Blogs
Сағидың сықақтары
Көгентүп
Ертеде бақташы Әбілхасен Мұхамедназарұлы Нұрхан Ахметбековтың балаларына көгентүпке қашар атайды. Сол қашарды Нұрекең мен бақташының баласы Сағи екеуі Тамқамыс қонысынан аудан орталығы Торғайға қарай айдап жолға шығады. Бірде ақын аға Сағиға ат басын бұрып:
Әкеңнің берген қашары,
Бұйырмапты нашары.
Семіздіктен аяғын,
Кібіртіктеп басады.
Дей алмаймын сондықтан
Алдымыздан қашады.
Сонда Сағи да қарап қалмай оны былайша жалғастырады.
Рас, семіздктен аяғын,
Кібіртіктеп басады.
Ертең жеңгем Набира,
Қазанға етін асады.
Көрші-көлем жиналып,
Мәз боп басын қосады.
Соңында Нұрхан ақын оның сөз саптасына ризалығын білдіріп, мына жыр шумағын арнапты:
Елең етер құлағым,
Өлеңінмен ұнадың.
Басқа қонған бағым де,
Сыйы да бұл Алланың.
Сағи айтқан екен
Таяуда Торғайдың құрметті азаматтарының бірі Нұриден Спабекұлы өзінің бала кезінен досы журналист Сағи Әбілхасенұлының бір топ әзілдерін ел аузынан теріп редакцияға жолдапты. Кәне оқып көрелік:
Естімесін жұрт мұны
Үйіме келген қонақтарым күліп көңілді аттанды,- дейді Жапар Сағиға.
Сонда Сағи:
Күлмепті олар текке енді,
Қонағың кетті өкпелі.
Дайындатқан қуырдағың,
Арттарына жетпеді.
Атыңа сенің ұят қой,
Естімесін жұрт мұны- деп жауап қайтарыпты.
Кетіпсің ғой нұрланып.
Ұзақ уақыт ішімдікке салынып, ел көзіне түскен ауылдасы Төлекке:
Жүруші едің сұрланып,
Кетіпсің ғой нұрланып.
Арақты тойып ішкенің,
Көрініп тұр ұрланып.
Бала шағаң алдында,
Емес қой бұл лайық- депті.
Рақмет айтыпты.
Ертеде Сағи гемморой болып ауырады. Бірақ операция жасатудан қашады. Осыны сезген Орынбай оған:- ауру жаныңа батса хирургке көрініп дәрі-дәрмек ал,- деп оны бір бөлмеген кіргізіп жібереді. Артынша киімдерін тықтырып қояды. Досының бұл қылығын енді түсінген ол ауруханаға жатуға мәжбүр болады. Соңында операциядан сауығып шыққан Сағи Орынбайға:
-Жігіт едің өтімді,
Көрсеттің ақ ниетіңді.
Қулығыңды асырып,
Жазып бердің дертімді-деп рақмет айтыпты.
Жасырынбақ ойнайық
Арқалықта Сағи тұрған көшеде күндегі әдетінше бір топ кемпір әңгіме-дүкен құрып отырады. Олардың жанына барған ол бір құрбысына:
-Жүр едім жалғыз жалығып,
Болсаң егер тынығып.
Көл жаққа жүр ойнайық,
Жасырыңбақ тығылып, -деп отырғандарды бір күлдіртіпті.
Дәм жолы қиын ғой
Шамасы өткен жетпісінші жылдардың орта кезі. Сағи мен аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Жаппас Шаяндин екеуі ат шанамен Тосындағы шопандар қоныстарын аралайды. Соңында қазіргі Шеген ауылының Сөрелі қонысындағы шопан Нәкенов ауылына атбасын тірейді. Аудан өкілі Жаппастың ә дегеннен әр жерде өліп жатқан тоқтылар көзіне түседі. Ол:- Өтеген мырза шөбің мол, суың іргеде, қорғанда көңіліме ұнайды, мұның қалай?- деп сұрақ қояды. Шопан оған қипақтап жауап бере алмайды. Өкіл бұған не деуге болады деп Сағиға қарайды. Сонда Сағи бұған:
Нәкенов Өтеген,
Баққан тоқтың көтерем.
Әттең бала-шағаң бар,
Түрмеге алып кетер ем, - деңіз деп аузына сөз салыпты. Мұны естіп тұрғандар ду күледі. Сол сәтте шопан жұбайы тоңып қалған боларсыздар, ас та дайын,- дейді.
Сағи дәм жолы қиын ғой,-деп Жаппасты үйге кіргізеді. Жәкең бірде: - Мал болғасын өлмей тұрмайды. Ертең-ақ төлімен өседі. Тек адам аман-есен болсын!- деген жылы сөзге келеді.
Әрең шыдап жатты.
Бірде үйіне қонған Сағиға жиені:
-Қалай жақсы демалдыңыз ба?-деген сұрағына берген жауабы:
Төсегің болды қатты,
Жамбасыма батты.
Түні бойы нағашың,
Әрең шыдап жатты.
Ағат сөйлегенін мойындапты
Қажым деген замандасы үйінен кешеуілдеп шыққан Сағиға: Сен итті көп күттік демесі барма жұрт көзінше. Бұл сөз шамына тиген ол:
Мен ит, сен қанден,
Жүдеген екенсін әбден.
Сүйек-саяқ тастап,
Көрсетейік жәрдем.
Егер бұлай етпесек,
Кететін түрің бар мүрдем.
Бір тұтам ғана бойың,
Қалыпты құр сүлдең.
Көпшілік сәнін бұзғанша,
Көрінбе көзге мүлдем, -дегенде ол ағат сөйлегеніне кешірім сұрап Сағиды машина кабинасына қолтықтап апарып отырғызыпты.
Нұриден Молдабеков
Еңбек ардагері.