Blogs
Қазақстанның мәдениет және әдебиет Халықаралық форумы Берлинде
Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениет және әдебиетінің кезекті Халықаралық форумын Берлин қаласында өткізеді.
Форумның мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы болып табылады.
Қазіргі уақытта аталмыш форумдар Сеул мен Лондонда өткізілген болатын. Айта кетейік, іс-шаралар аясында әдебиет, мәдени алмасу мен ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру үшін көпфункционалды жұмыстар атқарылды. Іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді, сонымен қатар, өзара әріптестік аясында шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы шетел әріптестерінің қызығушылығын тудырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нүсіпов Болат Тұрарұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, Қырғызстан Жазушылар Одағының құрметті мүшесі және Түркі әлемінің Халықаралық поэзия академиясының мүшесі Ұлықбек Есдәулет, жазушы, публицист Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің телерадио және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаділбек Шалахметов, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, театр және кино режиссеры, сценарист, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Талғат Теменов, ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдык келісім» РММ директоры, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Президентінің БАҚ-ы саласындағы сыйлығының лауреаты Александр Тараков, журналист Биргит Брауэр (Германия), Ұлыбританиядағы «Hertfordshire Press» басылымының директоры, «Open Central Asia Book Forum & Literature Festival» ұйымдастырушысы Марад Ахмеджанов, Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әдебиет саласындағы халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, «OpenEurasianLiteratureFestival & BookForum-2017» (Швеция) атты «проза» номинациясы бойынша жүлдегері Сәуле Досжанова, балалар жазушысы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның аңыздары» (Қырғызстан), «Исламдық серпіліс» (Мәскеу) байқауының жеңімпазы Дария Түкенқызы, ақын, жазушы, қырғыз-қазақ «Манас эпосының» жыршысы-манасшы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақындар одағының мүшесі, импровизатор, жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, Берлин мемлекеттік кітапханасы Шығыс Азия департаментінің ғылыми қызметкер Миерсулитан Айсыма (Германия), ақын, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Балғынбек Имаш және т.б. қатысады.
Форум аясында Қазақстандық авторларының: Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» кітабының неміс тіліндегі, Баянғали Әлімжанның «Доброжелательный Аскар» және «Сказ 100-летнего степняка» кітаптарының тұсаукесері өтеді. Сондай-ақ, «Мәдениет және өнер» фотокөрмесі және Берлиннің Ұлттық кітапханасында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» орталығы ашылады.
Орталықтың ашылуына ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, соның ішінде, Елбасының әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптары, сондай-ақ, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қазақстандық авторлардың кітаптары ұсынылады. Барлығы 200-ден аса кітаптар тапсырылады.