Сәбетай Сыпатай: Қайыңмен сырласу

09.11.2026 118

ҚАЙЫҢМЕН СЫРЛАСУ

Қайың, қайың аяулым, қалай қалің, 
Келе алмадым өзіңе бірнеше күн. 
Нені көрдің, не білдің, нені ойладың,

Шаршадың ба шуынан бұл көшенің.

Кімге керек бұл күнде ғашық мұңы, 
Маған айтшы, сырыңды, арманыңды.

Мезі қылып пенденің пасықтығы,

Сағынып жүрсің бе ну орманыңды?

Неге сонша қиылып, мөлдіредің,

Жанарыңа тұндырып таңдар шығын.

Мен қатігез боп алдым жалғыз өзім,

Бағындырам деп жүріп арман шыңын.

Сенен өзге сенеді сөзіме кім, 
Сен ғанасың сұлулық аман қалған. 
Шебер болдым тағуға өзіме мін,

Күнде-күнде сөз есітіп надандардан.

Ақырзаман орнайды нанамысың,

Жүре берсек күн санап, айды бағып. 
Ертеңгі күн бүгінгі адам үшін, 
Кел, екеуіміз қосылып қайғыралық.

Сен де өтерсің ақынның өлеңі боп, 
Қарайлаған өзіңе бірер күнге. 
Баянсыз күнкөрістің керегі жок,

Керегі жоқ нысансыз жігердің де.

Адамдарды койшы сол бәрін-бәрін, 
Күні бітер шағында ұғар бірақ. 
Күштілері ұмытып өлім барын, 
Әлсіздері қояды жылап-жылап.

Өмірге келгеніме кейде өкінем, 
Мені қойшы, мен де бір көшкен елес.

Бақыт табу тым қиын жер бетінен,

Өмір сүру дегенің ештеңе емес.

Leave a comment: