Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Құдайы көп пендемін...

Blogs

24.09.2017
6584

Құдайы көп пендемін...

Құдайы көп пендемін...

Күй

       

Киіз  үй.

Жиналған  жұрт  күй  тыңдаған,

Күйші  отыр  ағытылып  сыр  тұнбадан.

Күйімен  айналаны  сиқырлаған,

Қолынан  айналайын  былқылдаған.

 

Күйші  отыр…

Домбырасы  төрде  тасып,

Күйлері  сан  ғасырдан  келген  асып.

Күйшінің  бар,  жоғы  да  білінбейді,

Саусағы  сұлулықтың  перне  басып.

 

Шыны  сол,

Тосын  болып  кездесерің,

Жүрекпен  тыңдамасаң  сезбес  едің!

Дыбыстан  лақтырылған  қуаныштар,

Мұңы  да  жылы  ағыстай –

Өзгеше  мұң.

 

Бұлақтай  биік  жардан  ақтарылған,

Екпіні  жаңылмайды  соқпағынан.

Мүмкін  ол –

Алаулаған  жалын  шығар,

Сыр  тартқан  өткен  күннің  шақтарынан.

 

Таңдауы  осы  болып  көп  керектің,

Көңілін  көпшіліктің  көктем  еттің.

Сағада  тоғысады  тоқсан  тарау,

Жайылған  бұтағындай  көк  теректің.

 

Күйші  отыр,

Айтамын  деп  мына  жайды,

Атадан  қалған  көне  мұра  жайлы.

Бұл  күйді  тұнып  тұрған  тыңдау  үшін,

Кең  дала  керегеден  сығалайды.

 

Күй  атын  бірі  біліп, бірі  білмей,

Тамсанған  жұрт  сөйлеуге  тілі  келмей.

Текті  күй  сол  далаға  қанат  жайды,

Естілген  арғымақ   ат  дүбіріндей!

 

Бір  сәтке,

Алдарқатып  құмарыңды,

Мұрсатта,

Алаулатты  ұранымды.

Осы  де  маған  біткен  қара  шанақ,

Жаратқан  сөндірмеші  шырағымды!

 

Жаныңды,

Түйіп  тастап  шүберекке,

Тәніңді,

Былқылдатқан  құдірет  де!

Жүрекке  құйыла  сал,

Ойсылқара,

Кеудені  найзағайдай  тіліп  өт  те!

 

Жауабы  жоқ  сұрақпын

 

Мәңкүр  періште жақсыңды жазып  отырады,

Нәңкүр  текқана  айып-кінәні  тізеді.

                                                      «Тафсир  сүресі»

 

...Алдымызда  бір  сот  бары  анық  бұл,

Жұмақ,  бәлкім  тамық-дүр.

Біз  пақырды  жерде  аңдушы  аздай-ақ,

Аспаннан да  бағып  тұр...

Е.Раушан

 

Жауабы  жоқ  сұрақпын,

Таппағасын  жаным  жай.

Өмір  тәтті,

Бірақ  тым –

Қысқа  қамшы  сабындай.

 

Жазсаң  оның  арты  дау,

Шыным  осы,

Жазбас  ем!

Жоғарыдан  бақылау,

Жердегіні  аз  десең.

 

Қыздырады  шекеңді,

Тұман  ойлар  бүркейді.

Әттеген-ай ...

Қатеңді,

Нәңкүр  жинап, тіркейді.

 

Жазады екен  күнде  не,

Сұрауға  да  болмайды, ә?

Айтқың  келсе  бірдеңе...

Мәңкүр  бірақ, тыңдай  ма?!

 

Ысылғанбыз  көндігіп,

Басқаға да...

Шыдармыз.

Қалтырама  шерлі  үміт,

Жол  болмайды  бұраңсыз!

 

Өлгеннен  соң  сотталса,

Пенде  істер  білгенін...

Аңдушысы  көп  болса,

Осы  шығар  өлгенің.

 

Іштей  тынып  алһаммен,

Жақсылыққа  шөлдедім.

Бір  Алласы  болғанмен,

Құдайы  көп ...  пендемін.

 

Жын  мен  жыр

 

Ол  болып...
Күлемін,

Көз  жасын  құрғатып.

Тұрғанын  білемін,

Балаша  жұбатып.

 

Пенденің  қиялы -

Шексіздік  ол  тағы.

Бір  үміт...

Баяғы,

Өзіне  тартады.

 

Көнбейді  ақылға,

Қалмайды  бір  елі.

Шақыр  сен,  шақырма,

Қасыңда  жүреді.

 

Құйындап  басыңда,

Бір  ағыс  басылған.

Жүреді  қасыңда,

Көлеңкең  жасырған.

 

Адами  пішінде,

Қапталған  сүлдем  жүр. 

Құмыра  ішінде ...

Жын  мен  жыр!

 

Іздеу

 М. Болатқа

 

Жүргенде,

Тұман... қамап  ой,

Жалғыздық  құмар  санаға.

Інісін  іздер  аға  ғой,

Інісіз  аға  бола  ма?!

 

Кездесті  жолда  сан  адам,

Ағадай  көңіл  тола  ма?!

Кетсем  деп  едім  қаладан,

Ауылда  жүрген  ағаға.

 

Торсықта ...  тұнып,

Мұң  қалған,

Қолтықта*...  тұрып,

Мың  арман.

Не  қалған  десе  бұлардан?

Жортып  та  өткен  бір  арлан!

 

Домбыра,

Өрген  қос  ішек,

Сыңғыры  қыздың  шашпауы.

Жылдардың  басы,

Осы  деп,

Жырлардың  осы,

Бастауы.

 

Болғанмен  басы  бір  тармақ,

Бөлінген  екі  жолдаймыз.

Сұлулық  жайлы  жыр  толғап,

Қыздарға  оны  арнаймыз.

 

Кемедей  жалғыз  айлақта,

Шыға  алмай  қалған  кептеліп.

Жүрсек  те  қайда,

Қай  жақта?

Өлеңнен  бірақ  кетпедік.

 

Жүрмесе  қайтем  марқайтып,

Әр  үйдің  болып  қонағы.

Болмашы,

Бізді  қартайтып,

Моласы  жоқтай  болады...

 

Ақынын  сыйлар  халықпыз,

Ғасырлар  бойда  тасиды.

Оқылмай  қалған,

Жазықсыз,

Жырларға  жаным  ашиды.

 

...Сол  тұрыс,

Жүріс  бұрынғы,

Сіз  кеткен  жүрмін  қалада.

Бәрінде  қойшы,

Жырымды...

Оқыса  болды,

Сол  Аға!

 

 

Қолтық* - Теңіздің ішке сұғынған тұсы,

жылы қолтық дейді.

 

Рояль

 Илья  Жақановқа

 

Рояль  бұл.

Кеудесі  ән – жырсандық,

Муза  ғұмыр,

Саздың  исі  тұр  аңқып.

Әуеніне,

Қорғасындай  дүние,

Бір  қатайып,

Бір  балқып.

 

Аңқып  көңіл,

Шалқып  өмір,

Жанға - нұр,

Түннен  ауып, 

Ауысады  таңға  жыр.

Аппақ  қарда,

Адам  ізі  секілді,

Дәл  алдыңда  ән  жатыр.

 

Қатар  тізген,

Аппақ,  қара  моншақтар,

Әр  басқышы,

Сыңғырлаған  үн  сақтар.

Бір-бірімен  тілдеседі  дыбыстар,

Тиіп  кетсе  саусақтар.

 

Араласа  санмың  әуен  көк  төсін,

Жүрегіңе  қалай  ғана  жетпесін?!

Тамырыңда  ән  барады  қи-қулап,

«Жайлаукөлді»  кешкесін.

 

Қиял  кезіп,

Біразырақ  мұң  да  бар,

Сағыныш  саз,

Айта  кетші  бір  хабар,

Рояльдың  басқышындай,

Сап  түзеп,

Ақ  Жайықтан,

Көтерілген  тырналар.


Share:      
Leave a comment: