Blogs
Қиянат
(әңгіме)
Теңіздің беті сол баяғыдай толқып жатыр. Жал-жал толқындар жағаны соғады. Әлденеге ашулана бір-бірінен асып түскісі келетіндей буырқанады. Су бетінен соққан суық желге кеудесін тосып әкесі тұр. Бұған теңіз сондай суық көрінген. Мұны жалмағысы келгендей асау толқындар аяғының астында өршеленеді. Бала жүрегі қорыққан.
Әкесінің жағаға не үшін келе беретінін бұл түсінбейді. Бүгін де ерте келіпті. Күнбатар тұстан көз алмай, жылт-жылт ойнақтаған ұсақ толқындарға ұзақ қарап әкесі тұр. Өзге әлемде шаруасы жоқ. Бұл болса кіп-кішкентай аяғымен топ-топ етіп, жағадағы су мүжіген тасбақа тастардың үстінде секіріп ойнайды.
– Әке, – дейді күнбатыстан көз алмаған әкесінің жеңінен тартып. – Әке, біздің теңізде кит бар ма?
– Жоқ, балам.
– Акула ше?
– Акула да жоқ.
– Неге?
– Бұл жәй ғана жасанды теңіз. Акула да, кит те үлкен мухиттарда болады.
– Акула жақсы ма, әке, әлде кит пе?
– Кит жақсы. Акуладан көрі, әрине.
– Акула ше?
– Акула жауыз жануар. Балықтарды жеп қояды.
– Адамдарды ше?
– Адамдарды да.
– Біздің теңіздің кішкентай болғаны қандай жақсы я, әке? Әйтпесе, акула бізді де жеп қоятын еді...
– Иә...
Әкесі үнсіз тұр. Санасында кешіп жатқан сан ойды мына бала қайдан сезсін.
– Акула, – деді сосын әлде баласына, әлде өзіне сөйлеп тұрғаны белгісіз. – Акула бар болғаны жануар, балам. Ол табиғаттың заңдылығын ғана орындайды. Адамдардан абай бол, адамдардан...
* * *
Түсі, әлде өңі... Кешегі тергеудің тәнін де, жанын да ауыртқан соққысынан шаршапты. Денесінің барлық нүктесі ауырады. Үстіндегі «күзетші» деген жазуы бар киімі де денесін темірдей қарып барады. Тергеушілер «айт!» дейді. Бар білгенін айтқан. Одан басқа не айтсын?
Әлде түсі, әлде өңі... Сол баяғы жаға. Жасанды теңіз толқып жатыр. Әкесі жағада тұр. Бұл сол баяғыдай бала екен. Әкесі су кешіп барама-ау... Батпайды. Бұл да әке ізінен жүгірген. Майда толқындар алақанда аялаған анадай аяғының астында жыпырлайды.
Осы сәт... осы сәт әлдеқандай мақұлық бас салғаны...
– Акула! – деді бар даусымен. – Әке, акула!..
* * *
Түнде кеш жатып еді. Тынбай безек қаққан телефонның даусынан оянды.
– Алло, – деді әлі де ұйқысын аша алмаған қалпы.
– Капитан Бидосов, ауданда банк тоналып жатқанда ұйықтап жатқаның қалай?
Тұтқаның арғы жағындағы қатқыл дауыстан есін тез жиып ала қойды.
– Банк?! Қандай банк?
– Тез жет! – деп қысқа қайырылған дауыс кілт үзілді де, дың-дың еткен тұтқаның өз дауысынан басқа түк естілмей қалды.
Бұл банктің алдына жеткенде аудандағы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері түгелге дерлік жиналып қалыпты. Мұнымен қатарласа келіп тоқтаған көліктен аудан әкімі түсті. Түрі өрт сөндіргендей қуарып, қарсы топқа қарай жүрді.
– Бұл не? Банк тоналғаны қалай?
Әкімнің зілді сұрағына мардымды жауап болмады.
– Күзетші қайда қараған?
Әкім ешкімнің жауабын күтпестен қолы кісендеулі күзетші формасындағы жігіттің жанына жақындады.
– Бәрі қалай болды? Айғақ бар ма? – деді сосын ішкі істер бөлімінің басшысына оқты көзін қадап.
– Біздің қылмысты іздестіру тобының жігіттері жұмысты бастады. Әлдеқандай айғақтық зат табылып жатса міндетті түрде хабарлаймыз.
– Күзетші аман ғой, – деді әкім жанары жер шұқып тұрған күзетшіге көз тастап.
– Дін аман.
– Жүз миллионды ұстатып жібергеннен соң аман қалады, әрине...
– Ұйықтап қалыпты.
– Ал, сіз ше, Жоламан Дінтайұлы. Сіз не айтасыз? – Әкім банк бөлімшесінің бастығына көз тастады. Әкімнің бетіне тік қарай алмаған бөлімше бастығы тұтығып тілге әрең келді.
– Әр екі сағат сайын хабарласып, күзетшіден мән-жайды біліп тұрдық. Ереже солай. Соңғы рет сағат түнгі екіде хабарласқанымда «бәрі тыныш» деп жауап берген. Ал, төртке жиырма бес минут қалғанда «банк тоналды» деп дабыл түсті.
– Жағдай қалай болыпты?
– Күзетші ұйықтап қалыпты.
– Мен бұл жауапты естідім. Бірақ, күзетшінің міндеті ұйықтау емес - күзету!
– Білемін, Тоқтар Әйтенұлы. Бірақ, кеше бізде өте ауыр күн болды.
– Жарайды, әрі қарай тергеуде жауап берерсіз.
Әкім шұғыл қайтып кетті.
– Істі жүргізуді өзіңе тапсырамын, капитан Бидосов, - деді бөлім басшысы мұның жанына жақын келіп. – Талай қылмысты ашуда өзіңді жақсы көрсетіп едің. Міне, саған өзіңді тағы бір қырыңнан көрсететін сәт туды.
– Құп болады, полковник! – Әдеттегідей оң қолын шекесіне апарып ишара білдірді.
Сол сәтте-ақ шұғыл іске кірісті. Алдымен банктың сыртқы ауласы түгел тексерілді. Банк орталық көшенің бойынан орын тепкен ең көрікті, еңселі кеңсенің бірі. Ғимараттың артқы жағында екі және үш қабатты тұрғын үйлер бар. Оң жақ қапталында - салық комитеті, банкке қарама қарсы бетте аудандық әділет бөлімі орналасқан. Яғни, аудандағы барлық атқарушы органдар қатарласа осы көшеде тұр.
Тонаушылар дәл осы ғимараттың артқы терезесінен ішке енген. Терезенің сыртқы темір қоршауы бұзылған. Сарапшылар екі ер кісінің аяқ киімінің ізінен басқа айғақ таппады. Ал, сейф дін-аман. Яғни, сейфтің өзі де, оған баратын дәліздегі темір тор есік те кілтпен ашылған. Сонымен, күдікті әзірге төртеу. Екі тонаушы, сейф меңгерушісі және күзетші. Бірақ, бұл кілттің күзетшінің қолында болмайтынын, ғимарат ішіне қалдырылмайтынын ескерсек күзетшінің қатысы бар деуге келмейді. Дегенмен, жұмыс уақытысында ұйықтап қалғаны үшін жауаптан құтылып кете алмасы анық.
Капитан көзімен жер шұқып тұрған күзетші жігітке барлай көз тастады. Ол ештеңені түсінбеген қалпы топырлаған топқа жәутеңдей қарайды. Тонаушылар да оның осы аңғалдығын пайдаланған-ау, шамасы. Яғни, мұқият дайындықпен келген. Жоспарлы тонау, әккі ұрылар...
Капитан бір сәт өзінің ішкі сезіміне беріліп кеткенін байқады да, бойын жиып ала қойды. «Бәлкім, мүлде олай емес те шығар». Санасында тағы бір ой бас көтерді. «Сыбайлас болуы да мүмкін. Оны тергеу анықтар» деді сосын өзіне өзі күбірлеп. Сөйтті де, айғақтарды жинауға кіріскен тергеу тобының жігіттеріне қарай аяңдады.
– Ал, жігіттер, айғақ боларлық нәрсе табылды ма?
– Әзірге ештеңе. Тек ашық тұрған мына терезенің жақтауындағы топырақ пен екі адамның аяғының іздері ғана.
– Түсінікті...
– Әккі ұрылардың ісі ғой, капитан.
– Әрине, банкті қалта ұрылары тонамайтыны белгілі ғой.
– Қолда бар айғақты актілеп тапсырған соң, танысарсыз, – деген тергеу тобының басшысы Амандық Төлеуовтың сөзін жүре тыңдап ішке енді.
Ізінен ере кірген Төлеуов әлдене айтпақ болып еді, бұл оны тыңдағысы келмей тыйып тастады. Бәрін өз көзімен көріп, түйсігімен сезбек ниетте.
Ол ақырын бөлмеге енді. Төлеуов те қоса кірді.
– Дәліздегі камераның сымы кесіліп, сөндірілген. – Тергеуші тоқтаусыз сөйлей жөнелді. – Сыртқы терезенің темір қоршауын бұзып кірген ұрыларды көпқабатты үй тұрғындарының көрмеуі мүмкін емес. Бәлкім, олардан да сұрап көрерміз...
Қылмыс орын алған банк ішін көзбен шолып, сыртқа шыққанда күзетші жігітті полиция қызметкерлері қолын қайырып, сүйреп барады екен. Әп-сәтте істі болып, мүсәпір күйге түскен күзетшіге мүсіркей қарады. Жұмыс тәжірибесінде талай ұры-қарымен, қандықол қылмыскермен жүздесті ғой, бірақ мынадай аянышты бұған дейін еш аңғармапты. Бейшара күзетшінің жанарында «енді не болар екен?» деген үреймен бірге, «ақпын ғой» деген аңғалдау сенім қатар діріл қағатындай. Ол тіпті қайда жұмыс істеп жүргенін де, ол жұмысының қаншалықты жауапты екенін де ұқпаған сияқты.
Жаздың ерте таңы бозара бастады. Бұл көлігін қозғап, жұмыс орнына жеткен. Алақандай ауданда орын алған қылмыс қызыл жағалы әріптестерін аяғынан тік тұрғызса керек, бұл келем дегенше жиналыс басталып кетіпті. Қылмысты іздестіру бөлімінің басшысы болған оқиға жайын жалпылама айтып өтті.
– Бөлімдегі барша қызметкерлер шұғыл түрде жұмылдырылды. Ауданға кірген-шыққан көліктер бақылауға алынды.
– Бұл аудандық масштабтағы тонау емес. Менің ойымша мына кішкентай ғана ауданнан банк тонайтындай жүрек жұтқан біреу шыға қоймас. Сіз қалай ойлайсыз, тергеуші Төлеуов мырза?
– Иә, әккі ұры артында із қалдырмайды. Сіздің ойыңызға қосыламын.
– Олай болса қылмыскерді ауданнан іздеудің қажеті жоқ.
– Дегенмен, тонаушы мұндай үлкен сомадағы ақшаны оп-оңай алып шығып кете алмасы анық. Аудан ішінде әлдеқайда жасырынып жатуы мүмкін ғой.
– Мүмкін емес. Ешбір тонаушы ел шулағанға дейін құшақтап жатпайды!
Бұл тергеуші Төлеуовтың жайбарақаттығына таң қалды.
– Бұл жер сөз таластыратын орын емес. Тәжірибелі із кесуші екендіктеріңізді сөзбен емес, іспен дәлелдеңіздер.
– Құп болады, полковник!
– Құп болады.
– Бұл республикалық дәрежедегі қылмыс болғандықтан екеулеріңізге бірдей тапсырдым. Капитан Бидосов, сіз бұл саласының білікті маманы ретінде осы тергеу ісінің үстінен бақылап, қысқа уақытта істі ашу үшін жұмыс жасайсыз. Екеуіңізге тізе қосып қимылдауға тура келеді.
Жиыннан кейін күдіктілерден сұрақ алуға рұқсат алған капитан алдымен күзетшіден жауап алды. Қолы кісендеулі күзетші көзін бір нүктеден үзбей ұзақ отырды.
– Күдікті Әлшеров, болған жәйді басынан бастап айтып берсеңіз.
Жаңа ғана жанары жер шұқып отырған жігіт аптыға, асыға сөйлей жөнелді.
– Кеше өте ауыр күн болды. Зейнетақы, жалақы, жәрдемақылардың бәрі бірге, айдың басында түсетіндіктен банкте халық көп болды. Оның үстіне база да қайта-қайта жұмыс істемей, көпшіліктің ащу-ызасын тудырды. Түс ауа инкассация көлігі келді.
– Инкассация көлігі қанша ақша алып келді?
– Білмеймін. Ол жағын бізге айтпайды. Менің жұмысым - банктың қақпасын ашып ішке кіргізу. Көлік кеткен соң қайта қақпаны жауып алдым.
– Күндіз банк маңында күдікті ешкімді байқамадыңыз ба?
– Жоқ байқамадым. Ер адамнан көрі әйел адамдар көп болды.
– Банк қызметкерлері сағат қаншада жұмыс орнынан кетті және ең соңғы болып кім кетті?
– Жұмыс уақыты сағат алтыда бітеді. Бірақ, қызметкерлер кейде кеш қайтып жатады. Соңғы болып сағат түнгі ондар шамасында екі қызметкер қайтты. Содан кейін мен банктің сыртқы қақпасын жауып алдым.
– Не себепті ұйықтап қалдыңыз?
– Жұмыс өте ауыр болды деп айттым ғой. Қатты шаршадым. Бірақ, қоңырауларға уақтылы жауап беріп отырдым. Соңғы рет сағат екіде қоңырау соқты.
Күзетші жігіт бар ынтасымен жауап беріп отырғанын байқады.
– Үйленгенсің ба?
– Жоқ, – деді жігіт басын шайқап. Капитан қитұрқы сұрақтар қойып мына жігітті шатастырғысы келмеді. Қитұрқы сұрақ, ұрып-соғу оның ең ұнатпайтын тәсілі.
– Күдікті Әлшеров, сен қандай күрделі процеске кінәлі болып отырғаныңды білесің бе? – деп сұрады жігіттің көзіне тік қарап.
– Иә, – жігіт басын төмен салған күйі күрсіне жауап берді.
– Білсең, шындықты жасырмай айтуың қажет. Өйткені, шындық түбі бір ашылатын нәрсе.
– Бар білетінім осы.
Күзетші жігіт ісінген қабағын ауырсына көтеріп бір сәт ойға шомды. Сол күні не болып еді өзі? Бәрі де өң мен түстей. Бір аласапыран күн болды ғой, әйтеуір. Жалақы да, зейнетақы да, жәрдемақы да түсетіндіктен халықтың да нөпір болатын уақыты. Бұл ел де қызық. Тура сол күні алмаса, ақшаларын мәңгі ала алмай қалатындай көреді. Кезекке таласқан әйелдердің шуы құлағында тұнып қалыпты. Өзі кішкентай ғимараттың іші тұрмақ, сырты да қатын-қалашқа толы болды. Былай қарасаң, ай сайын болатын дабыр. Бірақ, сол күні мұны не қара басқанын өзі де түсінбейді. Шуылдаған әйелдерді тыныштандыруға тырысты. Енді біреулерге су әкеп беріп, қызмет етті. Арасында инкассация көлігі келіп кетті.
Кешкісін үйден әкелген тамақты жеп алған соң, буындары босап, маужырай бастады. Қалта телефондағы жеген сайын құйрығы ұзара беретін жыланды әурелеп біраз отырды. Одан да жалыға бастады. Еңсесі езіліп, екі көзі жұмылып бара жатты. Көзі ілініп кетіпті. Әлден уақытта шырр еткен телефон даусынан оянды. Екі сағат өтіп үлгеріпті. «Бәрі жақсы, тыныш» деді де қайта ұйқыға кетті. Көзін ашса дабыл қағылып жатыр екен. Сол дабыл бар өмірін аласапыран етіп жіберді емес пе? Тұтқаның арғы жағындағы өктем үн өңменін тесіп өткендей болды.
– Не болды? Тыныштық па? Дабыл қағылып жатыр ғой!
– Тыныш, – деді түкке түсіне алмай. Компьютерге көз тастады. Астыңғы жағында екі нүкте өшіп-жанып тұр екен. Дәлізге жүгірді. Ақша сақталатын қоймаға барар дәліздегі темір есік айқара ашық тұр. Сыртқы есіктен полиция көлігінің дабылы естілді. Қызылды-жасылды жарығы терезеден жылтырай көрінді. Бұл сыртқы есікке беттеді.
Одан кейін... Қолына салынған кісен, қараңғы бөлме...
* * *
Бұл түрімен ұрыны ұстау мүмкін емес екенін ұғынған капитан Бидосов көшеге шықты. Әлден соң қайта айналып соғып, іске күдікті ретінде қамауға алынған үшеумен сөйлесіп көрді. Бәрі де «ештеңе білмеймін» деген жауаптан танар емес. Мүмкін емес. Есік бұзылып, терезе қирап, сейфті көтеріп кеткен болса, бір сәрі. Бәрі де кілтпен ашылған. Мұндайда сатқынның іште болғаны анық. Ақша да табылмады. Күдікті деп қамауға алынған банк қызметкерлерінің ешбірі мойнына алмады. Ақша да жоқ. Ел аузында мың болжам бар. Соның бірі – тоналған ақшаны қаланың түстігін бойлай өтетін өзеннің жағасындағы ен тоғайға тығыпты деген қауесет.
Оған да сеніп ит тұмсығы батпайтын тоғай ішін аралады. Ақша түгілі сайтан да жоқ. Өзеннің ашық тұсында балықшылар қармақ салып отыр екен. Сәл әріде аудан орталығына апаратын жол анық көрінеді.
Егер ақшаның осында жасырынғаны рас болса, онда оны жасырғандардың түбі бір айналып келетіні, ондай бөтен адамдардың мына балықшылардың көзіне түспеуі мүмкін емес. Осы оймен балықшыларға қарай аяңдады.
– Саулық тілеймін, капитан! – деді көйлекшең отырған балықшы қолын шекесіне апарып. Оның бұл әрекеті амандық сұрап емес, әжуәлап тұрғандай әсер қалдырды.
– Рахмет! – деді бұл жауап ретінде.
– Қош келдіңіз, – деді анау жүзі нарттай қызарып. Әлде күнге күйгені, әлде ішіп алғаны белгісіз. – Балғын балықтың сорпасын ішкіңіз келді ме?
– Балғын балықтың сорпасын емес, әккі балықтың өзін іздеп жүрміз, – деді бұл.
– Байқадым. Тоғай ішін ит жетектеген текелер қаптап кетіпті.
Тосыннан айтылған сөз түрпідей тисе керек, ұсқынсыз неменің сөзіне бұл кірпідей жиырылды. Бағаналы бері су бетіндегі қармақтан көз алмай тұрған балықшылардың назары бұл екеуіне ауды. Ащуын ақылға жеңдіріп, ақырын:
– Мұнда бөтен, күдікті ешкімді байқамадыңыздар ма? – деді.
– Бұл жатқан ен тоғай. Демалу үшін қаншама адам келеді. Оның бәрі бізге бөтен. Күдіктенсек, бәрі де күдікті болып шыға келеді.
Қырсық жауап қайта-қайта қытығына тисе де сыртқа сыр алдырмай:
– Ия... Сіздер мұнда күнде балық аулайтын болғандықтан күдікті әлдекім көздеріңізге түспеді ме дегенім ғой, – деді даусын жұмсартып.
– Жұмысымыз осы. Бізге басқа істейтін жұмыс қалды ма? Кезінде қандай аудан еді бұл?! Нағыз өнеркәсіптің ордасы болатын. Енді сол цехтар мен зауыттардың бәрі қаңырап, екі қолымызды мына қара суға малғаннан басқа ермек таппай қалдық қой.
– Банктен тоналған миллиондар қармағымызға ілінсе хабарласамыз, капитан, – деп қарқылдай күлді бірі. – Бірақ, ол ақшаны суға лақтырмайтын ақымақ, тоғайға да тықпайтынын білмейтін біздің полицияға не айтасың? – Бұл сөзге басқалары да күлді. Қарап отырмай қармақ ұстаған немелерге келеке болған бұл тағы біраз тұрса бірдеңені бүлдіретінін сезіп, ақырын қозғалды.
Тек анадайда шоқша сақалы өзеннен соққан лепке дірілдеп отқан қарт кісі ғана үнсіз, қармағынан көз алмаған күйі отыр. Жанына өте бере амандасты.
– Уағәлейкүм.
Мойнын бұрмаған күйі жауап берді шал. Осы сәт қармағы қапты білем, су беті дірілдей жөнелді. Қарт ептілікпен қармағын судан суырып алды. Бауыры күнге жылтырап ақбалық ауада шоршыды. Капитан мына көрініске сүйсіне қарап қалды. Жанға тыныш, жайлы кәсіп қызықтырып барады. Сүйегі қаусаған қария асықпай қармағының жібін орады. Шоршыған балықты әрең босатып, шелегіне лық еткізді. Басқа балықтар секілді ол да тар шелекте тынымсыз жыбырлайды. Көз алдына кешегі мүсәпір күзетші, жылай-жылай көзі домбығып ісіп кеткен менеджер келіншек және тар қапаста қарсыласып баққан филиал басшысы келді. Олар да осы балықтар секілді шоршып, іштей арпалысып жатқан жоқ па? Сонда сатқын қайдан келуі мүмкін?
Қария суға қайта қармақ тастады.
– Жанға рахат сыйлайтын жұмыс қой, – деді бұл шалға естірте.
– Мен рахат үшін емес, қарт санамды тілгілеген ойлардан арылу үшін отырмын. Бұл балық біреулерге – ермек, бізге – ас. Осыдан басқа табысымыз жоқ, ұсақ адамдармыз. Ал, сендер ұрыларды біз секілді ұсақ адамдардың арасынан іздейсіңдер. Жоғарыдан ізде балам, жоғарыдан. Сонда ана иығыңдағы жұлдыздың салмағы да ауырлай түседі.
Қыршаңқы шалдың не айтпағын бұл қапелімде түсінбей қалды. Соны сезді ме шал да иегін алға созып, шоқша сақалын бір сипап қойып, жанарын белгісіз алыс нүктеден алмаған күйі қақиып отыра берді. Үнсіздік көпке созылды. Шелектегі балықтар тынбай жыпырлап жатыр.
– Әуре боласыңдар, – деді әлден уақытта. – Жүз миллионды жерге көміп қойып кім отырады?
Енді ол оқты көзін бұған қадады. Солғын тартқан жанардың түбінде батылдық бар екені байқалады. Әлде, мына қоғамға деген қарсылық па? Бәлкім, «ақымақсың!» деп тұрған болар. Дегенмен, капитан тіксініп қалды.
– Былтыр менің балам сотталды, – деді сосын. – Қайықпен балық аулауға шыққаны үшін. Оны қауіпті қылмыскерді ұстағандай дабыра етіп соттады. Ал, мына теңізден тонналап балық шығарып жатқан дөкейлердің қайықтарын да, балықшыларын да көздерің көрмейді. Біздің полицияның шамасы қорғансыздарға ғана жетеді!
Капитанның қарт балықшының көкейіндегі запыранды тыңдауға құлқы жетпегендей кетуге ыңғайланған.
– Сенің ұрың да жоғарыда, капитан! Қолыңнан келсе жоғары жақтан ізде. Болмаса, ана тоғайға беймезгіл уақытта келген біреудің мойнына іліп, тоғыта сал.
Капитан үнсіз кетуді тағы жөн көрмеді.
– Аман болыңыз, көке, – деді даусы тарғақтанып. – Дегенмен, жоғарыда отырғанның бәріне қара күйе жаға беруге болмайды.
Шал мырс етті.
– Жоғарыда болмаса – сендер бұлай ақымақтарша тоғай кезіп жүрмес едіңдер! Жоғарыда болмаса – ендігі ол ақша табылар еді. Жоғарыда болмаса – инкассатор көлігі өз бағытынан жаңылысып, айдаладан басқа ешқайда апармайтын мына жолмен жүрмес еді.
– Инкассация көлігі?..
– Ия, инкассация көлігі тек белгіленген бағытпен ғана жүруге тиіс екені белгілі. Ал, ол көлік сол күні мына жолмен жүріп өткен.
– Бұл сөзіңіз нақты ма?
Капитанның мына сұрағынан екеуінің маңайына жиналған балықшылар жүздерін алып қашып, тарай бастады.
– Көргендерің рас қой, – деді шал. Ешкім үн қатпады.
– Жоғарыда болмаса – банк тоналмас еді, айдаладан аспанға тікұшақ көтерілмес те еді...
– Осы көргендеріңізді сотта айта аласыз ба?
– Жоқ! – деді шал. – Мен көргенімді тек саған ғана айттым. Бірақ, куә бола алмаймын. Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда сотқа сүйретілер шамам жоқ. Бір үйден бір адамның темір торда отырғаны да жетер. Сені тоғай кезіп, су кешіп әуре болмасын дегенім. Мен көргенімді айттым. Дәлелін өзің ізде. Мықты болсаң табарсың. Жүйе мүмкіндік берсе. Ал, енді аман бол, капитан.
Шал қоштасқан сыңай танытты. Капитан да аяғын ақырын басып алға қарай жылжыды.
Егер шалдың айтқаны рас болса инкассация көлігінің бағытын тексеру керек. Ал, тікұшақтың ұшқан-ұшпағанын радар арқылы білуге болады. Ол үшін арнайы санкция алып, әскери бөлімшеге тарту керек.
Көлігіне отырып, өз бөлімшесіне жол алды. Қиқар шалдың қисынды пікірін өз басшысына баяндағанша асығып тұр.
– Капитан Бидосов, жақсы келдіңіз, - деді бұған бастығы көзәйнектің үстінен қарап. - Сізді өзім шақыртқалы отыр ем. Облыстық басқармадан тергеу бөлімінің өкілі Ниязов келіп отыр. Істің қалай өрбіп жатқаны жайлы мәлімет бере кетсеңіз.
– Соңғы мәлімет... Тоналған ақша тоғайға тығылған деген болжам расталмады. Ауыл тұрғындары сол күні инкассатор көлігінің теңіз жағалап кеткенін көрген екен. Таңға таяу айдаладан тікұшақ көтерілді деген де әңгіме бар.
Бұл сөзге өз бастығы да, облыстан келген өкіл де тіксіне қарады.
– Біздің ауданда әскери бөлімше болғандықтан тікұшақтың ұшып жүруі қалыпты жағдай, капитан Бидосов.
Басшысының бұл сөзінен кейін одан әрі баяндауға құлқы болмады. Бірінші басшы бір мезет үнсіз қалды. Лакталған жылтыр столдың бетін саусақтарымен сыртылдатып, әлдебір шешімге келе алмай отырғандай. Әлден уақытта тіл қатты.
– Капитан Бидосов. Бұл жәйттарды әрине қаперге аламыз, сіз осы күнге дейін өзіңіз анықтаған жайттардың бәрін қағазға түсіріп, жолдас Ниязовқа тапсырасыз. Бұл іспен енді Ниязов айналысатын болады. Бұйрық солай. Сіз бен бізге аудандағы басқа қылмыстарды ашу да жеткілікті.
Қолға алған ісінің бұлай шорт кесілгені еңсесін түсірді. Бұйрық солай болған соң бағынбасқа амал жоқ. Кабинеттен көңілсіз шықты. Неге екені белгісіз көз алдына шалдың шелегіндегі шоршыған алты балық пен тергеу изоляторындағы алты күдікті келді. Мұның бұл іске білек сыбана кіріскенін тергеу тобының басшысы Амандық Төлеуов те ұнатпап еді. Енді аяқ астынан қолындағы істі басқаға тапсырды. Және бұл облыстан келген бұйрық. Сонда мұның артында шал айтпақшы шынында да жоғарыдағылар тұр ма? Әйтпесе, ол ақшаны жер жұтты ма? Және басқа айғақ іздеуге мүмкіндік те бермей жатқаны қалай?
Капитан есік алдында ойланып тұрып қалды. Тіл ұшына әлдебір әуен келді.
«Ұрылардың ұсағы түрмеде жүр,
Ұрылардың ірісі мінбеде жүр...»
Осы сәт өз ойынан өзі шошыды. Бәрін ұмытуға тырысты. Бірақ, оңайлықпен ұмытыла қоя ма?
* * *
Бүгін тағы түс көріпті. Жыпырлаған теңіз беті. Бұл тастан тасқа секіріп жүрген. Әкесі батып бара жатқан күннің нұрына шомған теңіз бетімен батысқа қарай кетіп барады.
– Әке! – деді бұл.
Әкесі бұрылар емес.
– Әке, – деп ізінен жүгірді. Керімсал жел жүзін өбіп, кеудесін кернейді.
Сол сәт адуынды толқын пайда болды да, алып мақұлық бас салды.
– Әке!.. Акула!.. Әке!
– Акула мақұлық қана... Адамдардан абай бол, бала-а-м... адамдарда-а-н...
Жанталасып оянды. Әке дауысы құлағында жаңғырып қала берді.
– Адамдардан абай бол, балам...
Бүгін сот. Әкесі бекерге түсіне кірмеген болар. Адамдардың торына арбалғанын ішкі түйсік сезеді. Оңайлықпен құтыла алмасын да біледі. Аңғалдығының жазасы ауыр болатынын күзетші жігіт енді ғана түсінгендей. Тек сол күні көзін байлаған қай құдірет екеніне ақылы жетер емес. Әлде, қолдан жасалған қиянат па?..