ажал да асықпады. Дарханның ойында бір ғана кек ойы атой салып тұрды.
Жазғы түн бұл көріністен шімірікпестен, Ай өз ажарына өзі сұқтанып, барқыт көкте жұлдыздар жымыңдасып тұрды...
Айзат Рақыш
8-747-261-29-50