Blogs
Шәкәрім
ШӘКӘРІМ
\Тарихи дастан\
І
Ұлылардың мекені Абай елі,
Тарих сырын шерте ме, қалай өзі.
Батырлардың тұяғы таста ойнаған,
Шежірелі - Тоқтамыс, Мамай елі.
Шыңғыстауда Шыңғысхан Сайран құрған,
Жылқайдар - Қодар, Қамқа тайған қылдан.
Құнанбайдай мінездің адамның,
Тектілігі қарттығын қайран қылған.
Оқтан бетер өткір сөз тұла бойы,
Жыр сүйер жүректерге тұрақ ойы.
Кешегі кер заманның құлы болған,
Бүгінгі өр заманның Ұлы Абайы.
Ырғызбай, Кеңгірбайды құптап ой-маң,
Құнанбай ғой киелі кітап жайған.
Тектіліктен таралып, тамыр жайып,
Шәкәрімдер бүгінге бұтақ жайған.
Құйрығы бір-ақ тұқтам жетпей жалған,
Ұлылықтан ерте-кеш көктейді арман.
Замана дауылымен шайқалып кеп,
Бұтағына жай түсіп көктей солған.
Арды айту, ақылды айту ақым емес,
Бір дауыс мазамды алып, жақындап ес.
Жамандаудан жетіліп өсе алмаған,
Алмағайып күй кешкен ақын - елес.
Шағым айтар шабытқа сыртты беріп,
Жүрген ем, жігеріммен жұртты жеңіп.
Ақын рухы көз жетпес көкжиектен,
Ой баққан қиялымды түртті келіп.
Ұлы жүрек көкті іреп, жерді бұзып,
«Мұтылғанның өмірі» сеңді бұзып.
Көлеңкелі аруақтар мекенінен,
Шыға келді шапаны жерді сызып.
Өрге сүйреп өлермен сезім мені,
Менің де қиял кезер кезім бе еді.
Дауысы жетер жерге таянғанда,
Селк еттім, нұрды көріп көзіндегі.
Ақ сағым, ақын нұры ажарланды,
«Үш анық» жалғасы ма жазар мәңгі.
Жанарының жарығын жасырғандай,
Қырын келіп, қиғаштай назар салды.
Қажы атаны тыңдауға қақым бар-ды,
- Сен бе едің өлең сүйер, ақынжанды?
Жүзінен қалың кейіс байқалды да,
Ақын үні соншалық қатуланды.
«Тән сезіп, құлақ естіп» сырды ұғысып,
Ұлы ақынның рухына құлдық ұшып.
Аяғым тайып кетіп құла беттен,
Үрей қалмай орнымнан тұрдым ұшып.
Тылсымның жұмбағына құлақ асып,
Жөнелді жүрегімнен жыр адасып.
Қара тер боп қиналдым тілге келмей,
Жан сөзім ауызымнан шыға қашып.
Бір тау бар-жер жарығын жарып шыққан.
Бір тау бар - тарих терін алып шыққан.
Бір тау бар - уақыттың желі мүжіп,
Жақпар тастан мүжіліп шаңы шыққан.
Алакеуім ақ таңда пайғамбардай,
Қажы ата айтпақ болған ойлар қандай.
Азалы жылдар сырын сарапқа сап,
Тарихқа таға қақтым айлам қалмай.
ІІ
Ол жылдар ойранында кек бар еді,
Алауыздық астында өш бар еді.
Әйелдерді қапыда жесір етіп,
Баланы жетім еткен тұстар еді.
Ерлерден айла кетіп айдаудағы,
Арманы алыс кетіп, айға аунады.
«Асыра сілтегеннің» асқынғаны,
«Ашатұяқ қалмады» байлаудағы.
Есін ап, естілерді адам-шығын,
Жасыр алмай, жатқа айтты жаман сырын,
Аспаннан түскен қарғыс емес еді,
Ішімізден жау шыққан заман-тұғын.
Ел басына күн туған, тосын қатты
Төмен мен жоғарының қасын бақы.
Малдан жұрдай тоналған ауыл жұрты,
Күнкөріс қамын ойлап босып жатты,
Шолақ ой, шалыс қимыл бұрған жолды.
Өктемдік үкімі де жылдам болды.
Халқының қамын жеген азаматтар,
Қиястықтың қырынан құрбан болды.
Билікті белге байлап содыр атты,
Бас көтетер басшылар торды бақты,
Қоғамның аса қымбат «ар» байлығы,
Қазақтың кадрларын тоқыратты.
Сауаттының сиясын еміп тұрып,
Ақылды-ақымақтық жеңіп тұрып
«Ұлтшыл» деп кінә тақты көзі ашыққа,
Кісілік қасиетті кеміттіріп.
Зұлымдықтан бақ тайып маңдайдағы,
Жаяулап шұбырған ел нарға айналды.
Аштықтың азабынан жемтік сасып,
Таңнан үн, шұбырынды шаңға айналды.
Зауал жылдар өтінде сыр бар еді,
Азаптың астарында шын бар еді.
Он жетінші жылдары Алашорда,
Семейде алғаш отау құрған еді.
Бұл жалғанның бұралып жол ағысы,
Пенделердің пенделік болады ісі.
Сол Алаштың ақылшы, биі болған,
Шәкәрімдей данышпан, дана кісі.
Жасынан заманының зарын еміп,
Бітіспес билікке де барып еді.
Адамның жаныменен сырласа алар,
Кең тынысты талғампаз, дарын еді.
Тұла бойға сан түрлі өнер қонған,
Ою ойып, тасқа әкеп бедер салған,
Әдемі киім тігіп жеңгелерге,
Ағаштан түйін түйген шебер болған.
Салған ән, тартқан күйге астас арман,
«Алабайрақ», «Бозторғай» астаса алған.
Туғаннан өнерлі боп туған дана,
Түйе қуған қасқырды тасқа салған.
Шындықтың шырғалаңы шығып алға,
Саналы, сауаттысын жығып алға.
Халқының тұтқындандалған ұлар үні,
Улы зар боп құйылды Ұлы жанға,
Аш-жалаңаш халықтың халы кетті,
Шарасыздар шекараны жарып өтті.
Ел басына індет боп зауал жылдар,
Қажы атаны ұрпағымен шалып өтті.
Ғафыр, Ахат, Зияттан дерек тапты,
Тұқымынан тұл қылды зерек бақты.
Талқыға талай түскен естанды жан,
Күйзелістің күйігін ерек татты.
Қарлы қыс. Күн бірінші ақпан еді,
Талай жан тұрмыс дәмін татқан еді.
Мал мүлкін кәмпескелеп Семейге әкеп,
Ғафырды да баласымен жапқан еді.
Көнпістікке көп еді шыдамағы,
Құдайдан осы ма еді сұрамағы?
Тірі жанға қиянат қылмаған жан,
Қорлығы көп азапқа шыдамады.
Имандыны көтермей мына жалған,
Адамдық, адалдықты соңына алған.
Таңсәріде күзетіп қатты ұйқыны,
Қайрап қойған бәкісін қолына алған.
Елмен, жермен қоштасып, мезет қиып,
Легенді дайын қойды өзек күйіп.
Жүгініп, қабырғаға қолын тіреп,
Қос күрені жіберген кезек қиып.
Қымбатты бере ме адам сірә қолдан,
Нақақтан-нақақ күйіп кінә қонған.
Ғафырдың өліміне Қабыш пенен,
Баласы Баязит те куә болған.
Мойындауға мәрттік жоқ қатені ешкім,
Өткеннің өкінішін өтемес күн.
Әке өлімін көзімен көрген ұлдың,
Жат пиғылын танитын сәт емес-тін.
Аштықтан, қиянаттан арай жүдеп,
Жиырма екі жас ғұмырын талай мінеп.
Азықсыз үш күн бойы тауды кезді,
Үйге барса «қайтадан қамайды» деп.
Ықтиярсыз бір азап ауызды алған,
Әкенің жолын нұсқап жауыз жалған.
Шіліктің жағасында үлкен үйде,
Түн қатып төсегінде бауыздалған.
ІІІ
Ақын - үн, қабақ қатып қылышынан,
Жібермей жансақтықты жыр ұшынан.
Отызыншы жылдардың ойраны еді,
Қарасартов қан тамған қылышынан.
Әйгілі отыз бірдің қыркүйегі,
Бүлк шыққан азалы бір түн еді.
Бандыға қатыстың деп бес адамды,
Атқызған Қарауылдың сырты еді.
Бүлік болған сол түні тау ішінде,
Өгіз мінген Саниқас бау ішінде,
Қарасартов көзіне түсіп қалып,
Жер жастанып, фақимен қауышып ед.
Ақтабан шұбырынды жолдағы «әні»
Голощекин жарлығын қолдағаны.
Баяғы күндестік пен мансапқорлық,
Сорлы елге сор жауын боп сорғалады.
Ғылымсыз адам ойға көнер ме еді,
Арманы «мұңды шалдың» тереңдеді.
Күн сайынғы бейнетке бағышталған,
Үлкен дарын өнердің өлермені.
Арамзалық алдыртпай аяқты епті,
Адам атын ақтауға саяқ кетті.
Қызыл түнек пенделік ғазабынан,
Елден жырақ безініп, саят шекті.
Жазықсыз қуғын-сүргін жара салған,
Ұлы жүрек өнермен таласа алған.
Шақпақта жертөледе жалғыз жатып,
«Кеңқоныс» жаулауына қора салған.
«Шақпақ тау» тау сілемі көрік болған,
Құсбегілік ақынға ерік болған.
Аң аулап, саят құрған сол ақынға,
«Қоңыр ат» жануары серік болған.
Тұрмыстың икеміне қалып берген,
Механика тілін де шалып көрген.
Құс баптап, бүркіт салған «Керегетас»
Ақындық түйсікке де шабыт берген.
Серігі жалғыз Әупіш қасындағы,
Ақынның халын ұққан басындағы.
Суын тасып, отынын жағып жүріп,
Ақынның мұрасына қосылғаны.
Бұл жұрттың ісі болмай Шәкәрімде,
Жатты ақын өзі сүйген мекенінде.
«Үштас» тау тік шаншылған күзат-қия,
«Қарабұлақ» өзені аққан етегінде.
«Бақанас» Шыңғыстаудың жоталары,
Керегетас, Кеңқоныс аталады.
Қия асуда шоқытас араласып,
Баулы сай жұпар шашқан от алабы.
Қылықты Керуенбұлақ, Қара қойтас,
Көк пен жердің жапсары қарағай-тас.
Қас қағым тарих сырын шертіп жатқан,
Тезекшоқы, Жосалы, арада айқас.
Шақпақты елсіз қора жалғағандай,
Шығыста Егізқызыл, Балға қандай.
Күнді ұзатып шығарып салып тұрған,
Қолтықтасқан Мамыр мен Қалқамандай.
Тыныштық тынымына не жетеді,
Жыр шіркін нөсер болып селдетеді.
Бірін-бірі сүйеген қос асудың,
Самалы тау адамын тербетеді.
Қора тамға қонғандай маңдай бағы,
Шағынды тау шыңына шалғайдағы.
Тыныштық тынымына кеткен ақын,
Өлеңге төкті мұңын таңдайдағы.
Дананың, данышпанның назы қатты,
Бақанаста баз кешіп жалғыз жатты.
Ұлт ойына шамшырақ жағамын деп,
Ұлы жүрек «Қазағын» жазып жатты.
Бұл жүрек сезгендей ме сірә күпті,
Бір қауіп Зиятына тіреліпті.
«Амалсыз қара тас боп қаттым-ау»- деп.
Шаршағандай нұр жүзі күреңітті.
Кең дала, Аспан сондай көгілдір-ді,
Өзектес ойды мұңға жеңілдірді.
«Үштастың» жотасына жайғасты да,
Тереңнен текті жырын төгілдірді.
«Қайран,
Қайғысыз, қамсыз күндерім.
Сайран,
Сауықты рахат түндерім.
Сендерден не пайда?
Асқан
Алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан,
Шалдыққан ғарып басымыз.
Қаласың қай сайда?
Ноқталы бас,
Ағызып жас,
Қызусыз мас желіксіз.
Хаққа көніп,
Көрге төніп,
Еріксіз».
Бұл заманға наз айтып, кері кеткен,
Ұлы жүрек төккен сыр сері неткен.
Қажымайтын кәрілік жеңгенінше,
Қалам мен қарындашын серік еткен.
НКВД ақынды ап із басына,
Аңдытқан Айтмырзаға шың басынан,
Қос тізерлеп отырып, құран оқып,
Бет сипаған қажының сұлбасына.
Ер кезегін еріксіз кек кемірген,
Баязит, Ғафыр, Қабыш өтті өмірден,
«Зияты арғы бетке өтпекші» деп,
Қырдағы әкесіне жеткен бірден.
Жендеттердің желбіреп желегі оқтан,
Ақын да Зиятты ойлап төбе баққан.
Шығысқа жаңа ғана таң сөгіліп,
Ала бұлт күреңітіп келе жатқан.
Бұл көңіл бір бүлікті неге іздейді,
Өйткені арды арсызға жегізбейді.
Қазаққа тән күндестік, қызғаншақтық,
Таланттарды «дарынды» дегізбейді.
Надандар жиі тінтіп қора-жайды,
Қажы атаны банды деп қаралайды.
Жау көрді сегіз қырлы ірі ақынды,
Бақ тайса атағыңа қарамайды.
Қасиетін қалаған жан-ау зерек,
Шиырған шежірені мол-ау дерек.
Шыңдарын көк тіреген көк таулардың,
Биіктігін алыстан қарау керек.
ІV
Отыз бірдің салқыны, сары күз еді,
Бақанастың маңы да жар-күз еді,
Серігі жалғыз Әупш қайтып кеткен,
Шәкәрім де Шақпақта жалғыз еді.
Қазанның екісі-тін. Күн бұлтты еді,
Күзгі қара суықтың ызғып демі.
Ботақанның бауырын ақ қар басқан,
Елсіз тамда жазылған жыр күпті еді.
Өзін-өзі жұбатқан жан дауамен,
Қашаннан ақын күйге қонбаған ем.
Зиятын, елін көріп қайтқысы кеп,
Торжорға атқа ер салған таңғы ауамен.
Өршіл ой сан құбылып, ала қашып,
Қажының қам көңілі балаға асық.
Бақанасты бойлап кетіп бара жатты,
Ақ сақалы тұманға араласып.
Зият та ала көңіл, асығыс-ты,
Аңду да қатаң еді қапы күшті,
Алдынан шыға келген бүлік топқа,
«Тәуекел» деп қажы ата қарсы түсті.
- Атады! Барма! - деген қарсылықты,
Естіді, бұл сапардың нарқын ұқты.
- Хош, жан балам! - деді де Зиятына,
Әскери адамдарға қарсы шықты.
Жақындап келе жатқан жалғыз атты,
Дүрс еткен мылтық даусы дүр құлатты.
Атар деп ойламған аңғал ақын,
Атынан аударылып, жерді қапты.
Шолғыншының құп болып өз дегені,
Сайдағы жалғыз атты көз көреді.
Нысана қалт жібермей дәл тиіпті,
Сүрмерген Халитовтың көздегені.
Әттең-ай бұл шатқалға бекер келді,
Жауыздар жақсылықты көтермеді.
Аң аулайтын қосауыз мылтығын ап,
«Атпаңдар!» деп белгі етіп көтерген-ді.
Қайтсін олар баз кешкен бүлікті ішкі,
Тағы бір оқ таңғы ауаны тіліп түсті.
- Атпаңдар! - дегеніне қараған жоқ,
- Жоғары көтерген қол сылқ түсті.
Еркіндікті көксеген көк тағысын,
«Жастарға» тәлім еткен тек намысын.
Қараңғыны жамылған қара жүрек,
Қанды қол қара мерген бек нағысын.
Мылтық даусын жұтып таң араны,
Жендеттер дананы жау санағаны.
Түз тағысы қансырап, құлағанда,
Денесін ақ кебін боп, қар орады.
Айпара- ана сүті текті емілген,
Абайдай Ұлы ақынның мектебінен.
Өмірі, өлімі де жұмбақ сыр боп,
Ботақанның бауырына өтті өмірден.
Сағатында айтылар жоқтау-зарды,
Маң дала тауға-тасқа ақтарғанды,
Туғаннан-туысынан жан жолатпай,
Ұлы дене жапанда оқшау қалды.
Ақындар! Жүрегінен жыр егілген,
Ақын-жүрек! Ірілік іреңі ме!?
Екі атқанда көз жұмған дүниеден,
Ақынды дәл көздепті жүрегінен.
Даналық жүректерді бесік еткен,
Жүрек дерті-ұлылыққа кесір еткен.
Ұлы өнерге тән сырқат - жүрек дейтін,
Сол жүректі жауыз оқ тесіп өткен.
Абай айтқан көп өлең «жүрек» екен,
Сезім - нәзік, өнер - ес корегі екен.
Не шықса да жүектен шығатынын,
Ұлы өнердің жаулары біледі екен.
Даналықты отқа өртеп, шоққа қарып,
Ақын - жүрек онсыз да жоққа налып.
Шәкәрім де сол дерттен мерт болыпты,
Жүргенің басына оқ қадалып.
Ұлы кеуде жанында жоқ жаршысы,
Жатты жансыз азалы жоқтар кісі.
Ұлы өнердің жоқшысы болмайтындай,
Қазасында болмайды жоқатушысы.
Ел басына күн туған тоспай халды,
Айтмырзаға аманат, қостай салды.
Жауыздығын жалғаннан жасырмақ боп,
Құр құдыққа көмусіз тастай салды.
Қажы еді, қари еді асық қанды,
Құранды кие тұтып, машыққанды.
Иманжүзді, іші адал сол мұсылман,
Құр құдықта көмусіз, ашық қалды.
Бірақ, шындық жаппады жасын дақты,
Ерте-кеш атар таңның қасын бақты.
Қарақшылар тастаған Ұлы дене.
Отыз жыл құр құдықта ашық жатты.
Місе қылмай жазықсыз төккен қанды,
Елеусіз қалдырғалы көп болған-ды.
Шыңғыстау құдығында торқа таста,
Бүк түсіп, жүресінен шөккен жанды.
Үнсіз жоқтап артында қалғандары,
Сездіртпеді. Басқадай жол қалмады.
Қапы кеткен ақынды аза тұтты,
Ахат пенен Гүллардың толғаулары.
Дарынға, даналыққа тұнған кеуде,
Жаназасыз, көмусіз зындан жерде
Шындықты аңсап, жылдарды жылға ұзартты,
Әділет жоқ қаталдық тұрған жерде.
Кезек дүние. Кез көрсе өтелмейді,
Өнер өлмес күн өтер бекер, мейлі.
Таланттарды азаппен аттандырар,
Бұл жалған ірілікті көтермейді.
Сұлу сөздің сиқырын сүйікті етіп,
Қас қағым тарих сырын биіктетіп.
Сырлы өлкеден сыр ашып біз отырмыз,
Көзден де, көңілден де биік кетіп.
V
Зауал кешкен Зияттың ойында арман,
Бір сапарға бел буып, дайындалған.
Тым жырақтан естіліп мылтық даусы,
Ұлы сезім толқыны бойын алған.
Зияты - баласы еді бек көретін,
Жоқ еді тірі жанға еш бөгеті.
Әкесімен асығыс қоштаса алмай,
Амалсыз арғы бетке кеткен өтіп.
Артқа тастап кеткенмен аза жолды,
Бәрібір жазмышынан жаза қонды.
Отыз жеті зобалаңы құр жібермей,
Шыңжаңда қолға түсіп, қаза болды.
Бұл сырды бүгінгі ұрпақ ұққан тегі,
Ұлы өлке Ұлы өнердің шыққан жері.
Шақпақтан сәл қашықтау «Керегетас»
Ақынның соңғы демін жұтқан жері.
Ақтабанның айғақты бұлты көшіп,
Заман ағып барады сілкілесіп.
Қажы ата отырған мынау «Үштас»
Жылдан-жылға жатқандай дүмпіп өсіп.
Тарихтың тарпып алар табаны жоқ,
Растың уақыт күтпес амалы жоқ.
Сондықтан да өлгеннің жаманы жоқ,
Тірілердің жаманнан аманы жоқ.
Жылытып, жырды иітіп күнді лебіз,
Жамандық - жақсылықпен кіндігі егіз.
Тірісінде дұрыстап сөйлесе алмай,
Өлгеннен соң өкініш білдіреміз.
Қашаннан қайшылықты демеп әлем,
Аққа қара жаққанды демеген ең.
Мұхаммедтің соңынан шырақ алып,
Айырға әкеп Исаны шегелеген.
Жақынын жарға итерген жағасымен,
«Қазақтың жауы - қазақ»6 таласып ең,
Абайына абайсыз қамшы иірген,
Қара халық ақылды данасымен.
Біржанға арқан байлап, жыр көшірген,
Ағайын қай заманда бірлесіп ең.
Бәйге қоссаң атыңды тартыспайды,
Атың келсе дәметкен жүлдесінен.
Күншілдіктің болмайды бекер емі,
Қателік - өкінішпен өтеледі.
Мендегі ақын көңіл мекен таппай,
Көз жетпес бір тылсымға жетеледі
VІ
Бұл Семей Ұлылыққа ұя-бесік,
Ұяға Шәкәрім де сияр десіп.
Абай, Мұқтар жанынан бір ескерткіш,
Орны ойсырап, жүретін, қиял кезіп.
Заманында зауал көп сүйем жерді,
Талай көш түйелерге тиелген-ді.
Семейде білім орда - Шәкәрім боп,
Қайтадан баба есімін иемденді.
Сөйлетіп тілсіз өнер әр ғасырды,
Мүсінші - Мұрат елге арда туды.
Өткірдің жүзіменен өрнегін сап,
Шәкәрім ескерткіші орнатылды.
Кептердің қанатымен шағылысып,
Киелі Ертіс барады алып ұшып.
Кәдімгі қара тастан қашап алып,
Шәкәріммен қауышты ел сағынысып.
Кешегі кекті жылдар ағарғандай,
Құр құдық тастарынан жаралғандай.
Тастан торқа жамылған текті баба,
Еліне тас мүсін боп оралғандай.
Бар екен аруағы асылдардың,
Семейде бір ескерткіш ашылған күн.
Жалғыз ғана суреттен бастау алған,
Ең биік ескерткіші ғасырлардың.
Өткенді, кеткенді де бағып шырай,
Қақ жарған қара тасты қалып былай.
Алланың жерде жүрген елшісіндей,
Жаппар ием жар болған жарықтық-ай!
Сандықтас-ақын тұрған дара қандай,
Өткенге өкінбеске шара қалмай.
Шыңғыстаудың шыңына шығып алып,
Заманына зау биіктен қарағандай.
Таға алмай талғамы зор мүсінге мін,
Ақынды дәл өзіндей мүсіндер кім?
Ескерткішке жақындай түсіп едім,
Қажының жан-дүниесін, ішін көрдім.
Бұрын-соңды сиқырмен кезіккен кім,
Жүргені-ай сыр алдыртпай сезіктердің.
Таста отырған тұңғиық қалпыменен.
Маған жүзін бұрғандай сезіктендім.
Жалтақтық, жасампаздық несін берді,
Тұрлауы жоқ дүние есін жеңді.
Қабағы салыңқылау бір күй кешіп,
Мұздай тайғақ заманның көшін көрді.
Қаңтардың қары бүркеп қыз ерікті,
Теректер жапырақсыз, күзеріпті.
Сандықтаста отырған Шәкәрімді,
Ойға өлшеп, төменірек тізе бүктім.
Көшпе бұлт төбемізден төңкеріле,
Ойымды орап алған сең сөгіле
Қажы атаға жақындай түстім-дағы,
Пейіл бере ұмтылдым, еңсеріле.
Толқынға қарсы жүрген бейне текті,
Өмірі «мұтылғанның» бейнетте өтті.
Тірі адам сипатына енген ақын,
Құдайдың құдіретімен сөйлеп кетті.
«- Қой,жігіттр күн болды ойланарлық.
Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп, босқа жүрсек,
Мына заман көрсетер бізге тарлық.
Мынау Абай - бір ғалым жол шығарлық,
Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ айналды енді бізге,
Күн туды етегіне жабысарлық..»
Ұға ма, ұға алмай ма, жұртым мені,
Қажы ата маған әйтеу бір сыр берді.
Қоңыр дауыс бойыма жылу шашып,
Шымыр-шымыр ыстық қан бүлкілдеді.
- Өлеңді, танисың-ау тегі мені,
Абай жүрген Ұлы жол кері ме еді!?
Сипатыңа көз салсам ақын қызым,
Бейнетің белшеден боп көрінеді.
Қорқытты, Хафизді іздеп ақтарып біз,
«Үш анық», «Жан» туралы тоқталып біз.
Пайда мен зиянды айтып ұқтыра алмай,
Біз босқа әуре болып аттаныппыз.
Деп ақын ғарып бастың базын айтты,
Отырдым жүрегіме жағып ойды.
Қажы ата ойыменен таласа алмай,
Мендегі шабыт тілі шағым айтты.
Жалғанды жасыруға затым жетпей,
Өзімше сақ отырмын қапыл кетпей.
Аңылжыған аспанға назар салып,
Отырмын тік қарауға дәтім жетпей.
- Бұл күнде адам тану өзек боп тұр,
«Бой бұлғаң, сөз де жылмаң» кезек боп тұр.
Ар сызығын аттауға болмайтындай,
Бір шекара қажы ата, қажет боп түр.
Атақты, мәнсапты да төр алдайды,
Қазақ қой, бірін-бірі көре алмайды.
Таңғы аспандай аршылмай адам миы,
Жүрек пен ақыл тату бола алмайды.
Таланты адам емес, хақ қолдайды,
Содан да, бұл жалғаннан татқан қайғы.
Өзіңіз айтып кеткен анық, танық -
Кіршіксіз, таза ақылда бақ болмайды.
Алауыз, ашкөздіктен артар егес,
Ұждансыз, зұлымдықты арқалап ес.
Мынау заман байларға бас шұлғу мен,
Зұлымдық ардан аяқ тартар емес.
Өскін ой, өзек тартып Ұлылықтан,
Өзімше өзек ашып, сыр ұлытқам.
Ақын ата алдында ақтарылып,
Жаныма жай іздегем Ұлы құттан.
Бүгінгі алмайғайып қуат-халды,
Талап, ынсап, ақылға сынатқан-ды.
Батар күннің шуағы жүзін орап,
Сақалын сауа сипап, шуақтанды.
Рақымды қанағатқа балатырып,
Тақуа таспиығын санап тұрып
Кітапшасын ашты да мынаны айтты,
Қабағына қалың мұң қамап тұрып:
«- Өнер қылма, ар сатып жалданбақты,
Ұлық болып елді жеп, малданбақты.
Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,
Қашан жақсы көруші ек, алданбақты
Талап пен ақылды ұғар келер заман,
Дүние кезек болмаса өлер ме адам!?
Жер астында көмулі қазынамды,
Қазып алар уақыт келер, балам.»
Қажы ата соны айтты да, тұрып қалды,
Білмеймін ойы немен тұйықталды.
Ұлы өнердің аруағы аспанға ұшып,
Сұлбасы таңғы будай сұйықталды.
Ақынмен елес сыры түйінделіп,
Шуақты шабытымды құйын жеңіп.
Жұртта қалған күшіктей ішім ұлып,
Мен қалдым құла түзде күйім кеміп.
Қара Ертіс қасиеттің тегі ма еді,
Толқынынан торқа жыр төгіледі.
Көзімнен алыс кеткен ақын мүсін,
Қыз бөркіндей шошайып көрінеді.
Зау биікке көз салып, сұрқым кетіп,
Дұғалы сөздерінен ұртым бекіп.
Зұлмат жылы көмілген қара жәшік,
Жер бауырын жатыр ма бүлкілдетіп!?
Көміп кеткен кітаптің тулағаны,
Жерді сілкіп, тастарды тырмалады.
Ақын ата отырған сандықша тас,
Дір еткендей, еске алдым зілзаланы.
Жұмбағы жер астының күркіреді,
Аулақта ақын аруақ күрсінеді.
Шәкәрім көміп кеткен сол қазына,
Тасты түртіп «дат» сұрап сілкінеді.
Өткенге өкпеңді айтып өкін мейлі,
Бақанас баяғының сертіндей бір.
Қия күз іргесінде терең шатқал,
Барлыбай баяғыша өкірмейді.
Жапанда жалғыздық боп сүйенері,
Өлеңге өкінішін сүйеп еді.
Өңірі ашық шапанын желбіреткен,
Бір ақсақал түсіме жиі енеді.
Өмір - дәуір өсуде, күндер егіз,
Бабалар салған жолмен біз келеміз.
Ұлар құстың қиырдан үні естілді,
Сары даладан сандалтып бізге лебіз.
Ақын тағдыр осылай жырмен жетті,
Атом кешкен өлкені сыр меңдепті.
Ұлы өлке айналып улы өлкеге,
Мол сіңірген бойына у мен дертті.
Дарынға, даралыққа сап бұғалық,
Мынау көшкін заманға қатты налып.
Алау нұрдың бояуы қарлы шыңның,
Жостасын қан жоса етіп батты барып.
Өшпейді өткен күндер бекер естен,
Шабытты шайқап көрдім от-елестен.
Жұбатты ащы ойды тәтті сезім,
Кеш мені киелі сөз, қателессем.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Астана қаласы