Blogs
Қазақтың алғашқы әскери дәрігерлерінің бірі - Нұрғали Ипмағамбетов
Ипмағамбетов Нұрғали 1883 жылы Орал губерниясының Қаратөбе болысындағы Бұлақтысай аулында туған. Жоғары дәрежелі білім алған қазақтың алғашқы әскери дәрігерлерінің бірі. Ресейдің сол кездегі таңдаулы оқу орындарының бірі – Петербургтегі әскери медицина академиясына оқуға түсу үшін Оралдағы толық орта білім беретін реальное училищенің ұстазы Василий Романовтың және Бақытжан Қаратаевтың қолдауымен алтын медальмен бітіреді. Академияны үздік бітіріп Термез қаласында орналасқан Түркістандық атқыштар дивизиясына дәрігерлік қызметке тағайындалады. Түрік майданында бас дәрігер қызметін атқарады. Дүниежүзілік бірінші соғыстың, импералистік әділетсіз, басқыншылық мәнін түсінеді. 1916 жылы майдандағы орыс армиясының бас хирургі болып тағайындалады. Сол жылы күзде «медицина полковнигі» шенін алады. Ұлт үшін қызмет істеймін деген кісіге қашан да орай табылады. Н. Ипмағамбетов майданда дәрігер болып жүрген кезінде қазақ жастарына «денсаулығы жарамсыз» деген анықтама беріп, елге қайтуы үшін жол ашып отырады. Бұл үлкен ерлік еді. Алайда көзсіз ерлік білінбей қалмақ емес, 1917 жылы сау адамға денсаулығы жарамсыз деп әскер қатарынан босатқаны үшін тұтқындалып, Сібірге жер аударылады. Нұрғали Ипмағамбетов өмірінің кемелді кезінде 39 жасында ауыр науқастан қайтыс болады. «Қазақ» газетінде мақала-хабарларда аты аталып, тізімдерде көрсетілген.